11.1 Жалпы білім беру бағдарламасына өзгеріс енгізудің маңызы
Технология, коммуникация және ғылым салаларындағы елеулі өзгерістер әлемдік экономикаға айтарлықтай ықпал ете отырып, әрбір азаматқа ХХІ ғасырда табысты болу үшін қажетті білім мен дағдыларды алға тартады. Қарқынды жаһандану, сондай-ақ, ұлттық экономикаға да ықпал етуде және қазіргі уақытта экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық бәсекелестік артты. Женевадағы Халықаралық еңбек ұйымының (2006) баяндамасы мұның жеке азаматтар үшін маңыздылығын көрсетті: «... көлік және коммуникация саласындағы елеулі жетістіктермен қатар, сауда мен капитал ағымын ырықтандыру: өз еңбегінің жемісін сату үшін әлемдік нарықта өзара бәсекелестіктегі жұмысшылар мен жұмыс берушілердің саны күннен-күнге артып келе жатқандығын көрсетеді» (VII б.). Жаһандану тек жұмыс орындарына әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар, оның қолжетімді жұмыс түрлеріне және сәйкесінше, жұмыс табу үшін қажетті білім мен дағдыға да әсері артып келеді.
Гриффин және басқа авторлардың (Griffin, P., McGaw, B. and Care, E., 2012) айтуы бойынша: «...экономикасы дамыған елдерде өнеркәсіптік өндірістен ақпараттық қызмет көрсету және байланыс қызметін көрсетуге ауысып жатқаны айтарлықтай байқалды» (17-б.). Білім беру жүйесін жаңартуға арналған бұл экономикалық дәлелдерге қоса, қазіргі ХХІ ғасырда басқа да негіздер бар: өзара қарым-қатынастың арттыру; әлеуметтік өзгерістер; ауа райының өзгеруімен байланысты проблемалар; бүкіл әлемдегі халық санының қарқынды өсуі; шектеулі ресурстарға деген сұраныстың өсуі; осылардың барлығы мектеп оқушылары қазіргі заманда және келешекте табысқа қол жеткізу үшін бұрынғыға қарағанда анағұрлым көп дағдыларды меңгеруі қажет екенін көрсетеді.
Білім беру елдердің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия болып табылады. Көптеген авторлар, соның ішінде Виллем Те Вельде (Willem te Velde, 2005) жаһанданудың қазіргі кезеңінде жоғары сапалы білімнің қажеттігі туралы өз пікірлерін айтты. Қазіргі таңда экономикалық өсу және азаматтардың әл-ауқаты үшін білімнің айтарлықтай маңызды екенін бүкіл әлем мойындауда. М. Муршед және басқа авторлар (Mourshed, M. et al, 2010) жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында өзгеріс енгізу үдерісіне қатысатын жүйелердің саны артып отырғанын, білім беруді реформалаудың қарқынды артып келе жатқанын атап көрсетті.
Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Бұл сауалдар білім беру бағдарламасымен және білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында жоғарыда сипатталған жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейде ұлттық мәнмәтіндегі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп мәнмәтіні арқылы ұлттық сананы қалыптастырып, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған білім беру бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады.
«Математика» пәні бойынша оқу бағдарламасы осы үдерістің құрамдас бөлігі болып табылады. Математикалық білім негізгі орта және жалпы орта білім беретін мектеп бағдарламасында жетекші орын алады, бұл математиканың практикалық маңызымен, адамның қалыптасуы мен ойлауындағы мүмкіндіктермен, қоршаған әлемді танудағы ғылыми әдістер туралы түсінікті қалыптастырумен айқындалады.
Мектепте математиканы оқыту оқушылардың жаратылыстану-ғылыми пәндерді меңгеру үшін қажетті математикалық білім мен дағдылардың негіздерін игеруіне септігін тигізіп, оқушылардың алгоритмдік, логикалық және сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Математиканы оқу барысында оқушыларда индукция және дедукция, жалпылау және нақтылау, анализ және синтез, жіктеу және жүйелендіру, абстракциялау және айқындау сияқты ойлау үдерістері дамиды. Математикалық пайымдау мен оларды құру ережесі олардың зерттеу жұмысын жүргізуіне мүмкіндік береді, пікірлерді тұжырымдауға, негіздеуге және дәлелдеуге дағдыландырады, берілген алгоритм бойынша әрекет етуге және жаңа алгоритмдерді құрастыруға, математикалық білімді меңгеруде және қолдануда өз бетінше әрекет етуге үйретеді. Мұнда ақпараттарды өңдеу мен зерттеудің математикалық әдістермен ұштастыра қолдану барысында мол мүмкіндіктері ашылатын ақпараттық технологияларды қолданудың да маңызы зор болып табылады. Оқушылардың математикалық тілді қолдануы олардың ықшам әрі ақпаратты тілді дамытуына, қажетті тілдік (атап айтқанда, таңбалық, графикалық) құралдарды тиімді таңдап қолдана білуіне мүмкіндік береді. Математикалық білім адамның жалпы адамзат мәдениетін қалыптастыруға өзіндік үлесін қосады.
11.2 Оқушыларды бір бағдарлама бойынша негізгі үш деңгейде дайындау: жалпы мәдени, қолданбалы, шығармашылық.
«Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту» концепциясы: жалпы орта білім беру жүйесі жұмысының мазмұны мен құрылымына өзгерістер енгізу қажеттілігі. Экономикасы дамыған елдердегі білім берудің негізгі тенденциялары: міндетті білім берудің 12 жыл ұзақтығы
бар әртүрлі елдердің білім беру жүйесіндегі ұқсас және ерекше проблемалар. Студенттерге педагогикалық жоғары оқу орындарында математиканы мектепте оқыту әдістемесін оқыту технологиясын жасау қажеттігі.
Оқушыларды бір бағдарлама бойынша негізгі үш деңгейде дайындау: жалпы мәдени, қолданбалы, шығармашылық.
Көптеген шет елдерде (Жопон, Ресей, Беларусь, польша т.б.) оқу бағдарламаларының екі қабатты конструкциясы қабылданған. Алдымен базистік бағдарлама жасалады, мектеп математикасының мемелекеттік стандарттары белгіленеді, сонан соң барып әртүрлі профильденген мектептер үшін бағдарламалар жасалады. Оқушыларды (әсіресе лицейлерде) жалпы мәдени, қолданбалы, шығармашылық - үш деңгейде дайындау іске асырыла бастады:жалпы мәдени деңгей - болашақта математикамен айналыспайтын оқушылар үшін;қолданбалы деңгей - болашақ кәсіби мамандықтарында математика маңызды роль атқаратын оқушылар үшін;шығармашылық деңгей – болашақтағы кәсіби мамандығы математика немесе оған жақын білімдер болатын оқушылар үшін бағдарламалар жасалады
Лекция12. Жаңартылған жалпы білім беру бағдарламасының басымдықтары
Табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді дәл осылай қолдану оқушыларға «ХХІ ғасыр дағдысы» деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді.
ХХІ ғасыр дағдылары деген ұғымның бірнеше анықтамасы бар. Бұл Бағдарламада Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) әзірлеген Құзыреттерді анықтау және іріктеу жобасының шеңберінде жасалған құрылым пайдаланылады. Бұл ретте құзырет «жай ғана білім мен дағдыдан анағұрлым күрделі. Ол белгілі бір жағдайларда психологиялық ресурстарды (оның ішінде дағдылар мен өмірлік ұстанымдарын) жұмылдыра және соған сүйене отырып, күрделі міндеттерді шеше білу қабілетін қамтиды. Мысалы, тиімді қарымқатынас құру қабілеті жеке адамның тіл білуіне, ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибелік дағдыларына және оның өзгелермен қарым-қатынас құра алуына сүйенетін құзырет болып табылады».
Жаңартылған жалпы білім беру бағдарламаларында оқушылардың бойында қалыптастыру қажет келесі құндылықтар мен дағдылар анықталған (1-кесте):
1-кесте: Құндылықтар мен дағдылар.
Достарыңызбен бөлісу: |