Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі Алматы «Ғылым».-1997 ж.
2. Әр жылдар ойлары, А., 1959 ж.;
3. «М.О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», «Ғылым» баспасы, А., 1997 ж.;
4. «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер», А., 1997 ж.
5. «Әуезов тағылымы», А, 1997 ж.
6. Арагон Луи. Әуезов әлемі (жинақ). Алматы: Жазушы, 1997 ж.
7. М. Әуезов және әлем әдебиеті. Алматы, 1999 ж.
8. Исабаев Б. Ұлылар мекені. Новосибирск, 2001 ж.
9. Мұхтар Әуезов туралы етеліктер «Білім» баспасы, 2004 ж.
КҮНШЫҒЫС АЛАШОРДА ҚЫЗМЕТІ ТАРИХЫНАН
Сайлаубай Е.Е.,
Семей мемлекеттік педагогикалық институты
Семей қаласы
Қазақ өлкесінде 1918-1919 жылдары елеулі түрде саяси рөл атқарған Алашорда үкіметінің тарихи қызметі бұрынғы Ресей империясы кеңістігінде пайда болған барлық дерлік саяси күштермен қарым-қатынас жасаудан түзілді және өлкедегі ішкі жағдайлардан туындалған мәселелерді шешуге бағытталды. Өзгермелі қоғамдық саяси өмірде Алашорда қайраткерлері саяси тарих сахнасынан бірінен соң бірі көтерілген Сібір облыстық совет (Сібір автономиясы, желтоқсан 1917 ж.), Самара құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті (Комуч, маусым-тамыз, 1918), Сібір уақытша үкіметі (мамыр-қазан, 1918), Уфа директориясы (қыркүйек-қараша, 1918 ж.), Колчак үкіметі (қараша 1918 ж.-желтоқсан 1919 ж.), Кеңес өкіметі (наурыз-мамыр, 1918 - сәуір 1919 - наурыз 1920 ж.) сияқты Ресейлік саяси күштермен байланыстарында Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметін ресми мойындатуды бірінші кезектегі міндет етіп алды. Екінші кезекте соғыс жағдайындағы уақытта әскери құрылым - милиция жасағын құру және оның ұйымдастырылуы іс-әрекетін бірлескен әскери күштермен (Ресейлік) үйлестіру міндетін шешу тұрды. Кейінгі кезекте алғашқы міндеттің (саяси) шешілуіне қарай жергілікті басқару жүйесін қалыптастыру және оның қызметін басқа да жергілікті саяси күштермен үйлестіру арқылы өлкенің әлеуметтік-экономикалық жағдайын ретке келтіру міндеті тұрды.
Алаш қайраткерлерінің түпкілікті пікірінде Алаш автономиясы Алаш партиясының жобалық бағдарламасында көрсетілген бірінші бапқа сәйкес жаңадан құрылатын (Құрылтай жиналысында) Ресей демократиялық федерациясы құрамында болуы міндетті шарт болды және осы саяси көзқарастарын Ресейлік саяси күштермен байланыстарында ұстап бақты. Бірақ саяси ара-салмақ тең болмады. Ресейдің шеткері аймақтарындағы ұлттық саяси ұйымдардың саясатта биік деңгейге көтерілуіне кері әсер еткен себептер де жеткілікті болды. Мәселен, Ресейдегі қоғамдық - саяси жағдайдың тұрақсыздығы, қазақ өлкесінің азамат соғысы аймағына айналуы, большевиктік саяси және әскери күштердің өлкедегі іс-әрекеттерінің күшейе түсуі, ақ гвардияшыл қозғалыстар тарапынан ұлттық саяси ұйымдарға сенімсіздік көрсетілуі, аймақтың экономикалық қуаттылығының толық дәрежеде болмауы, қазақ қоғамының жетекші күші - зиялылардың қарама-қарсы саяси топтарға бөлінуі, жергілікті жердегі түрлі сипаттағы қоғамдық-саяси ұйымдармен байланыстарындағы түсініспеушіліктердің орын алуы, тіпті, халық жасағын — милицияны әскери үлгіде жабдықтауда туындалған қиындықтар мен келеңсіздіктердің орын алуы Алашорданың саясаттағы жасаған дербес қадамдарына тұсау болып отырды.
Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметін толықтай мойындау тек Г.Н.Потанин басқарған Сібір облыстық Советі тарапынан болды. 1917 жылғы желтоқсан айының 8 -15 аралығындағы Томск қаласында өткен төтенше Жалпысібірлік съезде құрылған Сібір үкіметі екінші жалпы қазақ съезінің шешімдері: Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуына қолдау көрсетті. Алайда Сібір үкіметінің ғұмыры қысқа болды. 1918 жылы 26 қаңтарында Томск советі Президиумының жарлығымен Сібір думасы таратылды. Осы Сібір үкіметінің Сібір халықтарына арналған үндеуінде жалпысібірлік социалистік билікті ұйымдастыру, Сібір Құрылтай жиналысын қорғауды, оның шешімдерін бүкілресейлік Құрылтай жиналысында бекіттіріп, Ресей Федеративтік Республикасын құруды іске асыруды нақты көрсеткен.
Алашорда жөне Кеңес Өкіметі байланысында Алашорда жетекшілері ұсынған Алаш автономиясы - ұлттардың өзін-өзі билеу құқына негізделген үлгісіне (қазақ халқының территориялық бірігуі, Алашорданың заң шығарушы және билік жүргізуші құқы, қазақ соты, милиция негізінде әскери құраманы жасақтау және т.б.) Совет өкіметі қарсы шығып, Қазақстанда қазақ халқын таптық жіктеу негізіндегі, яғни Советтік тұрпаттағы автономия идеясы ғана ұсынылды (сөуір, 1918ж.). Екі жақты келіссөздер нәтижесінде алаштық сипаттағы қазақ автономиясы, яғни өзін-өзі билеуге негізделген қазақ мемлекеттілігі Совет өкіметі тарапынан болдырылмайтындығы айқындалды /1/.
Алашорда үкіметінің Уақытша Сібір үкіметі және Самара Комучы билігі тұсында, олармен тығыз саяси байланыс жасауға тырысты. Нәтижесінде, осы билік жүйелеріне сүйене отырып Алашорда өзінің облыстық комитеттерінің жұмысын жергілікті земстволық басқармалар арқылы байланыстыра жүргізді. Бұл байланыстарға Ресейлік саяси күштер азамат соғысы барысында және оның тікелей ықпалымен барды. Өйткені, қазақ өлкесінде Алашорда ықпалы мен беделі жоғары болды. Бұның ресейлік саяси күштері үшін тиімді жақтары болды. Ол әскери салада айқын көрініс берді.
Сібір уақытша үкіметі Алашорданы саяси тұрғыдан мойындаудан бас тартты. 1918 жылдың 4 қазанында оның орнына келген Уфа Директориясы Алашорда үкіметін тарату туралы жарлық шығарды. Оның орнына Алаш жөнінде бас өкіл штатын ұсынды. Оны Алашорда қабылдаған жоқ. Колчак диктатурасы орнағаннан кейін Алаш автомониясы жөнінде 1918 жылдың 14 қарашасында тағы да оны тарату жөнінде жарлық шығарды. Осындай саяси қиыншылықтарға қарамастан Алашорда қазақ өлкесінде 1917-1919 жылдары өзіндік ұлттық ерекшелігімен көрінген елеулі саяси күш ретінде танылды.
Ұлттық жетекші саяси күш ретінде Алаш қайраткерлері Алашорда үкіметі негізінде қысқа да болса өте мағыналы істер атқарды. Ендігі кезекте көп қырлы Алашорда үкіметінің қызметі барысына тарихи талдау жасалық.
1918 жылдың маусым айының бас кезінде Семей облысында Кеңес өкіметі құлатылды. Семейдегі ресми билік иелері ретінде әскерилер ұйымдары Кеңес өкіметінің құлатылғандығы жөнінде және жаңа саяси жағдайға байланысты халыққа арналған жергілікті баспасөз басылымдарында жариялай бастады. Семейдегі әскери сипаттағы төңкерістен кейін жергілікті билікті уақытша иемденген Семей әскери штабы жұртшылыққа арнап бірнеше мәлімдеме жасады. Оның мазмұны халықты қобалжудан сақтандыруға және жаңа билік иелеріне нақтылы көмек көрсетуге шақырудан түзілді.
Семей өңірінде жаңа билікті қолдау жалпы сипатта көрініс берді. Мәселен, қазақтардың ең көп қоныстанған елді мекені Алаш қаласында бұл төңкерісті қуанышпен қарсы алды. Кеңестік билік тұсында біршама саяси қуғынға ұшыраған қала жұртшылығы бірін-бірі құттықтап, большевиктерден қалған материалдық құндылықтарды түгендеуге кіріскен. Табылған большевиктік құжаттар негізінде елден жиналған қару-жарақтың жоқ болғанын анықтайды. Оны большевиктер қаланы тастап қашқандарында қазына ақшасымен қоса ала кеткендері анықталды. Алаш қаласы тұрғындары 1918 жылғы маусым айында Семейден большевиктердің қуылуын елеулі саяси оқиға деп бағалады /2/.
Сібір мен Қазақстанда 1918 жылдың маусым айындағы биліктің алмасуы нәтижесінде жаңа азаматтық билік жүйесі қалыптаса бастады. Семейдегі ресми билік иелері Батыс Сібір комиссариатына бағынышты болды. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелері Б.Марков, П. Михайлов және Линдберг өкілеттіліктері Батыс Сібірге қатысты болды. Олар өз кезегінде Сібір Думасын шақырып, жаңа өкімет құрамы анықталғанша Батыс Сібірге қарасты территорияларда (оның ішінде Семей облысы) ауылдық, болыстық, уездік және қалалық халық жиналыстарын шақыруға (земство), уақытша атқару комитеттерін құруға және қарулы отрядтар жасақтауға шақырды /3/.
Сібір мен Қазақстанда Кеңес өкіметінің құлатылуы, оның орнына келген Уақытша Сібір үкіметі билігінің орнау процесі 1918 жылдың маусым айының соңына дейін созылды. Бір кездері Потаниндер бастаған Сібір Думасы жаңа сипатта көрініс берді. Жаңадан шақырылған Сібір Думасы Сібір үкіметін құрды және оның құрамын анықтап берді.Бұрынғы орталық Томск қаласы орнына жаңа саяси орталық болып Омбы қаласы ұйғарылды. Сібір үкіметінің төрағасы болып П.В.Вологодский, мүшелеріне В.М.Крутовский, И.А.Михайлов, П.Б.Патушинский, М.Б.Шатиловтар сайланды. Жаңа құрылған Сібір үкіметі Сібір халықтарына арнап грамота (үндеу) қабылдады. Онда бүкіл Сібірде бір ғана билік иесі, яғни Сібір Думасы құрған Уақытша Сібір үкіметі ғана деп жар салды. Азаматтық биліктің қалыптасуын Семей облысындағы әскери биліктің азаматтық билікпен алмасуынан көреміз. Семей облыстық әскери штабтың бастығы есаул Сидоров облыстық әскери билікті 1918 жылғы 8 шілдеде Уақытша Сібір үкіметінің ұсынған өкілі Г.Г.Кротқа өткізді.Нәтижесінде азаматтық билік жүйесі-Семей облыстық комиссариаты қалыптасты /4/.
Кеңес үкіметі тұсында күшпен таратылған қоғамдық-саяси ұйымдар мен бұрынғы Уақытша Үкімет тұсындағы басқармалар мен комитеттер өз жұмыстарын қайтадан бастады. Семей облыстық земство басқармасы төрағасы Р.Мәрсеков, мүшелері К.Ляшкевич, Х.Ғаббасов, Д.Троицкий және Ә.Сәтбаев құрамында өз жұмысын 27 маусымда (1918жыл) бастады. Қалалық Дума да өз жұмысын бастап кетті. Облыс уездерінде халық жиналыстары да өз жұмыстарын бастады. Халық жиналыстары Уақытша Сібір үкіметіне қолдау көрсетті және оның демократиялық қадамдарын құптайтындықтарын білдірді.
Семей облыстық земствосы (төрағасы Р.Мәрсеков) өлкедегі барлық саяси іс-шараларға белсенді түрде араласып отырған /5/. Осы басқарма атынан Семей округтық сотының тергеу комиссарына Әбікей Сәтбаевты мүше ретінде ұсынған. Облыстық жер комитетіне Алашорда қайраткері Халел Ғаббасов төраға болып сайланды. Алашорда қайраткерлерінің белсенді қоғамдық-саяси қызметі, оның өлкедегі ықпалын арттыруға және оны баянды етуге бағытталып отырған. Семей облыстық земствосы Алашорданың барлық деңгейдегі комитеттерімен тығыз байланыста болды. Алашорда уездік комитеттермен бірлесе қызмет атқарды. Жаңа саяси билік жағдайында Шығыс Алашорда қайраткерлері Семей облысының орталығы мен уездерінде барынша билік орындарында қызмет иелері болуға ұмтылып отырды. Бұл Алашорданың жергілікті жердегі ықпалын қамтамасыз етуде тиімді болды.
Бұл бағыттардағы саяси күрес өте қызу, әрі тартысты жүрді. Мәселен, Қарқаралы уезіндегі комиссар Червевтің (большевиктік бағытта болған) қызметі халықтың көңілінен шықпады. Червев комиссарлық қызметін пайдаланып жергілікті жерде Алашорда ықпалын жою мақсатында, оның мүшелерінен тұратын (басым бөлігі) уездік земствоны тарқатуды ұсынды. Оның бұл жағдайда жақтастары ретінде Хасен Ақаев бастаған “Дала одағы” ұйымының мүшелері болды. Червев аталған ұйым мүшелеріне сүйене отырып, Қарқаралы уезіндегі Алашорда жетекшісі Жақып Ақпаевқа қарсы күрес жүргізді. Червев бастаған топтың әрекеті сәтсіз аяқталды. Қарқаралыдағы жағдайға Алашорда өкілі ретінде И.Әлімбеков араласты. Оның нұсқауымен комиссар Червев қызметтен кетті және оның орнына жаңа комиссар тағайындау мәселесі шешілді. Қарқаралы уезіне комиссарлыққа С.Ақаев тағайындалды. И.Әлімбеков жергілікті жердегі Алашорда жақтаушыларының басымдық рөлін атап көрсетті. Соған сәйкес, тезірек халық жасағы-милицияға қажет қаражатты тез арада жинауға нұсқау берді. Кейін Қарқаралы уезі Алашорданың өлкедегі бірден-бір саяси-экономикалық күш-қуатын қамтамасыз ететін аймаққа айналды.
Оқу-ағарту саласында Алашорда мүшесі Биахмет Сәрсенев облыстық земство жиналысы ұйғарымымен Семей ерлер гимназиясының педагогикалық кеңесіне мүше болып кірді. Бұдан түйер ой, ағартушылық идеясын ұстанған Алашорда қайраткерлері оқу-ағарту саласы мәселелерін шешуге және сол орайда нақтылы қызмет етуге ұмтылған.
Шығыс Алашорда мүшелерінің жергілікті жердегі билік маңындағы қызметтері сан алуан болды. Х.Ғаббасов келесі кезекте облыстық земтвоның азық-түлік комитетінің ревизиялық комиссиясы құрамына енді. Семей округтық соты жұмыстарына И. Тарабаев белсенді түрде қатынасқан. Округтық сот жұмысына қызмет бабына орай Р.Мәрсековте араласқан. Облыстық салық жүйесі комитетіне Ә.Молдабаев пен Б.Сәрсеневтар енді. Олар облыстық земство атынан бірі төраға (Ә.Молдабаев), екіншісі төраға орынбасары (Б.Сәрсенев) болып қызмет етті. Облыстық земство төрағасы Р.Мәрсековтың нұсқауымен оның мүшесі Х.Ғаббасов Өскемен уезіне инспекциялық қызмет іс-сапарында болып қайтты. Іс-сапардың негізгі мақсаты бір жағынан әлеуметтік-экономикалық сипатта болса, екінші жақтан Шығыс Алашорданың Өскемен уезіндегі қызметін қалыптастыру болып табылады. Қарқаралы уезінде Алашорда мүшелері А.Райымбеков, М.Оспанов, С.Байтенов, Р.Сопақовтар уездік земство құрамына енді және оның жұмыстарын бастауға (1.07.1918 жыл) ықпал етті.
Облыстық земство Ресейдегі саяси маңызы бар барлық іс-шараларға да мұқият мән берді. Облыстық земство өкілдері ретінде И.Әлімбеков Самара қаласында өткен Сібірдің өзін-өзі басқару органдары съезіне қатысып қайтты. Облыстық земство мүшелері ішінде облыстың қазақ қауымына жақсы таныс, әрі беделі бар Алашорда қайраткерлері жеткілікті болды. Оны сол кездерге тиесілі архив құжаттарынан байқаймыз. Облыстық земство мүшеліктерінде тұрғандар ішінде Ә.Сәтбаев, Қ.Мұстафин (қазақ сотының Павлодардағы мүшесі), М.Боштаев және С.Сабатаевтар болған.
Семей облыстық земство басқармасы (төрағасы Р.Мәрсеков) облыстағы саяси оқиғаларға аса мән берген. Семей облыстық земствосының Алашорданың барлық деңгейдегі комитеттерімен тығыз байланыста болды. Алашорданың уездік комитеттерімен бірлесе қызмет атқарғанын байқаймыз. Көп жағдайда экономикалық жағдайларды бірлесіп шешіп отырған. Облыстық және уездік земство басқармалары Алашордамен байланыстарында, оны нақты билік иесі деп таныған. Бұл арада Алашорда мүшелерінің земстволық басқармаларда қызмет еткенін және соған орай облыста Алашорданың беделін, әсіресе қазақ қауымы алдында көтеруге тырысқанын баса айтамыз. Облыстық земство мүшелері ретінде Р.Мәрсеков, Ә.Молдабаев, И.Әлімбеков, Т.Ибрагимов, Қ.Есенғұлов және кандидат ретінде Қ.Мұздыбаев, Е.Айтмұхаметов, М.Мұхамедуәлиев, Т.Өтепов, Қ.Бердалин, Ж.Ақпаев, Ә.Ермеков, Райымбеков, Мұсатаев және Н.Қазанғаповтардың қазақ қоғамы қорғанышы ретінде қызмет етті. Олардың Алашорда қызметін жергілікті органдармен үйлестіруде ерекше қызмет еткенін құжаттар көрсетеді.
Шығыс Алашорданың өлкедегі беделі мен билігі жөнінде Қарқаралы уезіне қатысты деректерден көруге болады. Бұл арада Қарақаралы уезі Шығыс Алашорданың Семей уезімен бірге негізгі тірегі болған аймақ екенін ескереміз. Қарқаралы земство жиналысында Алашорда мүшесі Ж.Ақпаев пен Алашорда өкілі И.Әлімбеков қатысып, сөз сөйледі. Бірінші мәселеде қазақ автономиясын тұрақтандыруға көңіл бөлуі. Екінші мәселеде қазақ сотының жағдайын анықтау қарастырылды. Қазақ автономиясында қазақ сотының шешімдері ғана жүретіндігі баса айтылды. Шығыс Алашорданың Қарқаралы уездік земствосымен байланысы жақсы жолға қойылды. Оның Қарқаралы уездік земствосына жіберген қатынасында милиция жасағын құруға байланысты мәселелер көтерілді. Уездік земство Алашордаға байланысты туындаған әскер жасақтау ісін бүкіл Қарқаралы көлемінде іске асыруға белсене араласқан /6/.
Алашорданың 1918 жылғы маусым төңкерісінен кейін өз жұмыстарын жалғастырған қоғамдық-саяси ұйымдармен байланысы үздіксіз жүріп жатты. Аталған ұйымдар ресми билік иесі Уақытша Сібір үкіметін мойындап, оның қызмет жүйелерін қалыптастыруға белсене араласты. Земство, қалалық Дума тарапынан Алашордаға қатысты оң көзқарас байқалды. Өйткені бұл ұйымдардың мүшеліктерінде Алашорда мүшелері жеткілікті болды. Саяси процестер барысында халық жиналысы (земство) өкілеттілігі арта түсті . Оны өз тарапынан Алашорда тиімді түрде пайдаланып отырды. Әсіресе, Алашорданың әскери саладағы қызметі земстволық басқармалар тарапынан қолдау тауып отырды. Оны Алаш атты әскерінің жасақталуы негізіндегі қарым-қатынастарынан айқын байқаймыз.
1918 жылғы маусымда Кеңес үкіметінің құлатылуына белсенді рөл атқарған Алашорда қайраткерлері Семей өңірінде және Қазақстанның басқа аймақтарында Алаш автономиясын жария ету арқылы оның саяси билігін одан әрмен камтамасыз етуді айқын көздеді
1918 жылдың маусым айында Алаш автономиясының Уақытша Ұлттық Қеңесі “Алашорда” үкіметі ресми түрде өз қызметін бастады. Шын мәнісінде бұл Алашорда қызметінің осы жылдың қаңтар-мамыр айлары арасында большевиктер тарапынан тоқтатылған қызметінің заңды түрдегі жалғасуы болып табылады.
Жаңа қалыптасқан саяси жағдайда Алашорданың тарихта Шығыс бөлімі (географиялық орналасуына орай) деп аталып кеткен, нақтысында Орталық және Семей облыстық комитеті қызметі негізінде өзінің бүкіл Қазақстанды бір үлкен орталыққа біріктіру және ағымдық сипаттағы экономикалық әлеуметтік және рухани өрістеріне қатысты салалық мәселелерді түбегейлі шешуді, сондай-ақ мемлекетке тән өмірді қамтамасыз етуді басты мақсат етті.
Сібір уақытша үкіметінің өлкедегі бірден-бір ортақ тірегі әскери құрамалары (тұрақты армия, казактар жүздіктері) және қоғамдық саяси ұйымдар жалпы азаматтық бағыттағы іс-әрекетттерді баянды етуде жеткіліксіз болды. Ал оны баянды етер бірден-бір күш Алашорда болды. Бұл арада саясатта шешуші рөл атқарған демографиялық және экономикалық факторларды атаймыз. Ал бұл салаларда Алашорда сөзсіз басымшылықта болды.
Уақытша Сібір үкіметі өзінің демократиялық сипаттағы қөзқарастарын Сібір халықтарына арнаған грамоталарында ерекше атап көрсетті. Егер қазақ өлкесіне қатысты күштеу саясатын ұстанатын болса, онда оның саяси біріктіруші ұйым ретіндегі мәні жоққа шығуы әбден мүмкін еді. Сол себепті Уақытша Сібір үкіметі ұлттық қозғалыстарды болашақта міндетті түрде арнайы қаралуы тиіс болады деген негізде, яғни бір кездегі Ресей халықтарының үміт артқан Құрылтай жиналысы тағдырларын анықтап беруге тиіс деген саяси ой арқылы тұсауға тырысты. Алайда азаматтық қарсы тұру барысында ұлттық қозғалыстар, атап айтсақ Алашорда Уақытша Сібір үкіметін ресми мақсаттық сипаттағы қарым-қатынасқа баруға мәжбүр етті. Біз, ұлт тарихында Алашорданы өзіне үнемі саяси жақтастар мен қолдаушылар іздеу негізінде көрсетеміз. Егер, нақтылы саяси оқиғалар барысына сүйенсек, Алашорданы өз жағына тартута тырысқан және онымен екіжақты тиімді келіссөздер жасауға тырысқан ресейлік саяси күштерді көреміз (Уақытша Сібір үкіметі). Ендігі жерде Шығыс Алашорданың немесе Орталық Алашорданың Семей облысының Алашорда комитетімен бірлескен қызметін көрсетейік.
Сонымен 1918 жылғы ескі күн санаудағы 11 маусым, жаңа күн санаудағы 24 маусымда Алашорда өз қызметін ресми бастады. Алашорда төрағасы Ә.Бөкейханов қол қойған жеделхатта екінші жалпықазақ съезінің қаулысына сөйкес Алашорданың қызметке кіріскені, сыртқы істерде Башқұрт автономиясымен одақтас екенін, земстволық өзін-өзі басқару органдарымен бөгетсіз қарым-қатынаста болатындығы, милиция жасағын (әскери жасақ) құруды бастайтындықтарын және оны жергілікті Сібір үкіметі ұйымдары арқылы реттейтіндіктерін, қаржылық мәселелерді шешу қадамдарын бастайтындықтарын баса атап көрсетеді. Сондай-ақ Алаш әскерінің Сібір уақытша үкіметі әскері және Сібір казактары әскерімен бірлесе майдандас тұрғысында күрес жүргізіп жатқанын атап көрсеткен. Бұл жеделхат жан-жаққа жіберілді (Қазақстан бойынша). Дәл сол күнгі (24 маусым 1918 жылы) жіберілген келесі жеделхатта (Орал облысы) Облыстық және уездік Алашорда комитеттерін құруға жарлық берілді. Онда комитет құрамы 3-5 адамнан тұратыны баса айтылды. Онда атаман Дутовпен әскери мәселені шешу жолдары, башқұрттармен бірлесе Түркістан жорығына қатысу, қаржылық мәселеде 1917, 1918 жылдары салықтарын жинау сияқты нұсқаулар берілді. Ә.Бөкейхановтың тікелей жарлықтарында Алаш әскерін жасақтауға жете көңіл бөлінді. Алаш әскері жасағын әрбір болыстықтан 30 атты милицияны алуды және оның материалдық жабдықталуы сол болыстықтарға тікелей тиесілі екендігі көрсетілді. Большевиктерге қарсы күресте батыл қадамды әрекеті, оның большевиктердің қылмыстық іс-әрекетіне орай құрылған тергеу коммисиясына арнайы мүшелер жіберуін атаймыз. Ә.Бөкейхановтың тікелей ұсынысымен Р.Мәрсеков пен С.Дүйсенбин Семей тергеу комиссиясына ұсынылды. Осы сипаттағы Батыс Казақстанда тергеу комиссиясы Батыс Алашорда тарапынан құрылды. Оны Ж. және X.Досмұхамедовтар арнайы құрғызды. Оның төрағасы ретінде Жетпісов Ғаббас қызмет етті.Оның көшпелі сессиясына төрағалықты К.Ғалиев еткен және ол әскери отрядтардың қостауымен сот жұмыстарын жүргізген.Осы арада Алашорданың құрамдас бөлігі ретінде Ойыл уалаятының негізінде құрылған Алашорданың батыс бөлімінің тарихына қысқаша тоқталайық. Батыс Алашорданың дербестік сипаты, оның аймақтық орналасу ерекшелігіне, Орал өңірі қазақтарының жетекшілері X және Ж.Досмұхамедовтардың өзіндік саясат жүргізу қадамдарындағы (Кеңес өкіметі және антибольшевиктік күштермен) ерекшеліктері, Қазақстан территориясының ресейлік азаматтық қарсы тұрудан туындалған соғыс аймағына толықтай айналуы, Алашорданың орталығынан жер қашықтығына байланысты түзілді. Сөйтіп , 1918 жылғы 11 қыркүйекте өткен Алашорда мәжілісінде X. және Ж.Досмұхамедовтар басқарған Ойыл уалаятының қызметі тоқтатылды. Бұл мәжілісте негізінен Орал өңірі мен Бөкей ордасы қазақтарының саяси ұйымы ретінде Батыс Алашорда дүниеге келді. Мәжіліс қаулысы 11 баптан тұрды және бұдан басқа Батыс Алашорданың қызмет өрісі нақты көрсетілді. Бұл мәжіліске Уфа Директориясының құрылуына барған Орталық Алашорда өкілдері Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев және Ә.Ермековтар қатысып, Алашорданың билігін баянды етіп қайтты. Батыс Алашорда төрағалығына Ж.Досмұхамедов тағайындалды және саяси орталығы ретінде Жымпиты елді мекені ұйғарылды. Саяси қиын-қыстау жағдайда Алашорда 1918 жылдың күзінде Қазақстанның батыс бөлігінде өзінің ресми билігін орнатты. Осы орайда Алашорданың Торғай, Қостанай, Ақмола, Жетісу бөлімдері болғанын атап кетеміз. Бұл бөлімдер негізінен Орталық Алашорданың (Шығыс Алашорда) бұйрық-жарлықтарына сәйкес қызмет етті /7/.
Шығыс Алашорда өзінің аймақтық бөлімдері қызметтерін қалыптастырудан қейін де көптеген қиыншылықтарға кездескені белгілі. Өйткені аймақтық бөлімдердің жұмысын бір орталықтан тыңғылықты ұйымдастыруға, біріншіден, азамат соғысының Қазақстанға жайылып кетуі, екіншіден, жергілікті Уақытша Сібір үкіметі, Уфа Директориясы, Самара Комучы органдарының мақсатты бөгет жасаулары кедергі болды.
1918 жылдың маусым айында Орталық Алашорда комитеті атынан бірнеше қаулылар қабылданды. Қаулылыр Алаш автономиясының негізінде Кеңестік билік күші жойылғандығы туралы, Алаш автономиясы жерінде земствованы қайта енгізу, Алашорданың әскери кеңесін құру және оның соғыс жағдайындағы негізгі қызметі әскери жасақтарды құру туралы Алашорданың облыстық және уездік комитеттерін құру және осы комиттетердің қызмет аясы туралы, демократиялық бостандықтар туралы, жерге иелік ету туралы, мемлекетттік салық туралы, қазақ соты мен тергеу комиссиялары туралы болып келді. Бір сөзбен айтқанда кең ауқымда мемлекеттік іс-әрекеттер жүйесі түзілді және оған қатысты тиісті нұсқаулар берілді. Осы құжаттарға Алашорда төрағасы ретінде Ә.Бөкейханов, мүшелері ретінде М.Тынышбаев және Х.Ғаббастовтар қол қойған. Сөйтіп, Алашорда - Алаш автономиясының іс-жүзіндегі саяси өмірінің бастапқы көріністерін құжаттта негіздеп берді. Ендігі жерде Алашорданың қазақ өлкесіндегі нақтылы билігін қамтамасыз ету мәселесін шешу тұрды. Яғни, Уақытша Сібір үкіметімен саяси қарым-қатынас басталды. 1918 жылы 18 маусымда Семей қаласына қырдан келіп орналасқан Алашорда үкіметі өз арасынан Ә.Ермековті Уақытша Сібір үкіметімен байланыс жасауға жіберді. Шілде айында Алашорда өкілдері тобы Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметіне келіп, автономия мәселесін шешу жолдары бағыттарын анықтауға кіріскен. Онда мәдени немесе жерлік автономия мәселесі шешілуге тиісті болды /8/.
Алашорда Уақытша Сібір үкіметі арасындағы келсіссөздері барысына қатысты құжаттардан байқайтынымыз, ол Алашорданың Уақытша Сібір үкіметі тарапынан ресми мойындалуын талап етуі болды. Ә.Бөкейханов бастаған Алашорда қайраткерлері саяси мәселеде Алаш автономиясын мойындауды бірінші кезекке қойды жөне осы жағдайға байланысты түзілетін жағдайларға қатысты Алашорданың позициясын көрсетті. Келесі кезекте соғыс жағдайында Алашорданың әскери жасағын ортақ жауға қарсы күресін үйлестіру болды. Бұл мәселе сөзсіз Сібір Уақытша үкіметі тарапынан қолдау тапты. Оны Алашорда әскері құрылуы тарихында кеңінен көрсетеміз. Одан түйер басты ой, ол Уақытша Сібір үкіметі Алашорданы тек жартылай ғана мойындаған. Алашорданың саяси статусы жөнінде нақтылы шешім қабылданбады /9/.
Ел ішіндегі Алашорда мен Уақытша Сібір үкіметінің билігіне қатысты мәселелерге тоқталсақ, төмендегідей жәйттерді байқаймыз. Алашорда Уақытша Сібір үкіметі келіссөздері нәтижесін түсіндіру екі жақты сипатталған. Мәселен, Ақмола облысының земствосы қазақ автономиясы Ақмола, Жетісу, Түркістан және т.б. негізінде құрылды және оның үкіметі бар деп жариялаған. Бұған жауап ретінде Ақмола облысы бес уезінен сайланған казактар қарсы үн көтерді. Ақмола облысындағы казактар өкілдері Қазақ автономиясына қарсылық білдірді. Олардың пікірінше Ресейден Қазақстанның бөлінуі мүмкін еместігі айтылған. Өз кезегінде казактар Уақытша Сібір үкіметінен Ресейдің территориялық тұтастығын сақтап қалуды талап етті. Яғни, қазақ халқынан бір кездері дербес мемлекет болғанын жоққа шығарды. Қалыптасқан күрделі саяси жағдайға байланысты “Сибирская Речь” газетінде жағдайды жұмсартуға бағытталған жарияланымдар жарық көрген. Онда қазақ даласының (жері мен халқы) Ресеймен, оның ішінде Сібірмен тығыз байланысты екеніне аса назар аударылды /10/.
Уақытша Сібір үкіметі большевизммен күресті басты сылтау етіп, ұлттық территориялық автономия жол бермейтіндерін байқатты. Олар қаншама демократиялық даму жолы дұрыс деп айтқандарымен, Қазақстан сияқты елді уыстан шығаруға жол бермейтіндерін көрсетті. Оның объективті және субъективті сиппаттары болғанын айта кетеміз.
Енді 1918 жылдың маусым-қыркүйек айларында Семей өңіріндегі жұртшылықтың ресми билік орындарына деген көзқарстарына тоқталайық. 1918 жылғы 12 тамыздағы Зайсан уездік съезінде (шаруа, казак, қазақ және қалалықтар өкілдері) Уақытша Сібір үкіметін танитындықтарын және өзін-өзі анықтау принципіне сәйкес Алашорда қадамдарын құптайтындықтарын көрсетті. Осы уезд территориясында ресми билік иесі Уақытша Сібір үкіметі мен Алашорданың саяси жүйесін қалыптастыру мақсатында арнайы насихатшылар шығарылған. Алашорда атынан Ыбырай Құрманбаев өкілеттілік қызмет атқарған. Уақытша Сібір үкіметі өкілеттілік қызметін И.Лескоть атқарған. Лескоть Зайсан уезіндегі насихаттылық қызметі барысында Алашорданың екі топқа бөлінгенін, бірін автономияшылар, екіншісі Ә.Айтбақин бастаған Уақытша Сібір үкіметін жақтаушылар деп көрсеткен. Осы арада Өскемен уезінде арнайы іс-сапармен болған М.Дулатовтың Алашордаға жазған баян хатының мазмұнына тоқталайық. Онда Өскемен уезінде Ә.Айтбақиннің Алашордаға қарсы әрекеттері көрсетілген. Бұл баян хатта Әміре Айтбақинннің Алашордаға Өскемен уезі қазақтарын қарсы қою әрекеттері баяндалған. Ә.Айтбақин автономияның қазақ үшін зиянды жақтары деп әскер жасақтау мәселесін баса көрсеткені баян хатта айтылады. М.Дулатов Алашорда атынан Өскемен уезіне 14-ші шілдеде (1918) барған. Осы іс-сапардың басты мақсаты Алашорданың жергілікті комитеттерін құру және оған лайықты қазақ қауымынан басқарушы өкілдерді анықтау болған. Уақытша Сібір үкіметі және Алашорданы жақтайтындықтарын және қолдайтындықтарын білдірген хабарлар Семей уезіне қатысты болыстықтардан келіп түскен. Мәселен, Черно-Иртышский болыстығы тұрғындары жиналысы қаулысында Уақытша Сібір үкіметі нұсқауларын уездік Алашорда кеңесі ұйғарымымен орындайтындықтарын білдірген. Бұл өңірде үгіт-насихат жұмысын Алашорда өкілі Ы.Кұрманбаев жүргізген. Семей өңіріндегі үгіт-насихат жұмысы Уақытша Сібір үкіметі мен Алашорда биліктерін ресми түрде таныстырудан түзілген. Осы арада қазақ болыстарында Алашорда арқылы ғана Уақытша Сібір үкіметі билігін мойындайтындығы байқалды /11/.
1918 жылдың маусым-тамыз айларындағы Алашорда және Уақытша Сібір үкіметі байланыстары нәтижесі, тек әскери салада нақты нәтиже берді. Ал саяси саладағы қарым-қатынас аяқталмай қалды. Оны Алашорданың Алаш автономиясын аталған үкімет тарапынан танытудың мүмкін болмағандығынан байқаймыз. Ел ішінде, әсіресе қазақтар жиі қоныстанған негізгі аймақтарда Алаш Автономиясы мен Алашорда қазақ халқының мемлекеттік құрылымы ретінде таныған және осы Алашорда арқылы ғана Уақытша Сібір үкіметін таныған.
1918 жылдың тамыз айларынан бастап антибольшевиктік күштер арасындағы саяси арасалмақ басқаша рең ала бастады. Оны Семей облысында орын алған саяси жағдайлар негізінде түсіндіруге болады. Самарадан келіп жеткен жеделхатта біртұтас жаңа мемелеттік биліктің қайта құрылуы баяндалған. Осыған сәйкес барлық Ресейлік саяси ұйымдар арнайы өкілдер жіберуі қажет болды. Семей уездік басқармасы М.Дулатовты Самараға өкіл етіп жіберді. М.Дулатов бұған дейін бұл басқарма құрамында болмағанын ескерсек, оның өкіл ретінде жіберілуі мүмкіндігінше Алашорданың басты мүшелерін ұйымдар арқылы жіберуден туындаған деп түсінген жөн /12/.
Самара Комучі Ресейдегі саяси билікті қолға алуды 1918 жылдың маусым айынан бастады. Бұл саяси ұйымның негізгі тірегін Құрылтай жиналысы мүшелері құрған болатын. Оның билігі басында эсэрлер болды. Қазақстанның батыс бөлігіндегі ықпалы айқын болды. Алашорда қайраткерлері тактикалық тәсіл ұстанып Ресейдегі барлық саяси күштермен жақындасу принципін ұстанды. Комучтың құрамында Алаш қайраткерлері жеткілікті болды. Комуч Қазақстандағы Уақытша Сібір үкіметі ықпалындағы Алашорданы өз жағына тартуға тырысты. Бұл арада Самара Комучінің әскери арқа сүйер күші атаман Дутов әскері екенін ескереміз. Ә.Бөкейханов Самара Комучі және атаман Дутовпен байланысқа барып, оның Алашорда үшін неғұрлым тиімді жақтарын ұстанғаны түсінікті. Самара Комучі мен Уақытша Сібір үкіметі арасындағы таңдаудың біртіндеп Самара Комучі жағына қарай ойысқаны түсінікті жәйт. Самара Комучі тарапынан жасалынған демократиялық қадамдар Алашордаға кең мүмкіншіліктер берді. Әсіресе, Алашорданың қазақ өлкесіндегі дербес саяси күш ретінде көптеген мәселелерді шешу мүмкіндігі туды. Алайда Самара Комучінің ғұмыры өте қысқа болды.
Шығыс майданындағы Қызыл армияның жеңістері (қыркүйек айы) антибольшевиктік күштердің Уфадағы мемлекеттік мәжіліске жиналуына бөгет болған жоқ. Сібір Уақытша үкіметі, Самара Комучі, Ұлттық автономиялар (мойындалмаған) сияқты саяси күштердің басын біріктіру қажет болды. Уфа Директориясы Алашорданы осы негізде тарату керек деген шешім қабылдады. Уфа Директориясының негізгі мақсаты бүкілроссиялық өкіметті құру болды. Уфа Директориясының тарихы зерттеушілер К.Нұрпейісов пен Д.Аманжолова еңбектерінде егжей-тегжейлі баяндалғандықтан, оның осы Алашорадаға қатысты сәттеріне тоқталайық. Уфа Директориясының Алашорданы тарату жөніндегі шешімі (4 қазан 1918 жыл) Алашорданы жаңа саяси жағдайға душар етті. Алашорда өз тарапынан бұл шешімді жақтамайтындықтарын айқын сездірді: “...біз бұрынғыша бүкілроссиялық федеративтік республиканы жақтаймыз, өз автономиямыздың жеке біртұтас республикамыздың көлемінде болғанын қалаймыз” деп көрсетті. Бұл арада Директория Алашорда қызметін мүлдем тоқтатып тастаған жоқ. Өйткені Алашорда өкілдері жергілікті саяси ұйымдар арқылы өз қызметін үдете түсті. Оны Семей уезі земство жиналысы мәжілісінде қазақ сотына қатысты қабылданған шешімдерінен байқаймыз. Онда қазақ соты қызметінің қазақ қоғамы үшін аса маңыздылығы баса айтылды. Қазақ қоғамындағы әлеуметтік мәселелердің кейбіреуін қазақ соты ғана арқылы шешуі мүмкін және оны ұлттық сот жүйесі ғана атқару мүмкін еді. Осыған байланысты қазақ соты қызметінің ресми билік тарапынан мойындалуы талап етілді. Алашорданы тарату жөніндегі жарлыққа сол кездегі Алашорда органы “Сарыарқа” газеті (№60) аса көңіл бөлді. Онда Алашорданың арнайы жарлық шыққанға дейін өзінің статусы сақтала тұратындығы көрсетілді. Алашорданы тарату жөнінде Уфа директориясы және Колчак үкіметі жарлықтарына қазақ қауымы наразылық білдірді. Оны “Сарыарқа” газетіндегі бас мақаладан анық байқаймыз /13/. Онда былай делінген: “...Алашордаға шығарған жарлығында кіндік хүкмет Алаш мекемелері тоқталады деп отыр. ... Аз уақыт Алашорда ісін тоқтатқанға қынжылып, кейімейік. Қазақ-қырғыздың ел екені рас болса, тілеуіне жетпей қоймас”. Алашорда қызметінің тоқтатылуы уақытша құбылыс болды. Колчак үкіметі азамат соғысының майданы қазақ жерінде де өтіліп жатқанын және соған байланысты тұрақты армияның қамтамасыз етілуі жағдайын ойластыра келіп, Алашорданың аймақтағы ықпалымен санауды жөн көрді. Ол жөнінде “Сарыарқа” газетінің (№66, 1919 жыл) бетінде “Ойлан, Алаш!” атты мақалада кеңінен түсіндірілді. Онда Ә.Бөкейхановтың атына Колчак үкіметі мүшесі Гаттенбергер атына жеделхат келгені айтылды. Ә.Бөкейхановқа Колчак үкіметінің Алаш жеріндегі бас өкілі сипатындағы қызмет ұсынылатыны сөз болды. Ә.Бөкейханов жауабында Колчак үкіметімен байланысу үшін Алашорда өкілдері А.Тұрлыбаев пен У.Танашевтің Омбыға жіберілетіні айтылды. Алашорда өкілдері Колчак үкіметінің сұрауымен Алашорда шығарған барлық заң актілерін де қоса ала барады. Уақытша Бүкілресейлік үкіметпен жөне Колчак үкіметімен арадағы байланыстар нәтижесіз келіссөзге ұласты. Алашорда мен Колчак үкіметі арақатынасын қазақ халқының ұлттық-мемлекеттік құрылысындағы көптеген істердің тоқтатылуынан көреміз. Далалық Екінші Сібір корпусы командирінің бұйрығымен Алаш қаласы атауы жойылсын деген, оның тек Семей қаласының құрамдас бөлігі Заречная Слободка атауымен қалдырылсын деген үкімі шығарылды. Колчак үкіметі комиссиясы (төрағасы П. Коропачанский) мен Алашорда (төрағасы Ә.Бөкейханов) арасындағы келіссөздер барысы (ақпан, 1919 жыл) қазақ халқы күткен нәтиже бермеді. Ә.Бөкейхановтың кең көлемді баяндамасына комиссия ешқандай нақтылы жауап қатқан жоқ. Тек түрлі саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша түрлі ведомстволарға бару нұсқалды. Колчакпен болған байланыстардың нәтиже бермеуі Алашорданың Кеңес өкіметімен ымыраласуына итермеледі.
Алашорданың Колчак үкіметі билігі тұсында саяси қысымға ұшырағанын кезінде М.Дулатов та жазды /14/. М. Дулатов қазақ қоғамының Колчак билігі тұсындағы саяси қал-жағдайын былай деп береді: “Қара күндер қайта туды. Руссияны қара бұлт қаптады. Автономия деген сөзді ауызға алудан қалдық ... қит етсе абақтыға жапты (Биахмет Сәрсенев, Имам Әлімбеков, Әлихан Бөкейханов, Қасымхан Бөкейханов, Елдос Омаров, Ахмет Омаров, Ахмет Райымбеков, Мұхамедиар Оспанов, Серікбай Ақаев пен басқалар)... Колчак үкіметі автономия түгіл, земствоның өзін шұнтитты;... Сөздің қысқасы, бірнеше айдың ішінде Колчак өкіметі қазақ даласын жын ойнағандай қылды”.
Колчак үкіметі Алашорданы автономия ретінде мүлдем қабылдамады. 1919 жылы Алашорданың облыстық және уездік комитеттері жергілікті ресми органдар тарапынан болған қарсылықтарға қарамастан өз жұмыстарын табандылықпен жүргізді. Оны Семей облыстық Алашорда комитетіне қатысты құжаттардан байқаймыз. Алашорда жетекшілері 1919 жылдың көктем айларынан бастап Кеңес өкіметімен саяси ымыраға келу жолдарын іздестірді. Бұл ымыраға келу екіжақты мәндегі саяси көзқарастардың қалыптасқан жағдайларға байланысты тоғысуы болды.
1917-1919 жылдары аралығында Қазақстан кеңістігінде елеулі түрде қоғамдық-саяси қызметімен жан-жақты танылған Алаш немесе Алашорда қозғалысы тарихы - қазақ халқының жарқын болашағы үшін болған жан-жақты күрес тарихы деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |