Мазмұны ғаббасов 2-15 бет. Болғамбаев 16 Бірімжанов Ғазымбек



бет12/19
Дата25.02.2016
өлшемі1.72 Mb.
#20255
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19

22- 24- жылдар арасында жазылған «Табалдырық» платформасын білмеймін және «Алқа» үйірмесіне менің қатысым жоқ. Мен ол кезде Ташкентте емес, Петропвловскіде болатынмын. Сәдуақасовпен, Бөкейхановпен, Мұрзинмен, Омаровпен және Байтұрсыновпен қосылып қандай қағазға қол қойғаным есімде жоқ. Егерде қазақ әліппесі туралы болса, онда менің бұған тікелей қатысым шамалы, өйткені мені әріп түзумен айналыспаймын, оған икемім де жоқ. Бұл қол менің қолтаңбама ұқсамайды (қазақ әліпбиі туралы халыққа жолданған үндеу хат –Т.Ж.).

Сіздің 21-22-жылдары Ташкентте өткен Тынышбаев, Досмұхамедов және басқалар қатысқан жиналыс туралы тіпті естісем бұйырмасын. Заки Валидовтің кім екенін де білмеймін, өмірімде ол туралы естіп көрмеппін. Әділевті естуім бар, бірақ өзін көрмеппін».

Бұдан кейін 1931 жылдың 15 қыркүйегі күні тергеуші оған түрлі тақырыптарды атап ұсынып, соған жауап беруді талап еткен. Сурет көрсетіп, олардың кім екенін сұрайды. « Жоқ, мен бұларды білмеймін. Мен Әділевті үйіне ауырып келгенде ғана көрдім» - дейді. Алайда келесі жолдағы хатқа түскен сөздер кілт өзгеріп сала береді. Айыпталушының алдыңғы тергеудегі кесімді сөздері жұмсарып, айыбын мойындауға көшкен. Бұған қарағанда арадағы үзіліс кезінде қысым көрсетіліп, қинау жасалған сияқты. Оны мына жауаптың мәнерінен де байқауға болады:

«Мен қазір бұрын жасырып келген жайлардың бәрін де сізге айтып беремін, жолдас милиционер. Шындығында да 22-жылы Ташкенттен Бөкейхановқа беруге арналған хатты алдым. Онда ешқандай адрес көрсетілмеген және ол ауылда жоқ дегенді естідім. Хатты тапсырғым келмей жыртып тастадым. Онда Ташкенттегі ұйымның жай-жапсары айтылған сияқты. Хат жөнінде мен Әбікей Сәтбаевқа, Хасен Ақаевқа және ...(аты толық танылмады –Т.Ж.) айттым. Кейіннен білдім, Бөкейхановқа арналған хаттың мазұны туралы жергілікті адамдардың барлығы естіп алыпты».

ДІНМҰХАМЕД ӘДІЛЕВ

«Ахмет Байтұрсынов...» деген тергеу ісінің алғашқы бетінен басталатын Дінше Әділевтің көрсетінділері «Алашордашыларға» қатысты барлық томдарда кездеседі және мазмұндары өте ұқсас, әр жазбасында алдыңғы мәліметтеріне толықтырулар мен түзетулер жасаған. Іске тартылған 71 адамның әр қайсысының ұлтшылдық көзқарасы мен ұйымға қатысы туралы берілген мінездеменің кей тұстарындағы жекелеген сөздер мен ой оралымдары болмаса жиырмадан астам көрсетінділердің барлығы бірін-бірі қайталайды. Жауаптары тым ұзақ әрі шұбалаңқы. Жазу мәнері де ретсіз, жатық емес. Оқиғаларды шашыраңқы, ілгері – кейінді баяндаған. Сол қалпында пайдалаудың еш мүмкіндігі болмады. Сондықтан да оның түрмедегі көрсетінділерінің бәрін жинақтап, оларды өзара салыстыра отырып бір ыңғайға, бір ізге түсіріп баяндап беруге ұмтылдық. Онсыз айыпталушының қай сөзі шын, қай сөзі жалған, қай оқиғаға нақты кімдер қатысқанын ажырату мүмкін емес. Сонымен қатар әр көрсетіндіде әр түрлі мінездеме берілген, бірдесол оқиғаға тіелей қатысты десе, бірде еш қатысы жоқ деп көрсеткен және жалпы тергеу ісіне қатысы жоқ адамдардың аттарын назардан тыс қалдырдық. Өйткені олардың «не айыпкер, не айыпкер емес» екеніне саралау барысында толық көз жетпеді. Бұл онсыз да шырғалаңға толы істі одан әрі шырма шату етіп жіберуі мүмкін деген күдік келтірді. Алашордашыларға қарсы тергеу ісіндегі басты айыпталушы, басты көрсетуші, «басты куәнің» бірі болғандықтан да оның жазғандарын тұтастай мазмұндап беруге мәжбүр болғанымызды ескерте кетеміз. Сондай-ақ кейбір қысқа қайырылған, тергеуші мен жауап берушінің өздеріне ғана мәлім жайлардың астарын қосымша түсініктеме арқылы жеткізуге тырыстық.

Жалпы Дінмұхамед Әділевтің тергеу барысындағы жауаптары негізінде түрмедегі адамның психолгиялық жанталасы мен ашынуы, қасарысуы мен мінезінің сынуы, шындық пен сыр жасырудың арасындағы көрінбейтін қызыл сызықтан қалай аттағаны, бостандықта қасиетті көрінетін құндылықтардың қапаста мәнін жоюы, ұстамдылық пен төзімнің шегі, арбау мен арбалу түйсігі, өмір мен өлімнің арасындағы ант мезгіліндегі сана жанталасы, парасат пен парықтың жігінің ажыратылуы, қысым мен бопсаға шыдауы сияқты құпия құбылыстар туралы жанжүйесіне қатысты зерттеу жүргізуге болады. Әрине, жетіскен тақырып емес. Бірақ та өзін күрес жолына дайындаған, оқ пен оттың арасында өмір сүріп, өлім мен өмірдің шекарасында жанталасқан жандардың жан құпиясы да тылсым бір құбылыс. Д.Әділевтің тергеудегі әр жолғы көрсетінділепінде сондай мінез бар. Тек үш жылдық қысым мен қинаудан, ұстамалы дерттен әбден зықысы шыққан азап иесінің соңғы тергеулердегі жауабынан оның шындық пен қиялдың ара жігін ажырату қабілеті тұмандана бастағаны анық аңғарылады. Және ол өзін ақтайтын қандай да бір дәйекті келтіргеніне қарамастан оны тек қана ату жазасы күтір тұрғанын білген. Ең бірінші тергеу көрсетіндісі мен ең соңғы өсиетті көрсетіндісіне дейін бұл көңіл-күй оның құлақ күйіне айналып, үнемі санасында жаңғырып отырған. Ол өзінің барлық көрсетіндісін:



«Мен осы арада қара басымды ақтау үшін емес, мен өлімнен қорқытпаймын, мәселені ашық айту үшін шағын шегініс жасай кеткім келеді. Шумилов мені ұстаған кезде не істеймін деп біраз дағдарып қалдым. Қарсыласып, атысу ойыма да келген жоқ. Өмір туралы емес, өзіме – өзім қол жұмсау туралы ойладым. Сол сәтте мен өлімге философиялық тұрғыдан қарап:

«Өтпелі жалғанда мәңгілік мағына беретін шақтар болады. Біреу ерте өледі, біреу қартайып өледі, орта жастағы біреулер кездейсоқ оққа ұшады. Ал мен туралы үкіметтегілер бандиттерше ажалын тапты деуі де мүмкін ғой. Өзіме-өзім қол салсам көргендерім мен білгендерім, қаншама беделді адамдардың ортасында жүргенде ойға түйгендерім, қаншама құпия жайлар өзіммен бірге қоса кетеді. Екі өлім жоқ, ажал тура келсе құтылу да жоқ . Мені ешкімде жазғыра алмас. Не де болса, істің ақыры қалай қарай бет алатынына қарамастан, барлық шындықты жасырмайын. Ажалдан қорықанша ақиқатты айтып өлейін» - деп ойладым деген мағынадағы толғаныспен бастап отырған.Мұндағы басты демеуі:

«Барлық жағдай баяндалып болғаннан соң менің соттаушыларым маған: белгілі бір ортаның арасында орнын таппай қаңғып жүрген қайдағы бір қылмыскер немесе бұзық адам ретінде қарамайды деп түсінемін» - деген әлсіз үміт болатын.

Алайда оның бар ішкі сырын қырындысына дейін қалдырмай қырып алған соң, тергеушілер оған «мағынасы жойылған, берері таусылған қаһарман» ретінде қарап, өзге айыпкерлермен бірге Мәскеуге айдауылмен апарудың қажетсіздігін айтып, оны Алматыдағы түрмеде қалдырып кету туралы шешім шығарған. Бірақ ол пікірмен мәскеулік тергеушілер келіспеген. Бутыркаға «шақыртып алған». Ол өзінің «аса мағыналы әрі құпия мен хикаясы көп өмір жолын бұдан әрі былай баяндайды:

«Әрине, менің қылмысым ауыр. Бір кезде коммунистердің сапында қолыма қару алып майданда соғыстым (Ол туралы кейін жеке айтамын). Содан кейін контрреволюциялық әрекеттермен айналыстым. Менімен байланысы бар адамдар жауапқа тартылатыны сөзсіз. Енді, міне, түрмеде отырмын. Егерде партия мен үкімет, жауапты қызметкерлер маған үміт артып, кешірім жасаса, тірі қалдырса, онда менен келешекте жаңа өмірге жақсы лепес әкелетін жақсы азамат шығады деп үміттенемін. Мен өзімнің ойымды жазып қалдыруға мүмкіндік бергендерің үшін де ризамын. Өйткені мен бандит ретінде емес, рухани деңгейі жоғары, социалистік қоғам құрылысына белсене араласқан адамдардың санатында жазаға тартылып отырмын.

Осыдан кейін атылып кетсем де өкінбеймін. Өкінетін де ештеңе жоқ. Ана жақ та (алашордашылар – Т.Ж.), мына жақ та (большевиктер – Т.Ж.) бетіме түкіріп отырғанда несіне өкінемін. Екі жақ та мені табалайды. Менің барар жер, басар тауым жоқ. Енді өлімнен қорықпаймын. Өлімнен қорыққан адам мұндай көрсетінді бермес еді. Мен қолымда қару тұрғанда өз еркіммен берілген адаммын. Егер мені өлім жазасына кессе, өлімді қасқайып тұрып қарсы аламын. Қандай азап күтіп тұрса да, маған бәрібір, мен нағыз азаматтар сияқты қайыспай көтеремін».



Алғашқы тергеулерде өзін-өзі өр ұстаған азамат кейін қинау мен ұстамалы дерттің нәтижесінде жасыған. Үш жыл бойы үздіксіз тергеу астында болған Дінше Әділевтің көрсетіндісімен 71 адам тұтқындалып, жауапқа тартылды. Ол, мүмкін, кейін «өз атын тарихта қалдырудың осы жолын таңдағанына» өкінген де шығар. «Екі жаққа да сүйкімім кетті» деген сөзінен сол көңіл-күй анық аңғарылады. Біз Д.Әділевтің тек 1928- жылдың соңғы күндері мен 1929-жылдың алғашқы айларында берген көрсетінділерін ғана негізге алдық. Ал 1931-1932 жылдардағы айғақтарының ішінен 1930-жылы тамыз бен қыркүйек айларында тұтқындалған Мұхамеджан Тынышбаевтың «қылмыстық тобы» туралы көрсетінділерін аса мұқиятты түрде қарап шығып, шындыққа жанасымы бар-ау деген тұстарды ғана іріктеп алдық. Өйткені Қазақ ССР жоғары сотының 1988 жылғы сәуір айындағы үкімінде айтылғанындай Д.Әділевтің бұл кездегі көрсетінділері өте ұшқары, сөйлемдердің өзі өзара байланыспайды, пікір қайшылығы көп, өзін-өзі астыртын ұйымның көсемі ретінде көрсеткен ыңғайда жазылған. Зады түрмеде жатқан бұл жылдары Дінмұхамедтің жүйке ұстамасы асқынып кетсе керек. Тіпті астыртын ұйымның сызбасын да жасаған. Ол, әрине, шындыққа жанаспайды. Астыртын ұйым жұмысына барынша қанық, патша жандармереясының тұсында «сынақтан» өткен алаш қайраткерлері ондай аңғалдыққа бармағаны анық. Алдыңғы тергеумен кейінгі сұрақ-жауаптардың ұзын ырғасы ұқсас. Дегенмен де Д.Әділевтің ойын және түрме психологиясын толықтай жеткізуге тырысу мақсатында оның бірінші көрсетіндісі мен 1928 жылы 27 желтоқсан күнгі екінші жауабының стенограммасын үйлестіре мазмұндаймыз.

«...Ол кезде Қазақ орталық атқару комиссариятында орыс коммунистері мен қазақ қызметкерлерінің арасында үлкен талас болатын. Әсіресе Смағұл Сәдуақасовтың мәселесіне қатысты үлкен айтыс туды. Соған орай халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Радус-Зенкович және партия комитеттің хатшысы Кулаков Қазаткомның біріктірілген мәжілісін өткізді. Күн тәртібінде ұлттық кадрларды қызметке тарту мәселесі талқыланды. Біз: үкімет ұлттық мүддеге нұқсан келтіретін колонизаторлық өктемдік саясат жүргізіп отыр, жергілікті қызметкерлерді қасақана шеттетуде – деген пікірді ұстандық. Меңдешев, Байтұрсынов, Бөкейханов, Биахмет Сәрсенов сол тұрғыдан сөйледі. Мәжіліске мен де қатыстым. Кулаков бірінші боп сөйледі. Мен оны сол мәжілісте алғаш рет көрдім. Ешкімнің атын атап айтпағанымен де ол қазақ қызметкерлерінің арасындағы ұлтшылдықтың басым екендігін, сондықтан да кейбір қазақ қызметкерлерінің қызметтен кетуін талап етті. Олар өзара ұйымдасып алған екен. Біздің де оларға қарсы тұруымызға тура келді. Смағұл Сәдуақасов Кулаковқа қарсы екпіндей сөйлеп: мүмкін қазір бізге төрағалық етіп, бұйрық беріп отырған бұрынғы патшалық жерге қоныстандыру бөлімінің қызметкері шығар – деген пікір айтты.Содан кейін мен шығып Кулаков пен Радус-Зенковичті сынадым. Өзге сөйлеушілер де сынады. Қазақ қызметкерлерінің қолдауы нәтижесінде Сәдуақасов барынша көп дауыс алып, жеңіп шықты. Кулаков қызметінен алынып, Орал аткомына ауысты. Кенжин: сен де бізге мойын бұрыпсың ғой деп маған іш тартты. Бірнеше күннен кейін Кулаков маған келіп Орал қаласына іссапарға рұқсат беруді сұрады. Мен ол кезде уақытша ішкі істер министрінің міндетін атқаратынмын. Рұқсат бердім. Содан қайтып Кулаковты көрген емеспін. Содан бастап менің жолым «Алашордашылармен» тоғыса берді.

Беделді, ықпалды бөлім қызметкерлерімен, соның ішінде Ахмет Байтұрсыновпен Болғанбаев арқылы таныстым. Бұрын оларды аз білетінмін. Омаров, Бөкейханов, Сәрсенов, Болғамбаев, Ақаев барлығымыз бір жатақта тұрдық, бірге түстеніп, кешке бірге тамақтанып, жиі-жиі бас қосып жүрдік. Олар жақсы бөлмеде тұратын. Ол кезде азық-түлік тапшы болатын. Ақаев ауқатты тұратын, бәріміз соның бөлмесінде жиі бас қостық. Мен ол кезде астыртын ұйымның бар екенін білмейтінмін. Менің түсінігім бойынша идеологиялық тұрғыдан бір–бірімізге жат емес сияқты болатынбыз. Ұлтшылдардың ортасына түскеннен кейін бір-бірімізге сақтықпен қарай бастадық.

1921 жылы наурыз айында кешке қарай алашордашылардың бас қосуына келдім. Бөкейханов, Биахмет Сәрсенов, Елдес Омаров, Хайретдин Болғамбаев, Байтұрсынов және мен қатыстым. Мен осы бес адамның болғанын бес саусағымдай анық білемін. Байтұрсынов жұқа қағазға химиялық қарындашпен өте кіші араб әріптерімен жазылған Валидовтің хатын оқыды. Арасында цифрмен белгілеген щипрланған (құпияланған – Т.Ж.) сөздер бар. Щипрлы жазуды бұрын көрмеппін. Оның кілтін тек Байтұрсынов қана білетін. Ол кезде Заки Валидов Бұқарада басмашылар көтерілісін басқаратын. Байтұрсынов: Бұқараға барған бір мәскеулік маған Валидовтан мына жасырын хатты әкеп берді. Оның жазуынша: кеңес өкіметіне қарсы құрылған асыртын ұйым бар екен. Орталығы Бұқара қаласынада көрінеді. Валидовтің соңында үлкен арқалы қарулы күш пен қалың қостаушы ел бар сияқты. Оның бұрынғы Башқұрт ұлтттық үкіметінің төрағасы болғаны белгілі. Қазақ ұлтының өкілдерін Орта Азиядағы ұйымға мүше болуға шақырыпты. Москвада жүрген кезімізде Ермеков екеуміз онымен кездесіп астыртын ұйым құруға уағдаласқан едік – деді».

Ол хат туарлы Сәдуақасов пен Омаров ештеңе білмейтін. Мен ғана білетінмін. Оңаша әңгімелесе қалғанда Сәдуақасов: Мұстафа Кемал түрік халқын азат ету үшін күрес жүргізіп жатыр. Біздің орынымыз сонда, айқасатын кез осы – деп айтып қалды. Оны жұрттың көбі қызмет құмар деп есептейтін. Сондықтан да ол КазЦИК-тің мүшесі ретінде жұртқа сене бермейтін. Омаров үшеміз топ құрдық. Қазаткомның мүшесі, Қазақ өлкесінің Башқұртстандағы өкілдігінен Орынборға шақыртылған Нахимжан бізге іш тартатын. Смағұл Сәдуақасовты қолдайтын. Жастардың арасынан Төлепов бізбен жақын жүретін. Аймауытов пен Бірімжановты (Ғалымжановты? – Т.Ж.) өз адамдарымыз деп есептейтінбіз. Сейфуллинмен жақсы қарым-қатынаста болдым. Ол нағыз большевик болғандықтан да алыстау жүрдім (Барлық көрсетінділерде осы абзац негізгі жауапқа сыналап кіріп тұр. Зады тергеуші: тағы кімнің қатысқанын қайталап сұраған болса керек – Т.Ж.).

Бұрынғы «Алашорда» үкіметінің Орынбордағы өкілдері бұған қуанды және Бұқараға екі адам жіберу керек десті. Ақыр соңында алашордашылардың тобына жаңа кірген мені мен Болғанбаев екеумізді іссапарға барсын деп шешті. Ұйым құрамына Байтұрсынов, Бөкейханов, Сәрсенов, Омаров, Болғанбаев және мен кірдім. Болғанбаевқа Бөкейханов – төраға, Байтұрсынов – мүше, Сәрсенов – хатшы ретінде қолдарын қойған мандат берілді. Оған «Алашорданың» немесе оның Торғайдағы бөлімінің мөрі басылды. Сәрсенов Биахмет «Алашорда» үкіметінің үйлестіруші хатшысы болатын. Айтпақшы мен кеткеннен кейін біраздан соң ол қайтыс болды. Ұйымды (Ташкенттегі – Т.Ж.) ұйымдастырушылардың бірі оның бауыры (Даниал Сәрсенов – Т.Ж.) болатын. Қолындағы мандат арқылы Болғанбаевқа шет елдіктермен келісім жүргізуге толық өкілдік берілді. Оған ебін тауып Ташкенттегі астыртын ұйыммен байланыс жасау тапсырылды. Маған Ташкентке алдын-ала жүріп кетіп, жалпы жағдай туралы баяндау міндеті жүктелді.

Бөкейханов, Ермеков, Байтұрсынов Валидовты бұрыннан білетін. Арнайы бағдарлама туралы әңгіме қозғалған жоқ. Ұйым «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының жарғысы мен платформасын басшылыққа алды. Алашордашылар бұрын ақгвардияшылармен одақтасқан еді. Коммунистердің қолына түсуі мүмкіндігін ескеріп ешқандай жазбаша бағдарлама дайындалған жоқ. Мені: Ташкенттен, оқулық, қағаз алып келеді – деген желеумен Оқу-ағарту комиссариятының мандаты арқылы іссапарға жіберді. Одан арғы іс-әрекетім талқыланған емес. Осы бас қосуда: Сібірде, Ақмолада, Семейде ұйым бөлімшесін құру туралы айтылды. Ермековті, Ғаббасов Халелді, Қозыбағаровты, Тұрлыбаевті ұйымның мүшесі деп санады. Марсеков Семейде ме, Қытайда ма, ол жағын білмедім. Семейден ағайынды Сәтбаевтердің, Асылбек Сейітовтің аты аталды. Ташкентте ұйым туралы баяндап беру тапсырылды және ұйымға Міржақып Дулатов жетекшілік етеді десті.

Алашорда үкіметі Семейдің Шығыс бөліміне қоныс аударғанда Бөкейханов сол жақтағы бір қыр елінде (Шыңғыстауда – Т.Ж.) жасырынып жүрген. Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Рысқұлов (-?- Т.Ж.), Кәрім Тоқтыбаев сонда барды. Кейін қандай да бір жұмыспен Дулатов Омбыға барады. Сонда қолға түсіп қалады да атуға бұйырылады. Сол кезде Дулатовқа бұрыннан таныс Омбы губисполкомында істейтін павлодарлық какзак-орыс Полюдов кездесіп қалып, құтқарып алады. Соның көмегімен Оқу-ағарту комиссариятының өкілі ретінде куәлік беріліп, еркін жүрір-тұруға рұқсат алады. Сонда да оның соңына тыңшы қойылып, тынышын кетіреді. Полюдовқа айтып жүріп халықаралық вагонмен Ташкентке – Қожановқа келеді.

Екінші бүкілқазақ құрылтайынан кейін, 1917 жылы ғой деймін, Дулатов «Алашорда» орталық үкіметінің тапсырмасымен Түркістандағы қазақтарды «Алашордаға» қосу мақсатымен Түркістанға барған. Ол кезде Қызылорда, Жетісу облыстары Қоқан үкіметіне қарауды жөн көрген болатын. Дулатов Түркістандағы құрылтайда сөз сөйледі. Қожанов екеуі сонда танысқан екен. Кейін Дулатов Ташкентке келгенде Қожанов қатты қуанып, оған газет шығаруды ұйымдастыруды тапсырады. Бірнеше күннен кейін ол «Ақ жол» газетін ашты. Ресми редакторы Қожанов болғанымен де сол кездегі бар жұмысын Дулатов жүргізді. Сол тұста Жетісуда жер реформасы жүргізілді. Оған Сафаров пен Қожанов қатысты. Орынборлықтар Дулатовты Қожановтың жақын тартқан қызметкері деп есептейтін. Сондықтан да орынборлықтар Ташкенттегі астыртын ұйым құруды Дулатовқа тапсырды.

Мен Болғанбаевтан бұрын Ташкентке жүріп кеттім. Вагон толы адам екен. Мен Сармолдаевпен кездесіп қалдым, оны Әулиеатада тұрған кезінен білетінмін. Орынборға алғаш келгенде ол ешкімді танымайтын. Мен оны ішкі істер комиссариятына жұмысқа орналастырғамын. Ол менімен бірге әйелін Ташкентке қосып жіберді. Ол біздің ұйымның пікірін қолдайтын. Бұқарадағы Орта Азиялық ұйымға бара жатқанымды білді. Соның алдында ол Қожановпен Москваға кетіп бара жатқанда жолығып, оның ұстанған бағытын мақұлдап еді. Қожановпен мен де құшақтасып амандасып, Мәскеуге шығарып салғанбыз. Қасында Сафаров, Төреқұлов, қаржы қызметкері Көшербаев бар екен. Енді олардың осы поезбен Ташкентке қайтып бара жатқанын біліп солардың вагонына келіп сәлем бердім. Біз Орынборда Қожановтардың вагонына тіркелген купеден орын алыппыз. Қожанов ол кезде Түркістан атқару комиссариатының орынбасары болатын. Қожановтың купесінде бір өзбек және Қадіров (Қабылов – ?) отыр екен. Ол кейін ТурЦИК-тің қазақ бөлімін басқарды. Ол ағылшынның бір жазушысының кітабын оқып отырды. Мен ұйымның тапсырмасы бойынша бара жатқан мақсатымды Қожановқа түсіндіріп бердім. Қожанов пен Төреқұлов Москвада жиі кездесіп тұратын. Олар дүбара саясат ұстанатын. Ол Түркістанда түсіп қалды. Мен Ташкентке келіп бірден Қожановтың үйіне түстім. Дулатов қонақүйде тұрады екен. Мен оны Карл Маркс көшесіндегі Оқу-ағарту комиссариятының жанындағы «Ақ жол» газетіне іздеп келдім. Екеуміз көше бойлап қыдырып жүріп барлық жайды баяндадым. Сөйтсем Орынбордан менен бұрын мұнда Ғазымбек Бірімжанов келіпті. Оны Бұқараға жіберіп те қойған екен. Кейін ол Қожановтың оқу комиссиясының шешімімен Германияға оқуға кетті.

Екі үш күннен кейін Болғанбаев та келді. Дулатовтың қонақүйдегі бөлмесінде өткен Ташкенттегі ұйым мәжілісіне Дулатов, Иса Қашқынбаев, Халел Досмұхамедов, Ермеков (– ?), Кәрім Жәленов, Ақмолда Ізтілеуов қатысты. Уәлихан Омаров пен Дулатовтан басқасын бұрын танымайтынмын. Сіз білесіз бе, білмесеңіз айтайын, содан кейін Ташкентте Орта Азиядағы үйлестіруші топ ретінде ашылған ұйымның бас қосуы өтті. Орынбордағылар бұл топтан хабарсыз болатын. Олар орынборлықтардың мақсатын қолдады. Ұйымдастыру шарасы қаралып, әр қаладан сенімді адам тауып, сол қалада шағын топ құру мәселесі талқыланды. Ақмоладан, Семейден бөлімше ашу ұсынылды. Ондағы басты сенгеніміз Ермеков пен Ғаббасов болды. Айтпақшы Петропавл мен Семейде ұйым бұрыннан бар екен.

Ташкенттегілер Түркістан республикасының құрамындағы Сырдария, Жетісу сияқты қазақ облыстарының мәселесін көтерді. Орталығына Шымкент ыңғайлы десті. Ондағы адамдарға (Кенесарин, т.б. – Т.Ж.) алдын-ала ескертуге келісті. Ол кезде Тынышбаев Ташкентте болмаған сияқты еді, Омаров ол кезде Ташкентте... Кауфман станциясындағы мектепте дәріс беретін. Мамыр айында бұқаралық қызметкерлермен байланыс орнатуға барған Бірімжанов Ташкентке қайтып келді. Ол Валидовтің қозғалысы туралы: сенуге болатын қозғалыс екен – деген мазмұнда мағлұмдама жасады. Валидов: қазақтар қаражаттан қысылмасын. Мүмкіндік туғанда Орынбор мен Ташкенттегі ұйымды қамтамасыз етеміз – депті. Ташкентте менен көрі Болғамбаев Қожановпен, Төреқұловпен жиі пікірлесетін. Бір жолы Болғамбаевқа Қожанов мен туралы: «Ұйымға жас баланы тартқандарың не. Ұйым құрғандарыңды қолдаймын. Бірақ та түрлі себептермен, жауапты қызметте отырғандығымнан да мен одан аулақ жүргенім дұрыс» – депті. Ол ұйымға белсенді түрде қатысқан жоқ. Дулатов қызылдардан қуғын көрген кезде айырылысып қалған үй-ішіне бару үшін Семейге, одан Орынборға, ал біз Бұқараға кетуге дайындалып жаттық. Қожанов оған үшінші класты дербес вагон дайындап берді. Бірінші мақсаты – үй-ішін көру, екінші мақсаты – қайтарда Орынбормен, Семеймен, Ақмоламен байланыс жасау. Бұл мамыр айының аяғы болатын. Күндіз Дулатов – Орынборға, кешке Болғамбаев екеуміз Бұқараға кеттік. Бізге пәтер жайын қарастыру үшін Ізтілеуов алдын-ала Бұқараға жүріп кеткен болатын. Менің жолақымды Оқу-ағарту комиссарияты төледі, Болғамбаевтың кімнің қаражатымен барғанын білмеймін. Мамырдың аяғында Болғамбаев екеуіміз Бұқараға барып әуелі станцияда бір түнеп шықтық. Мен бірден Бұқараның төңкерісшілдер комитетіне бардым. Ізтілеуов екеуміз өздерін коммунистпін деп санайтын Ғарипке ...(овке - ?) жолығып, Назировке жолығуға тапсырма алдық. Олардың коммунист деген аты ғана. Ғарип бұрын Башкирияда Валидовтің әскерініңің қатарында қызмет істеген. Ташкенттіктер оны өз адамымыз деп есептейтін. Біз Бұқараның оңтүстігіндегі жақсы пәтерге орналастық, Ғариптің үйі жақсы қарсы алды. Заки Валидов қаланың сыртында тұрады екен. Оны Болғамбаев бұрыннан танитын. Аулаға кіргенде екеуі ескі таныстардай жылы амандасты. Содан кейін пікір алысу басталды. Ол саяси көсемге ұқсамайтын. Тек көзі өте ойлы екен. Болғамбаев келген мақсатымызды баяндады. Ол қуанып қалды. Болғамбаев араб, түрік тілін білетін, оқымысты адам болғанымен нашар саясаткер еді. Өзінің Орта Азия ұйымына мүше болып, одан кейін шет елге кетуге ұмтылатынын айтып еді. Валидов: Бұл өте қиын іс – деді. Болғамбаев Англиямен, Парижбен, содан кейін Ауғанстанмен, Түркиямен байланыс жасауға міндетті болды. Тағы бір бас қосатын жерді белгілесіп Ғариптың үйіне қайтып келдік. Екі-үш күннен кейін Болғамбаев Ташкентке қайтып кетті. Бұқарадағы Орталық Азиялық ұйым Валидов арқылы ағылшындармен байланыс жасау керек болғандықтан да соның нәтижесін біду үшін мен Бұқарада қалдым.

Мен бәрін де есіме түсіруге тырысып көрейін. Орта Азия ұйымының бас қосуы Бұқарада өтті. Оған Болғамбаев қатысқан жоқ. Қасым Шанқа (Қасымханов – ?) деген адам мені жеке бөлмеге алып барып, қолыма «Құран» ұстатып:«Бұл ұйымның құпиясын ешқашанда сыртқа шығармаймын» – деп ант бергізді. Мені құттықтап, көп адам отырған үлкен бөлмеге алып келді. Өзбектердің ішінде кімдердің болғанын бұрын білмейтінмін. Кейін анықталғанындай, олардың ішінде аса көрнекті қайраткерлер Бұқар ревкомының төрағасы Әбдықадыр Мүхитдинов болыпты. Маған ескі таныстарындай жылы амандасты. Нақты не мәселе талқыланғаны есімде қалмапты. Әйтеуір көп пікір айтылды. Қазақ арасындағы жағдаяттан: Орынбор мен Ташкенттегі ұйым мен осында келудегі мақсатым туралы хабарлама жасадым. Байқағаным әскери мектепте түрік офицерлері көп екен. Ауғанстанмен арадағы байланыстың қиындағаны айтылды. Менің білуімше Түркиямен байланыс жасау туралы мәселе әуелде Мәскеуде келісілген, одан кейін Бакудегі мұcылман орталығында Әнуар пашаны шақыру туралы шешім шыққан сияқты. Әнуар пашаның түр-түсінің қандай екенін білмейін де. Бакудегі құрылтайға ... (Әнуар паша – Т.Ж.) жасырын келіп қолдау көрсеткен. Бакудегі бұл мәжіліске сол кездегі Түркістанның төрағасы, кейін қазақ өлкесінің Мәскеудегі жетекешісі болған Рысқұлов қатысты деген сөз бар. Оған Грузиядан да өкіл келген.

Мәжілістен кейін Валидов екеуміз жасырын пәтерде үш айдай бірге тұрдық. Бұқарлықтар келіп-кетіп жүрді. Орынбор мен Ташкенттен байланыс үзілді. Мухиддиновпен бір рет әңгімелестім. Валидовке Түркиядан білім алған Қасымшанханов (Қасым Шаңқа -?) жиі келіп жүрді. Оқымысты адам еді. Мен онымен Баншевтің (– ?) пәтерінде қонақта болдым. Олар: Қазақтар жауынгер халық, оларға сенуге болады – десті. Ол кейін Әулие – Атада тұрды, қазір Шымкенттің бір мектебінде меңгеруші. Заки Валидов оларға үнемі: Енжарсыңдар. Жұмысты тез шешіп үйреніңдер – деп ұрсып отыратын. Файзулла Ходжаев ораза ұстайды екен. Маған: ол Бұқарадағы миллионер адамның бірі, Бұқараға билік жүргізу үшін үнемі күресіп келеді– деді білетіндер.

Бұқаралық ұйымның жұмысы Азимходжаевтің үйіне ауысты. Өзбекке тән қоражай, алдына ағаш егілген. Азимхожаев орта жастағы өте жақсы адам. Үнемі заң қызметкерінің формасын киіп жүретін. Әңгіме сенекте өтті. Мен сол үйге қонып қалдым. Азимхожаевтің әйелі армянға, не грузинге өте ұқсас еді. Әдемі, жақсы киінеді. Жеміс-жидекті дастарханға толтырып тастады. Валидов келген жоқ. Бұл мәжілістің тарихи маңызы бар еді. Есімде ерекше қалғаны Түрік үкіметі атынан қайдағы бір ғылыми зерттеу жұмысын жүргізеді деген желеумен еуропаша киінген Анкара ұлттық мәжілісінің мүшесі келді. Негізгі мақсаты астырытын ұйыммен байланысып, Кеңес өкіметінің орнына мұсылман республикасын құру еді. Азимхожаев пен Мухиддинов сөйлеп, белсенді іс-әрекетке шақырды. Бұдан кейін ұйым жұмысы жандана түсті. Кейін Орта Азия орталығында тағы да бір үлкен кеңес өтті. Оған: Заки Валидов міндетті түрде қатысуы тиіс, онсыз кеңес өтпейді – десіп, қасыма бір жасақты қосып мені жіберді. Валидов қаланың шетінде оқымысты адамның кейпінде жасырын тұратын. Бізді елу – алпыс жас арасындағы қария қарсы алды, ол: Валидов қалаға кетіп қалды, табуға көмектесемін деді... Мәжілісте: басмашылармен байланыс жасау және олардың идеологиялық жетекшілігін қолға алу Орта Азиялық ұйымның қолына берілсін – деген шешім қабылданды.

Кеңестен кейін Түркияның өкілі Красноводскі арқылы Ташкентке кетті. Ол мен Бұқараға жүрер алдында Қожановтың, Қожаевтің, Тынышбаевтің әйелдері және басқа да адамдар ұлттық киіммен түскен суретті сұрады: Түркияға барғанда барлық газет – журналдарға басып шығарамын – деді. Мен одан Бірімжановқа хат беріп жібердім. «Ақжол» газетінің ресми редакторы Қожанов болғанымен, барлық жұмысты ол кезде Бірімжанов жүргізетін, беделді тұлға еді. Дулатов ол кезде Ташкентте жоқ болатын. Бұқараға башқұрт офицерлері мен Түраткомнан 2 қазақ келуге тиісті дегенді маған Валидовтің досы Банышев (?) айтты. Кездесу орнына арнайы шайхана белгіленді. Соның біреуі Орта Азия орталығының орынбасары болуға тиісті екен, атын ұмыттым. Екіншісі Константинопольде оқыған Ақтөбе уезінің қазағы Ақшалов (Ақжалов – ?) екен. Ол: Дүниежүзілік соғыстан кейін Түркияда 60 мың әскер жасақталыпты, ол Орынборға басып кіруге дайын екен – деді. Орынбор мен Ташкенттен пәрмен болмаса да Ақшаловты (Ақжаловты – ?) істің жайымен таныстырып, менің орныма Бұқарада қызмет істеуге қалдырды. Ақшалов мен Бұқарадан кеткеннен кейін сонда Әнуар пашаны көргенін айтты. Валидовтің Ташкенттегі басты қолдаушысы өте сауатты, өркениетшіл, Валидовтің жақын досы Әнуәрбек – «Қара өзбек» болатын. Мен оны Оқу-ағарту комиссарияты саласында істеп жүрген кезінде көрдім. Басына сәлде орап, өзбектің ала шапанын киіп жүретін.



Сол жылы, яғни, 1921 жылы Қоқаннан бір түрік офицері Бұқараға шәкірттерімен келіп, оқушыларын қаланың тарихи орындарымен таныстырды. Ол орыс, француз, неміс тілдерін білетін. Сол кезде Валидовтің ескі танысы Жанұзақов бастатқан қырғыз жасағымен (басмашыларымен) байланыс жасау үшін мені Қосмамбетовпен бірге Ферғанаға жүріп кету керек деп шешті. Солардың арнайы вагонымен мен Қоқанға кеттім. Сонымен қатар Валидов Жанұзақовтан халық дастанының («Манастың» –? – Т.Ж.) қолжазбасын тауып беруді өтінді. Соны ала келуді тапсырды. Жаңағы оқытушы менің жеке басымды растайтын куәлік тауып беруге келісті. Мен әлгі түріктің мектебіне орналастым. Ол маған өзінің бір шәкіртінің құжатын берді, керек адамға жолықтырды. Қоқанда мен сол кездегі Түркістанның төрағасы Төреқұловты (–? Т.Ж.) бір үйден көріп қалдым. Ол мені, мен оны таныдым. Екеуміз де тіл қатысқанымыз жоқ. Ұйымның жайын Болғанбаев оған айтуға тиісті болатын және Жанұзақов сияқты ірі қайраткерлермен таныс еді. Үш–төрт күннен кейін поезбен Әндіжанға бардым. Онда мен мұғалім өзбекке тап болдым. Келесі күні Әндіжандағы ұйымға барып Жанұзақовпен жолықтыруды өтіндім. Маған ат және жол көрсетуші берді. Түнімен жүріп отырып таңертең Құрбашыға келдік. Құрбашыға: тек Жанұзақовпен ғана сөйлесемін – дедім. Қаруланған басмашылар мені күзетке алып Жанұзақов орналасқан штабқа әкелді. Аулаға кірдік. Екі-үш адамның ортасында тұрған Жанұзақовты бірден таныдым. Ол: менің келуімнің мақсатын білген соң өзінің жағдайымен таныстырды. Мен Валидовтің қырғыздардан жасақ ұйымдастыру туралы жазылған хатын бердім. Мен жаяу жүргендіктен де қырғыздарға маған ат тауып беруді тапсырды. Ол мені Білібаев деген қазақпен таныстырды. Құрбашы Исраил шығып кеткен соң ол Мухиддин деген Құрбашыны Ошқа жібергеннін айтты. Қызылдар сол маңға торуыл жасап жүр десті. Мұхиддинов бұрын Әулие–Ата уезінің милициясының бастығы болатын. Қазір не Шымкентте, не Қырғызияда жүр. Мен оны Ташкентте көргемін. Мен Жанұзақовтың жасағының ішінде қалдым. Бірде түн ортасында атыс басталды. Ешкім ешнәрсені біліп болмады. Бет-бетімізге кеттік. Жанұзақов атына мініп асығыс аттанды. Содан кейін оны көрген емеспін. Сөйтсем қызылдар Құрбашының жасағына шабуыл жасапты. Менің ешқандай танысым да жоқ, денсаулығым да нашар еді. Бір өзбекті тауып алып өзбек шапанын киіп, соның үйінде бірнеше күн жаттым. Ол мені бір адамдармен байланыстырып, мені Наманганға әкеліп, поездің терезесінен вагонның ішіне итеріп жіберді. Поезд Ташкентке келгенде мен есімнен танып қалдым. Есімді жиған соң Уәлихан Омаровқа жолықтым. Ол Халел Досмұхамедовке сүйемелдеп әкеліп емдетті. Есімді жиған соң сол кездегі ТурЦИК-тің орынбасары Қожановтың қабылдауына кірдім. Ол: «Біз сені өліп қалды деп жүрсек, тірі екенсің ғой.» – деп қарсы алды. Айрылысарда Жанұзақов Төреқұлов пен Қоджановқа хат жазып берген. Соны тапсырдым. Осыдан кейін Ферғанаға қайта кетемін деп едім, ол: «Жанұзақов сені сатқын деп жариялап, өлім жазасына бұйырыпты. Ешкімге көрінбегенің дұрыс болған. Сенің Ташкентте қалуыңа болмайды, одан да Түркістанға бар» – деп ақыл берді. Лазеретке жатып емделуімді өтінді. Онда мені Досмұхамедов және тағы бір орыс дәрігері емдеді...
Науқасыма байланысты Орта Азиялық Ташкент ұйымының бұдан кейінгі отырыстарына қатыса алмадым. Қазақ ағарту институтында оқытушы боп істейтін Кәрім Жәленов пен Ғазымбек Бірімжанов ауруханаға жиі келіп тұрды. Біз ұзақ пікір алысатынбыз. Қожановтың әйелі де жиі келіп жүрді. Ісік қайтқан соң Халел Досмұхамедов укол салып берді де мен лазареттен шықтым. Халел Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Иса Қашқынбаев, Омаров Уәлихан отырыс өткізіп, ұйымды кеңейтудің жолдарын қарастырды, оның әдіс-тәсілдерін ойластырды. Бағдарламаны Халел Досмұхамедов жасады. Мақсаты: большевиктер құлаған соң Қазақстан буржуазиялық демократиялық ұлттық тәуелсіз республика болмақ. Құрылтайда Ата заң қабылданады. Әскери құрылым бір орталықтан – Түркиядан басқарылады. Бағдарламаның аты – «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады – десті ғой деймін. Бағдарламаның түснұсқасы ұйым хатшысысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты. Орынбормен байланыс үзілген жоқ. Бірақ онда тек қана Байтұрсынов қалды. Өйткені Дулатов пен Әлихан Бөкейханов Семейде тұтқындалып, кейіннен Орынборға айдауылмен әкелінген болатын. Сәрсенов пен Елдес Омаров та жоқ болатын. Олардың Семейге барған–бармағанын білмеймін. Өзбектерден ұйымға Миржалилов өкіл ретінде қатысып, Жәленовпен бірге жүрді. Бұл оқиғаның барлығы 1921-жылдың аяғында, 1922-жылдың басында өтті.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет