Қыста Атбасар ауандық милициясының бастығы үлкен ағам Байсейіт Әділов келді. Ол жолай ауылға соғыпты. Ауылдағылар: бізді Түркістан республикасының қармағына қайтадан қабылдасын. Соны республика басшыларымен келісіп қайт – деп тілек білдіріпті. Мен ағаммен бірге Түркістан қаласында екі-үш күн болып Шуға кеттім.
Жаздай туған жерімде болып 1922 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қожановқа жолықтым. Тура сол кезде Москвадан Түркістан халық комиссариатының төрағасы Рысқұлов келді. Мен Рысқұловпен сәлемдестім. Қожанов екеуі өзара әңгімелесті. Менің сонда білгенім: Валидов Ташкентке жасырын келіпті, басмашылар қозғалысы күйрепті, Әнуар Паша із-түзсіз жоғалып кетіпті. Мен Ферғанада жүргенде Ташкент ұйымы Тынышбаевтің ескі досы Үмбетбаевты сонда жіберіпті. Соның көмегімен Валидов Ташкентке келіпті. Ол Ташкентке қайтып келген соң Кауфман станциясындағы Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүреді. 1922-жылы қазан айында Қашқынбаевтың үйінде ұйым отырысы өтті. Оған Досмұхамедов, Қашқынбаев, Рысқұлов және Валидов өз адамдарымен қатысты. Валидовтің көңіл-күйі нашар еді. Сондықтан да Валидовтің бұдан кейінгі тағдыры не болатыны туралы әңгімеленді. Сонда Валидов өзінің басынан кешкен хикаяларын айта келіп: Әнуар пашаның Самарқан майданында жеңіліске ұшырағанын, Файзулла Қожаевтің ішегі жіңішке жігіт екенін, сондықтан да онымен бірге қызмет істесуден бас тартқанын, өткен іске өкінетінін, Кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, бұған сенім көрсетіп, қызметке алуын өтінетінін айтты. Сонда менің есіме бірде өзінің пәтерінде Жаһанша Досмұхамедовтің: «Егерде жүз мың әскеріміз болса, онда орыстарды Жайық өзенінен ары қуып тастар едік қой» – дегені түсті. Рысқұлов Валидовке: Түркістанның төрағасын боп тұрғанда Біріккен Түркістан республикасын құру туралы ешқандай да пікір білдірмегенін, бұдан әрі Валидовті қорғай алмайтынын, Валидовке бақыт силаймын деп басына пәле тілеп алатын жайы жоқтығын айтты. Жалпы Рысқұлов өте сақ адам болатын. Ұйым мүшелері: Кеңес үкіметі Валидовтің өткендегі қайраткерлігіне бәрібір кешірім жасамайтындығын, сөзсіз жазаға тартылатындығын, отырыс бітісімен жасырын із тастап ешкім білмейтін басқа жаққа кету керектігі туралы кеңес берді. Оған дейін де Қажыбеков, Талғатов сияқты адамдар шетелге рұқсат алып кетіпті. Валидов қаражатының жеткілікті екенін, Рысқұловтың мұны арандатып кеткенін, соның сөзіне сеніп Ташкентке келгенін айтты.
Тағы бір жайтты айта кетейін. Рысқұлов Түркістан республикасының төрағасы кезінде Мәскеуден Сарымолдаевқа Жаһанша Досмұхамедовтің үйінің адресіне хат жолдайды. Өйткені Жаһанша Досмұхамедов екеуі бажа болатын. Хат орыс тілінде жазылған. Мазмұны: Қожановтың бір тыңшысы мұны Ақмешітке ме, Қазалыға ма, әйтеуір екеуінің біріне дейін аңдып жүріпті. Тыныштық бермеген Қожановпен күресу үшін оның «Алашордамен» байланысын әшкерелеуге шақырыпты. Мен ол хатты түпнұсқасынан оқыдым. Жаһанша Досмұхамедов бұл хатты Халел Досұхамедовке көрсету керек деді. Осы жолмен ол хат Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолына тиді. Қожановқа көрсетуге ұсыныс етіп еді, Жаһанша бас тартты. Тінту жүруі мүмкіндігінен сескенді. Ташкенттегі ұйым мен Рысқұловтың арасы осылай суысты. Сарымолдаев ол хатты алды ма, жоқ па, оны білмеймін. 1922 жылы Жаһанша Досмұхамедовтің үйінде Рысқұлов әйелімен, мен, Жаһанша әйелімен және Сарымолдаев бас қостық. Сонда Рысқұлов: Ағылшынның бір жазушының кітабін оқыдым. Россия социализмнен алыс жатыр депті. Соның жазғаны дұрыс – деді. 1924 жылы Рысқұловты Москваға қызметке шақырды. Мен оны Қызылорда қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы және Өлкелік комитеттің баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметін қатар атқарып жүрген кезінде тағы да көрдім. Сол бөлімде Байтұрсынов пен Дулатов та істейтін. Түркістанның төрағасы кезінде Рысқұлов Берлинге барды. Неге барғанын білмеймін. Бірімжановты ерекше мақтап келді. Сонда олар суретке түсіпті. Қызылордада мен театрда қызмет істеп жүргем. Амандастым. Жылы сөйлесті. Содан қайтып кездескен емеспін. Ол Байділдинмен бір үйде тұрды. 1925 жылы көктемде тек партия мүшелеріне ғана тиісті стенограммамен Мырзағазы Юсупов арқылы таныстым. Рысқұлов мұны Қожановтан алыпты. Онда Сұлтанғалиев деген біреуді қызметінен алыпты. Файзулла Хожаевтің, Рысқұловтың сөзін оқыдым. Онда: Файзулла Хожаев Валидовпен жекелей таныс, Валидов Орта Азияның бір қаласына жасырын келген – деген мәліметтер айтылған. Стенограммамен таныса отырып Орталық комитеттің Валидовтің әрекетіне ерекше мән беретінін түсініп: өздерінің қателігін орталық комитеттің алдында мойындауға жүректері шыдамаған екен. Солай істеуі тиіс еді – деп ойладым. Сұлтанғалиевтің Орта Азия ұйымымен байланысы туралы ештеңе білмеймін. Бұқарада екі жарым айдай ғана болдым. Менің кезімде ондай байланысты байқамадым.
1923-24 жылдары ВалидовТашкентте болған жоқ. Кейін шетелге барып келген Мұңайтпасовтан білгенім: Валидов өзінің серігімен қазақтың саптамасы мен тымағын киіп әуелі адайларға барған, одан түрікмендерге өткен, содан кейін Ауғанстан арқылы Персияға, Персиядан Түркияға жеткен. Анкарадан Константинопольге (Станболға) келіп параходқа отырып Марсельге, одан темір жолмен Парижге келген. Онда Мұстафа Шоқаймен жолыққан. Ол Берлинге баруға кеңес берген. Берлинде бізден оқуға барған шәкірттерге кезігіп, солардың пәтерінде тұрған. Берлин кітапханасындағы тарихи құжаттарды зерттейді. Сондағы ғылыми жетістіктері үлкен назар аударып Түрік үкіметі Константинополь университетіне профессорлыққа шақырады, онда түрік–татар тарихынан дәріс береді. Мұңайтпасов Валидов туралы жақсы пікір білдірді. Сол арқылы маған да сәлем айтыпты. Сондай-ақ Мұңайтпасовқа: әйелін Башкирияға жеткізіп, одан Москва арқылы шетелге өткізіп жіберуді өтініпті. 1927 жылы жазда Мұңайтпасов екеуміз ескі Ташкент шаһарына барып, Валидовтің әйеліне жолықтық. Әйелі өзбекке ұқсайды екен, өзін тағдырдың тәлкегіне тастап кеткені үшін күйеуіне реніш білдірді. Ешқандай шет елге бармайтынынын, Башкирияға кететінін айтты. Сонымен біз тарқастық. Кейінгі тағдырын білмеймін.
Байділдин мен Бірімжановтың және (?)...нің Ташкентте түскен суреттерін көрдім. Мен Омбыда Колчактан тығылып жүргенімде Байділдин мен Жанайдар Сәдуақасов келіп тұрды. Жанайдар екеуміз Колчакқа қарсы көтеріліс ұйымдастыруға дайындалып жатқамыз. Көтерілісті басып тастады. Омбыдан жасырын кетуге Байділдин көмектесті. Оның алдында ол Бөкейхановпен бірге Самар қаласындағы кеңеске қатысып келген. Жанайдар Сәдуақасовтың куәлігімен Петорпавловскі қаласына бардық. Арада біраз күн өткен соң Байділдиннің ауылына да келдік. Казактар онда да тыныштық бермей, мені іздей берді. Содан Жетісуға (?) кеттім. Байділдин де кейін сонда келді. Біз онымен бір бөлмеде тұрдық. Смағұл Сәдуақасовпен, Әшім Омаровпен Байділдин жақсы таныс болатын. 1922 жылы мен қырда жүргенде ол Досмұхамедов пен Рысұловтың ұсынысымен Орынборға қызметке ауысты.
1923 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қазақ комиссиясы мен Оқу-ағарту институтына оқытушы, біраз уақыт директор болып істедім. Ұйымға қайта мүшелікке алындым. Оның жаңа құрамында Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев болды–ау деймін.
Ақмолаға 1922 жылы Сәкен Сейфуллин халық комисариатының төрағасы болған кезде бардым. Омаровпен сонда кездестім. Көңіл-күйі түсіңкі екен. Ташкентке барған кезінде әлде бір ұйымның ашылғаны туралы естігенін, ал Сарысу ауданының милиция бастығына... (Геишаков?) тағайындалғанын айтты. Сарысудан кетіп Ақмолаға қарасты Атбасар уездінің бастығы болып тағайындалғанына ренжіп жүрген менің ағам Байсейіт Әділов: өзінің жағдайы келмей, әрі-сәрі болып жүргенін жеткізді. Мен оны одан әрі түңілдіріп, Атбасарға қайтып бармауға үгіттедім. Айтқаныма көніп ауылда қалды. Біздің ұйым туралы ол ештеңе білмейді».
Оның бұл пікірін «Алашордашылардың» қайда, қай күні кіммен жолығып, не дегенін тыңшылары арқылы біліп отыратын ОГПУ-дің Қазақ Өлкесіндегі төтенше өкілі Каширин мен Якубовский 1922 жылдың 1 қазанынан бастап 1923 жылдың 1 қаңтарына дейінгі оқиғаларға баға берген мәліметінде «Есепті уақыттың арасындағы ұлтшылдардың беосенділігін танытқан аса елеулі оқиға ІІІ жалпықазақтық сьезд болып табылады...Кеңестердің Уездік сьездің қарсаңында Ақмола қаласына Түркістан республикасындағы алашордашылар Әшім Омаров, Дінмұхамед Әділев және Аштарға көмек комитетінің мүшесі Токжанов келді» – деген мәліметі қостайды. Уездік бұл кеңесте «алашордашыл әйел» Нәзипа Құлжанова ІІІ жалпықазақтық құрылтайға өкіл боп сайланады.
22–жылы күзде маған жас шәкірттерді мектепке орналастыру тапсырылды. Рысқұловтың және Сырдария облыстық атқару комитетінің мандатын пайдалана отырып баспанасыз балаларды әртүрлі оқу орындарына орналастырдым.
Содан кейін ауылға қайтып оралдым. Біздің ел Ақмола уезіне қарайтын. Олар Түркістанның қармағында болғысы келді. Біз де сол пікірді ұстанатынбыз. Мен Ташкентке жол жүргенде ауылдағылар осы мәселені қатты қадағалап тапсырды, қалайда Ақмоладан бөліп алуды өтінді. Мен Ташкентке келгеннен кейін бұл мәселені Қожанов пен Рысқұловқа айттым. Рысқұлов маған тұрғындардың арасында жер межелеу мәселесімен тікелей айналысатын Сырдария облыстық атқару комитетінің өкілдік мандатын беріп, мені қырға жіберді. Мұның басты себебі: сол кезде Түркістан мен Қазақстанның шекарасын межелеу мәселесі талқыланып жатқан еді. Оңтүстік облыстарды, соның ішінде Сарысу ауданын Түркістан республикасына қосу туралы мемлекеттің алдына мәселе қоюды өтінді. Халық арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін Рысқұловтың аудандық атқару комитетінің төрағасы Қошпанбетовке жолдаған мандатын пайдаланып Ақмола облысындағы (соның ішінде нақтылап алғанда Сарысу, Ұлытау аудандарына – Т.Ж.) ел-жұртқа үгіт жүргіздім. Әулиеатаға келісімен комиссияның жиналысын өткіздім. Ермеков комиссия мүшесі болатын.
Келе салысымен осы іспен айналысып кеттім. Жобалармен таныстым. Менің міндетім Бетпақдаланың оңтүстігіндегі тұрғындарын Түркістан республикасына қосу болатын. Одан Талас ауданын аралап Әулиеатаға қарай жылыстап қонған өз аулыма бардым. Аудан бастығы Бектанов та бізді қолдап, бірге жұмыс істедік. Тура сол кезде Ақмола мен Қарқаралы уездеріндегі жер межелеу комиссиясының төрағасы болып Әубәкіров те Сарысуға келіпті. Оның мақсаты бұл аудандарды Қазақстанның құрамында қалдыру. Ашығын айтайын, Әубәкіров нашар адам болатын, қарауындағылардың зәресін ұшыратын, тұрғындарға зорлық-зомбылық жасады, жақсы қыздарын жиып алатын. Ол екеуміз межелеу жөніндегі бақталас болғандықтан да кездесуге тиісті едік. Бірде оған менің ағам жолығып, Әубәкіровтың елді дүрліктіріп жатқан қылмысына тоқтау салып, қарусыздандыру үшін мені шақырып сәлем жолдапты. Әубәкіровтың 25 адамнан тұратын қарақшы жасақтарын елдің өзі қарусыздандырды. Оның ел-жұртқа жасаған зорлық-зомбылығы мен басбұзарлығынан хабардар Әулиеата милиция басқармасы Әубәкіровті тұтқындау туралы жасақ шығарған болатын. Біз сол жасақпен бірге шықтық. Әубәкіровпен Бетпақдалада кездестік... Оның қасында 160 адамы бар екен. Түгелін қырып тастайық дегенде: мен осы да жетеді – деп тоқтау салдым.
Сөйтіп жағдай шиеленісіп кетті. Мен Әулиеатаға келдім. Қожановтың үй-іші де сонда келіпті. Әулиеатада Ишекеев деген танысымның киіз үйінде жаттым. Қайнекенов деген милиция қағаз-қарындаш әкеп берді. Болған оқиға туралы Губкомның атына мәлімдеме жазып, оны Қаратілеуовке тапсырдым. Губкомның хатшысы Кушнер еді. Мәлімдемені Орынбордағы үкіметке жіберуді өтіндім. Милиция бастығы мен прокурор Үмбетбаев менімен жақсы қарым-қатынаста болды. Маған Түркияға жасырын кетіп қалу туралы ұсыныс айтқандар да болды. Мен: Рысқұловпен жақсымын, сондықтан Ташкентке барамын – дедім.
Ташкентте мен оқу-ағарту комисариатының жанындағы ғылыми орталық пен қазақ ағарту институтына оқытушы боп орналастым. Онда Досмұхамедов, Әубәкір Диваев, Жұмабаев, Жандосов, Соколовский, Мұхтар Әуезов жұмыс істейтін. Мұхтар оған дейін Орталық комитеттің президум мүшесі болған. Мен Қожановтың әйелінің ағасының үйінде тұрдым. Сол кезде Жандосов та Ташкентке келді. Ол мені Соколовскиймен танстырды. Қазақтың тұрмыс-салтын зерттеу туралы тапсырма алып Жетісуға Жандосовпен бірге келдім. Түркістан республикасына қосылу, қосылмау туралы ел арасында қатты қайшылық бар екен.
1925 жылдан бастап астана Қызылордаға ауысты. Мандатпен алғашқы отырысқа қатыстым. Меңдешеев баяндама жасады. Үзіліс кезінде Нұрмақов, Сейфуллин, Сәдуақасов асханаға барып өзара сөйлесті. Меңдешеевтің орынынан түсетіні белгілі еді. Мәжіліс арасында Қожанов Ақмешіттің атын өзгерту және Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп өзгерту туралы ұсыныс айтатынын білдірді: Ақмешітті Қызылорда деп атасақ екі жақта риза болады – деді. Оның бұл ұсынысы қолдау тапты. Шымкентке қайтқан соң бір қызға үйлендім. 1925 жылдың күзінде Асқар мен Ағабек Баймоллаевты ертіп Қызылордаға келіп, бірден Қожановтың үйіне тоқтадым. Есігінің алдындағы кішкене бөлмеге орналастым.
Ол кезде Смағұл Сәдуақасов Оқу-ағарту комиссары болатын. Мен сонда инспектор болып істедім. Жастарды оқытуға үлкен көңіл бөлінді. Емтихан алу комиссиясының төрағасы болдым. Шәкірттерді Орынборға, Ташкентке жібердік. Сол кезде Сәдуақасов, Жандосов және басқа да қызметкерлер қазақтың ұлттық театрын құру туралы мәселе көтерді. Сәдуақасов жан-жаққа жеделхат жолдады. Ақыры әртістер жинала бастады. Мені директорлыққа ұсынды. Күні-түн жанталасып жүріп бесінші өлкелік конференция ашылған кезде алғашқы спектакльді қойдық. Қожановты Мәскеуге шақыртты. Голощекинді Қожанов қарсы алды. Екеуі құшақтасып амандасты. Қожанов пен Сәдуақасовтың арасындағы айтыс шартты түрде ғана болатын. Орынборда және басқа жерде кездескенде бір-бірін ресторанға шақыратын. 1925 жылы Бөкейханов келіп Ермековтың үйінде жатты. Байтұрсынов қонаққа шақырды. Бөкейханов Қожановтың машинасын мініп жүргені есімде. Қожанов Қызылордаға жиі келетін. Голощекин оған жұмысқа бөгет жасайды деп ренжитін.
Театр директоры ретінде күш-қуатымды аямай жұмыс істедім. Бірақ мен отставкаға сұрандым да Ташкентке кеттім. Орыныма Әли Байсейітов тағайындалды. Содан Қаратауға барып қырда біраз дем алдым да, Қызылордаға келген соң Аймауытов екеуміз Мәскеуді көріп келуге кеттік. Мәскеуде Свердлов алаңындағы екі қабатты Кеңес үйінде тұратын Қожановтың пәтеріне түстім. Мәскеуде он күн тұрдым. Қожановтың әйелімен, ұлымен, Түркістандық бір қазақпен үлкен театрға бардым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. «Руслан мен Людмила» операсын көрдім. Келесі күні Қожанов мені шығарып салды. Москваға келе жатқанда поезда Смағұл Сәдуақасовпен кездескемін. Әңгіме барысында ол өлкелік комитеттің мәжілісінде Голощекинмен және басқа да бюро мүшелерімен қатты ұрысып қалдым деген болатын. Мен мұны Қожанов айтқанмын. Ол Аспандияровқа және Қазақстанның Москвадағы өкілі Досовқа хабарласты. Олар қонақ үйде біраз әңгімелесті. Аспандияров тапаншаның біренше оғын Қожановқа берді. Арыс бекетінен Шымкенке түйемен келіп, одан Әулиеатаға соғып, ауылға бардым. 1926 жылдың қысында аяғы ауыр әйелімді алып Қызылордаға келдім. Ол кезде Сәдуақасов құлдырағанның үстіне құлдырап келе жатқан. Сәлем беруге барғанымда үйінде Мыңбаев пен Жандосов отыр екен. Мыңбаев: Қазақ коммунистері қорқақ, әттең партияда жоқпын – деді. Мен алғаш Қызылордаға келгенде Мыңбаевпен бір үйде тұрдым. Сонда екеуміз проферанс ойнайтынбыз. Сонда ол маған: Егер маған салса Бөкейхановты қазақ үкіметінің төрағасы етіп қояр едім. Сонда ол бүкіл мұсылман еліне Қазақстан мен Өзбекстанды қосып алып билер еді – деген болатын. Мұстанбаев пен Жұмат Шанин Сұмағұлдың үйіне келіп жүрді. Барлық қызметтен алынғандықтан да Мұстанбаевтың көңіл-күйі нашар болатын. Үйіне кіріп барғаным да Сәдуақасов бірден: «Сайтан алғыр, сен туралы Нұрмақов жаман пікірде. Коммунистен қатынға айналып кетті деп жүр» – деді. Ол бұл сөзді Мәскеуден естіп келіпті. Сондықтан да елге тездетіп кетіп қалдым.
Мен қырда жүргенде ағам Бәйсейіт жалпы жағдайды білу үшін Шымкент пен Қызылордаға кетті. Біздің жағдайымыз шындығында да қиын және ешкім араша түсе алмайтындай еді. Кінәмізді ашық мойындау сатқындық сияқты көрінді. Ағайым Сейфуллинмен сөйлесіпті. Қырдан Шымкентке келгенімізде Бәйсейіттің тұтқындалғанын естідік. Оразбек Наубаев пен Болысбекті жіберіп едік. Бәсейітті Қызылордаға алып кетті деген хабар әкелді. Мен, Ағабек Байдуллаев, Ордабай Жарылғапов және Бейсенбай төртеуміз атпен Қызылордаға келдік. Мен қалаға кіргенім жоқ. Хат беріп жібердім. Кешке Дулатовтың үйіне бардым. Олар маған: қазірше сыртта жасырына жүрсін – деп кеңес берді. Байсейітті босатып алудың мүмкіндігін қарастырдық. Махмұт деген бажамның үйінде екі-үш күн жаттым. Сол кезде «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкері Мұстафаның өлтірілгенін естідім.
1927 жылы өзімінің жақын туыстарым Мұқатай Бейсенбаев пен Нұржан Кәрібаевті ертіп Қызылордаға келдім. Қаладан шеткері орналасқан станцияның түбіндегі Алпысбайдың үйіне орналастым. Сол үйге Дулатов келді. Әңгіме барысында: ССРО мен Англияның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың үзілгенін, соғыс бола қалған жағдайда Кеңес өкіметінің құлайтынын сонда естідім. Байсейітті түрмеден алып шыға алмадық. Коллегия мүшесі Қадырбаевтің кепілдігімен ғана босатты. Кейіннен оның ісін Ақмола уездінде – Петропавл қаласында қарайтыны белгілі болды. Содан кейін Бәйсейіт елге шығып кетті. Бұл 1927 жылдың күзі болатын. Біздің ауыл Сарысудағы жайлаудан Шу бойына көшкен еді. Түркістаннан ауылға бір өзбек келіп: Қожанов Мәскеуден келді: Әділевтер көзге түссе міндетті түрде ұсталады. Неғұрлым шет жүргені дұрыс – деп айтыпты. Сонымен 1928 жылдың көктемі де келді. Ауыл солтүстікке қарай жайлауға көшті. Қожанов Ташкентке келді дегенді естіп: мүмкін мені Өзбекстанда қызметке алар немесе шетелге баруға жолдама берер – деген үмітпен туысым Нұрлан Қарабаевты ертіп жолға шықтым. Ағабек Байдуллаевтің ауылына келсек Ордабай Жақыпов деген милициядан оның тұтқынға алынғанын естідік. Біз Шымкентке суыт жүріп кеттік.
Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттегі Казпедтехникумда сабақ беретін. Ақшамда оның пәтерін тауып алып, терезесінен дауыстап шақырдым. Ол жазуын қоя сап сыртқа шықты. Ол мені дауысымнан таныпты. Ташкентке Қожановқа жолығуға бара жатқанымды айытым. Ол: сенің ашық жүруің өте қауіпті. Байдуллаевті босатып аламын десең – өзің біл. Бірақ Ташкентке барма. Қожанов пен Дулатовқа айтатын сәлеміңді менен айт – деді. Біз сонымен тарқастық. Ағабек пен Отарбайды ертіп Сұлтанбекке бардық. Ол: таңертең Ағабек амбулаторияға барады. Сонда атты дайындап қойыңдар да өздерің оны қаланың сыртынан күтіңдер – деді. Біз үш атпен Ағабекті күтіп тұрдық. Ол келісімен Темірланға қарай бет алдық. Онда Ағабектің туысының үйіне түстік. Мініске ат берді. Сөйтіп ауылға жеттік.»
Бұдан кейін Д.Әділов өзінің ауылында үлкен ас болғанын, сол асқа келген Қалмұратов Тәжібай деген кісі Қожановтың : «Қалайда Әділевтер көзге түспесін» – деп сәлем айтқанын, бұл ойланып-толғанып жүрген кезінде тәргілеу науқаны басталып кеткенін жазады.
«Сөйтіп жүргенде... тәргілеу басталып кетті. Ақмола жақтан дүрліктірген үрейлі хабарлар келіп жатты. Тұрғындарда ес қалмады. Байлардың малы сыпыра алынады екен десті. Нақты істің барысынан ешкімнің хабары болмады. Қарбалас науқан бастала қалса қосақ арасына бізді де ілестіре кететін шығар деп күдіктендік. Біз Қызылордаға Кәрібев Нұрланды жібердік. Он бес күннен кейін Дулатовтан хабар алып келді. Аймауытов оған барлық жайды баяндапты. Дулатов: Шымкенттен Сарысу ауданына жасақ шығып, бүгін-ертең Әділевтерді тұтқындауға аттанады. Неғұрлым көзден таса жүрсін. Бүкіл қыр елінде дүрбелең жүріп жатыр. Қазір соғыс жағдайына жақынбыз. Егер де қауіп төне қалса мен де қыр еліне қарай ығысамын. Мүмкіндігі болса Қытайға қарай аусын, ол жақта да қазақтар көп. Үй-ішін таныстарына тастап кетсін. Сондай-ақ Қарқаралы жақта сексен адамнан құралған жасырын ұйым бар. Сәдуақасов та өздеріңді сақ ұста деп ескертіпті. Бізге де тықыр таянып қалды – деп сәлем жолдапты.
Алдымызда – қыс, үй-ішін далаға тастап кетуге болмайды. Қазақтардың аяғы жетпейтін жерге қыстайық деп шештік. Әулиеатадан арнайы жасақ шығыпты, ішінде Әубәкіровтың адамдары бар екен. Олармен ауылнай Нұғман Тоқсанбаев жолығыпты. Шымкенттен үкімет өкілі боп Сүлеймен Шүленбаев келіпті. Ол: Ешқандай мәміле болмайды. Оларды ұстап, ату керек - деп кесіп айтыпты. Тоқсанбаев менің ағаммен кездесіп, осындай суық хабарды жеткізді. Көптің ортасында тұрып дағдарып қалдық. Бізді тұтқындауға ордер жіберетін шығар деп күтіп едік. Олай болмай шықты. Бізді заңнан тыс деп жариялап, тек атуға бұйырыпты...»
Осы хабарды естісімен Д. Әділов қашқындыққа ұшырайды. Қуғын кезінде тәркіге түседі. Түйелері, аттары тартып алынады. Сарысудан шығып, Шудағы қайын-жұртына келеді. Одан қайтадан Сарысуға бет бұрады. Сол кезде қуғыншылар үстінен түсіп, атысып әзер құтылады. Аттан ат айырбастап отырып, бір көшке жолығады. Бала-шағаларын сол көшке тастап кетеді. Содан тұтқындағы Ағабек Байдулаевтың үйіне түнеп шығады. Таңға жуық Ахмет Шалқарбаев деген кісі келіп, бұларды Кеңес үкіметіне берілуге шақырады.»
Бұдан кейінгі оқиға белгілі.Қолға түсіп, түрмеге қамалады. Алғашқы тергеудің өзінен-ақ «Алашорданың» әйгілі қайраткері болып көрсетінді бере бстайды.
(Дінше Әділевтің барлық сұрақтарын бір ізге түсіріп реттеп, оның анық–қанығын салыстыру керек. Әр айтқанына қатысты деректерді жиып, салыстырып беру керек).
Д.Әділев туралы С.Сейфуллин өзінің 1925 жылы 19 сәуірде Сталинге жазған хатында орнынан себепсіз алынған Ж.Сәдуақасов: «1918 жылғы Омбыдағы Колчакқа қарсы көтерілісі кезінде тұтқынға алынған Нұркин мен мені Колчактың концлагерінен қашып шығуыма көмектесті, сондай-ақ Байділдинмен бірге жасырынып жүрген қызыл партизан Әділевті және бір орыс жолдасты жасырды» – деп жазды. Демек, Д.Әділевтің өз өміріне қатысты бұл дерегі шындық.
Троцкийдің: Сталин қазақтың жауапты қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, қырқыстыру арқылы бұл халықты зиялылардан айырды – дегенге саятын пікірі де ақиқат сияқты. Бұрын жазалау саясатының көп қитұрқысының бір тәсілі ретінде қарайтын едік. Құпия құжаттармен дендеп танысқан сайын мұның нақты және ең аяр саясат екеніне көзіміз жетті. Және Каширин, Якубовский, Альшанский сиқты кәнігі арандатушыларды олардың соңына тұрақты түрде салып қойған. Олар үш айда, жарты жылда, жыл аяғында есеп беріп, арандатудың жаңа тәсілдерін алдын-ала қарастырып, жансыздарды дер кезінде «сіңіріп» отырған. Бұл құрыққа түспеген қайраткер жоқ екен. Сәкен сияқты «ақындардың аққуы» да өзін-өзі ақта орайында сондай қадамдарға барғаны және ондай мәліметтерді саяси науқандардың қарсаңында 1925 жылы 19 сәуірде, 1937 жылдың басында жазған. Алғашқысы Голощекиннің келуінің, ал екіншісі үлкен «ғарасат майданының қарсаңы. Біз соның ішінде Д.Әділевтің көрсетіндісінде айтылатын бір оқиғаға ғана тоқталамыз. Үкімет төрағасының орнынан түскеннен кейінгі Сталинге жазған хатында:
«...Айналып келгенде, Қазақстанды оңшыл элементтер билеп алды, ал «Алашордашылар» қол шапалақтап отыр. Дәйек үшін үлкен мәні бар елеусіз бір оқиғаны келтірейін. Бүкіл Қазақстан тұтастыққа ие боп, Жетісу мен Сырдария облыстары қосылғаннан кейін өткен Ақмешіт (Перовскі) қаласындағы Ү жалпықазақ құрылтайына үлкен маңыз берілді. Құрылтайдың ашылғанына екі-үш күн өткен соң менің бір жолдасым: мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған Досмұхамедов басқарған Батыс алашорданың туы қойылыпты – деді. Мен сенбедім. Бірақ та қызыл тулардың ортасында жасыл тудың тұрғанын есіме алдым. Кейбір жолдастар реніштерін білдірді. «Алашорда» туы алынды. Кейін: бір орыс қызметкері білместікпен іліп қойыпты – деп түсінік берілді. Құрылтайдың техникалық жағын жоғары біоімді адамдар басқарды емес пе. Құрылтай аяқталған соң Орынборға поезбен қайтып бара жатқанда бұрынғы алашордашы, Оқу-ағарту комиссариятында жұмыс істейтін мұғалім екі адамның көзінше сондай бір рахатты сезіммен: маған: «Ақыры бәрі біздің (яғни, алашордашылардың) айтқанымыздай болды. Құрылтай біздің жасыл туымызбен ашылды. Қызметкерлерге еркіндік тисе деп тілеп едік, құрылтай сол идеямен өтті. «Жұмысшы» деген сөз бос қалды. Осы құрылтайда Қазақстанның болашақ астанас Ақмешіттің (Перовскінің) атын Қызылорда деп өзгертті. Қазақтар үшін қызыл, жасыл, ақ түстің ешқандай айырмашылығы жоқ, Ордасы болса болғаны. Енді партияға біз де кіреміз» – деді маған (Байлар мен мырзалардың үйін Орда деп, кедейлер мен жарлылардың үйлерін баспана не лашық деп атаған)» – деп мағлұмат берді. Ақмешіттің атын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсынысты С.Қожановтың мінбеден айтқаны Д.Әділевтің көрсетіндісінде бар. Әрине, жоғарыдағы мұғалімнің кейін жауапқа тартылған аян. Орнынан түсуіне байланысты өкпеден туған ойлар жыл оралмай жатып саяси үкімге айналды. «Міне, осыларды сіздің назарыңызға жеткізіп қояйын деп едім. Мен ештеңеден дәметіп отырғамын жоқ, макған ештеңенің қажеті жоқ» – деп Сталинді сендіргенімен ол хаттың шекесіне бұрыштама қойылып, тиісі төтенше мекемелер «айналысып хатты». Соның ішінде С.Сейфуллиннің өзіне де Каширин «жақсылап тұрып мінездеме» берді. Әрине, мұның барлығы оның ақындық жүрегін жаралады. Ашындырды. «Алашорданы» әшкерелейтін құжат ретінде пайдаланылған «Тар жол, тайғақ кешуді» кейін қайта өңдеді деген пікір бар. Бірақ ол өзінің тарихи міндетін ол кезде орындап болған еді.
Сондай ұқыпты да тиянақты құжаттың бірі «Қаламның» – Әбдірахман Байділдиннің «түрме күнделігі». Ол өзін ақтаудай-ақ ақтаған. Бұдан өте дәйекті шежіре құрастырып шығуға болар еді. Әттең...ниетін пиғылына жеңдірген, қаламының ұшына у құйылған. Орынбор мен Ташкенттегі астыртын ұйымның арасындағы байланысшы болғанын былай баяндайды:
«Әлі есімде, 1922 жылы мен Ташкентке комсомол сьезіне бардым. Байтұрсынов маған Бірімжановқа тапсыр – деп жабық хат берді, оны оқымастан мен Бірімжановқа апарып бердім. Мен Бірімжановтың пәтерінде тұрғанымда ол Қазақстандағы жағдайдың қандай екенін сұрастыра отырып, олардың Заки Валидовпен және Әнуар пашамен астыртын байланысының бар екенін, олармен байланыс орнату үшін Бірімжанов пен сол кезде Ташкентте тұратын Болғамбаевтің барып қайтқанын айтты. Олармен қоса Әділев те барыпты. Бұл туралы Қожанов жақсы хабардар болыпты. Айтпақшы Қожанов мені Қожановқа қарсы боп жүрген комсомол хатшысы Мұратбаевпен татуластыруды өтінді. Мұратбаев екеуміздің қарым-қатынасымыз жақсы еді. Ақыр соңында мен екеуін табыстырдым, істің мүддесі үшін олар бірге жұмыс істеуге тиіс еді.
Мен Қожановпен әңгімелескен кезде, ол маған қызық бір жайды айтты, мен одан өзімнің жақсы танысым Әділев туралы сұрадым. Қожанов: Әділев Ташкентке 1920-1921 жылдары келді, Қожановпен, Болғамбаевпен бірге қызмет істеді. Әділев өте қызу мінезді жігіт, ол бірнеше рет оның әптігін басуға, орынсыз бір нәрсеге ұрынып қалмауға тырысыпты. Сөйтіп жүргенде ол басмашылар жағына шығып кетіпті, соңғы кезде қызылдардың қолына түсіп, қашып шығыпты, тауда жасырынып жүріп, жоғалып кете жаздапты, дертке шалдығып, денсаулығын жоғалтып алып, азапқа түсіпті, әбден титығы шығып барып осында оралыпты. Қожанов оны өзінің пәтерінде жасырып ұстапты, денсаулығы түзеліп, жазылған соң 1922 жылдың тамыз не қыркүйек айында шығарып салыпты. Мұның барлығы мені «Алашорда» жағынан әлдебір контрреволюциялық әрекет жүріп жатқандығына сендірді, осы бір лаңды іске санасыз түрде болса да мен де, яғни мына Байділдин де қатысты» – деп (сонда, 3-том, 2-кітап, 67-68 беттер) өзіне де, Әділевке де мінездеме берген.
Осы көрсетіндінің соңында: «1921 жылы қараша не желтоқсан айында Қзаткомның ессиясына қатысу үшін Орынборға келдім. Әуелі Сәдуақасовтың, содан кейін Әділевтің пәтерінде тұрдым. Сәдуақасов маған жастарды ұлтшылдыққа үгіттейтін кітапшасымен таныстырды. Кітапшаны таратуға көмкектесуді өтінді. Әділев пен Әшім Омаров Сәдуақасовпен бірге істейтін. Смағұл Москваға кеткен кезде мен Әділевпен бірге тұрдым. Сонда мен Әділевтің бұрынғыдан өзгергенін, теріс жаққа бет алып бара жатқанын байқадым. Бөкейханов оның бөлмесіне күнде келетін, анекдоттар айтатын, шығыс халықтарының тариынынан мысалдар келтіретін, көркем шығармалар оқып беретін, сөйтіп оны тәрбиелеуді қолына алды. Сәрсенов те анда-санда кіріп кететін. Мені Меңдешевке қарсы айдап салды, мен келесі күні фракция құруды талап еттім, Меңдешевті бұрынғыдан да бетер айыптадым» – деп жазды. Біз бұл үзіктен Әлихан Бөкейхановтың өткір, бірақ мінезі ұстамсыз азаматты тәрбиелеуге ұмтылған адамгершілік қасиетін байқаймыз.
Тағы да: «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелген астыртын ұйым болатын...Семейден рабфакқа оқуға келген Ыдырыс Мұстамбаевтің туысы Смағұл Нұрпейісовтен ұйым туралы сұрадым. Ол көпке дейін жасырып айтпады...Ақыры Смағұл: өзінің Аймауытовпен, Байтасовпен, Кемеңгеровпен байланысы бар екенін, оларда астыртын қоғамның платформасы бар екенін, ол қоғамға мұны да тартқанын айтты. Оның бастаушысы Жұмабаев екенін білдім. 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын» – деп түсінік берді. Иә, саяси терминді жақсы білетін Ә.Байділдин «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын қоғам» етіп оп-оңай өзгерте салған.
Әлихан Бөкейхановтың өміріне қатысты тағы бір деректі келтіре кетеміз: « Ү партконференцияның қарсаңында Қожанов Қызылордада болды. Содан кейін конференцияның қарсаңында Қызылордаға Бөкейханов та келді. Маған Сәдуақасов Москвадан күтіп ал деп жеделхат жолдаған еді. Вокзалға келген соң Сәдуақасовтың жоқ екенін көрдім. Бірақ сол поездан түскен Әлихан Бөкейханов пен профессор Швецовты кезіктірдім. «Сәдуақасов келесі поезбен келеді. Бізді Байтұрсыновтың үйіне апарып сал» – деді Бөкейханов. Ол кезде Байтұрсынов пен Дулатов бірге тұратын. Ү партконференцияның қарсаңында Бөкейханов бірнеше рет Нұрмақовтың кеңсесіне кіріп шықты деп естігемін. Нұрмақов Бөкейхановпен бірге қыдырып жүр, олардың жымы бір деген сөз тарап жүрді. Менің ойымша, Ү партконференцияның тезистерін жасауға алашорданың көрнекті қайраткерлері, соның ішінде алашордашыл Бөкейханов пен шақырылған Швецовтың белсене қатысқаны ақиқат...Мен: Сұлтанбеков пен кіші Абдолла Бөкейханов Москвада ұзақ уақыт жұмыс істеген, олар Әлихан Бөкейхановпен бірігіп Өлкелік комитеттің қаулысын бұзатындай аса кең ауқымдағы жұмыс бітірді – деп естідім» – деген (сонда, 3 –том, 2-кітап, 74-бет) естелік келтіреді.
Оның бұл айтқанының бәрі де шындық. Бөкейханов пен Швейовтың жасаған жерді межелеу жобасы қазақ жерін қара шекпендерге мәңгілік меншікке беруден сақтап қалды.
АЙМАУЫТОВ ЖҮСІПБЕК
«Алашордашылардың» ісіне Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен жүргізілген бұрынғы тергеудің сот хаттамаларын да тіркеген. Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған елге Семей мен Керекуден мал жинап апарып, тегін таратқаны өзіне «қылмыс болып тағылған» бұл оқиға жөнінде Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазды. Мұның өзі: соттың ісіне қарсы қоғамдық пікір туғызып, қысым көрсетіп, үкімге ықпал ету үшін жасалды – деп бағаланып, домалақ арыз жазуға түрткі болды. Тергеу барысы төрт жылдан астам уақытқа созылған. Оған әр түрлі жағдайлар әсер еткен. Соның бірі: Жүсіпбек сол кезде Қазақстаннан тыс жерде – Орынборда қызмет істеп жүргендіктен де, сот келесіне уақытында келе алмағандығы еді. Осыған орай оның ерекше маңызды қылмыстық істер жөніндегі тергеушіге жолдаған хатын назарға ұсынуды жөн көрдік.
Қазақстан Жоғарғы сот мекемесінің ірі қылмыстарын тергеушіге Жүсіпбек Аймауытұлынан Өтініш.
Сентябрьдің 27-не шақыруыңызды алып, сол күнге келе алмайтын себебімді айтып, өтініш жазамын. Себебім: әскерлік школде оқу оқытамын, күніне бос емеспін. 2-ден комиссияның ісін басқарамын. Күнде оқушыларды бақылап, жөн көрсетіп, мәжіліс жасап отыруға тура келеді. Менің орнымда қаларлық қазақ оқытушысы жоқ. Мен кетсем, қызмет, оқу тоқтап қалады.
Сондықтан маған жаңа жыл мейрамына шейін пұрсат беруіңізді сұраймын.
Екінші шақыру(ды) жібермесеңіз екен, өйткені (онда) декабрь айында келге міндетті боламын.
Жүсіпбек Аймауытұлы.
18-сентябрь, 1927 жыл».
Жүсіпбектің жаңа жылға дейін «пұрсат сұраған» тілегі орындалмапты. 1927- жылы 3 қазан күні Ерекше істер жөніндегі тергеуші Сейдалин Ж.Аймауытовтан жауап алыпты. Сол жылы ол 37 жасқа толыпты. Орынбордың Совет және Инспектор көшесінің қиылысындағы №51 үйде тұрыпты. Семейдегі Мұғалімдер семинариясын бітірген. Орынбордағы Казатком атындағы әскери мектепте оқытушы екен.
«Алашордашылардың» үстінен жүргізілген «атышулы сот ісі » Голощекиннің «дабылымен» тіптен үстемеленіп, қоңыраулатып өтеді. Ж.Аймауытов пен И.Байменовтың үстінен жүргізілген соттың нәтижесі туралы Ораз Исаев Голощекинге есеп берген хатында Ж.Аймауытовтан көрі С.Сәдуақасовты айыптау басым. Бұл мәселенің ұзын-ырғасы деректермен барынша қанық баяндалса да Орталық комитеттің көзқарасын білдіретін ресми тұжырым болғандықтан да толық келтіреміз. Өйткені бұл тек қана Жүсіпбек Ацмауытровтың ғана емес, бүкіл «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, алдағы үлкен істің дайындығы болатын және бұл сотпроцесі енді күш ала бастаған қужақтардың – голощекиншілердің де «Алашорданың» аштық тұсында ел үшін еткен еңбегін еш кетіру, өз туыстарының қамын ойлаған пайдакүнемдер ретінде көрсету әрекеті болатын. Ораз Исаевтің де «Алашордаға» қарсы науқанды ұйымдастырудағы «алғашқы қадамы» еді:
«Аймауытов және басқалардың үстінен жүргізілген сот процесі туралы әр түрлі алып қашпа сөз айтылып жүргендіктен де, екінші жағынан алғанда соған қатысты кейбір жайлардың шектен шыққанын ескеріп, сол кезде бюро мүшелерінің көпшілігі жоқ кезде Өлкелік комитеттің хатшысының орынында қалғандықтан да хат арқылы төмендегіні мәлімдегім келеді. Осы істің барысы туралы мәселе Қазаткомның президиумында қаралған сияқты еді, сонда президиум мүшелері Мыңбаев пен Сәдуақасов елден ерекше пікір ұстанып, бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында ішінара қназарылық тудыруы мүмкін – деген сылтаумен істің қаралуына қарсы болған. Бұл наразылық Өлкелік комитетке берілді ме, жоқ па, оны білмеймін. Мен мұны тек сот процесі өтердің алдында ғана, Жоғары соттың төрағасы ж.Демменің Өлкелік комитеттен арнайы қоғамдық айыптаушыны белгілеп беру туралы ресми түрде хабарласқанда ғана білдім. Оған менің жеке өзімнің қатысуымды өтінді. Киселев жолдастың қолдауымен мен бас тарттым. Киселев жолдастың Сырдарияға іссапармен кетуіне байланысты хатшының орынында қалатынымды, сондықтан да уақыттың болмайтынын және ыңғайсыз екендігін желеу еттім. Мұның басты кілтипаны – ашаршылық жылдары келтірілген шығын болғандықтан да ғана «үлкен адамдар» іске тартылып отырғандығында екенін баса көрсетттім.Одан басқадай (төменде айтылатын) шиеленіс ойыма да келмеді. Жоғары соттың өтінішіне орай алғыр әрі қолы менен көрі бостау ж. Бековті ұсындым. Соттың құрамы туралы сөз болған жоқ. Сөйтіп процесс басталып кетті. Баспасөз пікір білдіріп жатты, бірақ соның ішінде «Советская степь» газетінде дөрекілеу мәнерде жазылған мақала мен хабарландырудан басқа белсенділік танытқан жоқ. Соған орай қандай да бір ұйымдасқан іске қатысты қарсы мақаланы Қазаткомның органдары жариялаған емес.
Соттағы айыпкердің орнына өте беогілі адамдар, соның ішінде Аймауытров пен коммунист Байменов отырды.
Істі тыңдау барысында мәселенің басқа жағы көріне бастады. Процес барысында көпшіліктің пікірі: айыпкерлерге жаны ашығандар боп және соттың үлкен жазаға кесуіне мүдделі топтар болып – екіге жарылды. Мұның орын алуына түркі болған жай кейін баяндалады. КИНО (Қазақ оқу-ағарту институты – Т.Ж.) мен Өлкелік партия мектебінің оқушыларының айыпталушыларды жақтайтыны байқалды, ҚӨПМ-нің тыңдаушылары сот кезінде Байменовті (ҚӨПМ-нің бұрынғы оқу ісінің меңгерушісі) еркіндікте ұстау туралы сотқа мәлімдеме тапсырды. Тіпті сот процесінде айыпкерлерді қамақта ұстау туралы талап қойылды. Сот төрағасы ж.Бекбатыров: олар өздерін тым еркін ұстағандықтан да солай істеуден басқа амалы қалмағанын айтты.
Осы іске байланысты ж.Сәдуақасовтың жөнсіз іс-әрекетін атап өтпей кете алмаймын. Сот тергеуі аяқталар тұста ж.Сәдуақасов Москвадан (әлде Орынбордан ба) Тоқжігітов арқылы жедел хат жолдап, бұл іске байланысты оның маңызды ацғақтары бар екенін хабарлайды. Істе бұл адамның аты-жөні жоқтығын, өзінің Қызылордадан тыс жүргенін ескеріп, өтінішін ескерусіз қалдырады. Сәдуақасов келген кезде сот тергеуі аяқталып, екі жақтың жарыссөзіне кезек келеді. Ол келе сала Өлкелік комитеттің бюросында талқылауды ұсынып, мәселені ушықтырып жіберді. Мен Нұрмақовпен сөйлестім, сот төрағасы Бекбатыроыты шақырып, істің барысын сұрадық. Ол: Бйменов пен Қарпықовтың және басқалардың қылмысы дәлелденгенін, ал Аймауытовтың кінәсі аз екенін айтты. Нұрмақов екеуміз оған: егерде Аймауытовтың кінәсі елеусіз, дәлел болмаса, онда біздің ойымызша, 3-4 айдан артық кесім жасамаңыз, бұл партияда жоқ интеллигенттердің арасында бізді (өкіметті) «жала жабуға», қудалауға тырысы деген пікір тудырады. Қалғандарына заң бойынша жаза беріңіз – дедік.
Біз осымен шектеліп, 2 адмнан тұратын бюро мәжілісін шақырмай-ақ қоюды ұсындық. Алайда Сәдуақасов бюроны шақыруды, онымен де шектелмей Өлкелік комитеттен олардың барлығын, тым құрығанда Байменовті ақтауды талап етті. Нұрмақов жолдас та бюроны шақыруды қолдады. Бюроны шақырудың мүмкіндігі болмағандықтан да, Нұрмақовтың, Сәдуақасовтың, Исаевтің, Кадиктің, Арынованың, Бокштың және басқалардың қатысуымен кеңес өткіздім.
Мен біздің неге жиналғанымызды, сот төрағасымен арадағы әңгімені баяндап бердім, Ал Сәдуақасов жолдас арнайы баяндама жасағандай сөйледі. Оның пікірі мынаған саяды: Бұл үлкен оқиға, өйткені сот орындығында Аймауытов сияқты қазақтың Вересаві, Алексей Толстойы отыр, ол «Интернационалб» мен «Жас гвардияны» аударды. Бұл партиядв жоқ интеллигенцияның арасында наразылық туғызады, осы күндері Қызылордада кім билікті ұстап қалса, соған сөз келтіреді.
2.Бұл сот процесі – «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеңе де емес, сондықтан да соттың құрамы «Бекбатыров, Арықова және Ашмаев) ол деңгейден төмен (көрнекті адамдар емес).
3. Сотта жалғыз ғана қорғаушы бар, оның өзі орыс екен, сондықтан да сотқа жетекшілік жасау керек.
4. Сотқа тартылғандарды, соның ішінде Аймауытовты қорғап жазылған жалғыз мақаланы, Дулатовтың мақаласын «Еңбекші қазаққа» жариялауға келісім бермеу деген қандай шектен шығушылық ( бұл мақала Сәдуақасов келісімен «Еңбекші қазақтың» бетінде жарияланды).
5. Бұл іс ескіріп кеткендіктен де және «айыпты болмағандықтан да» сотталуға жатпайды, бәрін босату керек.
6. Маған (Сәдуақасовқа) сотта не куә ретінде, не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұқсат беріңіздер, қазақтың қаламгерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін.
7. Сондай-ақ партияда жоқтар бұл процеске қазақтардың партия ішіндегі бір тобының екінші тобына көрсеткен қыры деп баға береді – деген пікір білдірді.
Кеңес мұның бәрін бекітпеді және бізің сот төрағасымен болған әңгімемізді қостады. Бұдан шығаратын менің қорытындым:
1.Өлкелік комитет оқиғаның ұйымдастырылуы тұрғысынан алғанда
оның қалай дамитынына мән бермеді.
2. Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жік ажыратылмаған. Қазақ интеллигенциясының мәдени деңгейі туралы пікірі қылымысқа жалғасып жатады. Оның кеңес соты жөніндегі көзқарасы да жағымсыз әсер қалдырады.
3. Алашордашылар өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты.
4. Оқушылардың тәртіптері де алаңдатады және тиісті шара қолдануды талап етеді.
5. Сотта зиян шеккен үкімет мекемелерінің, мысалы, басында мал жинау ісін «Аштарға көмек» комитеті өкілдерінің болмауы да жарасып тұрған жоқ.
6. Сәдуақасовтың мақаланы жариялау туралы пікірі де дұрыс емес, қайта сот жүріп жатқанда оны жарияламау керек еді, Сергеевті айыталушының өзі таңдап отырғандықтан да қорғаушы жөніндегі пікірі де орынды емес.
7. Соттың үкімінен кейін Сәдуақасовтың әлдекімге: Аймауытовтың қорғау кезіндегі сөзі оны ақтап алды – дегені де жеңілететік, өйткені мұны ол соттың төрағасынан үкімнен бұрын естіп алған болатын.
«Алашорданың» осындай белсенділік танытып отырған іске Қазаткомның қаулы шығаруы орынсыз деп есептеймін. О.Исаев» – деп пікір білдірді.
Біз бұл хатқа талдау жасап жатпаймыз. Тек, бұл сот процесі Жүсіпбек Аймауытовтың үстіне ғана жүргізілген сот емес, «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот болатын. «Ашаршылық» тұсында өзінің туағн ұлты мен туған ауылын аштыққа ұшырата отырып, Ресей мен Украинадағы аштарға азық-түлік жіберумен шұғылданған большевик қазақтар, соның ішінде Меңдешев пен Исаев та бар, алашордашылардың халыққа жасаған қайырымдылығын кешіре алмай жүр еді. Тағдырдың тәлкегіне орай, олардың бұл өкінішін орындатуға тағы да мүмкіндіктері болды. Ал олар ол ашаршылықтан туған халқын қорғап қалған жоқ, қайта, сол аштықты өз қолдарымен жасады. Ол тұста да бұл кінәні «Алашордаға» жауып, оларды шетінен соттады. Бірақ ар алдында өздерін-өздері ақтай алмайтындай күнаға батты.
БАЙДІЛДИН ӘБДІРАХМАН
ІІІ том. 173-бет. Блокнот.
Дело № 124.т.3.
Байділдиннің тергеуі. Жалғасы. Басы дәптерде.
Достарыңызбен бөлісу: |