Сартай батыр
(Жаужүрек мыңбала) туралы тарихи деректер не дейді?
Дулығалы дала перзенттері
Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға ыңғайлы боп тұрады.
Ахмет Байтұрсынов
Аңырақай шайқасында мың баладан қол жинап, жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен жаужүрек Сартай батыр туралы әр алуан пікірлер айтылып жүргені мәлім. Кейбір тарихшы ғалымдар Сартайды аңыздан құралған батыр десе, кейбірі оның шығу тегі мен жасаған ерлігін басқа батырға әкеліп тірейді. Ал шындығында Сартай кім, қайдан шыққан, ол туралы тарихи деректер не дейді? Міне, біз енді соған жауап іздеп көрейік. Зерттей келе Сартай батыр туралы тарихи деректерді екі топқа бөліп қарастырдық. Бірі ол туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер мен тарихи-жырлар болса, екіншісі Сартай батыр жайлы жазылған жазба деректер болып табылады.
Алғашқы дерек көздеріне Нұрмағанбет Қосжановтың «Мың бала» дастанын жатқызамыз. Онда Сартай батырдың азаттық қозғалыстағы қаһармандық ерлігі жан-жақты сипатталады. Осы шығармасы үшін ақын Нұрмағанбет Қосжанов 1930 жылы саяси қудалаудың нысанасына ілігіп, жазықсыздан 5 жылға сотталады. Саяси қудалау онымен тоқтамай, 1937 жылдың 29-тамызында Ақтөбе қаласының НКВД үштігі Нұрмағанбет Қосжанұлын «халық жауы» деп айыптап, ату жазасын кесіп, үкім сол жылы 4-қыркүйекте орындалады. Осыдан соң Сартай батыр бастаған шығармаға тыйым салынып, 70 жыл бойы айтылмай келді. Ақын Нұрмағанбет Қосжановтың Сартай батыр атты тарихи поэмасында мың баланың жасағын басқарған 15 жасар Сартайдың Әбілқайыр хан басқарған қазақ халқының әскерімен бірге Аңырақай шайқасындағы ерлігі жырланады. Тарихи жырдағы дерекке сүйенер болсақ, Сартай 1710-1711 жылдары дүниеге келген деп топшылауға болады. Сонымен қатар Сартайдың шығу тегін Арал өңірі қазақтарының шежірелік мәліметтерінде ол кіші жүз Әлімұлы тайпасының шекті руына жатқызады. Ақын З.Шүкіровтің жазып қалдырған шежіресінде Жаманақ / Шекті / Шыңғыс – Жақайым, одан – Ақбура, оның үлкен әйелінен – Абат, кіші әйелінен – Асан. Асаннан үлкен Асан және кіші Асан. Ал кіші Асаннан – Қосқұлақ, одан Байжан. Байжан бидің екінші әйелінен – қолбасшы, би, батыр Сартай шамамен 1711 жылы туып, ұзақ өмір сүріп, 1817 жылдың қыс мезгілінде қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы (бұрынғы Райым бекінісі жанында) Ақшатау елді мекенінде қайтыс болып, Қазалы ауданында жерленген. (Сартайдың атасы Қосқұлақ Асанұлы шамамен 1575-1580 жылдары туған. Көп жыл Ташкент, Хиуа, Бұхара жағында тұрып, би болған. Сонымен бірге елшілік қызмет атқарған, қазақ елінің сұлтаны Бабаның сөзін алып, Бұхарадағы өзбек ханы Абдаллахқа бірнеше рет барған (Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІІІ веков. Алматы, 1969. 248 с.). Елге келгесін тағы екі ұлды болған. Байжан және Мерген. Қосқұлақұлы Байжан би шамамен 1640-1650 жылдары туған. Байжан би З.Шүкіровтің «Сыр бойы» атты этнографиялық шығармасында Хиуа ханының бас биі болған. 1736 жылы Джон Кэстль өзінің күнделігінде Байжан бидің башқұрттар тұтқынынан босанған кезін көріп, шал екенін жазған).
Сартай батыр туралы жазба деректер 1732-1817 жылдары Ресей Федерациясының мұрағаттарындағы құжаттарда, оның ішінде қатынас хаттар мен сирек кездесетін әдебиеттерде ұшырасады. Алғашқы мәліметтер М.Тевкелевтің күнделігінде жан-жақты баяндалады. Тарихшы ғалым Г.Б.Избасарова өзінің «ХVІІІ ғасырдағы қазақ-башқұрт арақатынасындағы саяси және этникалық үрдістер» атты зерттеу еңбегінде «ХVІІІ ғасырдың 30-шы жылдарының басындағы аймақтағы ішкі саяси жағдайды жалпы сипаттауда Тевкелев «Күнделігінде» қазақ қоғамының дәстүрлі билеуші элитасы және оның сол кездегі неғұрлым көрнекті өкілдері (Әбілқайыр, Семеке хандар, Нұралы, Батыр, Нияз сұлтандар, т.б., Кіші жүз батырлары Бөкенбай, Есет, Құдайназар мырза, т.б.) туралы алуан түрлі мол мағлұмат келтірілген және бұл толықтай алғанда сұлтан, би, батыр және старшындардың әлеуметтік тобының негізгі мәртебелік сипаттамасын, көшпелі қоғамды басқару жүйесіндегі олардың әрқайсысының қызметтік рөлін және артықшылыққа ие боларлық сословиялық-корпоративті топтардың өз арасындағы және қатардағы қауымдас қазақтармен өзара қарым-қатынастарын белгілі бір мөлшерде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректерде А.И.Тевкелевтің Кіші жүз батыры Бөкенбаймен кездесуі, қазақ даласының үш жүзге бөлінетіні туралы, олардың хандары, шекаралары, қалалары бойынша мәліметтер жинақталған» деп көрсетеді. М.Тевкелевтің «Күнделігінде» Бөкенбай батырмен бірге, шекті руының батыр-билері Сырлыбай би, Баба би (Баби – Б.Е.), Байжан би және Байжан баласы Сартай батыр, Ақша батыр, Өтеп батыр туралы мәліметтер де кездеседі. Мәселе негізінен Кіші жүздің бірқатар руларының Әбілқайырдан ант қабылдатуға келген орыс елшісі, башқұрт Мәмбет Тевкелевке қарсылығынан туындайды. Соның ішінде Тевкелев Жаппас Баймұрат батыр мен Сырлыбай, Сартай бастаған шектілер тарапынан қауіпті қарсылықтарға тап болғанын байқауға болады. М.Тевкелев күнделігінде 1931 жылдың 3-қарашасында Ресей үкіметіне бодан болуға қарсы топтың қазақтарының (Шектілер – Б.Е.) шабуылына ұшырап, екі жақтың қақтығысында қазақтың бір ел ағасы (Жақайым Байқара батыр – Б.Е.) өлгенін, қазақтардың өзіне ештеңе істемей, тек 17 жылқы мен 3 түйесін тартып алғанын жазады. Ресей империясының сенімді өкілі М.Тевкелев бір жағынан жеке басын қорғап қалу үшін, екіншіден, Кіші жүздегі руаралық қақтығыстарды ушықтырып Сырлыбай, Баби, Байжан билер мен Сартай батыр бастаған шектілерге Әбілқайыр хан мен табын Бөкенбай батырды қарсы қою арқылы Кіші жүздегі патша үкіметінің отарлау саясатын жүзеге асыруда алғашқы қадам жасағанын аңғарамыз. Оған Тевкелевтің Кіші жүздегі 1731-1733 жылдардағы қызметі дәлел болады. 1731 жылдың 5-қарашасында Бөкенбай батыр мен інісі Құдайназар мырза жасағымен Тевкелевке көмекке келіп, қасық қаны қалғанша соғысып, оны шектілерге бермейтінін және орыс патшасына адалдығын айтады. Бөкенбай батыр мен інісі Құдайназарға Тевкелев осынау қызметі үшін 90 руб. түрлі тауарлар береді. 1731 жылы 8-қарашада Әбілқайыр хан, Бөкенбай және Қара батыр інілерімен бірге Тевкелевке патша ағзам үшін оны қорғайтынын және қарсы жақты тыныштандыруға уәде береді. 1731 жылы 10-қарашада Бөкенбай батыр Тевкелевке келіп қарсы жақты тоқтату (Сырлыбай, Сартай бастаған шектілерді Б.Е.) мүмкін еместігін ескертеді. 1731 жылы 13-қарашада Әбілқайыр хан ордасы Арал теңізінің жағасына көшіп барады. Тевкелев керуені де хан ордасымен бірге болады. Әбілқайыр хан құс салып аң аулауға Тевкелевпен бірге шыққанда Сырлыбай би бастаған шекті руының жігіттерімен қақтығысып, башқұрт Таймас батыр қолға түседі. 14-21 қараша аралығында Тевкелев Таймас Шайымовты құтқару мақсатымен шектілермен ымыраға келу үшін Нияз сұлтанды пайдаланады. 22-қарашада Тевкелев Әбілқайыр хан, Бөкенбай батыр және жаңадан ант берген 30 адаммен мәжіліс өткізіп, патша үкіметіне қарсы шекті руының биі Сырлыбайды көндіріп, Таймасты босатуын сұрайды. Нәтижесінде 24-қараша күні Дауымбай бек, Құдайназар мырзаның сұрауы бойынша қарсы топтың көсемі Сырлыбайды көндіріп, Тевкелевті құтқарып алады. Есесіне Сырлыбайға 100 руб. көлемінде сыйлық береді. Сонымен қоса Сырлыбай тағы да көйлек, жасыл кармазин шұғататар шапанын, бешпетін, тіпті Тевкелевтің үстіндегі күміс оқалы сары жібек күртесін шешкізіп алады.
1732 жылдың 6-наурызында ағайынды Қара батыр мен Бәйімбет батырлардан Ресей империясының бодандығына қарсы көптеген қазақтар Баба би (Баби – Б.Е.), Жантұма би, Исманбет би, Өтеғұл би, Байжан би, Майлы би, Өтеп батыр, Ақша батыр, Сартай батыр бастаған топ келе жатқанын хабарлайды. Ал осы хабарды Тевкелев 1732 жылдың 7-наурызында Бөкенбай мен Есет батырларға жеткізеді. Осы жылдың 9-наурызында Әлімұлы руларының ел ағалары Баба би мен Жантұма би көп адаммен Әбілқайыр ханның ордасына жақындап Тевкелевке екі кісі жіберіп: одан Баба бидің (Баби – Б.Е.) інісі Байқараны атып өлтірген башқұртты беруін немесе оның құнына қазақтың ежелгі әдет заңы бойынша (Байқараның құнына 100 жылқы, 1 сауыт, 1 құл, 1 қаршыға, 1 мылтық, 1 түйе) құн төлеуін сұрайды. Бұған қанағаттанбаса, кісі өлтірген адамға өлім жазасы кесілетінін, егер осы талаптарды орындамаса, Тевкелевтің аман кетпейтінін ескертеді. Бұған жауап ретінде Тевкелев: «қазақ заңы бойынша ұры үшін адал адамның жаны қиылмайды және ұрыға өтеу жоқ. Ал шекті руынан шыққан Байқара түн ішінде көп бүлік жасап, адамдарымызды ұрып-соқты, былтыр 1731 жылдың 3-қарашасында өзіне шабуыл жасап, 17 жылқы мен 3 түйесін тартып алғанын, қай мемлекетте болса да ұрының өліміне құн төлемейтінін, сондықтан Байқара өз жазасын тартқанын айтып, Баба би, Жантұма би, Сартай батыр бастаған шекті руының сенімді өкілдерінің талаптарынан бас тартады. Орыс елшісінің хабарын естіген соң, Баба би мен Жантума би және Сартай батыр бастаған шектілер он күн бойы елшілік қонысын қоршауда ұстайды. 1732 жылдың 21-наурызы күні түнде қарсы жақтың (Сартай батырдың серіктері Ақша мен Құл батырлар бастаған шекті руының жігіттері – Б.Е.) қазақтары жиналып, қарақалпақ жерінен шыққан башқұрттарға шабуыл жасап, тек Бөкенбай батырдың сарбаздарының көмегінің арқасында кейін шегінгені туралы жазылған. Істің шиленіскенін түсінген орыс елшісі Тевкелев шектілердің талабын қанағаттандырып, құнның көлемін 347 сом, 56 тиынға бағалап, ақшалай есептеседі.
М.Тевкелев күнделігінен саралай келе Сырлыбай би мен Сартай батыр бастаған шектілердің Тевкелев сияқты орыс елшілерімен қақтығысуы Ресей империясының Кіші жүздегі отарлау саясатына қарсы алғашқы азаттық қозғалыс болып табылады. Ресейдің елшісі М.Тевкелев өзінің «Қызметтік жазбалар күнделігінде: (1731-1733) «Кіші жүзде Шекті адам саны жағынан көп әрі әлеуметтік жағдайы мықты, әлуеті күшті ел» деп жазады. Академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев «Ресей елшісі М.Тевкелев пен Қазақстанның империяға қосылуын қолдаған Әбілқайырға қарсы Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай би бастаған қозғалысты, бір ұрыста оққа ұшқан Байғараны «азаттық үшін күрестің алғашқы құрбандығы» деп атады. Тевкелев бастаған топ елшілік деп аталғанмен, оның қарауында 500-дей қарулы казак-орыстар мен башқұрттар бар болатын. Шекті руының биі Сырлыбай елшілік пен хан әскеріне бір жылға жуық қарсылық көрсетті. Бұл қозғалыста Сырлыбай би жағында Сартай, Ақша, Жылқайдар, Жылқаман, Сырғақ, Байғара, Теке, Баби, Шеке батырлар, Әбілқайыр хан жағында тама Есет, табын Бөкенбай, қарақалпақ Оразай батырлар, Нияз сұлтан, башқұрт Таймас тархан, тағы басқалар болды. (Шектілердің шежіресінде Қожастың бес баласы болған. Олар – Баби, Сырлыбай, Байғара, Теке, Жамансары. Бұлар Сартаймен туыс болып келеді. Сартай Жақайымның Ақбурасынан тарайтын Асан руынан болса, Баби, Сырлыбай, Байғара Жақайымның Тоқбурасынан тарайтын Бердіңғұл руынан. Шекті руының биі Сырлыбай «Қыз Жібек» дастанында Жібектің әкесі ретінде де жырланады. Аталған тұлғалардың ұрпақтары Қызылорда облысының Арал ауданы мен Ақтөбе облысының Шалқар ауданын және Өзбекстан республикасының Қарақалпақ автономиялы облысын мекендеген. Қазіргі таңда олардың әрқайсысы рулы елге айналған).
Сырлыбай би мен Сартай батыр бастаған қозғалыстың тарихы Тевкелев күнделігінде, кейін ғылыми айналымға түскен еңбектерде, Ә.Кекілбаевтың «Үркер», Ю.Сергеевтің «Петербургский посол» романдарында егжей-тегжейлі жазылды. Бірақ заман ағымына сәйкес бодандыққа қарсы шыққан ерлер Тевкелевте «ұры-қарылар», тарихи құжаттарда «қарақшылар», Ю.Сергеевте «есерсоқ-бұзықтар» болып көрсетілген. Бұл қозғалыс қазақ тарихшылары тарапынан өзінің лайықты бағасын ала алмай келеді. Сол қозғалыс кезінде Сырлыбай, Сартай бастаған шектілер тұтқынында болып Тевкелев құн төлеп басын босатып алған башқұрт Таймас батыр екі жылдан соң 1733 жылы 3000 әскермен Кіші жүзге жорыққа аттанып, алғашында Торғай даласында жайбарақат отырған шекті елін біраз шығынға ұшыратады. Бірақ Сартай, Жылқаман батырлар дереу қол жинап жаудың бетін қайтарады. Бұл жайлы И.Крилов 1734 жылы 1-мамырдағы патшайым Аннаға жолдаған ақпаратында жазады.
Сартай батыр туралы деректердің келесі тобына Гарбердің орыс патшасы Аннаға жазған рапорты жатады. Оқиға Гарбердің рапорты бойынша Арал теңізінің солтүстігінде болады. Орыс патшасының жарлығымен Хиуаға Гарбер керуені ұйымдастырылады. Керуеннің басты мақсаты қару-жарақ беріп, хиуалықтарды Әбілқайырға еріп патшаға ант бермеген, Сырдарияның құяр сағасы мен Арал теңізінің солтүстігін мекендеген шекті руына айдап салу болатын. ХVІІІ ғасырдағы Кіші жүз тарихын зерттеуші М.Вяткин Тәуке хан өлгеннен кейін қазақ қоғамының ішкі басқару жүйесі дағдарысқа ұшырап, соның ішінде Әбілқайырдың билігі де Кіші жүзде толық тарамай, Шекті руының Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі бойының арасын қыстаған общиналарын дұрысында сұлтан Батыр билеген. Бұл сұлтан Әбілқайырға жау Жәдіге сұлтан тұқымынан шыққан адам деп көрсетеді. Жергілікті журналист Ө.Жолымбетов «Әбілқайыр ханның басты бақталасы Батыр сұлтанның түркімендерге қарсы жорыққа аттанғалы жатқанынан білген Гарбер керуені Хиуа жеріне жөнелтіледі. Осы жайтқа хабардар болған Сартай батыр бастаған шектілер, Батыр сұлтанның әскерінен бөлініп, Гарбер керуенінің жолын тосып, оған тосқауыл қойып, керуенге артылған жүктің жартысы жерлерінен өткені үшін баж салығына және Тевкелевке қарсы қозғалыс кезіндегі шығынның өтемінің есесіне алынады да, Ресейде жасалынған Хиуа мылтықтары мен оқ-дәрілер түгел тәркіленеді. Бұл оқиға патшайым Анна Ивановаға жетіп, ол 1732 жылы 7-қазанда Әбілқайыр ханға хат жазады: «Киргиз-қайсақтардың» жүгенсіздігі айтылған осы хатта «…получены здесь извести, коим образом киргиз-кайсаки, противно своему обещанию и присяге быть в верном подданстве, полк артиллерии нашей Гарбера и отправленной с ним в Хиву и Бухару купеческой караван разграбили и в нем людей и подданных наших до смерти побили» дей келіп ханға: «…все погребленные из каравана сыскать и возвратить, и участников того воровства наказать и вперед от таких противников поступков унимать и жить как добрым и верным подданным принадлежить»[ Казахское-русское отношения в ХVI-ХVIII веках. Т-1. Алматы, 1961.] деп талап қояды.
Сартай батыр жайлы деректердің мол шоғыры ХVІІІ ғасырдың 80-90 жылдарымен тұспа-тұс келеді. Кіші жүздің Сырым Датов, Қаратау би, Софы би, Бөдене би, Тормамбет би, Сартай би және тағы басқа елуден астам би-батырлары 1785 жылдың 21-шілдесінде Екатерина ІІ патшайымға Нұралы ханды тақтан түсіру жөнінде өтініш жазады: «Ее, величеству всемогущей великой императрице и самодержице всей России и прочих, и прочих краев повелительнице, государыне Екатерине Алексеевне. Аксакалов и всего верноподанного ее величества народа Малой Орды киргиз-казахского журта прощение. Мы, простой народ Малой Орды киргиз-казахского журта, люди все, исключая хана и начальство, совершающие набеги на российский журт в гневе на Нур-Али хана в виду его дурного отношения к российскому журту и не совершающие набегов, – все в одинаковом положении и с равным единодушием единодушно обещали: ни в коей мере не оспаривать и не сопротивляться повелениям и ярлыкам ее величество падишаха, если будут отстранены от ханства дети Абулхаир хана и не будут приниматься во внимание все письма Нур-Али хана. При этом условии мы все старосты и весь народ Малой Орды обещаем повиноваться и потому признаем величие журта ее и. в. и будем исполнять ее волю, а падишаха, ее величество, признаем милостивой и милосердной. Признаем, что происходившие до сего времени у нас с вами взаимные перестрелки и набеги (возникали) по причине губительных действий Нур-Али хана, из-за его честолюбия и жадности. Он (причинил) бесконечное и бесчисленное множество подлостей как киргиз-казахскому журту, так и журту России. Знает ли ее величество падишах об этих его предательствах? Возводить такого предателя в ханы и правители, не зная о том, едва ли уместно. Если вы не отстраните детей Абулхаир хана от ханства, у нас с вами не будет мира и спокойствия, не потому что мы терпим от падишаха что-либо худое, а в виду злодейство хана. Поэтому мы единодушно решили не вести с вами переговоров и не заключать мира, до тех пор (пока он не будет отстранен). Прежнее наше условие с вами было нарушено жадностью хана, а настоящее он нарушит, если не будет изгнан из нашей среды. В случае, если вы примете настоящее условие, просим освободить всех находящихся в ваших руках пленных и заложников; в особенности и прежде всего пришлите, сделав милость, Шукур-Али, который был торговцем на Белом базаре и хорошо знает способы успокоения нашего журта. При этом мы отправили посланными от народа следующих 5 человек: муллу Шафибахадура, Абдуллатифа Бухари, Искендербая, Мажан бахадура и Женкибая. За неимением у нас, киргиз-казахов, печати, мы поставили имена всех аксакалов на месте печати.
Рода Шекты: Кудаш бий, Сегизбай, Баиш бий, Нурбай бий, Сартай бий, Жан-Сары. Рода Торткара: Отябас бий, Кара-Кобек бий, Тилбай бахадур. Рода Каракесек: Айдарбек, Кара-жан бахадур. Рода Шомекей: Арсланбай бахадур, Актан бий. Рода Кете: Коккоз бий, Макул бахадур, Отеп бахадур. Рода Алаш: Азамат бий, Сафар бий, Отевли бий. Рода Серкеш: Тормамбет бий, Есен-Аман бий, Косем бахадур, Жаркын-бай. Рода Тазлар: Колжабай. Рода Ысык: Берды-Али бий, Каратау, Косек-бай…»
Өтініште Сартай бидің есімі жазылған. Бұл хатты сол кездегі Кіші жүздің пірі болған Әбдужәлел Қосымқожаұлы мен Сырым батыр бекіткен [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828гг.) – М-Л., 1940. - Т.4. – 543 с.]. Сартай батыр жайлы келесі деректерді барон О.А. Игельстром реформасындағы құжаттардан табамыз. 1787 жылы қыркүйек айында Хобда өзенінің бойында Орынбор генерал-губернаторы барон О.А.Игельстромның ұйымдастыруымен Кіші жүз елінің старшындарының жиналысы өтіп, онда генерал-губернатор О.А.Игельстромның Кіші жүз елін Қаракесек, Байұлы және Жетіру аталықтарына, яғни үш ордаға бөліп басқару туралы ұсынысы қабылданады. Старшындар мен халықтың жалпы жиналысы әрбір «басты орданы» басқаратын старшындарды сайлайды. Қаракесек руына – Сегізбай би, Байұлына – Тормамбет би, Жетіруға – Тіленші батыр старшын болып бекітіледі. Жаңа сайланған старшындарға барлық рудың үстінен қарау міндеті жүктеледі. Осы жиналыстың өтуіне басты себепкер болған, халық алдында зор беделге ие болып, Нұралы ханға басты қарсылас бола білген Сырым батыр үш орданың да кеңесшісі болады. Дегенмен, жаңа сайланған старшындар басқару реформасын патша әкімшілігі ойлағандай жүргізе алмайды. Бұны қазақтарға белгілі билердің сайланбауынан көрген генерал-губернатор О.А. Игельстром өзінің реформасына қосымша енгізеді. Барон О.А.Игельстром патшайым Екатерина ІІ-ге жазған мәлімдемесінде: «…басқаларға қарағанда өздері артықшылық халде боларлықтай қызмет жүктеу қажет» екенін білдірген. 1787-1789 жылдар аралығында сайланған тексеру-басқару старшиналығына Қаракесек тайпасына (Әлімұлына) Сартай би, Қаракөбек би, Мұратбек би, Байұлына – Сырым батыр, Қаратау би, Жетіру әулетіне – Тіленші мен Жанболат батырлар тағайындалады. Бұдан басқа Сырым батырға «тархан» атағы беріледі. Бұл жиналысқа патша әкімшілігінің өкілі, сарай кеңесшісі А.Бекчурин мен Орынбор губерниясының бірінші ахуны, муфти Мухамеджан Хусаинов та қатысады. Осы жиналыстан кейін старшындар өздері басқаратын рудың қожалықтары атынан патша ағзамға, оның өкіметіне адал болуға ант қабылдайды. 1786-1787 жылдардағы орыс-қазақ қатынастары атты құжаттар жинағында, осы жылғы ант беру құжатына басқа билермен қатар шекті руының он мың үйі атынан Сартай бидің де ант бергені туралы жазылған[Вяткин М.П. Батыр Сырым (Освободительное движение в Казахстане в конце ХVШ в.). – М-Л.: АН СССР, 1947. -392 с]. 1787-1791 жылдары Түрік елі Бұхара хандығын Ресей империясына қарсы көтеру мақсатында хат жолдайды. Осы жылдары Осман түріктері мен Ресей империясының арасында соғыс жүріп жатқан болатын. Ал Бұхара хандығы Ресей империясымен көршілес жатқан Кіші жүз қазақтарын осы соғысқа араластырмақшы ниетпен басты-басты билерге, батырларға хат жібереді. Ол хатта: «Храбрым воинам, биям и старейшинам Сарытай-бию, Сырым батыру, Шукурали бию, Садырбеку, Барак батыру, Даждан батыру мир и благославение, а потом слово наше. Слава Вышнему Богу. По милости Его Святой все наши дела текут благополучно. Одна только у нас скорбь: недавно от православного турецкого государя, наместника божия, прибыл к нам посол с грамотою, извещающею, что неверные россияне со всех сторон собирались и соединясь с семью европейскими державами против турецкого государя, выступили поход. А как вы живете к россиянам ближе, нежели мы и следовательно, сражаться с ними умеете лучше нас, то мы предлагаем всем рабам Божим и последователям Мухаммеда, уповающим на ходатайство Пророко нашего, соединиться с войском турецким делами и духом и отправиться на поражение неверных, за что великую мзду получить можно. Если же кто в том походе упустит нанести неверным возможный удар, тот имеет опасаться от Бога жестокого гнева и на ходатайство Пророка нашего да не уповает. Впрочем, просим словесному объявлению посланного дать веру». «Слышим мы, что у вас, казахов, собственных мудрецов или ученых людей нет; почему никак не можете исполнить узаконений Пророка нашего. Поелику же господь Бог всем народом повелел знать учение его и сообразуясь с оным молиться, содержать пост и давать милостыню из имения своего, то познание грамоты для чтения книг принадлежит к богослужению. У нас ныне находится источник мудрости: ибо из всяких народов, а именно из узбеков, таджиков, арабов и туркменцев много есть учащихся в школах наших, а от вас, народа столь многочисленного, не находится ни одного ученика. В Коране Пророк наш предписал, чтобы всякий правоверный, не только муж и жена, но и малые дети учились закону, боялись Бога и когда в состоянии найдутся, то друг друга увещевали бы, а потому советуем вам прислать сюда из всякого рода по два или по три человека для научения. Ежели увещаний ваших не послушают, то силою возьмите от всякого рода по два или по три человека. Пропитание им будет от нас. Когда же они окончат учение и сделаются сведущими в законе, то возвратятся в дома свои с правилами благочестия, с привычкою к молтиве и посту. Если же вы, народ казачий, имея возможность исполнить наше предложение, оставите оное без исполнения, то сделаетесь на сем свете изменниками Богу, а в день Воскресения будете гореть в адском огне. Ежели бы мы сей истины вам не предложили, то сами заслуживали бы в сем свете название неверных, а в будущем подвергли бы себя вечному адскому огню. Впрочем, с нашим почтением пребываем. Лета 1202 от Эгиры, (или 1788 от Рожд. Христова)». К письму сему приложена была чернильная печать бухарского аталыка (первого министра) Шаг-Мурата [Левшин А.И.Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд степей. – Алматы: Санат, 1996. – 656 с.]. Бұхара хандығынан Кіші жүздің батыр-билеріне хат келгенінен хабар алған генерал-губернатор О.А. Игельстром шекті еліне, Орта Азия хандықтарымен шекаралас жатқан төртқара, шөмекей руларының арасына құпия мәлімет жинау үшін жауапты тапсырмамен Орынбордың мүфтиі Мухамеджан Хусаиновты бірнеше рет жібереді. Көне ноғай жолымен Арал теңізінің жағалауын бойлап, Сырдария өзенінен өтіп, Қызылқұмдағы төртқара, шөмекей руларын аралаған М.Хусаинов Бұхара, Хиуаға дейін сапар шегеді. Орта Азия хандарымен астыртын сөз байласқан М.Хусаинов өзбек хандығын қару-жарақпен жабдықтап, қазақтарға айдап салмақ болады. Татар купецінің баласы М.Хусаиновтың сапарының жиілеуінен күдіктенген Сартай би Сыр шектілерін көтеріп, 1790 жылы М.Хусаиновтың керуенін тонап, өзін Ресейге кері қуады. Бұл оқиға туралы Ералы сұлтан 1794-жылғы 4-қаңтарда Екатерина ІІ-ге жазған хатында мәлімдейді [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828гг.) – М-Л., 1940. - Т.4. – 543 с.]. Сартай Байжанұлы туралы жазба деректердің соңғысы 1817 жылдың 16-тамызында кіші және орта орда билерінің патша ағзамға жазған мәлімдеме хатында Шерғазы Айшуақұлын өздеріне хан етуді ұсынып, ол турасында дәйекті деректерді алға тартқан жүзден астам билер қол қойған. Міне, осы хаттағы тізімде 21-ші болып, «мен Сартай Байжанұлы өзімнің мөрімді бастым» деген сөздер бар. Сонымен қатар бұл құжатқа Сартайдың баласы Жабы да қол қойған. [Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828гг.) – М-Л., 1940. - Т.4. – 543 с.].
Ел аузындағы аңыз әңгімелерде Сартай Байжанұлының қарақылды қақ жарған би, елін қорғар батырлығымен бірге діни сауаттылығы және әулиелік қасиеті де айтылады. Сол аңыздардың бірінде Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би, ақын, дала данагөйі, пәлсапашы Мөңке би өлерінде «жаназамды жақайым Байжан бидің баласы Сартай би шығарсын» деп аманаттайды. Арал өңірі халықтарында сақталған аңыздардың бірінде, «Қосым қожа, төртқара Дәулет бақсы, жақайым Сартай батыр үшеуі Қызылқұмның құмында келе жатып, алдарынан шыға келген қоян бұлардан үрікпей, арқан бойы жерде көрініп тұрған сексеуілдің түбіне жата кетеді. Сонда ат тізгінін тежеген Қосым қожа «Менің өлгеннен кейінгі бейітім – анау қоян жатқан жер. Сен Сартай оң жағыма, Дәулет сол жағыма жайғасарсыңдар» депті. Жасы ұлғайып, қартайған Сартай батыр бабамыз дүниеден озар шағында ағайын-туыстарымен қоштасып: «Мені Қызылқұмдағы Қосым қожаның оң жағына жерлеңдер» деп өсиет айтады. Қазіргі таңда Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Қызылқұм жақ бетінде Қосым қожа, Даулет бақсы және Сартай батырдың қорымы бар. Шежірелік мәліметтерге сүйенсек, Сартай батырдың қазақ, башқұрт, қарақалпақ, қалмақ әйелдерінен алған төрт әйелі болған. Бабамыздың қарақалпақ әйелінен Мұса, Дүйсе атты екі бала туады. Мұсадан Мәукен, Мәукеннен Жұмахмет туады. Жұмахмет Мәукенұлы 2001 жылдың наурыз айында Арал ауданының Шижаға ауылында дүниеден өтеді.
Қорыта келе, ХVІІІ ғасырда қазақ қоғамында, оның ішінде Кіші жүзде өзіндік ықпалы бар шекті руының биі әрі батыры Сартай Байжанұлының қоғамдық-саяси қызметін тарихи тұрғыдан талдап, оның Қазақ тарихындағы алатын орнын көптеген дерек көздері арқылы ашып көрсету үшін зерделі зерттеу жүргізу қажет. Ол үшін Сартай батырға қатысты Ресей Федерациясы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты мен Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты қорларындағы құжаттармен танысып, ғылыми негізде саралау керек.
//Ана тілі.-2013.- 6 маусым.- 6-7б.
Достарыңызбен бөлісу: |