Әдебиеттер:
1. Қазақ ұлттық энциклопедиясы. Алматы, 1998.-720 б.
2. Бес арыс: Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. Алматы, 1992.-544 б.
3. Жарықбаев Қ.Б. Қазақ психологиясының тарихы.-Алматы, 1996.-159 б.
СЕМЕЙДЕГІ АЛҒАШҚЫ ӘЙЕЛ МҰҒАЛІМДЕР
Шаянбаева С.,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Н.Назарбаев.
Зияткерлік мектебі
XX ғасыр басында Семейде халық ағарту саласында мынадай жағдайлар қалыптасқанын айтуға болады. Біріншіден, патша үкіметі кезінде барша бұратана халықты мәдени-рухани құлдыққа түсірген отаршылдық, қанаушылық саясаты жүргізіліп отырды. Патша шенеуніктері қазақ сахарасында ұлттық мектептерді ашуға айтарлықтай құлықты болмады. Халықты қараңғылықта ұстауды әлдеқайда тиімді деп санады. Дегенмен, XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басында орыс демократтары, педагог-ағартушылары Достоевский, Долгополов, Михаэлис, Коншин, ағайынды Белослюдовтар мен қазақтың ғұлама ойшылдары Абай, Шәкәрім т.б. халыққа білім берудің маңызы ерекше екенін жақсы түсінді, халықты осы іске үндеді, соған белсене атсалысып араласты. Бұл орайда атақты орыс ғалымы Александр Алекторов пен қазақтың тұңғыш педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің де орыс-қазақ мектептерін ашуда өлшеусіз еңбек сіңіргенін атап өткен жөн. Мысалы, 1888 жылы Семейде бастауыш білім беру қоғамы құрылып, жұмыс істеді. Міне, осы қоғамға кезінде қазақтың ұлы ақыны Абай және оның балалары Ақылбай, Мағауиялар мүше болып, қаржылай көмек көрсетіп отырған. Семей қаласында алғашқы кітапхана, тарихи-өлкетану мұражайы, статистикалық комитет тәрізді тағы басқа да мәдени және ғылыми-зерттеу мекемелерінің ашылуын жоғарыда аталған тарихи тұлғалардың қызметімен тығыз байланыстыруға болады. Сол сияқты 1903 жылы Семейде тұңғыш мұғалімдер семинариясының ашылып, жемісті жұмыс істеуі Александр Алекторовтың есімімен тығыз байланысты десек еш қателеспейміз. Өз тарихының бастауын осы 1903 жылғы Семей мұғалімдер семинариясынан алатын қазіргі Әуезов атындағы педагогикалық колледж 2003 жылы құрылғанына 100 жыл толған мерейтойын атап өткені белгілі.
Семейде XX ғасыр басында халық ағарту саласында қалыптасқан екінші бір жағдай Алаш партиясы, Алашорда үкіметі, қысқасы, Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозыбағаров, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезов, Биахмет Сәрсенов, Жүсіпбек Аймауытов, Нәзипа және Нұрғали Құлжановтар, Мәннан Тұрғанбаев, Қаныш және Әбікей Сәтбаевтар, Сейітбаттал Мұстафин, Абзал Жиенғалиев т.б. қызметімен тікелей қатысты болып келеді. Бұл тарихи кезең негізінен 1917-1919 жылдары аралығын, сонымен қатар кеңес өкіметі орнаған 1919-1930 жылдарды қамтыды.
Қазан төңкерісінен кейін қазақтың «Алаш» деп аталатын партиясы өзінің бағдарламасында: «Халыққа ғылым, білім үйрету. Оқу орындарының есігі кімге болса да ашық һәм ақысыз болу. Бастауыш мектептерде оқуды ана тілінде оқу. Қазақ тілінде орта мектеп, университет ашу. Ұлттық мұғалімдерді даярлау және оқу құралдарын басып шығару қажет»¹ екенін атап көрсетті. «Алаш» партиясы 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өткен екінші жалпы қазақ сиезінде қазақша оқулықтар жазу комиссиясын құрып, оған айтулы тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынов төрағалыққа бекіді, ал Телжанов Шонанұлы, Мағжан Жұмабаев, Елдос Омаров, Биахмет Сәрсенов т.б. мүше болып енді. 1917-1919 жылдары Әлихан Бөкейханов басқарған «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті, сондай-ақ кейінде Халел Ғаббасов басшылық жасаған Семейдегі Шығыс Алашорда үкіметі ұлттық педагог кадрларды даярлау, қазақ мектептерін ашу, оқу құралдарын шығару мәселелерінде қажырлы еңбек атқарды.
1918 жылы Семей мұғалімдер семинариясында оқып жүрген жас семинарист Мұхтар Әуезов тұңғыш қазақ басылымдарының бірі «Абай» журналының № 11 санындағы мақаласында:
«Ұлт мектебін ашуға қазірде біздің алдымызда қиын асудай үш кедергі тұр. Бірі: бастауыш мектептің бәріне мұғалім жоқтығы; екіншісі: оқу құралдарының жоқтығы; үшіншісі: ілгері оқитын мектептің жоқтығы һәм тез уақытта бола алмайтындығы» деп жазды.
Ұлттық педагог кадрлардың тапшылығы, қазақ мектептері мен қазақша оқулықтардың жоқтығы мәселелері Алашорда үкіметі құлап, кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі 1919-1920 жылдары да үлкен өзекті мәселе болып қала берді. Алайда аталмыш мәселелерді шешуде Мұхтар Әуезов, Әбікей және Қаныш Сәтбаевтар, Мәннан Тұрғанбаев, Әлімхан Ермеков, Ыдырыс Мұстамбаев, Тұрлыхан Хасенов, Сейітбаттал Мұстафин тәрізді арыстарымыз ерекше үлес қосты. Айталық, 1918-1919 оқу жылында Шығыс Қазақстан облысы (алғашқыда Семей облысы осылайша аталды) бойынша ашылған 59 бастауыш мектептің 40-ы Семей үйезінде, оның 35-і қазақ аудандарында жұмыс істей бастады. Қазақ зиялылары оқу-білімнің пайдалылығын насихаттап қана қоймай, ұйымдастырушылық, педагогикалық, шығармашылық қызметтерде де белсенділік танытып, ұлттық мектептерді ашуда, мәдени-ағартушылық мәселелерде қыруар істер атқарды.²
Сонымен, XX ғасырдың бірінші жартысында Семейдегі халық ағарту саласы үш билік кезеңін: патшалық Ресей, Алашорда үкіметі және Кеңес өкіметі саясатын бастан өткерді. Әрине, мемлекеттік құрылымдағы, әлеуметтік-саяси, қоғамдық өмірдегі бұл үлкен өзгерістер халыққа білім беру жүйесіне айтарлықтай жаңалықтар алып келді. Мәселен, ұлттық педагог кадрлар қатарының көбейіп, қазақ мектептерінің, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының ашылуына елеулі септігін тигізді. Ең бастысы, әлеуметтік-қоғамдық өмірдегі бұл саяси жағдайлар алғашқы әйел мұғалімдердің қалыптасып, білім беру мен мәдени-ағарту жұмыстарына белсене араласуына мүмкіндігінше жол ашты.
1917 жылы ақапан төңкерісінен кейінгі кезеңде Семейде «Алаш» партиясының облыстық комитеті, одан біраз уақыттан соң Алашорда үкіметі құрылып, Семейдің сол жақ бөлігі, Ертіс өзенінің сол жағалауы Алаш қаласы атанғанын, оның 1927 жылдың күзіне дейін он жылға жуық осылайша аталып келгенін бүгінде елдің бәрі біле де бермеуі мүмкін. Көршілес Ресейдің беделді жоғары оқу орындарының бірі – Уфадағы «Ғалия» медресесін бітірген Мәннан Тұрғанбаев, Тайыр Жомартбаев, Мұстақым Малдыбаев, Хайролла Ибрагимов, т.б. дәл осы аласапыран отты жылдары қасиетті Семей топырағында тер төгіп, мұғалімдік қызмет етті.
Бұл негізінен Қазақстанда бүкіл қазақ баласы Алаш туының астына бірігіп, ерікті ел болайық деген ұран тасталып, саяси-қоғамдық өзгерістерден, ең бастысы, санадағы сілкіністен соң жалпыхалықтық рухтың өрлеп, революциялық белсенділіктің артқан кезі еді. Алаш арыстарының басшылығымен Семейде де ұлт мүддесін көздеген қыруар істер атқарылып жатты. Соның бірі – білім саласында ұлттық мектептерді көптеп ашып, болашақ мамандарды даярлап шығару, халықты жаппай сауаттандыру мәселесі болды. Мысалы, бастауыш мектептер жүйесін құру, мұғалімдерді даярлау ісін қолға алу үшін Алаш зиялылары алдымен 1917 жылдың жазында Семейде Оқытушылар ұйымын құрады. Оның төрағасы – Мәннан Тұрғанбаев, хатшысы – Мұхтар Әуезов болып бекиді.
Енді осы қиыншылықтардың шешімін табу жолында қазақ зиялылары қандай жұмыстар атқарғанына тоқталайық. Жер-жерде ұлттық білім-тәрбие беру жұмыстары қызу қолға ала бастаған кезеңде, халық ағарту жүйесін ретке келтіру мақсатында Семейдегі Оқытушылар ұйымы ең алдымен «Бастауыш мектептердегі оқу программасын» жасап, оны қолдану үшін газет бетінде жариялап, таратады. Бірақ та ұлттық мектептер мен ондағы ұстаздардың жағдайы өте ауыр еді.
1918 жылы Семей уездік Земство басқармасының мүшесі А. Болатов пен Алаш қаласының мұғалімдері М. Тұрғанбаев, Қ. Сәтбаев, С. Мұстафин, Ғ. Дәулетияров, X. Ибрагимов, Д. Сәрсеновтардың қатысуымен өткен жиында №1 Алаш мектебіндегі бала оқытуға байланысты екі түрлі мәселе қаралыпты. Онда:
«1. В V отделении №1-ого Алашского мектеба учатся только 4 человека, а преподователей всего лишь два, которым нет абсолютно никакой возможности вести занятия во всех от делениях. Находя такое явление ненормальным, Совещание постановило распустить V отделение с тем, чтобы способные ученики держали экзамен в 1-ом отделении Алашских национальных педагогических курсов, а менее способные были переведены в IV отделении названного мектеба;
2. Находя преподование в 4-х отделениях с 2-умя мугалимами невозможным и нецелесообразным, за отсутствием каких бы то ни было учебников постановлено назначить еще одного мугалима. Примечание: Признаю при этом, особенно затруднительном случае, когда нет никаких учебников, которые занимаются исключительно записами на доске, преподование возможным 3-х отделениях при наличности 2-ух мугалимов» деген қаулы қабылданған.
Сонымен қатар Семей уездік Земство басқармасы халыққа білім беру бөлімнің Алаш қаласында арнайы бастауыш қазақ мектептері мұғалімдерін даярлайтын қысқа мерзімді курстар ашу, оған меңгерушілікке Мәннан Тұрғанбаевты, оқытушылыққа Қаныш Сәтбаев пен Сейітбаттал Мұстафинді тағайындау, келесі төртінші бір мұғалімді іздестіріп табу туралы шешімін де кездестіресіз. Атап айтқанда, Семейде жаңдан ашылған екіжылдық Алаш педагогикалық курсының меңгерушісі болып Мәннан Тұрғанбаев бекісе, Нәзипа Құлжанова, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, ерлі-зайыпты Нығметолла Күзембаев және Сақыпжамал Тілеубаева, Ахметжан Күзембаев, Сейітбаттал Мұстафин, ерлі-зайыпты Абзал және Тәйба Жиенғалиевтар, А. Иманбековтар т.б. сабақ берген (Семипалатинскии ЦДНИ. Фонд-415, опись-02, дело-643).
1919 жылы 5 қыркүйекте Семей уездік Земство басқармасына ұлттық мектептердің бір топ мұғалімдері жазған төмендегі өтініште, олар өздерінің жалақысы аздығын, азық-түлік қымбатшылығын, қысқасы, тұрмыс-жағдайларының ауырлығын айтып, егерде материалдық жағынан қолдау көрсетілмесе, алдағы уақытта қазақ мектептері мұғалімсіз қалатынын білдіріп, өткір мәселе көтерген. Мысалы, онда:
«В Семипалатинскую уездную Земскую Управу от учителей национальных киргизских школ Семипалатинского уезда
Заявление
Мы, учителя национальных киргизских школ Семипалатинского уезда обращаемся в Управу со следующей просьбой: в Семипалатинском уезде учителя аульных школ получають жалованье по 446 рублей 78 копеек в месяц. Такое содержание далеко необеспечивает не только семейных но и холостых. Дороговизна возрастает с каждым днем, поэтому получая такое жалованье, мы в будущем опасаемся вести нормальное занятие.
В настоящее время, когда нужно все свой усилие и старания приложить к распространению просвещения среди народа, совершенно не допустима такая оплата труда учителей, ибо хотим самим в корне подрывается дело народного провсвещения. Материальная необеспеченность народных учителей крупный тормоз делу народного образования.
В виду изложенного, мы просим Управу, войти в Уездное Земское собрание с ходатайством об увеличений жалованье учителей. Надеемся, что Земское собрание в интересах распростронения народного образования, не оставит этот вопрос без внимания, тем более, что в других уездах области жалованье учителей народных школ увеличена до 700-800 рублей в месяц.
Всего подписали 17 учителей национальных школ. 1919 года 4 сентября» -деген әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер көтеріледі.
Жалпы осы Семей уезіндегі 17 мектептің 17 мұғалімі тізімінің ішінде бұрынғы Алаш, қазіргі Жаңасемей қаласындағы №11 бастауыш қазақ мектебі ұжымының атынан Хайролла Ибрагимов, ал осындағы қазақ қыздары мектебінің ұжымы атынан оның зайыбы, мұғалима Жұмабике Ибрагимова қол қойған екен (Семипалатинскии ЦДНИ. Фонд-415, опись-02, дело-643).
Осыған қоса Семей облыстық Земство басқармасы тарапынан ұлттық мектептердегі ұстаздарға деген зәрулікті жою мақсатында жедел 2 айлық және 2 жылдық мұғалімдер даярлайтын курстар ашылады. Аталмыш екіжылдық педагогикалық курстың жетекшісі болып алғашқыда Биахмет Сәрсенов тағайындалған. Кейінде бұл курсқа М.Тұрғанбаев жетекшілік жасайды. Алғашқы оқытушылар – Нәзипа Құлжанова, Мәннан Тұрғанбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Қаныш Сәтбаев. 1918-1919 оқу жылында Абдолғазы Иманбеков, Ахметжан Күзембаев, Сейітбаттал Мұстафин, Жүсіпбек Аймауытов , Нығметолла Күзембаев сабақ берген. Мысалы, осы оқу жылында аталмыш педагогикалық курста барлығы 40 оқуыш оқып, 18 оқушы бастауыш мектеп мұғалімі деген куәлік алып шыққан. Сонымен бірге, екіжылдық курстың жанынан қысқа мерзімді жазғы педагогикалық курстар жұмыс істеген. Негізінен 2 жылдық педкурста арифметика, геометрия, гигиена, ислам тарихы, дін ілімі, педагогика, қазақ тілі, қазақ тарихы сияқты пәндермен қатар ән-күй, гимнастика және қол еңбегі сабақтары оқытылған.
Семей жерінде қарапайым халықты оқу-білімге үндеп, мәдени-ағарту саласында елеулі еңбек сіңірген алғашқы қазақ әйел мұғалімдерінің бірі Нәзипа Құлжанова болды. Оның сүйікті жары, қазақ зиялысы Нұрғали Құлжанов та тамаша педагог-ағартушы еді. Алайда ол 1919 жылғы ақ пен қызыл соғысы кезінде қазаға ұшыраған.
Нәзипа Құлжанова Семей мұғалімдер семинариясында 1905-1920 жылдар аралығында оқытушылық қызмет етті. 1920 жылдан бастап Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларында « Еңбекші қазақ » газеті мен «Әйел теңдігі», « Қызыл Қазақстан » журналдары редакцияларында қызмет атқарды. Ол тек тамаша педагог-ғалым ғана емес, көрнекті қоғам қайраткері, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш журналист-публицист, жазушы-аудармашы ретінде де белгілі. Танымал педагог-ағартушы Нәзипа Құлжанова – 1914 жылы Семейде ұлы ақынымыз Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуын еске алуға арналған үлкен әдеби кешті ұйымдастырып, өткізушілердің бірі. Кеште Абайдың өмірі мен өлеңдері туралы орыс және қазақ тілдерінде баяндама жасады. Бұл баяндама жайлы 1914 жылы шыққан «Айқап» журналының №4-санында, «Қазақ» газетінің №51-санында жарияланған «Семипалаттан», «Семейде әдебиет кеші» атты мақалаларда көптеген жылы пікірлер айтылады. Сондай-ақ Нәзипа Құлжанова өз зерттеулерінде алғашқылардың бірі болып, Абайдың ақындық бұлақ көзін ашқан шығыс, содан соң орыс әдебиеті деген тұжырым жасады. Мысалы, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №125санындағы «Бір керек жұмыс» және 1916 жылғы №164-санындағы «Әдебиетімізге көз салсақ» атты мақалаларында Абайды қазақ жазба әдебиетінің көш басшысы деп таныды. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Жазғытұры» деген өлеңдерін алғаш орыс тіліне аударды.
Журналистпублицист Нәзипа Құлжанова 19201924 жылдары А.Бимбоэс пен А.Затаевичке бірнеше Абай әндері мен қазақ халық әндерін өзі орындап беріп, нотаға түсіртті. Сонымен бірге, оның Абайдың әдеби мұрасы туралы, ұлттық кадырлар мен қазақ мектептерінің мәселелері жайлы тағы басқадай танымдық мақалалары баспасөз беттерінде ұдайы жарияланып тұрды.
Семейдегі алғашқы қазақ әйел мұғалімі Нәзипа Құлжанованың есімі бүгінде Биахмет Сәрсенов, Әбікей және Қаныш Сәтбаевтар, Мұхтар Әуезов, Мәннан Тұрғанбаев, Жүсіпбек Аймауытов тәрізді арыстарымызбен қатар аталады.
1919-1920 жылдары облыстық атқару комитетінің қазақ бөлімі Алаш қаласында ашылған түрлі педагогикалық курстарды қаржыландыру мәселесін тікелей өз мойнына алғанын Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығындағы (Семипалатинскии ЦДНИ) кейбір ресми құжаттардан оқып танысуға болады. Мысалы, бұл бөлім мемелекеттік мекемелердің өзі қағазға зәру болып отырған кезде ауылдың бастауыш мектептеріне 10 мың дана оқулық шығарып таратқан. 1920 жылдары Семейде 19 орыс, 11 мұсылман (қазақ және татар) мектептері жұмыс істеген. Ал Алаш қаласында таза екі қазақ және бір мұсылман мектебі, арнайы қыздар мектебі қызмет көрсеткен. Семейде 1916-1919 жылдары үзбей шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде мынадай бір хабар беріліпті.
Онда:
«Биыл Семейде Уезный Земствосы Алаш қаласында екеуі ерлерге, біреуі қыздарға арналған мектеп ашқан. Ұлдар мектебінде 120-дан аса баланы 4 мұғалім оқытады. Қыздар мектебінде 60-қа жақын төрт бөлім қызды екі мұғалима оқытады. Бұлар өткен жазда мұғалімдік курстан оқып шыққан мұғалімдер.
Алаш қаласының халқы қыздарын мектепке беріп, оқытып, білім сәулесін танытқаны, сіңілілеріне үлгі үйретіп, білім беріп, екі мұғалима Жәмила Кәрімова, Жұмабике Ибрагимовалардың ерінбей қызмет қылып отырғаны сүйінерлік іс»- деп жазылған.
Біз Семей мұғалімдер семинариясын бітіріп, 1919-1920 жылдары қыздар мектебінде сабақ берген осы екі әйел мұғалімдер туралы деректерді іздестірген едік. Өкінішке орай, Жәмила Кәрімова туралы айтарлықтай мол мағлұматтар табылмады. Бір деректерде оның «Ес-аймақ» деп аталатын театр үйірмесіне белсене атсалысқан еңбегі сөз болады. Тек Жұмабике Ибрагимова жайлы мынадай деректерді ғана кезіктірдік.
Семейде Әбікей және Қаныш Сәтбаевтар, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәннан Тұрғанбаевтармен бірге оқу-ағарту саласында Хайролла Ибрагимовтың да қоян-қолтық жұмыс істегенін біз жоғарыда айтқан едік. Ал енді жаңағы Жұмабике Ибрагимова осы Хайролла Ибрагимовтың зайыбы болып келеді. Алайда, ол ауыр науқастан ерте көз жұмған.
Хайролла Ибрагимов 1919-1920 жылдары Алаш қаласында алғаш ашылған екі мектептің бірінің тұңғыш директоры болған адам. Ол Семей мұғалімдер семинарисында оқытушылық қызмет етіп жүрген кезінде қазіргі қазақтың әлемге әйгілі балуаны Дәулет Тұрлыхановтың атасы, белгілі ақын, педагог-ағартушы, қоғам қайраткері Тұрлыхан Қасеновке сабақ берген. Сондай-ақ, белгілі абайтанушы-ғалым Қайым Мұхаметқановтың алғашқы ұстазы болған. Хайролла Ибрагимов ұзақ жылдар бойы Семейдегі №5 қазақ орта мектебінде еңбек етіп келген. Білім саласындағы үздік еңбегі үшін «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алып, Ленин ордені, Еңбектегі ерен еңбегі үшін медалімен наградталған. Семей өңірінде ұлттық педагог кадрларды даярлауда, әсіресе, қазақ мектептерінің қалыптасып дамуына айрықша еңбек сіңірген қазақ зиялысы, қарт ұстаз Хайролла Ибрагимов 1966 жылы қайтыс болыпты. Ал оның зайыбы, алғашқы қазақ әйел мұғалімдердің бірі Жұмабике Ибрагимованың тек сонау 1923 жылдары түскен фотосуреті ғана сақталып қалған.
Бұл арада Ибрагимовтар отбасы туралы тереңірек тоқталып айтуымыздың тағы да өзіндік бір себебі бар. Семейдің сол жақ бөлігі Алаш қаласында (қазіргі Жаңасемей) 1918-1920 жылдары алғаш ашылған екі қазақ, бір мұсылман мектептері директорларының бірі болып Хайролламен қатар қазақ зиялысы Кәбір Махмұдов деген кісі жұмыс істеген. Хайролла мен Кәбір өзара сыйлас, бір-бірімен жақсы араласқан адамдар. Ал олардың әйелдері Жұмабике мен Оразбибі Семей мұғалімдер курстарын бітіріп, бірге жұмыс істеді.
Сондай-ақ XX ғасыр басында, яғни 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде Уфадағы «Ғалия» медресесінен білім алған байырғы қазақ зиялыларының бірі Нығметолла Күзембаев болды. Елге танымал жазушы Ғалым Ахмедов «Алаш Алаш болғанда» кітабында патша үкіметі полиция органдарының Түркістан генерал-губернаторына жолдаған құпия ақпарында «Ғалия» медресесінде оқып жүрген 17 қазақтың арасында Семей, Павлодардан 20 жастағы Нығметолла Күзембаев пен 26 жасар Шайхы Хажібековтың есімдері де айтылатынын атап келтіреді.
«Ғалия» медресесі – әуел бастан-ақ өзімің бар болмысы, мақсат-мүддесімен Ресей патшасына бағынышты мұсылман елдерінің демократиялық бағыттағы оқу орны болды. Мұнда сегіз ұлттың жастары білім алды, 1906 жылдан 1920 жылға шейін 1500 адам оқыды (Т.Кәкішев. Садақ. Алматы: «Жалын», 1986. 70-71 бет). Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газетінің 1916 жылдың №210 санындағы медресенің 10 жылдық мерейтойына арналған мақалада «Ғалиядан» жылына ең аз дегенде 30-40 қазақ баласы білім алып, ұлтын, халқын сүйген рухта тәрбиеленіп келгені әңгіме болады. Мәселен, «Қазақ» газетінің басқармасы: «10 жыл ішінде берген тағлым-тәрбиесімен оқыған жастарға ұлтын сүйетін рух кіргізіп, «милет», «милет» деп қақсаған талай мұғалімдер, имамдар жұртқа таратты деп ризашылық білдірген. Міне, осы жылдары «Ғалия» медресесін Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Мәннан Тұрғанбаев, Тайыр Жомартбаев және тағы басқа бірқатар белгілі қазақ ақын-жазушылары оқып бітіргенін білеміз. Сондай-ақ, жазушы Ғалым Ахмедовтың айтуынша, Семей губерниясынан (Өскемен, Павлодар, Қарқаралы) Мұстақым Малдыбаев, Абзал Жиенғалиев, Хайролла Ибрагимов, Шаһмардан Ғұмаров, Ахметжан Күзембаев, Хұсайын Күрлеуітов, Уәлихан Ғұмаров, Ахмет Жантулин, Ғабдірахман Сұлтанов т.б. білім алыпты. Соның ішінде семейлік Хайролла Ибрагимов «Ғалия» медресесін «имам, хатиб уә мүдәррис» деген атақ алып бітірген. Мысалға, «имам» дегені жұртқа белгілі, ал «хатиб» дегені елге уағыз айтушы, «мүдәррис» дегені медреселерде дәріс оқуға жарамды деген мағыналарды білдіреді екен. «Ғалия» медресесін қазақ жастары арасында тек осындай атақпен екі-үш адам ғана оқып бітірген көрінеді.
Белгілі әдебиетші-ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Садақ» атты эссе-кітабында осы «Ғалия» медресесіндегі «Садақ» қолжазба журналының шығу тарихына байланысты башқұрттың халық ақыны Сайфи Құдаштың өзіне жазған хатын жариялапты. Сол хатта Сайфи Құдаш: «Әзірге айтайын дегенім, Зияддин әл-Камали («Ғалия» медресесінің директоры – автор С.Ш.) қазақ шәкірттеріне қарсы адам емес. «Садақ» журналы 1915 жылы ғана туған емес. «Ғалия қолжазба баспасы 1907ж. Ғалымжан Ибрагимовтың «Желім» атты гектограф газет басып шығаруына байланысты басталған. Содан үлгі алған қазақ шәкірттері Нығметолла Күзембаев, Мәннан Тұрғанбаев, одан кейін Нұғман Манаев, Сүгір, Бейімбет, Жиенғалилар шығарды» дегенді айтады. Демек, мұның өзі «Садақ» қолжазба журналының шығуына әуел бастан-ақ Нығметолла Күзембаевтың да қатысы болды деген сөз.
Қазақ зиялысы Нығметолла Күзембаев Ахаң басқарған «Қазақ» газетімен тығыз байланыста болған. Оны осы басылымда жарияланған «Жазылу емлесі» («Қазақ», 1915, №100, 30 январь), «Емле туралы» («Қазақ», 1915, №116, 4 апрель), «Қалаға жақын қазақтар» («Қазақ», 1915, №19, 15 апрель), «ОВ» туралы («Қазақ», 1915, №121, 22 апрель) тәрізді т.б. мақалалардан көреміз. Мысалы, ол «Емле туралы», «Жазылу емлесі» атты мақалаларында қазақ тілінің келешек тағдыры, «Ө, е» және «ұ, ү, о» әріптерінің жазылу емлесі жайлы сөз қозғайды. Ал «ОВ» туралы мақалада қазақтардың аты-жөні (фамилиясы) аяғына жалғанып жүрген «ов» және «ова» жалғауларының орнына «ұғлы», «қызы» деп жазу керек деген мәселеде: «Әкені жазғанда «ұлы» (ұғлы емес), «қызы деу керек. үлкен әкені яки бабаны жазғанда аяғына ешнәрсе қоспаған дұрыс» деп пікірін білдіреді. (Шынында да қазір қазақтар осы тәртіппен төлқұжаттарын толтырып жүр). Сол сияқты «Қалаға жақын қазақтар» атты мақаласында Орынбор қаласындағы жатақ қазақтардың шаруашылығы, тұрмысы жайын әңгімелеп жазады.
«Қазақ» газетінің бетінде ұлт мүддесіне қатысты көтерілген мәселелерге Нығметолла Күзембаев та әрдайым үн қатып, белсене араласып отырған. Мысалға, «Қазақтың» №196 санында жарық көрген жазушы Жиенғали Тілепбергеновтың (Бейімбетпен бірге «Садақ» қолжазба журналын шығарушылардың бірі) «Өтінішке жауап» атты мақаласындағы «Зекет, пітір сияқты құдайы садақаларды ел болып ұйымдасып, бір жерге жинап, мектеп, медресе ашып тұп-тура ғылым жұрттарының жолына жұмсауға жол бар ма?» – деген сауалына жауап мақала жазып, өз пікірін айтады. Сол сияқты ол «Қазақ» газетінің басына қиын іс түскен кезде өз хал-қадірінше қаржыдай көмек көрсеткен. «Қазақ» газеті басқармасының 1916 жылдың №174 санындағы «Газетамызға көмек» мақаласында «ойламаған жерден «Қазақ» төтенше шығындарға ұшырап, халі ауырлағанын байқаған азаматтар азды-көпті көмектескені айтылып, бір топ газет жанашырлары арасында «мұғалім Нығметолла Күзембаев 15 сом бергені, барлығы 1271 сом 40 тиын жиналғаны» жазылады. Кезінде Тұрағұл Құнанбаев та «Қазаққа» қаржыдай көмек беріп тұрған.
1915-1917 жылдар аралығында «Қазан», «Орынбор», «Ташкент» т.б. баспаларынан бір топ қазақ зиялыларының кітаптары жарық көргені белгілі. Мысалға, осы жылдары «Ғалия» медресесінің шәкірттері, оралдық Нұғман Манаевтың (Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан халық ағарту министрі болды, 1930 жылдары сталиндік репрессияға ұшырады) «Иман иғттикәд» кітабы, семейлік журналист-қаламгер Мұстақым Малдыбаевтың «Иман hәм намаз», белгілі педагог-ағартушы, публицист-журналист, қоғам қайраткері Мәннан Тұрғанбаевтың «Пайғамбар заманы» кітаптары, сондай-ақ айтулы ақын-жазушыларымыз Сәбит Дөнентаев, Жүсіпбек Темірбеков т.б. тырнақ алды туындылары басылып шықты. «Қазақ» газетінің 1915 жылдың №149 санындағы Жанұзақ Жәнібековтың мақаласында мұғалім Нығметолла Күзембаевтың «Құран құралы» кітабы баспадан шыққаны, оны Қазақстандағы мектеп, медреселерде діни оқулық ретінде қолдануға болатындығы хабарланған. Жалпы бұл кітаптар және тағы басқалар елімізде жаңа өкімет орнағанға дейін түрлі білім ордаларында оқу құралы ретінде пайдаланылып келді.
Қазақ зиялысы Күзембаевтың өмірі кеңес өкіметі алғашқы орнату жылдарындағы саяси күрес-тартыстардан аулақ, бірыңғай мұғалімдікпен өткен тәрізді. 1919-1920 жылдары ол Семейде халық ағарту саласында Мұхтар Әуезов, Мәннан Тұрғанбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермеков, Әбікей және Қаныш Сәтбаевтармен қатар тізе қосып еңбек етті. Алаш (қазіргі Жаңасемей) қаласындағы екі жылдық мұғалімдер курсында, Алаш мектептерінде Сейітбаттал Мұстафин, Абзал Жиенғапиев, Ғалиакбар Төребаев, Ахметжан Күзембаев, Таися Кошкина (академик Қаныш Сәтбаевтың зайыбы), Шақар Қоқымбаев, Хайролла Ибрагимов, Кәбір Махмудов т.б. бірге сабақ берді (Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 97-қор, 01-тізбе, 117-іс және 415-қор, 02-тізбе, 643-іс).
Ал енді ерлі-зайыпты Нығметолла және Сақыпжамал Күзембаевтар суретінің сырына келсек, олар бұл суретті «Ғалия» медресесін бірге оқып бітірген, Алаш мектебінің мұғалімі Хайролла Ибрагимовке ескерткішке беріпті. Сурет сыртында (біздегісі сурет көшірмесі, ал түпнұсқасы Ибрагимовтер отбасында) «Нығметолла және Сақыпжамал Күзембаевтардан естелік. 1918 жыл» деп жазылған. Кеңес Одағы кезінде еліміздің білім беру саласы қызметкерлері арасында ең алғашқылардың бірі болып Ленин орденін алған Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Хайролла Ибрагимов елу жылдан астам өмірін ұстаздықпен өткізіп, 1966 жылы 85 жылын да Семейде қайтыс болды. Ал оның зайыбы Мағырифа әже 2004 жылдың наурыз айында өмірден өткен еді. Бүгінде осы бір аяулы жандардың сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарының өзінде жасырып сақтауымен біздің заманымызға аман жеткен Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың 1916 жылы Уфаға барған кездегі «Ғалия» медресесінің бір топ шәкірттерімен бірге түскен суреті, сондай-ақ қазақ зиялылыры Нығметолла Күзембаев, Сейтбаттал Мұстафин, Абзал Жиенғалиев, Абылай Рамазанов және т.б. суреттері қолымызға тиіп отыр... «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылдың 30 шілдесіндегі санында жарияланған Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Ерлан Сыдықовтың «Ахаң және «Ғалия» медресесінің шәкірттері» атты мақаласында Хайролла Ибрагимов туралы, осы көне суреттер тарихы жайлы жан-жақты айтылғандықтан кейбір белгілі жәйттерді қайталап жатуды жөн көрмедік. Алайда мына бір жайға тоқталып кетпеске тағы болмайтын секілді. Күзембаевтың 1930 жылдардағы өмірі жайлы деректерді әзірге кездестіре алмадық. Күзембаевтың әйелі Сақыпжамал туралы көзі тірісінде Мағырифа әже «өзі орысша оқыған, білімді әйел болатын. Бұл Семей жақтың қазағы емес» деген еді. Әлде бұл 1911 жылдары «Айқап» журналына («Айқап, 1911, №7, 9, 10) «Қазақ қыздарының аталарына», «Ұзақ күткен үмітім hәм бас адамдарға бір-екі сөз», «Өлең-жыр: қыз батасы» деген мақалалары үзбей шығып, тұрған алғашқы қазақ әйел қаламгерлерінің бірі Сақыпжамал Тілеубайқызы емес пе екен?..
Бүгінде XX ғасыр басында Қазақстан саяси, мәдени-ағарту ісіне белсене араласқан қазақтың қыздары Назипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова, Сара Есова және т.б. есімдері жиі айтылып, жазылып жүргенде Сақыпжамал Тілеубайқызының есімі ауызға алынбайтыны қалай? Әлде Сақыпжамал Қазан төңкерісіне дейін Орынбордағы әйелдер гимназиясында білім алған қазақ қыздарының бірі емес пе екен... Күзембаев 1915 жылдары Орынбор жақта ұстаздық етіп, «Қазақ» газетімен тығыз байланыста болды дегенді естіген едік...
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары, атап айтсақ, 1919 жылдың 30-шы желтоқсанда коммунистік партия көсемі Ленин «РСФСР халықтары арасында сауатсыздықты жою туралы» Декретке қол қойған еді. Бұл өзі үлкен саяси әрі мәдени науқан болып өткізілді. Шын мәнінде, қара халықтың қолына қалам ұстатып, хат таныту мәселесінде үлкен жұмыстар атқарылды. Қазақстанда, соның ішінде Семей губерниясында да «Сауатсыздық жойылсын!» деген ұрандар тасталып, ұлттық педагог кадрларды даярлау және қазақ мектептері санын көбейту шаралары қызу қолға алынды. Мысалы, 1920 жылы Семей қаласында 100 адам оқитын үш жылдық, 128 адам оқитын он айлық, 164 адам оқитын үш айлық мұғалімдік курстар жұмыс істеді. Бұған қоса қысқа мерзімді (бір айлық және екі апталық) курстар да болды.
Бұл педагогикалық курстарда негізінен қараңғы халықтың сауатын ашуға байланысты бастауыш мектеп мұғалімдері даярланып шығарылды. 1920 жылы бір ғана осы қысқа мерзімді курстарда 420 мұғалім даярланып, арнайы куәлік алып шықты. Бұған қоса 1920 жылдың көктемінде Семейде губерниялық ерекше педагогикалық курстар ашылды, 350 мұғалім даярланды, соның ішінде 250 мұғалім қазақ мектептеріне жіберілді. Ал енді осы жылдың күзінде Семейде бастауыш мектептер үшін орыс және қазақ мұғалімдерін даярлайиын институт халыққа қызмет көрсете бастады.
Міне, Семейдегі мұндай қысқа мерзімді педагогикалық курстардың бірін 1921 жылы Айтбану Көркембаева деген қазақ қызы бітіріп шыққан. Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы (Семипалатинскии ЦДНИ) қорында сақталған Айтбану Көркембаеваның жеке басының іс қағазында:
«Айтбану Көркембаева – кедей шаруа отбасында 1902 жылы туған, 19 жаста. 1921 жылы Семейдегі сегіз айлық мұғалімдер курсын бітірген. Мамандығы – ана тілінің мұғалімі. Алаш қаласындағы №12 совет қазақ мектебіне мұғалім болып бекітілді. 1921 жылы Мұсылман мұғалімдер конференциясына делегат болып қатысты»- деп толтырылған.
Сондай-ақ аталмыш мұрағат қорындағы Семей губерниялық халық ағарту бөлімінің ресми құжаттары папкасынан дәл осы 1921 жылы қысқа мерзімді педагогикалық курсты бітірген Бәтима Татубаева деген қазақ әйелінің Шаған мектебіне сұранып жазған арызын кездестірдік. Ондағы Бәтима Татубаеваның өз қолымен арапша жазып толтырған жеке басы іс қағазында:
«Бәтима Татубаева – 1909 жылы Ақмола губерниясының Сәбит болысында дүниеге келдім. Жеке басымның сауатын советтік қызыл отауда ашып, хат таныдым. Кейін Семейдегі қысқа мерзімді педагогикалық курстан мұғалімдік білім алып шықтым.
1925-1926 оқу жылында Семей губерниялық оқу ағарту бөлімінің бастығы атына қала мектептерінің біріне мұғалім етіп жіберу туралы арыз жаздым. Бұл өтінішім бойынша жеке басымның мұғалімдік іс қағазы ашылып, Шаған мектебіне мұғалімдікке жіберілдім» деген өмірдеректер айтылған. (Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 185-қор, 01-тізбе, 04-іс).
Сонымен бірге аталмыш мұрағат қорында Семей қалалық оқу-ағарту бөлімі бастығының 1920 жылдың қыркүйегінен бастап №4 совет қазақ мектебіне ерлі-зайыпты Рахметолла және Гүлжәмила Естемесоваларды, Анфиса Ермолованы мұғалім етіп тағайындау туралы шығарылған бұйрығы сақталған. Демек, бұл құжаттар сонау 1919-1920 жылдары ер-азаматтармен бірге бұқара халықтың сауатын ашу жолында Айтбану Көркембаева, Бәтима Татубаева, Гүлжәмила Естемесова тәрізді тағы басқа да қазақ әйелдері тер төгіп еңбек еткенін көрсетеді. Енді осы ойымызды дәлелдей түсетін тағы бір фактіге назар аударайық.
Семей және Алаш қалаларында 1923-1924 оқу жылдарында 5 бастауыш қазақ мектебі жұмыс істеген. Мысалы, №8 совет қазақ мектебінде Нұрахман Тұрғанбаев меңгеруші (яғни, директор), ал Өзбекхан Оразханов, Сүлеймен Құжбаев, Елена Брадская мұғалім болып қызмет атқарған. № 10 совет қазақ мектебінің меңгеруші болып Айтмұхамет Мусин істесе, ерлі-зайыпты Абзал және Тәйба Жиенғалиевтар, С. Лакиза мұғалім болып сабақ берді. №11 совет қазақ мектебінде Ибрагим Сақатаев, Ғали Бұқараевтар бала оқытса, Кәбір Махмұдов меңгеруші болды. №12 совет қазақ мектебінің меңгерушісі Хайролла Ибрагимов болса, ал мұнда алғашқы қазақ әйел мұғалімдері Жұмабике Ибрагимова және Оразбибі Махмұдова сабақ берді. №13 совет қазақ мектебінде Дүйсембай Иманқұлов меңгеруші болып қызмет атқарған. Қысқасы, 1923-1924 оқу жылында Семей және Алаш қалаларындағы қазақ мектептерінде Жұмабике Ибрагимова, Оразбибі Махмұдова және Тәйба Жиенғалиева ұстаздық етіп бала оқытқан (Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 185-қор, 1-тізбе, 4-іс). Мысалы, Оразбибі Махмұдова Семейдің Алаш қаласы бөлігіндегі №12 совет қазақ мектебінде қызмет істеп жүрген кезінде, дәлірек айтсақ, 1923 жылдың 25 сәуірінде №334 тіркеу карточкасын:
«Оразбибі Махмұдова 1902 жылы Семей қаласында дүниеге келдім. 1919 жылы Семейде үш айлық мұғалімдер курсын бітіріп, 1920 жылдан бастап аталмыш мектепке ұстаздық қызмет атқарамын»- деп толтырған.
Семейдегі алғашқы қазақ әйел мұғалімінің бірі Оразбибі Махмұдова жоғарыда айтқан Хайролла Ибрагимовпен бірге зейнеткерлік демалысқа шыққанша №5 қазақ орта мектебінде ұстаздық қызмет етті. Білім саласындағы елеулі еңбегі үшін «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алып, Еңбек Қызыл Ту ордені, тағы басқа көптеген медальдармен марапатталды. Олар туралы облыстық «Семей правдасы» (1957 ж., №26) «Прииртышская правда» (1957 г., №25) газеттерінде арнайы мақалалар жарияланған.
Семей өңірінде қараңғы халықтың сауатын ашып, білім мен өнерді дамытуға белсене қатысқан белгілі педагог-ағартушы Нәзипа Құлжанова мен оның ізін қуушы Жұмабике Ибрагимова, Жәмила Кәрімова, Оразбибі Махмұдова тәрізді тағы басқа да есімдерді белгілі және белгісіз алғашқы әйел мұғалімдердің еңбегін ешқашан ұмытпағанымыз абзал. Олар, шын мәнінде, Семейде 1918-1919 жылдары Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақпаев, Әлімхан Ермеков, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Мәннан Тұрғанбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Әбікей және Қаныш Сәтбаевтардың күш салуымен ашылған қысқа мерзімді мұғалімдік курстардың тұңғыш түлектері, ұлттық мектептердің алғашқы қарлығаштары еді.
Жалпы XX ғасырдың басында ұлт мүддесін ойлап, ұрпақ қамын жеген қазақтың зиялы ер-азаматтарымен қатар осындай білімді қыздары да аз болмаған. Мысалы, бүгінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, белгілі педагог-ағартушылар Нәзипа Құлжанова, Сара Есова, Алма Оразбаева, Шолпан Иманбаева сынды дара тұлғаларды ерекше ілтипатпен еске аламыз. Қасиетті Семей жерінде білім нұрын сеуіп, қараңғылықтың түнегін сырып ашқан Тұрар Қозыбағарова, Жұмабике Ибрагимова, Жәмила Кәрімова, Оразбибі Махмұдова, Бәтима Татубаева, Айтбану Көркембаева, Гүлжәмила Естемесова тәрізді тағы басқа алғашқы әйел мұғалімдері болғанын орынды мақтаныш етеміз.
Алаш қаласы мектептерінде 1919-1920 жылдары алғашқы қазақ әйелдері мұғалімдерімен қатар орыс қыздары, мысалы академик Қаныш Сәтбаевтың зайыбы Таися Кошкина мен Татьяна Зенкованың, С. Лакизаның, Елена Брадскаяның, Анфиса Ермолованың, сондай-ақ, қазақ зиялылары Тайыр Жомартбаев пен Абзал Жиенғалиевтің әйелдері – татар қызы Адығия Фахрлисляшқызы Орманова мен ноғай қызы Тәйба Жиенғалиеваның, тағы басқа ұлт өкілдерінің білім беру саласында жемісті еңбек еткенін айта кеткеніміз дұрыс. Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы қорында сақталған 1924 жылдың 15 қазанындағы Семей және Алаш қалаларындағы бастауыш және арнайы орта білім беретін оқу орындары оқытушыларының тізімінде, жалпы орыс-қазағы бар 108 адамның аты-жөні аталады. Соның ішінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Әбікей Сәтбаев, Мәннан Тұрғанбаев, Ғалиакбар Төребаев, Хайролла Ибрагимов, Абзал Жиенғалиев, Кәбір Махмұдов, Ибрагим Сақатовтармен бірге алғашқы әйел мұғалімдер Оразбибі Махмұдова, Таися Кошкина, Тәйба Жиенғалиева т.б. есімдері жиі кездеседі.
Семейде білім мен ғылым, өнер мен мәдениеттің негізін ер-азаматтармен бірге қаласқан алғашқы әйел мұғалімдердің өнегелі өмірі мен атқарған еңбектері әлі де зерделеуді қажет ететін күрделі тақырып. Әсіресе, XIX ғасырдың соңы, XX ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлттық білім беру жүйесін қалыптастырудағы сан-салалы ұйымдастырушылық қызметі мен педагогикалық, шығармашылық еңбектері – енді-енді қолға алынып, зерттеліп, жария бола бастады. Ендеше, бұл тақырыптың әлі де сарапталып, зерттелуі алдағы уақыттың еншісінде деп есептейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |