2.5 Ресей қол астындағы Астрахань.
ХVІ ғасыр аяғындағы Ресей мемлекетінің маңызды міндеті Астраханьды қол астында ұстап қалу болды, себебі Қырым да, Түркия да, Ноғай мен Астрахань княздері де Астраханьды қайтарып алу үмітінде болатын. Осы мақсатта бақталастарына тойтарыс беру үшін əскери бекініс салуға қолайлы орын іздеді. Ондай орын Еділ бойынан 12-13 шақырым төменгі ағысындағы Кутум өзенінің Еділге құяр сағасындағы Шабан-бугре деген жер болды. Алғашқы Астрахань воеводасы И.С. Черемисинов таңдап алынған жерге бекініс-қала салу үшін рұқсат сұрап, қаланың сызба жобасын жібереді. Жоба бекітіліп, орталықтан кемемен азық-түлік, қару-жарақ, адамдар жəне құрылысқа қажет бұйымдар жіберіледі. Алғашқы бекініс (1558 жыл Астрахань қаласының салынған жылы болып саналады) ағаштан жасалып, кесек қабырғалармен қоршалды. Шын мəнінде, бекініс аралда салынды, себебі солтүстік-батысында Еділ өзені, солтүстік-шығысында Кутым өзені, оңтүстігінде батпақты ағыспен қоршалған жер еді. Бұл бекіністің сипатталуының бізге дейін жетуіне ағылшын саяхатшысы Энтони Дженкинсонның 1558 жылы Астраханьда болуы себеп болды. Дженкинсон патшаның Астраханьды аса жітілікпен қорғайтынына, жыл сайын адамдар, кремль құрылысы үшін ағаш пен құрал-жабдықтар жіберіп тұратынына баса назар аударған. Дженкинсонмен бірге Астраханьға жаңа тағайындалған воевода Иван Григорьевич Выродков келеді, оның «қазан ісімен» (Қазан кремлінің қабырғаларын қопару оның басшылығымен жүзеге асырылған) атағы шыққан болатын. Астраханьда ол мемлекет шекарасын қорғай алатын жəне тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті қорғаныс бекіністерінің құрылысын бастады. Қырымдықтар мен ноғайлықтардың шабуылдарына тойтарыс беру үшін бекіністе тұрақты гарнизон ұстады.
XVI ғасырдың 60-жылдарында Қырымдағы орыс елшісі Афанасий Нагой Мəскеуге Түркияның Астраханьға жорыққа дайындалып жатқандығы туралы бірнеше рет мəлімдеді. Ол жорық 1569 жылы басталды. Бірнеше мың таңдаулы янычарлардан тұратын мыңдаған түрік əскері Касим паша басшылығымен су арқылы Азовтан Астраханьға жылжыды. 1569 жылы қыркүйегінде қырым-түрік əскері ескі Астраханьға жетеді. Астрахань тұрғындары жауға барынша қарсы тұрады. Олар қаланы тастап кетпек түгіл, қаланы қорғау үшін ерлікпен күресті. Тіпті, бекіністің қабырғаларын қопару да, тұрғындарды сатып алуға əрекет жасау да Астраханьды алуға көмектеспеді. Орыс əскерлерінің келе жатқанын есіту, ескі Астраханьда қыстағысы келмеуі Касим мен Қырым ханы Дəулет-Керей арасында алауыздық туғызды жəне Касим 26 қыркүйекте Донға қарай шегінуге бұйрық берді. Түрік əскерінің шегінуі қашқыншылыққа айналды. 1570 жылы Селим сұлтан Астраханьға талабынан бас тартты.
Бірақ Қырым ханы Дəулет-Керей жеңілісті мойындағысы келмеді. Мəскеудегі 1571 жылғы өрт 120 мыңдық қырым-татар əскерінің шабуылының нəтижесі еді. 1572 жылы хан Мəскеуге тағы да шабуыл жасады, алайда орыс əскерлерінен жеңіліс тапты. 1580 жылы қырым-ноғай əскері Астраханьды иемдену үшін тағы да сəтсіз жорық ұйымдастырды. Осы жағдайлар көрсеткендей тастан қамал соғып қаланы нығайту мəселесі күн тəртібіне қойылды.
XVI ғасырдың 80-жылдары (1582-1589) ағаштан салынған Астраханьның орнында «Мəскеу кремлінің үлгісімен» тастан қаланған кремль құрылысы салынады. Кремль жобасын М.Вельяминов пен Д. Губастый жасады. Бұл кремль XVII ғасырда қалмақ ханы Хоурлюктың шабуылына тойтарыс берген Ресейдің Мəскеу мен Смоленск бекіністерімен қатар аталатын күшті бекіністерінің біріне айналды.
XVI ғасырдың ІІ жартысында Астраханьның сауда жəне саяси орталық ретіндегі рөлі арта түсті. Шекараның кеңеюі нəтижесінде Ресей мен Орта Азия көрші болып, қарым-қатынасын одан əрі нығайтуға мүдделі болды. Ресей мен Орта Азия қарым-қатынасының негізін екі жақтың да экономикалық жəне саяси мүдделері құрады. Орта Азияның сауда-қолөнершілер тобы Ресеймен сауда қатынастарын дамытуға мүдделі болды. Себебі Ресейде ортазиялық тауарларға, əсіресе маталарға сұраныс жоғары болатын. Өз кезегінде ортазиялық хандықтарда Ресейде өндірілетін темір, мыс, қорғасын сияқты тауарларға сұраныс жоғары еді. Сауда қатынастарының дамуы дипломатиялық қатынастардың өсуіне ықпал жасады. Хиуа хандығынан Астраханьға алғашқы елшілік 1557 жылы барды. 1561 жылы Астраханьға Ташкенттен елші барды. Астраханьда болған көпестер өздерінің жүретін бағыттарын далалық жəне теңіз жолы деп анықтап алды. Теңіз жолы Астраханьды Каспий теңізі арқылы Манғышлақ жағалауларымен жалғастырды. Одан ары далалық жол арқылы Хиуаға барды. Хиуаға апаратын далалық жол Жайық өзенінің төменгі сағасындағы Сарайшық қаласы арқылы өтіп, одан əрі жол екіге бөлінді: бірі Сырдарияның төменгі сағасына, екіншісі Сарайшықтан оңтүстік-шығыс бағытта Үстірт арқылы одан əрі Үргенішке кетті.
Астраханьда Хиуа көпестерінің өз саудасы болды, сауда дүмбіршектері, тұратын сарайлары, тіпті жекеменшік үйлері де болды. Хиуа көпестерінің бір бөлігі осында тұрғылықты халық ретінде қалып қойып, осында орыс көпестері мен Астраханьға келетін ортазиялық көпестер арасында делдалдық қызмет атқарды. Сол арқылы Ресейдің Шығыс мемлекеттерімен саудасының дамуына үлес қосты. Хиуа көпестері Астрахань арқылы атақты Макарьев жəрмеңкесіне қатысқан.
Хиуа елшісі Ходжа-Мухаммадтың патша Феодор Ивановичке (1585 жыл) жазған елшілік хатында «Послано тауару: 200 дорог всяким цветом, 100 зенденей красных, да 200 зенденей всяких цветов, да 10 калей краски» деп жазылған. Сонымен бірге жеміс-жидек, көкөністер, қымбат бағалы тастар жібек жəне жартылай жібек маталар, кілемдер, төсеніштің түр-түрі, күріш, ешкінің қылы, ат əбзелдері тағы басқа тауарлар тасымалдады. Тауар түрлеріне қарап олардың транзиттік сипатын атауға болады. Жекелеген ауыл шаруашылығы дақылдарының Еділ бойы мен Астраханьға енуі мен егіле бастауы да кейбір жағдайда хорезмдіктердің қызметімен тығыз байланысты болды. Ал кейде керісінше, мысалы, картоп Хорезмге Еділ бойынан əкелсе, ал Хорезмнен өрік, жүзім, қауын сияқты дақылдар Еділ бойына жеткізілді. Бұл жалпы алғанда Ресей мен Хиуа хандығы арасындағы экономикалық байланысты нығайтты.
ХVІІ ғасырда Астрахань өлкесіне біртіндеп қоныс аудару басталды. Астрахань хандығы Ресейге қосылғаннан кейінгі ұзақ жылдар ішінде Қазаннан Каспийге дейінгі аралықта бірден-бір тұрғыны бар пункт Астрахань қаласы ғана болды. Тек ХVІІ ғасырдың 20-жылдарының соңына қарай Астрахань өлкесінде алғашқы бекініс қалашықтар пайда болды. 1627 жылы кішігірім Черный Яр бекінісі салынады, ол Астраханьнан солтүстікке қарай 250 верст жерде бой көтерді. 1665-1667 жылдары Астраханьды қорғау мен балық шаруашылығын күзету үшін шығыста Красный Яр бекінісі салынады. Сауда жолдарын күзету мəселесін алғаш рет ХVІ ғасырда алғашқы Астрахань губернаторларының бірі А.П. Волынский қолға алған еді. Алайда бұл мəселе губернатор В.Н. Татищев кезінде түбегейлі шешімін тапты. Ол тек губернатор ғана емес, ірі мемлекет қайраткері, атақты ғалым адам еді. 1742 жылы ол Астрахань өлкесіндегі құрылыс пен қоныстандыру жобасын ұсынады, онда Астрахань мен Черный Яр арасындағы сауда жолын нығайтуға баса назар аударылды. Дегенмен бүкіл ХVІІ ғасыр барысында мемлекеттік қазына есебінен тек төрт тұрақты қоныс салынды. Олар Иванчуг, Увары, Чаган, Камызяк.
ХVІІ ғасырдан бастап Астраханьда парсы, армян, үнділердің қонақ үйлері ашылып, сауда компаниялары ұйымдастырылды. 1649 жылы Астраханьда 26 үндісі бар Үндістандық қонақ үй ашылады. Көптеген үндістер Ресей билігін мойындайды. 1681 жылы үндістерге Астраханьда мəңгі тұруға, 1683 жылдан өлген адамдарын өртеу рəсімін жүргізуге рұқсат етілді. Астраханьда алғашқылардың бірі болып қоныстанушылар армяндар болды жəне олар Астраханьдық саудада ХІХ ғасырдың 30-жылдарына дейін басты рөл ойнады. Армян көпестері саудамен бірге, жібек пен мақта-мата шеберханаларында жұмыс жасаса, енді кейбірі мал шаруашылығымен айналысты. ХVІІІ ғасырда олар Астраханьда өздерінің үй-жайы, шіркеуі, қонақ үйлері болды жəне Персиямен сауда жүргізетін компаниясы болды. 1725 жыл 23 тамыздағы жарлықта армяндар, тіпті «ерте кезден бергі Астрахань тұрғындары» ретінде аталады.
Қаһарлы Иванның бұйрығымен Астраханьда «сарициндық дəнді», яғни күрішті өсіру қолға алынады. Алайда күріш егу кең тарамады. 1613 жылдан Астраханьда алғашқы жүзімдіктер пайда болды, бұл жалпы Ресейдегі алғашқы жүзімдіктер болатын. Жүзімнен мейіз, шарап, шəрбат жасады. І Петрдің тапсырмасымен Астраханьда жаңа бау-бақшалар егілді, бұған дейін де мұнда алма, өрік, жүзім тағы басқа түрлі жеміс-жидек өсірілетін еді.
XVII ғасырда Астраханьда атақты неміс ақыны Пауль Флеминг болып, қалада болғаны туралы естелік ретінде керемет өлеңдер жазып қалдырған. Голштинский посланник Адам Олеарий Астраханьда болып Кремльдің құрылысы туралы жазып қалдырған. Ол Астрахань бекінісін салуда қаңырап бос қалған Алтын Орданың екінші астанасы Сарай-Бату қаласының тастары пайдаланғандығы туралы айтады. Олеарий Ақ қаланың жоспарын сызып қалдырды (1636 жылы), ол Кремльге шығыс жақтан жапсарласа салынған екінші Астраханьдық бекініс. 1631 жылы ол тас мұнаралары бар қабырғалы болып, мұнда Астраханьның сауда-қолөнершілік өмірі өтіп жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |