Маркетингтің қағидалары және қызметтері.
Фирманың өндіру - өткізу қызметін басқару жүйесі ретінде маркетинг нақты қағидаларға негізделеді. Оларды білу, тәжірибеде дұрыс қолдану фирма басшыларына тұтынушының сұранысын өз уақытында айқындап, тауарларын олардың қажеттіліктері мен талаптарына бейімдеуге мүмкіндік береді.
Қағида – теория ғылымнан шығатын ұйымдардың негізгі немесе кез келген жүйенің негізгі ережесі болып табылатын тұрақты заңдылық. Маркетингтің қағидалары – маркетинг дамуының тұрақты заңдылығын сипаттайтын негізгі ережелер.
Маркетингтің мынадай қағидаларын бөліп көрсетуіміз керек:
Тұтынушылардың мінез – құлқын және талаптарын үнемі зерттеу. Бұл қағида кәсіпорынның өндірістік бағдарламасын қалыптастырудың негізі болып табылатын тұтынушылардың мнез – құлқы мен қажеттіліктері туралы ақпаратты жинау және маркетингтік зерттеулерді жүйелі түрде жүргізуді көздейді.
Сұраныс пен қажеттіліктің өзгермелі серпініне өндірістің тәуелділігі немесе өндірістің тұтынушылық сұранысқа бейімделуі. Өндірістің қызмет етуі сұранысқа байланысты, сондықтан ол кәсіпорынның қаржылық - өндірістік мүмкіндіктеріне сәйкес сатып алушылардың қажеттіліктері мен олардың даму тенденциялары туралы нақты білімге сүйеніп, жүзеге асырылуы тиіс. Бұл қағиданы экономикалық әдебиетте қанатты сөз болып кеткен мынадай сөздермен бейнелейді: «Өндірілген затты сату шарт емес, сатылатын затты өндіру керек». Бұл қағиданы жүзеге асыру нарықтағы өзгеріп тұратын талаптар мен тұтынушы сұранысын, сұраныс пен ұсыныстың икемділігін ескеретін, өндірістің ұтқырлығы мен иілімділігін көздейді.
Сұранысты қалыптастыру және ынталандыру. Тауарды жасай отырып, белсенді түрде тұтынушылық сұранысты қалыптастыру, нарыққа және қажеттілікке әсер етуі қажет. Нарықта жаңа тауарлардың сәтті өтуі маңызды проблема болып табылады. Мұны әлуетті сатып алушының ақпараттандырып, оларға маркетинг әдістері мен құралдары арқылы ықпал ету негізінде шешу керек.
Түпкілікті нәтижеге жетуге ұмтылу. Бұл қолайлы қызмет еткен жағдайда пайда алуға жетелейтін фирма мақсаттары арқылы бейнеленеді. Осы қағида маркетинг үдерісін тиімді басқару арқылы жүзеге асырылады. Маркетингтік бөлімнің жұмысы ағымдық талдауға және фирманың келешектегі әрекеттерін болжамды бағалауға негізделген, оның даму саясатын және стратегиясын жасаушысы болып табылады. Маркетинг бөлімі қызметкерлерінің тиімді қабылданған стратегиялық және тактикалық шешімдеріне алынатын табыс мөлшері тікелей тәуелді.
Көптеген ғалымдар маркетинг қызметтерін талдаушы, өндірістік, өткізушілік және басқарушылық блоктарына жіктейді. Талдаушы қызметке нарықты және тауарды зерттеу, стратегиялық және оперативтік жоспарлау жатады, ал өндірістікке – тауарды өндіруді ұйымдастыру және олардың сапасын жоғарылату; өткізушілікке - өнімді жылжыту және сату қызметі жатады.
Маркетингке жоспарлау, ұйымдастыру, үйлестіру мен бақылау сияқты кез келген басқарудың функцияларды да жатады. Олар маркетингтің мынадай өзіндік ерекшелік функцияларымен толықтырылып, нақтыланып отырады:
Нарықты маркетингтік тұрғыдан зерттеу;
Маркетингті жоспарлау;
Кәсіпорынның маркетингтік қызметін ұйымдастыру;
Тауарлық саясаттың жүзеге асуы;
Баға саясатының қалыптасуы;
Кәсіпорынның сату саясаты;
Өнімнің жылжуы мен коммуникациясын ұйымдастыру;
Нарықтық тұрғыдан маркетингтік зерттеу кәсіпорындардың, фирмалардың және компаниялардың маңызды бағыттарында жүргізіледі. Маркетингтік зерттеудің негізгі стратегиялық және оперативтік жоспарлар құрылады. Бұл жоспарларда маркетингтің мақсаттары мен фирма қызметтерінің әлсіз және мықты жақтары, тауар, баға, сату, коммуникациялық саясаттары және маркетингтің бюджеті анықталады.
Кәсіпорынның маркетингтік ұйымы өнімді әзірлеп жасауға арналған маркетингтік зерттеулермен, өнімнің бәсекеге төтеп бере алатындай өндіру ісінен, осы заманғы жарнама және сервис құралдарын пайдалану арқылы тауар өткізудің оңтайлы жүйесін қалыптастырумен байланысты мәселелердің тұтас бір кешенін қамтиды. Маркетингтік әрекет тек арнайы құрылған маркетинг қызметімен ғана іске асырылмайды, бұл жұмысқа кәсіпорын, фирма және компанияның көптеген бөлімшелері қатысады.
Тауар саясаты тауардың ассортименттік тұжырымдамасын, олардың сапасын және бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуды, өнімнің өмірлік циклын талдауды, жаңа және ескі өнімдердің байланысын анықтауды, тауар белгілерін иемдену стратегиясын айқындауды, ораманы жасау және сервисті ұйымдастыруды басқаруды қамтиды.
Баға кәсіпорынның маркетингтік әрекетінің басты элементі болып табылады, сондықтан бағаны жасаудың дұрыс стратегиясын құру нарықта бәсекелік күрестің күшті қаруы болып табылады. Баға саясаты баға жасаудың түрлі әдістерін қамтиды. Оларға шығындарға, сұранысқа, бәсекелестерге негізделген және нарықтық жағдайларды ескеретін бағалар жатады.
Өткізу саясаты тауар өткізу формалары мен арналарының тиімді жүйелерін ұйымдастыруды көздейді, бұған көтерме және бөлшек сауда желісі арқылы өткізу, тасымалдау, логистикалық, жабдықтау жүйесі және түпкі тұтынушыларға өнімді жеткізу жатады.
Өнімді жылжыту жарнама, паблик рилейшнз (көпшілікпен байланыс), жеке сауда және тауарды өткізуді ынталандыру арқылы іске асырылады.
Маркетинг әрекетін бақылау оны өткізу кезінде жүргізіледі және жүзеге асатын шараларға белгілі түзетулер енгізуге жағдай жасайды, сөйтіп фирманың маркетингтік қызметінің жемісті болуына мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |