Маретбаева марина әбілжанқызы әңгімелеу мәтінінің тілдік-стилистикалық сипаты


«Әңгімелеу мәтінінің тілдік-құрылымдық ерекшелігі»



бет9/20
Дата20.05.2022
өлшемі283.5 Kb.
#458291
түріДиссертация
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20
Маретбаева марина білжан ызы гімелеу м тініні тілдік-стилист

2.1 «Әңгімелеу мәтінінің тілдік-құрылымдық ерекшелігі» бөлімшесінде әңгімелеу мәтіндерінің лексика-грамматикалық сипаты мен құрылымы сөз болды. Қазақ ұғымындағы «Сөз жібек жіп, жыр кесте» сөзінің метафораланған баламасы мәтін деуге болады. Кесте тігу өнері мен мәтін құрау өнерінің жасалу тетіктері де бір-біріне өте жақын. Мәтіннің жасалуы оның бөлшектерінің өзара байланысы мен қатынасынан, байланысу тәсілінен көрінеді. Синтаксистік байланыс дегеніміз – сөйлеу бірліктерінің өзара қатынасы болып табылады. Ол жекелеген сөйлемдердің арасындағы байланыс түрлері мен тәсіліне және құралдарына қарай ажыратылады. Жекелеген сөйлемдердің синтаксистік байланысы параллельдік және тізбектік болады. Параллельдік байланыс дегеніміз қатар тұрған көршілес сөйлемдердің бірдей, ұқсас синтаксистік құрылымдарға ие болып келуі (Әзімбай да кешкі салқын түсе, үлкен үйдің көлеңкесінен тұрды. Жіңішке қайың құрық сыпталып, жонылып болған-ды (М.Әуезов). Тізбектік байланыс сөйлемдердің синтаксистік тоғысуынан көрінеді (Жылтыр қара мұртының астынан қып-қызыл еріндері күле түсіп, аппақ тістерін ақситып, Мәнікенің қасына ерді. Оны Ысқақ ауылына қарай жаяу ертті де, үй ішінде өткен кеңесті тыңдаумен болды (М.Әуезов). Тізбектік байланыста сөйлемдер құрамына қарай әртектес, параллельдік байланыста біртектес болып келеді. Егер тізбектік байланыстың формуласы А→В, В→С болса, параллельдік байланысқа мынадай формала тән болып келеді: А→ В, С→ Д (В.В.Одинцов). Синтаксистік байланыс бастауыш-толықтауыштық (Үйге кірген Асан ақсақал екен. Оны Мәніке бірден таныды), бастауыш-анықтауыштық Оның артынан біздің Далабай төтенше үйден шықты. Оның да босап шыққанын сезіп, мен қасына да бармадым (Ғ.Мүсірепов). баяндауыш-бастауыштық Кенжекей маздатып от жақты. Жалпылдақ отын лезде тұтады... Қызыл ұшқыны сіркіреп, сытыр-сытыр жанып кетті (Ә.Нұрпейісов). анықтауыш-анықтауыштық Қала тұрғындарының көбінің жеке меншігінде қайығы бар... Солардың біреуінің қайығын сұрап ап, шофер әкелген тамақ пен оқ дәріні, мылтықтарды артып, Мәлік пен Нұрлан көлдің арғы қамысты қабағына есіп барды... т.б. тәсілдер арқылы тұтас мәтін құруға қатысады. Мәтін құрамындағы сөйлемдердің мұндай байланысы арасында белгілі бір синтаксистік қатынастар орын алады. Синтаксистік қатынас деп жеке дара сөйлемдер, КСБ-лар арасындағы семантикалық-синтаксистік қатынастар айтылады. Әңгімелеу мәтіндеріне қарама-қарсы қою, шартты, анықтап-нақтылау, себеп-салдарлық, жалпыдан жекеге ассоциациялық логика-семантикалық қатынас түрлері тән болып келеді.
Әңгімелеу мәтіндерінде тізбектік байланыстың тікелей және жанама (қашық) байланыс түрлері қолданылады. Тікелей байланыс (контактілі) дегеніміз жақын әрі қатар тұрған сөйлемдердің тізбектік байланысы. Бұған жоғарыдағы мысалдар дәлел болады. Қашық байланыс (дистанттық) дегеніміз өзара алыс тұрған сөйлемдердің тізбектік байланысы. Әңгімелеу мәтіні бірліктерін байланыстырушы синтаксистік құралдар сан алуан болып келеді. Оларға фонетикалық құралдар (интонация, ырғақ т.б.); лексикалық құралдар; грамматикалық құралдар; синтаксистік-стилистикалық құралдар жатады. Әңгімелеу мәтіндерінің бірліктерін мағыналық-құрылымдық және композициялық тұтастыққа біріктіруде ең жиі қолданылатыны есімдік сөздер болып табылады. Соның ішінде жіктеу, сілтеу, жалпылауыш мәнді, өздік есімдіктері белсенді түрде жұмсалады. Әңгімелеудегі есімдіктер мен үстеу сөздер оқиғаның уақытқа қатысты дамуын бейнелеуге қатысып отырады: Кей кезде, әсіресе соңғы уақыттарда, алғашқы он кісі бір-бір кіріп шыққан соң тағы тың адамдарын да жіберетін болған. Бұлар бес-алтыдан да келеді. Кейде тіпті елеусіз болсын деп, өгіз мінгізіп, жалғыз-жарым кедей-кепшікті де жібереді. Келгендердің бәрі де ұғындырған тәртіп бойынша сауда қыла келеді. Әр күн әр ләкпеден әр алуан ұсақ-түйек алады. Бірақ бір қадақ сабын, яки бір кез шыт қана алатын болса да, саспай көп қыдырып, көп саудаласып жүретін қазақ әдетінің осы кездерде пайдасы тиген (М.Әуезов).
Осы сияқты «осы кезде», «осы уақытта», «сол заматта», «бұл уақытта» т.б. есімдік + үстеу сөздері арқылы жасалған тіркестер шартты синтаксистік қатынас жасауға қатысады. Шарттылық мән іс-әрекеттің, оқиғаның уақытқа қатысынан көрінеді. Әңгімелеудегі оқиға желісінің дамуына, кейіпкердің іс-әрекетін, қимылын баяндауда етістік ең жиі қолданылатын лексика-грамматикалық категория болып табылады. Әңгімелеу мәтіндерінде оқиғаның өтуін бірізділікпен сипаттау үшін етістіктің -ды/-ді, -ты/-ті жедел өткен шақ тұлғалары жиі қолданылып, бірінен соң бірі болған әрекетті жеткізуге бейім болып келеді: Құдайберген құлаған жоқ. Траптың көлденең ағашына арқасы соғылды да тұрып қалды. Ивлев оңдап тағы бір салды. Құдайберген сасар емес. Өз тілінде әлдене деді де, көзі қанталап Андрейдің кеудесін сол қолымен бүріп, оң қолын түйіп, бастан салып қалды. Балғадай жұдырық Ивлевті мұрттай ұшырды. Құдайберген тіл қатпастан траппен жоғары өрлеп кетті. Жұрт күліп жатыр. Біреуі Андрейдің басына шелектеп су құйып жіберді (Р.Сейсенбаев). Жедел өткен шақ өтіп жатқан оқиғаны деталь арқылы нақтылап суреттеу мақсатында көркем шығармада стилистикалық мақсатта жиі қолданылады: Бетін сипап орнынан тұрды. Төбет келіп аяғына оратылды. Аянышты қыңсылады (Р.Сейсенбаев). Ал есімшенің -ған/-ген, -қан/-кен тұлғалары шығармада баяндалып отырған оқиға уақытынан бұрын болған оқиғаны жеткізуде басымырақ қолданылады. Мысалы: Оның әкесі Тілеміс, Есенейдің сұлтан-правитель кезінде тілмашы екен. Бұл қызметті Тілеміс байлықпен немесе бектікпен алмаған, өз басының өнерімен алған. Оның әкесі Сапақ, қазақша «Стоп» орысша Пресногорьковка аталатын казак-орыс станицасына жалшы боп шошқасын бағады екен (С.Мұқанов).
Әңгімелеу мәтіндерінің жасалуына жалғаулық шылаулар, қыстырма конструкциялар, синтаксистік параллельді құрылымдар, сөздердің орын тәртібі негіз болады. Жалғаулық шылаулар алдыңғы сөйлемде айтылған пікірге, оқиғаға қарсы мән тудыру мақсатында жұмсалады. Қыстырма сөздер, айқындауыш мүшелер сияқты мәтін оқиғасына, кейіпкер іс-әрекетіне қатысты субъективтік қарама-қарсы, ыңғайлас, толықтырушы көзқарасты, ойды, бағалауды көрсету үшін қолданылады. Анафора, эпифора, дамыту, қайталау т.б. және троп түрлері де сөйлемдерді, КСБ-ларды синтаксистік жағынан байланыстырып, оларға белгілі бір стилистикалық мағына, реңк үстеп тұрады. Бұл жолы Яков жылады. Егіліп, шын жылады. Көнбіс Көбеген үшін. Бақытсыз Сақыпжамал үшін. Оқ астында қанға батып өлген бейтаныс әйел - өзінің туған анасы үшін. Тіпті, өмірін аурумен, азаппен өткізген сөйлеуік қара кемпір үшін. Түптен келгенде өзі үшін. Кісі қолына қарап, біржола жетім қалғаны үшін (М.Мағауин). – «жылады» етістігі мен «үшін» шылауының қайталанып келуі мәтін мазмұнының себеп-салдарлық мәнін өзектендіріп тұр. Қайталанып келген етістік пен шылаудың сонымен бірге кейіпкердің ұзақ, қатты қайғырып, түңіліп және таусыла жылаған бейнесін беруге стилистикалық құрал ретінде жұмсалған. Септеулік шылаудың сөйлемнің соңында келуі де оның маңыздылығын арттырып, себеп-салдарлық мағынаға ерекше мән беріп тұр. Әйел екеуміз аз ғана ұрсысып қалдық. Әйел тісінің арасынан бірдеңе деп маған ұрсады, мен де ақырын ғана оған ұрсамын. Әйел жанына батқандықтан және еркектен ұялғандықтан ұрсатын шығар деймін, мен әйелдің өзін аяғандықтан ұрсам (Ғ.Мүсірепов). Етістік сөз қайталанып келу арқылы бірнеше рет жүзеге асқан әрекетті нақтылауға және мұнда да себеп-салдарлық мағынаны ашуға көмекші қызмет атқарып тұр. Троп түрлерінің байланыстырушы құрал ретінде жұмсалуы көркем шығармаға тән болғанмен, әңгімелеу мәтіндерінде ол сирек кездесетін құбылыс (суреттеу мәтіндерімен салыстырғанда). Троп түрлерінің қолданылуы шығарманың тұтас стилистикалық композициясы мен стиліне, жанрына да байланысты болады. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің символдық мәнде баяндалатын ана тақырыбындағы циклдік шығармаларында және тағы да басқа кейбір шағын көлемді шығармаларының баяндау тілінде троп түрлері жиі ұшырасып отырады. Тіпті әңгімелеу мәтіндерінде де кездеседі. Мысалы: Тоқпақтай тиетін тоқпақ жілік, «күрзідей» тиетін ортан жілік, шоқпардай тиетін асықты жіліктер жарқ-жұрқ етіп, әр жерден өре тұра келді. Бәрінің көздегені келген батырдың шекесі сияқты (Ғ.Мүсірепов). Мұнда кейіпкерді суреттеуде синекдоха ұтымды қолданылған. Троптың әңгімелеудегі қолданысы шығарма «мінезіне» тән «асқақтық», «көтеріңкі» көңіл-күй мен эмоцияны жасауға қатысқан. Жартастың қасында дүлдүлге қарап Мұңайтпас та әлі тұр. Әсем айғырға қатты қызығып, мініп бір бел шауып барып қайтар ма едім дейді. Дүлдүлдің қасында өз ағаларының аттары бір топырыш сияқтанып қалған. Әсем айғырға бүйірі бұрғандай, астындағы тарлан көк бие де мінез көрсете қалды (Ғ.Мүсірепов). Алдыңғы сөйлемдегі метафораның кейінгі сөйлемдерде эпитетті тіркеске айналып қайталануы әңгімелеуге өзек болған оқиғаға қатысты көркем бейнені беруге қызмет етіп тұр. Кенжекей маздатып от жақты. Жалпылдақ отын лезде тұтады... Қызыл ұшқыны сіркіреп, сытыр-сытыр жанып кетті (Ә.Нұрпейісов). Екі айтылым-сөйлемді байланыстыруға дәнекер болып тұрған сөздердің кейінгі сөйлемде эпитетті зат есімге айналуы оның сын-сипатын бейнелеуге қатысып тұр. Әңгімелеу мәтіндерінде түбірлес сөздердің қайталанып келіп, байланыстырушы қызмет атқаруы да жиі кездесетін құбылыс болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет