Мазмұны жалпы бөлім 1-бөлiм. Негiзгi ережелер


-бап. Адамды немесе орынды жасырын аудиобақылау және (немесе) бейнебақылау



бет20/42
Дата14.06.2016
өлшемі2.57 Mb.
#135967
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   42

242-бап. Адамды немесе орынды жасырын аудиобақылау және (немесе) бейнебақылау

1. Адамды жасырын аудиобақылау және (немесе) бейнебақылау – бұл қажет болған кезде жасырын еніп кіру және (немесе) зерттеу арқылы бейне, аудиотехниканы не өзге арнайы техникалық құралдарды пайдаланумен, бір мезгілде оның мазмұнын материалдық жеткізгіште бекітумен жүргізілетін адамның сөз сөйлеуін және өзге де ақпаратты, сондай-ақ оның іс-әрекеттерін жасырын бақылау.

2. Орынды жасырын аудиобақылау және (немесе) бейнебақылау – бұл қажет болған кезде жасырын еніп кіру және (немесе) орынды зерттеу арқылы бейне, аудиотехниканы не өзге арнайы техникалық құралдарды пайдаланумен, бір мезгілде оның мазмұнын материалдық жеткізгіште бекітумен, нақты белгіленген жерде болып жатқан сөйлесулерді және басқа да дыбыстарды және (немесе) оқиғаларды жасырын бақылау.

3. Адамның немесе орынның жасырын аудиобақылауын және (немесе) бейнебақылауын жүргізуді қажет деп тапқанда сотқа дейінгі тергеу органы анықтау органына тиісті тапсырма береді.

4. Қылмысты анықтап табуға ерікті түрде жәрдем көрсетуге ниет білдірген адамға техникалық құралдарды беру кезінде, сондай-ақ осындай құралдарды кейіннен беру кезінде осы Кодекстің 199-бабында көзделген талаптарды сақтай отырып, хаттама жасалады.

Хаттама анықтау органы қызметкерінің және (немесе) сотқа дейінгі тергеуді жүргізетін адамның және техникалық құрал берілген адамдардың қолтаңбаларымен куәландырылады.

5. Адамды немесе орынды жасырын бақылау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамға негізі, басталу және аяқталу уақыты, жазбаның ұзақтығы көрсетілуге тиіс ілеспе хатпен бірге мөрмен бекітілген түрде іс үшін маңызы бар аудио, бейнежазбаларды береді.
243-бап. Электр (телекоммуникациялық) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылау, ұстап қалу және түсіріп алу

1. Электр (телекоммуникациялық) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылау – дыбыстық ақпаратты жеткізуге мүмкіндік беретін техникалық құралдарды және (немесе) компьютерлік бағдарламаларды қолданумен, қажет болған кезде жасырын еніп кіру және (немесе) зерттеу арқылы жүргізілетін, телефон немесе басқа құрылғылар арқылы берілетін дыбыстық ақпаратты жасырын тыңдау және (немесе) жазу.

Электр байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын ұстап қалу және түсіріп алу – сымды, радиооптикалық және басқа да электромагниттік жүйелер арқылы берілетін белгілерді, дабылдарды, дыбыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, суреттерді, бейнекөріністерді, дыбыстарды және басқа да ақпаратты ұстап қалу және түсіріп алу.

2. Электр (телекоммуникациялық) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты бақылау, жасырын ұстап қалу және түсіріп алу қажет деп тапқанда сотқа дейінгі тергеу органы анықтау органына тиісті тапсырма береді.

3. Жасырын тергеу әрекетінің нәтижелері тиісті материалдық жеткізгіште бекітіледі, ол буып-түйіліп, мөрмен бекітіледі және жасырын тергеу әрекетін жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамының қолтаңбасымен куәландырылады.

Материалдық жеткізгіш сотқа дейінгі тергеу органына беріледі.


244-бап. Абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу

1. Абонентттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпарат алу – абонентттер және (немесе) абоненттік құрылғылар (пайдалану жабдықтары) арасындағы қосылулардың күні, уақыты, ұзақтығы туралы мәліметтерді алу.

2. Прокурордың санкциясын алғаннан кейін сотқа дейінгі тергеу органы қаулыны орындау үшін құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның бөлімшесіне жібереді, оның қызметкері ақпаратты материалдық жеткізгіштің кез келгенінде бекітілген талап етілетін ақпаратты беруге міндетті.

Көрсетілген ақпарат оның берілген кезеңі және абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылардың нөмірлері көрсетілетін ілеспе хатпен бірге мөрмен бекітілген түрде ұсынылады.


245-бап. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинау, өңдеу, жинақтау және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу

1. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинау, өңдеу, жинақтау және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу – компьютерлерден, серверлерден және ақпарат жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты арнайы техникалық құралдармен және (немесе) компьютерлік бағдарламалармен, қажет болған кезде жасырын еніп кіру және зерттеу арқылы жүргізілетін жасырын түсіріп алу.

2. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинау, өңдеу, жинақтау және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын алу қажет деп тапқанда сотқа дейінгі тергеу органы анықтау органына тиісті тапсырма береді.

3. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинау, өңдеу, жинақтау және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын алу нәтижелері тиісті материалдық жеткізгіште бекітіледі, ол буып-түйіліп, мөрмен бекітіледі, жасырын тергеу әрекетін жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамының қолтаңбасымен куәландырылады.

Материалдық жеткізгіш сотқа дейінгі тергеу органына беріледі.
246-бап. Почта және өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылау

1. Хаттардың, жеделхаттардың, радиограммалардың, бандерольдардың, посылкалардың және басқа да почта жөнелтілімдерінің іс үшін маңызы бар мәліметтерді, құжаттарды және заттарды қамтуы мүмкін екендігінің жеткілікті негіздері болған кезде оларға қатысты жасырын бақылау жүзеге асырылуы мүмкін.

2. Почта және өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылау қажет деп тапқанда сотқа дейінгі тергеу органы дәлелді қаулы шығарады. Көрсетілген қаулы прокурорға ұсынылады және ол санкция берген жағдайда сотқа дейінгі тергеу органы орындау үшін почта мекемелеріне немесе жөнелтілімдер жеткізу бойынша қызметтерді көрсететін адамдарға жібереді.

3. Почта мекемелері немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтерді көрсететін адамдар сотқа дейінгі тергеу органын өздерінің иелігінде бақылауға жататын почта және өзге де жөнелтілімнің болуы туралы кідіріссіз хабарлайды.

Сотқа дейінгі тергеу органы хабарламаны алған кезден бастап жиырма төрт сағаттың ішінде қажет болған кезде почта мекемесінің уәкілетті қызметкерінің немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтерді көрсететін адамның қатысуымен жөнелтілімді қарап тексереді және (немесе) оның құрамымен танысады, оның құрамын бекітумен немесе онсыз, осы жөнелтілімді одан әрі жеткізу туралы шешім қабылдайды.

4. Почта және өзге де жөнелтілімді қарап тексерудің және (немесе) олармен танысудың әрбір жағдайында сотқа дейінгі тергеу органы осы Кодекстің 199-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасайды, онда іс-шараны жүргізуге қатысқан адамдардың деректері, қарап тексеруге және (немесе) таныстырылуға жатқызылған почта және өзге де жөнелтілімнің атауы және түрі, оның құрамын бекітумен немесе онсыз, жөнелтілімді одан әрі жеткізу туралы мәліметтер көрсетіледі.


247-бап. Орынға жасырын еніп кіру және (немесе) оны тексеру

1. Орынға жасырын еніп кіруді және (немесе) оны тексеруді уәкілетті орган тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайларға, ғимаратқа, құрылысқа, қоймаға, көлік құралына немес жер учаскесіне оларды тексеру үшін, сондай-ақ тергеу әрекеттерін дайындау және жүргізу үшін жүзеге асырады.

2. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін уәкілетті орган сотқа дейінгі тергеу органына барлық алынған материалдарды толық көлемде мөрмен бекітілген түрде ілеспе хатпен бірге ұсынады.
248-бап. Адамды немесе орынды жасырын бақылау

1. Адамды немесе орынды жасырын бақылау, егер осы адамның тергеу жүргізіліп жатқан қылмысқа қатысы бар не оның дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған қылмыс туралы мәліметтерге ие болған деп санауға жеткілікті негіздер бар болғанда, сондай-ақ егер бақыланатын орында болып жатқан немесе болуы болжанып отырған мән-жайлардың іс үшін маңызы бар болуы мүмкін жағдайда, қажет болған кезде сөз сөйлеу және өзге де дыбыстық ақпараттың аудиобақылауын және аудиожазбасын жүзеге асырусыз, бейне-фото бақылау техникалық құралдарын пайдаланумен жүзеге асырылады.

2. Адамды немесе орынды жасырын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды адамы бақыланатын адаммен немесе орынмен байланыс жасаған өзге де адамдарға байланыс жасаған кезден бастап қырық сегіз сағат бойы жасырын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

3. Адамды немесе орынды жасырын бақылау нәтижесінде алынған заттар мен құжаттар қоса тіркелетін күн сайынғы есеп жасалады.

4. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін уәкілетті орган сотқа дейінгі тергеу органына барлық алынған материалдарды толық көлемде мөрмен бекітілген түрде ілеспе хатпен бірге ұсынады.
249-бап. Жасырын бақыланатын жеткізілім

1. Жасырын бақыланатын жеткізілім еркін өткізуге тыйым салынған немесе айналымы заңмен шектелген, сондай-ақ қылмыстық қол сұғушылықтың объектілері немесе құралдары болып табылатын заттардың, заттектер мен өнімдердің жеткізілуіне, сатып алынуына, сатылуына, жылжуына бақылау орнату мақсатында жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының аумағында бақыланатын жеткізілімді уәкілетті орган дербес не басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырады.

3. Бірнеше мемлекетің аумағында бақыланатын жеткізілімді уәкілетті орган шетел мемлекеттерінің уәкілетті құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асырады.

4. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін уәкілетті орган сотқа дейінгі тергеу органына барлық алынған материалдарды толық көлемде мөрмен бекітілген түрде ілеспе хатпен бірге ұсынады.
250-бап. Жасырын бақыланатын сатып алу

1. Жасырын бақыланатын сатып алу жалған мәміле жасау ахуалын туғызу жолымен жасалатын немесе жасалған қылмыс туралы нақты деректер алу мақсатында жүргізіледі.

Бұл ретте өзіне қатысты оның қылмысқа қатыстылығы бар деп санауға жеткілікті негіздер бар адамнан еркін өткізуге тыйым салынған немесе айналымы заңмен шектелген, сондай-ақ қылмыстық қол сұғушылықтың объектілері немесе құралдары болып табылатын заттар немесе заттектер ақылы түрде сатып алынады.

2. Уәкілетті органның қызметкеріне немесе жасырын тергеу әрекетіне қатысуға ерікті түрде ниет білдірген адам оның барысы мен нәтижелерін бекітудің техникалық және өзге де құралдарын, сондай-ақ еркін өткізуге тыйым салынған не айналымы заңмен шектелген немесе қылмыстық қол сұғушылықтың объектілері және (немесе) құралдары болып табылатын заттарды немесе заттектерді ақылы түрде сатып алу үшін беру туралы осы Кодекстің 199-бабына сәйкес жеке хаттамалар жасалады.

3. Уәкілетті органның қызметкерінен немесе жасырын тергеу әрекетіне қатысуға ерікті түрде ниет білдірген адамнан сатып алынған заттарды және заттектерді алу, сондай-ақ оларды қарап тексеру нәтижелері туралы осы Кодекстің 199 және 219-баптарының қағидаларына сәйкес хаттама жасалады.
251-бап. Қылмыстық ортаға жасырын ену және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялау

1. Қылмыстық ортаға жасырын ену және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялау дайындалатын, жасалатын немесе жасалған қылмыстар туралы нақты деректер алу мақсатында қылмыстық ортаға енгізілген және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялаған адамның жазбаша келісімі бойынша жүзеге асыралады.

2. Қылмыстық ортаға енгізілген және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялаған адамға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ережелеріне сәйкес қажетті қорғану, қылмыс жасаған адамды ұстау, аса қажеттілік, негізді тәуекел ету жағдайларын қоспағанда, адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіруге байланысты іс-әрекет (әрекетсіздік) жасауға тыйым салынады.

3. Сотқа дейінгі тергеу органының келісімі бойынша уәкілетті орган қылмыстық ортаға енгізілген және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялау барысы туралы үнемі хабарлайды.

4. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін уәкілетті орган сотқа дейін тергеу органына барлық материалдарды мөрмен бекітілген түрде ілеспе хатпен бірге ұсынады.
31-тарау. Тінту және алу
252-бап. Тiнту

1. Тiнту iс үшiн маңызы бар заттарды немесе құжаттарды, оның ішінде тыйым салуға жататын мүлікті анықтап табу және алып қою мақсатында жүргiзiледi.

2. Тiнту жүргiзуге көрсетілген заттардың немесе құжаттардың белгiлi бiр үй-жайда немесе өзге орында не нақты адамда болуы мүмкiн деп болжауға жеткiлiктi деректердiң болуы негiз болып табылады.

3. Тiнту iздестiрiлiп жатқан адамды және адам мәйiтін анықтап табу үшiн жүргiзiлуi мүмкiн.


253-бап. Алу

Алу, егер іс үшiн маңызы бар белгiлi бiр заттар мен құжаттардың қайда және кiмде екенi анық белгілі болса, оларды, сондай-ақ тәркіленуге жататын мүліктерді алып қою мақсатында жүргiзiледi.


254-бап. Тiнту мен алуды жүргiзу тәртiбi

1. Тiнту мен алуды сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам дәлелдi қаулы бойынша жүзеге асырады. Тiнту жүргiзу туралы, сондай-ақ мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын құжаттарды алу туралы қаулыға прокурор немесе оның орынбасары санкция беруге тиiс.

2. Тұрғын үй-жайда онда тұрып жатқан адамдардың еркiнен тыс алу осы Кодекстiң 220-бабының он үшінші және он төртінші бөлiктерiнiң қағидалары бойынша жүргiзiледi.

3. Ерекше жағдайларда, iздестiрiлiп жатқан және алып қоюға жататын объекті оны анықтап табуды ұзаққа созудан жоғалуы, бүлiнуi немесе қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкiн болғанда не iздестiрiлiп жатқан адам жасырынуы мүмкiн болғанда тiнту және алу прокурордың санкциясынсыз, бiрақ кейiннен жүргiзiлген тiнту туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде оған хабарлау арқылы жүргізілуі мүмкiн. Көрсетілген хабарламаны алғаннан кейiн прокурор жүргiзiлген тiнтудiң, алудың заңдылығын тексередi және оның заңды немесе заңсыз екенi туралы қаулы шығарады. Жүргiзiлген тiнтудiң, алудың заңсыз екенi туралы шешiм қабылданған жағдайда, бұл әрекет iс бойынша дәлелдеме ретiнде жіберіле алмайды.

4. Тiнту куәгерлердiң қатысуымен, ал қажет болған жағдайларда маманның және аудармашының қатысуымен жүргiзiледi.

Алу оның барысы мен нәтижелерін бекітетін техникалық құралдар міндетті түрде қолданыла отырып жүргізіледі, қажет болған кезде маман және аудармашы тартылуы мүмкін.

5. Тұрғын үй-жайларды, ұйымдардың үй-жайларын тiнту немесе алу осы Кодекстiң 220-бабының он бесінші және он алтыншы бөлiктерiнде көрсетілген адамдардың қатысуымен жүргiзiледi.

6. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайларды, сондай-ақ дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұрып жатқан үй-жайларды тiнту және алу осы Кодекстiң 220-бабының он жетінші бөлiгiнде белгiленген талаптар сақтала отырып жүргiзiледi.

7. Тiнту немесе алуды жүргiзуді бастау алдында сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам оларды жүргiзу туралы қаулыны көрсетуге мiндеттi.

8. Тiнтуге кiрiскенде сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам iс үшiн маңызды болуы мүмкiн, алынуға жататын заттар мен құжаттарды ерiктi түрде берудi ұсынады. Егер олар ерiктi түрде берiлсе және алынуға жататын заттар мен құжаттардың жасырылғанына күмәндануға негiздер болмаса, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам одан әрi iздеу жүргiзбеуге құқылы.

Тауып алу үшін тінту жүргізілуі мүмкін заттар мен құжаттарды адамның өз еркімен бергені туралы міндетті түрде тінту хаттамасында көрсетіледі.

9. Егер жабық үй-жайлар мен қоймалардың иесi оларды ерiктi түрде ашудан бас тартса, тiнту жүргiзген кезде олар ашылуы мүмкiн. Бұл ретте есiк тиектерін және басқа да заттарды қажетінсiз бұзуға жол берiлмеуге тиiс.

10. Алуды жүргізу кезiнде сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам алынуға жататын заттар мен құжаттарды берудi ұсынады, ал бұдан бас тартылған жағдайда алуды мәжбүрлi түрде жүргiзедi.

11. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам тiнту мен алу кезiнде сол үй-жайда тұрып жатқан адамның немесе басқа адамдардың жеке өмiрiнiң анықталған мән-жайларының жарияланбауына шаралар қолдануға мiндеттi.

12. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам тiнту немесе алу жүргiзiлiп жатқан үй-жайда немесе орында болған адамдарға және осы үй-жайға немесе орынға келген адамдарға тiнту немесе алу аяқталғанға дейiн ол жерден кетуге, сондай-ақ бiр-бiрiмен немесе өзге адамдармен сөйлесуге тыйым салуға құқылы.

13. Тiнту мен алуды жүргiзу кезінде сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам iске қатысы бар болуы мүмкiн заттар мен құжаттарды алып қоюмен шектелуге тиiс. Айналымға тыйым салынған заттар мен құжаттар олардың iске қатыстылығына қарамастан алып қойылуға тиiс.

14. Тінту кезінде алып қойылатын заттар мен құжаттар куәгерлерге және басқа да қатысып отырған адамдарға көрсетiледi, тінту орнында буып-түйiледi, мөрмен бекiтiледi және куәгерлер мен оған қатысып отырған адамдардың қолтаңбаларымен куәландырылады.

15. Алу кезінде алып қойылатын заттар мен құжаттар қатысып отырған адамдарға көрсетiледi, алу орнында буып-түйiледi және мөрмен бекiтiледi және бұған қатысып отырған басқа адамдардың қол қоюымен куәландырылады.

16. Қажет болған жағдайларда тiнту жүргiзілген кезде фотосуретке түсіру, киноға түсiру және бейнежазба жүргiзiледi.
255-бап. Жеке адамды тiнту

1. Осы Кодекстiң 252-бабында көзделген негiздер болған кезде және 254-бабының талаптарын сақтай отырып, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам тiнтiлетiн адамның денесiнен, оның киiмiнен заттар мен құжаттарды және ондағы заттарды анықтап табу және алып қою мақсатында жеке адамды тiнтуге құқылы.

2. Жеке адамды тiнтудi тiнтілетін адаммен жынысы бiр адам ғана және сол жыныстағы куәгерлер мен мамандардың қатысуымен жүргiзедi.

3. Жеке адамды тiнту арнайы қаулы шығарылмай және прокурордың санкциясынсыз мынадай жағдайларда, егер:

1) үй-жайдағы немесе тiнту жүргiзiлiп жатқан өзге орындағы адам iс үшiн маңызы бар болуы мүмкiн құжаттарды немесе заттарды өзінде жасырып отыр деп болжауға жеткiлiктi негiздер болса;

2) ол адам ұсталған немесе күзетпен қамауға алынған кезде жүргiзiледi. Бұл жағдайда жеке адамды тiнту куәгерлер болмағанда жүргiзiлуі мүмкін.


256-бап. Тiнту немесе алу хаттамасы

1. Тiнту немесе алу жүргiзетiн адам осы Кодекстiң 199-бабында көзделген талаптарды сақтай отырып, хаттама жасайды.

2. Хаттамада заттар немесе құжаттар қай жерде және қандай жағдайларда анықтап табылғаны, олардың ерiктi түрде берiлгенi немесе мәжбүрлі түрде алып қойылғаны көрсетiлуге тиiс. Барлық алып қойылған заттар хаттамада саны, мөлшерi, салмағы, даралайтын белгiлерi және мүмкiндiгiнше бағасы дәл көрсетiле отырып, тізбеленуге тиiс.

3. Егер тiнту немесе алу жүргiзген кезде алып қойылуға жататын заттарды немесе құжаттарды жою немесе жасыру әрекеттерi жасалған болса, бұл хаттамада қолданған шаралар көрсетiле отырып, жазылуға тиiс.

4. Тiнту немесе алу хаттамасының көшiрмесi олар жүргiзiлген адамға не оның кәмелетке толған отбасы мүшесiне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымының немесе жергiлiктi атқарушы органның өкiлiне одан қолхат алып тапсырылады. Егер тiнту немесе алу ұйымда жүргiзiлсе, онда хаттаманың көшiрмесi оның өкiлдерiне қолхат алып тапсырылады.
32-тарау. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау Тергеу эксперименті
257-бап. Айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау

1. Жәбiрленушiнiң, куәнiң, күдіктiнiң тергелетiн оқиғамен байланысты жерде берген айғақтарын тексеру мен нақтылау:

1) айғақтардың растығын оларды болған оқиғаның жағдайымен салыстыру арқылы анықтау;

2) тексерiлетiн iс-әрекет жасалған маршрутты және орынды нақтылау;

3) жаңа нақтылы деректердi анықтау мақсатында жүргiзiледi.

2. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау бұрын жауап алынған адам зерттелiп отырған оқиғаның жағдайы мен мән-жайларын оқиға болған жерде жаңғыртады; iс үшiн маңызы бар заттарды, құжаттарды, iздердi іздеп табады және көрсетеді; белгiлi бiр iс-қимылды бейнелеп көрсетеді; зерттелiп отырған оқиғада қайсы бір заттардың қандай рөл атқарғанын көрсетеді; оқиға болған жердегі жағдайдың өзгеруiне назар аударады; өзiнiң бұрынғы айғақтарын нақтылайды және айқындайды. Бұл іс-әрекеттерге сырттан қандай да бiр араласуға және жетектеушi сұрақтар қоюға жол берілмейді.

3. Оқиға болған жерде бiрнеше адамның айғақтарын бiр мезгілде тексеру мен нақтылауға жол берілмейді.

4. Айғақтарды тексеру мен нақтылау жауап алынып отырған адамға оның айғақтары тексерiлетiн бағыт пен орынды ерiктi түрде көрсетудi ұсынудан басталады. Айғақтар баяндалғаннан кейiн және iс-қимылдарды бейнелеп көрсеткеннен кейiн айғақтары тексерiлiп отырған адамға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бұл адам, сондай-ақ iске қатысушы өзге де адамдар жүргiзiлiп отырған тергеу әрекетiне байланысты өздерiнен қосымша жауап алуды талап етуге құқылы.

5. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау барысында анықтап табылған, iс бойынша дәлелдемелік маңызы бар боуы мүмкін заттар мен құжаттар алып қойылып, буып-түйiледi және мөрмен бекiтiледi; оларды алып қою фактiсi хаттамада көрсетiледi.

6. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде өлшеу, суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба, киноға түсiру жүргiзiледi, жоспарлар мен схемалар жасалады. Қажет болған жағдайларда оқиға болған жерді тексеру мен нақтылау кезінде маман қатысуға құқылы. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезiнде дыбыс және бейнежазба құралдары міндетті түрде пайдаланады және осы Кодекстiң 210-бабында көрсетілген қағидалар бойынша жүргiзiледі.

7. Оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылаудың жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып, хаттама жасалады. Хаттамада оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылаудың талаптары, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi көрсетіледі.
258-бап. Тергеу экспериментi

1. Тергеу экспериментi iс үшiн маңызы бар мәлiметтердi зерттелiп отырған оқиғаның белгiлi бiр іс-әрекеттерiн, жағдайын, мән-жайларын жаңғырту және тәжiрибе жүргiзу арқылы тексеру мен нақтылау мақсатында жүргiзiледi. Эксперимент жүргiзу кезiнде, атап айтқанда, қандай да бiр фактiлердi қабылдау, белгілі бір іс-әрекеттердiң жасалу мүмкіндігін, қандай да бір оқиғаның болу ықтималдығы тексерiлуi, сондай-ақ болған оқиғаның ретi және iздердiң пайда болу тетiгi анықталуы мүмкiн.

2. Тергеу экспериментi оның барысы мен нәтижелерін бекітетін техникалық құралдар мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi. Қажет болған кезде тергеу экспериментiне өздерiнiң келiсiмi бойынша күдіктi, жәбiрленушi, куә, маман, сарапшы және тәжiрибелiк iс-қимылдарды жүргiзетiн адамдар тартылуы мүмкiн. Экспериментке қатысушыларға оның мақсаты мен жүргiзiлу тәртiбi түсiндiрiледі.

3. Тергеу экспериментiн, егер, бұл ретте оған қатысқан адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiпті болмағанда, олардың ар-намысына кемсітушілік көрсетілмегенде, оларға материалдық залал келтірілмегенде, жүргiзуге жол берiледi.

4. Тергеу экспериментi жаңғыртылып отырған оқиғалар немесе іс-әрекеттер болған жағдайларға барынша ұқсас жағдайларда жүргiзiледі.

5. Қажет болған жағдайларда тергеу экспериментiн жүргiзген кезде суретке түсiру, дыбыс және бейнежазба, киноға түсiру жүргiзiледi, басқа ғылыми-техникалық құралдар қолданылады, жоспарлар, схемалар, сызбалар жасалады.

6. Тергеу экспериментi жүргiзiлгенi туралы осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып, хаттама жасалады. Хаттамада тергеу экспериментiнiң шарттары, барысы мен нәтижелерi егжей-тегжейлi баяндалады және мыналар: эксперимент қандай мақсатпен, қашан, қайда және қандай жағдайларда жүргiзiлгені; оқиғаның жағдайы мен мән-жайларын жаңғыртудың нақты неден көрiнгені; қандай іс-әрекеттер, қандай ретпен жүргiзiлгені, оны кiм және қанша рет жасағаны; қандай нәтижелер алынғаны көрсетiледi.
33-тарау. Заттар мен құжаттарды ұсыну
259-бап. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамға заттар мен құжаттарды оларға иелік ететін адамдардың бастамасы бойынша ұсыну

1. Тараптар, сондай-ақ өзге де адамдар, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдары сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамға, өздерінің пікірі бойынша іс үшін маңызы бар болуы мүмкін заттарды және құжаттарды беруге құқылы.

2. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 220-бабының қағидалары бойынша ұсынылған затты, қарап тексеруді және егер заттың немесе құжаттың іс үшін маңызы бар болуы мүмкін деп болжауға негіздер бар болғанда, оны қабылдауға міндетті. Осы іс үшін маңызы жоқ, бірақ алып қойылған заттар, құжаттар да қабылдап алынуға тиіс.

Іс үшін маңызы жоқ және айналымнан алынбаған зат, құжат ұсынылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам қарап тексергеннен кейін затты тиесілігі бойынша дереу қайтарады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет