Литература
-
История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В пяти томах. Том 3. – Алматы: «Атамура», 2000. – С.665-666.
-
Ламин В.А., Шиловский М.В. «Сибирские автономисты (областники) и деятели «Алаш-Орды»//Материалы международной научно-практической конференции «Влияние идей движения «Алаш» на Евразийском пространстве: история и современность». – С.27
-
Галиев В.З. Общественная деятельность политических ссыльных в Северо-Восточном Казахстане (1890-1904). – Алматы, 2004. – 216 с.
-
Касымжанов А.Х. Портреты: Штрихи к истории Степи.- Алматы, 1995. – с. 128.
-
Аманжолова Д.А. Алаш как этнополитический феномен: опыт исторической и историографической рефлексии // Материалы международной научно-практической конференции «Влияние идей движения «Алаш» на Евразийском пространстве: история и современность». – С.13.
ӘӨЖ 94(574)
XVIII ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ – XIX ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ТАТАР ДИАСПОРАСЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ
Ескендіров М. Ғ., т.ғ.д., профессор
Нургазина Т.С., магистрант
Семей мемлекеттік педагогикалық институты
Семей қаласы
Қонақжайлы қазақ халқы тарихы терең жайылған Еділ бойындағы татарларды бірнеше ғасырлар бұрын өз жеріне қабылдады.
Белгілі түріктанушы Л.Гумилев қытай деректеріне сүйене отырып, татарларды ақ, жабайы және қара деп бөлді. Ақтарға ол түрік тілді татарларды, ал жабайылар мен қараларға монғолдарды жатқызды. [1]
Татар ұлтының қалыптасуына негіз болған халықтардың бірі бұлғарлар. Бұлғарлар мен олардың туысқан тайпалары бірігіп Еділ бойында Бұлғар мемлекетін VIII-IX ғасырларда құрған болатын. Шыңғыс ханның жаулап алушылық жорықтары мен Алтын Орда мемлекетінің билігі тұсында Бұлғар мемлекеті бірде гүлдену, бірде құлдырау кезеңін басынан кешірді. Алтын Орданың ыдырауына байланысты құрылған Қазан, Астрахан, Сібір, Қырым хандықтарында билік басындағылар өздерін татарлар деп атай бастады. Бұл татар этнонимінің халық арасында алғаш таралуына негіз болған еді. [2]
Өзінің отарлық саясатын сәтті жүргізу мақсатында патша үкіметі татарларды аудармашылар, хат жазушылар ретінде пайдаланды. Қазақ ақсүйектері мен патша әкімшілігі арасында делдал ретінде башқұрттар мен татар молдалары қызмет атқарды. XVIII ғасырдағы Жалпыресейлік рыноктың дамуы нәтижесінде татарлардың қазақтармен байланысының негізі сауда болды. Ал 1760 жылы патша өкіметі шекара маңына шаруаларды қоныстандыру туралы рұқсат бергеннен кейін шаруалардың бір бөлігі қазақ далаларына қоныс тепті. Қашқын басыбайлы шаруалар есебінен казачества қатары артты, олардың ішінде татарлар да болды. Сөйтіп, біртіндеп ең алдымен қазақ далаларымен шекара аймақтарда, ал кейіннен оның ішінде де татар слабодалары пайда бола бастады. [3]
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының барлық облыстарында татар халқы өмір сүреді. Солардың ішінде Шығыс Қазақстан облысына қоныстанған татарлар тарихына тоқталатын болсақ, бұның өзі бірқатар деректерді, зерттеулерді, еңбектерді қарастыруды талап етеді.
Шығыс Қазақстан облысының территориясына татарлардың алғашқы қоныстануы XVIII ғасырдың ортасына жатады. Татарлардың Шығысқа ағылуының басты себептері: біріншіден, күштеп христиан дінін қабылдату, екіншіден, патша әскерінде қызмет етуден бас тартуы, үшіншіден, көптеген татарлардың отбасыларымен аштықтан қашуы. Қазақ жері оларды тілдерінің жақындығымен, бір дінді ұстануымен, әлеуметтік қатынастарының ұқсастығымен жақын тартты. Сондықтан татар халқына қазақтардың ішінде сіңісіп кету де өте оңай болды. [4]
XVIII ғасырдың екінші жартысында татарлардың алғашқы қоныстанған аймағы Орал болды, ал 1760 жылдан бастап патша өкіметі Ертіс өңіріне қоныстануға рұқсат беріп, татарлар сол өңірде салынған Семей пен Петропавл қамалдарына жылжи бастады. Осы уақыттан бастап қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы татар халқының саны біртіндеп өсті. Семейге қоныстанған татарлардың негізгі көп бөлігін Еділ, қазан татарлары құрады, ал қалған қоныстанушылар ертеде Орта Азияның Оңтүстік хандықтарында өмір сүрген татарлар болды.
Шығыс Қазақстан облысына татар халықтарының алғашқы қоныстануы XVIII ғасырдың соңына жатады. Белгілі орыс ғалымы, этнограф, түріктанушы В.В.Радловтың айтуына қарағанда, Ертіс өңірінің татарлары бұл жерге жүздеген жылдар бұрын XV және XVI ғасырларда Орта Азияның оңтүстік хандықтарынан қоныс аударған татарлар мен өздігінен қоныс аударған Еділ бойындағы татарлардың қосындысынан тұрады.
Еділ бойындағы татарлардың Батыс Сібірге қоныс аударуы себептерінің ішінде келесілерін бөліп көрсетуге болады: бір жағынан, Ресейдегі шетелдіктерді күштеп этникалық және конфессиональдық ассимеляциялауында көрінген үкіметтің белсенді орыстандыру саясаты болса, екінші жағынан, үкімет өзінің қаулыларымен шекаралық аудандардағы тұрғындардың санын өсірді. [5]
Осындай себептерге байланысты Шығыс Қазақстан аймағына ертеден қоныстанған татар халықтары жергілікті халықтармен сіңісіп, өздерінің мәдениетін енгізген болатын. Қазақ даласын мекендеген татарлар өздерінің негізгі кәсіптерін жетілдіріп, біраз уақыт өте Ертіс өңірінің ауқатты адамдарының қатарына қосылуға мүмкіндік алды.
«... Сібірге қоныстанған қонақтарға артықшылықтар мен құқықтар, сонымен қатар сібірлік көпестер үшін еркін саудаға рұқсат берген» Алексей Михайлович патша тұсынан бастап, Ресей Сібірге шетелдік халықтарды тартуға, ауыл шаруашылығы, сауда, қолөнермен айналысу үшін жағдай жасау саясатын жүргізді.
Аймақты шаруашылық жағынан меңгеру қажеттілігі Ертіс бойында біртіндеп қоныстар мен қамалдардағы тұрғындардың санының өсуіне әкелді.
Қаланың оңтүстік бөлігі Татар слабодасы «ең үлкен болды, терезелері аулаға қараған ірі ағаш үйлер салынған» деп жазды бұл туралы А.Врангель. «Ірі қақпалар үй иелерінің ішкі өмірін құпия түрде сақтады.» [6]
Сөйтіп, «татар» этнонимі ертеде пайда болып, монғол шапқыншылығынан кейін «монғол-татар» деген этноноим ретінде жиі кездесетін болған. Татар ұлтының қалыптасуына Еділ бұлғарлары мен монғолдар тікелей әсер еткен. Яғни бұл халықтар арасында ассемиляция процесі жүріп, уақыт өте келе татар халқы жеке ұлт ретінде бөлініп, өз мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға күш-жігерін жұмсады. Ұзақ жылдар Ресей патшасының қол астында болған татар халқы патша өкіметінің күштеп христиандандыру, орыстандыру саясаты нәтижесінде Орта Азия, Қазақстан далаларына қоныстануға мүмкіндік алды. Патша өкіметінің татарларды Ертіс өңіріне қоныстандыруынан бастап Шығыс Қазақстан облысында алғашқы татар халықтары мекендей бастайды. Бұдан кейінгі татар халықтарының тарихи дамуы осы аймақтың тарихымен тығыз байланысты жүзеге асатын болды.
Шығыс Қазақстан аймағына XVIII ғасырдың соңында қоныстанған татар халықтарының әлеуметтік-экономикалық дамуы ХІХ ғасырда жалғасын тапты. Омбы, Тобыл, Том облыстарының шекаралық аймақтарынан Ертіс өңіріндегі өңделмеген жерлерге татарларды қоныстандыру жедел қарқынмен жүргізілді. Мұны мұрағат құжаттарындағы деректер легі нақты дәлелдейді. Соның ішінде мысалы, Омбы қаласындағы Омбы облысының тарихи мұрағатынан алынған Семей округіне қоныс аударылған татарларға қатысты мына бір мәліметке ерекше назар аударамыз. [7]
«1825 жылы Омбы облысы Басқарушысының Батыс Сібір Генерал Губернаторына жазған хабарламасында шекара аймағындағы 22 татарды Семей округіндегі өңделмеген жерге қоныстандыруы туралы баяндалған.»
Омбы облыстық кеңесінің Семей округіндегі өңделмеген жерді шекарадан келген татарларға беру туралы қарауында былай делінген: «Купец Попов согласился платить за оброчную землю в год по 180 рублей до 1825 года, а потом могли нести крестьянские повинности земли в оброк.» [8]
Құжаттардан көріп отырғанымыздай, Семей округіне қоныстанған татарлар алған жерлері үшін белгілі бір мөлшерде төлем өтеу керек болған. Сонда ғана олар сол жердің шаруаларына айнала алған.
Семей округіне қоныс аударған осы 22 татарлардың қай жерге орналасқаны туралы №663 хабарламада былай деп көрсетілген: «... из числа 22 татар только 19 были перечислены в крестьяни Семипалатинского уезда по деревню Аккульский 14 и во мещанин по городу Семипалатинск 5 человек, остальные 3 выходцы и именно: Батырша Ахметов, Валит Мунасыпов и Бетулла Губайдуллин, как неоказавшиеся на лицо остались без пречеслению по области, окоих через область правление делается розыскание.» [9]
ХІХ ғасырдың қырықыншы жылдарынан бастап үкімет татарларды Сібірге қудалауды одан әрі жалғастырады. Үкіметтің қаулысы бойынша қоныстанған қазан татарларының қонысына Башкөл ауылы жатады. 1862 жылғы экспедициялық күнделігінде В.В.Радлов көрсеткендей, «онда өте ұқыпты салынған 60 үй бар. Үйлердің барлығы таза және адамдары ұқыпты киінген.»
1861 жылы Санкт-Петербургтегі «Орыс географиялық қоғамының жазбаларында» Н.Абрамов «Облостной город Семипалатинск» атты мақаласында айтқандай, қамалдың өзінде «сауданы дамыту үшін мұнда орыстардан бұрын татарлар ертерек қоныстанған».
Белгілі орыс ғалымы, этнограф, академик, түріктанушы В.В.Радлов (1837-1918) 1862 жылғы мамырдағы өзінің көзқарасын былай суреттеген: «Семипалатинск біршама ірі қала және шамамен 6000 тұрғындарды қамтиды. Оның үштен бірі ғана орыстар, ал қалғандары татарлар мен қырғыздар. Енді Семей Батыс Сібірді Қырғыз даласымен және Қытаймен байланыстыратын сауда орталығына айналды. Бұл сауданы негізінен жергілікті татарлар жүргізеді. Олар мұнда Шығыс Ресейден қоныс аударған. Кейінгі уақытта Семейдегі татар халқының саны біршама өсті. Орыс татарларынан басқа мұнда көптеген ташкенттік көпестер өмір сүреді.»
Татарлардың қандай болғаны туралы Н.Абрамовтың жазбаларынан оқуға болады: «Татарлардың киімі ерекше сәнді және олардың бет пішіндері де өңді болып келеді, әсіресе қазан және түмен татарлары ерекше сұлу...
Татарлардың мінезі көбіне жайдарлы. Жаз айларында қала сыртында қыдырғанды жақсы көреді. Сағат оннан бастап татар әйелдері жақсы киініп, арбаларынмен қала шетіндегі орманды жерлерге барып табиғаттың таза ауасында тынығады.»
1867 жылы Мәскеуде жарық көрген үштомдық «Описание Западной Сибири» еңбегінде И.Завалишин «татарлар ислам дінін қатты ұстанады, оларда 10 мешіттері бар. Мұсылман мейрамдары құрбан мен байрамды ерекше тойлайды. Бұл күндері Семипалатинск керемет суретті бейнелейді: татарлар мен қырғыздар көшелерде қымбат жібек халаттарын киіп қыдырады. Жақын туыстары мен таныстарына қонаққа барады. Ал 10-13 жастағы ұл балалар көше бойымен қымбат ер-тұрмандары бар аттармен шабады.
Үйлерде қонақтарды күтеді. Бөлмелерде қымбат бұқар және ташкент кілемдеріне күріш, қазы, қуырылған қой еті, бауырсақ салынған ыдыстар қойылады. Сонымен қатар бал, жеміс-жидектер, май, тәтті тағамдар қойылады. Шай мен қымыз, орыстармен аралса бастаған соң арақ та ішіледі. Сыйлық берілетін бәйге жарыстары да өткізіледі.»
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қаланы семипалаттық өлкетанушы Б.Герасимов былай бейнелейді: «Қаланы төрт бөлікке бөлуге болады. Батыс бөлігінде казактар қоныстанған Семей станицасы орналасқан. Үлкен емес ағаш үйлер Ертіс бойындағы казак поселкілерін еске түсірді. Қаланың шығыс бөлігінде негізінен татарлар тұрды. Шатырлары биік салынған үйлер қорғандармен қоршалды.» [10]
Қала халқының құрамы 1882 жылғы санақ бойынша аралас болды. Санақ уақытында қалада 12 ұлт өкілдері өмір сүрді, олардың ішінде орыстар 7342, қазақтар 6647, татарлар 3642, сарттар 509, еврейлер 115, поляктар 47, немістер 10, башқұрттар 31, қытайлық 1, армяндар 3. 95
1882 жылы 15 наурызда Семейде Статистикалық комитеттің ұсынысы бойынша халықтың тұңғыш санағы жүргізілді. Санақ қалада 12 ұлт өкілі тұратынын көрсетті. Олардың ішінде: 6647- қазақтар, бүкіл халықтың 37,4%, 6322-орыстар, халықтың 35,5%, 4072-татарлар, 22,8% құрады. Татарлардың барлығы қаланың оң жағалауында өмір сүрді және негізінен астық өсірумен айналысты. Санақ материалдарында «Белағаш ауылында кейбір шенеуліктер, көпестер, мещандар, казактар және көбінесе татарлар барлығы 900 отбасы астық өсірумен айналысқан» деп көрсетілген. Шамамен 12000 десятина жерді өңдеген. Соның ішінде 6000 десятина жерге бидай, 2000 десятина жерге арпа, 4000 десятина жерге сұлы еккен.
Семей татарларының көбі көпестер мен кәсіпкерлер болған және жақсы өмір сүрген. Қазіргі уақытқа дейін қалалықтар қаланың шығыс бөлігін татарлар жері деп атайды.
Бұл қаланың ең бай бөлігі болған. Ол жерлерде қызыл кірпішті, ағашпен өңделген әсем үйлер әлі күнге дейін сақталған.
Татар слабодасы мен қаланың негізгі сәні мешіттер болды. Шығыс Қазақстан мешіттері Орта Азия мешіттерінен құрылысқа татар дәстүрлерінің ықпалы болғандықтан ерекшеленеді.
Татар мешіттері туралы Завалашин: «Егер оған Ертістен қарасын, Семей өте әсем қала, бірақ қала толығымен азиаттық, онда жеті мешіт бар, олардың біреуі тас, соборлы, қос мұнаралы, тамаша архитектуралы. [7]
Қазіргі уақытқа дейін ХІХ ғасырдың кейбір мешіттері сақталған. Олар біз үшін тек культтік орын ретінде емес, сонымен қатар әсем архитектуралық ескерткіштер ретінде де қызықты.
Қаланың әсем ғимараттарының бірі Қазақстан территориясында жалғыз қос мұнаралы мешіт. Мұрағат құжаттарына қарағанда мешіт 1858-1862 жылдары жергілікті көпестер Сүлейменов, Абдышев, Рафиков және Халитовтың қаржыларына діни басқарманың тапсырысы бойынша салынған. Жоба авторлары: облыстық құрылысшы Болботов, инженерлер Макашев пен Фадеевтар болған. Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік Тарихи мұрағатта осы мешітті салуға рұқсат алуға жіберілген құжат сақталған.
Стамбул құрылысшысы Ғабдулла Эфенди жобасы бойынша салынған бір мұнаралы мешіт те ерекше әсем. Оны салу үшін қаржыны көпес Мусин берген.
Татарлар тек дінге сенушілер емес, сонымен қатар кәсіпкер адамдар болған. Бұл белгілі Мусиндер, Халитовтар, Рафиковтар және тағы басқа көпестік отбасылар әулеті. [10]
Олардың есімдерімен Ертіс бойындағы Семейдегі өндірістің дамуы байланысты. Ол туралы біз Х[Х ғасырдағы басылымдардан біле аламыз. Мысалы «Семипалатинские областные ведомости» баспасында көпес Б.Рафиков қалада сабын шығару өнідірісімен айналысқаны ерекше көрсетіледі. 1854 жылы оның иелігіндегі сабын шығаратын зауыт 200 күміс сом болатын 80 пұт сабын шығарды. Рафиковтың кәсіпорны ағаш ғимаратта орналасты. Өндіріс үрдісінде күл, тоң май, әктас пен тұз пайдаланылды. Тоң май сатып алынды. Зауыттан өнімдерді қалада сатты. Бір жыл уақытта ешқандай жаңарулар мен өзгешіліктер болмады.
Екінші гильдияның көпесі К.Абдышевтың көмегімен Семейде тоң май шығаратын зауыт салынды. Оның иелігінде болған тоң май шығаратын зауыт жылына 400 пұт сиыр және 100 пұт қойдың тоң майын шығарған. Өндірілген тоң май жартылай қалаға және жартылай басқа қалаларға сатылды. Семейлік 2-гильдияның көпесі Мұхаммед Рахим Абдышевке тиісті 1854 жылғы мәліметтер мынадай:
Өнімнің атауы мен бағасы
|
Шендердің саны
|
Өнім саны
|
Соммасы
|
Жұмыс күші туралы мәліметтер
|
тоң май өндірілді:
ірі мал екі күміс рублден, қой екі күміс рублмен
|
1
|
400 пұт
100 пұт
|
800 рубл
200 рубл
|
Машиналар жоқ. Ерікті жалдамалы жұмысшылар екеу
|
Зауыттар мен фабрикалар негізінен қаланың солтүстік батыс бөлігінде орналасты. Мұнда сабын шығаратын, тоң май өңдейтін, қой жүні мен былғары зауыттары болды. 1864 жылы Семейде 23 жұмысшысы бар 4 былғары зауыты болды. Аяғында Семей қаласында 47 зауыттар мен фабрикалар болды. Сонымен бірге өндірістік өнімдер саны да артты. Мысалы, көпес Халитовқа тиісті сабын шығаратын зауыт жылына 1000 пұт сабын шығарды.
70-80 жылдардың аяғында Семейде өндіріс орындарынан шығарылатын өнімдер саны артты. Мысалы, семейлік 2-гильдияның көпесі Ибрагим Мұхамед Рахим Абдышевке тиісті былғары зауыты 1875 жылы 15330 рублге 2570 өнім өндірді. [6]
1864 жылы көпес Р.Халитовтың сабын шығаратын зауыты жылына 1000 пұт сабын шығарып отырды.
1890 жылы Семейде көпестік Мусиндер әулетінің негізін салушы С.Мусинның алғашқы механикаландырылған диірмені салынды.
Ресейдегі ең ірі Макарьев жәрмеңкесінде Зайсан, Аягөз, Өскеменде дүкендер иеленген «Семейлік Елисеевтер» құрметтті қонақтар болды. Мусиндер Ертіс өзеніндегі флоттың басында тұрды. ХІХ ғасырдың 80 жылдары олар коммерциялық мақсатта Ертіс бойымен тұрақты кеме жүзу ісін орнатуға тырысты.
1899 жылы көпес В.Хамитов өз қаржысына Никольск алаңында тас лавкалар салдырып, оларды қалаға сыйлады.
Әулеттің негізін салушы қазан татары Мұса Мусин кәсібін былғары жасаудан бастады. 1832 жылы 92 жасында қайтыс болған ол ұлы Садыққа жеке байлық қалдырған. Ол ақшаға Садық Семей, Аягөз, Зайсанда дүкендер ашты, ұн шығаратын зауыт сала бастады. Оның ұлы Латиф Мусин 50-ден астам жүк кемелері мен пароходтар сатып алып, бүкіл Ертіс өзені бойынша жүк және адам таситын жолды жақсартты. Алтай мен Шығыс Қазақстан кендерінде алтын өңдеп, тау-кен ісімен айналысты. Тез арада Семей, Змеиногорск, Өскеменде зергерлік дүкендер ашылды. Мусиндердің байлығы үнемі ұлғайды. 1900 жылы Мусиндер ресейлік және қазақтардың банктеріндегі капиталы 2,5 миллиард АҚШ долларын құрады.
ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары Семей облысында барлық Ресейде сияқты қорғау ұйымдары мен қоғамдары құрылды. Семей кедейлерін қорғау туралы қоғамның мүшелері қатарында Ширияздан Юсупфович Рафиков, Муса Хисматуллович Халитов, Мухамед Гирей Хусаинович Мусагаитов болды. [7]
ХІХ ғасырдың 20-60 жылдары қазақтарда білімнің дамуы да татар молдалары мен мұғалімдерінің ағартушылық қызметімен де тығыз байланысты болды.
Семей облысындағы татар халқының негізгі кәсібі бойынша өндірістік емес салада 832 адам (8%), кен өндіруде 2880 адам (29%), өндірістік салада 5696 адам (57,3%) жұмыс істеді. Хабарлама жолдарында 2759 адам (27,8%), саудада 6485 (65,24%) адам қызмет етті, басқа істермен 823 (8,28%) адам айналысты, яғни татар халқының ішінде сауда ең кең тараған кәсіп болды деген қорытынды жасауға болады.
Семей облысындағы татар халықтың ішінде: мещандар (60,8%), шаруалар (19,6%), жатжерліктер (13,7%), көпестер (5,24%), әскери казактар (0,4%), құрметті адамдар мен олардың отбасы (0,2%), сонымен қатар дворяндар мен олардың отбасылары, жеке дворяндар және тағы басқалар болды.
Татарларда ер адамдар мен әйел адамдар арасындағы сауаттылық бірдей болды, бірақ сауаттылық деңгейі бойынша татарлар орыстар мен қазақтардан жоғары тұрды. Мұны оқу орындарында оқыған оқушылар саны да дәлелдейді. Мысалы, ХІХ ғасырдың аяғында Семейдегі 36 қалалық оқу орындарында 1549 оқушы оқыса, солардың ішіндегі 7 татар мектебінде 507 оқушы оқыған. Яғни оқу орындарында оқығандардың 26,9%-ін қалалық мешіттер маңынан ашылған татар мектептерінің оқушылары құраған. [11]
Ертіс өңірін мекендеген татарлар тарихы туралы ХІХ ғасырдың 80-жылдары Қазақстанның бірқатар қалаларында болған орыс дәрігері Белиловский өзінің «Жазбаларында» мынадай цитата келтірген: «... татарин вежлив, почтителен, гостеприимен, образован, благонравен и крайне редко поступает вразрез со своим достоинством». [12]
Яғни орыстардың өздері татар халқының біршама жоғары дәрежеде, олардың ішінде білімді, саудагер ауқатты адамдардың болғанын мойындаған. Сонымен қатар татарлардың көмегімен олар қоныстанған аймақтарды игеруге тырысқан.
1897 жылғы санақ қорытындысы бойынша Қазақстан халқын барлығы 4177910 адам құрады, оның ішінде 55984 татар халқы болды, яғни бұл жалпы санның 1,34%. ХІХ ғасырдың аяғында татарлар бүкіл Қазақстан аймағында (Сырдария облысынан басқа) өмір сүрді. Санақ материалдарына қарағанда таралауы бойынша татар тілі Семей облысында 3-ші орында болды. Наным сенімдері бойынша татарлар облыстағы халықтың көп бөлігі магометандарға жатты. [13]
XVIII ғасырдың соңы - XIX ғасырларда Шығыс Қазақстан облысына қоныстанған татар халықтары негізінен ауқатты адамдар қатарына жатқан. Оған татар халқы арасында саудагерлер мен көпестердің көп болуы да өз ықпалын тигізді. Сол кездері салынған өнеркәсіп орындарының көбі де татарларға тиесілі болды. Бұл қазақ халқының арасына сіңісіп кеткен татарлардың сол уақыттағы қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін тигізген халықтардың бірі екенін дәлелдейтіні сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая Степь. Кн. 1., Москва, 1997, 512с.
2. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030». Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. 1997 ж.
3. История татар Казахстана и Сибири. // Рудный Алтай 2006-24 октября-С.16-17
4. Мурзагужинов М. Татары в Казахстане. // Наш Мир 2007-6 февраля-С.5-6
5. Купцова В. Наследники Волжских булгар. // Арна 2006-26 октября-(№43)-С.4
6. Қасымбаев Ж. История города Семипалатинска (1718-1917) -Алматы: Өлке, 1998, -276с.
7. Ражепаева Ф.З. Из истории переселения татар в Казахстан // Взаимосвязи и взаимовлияние народов восточного Казахстана в хозяйственной и культурной деятельности XVIII-XXI вв.: Материалы международной научно-практической конференции.- Усть-Каменогорск, 2001.- С.40-46.
8. ММ «Омбы облысының тарихи мұрағаты» 3 қор, 12 тізбе, 1949 іс
9. ММ «Омбы облысының тарихи мұрағаты» 3 қор, 11 тізбе, 249 іс
10. Городецкая В., Бралинова Д., Мельников Д. «Семипалат татарлары». Семипалатинск, 1998, 23б.
11. Адильбаева А.С. Некоторые проблемы образования городского населения Восточного Казахстана в конце ХХ-начале ХХ века. Материалы международной научно-практической конференции. Семей 2010, с.480-485
12. Камалджанова Т.А. Культурные преобразования в жизни этнических диаспор Восточного Казахстана (1920-1990 г.г.) Материалы международной научно-практической конференции. Семей 2010, с.266-275
13. Ражепаева Ф.З. Татарский народ Казахстана: история и демография. //Высшая школа Казахстана. 2006-№2-С.232-237.
Ә.ЕРМЕКОВ – АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРІ,
ҒАЛЫМ ЖӘНЕ АҒАРТУШЫ
Саңқайбаева П.С.,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті
Бүкіл саналы ғұмыры күреске бағышталып қуғын-сүргінде өткен, ел тарихының төрінен орын алатын халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі – профессор Әлімхат Әбеуұлы Ермеков белгілі қоғам қайраткері.
Алаш арыстарының бірі - Әлімхат Әбеуұлы - «Алаш» партиясы мен «Алаш» қозғалысы жетекшілерінің бірі, азамат соғысынан кейін қазақ революциялық комитетінің (Казревком) мүшесі, қазақ жерлерін Қазақ АССР-і шеңберінде тұтас дерлік топтастыруда ерекше роль атқарған, көтерген жауапты қызметтерде болған, алтыншы және жетінші шақырылған Орталық Атқару Комитетінің мүшесі.
Ә.Ермеков туралы кезінде қалам тербеген журналистер, әдебиетшілер қуғын-сүргінге ұшырап қызметінен босатылды. Сондықтан болар, Ермековке қазақтың тұңғыш ұлттық энциклопедиясынан да орын тимеді. Сонда Ә.Ермеков кім болған? Оның өмірі несімен өнегелі? Кейінгі кездерде табылған архив деректерінде осы сұраққа жауап: Ермековтің өз қолымен жазған өмірбаянында. Әлімхан Ермеков 1891 жылы Темірші болысы, Қарқаралы уезі, Семей облысыныда дүниеге келген. Әлімханның әкесі Әбеу өз кезінің озық ойлы, ел сыйлаған қадірлі азаматы болған. Арғы атасы Ермек Байтасов Құнанбайдың замандасы, төскейде малы қосылған көршілес, туыстас елдің атақты ақсақалы болған. (1911 жылы 54 жасында қайтыс болған.) Үш ұлы, Әлімхан солардың ортаншысы.
Әкесі Әбеудің көзі ашық, көкірегі ояу болғанын – оның ұлдарының жастай білім алуына жағдай жасауынан-ақ айқын аңғаруға болады. Ауылдан ұзап шықпаған қаршадай Әлімханды Әбеу ақсақал 7 жасында Қарқаралыдағы үш кластық орыс мектебіне әкеп тапсырады. Орыс тілі түгілі әліпті таяқ деп білмейтін оқу алғашында қиынға түседі. Әлімханның орысшасы «шала-шарпы» амандасудан өзгені білмейтін. Өз естелігінде мына жайды еске ала отырып жазады: топырлаған ығы-жығы балаларға толы коридорға үйірінен адасқан тайдай бір шетте жаутаңдап тұрғанымда үстіне әйелдерше етегі кең кең көйлек киген, бірақ қалың қауға сақалы беліне түскен бір адам өтті де, артынша орыс тілінде: Все на молитву, - деген дауыс шықты. Топырлаған балалармен бірге менде бөлмеге кіріп, балалар жасаған істі менде қайталадым. Ту сыртымнан қарап тұрған бір-екі татар баласы маған қарап тұрғанына мен қатты ұялдым. Әкеме жылай келіп, мен оқымаймын дедім. Әкем «сен білмей істедің ғой. Оны құдайдың өзі кешірсін», - деп жұбатты.
Және де класқа кірген мұғалымның сөзін өзіне қайталағанында алаш арысы өз естеліктерінде айтып өтті. Бұл күлкілі жағдайлар емес, өмірде кеткен әрбір қателіп өмір сабағы. Қарқаралыда Әлімхан әкесінің ескі тамыры, халықшыл Соколов деген орыстың үйінде тұрып білім алуды әрі қарай қиындықтарды жеңе отырып, бүгінде қазақ баласы мақтан етер жетістікке жеткендігін баспа беттерінен көруге болады. Қоғам қайраткері Әлімхан Әбеуұлы күні-түні ерінбей оқып, өз құштарлығымен Ресейден жер ауып келген халықшыл орыс азаматы Соколовтың көп көмегімен тарих бетінен орын алған тарихи тұлға. Ауылдың қара балалығынан айрылған Әлімхан Ермеков біраз уақыттан кейін ойлы да зиялы даланың дарынды баласы орыстың классикалық әдебиетінен, ғылым негіздерінен зор тұлғалылыққа жетті. Әке балаға сыншы дегендей: Әлімханды Қарқаралыдағы оқуы аяқталғаннан кейін Семейдегі ерлер гимназиясына әкеледі.
Ә.Ермековтің үш кластық білім алып шыққан Қарқаралы жері солтүстігінен Ертістің оңтүстігінен Балқашқа дейінге аралықты алып жатыр. Сол кездері Қарақаралы, Семей, Баянауыл, Көкпекті уездері батыс сібірлік генерал-губернаторлығына қарады. Қарқаралыдағы «Ақтерек» мектебінен сол уақытта Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаевтар білім алса, А.Байтұрсынов ұстаздық қызмет етті.
Қарқаралы – орта жүздің биі Қаз дауысты Қазыбек бидің Отаны. Сонымен қатар күйші Тәттімбеттің, ақын А.Құнанбаевтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Әуезовтың, Ә.Найманбаевтың, Әміре Қашаубаевтың және қазақтан тұңғыш космосқа ұшқан ғарышкер Т.Әубәкіровтер Алаш қайраткерлері Әлімхан Әбеуұлының жерлестері болып келеді. Өзінің зеректігімен бастауыш мектепті үздік бітірген Әлімхан 1909 жылы Семей қаласындағы ерлер гимназиясына келіп түседі. Гимназияда оқыған Әлімхан Ермеков өмірбаянында: «алғашқы жылы стипендия алдым, жоғары класқа келгенде саяси жағынан сенімсіз деп стипедиядан қақты». Материалдық жағынан қиындық көрген Әлімхан Ермеков сабақтан тыс уақытта ауқаттылардың балаларына математика және латын тіліне үйретті. Бұған себеп сол өзімен бірге оқитын Марков деген начальниктің баласына өзі алған тиянақты білімінің нәтижесінде Әлімхан өз мәселесін шеше білді. Сол үйге келіп-кетіп жүрген шенеуніктер орыстың баласына сабақ үйретіп отырған қазақтың (Әлімханды) баласын көріп, әрі кемсітіп, әрі таңырқағанын жасыра алмады. Бұл қалай, бұратана халықтың баласы орыстың баласын ғылымға үйретеді? - деген сөздер Әлімханның оқу мен білімге деген ынтасын одан сайын күшейтті.
Ә.Ермековтың Семей гимназиясында оқыған кезеңдері қазақтың көрнекті қайраткері Т.Рысқұловтың өмірімен ұқсас. Тұрар түрме бастығының қыздарын тасып күн кешсе, Әлімхан полковник қыздарына математика және латын тілдерінен сабақ беріп қаражат тапты.
Семейдегі ерлер гимназиясы Ә.Ермеков үшін өмір мектебі болды. Атақты орыс жазушыларының шығармаларымен өзіне сабақ берген қазақ даласында айдауда жүрген поляк Фаддей Ромуальдович Дульский көмегімен озық ойлы әдебиет шығармаларымен жақсы таныс болды. Бұл оқу, Әлімханның өмірге деген саяси саналы көзқарасын одан сайын шыңдады. Және де Теңсіздік, қараңғылық, топастық тек қана қазақ даласында ғана емес, орыстың өз елінде бар екенін, қарапайым халықтың жағдайы нашар екенін, оған кімдер кінәлі екенін ұға бастады.
Осы кезден бастап Әлімхан Ермеков өз халқының алдындағы азаматтық парызын шынайы түсініп өзін оған дайындады. 1912 жылы Семейдегі ерлер гимназиясын «алтын медальмен» бітіріп шықты. Сол кездегі ереже бойынша «алтын медальмен» гимназияны бітірген талапкер Санкт-Петербург политехникалық институтына конкурссыз қабылданатын. Алайда әкеден айрылған Ә.Ермеков Томск технологиялық институтының тау-кен факультетіне конкурссыз қабылданады.
Әлімхан Ермековтың өмірінің Семейдегі кезеңінің терең зерттеуді қажет ететін тұстарының бірі-қоғамдық ортасы. Бұл туралы зерттеулер тиіп-қашпалы ғана. Алаш қайраткері Семейде оқығанда онымен бірге бірқатар қазақ зиялылары да болды. Олар: Қаныш Сатбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, т.б. Бұл адамдармен Әлімхан тығыз байланыста болған. Әсіресе Ә.Ермековпен Қ.Сатбаевтің арасында аса жақын достық қарым-қатынастар болған. Қаныш Сатбаев арқылы 1914-1916 жылдары С.Торайғыровпен танысады. Мұқтар Әуезовпен де таныстығы туралы көп айтыла бермейді. Бірақ сол замандағы қазақ зиялыларының көздеген мақсаты бір еді. Бұл алаш арыстарының таныстығы ХХ ғасырдағы 20-30 жылдардың солақай саясаты кезіндегі қуғын-сүргіннен сырт қалмағандығында тарихи деректерден байқау қиын емес-ті.Екі ғалымда 1930 жылы губерниялық саяси тұтқындар отыратын түрмеге алынды. Бұл түрме қазіргі Семей гарнизоны орналасқан территорияның ішінде. Бірінші Мұқтар, артынша Әлімхан ұсталады. Ермеков Әлімхан кейінгі Томск технологиялық институттың маңдай алды студенті болған. Сонда жүріп озық ойлы азаматтармен танысып, жасырын үйірмелеріне қатыса бастайды.
Студент Әлімхан Ермеков ауылға каникулға келген сайын қазақ жастарын оқу-білімге үгіттеп, өнер үйренуге шақырады. Жас кезінен бастап-ақ «Алаш» қозғалысына араласқан талантты болашақ ғалым Қарқаралыға келген Потанинге көп көмек береді. Әлімхан өз ауылындағы, тіпті көрші болыстардағы атақты жыршылар мен ертекшілерді шақырып, қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды. Потаниннің жазбалары бойынша бұл шығармалардың орысша нұсқаларын қағазға түсірген де Әлімхан Ермеков болды.
Тіпті Потанин Орыс географиялық қоғамның Семей бөлімшесінің жазбаларында жарияланған мақалаларында Әлімханның есімін жиі-жиі ауызға алып, ризашылығын білдірген.
Міржақып Дулатұлының «Қазақ» газетіне 1905 жылы жариялаған «Томскідегі қазақ студенттері» атты шағын мақаласында да Ә.Ермековке ерекше тоқталады. Институт қабырғасында білім алған Әлімхан Ермеков ондағы ғалымдармен, зиялы қауыммен етене араласады. 1917 жылы осы институттың Ү курс студенті кезінен бастап саяси күрес аренасына шықты. Оқуды одан соңда жалғастырған Ә.Ермеков Д 13 №531330 нөмірлі тау-кен ниженері дипломымен Томск технологиялық институтын ойдағыдай бітіріп шықты.
Өзінің ерекше талантты білім зердесімен ерте есейген Әлімхан Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы бастаған Алаш қозғалысының қатарына кіріп, аз ғана уақыт ішінде оның көшбасшыларының біріне айналды.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінің біразы Алаш партиясы мен Алашордағы қатысты. Алаш қозғалысы тарихы 80 жылдан астам ресми өкімет тарапынан тыйым салынған тарих беттері болғаны аян. Дегенмен де «Алаш» немесе «Алашорда қозғалысы» - бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. 20-30 жылдары бұл тақырып ресми түрде жабылды. Осының салдарынан ғылыми-саяси әдебиеттерде шындыққа сай келмейтін қозғалыс және қайраткерлері: А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, А.Байтұрсынов т.б. «буржуазияшыл ұлтшылдар» «халық жаулары» деген пікірлер жазылып, әр түрлі мінбелерден жалған сөздер айтылып келген еді.
Соңғы жылдары алаштың интеллигенцияға жақсы көзқарас қалыптастыруы ашық та батыл пікірлер айтып, дәлелді тұжырымдар жасалды. Ондағы дәлелдер М.Қойгелдиев пен Т.Омарбековтің пайымдауынша «Алаш» қозғалысының көш бастаушыларын негізінен екі мақсатты бірі-қазақ елін отырлық езгіден азат ету мен қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына алып шығару міндеттерін көздеді, сондықтан да «алаштың интеллигенция» деп, ал Алаш партиясын «ұлттық-демократиялық партия» деп атау шындыққа сай келеді деп көрсетті ғылыми зерттеулерінде.
Белгілі қоғам қайраткері «Алаш» партиясы мен «Алаш» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақ зиялыларының қатарынан математика саласынан профессор атағына ие болатын Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің тұлғасына көзқарас бүгінгі күні егеменді даму жағдайындағы республикалық, ұлттық психологияның қалыптасуы, дамуы және өзгеруі тарих мәселелерін одан сайын терең тануға қызығушылықты арттыруда. Ермековтың қызметі, қоғам қайраткерлік істері, елінің сауаттылығы үшін кұрескер болуы кез-келген тарих саласының зерттеушілерін қызықтырары сөзсіз.
Сондықтан Алашордашы алып тұлғаларды дәріптеу бүгінгі зиялылардың үлесінде. Көтерген тақырыптың басты ерекшелігі сол-сталиндік саяси қуғын сүргінге ұшырауының әділетсіз екендігі мен әкімшіл-әміршіл жүйе идеологиясының кері ықпалын көрсете отырып, алашоршылар қатарындағы алыптардың бірі, Әлімхан Ермековтің дүниетанымы мен азаматтық бейнесі, жеке басының қадір-қасиеттерін ашып көрсетуге жан-жақты өзіндік шамалы талдау жасау болды.
Достарыңызбен бөлісу: |