2.3 Ресейдің жаулап алуы.
1554 жылдың көктемі мен шілде аралығында Ресейдің Астраханьға бірінші жорығы ұйымдастырылды. Соғыстың мақсаты Ямгучы ханды орнынан алу, Астрахань хандығын əлсіретіп, талқандап, Мəскеу мемлекетіне вассалдық тəуелді ету болды. Соғысқа Ямгучы ханның елшіні тұтқындауы, Исмаил бастаған ноғай ақсүйектерінің бір тобының 1548 жылдан бастап, Ямгучы ханды орнынан алып, Астрахань тағына өз туыстары Дербиш-Алиді қою үшін орыстардан көмек сұрауы сылтау болды. Ноғайлармен жасалған келісім бойынша патша Еділ бойына атқыштары мен пушкалары бар кеме жіберуге, ал Исмаил атты əскер шығаруға келіскен еді. Жəне Астраханьды жеңіп, Дербиш-Алиді таққа отырғызған соң, Исмаил Ноғай Ордасындағы өз ағасы Юсуфты тақтан тайдыруға міндеттеме алған болатын.
Астраханьды жаулап алу жоспары бойынша отыз мыңдық əскер атқыштар мен пушкаларымен Еділ бойымен Астраханьға жылжыды. Орыс əскерлерін князь Юрий Иванович Пронский-Шемякин жəне Игнатий Вешняков басқарды. Олардың қасында Астрахань тағынан үміткер Дербиш-Али де болды. Одан бөлек 2500 адамдық Александр Вяземский басқарған отряд пен Даниил Чулков басқарған топ келіп қосылды. 1554 жылдың 1 шілдесінде орыс күші ноғайлық Исмаилдың атты əскерімен кездесуі керек болды.
Алайда соғыс барысы басқаша өрбіді. Орыс əскерлері Еділ бойымен жылжи отырып, Нижний Новгородтан 1554 жылдың маусымына қарай қазіргі Волгоград ауданына жетеді жəне осында əскерді бір орталыққа шоғырландырады. Исмаилдың əскері онда болмай шықты. Мəскеу əскерінің Астрахань əскерімен алғашқы қақтығысы 1554 жылы 27 маусымда Черный Яр деген жерде болды. Астраханьдықтардың алдыңғы қатарлы əскері түгелдей қырылды. Тұтқынға түскендер хан Ордасының Астраханьнан 5 шақырым төменде орналасқанын жəне онда əскер санының аздығын айтып берді. Осы мəліметтерді алған соң орыс əскерлерінің князь Вяземский бастаған бір тобы хан Ордасын талқандаса, князь Пронский бастаған бір бөлігі қорғаушысыз қалған Астрахань қаласын ұрыссыз алды. Ямгучы хан ханшаларды, балаларын жəне гаремін тастап Азовқа қашты. Тағдыр тəлкегіне түскен ханның отбасы мүшелері, əйелдері мен балалары Мəскеуге жіберілді. Астраханьды өздеріне бағындырған орыс əскері таққа Дервиш-Алиді отырғызды. Ол салтанатты түрде Мəскеуге адал болуға ант қабылдады.
1554 жыл 9 шілдеде Ресей жағынан Юрий Иванович ШемякинПронский мен Астрахань хандығынан Дервиш-Али арасында жасалған келісім бойынша:
- Астрахань ханы Мəскеуге вассалдық тəуелділігін мойындайды. Ол өлген жағдайда тақ мұрасы мəселесін Ресей патшасы (ІV Иван) шешеді;
- Астрахань хандығы Ресей патшасына жылына 40000 алтын (1200 рубль күміс) жəне 3000 балық төлеп тұратын болды;
- Орыс балықшыларына Қазаннан Астраханьға дейінгі Еділ бойында алым-салықсыз балық аулауға рұқсат берілді. Ноғай мырзасы Исмаилға үш жыл көлемінде Астрахань хандығының территориясы арқылы Мəскеумен алым-салықсыз сауда жасауға рұқсат етілді;
- 1555 жылдан Астраханьда көп көлемде орыс əскері орналастырылды, олар Дервиш-Алиге қарсы жергілікті тұрғындардың көтерілісін басу үшін пайдаланылатын болды.
1554 жылғы келісімнің төзгісіз шарттары тұрғындардың наразылығын туғызды, олар алым-салық төлеуден бас тартты. Хан Дервиш-Али құпия түрде қырым татарлары жағына өтіп, олардан көмекке əскер шақыртты. Қырым татарлары ханның жеке жасағы болатын 1000 сарбазды (300 янычар жəне 700 атты түрік сарбазы, пушкалар, оқ-дəрі) Астраханьға жіберді. 1555 жылы Ноғай Ордасының князі Исмаил Астрахань тағын қайтарып алғысы келген өзінің туыс ағасы Юсуф пен Ямгурчеймен күрес бастауға мəжбүр болды. Бұл күреске өзінің қиын жағдайына қарап Дервиш-Али де араласты. Ол Юсуфтың балаларымен одақтасып, нəтижесінде сəтті дипломатиялық жəне əскери қимылдарының арқасында Исмаилды қашқынға ұшыратуға қол жеткізеді. Өзіне өзі сенім артқан Дервиш-Али патша наместнигінің ескертулерін тыңдамастан, Исмаилға Астраханьнан кетуді ұсынады. Бұл іс-жүзінде Мəскеуге вассалдық тəуелділіктен бас тарту еді.
Достарыңызбен бөлісу: |