Үй, оның түріне байланысты атаулар. Киіз үй көшпелі өмір салтымен
бірге пайда болды, сондықтан басқа да көшпелі халықтар тұрмысында да бар.
Қазақтардың киіз үйінің құрылысында өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік –
«киіз үй» аталатын баспанаға қатысты атаулардан, олардың семантикасынан
көрінеді. Алдымен, сөйленістерде киіз үйдің өзі бірнеше атауға ие: ағаш үй, боз
үй, қазақ үй, қара үй, терме үй. Бұлардың бәрі де «үй-баспана»
парадигмасындағы киіз үй атауының дублеттері, сондықтан киіз үйге қатысты
семантика бұларға да ортақ [89,218-б.]. Қазақ сөйленістеріндегі киіз үйге
байланысты ағаш үй, боз үй, қазақ үй, қара үй, терме үй атаулары бар.
Бұлардың бәрі де аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі аталымдар.
Ә.Т.Қайдардың көрсетуінше, «үй» көне және қазіргі түркі тілдерінде жиырмаға
жуық вариантта (ау/ев/әв/әг/үг/үй т.б.) ұшырасатын жалпытүркілік түбір және
ең алғашқы «қос», «күркеден» бастап, қазіргі көп қабатты, сәулетті мекен-
жайларға дейін халық тұрмысында пайда болған «баспана» ұғымындағы ортақ
атау (үй/өй/әв) [Қайдаров, 2005, 149].
Ағаш үй атауы үйдің сүйегі ағаштан жасалуына байланысты пайда болған,
қазақ сөйленістерінің батыс аймағында, әсіресе, Түрікменстан, Қарақалпақ
қазақтары тілінде жиірек кездеседі. Атаудың пайда болуының енді бір себебі –
осы аймақ аборигендерінің отырықшылыққа бұрынырақ ауысуына орай үйдің
басқа түрлерін салуы деуге болады. Қарақалпақстанды мекендейтін қазақтар
тұрмысында мұндай үйдің орны ерекше. Ол, алдымен, ауқаттылықтың белгісі.
140
Мұндағы басты нәрсе – оның ішкі жабдығы, ежелгі қолөнер туындылары
алдымен үйді жабдықтаудан басталғаны белгілі. Бұл үйлер аймақтың
табиғатына, әсіресе, жазда қолайлы және бұлардың көпшілігі этнографиялық
мұражай іспеттес. Бөтен тілдік ортада мекен ететін қазақ диаспорасы осы күнге
дейін қазақ халқының ежелгі қолөнерін көзінің қарашығындай сақтап,
ұрпағына үйретіп келген, мұндағы әр зат өзінің жасалуына, материалына
байланысты атқа ие, әрқайсысы халықтың өткен тарихының куәсі [89,221-б.].
Қара үй атауы Түрікменстанның Ашхабад, Ташауыз, Теджен
аудандарында, Шиеліде, Қостанайдың Жанкелдин аудандарында кездеседі.
Өзбекше – қора үй, түрікменше – гара өй киіз үй дегенді білдіреді. Бұрын үнемі
қара үйде отырушы едік, қазір көріп отырсың, балам, төрт бөлмелі тамда
отырамыз (Сыр.) есептейді. С.Мұқанов «Сырдария бойының елі «киіз үй»
деудің орнына, қазірге дейін «қара үй» дейді. Мұны бір орыннан
жылжымайтын егіншілер шығарған болу керек» [149,101-б.],-деп түсіндіреді.
Қара үй атауы қырғыз тілінің оңтүстік диалектісінде кездеседі.
Г.Б.Бакинова оны киіздің түсімен байланыстыруға болмайтынын айтады,
өйткені көшпелілер үйдің киізіне тек ақ күзем жүн қолданғаны белгілі. Қара үй
атауы қара сөзінің «қарапайым» мағынасынан шығады. К.К.Юдахин оны:
1)бедная юрта; 2)женская половина юрты (устар); 3)маленькая юрта, которую
берут на летовку деп түсіндіреді (Юдахин, 81). Түрікменстан сөйленісінде қара
үй «қара шаңырақ» дегенді білдіреді, ал жергілікті халықтың қара шаңырақты
үлкен үй атауы да кездеседі (Үлкен үйге бара жатырмын (Алм., Шел.), мұнда
мәселе үйдің үлкен-кішілігінде тұрған жоқ, оның архисемасындағы «қара
шаңырақ» семасында. М.Атабаеваның пайымдауынша, қазақ сөйленістеріндегі
қара үй атауы халықтың көпшілігі отырықшылыққа ауысқан кезде пайда болған
деуге болады. Ол қалың бұқара, қарапайым егінші халыққа тән үй мағынасын
білдіреді [89,221-б.].
Боз үй Шымкенттің Қызылқұм, Сайрам аудандарында, Қордайда айтылады
(Бәріміз де боз үйге кірдік (Қорд.). Бұрын жазда боз үйде отыратын (Сайр.). Бұл
атау киіздің түсіне орай қойылған. Қырғыз тілінің солтүстік диалектісін түгел
қамтитын боз үй атауын Г.Б.Бакинова киіздің боз түсімен ұштастырады
[164,37-38-бб.]. Боз үй атауы қазақ, қырғыз тілдерінде киіздің түсіне
байланысты қойылған.
Терме үй киіз үйдің сүйегіне, керегесінің құрылысына ұқсастыра аталған.
Терме сөзі түркі тілдерінде тор мағынасында осы сөйленісте терулі алаша
атауы да бар, ол «өрнекті алаша» дегенді білдіреді, алашаның өрнектері киіз
үйдің керегесінің формасына ұқсас. Терме үый – ноғай тілінде осы мағынада,
башқұртша – тирмә. Л.Сергеев чуваш диалектісінде тирмее (ДСЯ, 71) екенін
көрсеткен. Тирме түрінде В.Радловта да кездеседі (Опыт, ІІІ, 1378). Астрахань
қалмақтары тілінде терме – киіз үйдің керегесі (Нұрмағамбетов, 1985, 120).
Ә.Нұрмағамбетовтың пікірінше, терме сөзінің түбір тир, осыған -ма жұрнағы
жалғанған тир/тер-тор сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрі, егер сөз тор
мағынасын білдірсе, терме үй дегенді керегесі торлы үй/ тор үй деп түсінуге
болады (Нұрмағамбетов, 1985, 120).
141
Киіз үйдің қазақ үй тұлғасында қолданылуы Алматы облысында кездеседі.
Қырғыз тілінің оңтүстік сөйленісінде қырғыз үй атауы бар. Г.Б.Бакинова оны
балшық, соқпа топырақты үйде тұратын отырықшы тәжік, өзбек, ұйғырлар
қойған «қырғыздардың үйі» тіркесінен жасалған деп есептейді. Қырғыз тілінің
екі диалектілік аймағында 1950-1979 жылдары жүргізілген зерттеулер киіз
үйдің боз үй, қырғыз үй, қара үй тәрізді варианттары кең таралғанын көрсетіп
отырғанын келтіреді [164,38-б.].
«Үй» мағынасында қолданылатын енді бір атау – там. Атау қазақ
сөйленістерін екіге бөледі: бірінші – там, «үй, баспана», екінші жағдайда –
«там, мола бейіт». Үй мағынасы Өзбекстан қазақтары, Жамбыл, Шымкент,
Қызылорда, Алматы облысында кездеседі (Осы колхоздың адамдары түгелдей
дерлік шифрлі там салуда (Қ-орда, Сыр.). Шуда там – жалпы үй атауы, ол
кірпіштен, балшықтан салынуы мүмкін. Ағайымыз екеуміз екі бөлмелі там
салып алдық (Шу). Бұл тамның салынғанына көп болды (Сайр.). Түрікменстан
қазақтарында там үйдің бөлмесі мағынасында қолданылатыны көрінеді (Төрт
тамы бар үйге кіріпті (Ашх). Атау бүтіннің бөлшекке ауысу заңы арқылы
жасалған. Төрт тамы бар үйге кіріпті (Түрікм.Ашх.). Келтірілген мысалдардан
там сөзінің «баспана, үй» мағынасында жұмсалып тұр. Көне түркі
ескерткіштерінде там – қабырға (ДТС, 524). М.Қашқари сөздігінде: 1)есік
тіреуіш; 2)қабырға; 3)үйдің төбесі, шатыры; 4)үй мағыналары көрсетілген
(Қашқари, 3, 218). Алматы облысының Шелек, Еңбекшіқазақ аудандарындағы
қазақтар тілінде там жалпы үй атауы емес, оның бір түрі, «дымқыл топырақтан
соғып жасалған түрі, қабырғасы» (Алм., Шел.) деген мағынасы да бар. Ал мола,
бейіт мағынасы, Өзбекстан, батыс қазақтарында кездеседі (Көрініп тұрған
кімнің тамы білесіз бе? (Ақт.Ырғ.). Бұл Берғалидың ата-бабасының моласы,
тамдары (ҚДТС, 1969, 316). Т.Айдаров: «… бірі – тірінің, екіншісі – өлінің
баспанасы сияқты» дейді. Сөздің бірнеше мағынада әр аймақта көрінуі де оның
көнелігінің о баста ортақ негізі болғандығының белгісі. Ол ортақ негіз – «үй,
баспана» ұғымы. Көне ескерткіштерде там атауының «үй, қабырға, тосқауыл»
мағынасы да бар (Боровков, 283). Т.Айдаров Өзбекстан қазақтарында там, жай,
үй сөздері қатар айтылытынын көрсеткен. Егіншілікпен шұғылданған,
отырықшылыққа ертерек бейімделген елде: қыш там, пахса там, топырақ дуал
там сияқты үй түрлері бар. Сонымен қатар, тамбас (үйдің шатыры), тамның
қышы, тамның қарысы тәрізді атаулардың пайда болғанын айтады [165, 34-35-
бб.]. Бұл атаулардағы бірінші сыңар үйдің жасалу материалын білдіреді, содан
үйдің сапасы, бағасы көрінеді. Сапалық мағынадағы там үй (дымқыл
топырақты соғып жасаған шатырсыз үй), тоқал там Алматы жағының
қазақтарында қомсыну мағынасын байқатады, себебі мұндай үйлер тұрмыстың
күйін танытады [89,223-б.]. Сөйтіп, сөйленістерде там «үй» мағынасында жиі
қолданылатын атау қатарына жатады, там соғу – «үй салу» тіркесі де
қолданылуына қарай белсенді. Там атауының «үй» ұғымын білдіретін
мағынасының сақталуын «қабырға» атауымен байланыстыруға болады. «Соғу»
етістігі қабырғаның қалану үдерісін көрсетеді. Там атауын бейіт мағынасында
қолданатын сөйленістерде оның үй мағынасы жұмсалмайды, бұл жөнінде
142
Т.Айдаров отырықшы, егіншілікпен айналысатын елде үй – баспана
мағынасындағы там сөзінің , ал көшпелі тұрмысты ұзақ ұстаған қазақтар
тілінде үй, киіз үй атауларының ізі сақталған сияқты деген пікір айтады [165,
35-б]. Үйтам күрделі атауы қарақалпақ қазақтарында бейіт басына тұрғызылған
кесене, мазар дегенді білдіреді. Бұл атаудың жасалу уәжі – кесененің киіз үйдің
күмбезді архитектурасына ұқсатылуы, ол үй сыңарынан шығады, «үй тәрізді
кесене» деп түсінуге болады [89, 223-б.].
Көшпелі өмір салтының өзгеруі қазақ этносының өміріне, тұрмыс
тіршілігіне де өзгеріс енгізеді. Бұл өзгеріс көріністері үй салуға байданысты
атаулардың пайда болуынан байқалады. Жылы үй – Жезқазғанның Ұлытау
жағынан алынған атау, «ағаш, тастан жасалған қыста отыратын үй» дегенді
білдіреді. Киіз үй болмаған соң жылы үйде отыр. Бұл жақтың колхоздары қыста
ғана жылы үйде отырады (Ұлы). Жылы сөзі үйдің сапасын білдірмейді, түрін
атайды. Көшпелі тұрмыста бертінірек ағаштан, тастан салынған сәулетті үйлер
болған, соларды жылы үй атаған. Ал сөйленістік материал «жылы үйде» өмір
сүрудің себебін аңғартып тұр. Кірпіш, балшықтан салынатын үйдің балқаш үй
аталуы Қошағаш қазақтарына тән.
Балқаш алтай тілінде «лай, батпақ» мәнінде (ҚТДС, 111), осыған жақын
«сазды, балшықты жер» (Екі ауылдың арасында бір балқашты жер бар,
мәшиненің өтуі қиын (Орын., Ад.) мағынасында Орынбор қазақтарында
ұшырасады. Б.Сағындықов «балық», «балшық», «бұлақ», «былжыра» ... сөздері
әлдеқашан абстракцияланып,, бұрынғы мағынасын жойып алған болса,
этимологиялық зерттеулер олардың байырғы қалпына сәуле түсіреді деп
есептейді. Бұл тұжырым бойынша, балық, балшық, бұлақ, былжыра сөздерінің
архетипі – «суб (су)», су буыны мүлде қысқарып, тек «б» дыбысын ұстап
қалған. Сөздің архисемасы – су, лай, балшық>балқаш дыбыстық өзгерісіне
түсіп мағынасы абстракцияланған [88, 223-б]. Балық – лайсаң, лай, жаңбыр
мағынасын білдіретіні М.Қашқарида (Қашқари, 1,436) көрсетілген. «Былжыр»
атауы солтүстік-шығыс сөйленістерінде үш түрлі мағынада қолданылады:
1)балшық, лай (Бізге былжыр керек болып тұр қора салуға (Сем.: Абай, Шұб.,
Күрш.); 2)көлік жолындағы езілген балшық (Былжырдан мәшін тұрсын
тракторлар да араң жүреді (Рес., Омбы); 3)құрылысқа қалайтын тас, кесектерді
ұстастыруға жұмсалатын иленген балшық. Мына зират Ертіс бойының көк
балшығына тай, құнанның құйрық-жалы туралып, сексен неше серкенің
майымен былжыр иленіп, өн бойына қойылған халық алғысының айғағы
(Ғ.Қан.). Балқаш атауының пайда болуы туралы Т.Жанұзақов «әуел баста ол
Балықаш аталып, кейіннен Балқаш болып қалыптасқан болу керек, өйткені көне
түркі тілдерінде балық – «су, өзен» деген сөз болғаны тарихи деректерден
мәлім. Сол бал – «балшық, батпақ», «су» мәніндегі түбірден өрбіген сөздер:
бал+быр, бал+дыр, бал+шық, бал+ық» [166,48-б.],-деп, осы мағынада алтай,
монғол т.б. тілдерде де осы мағынада қолданылатынын айтады. Сонымен қатар,
Ә. Қайдардың пікірін қолдап, Балқаш атауының қаш компонентін ескі қосымша
(қ+аш) деп, аш қосымшасын орал-алтай тіліне тән топонимдік формат санайды.
Республикадағы Қорғас, Текес, Келес т.б. атаулары құрамындағы аш//ас «су,
143
өзен» мағынасындағы дербес сөз болған дейтін деректерге де ден қоя отырып,
«Балқаш» – жағасы балшықты, батпақты, суы мол көл» деген мәнді білдіретін
атау деп білеміз» [166,48-б.] деген түйін жасайды. Сөйленістергі былжыр,
былжырақ, былшырақ – атаулары көне түркілердің өкілі қазақ этносының үй
құрылысында лай, балшықты илеп, иін қандырып қолдану технологиясын
ежелгі замандардан-ақ білгені байқалады. Ғ.Қанапияұлының «Бұрқасын»
шығармасынан келтірілген дерек соны айшықтайды. Қазақтар тұрмысында
балшық, кірпіштен салынған үйлердің дәуірі де әріден басталатынын
хабарлайды.
Достарыңызбен бөлісу: |