295-бап. Жәбірленушіні, азаматтық қуынушыны, азаматтық жауапкерді және олардың өкілдерін іс материалдарымен таныстыру
1. Жәбірленуші немесе оның өкілі ауызша немесе жазбаша өтінішхат жасаған жағдайда, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам оларды қалаған іс материалдарымен немесе оның бөлігімен таныстырады. Азаматтық қуынушы, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері егер олар өтінішхат берген болса іс материалдарымен азаматтық қуынушыға қатысты бөлігінде танысады.
2. Танысу осы Кодекстің 296-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
296-бап. Күдікті мен оның қорғаушысын істің барлық материалдарымен таныстыру
1. Осы кодекстің 295-бабының талаптарын орындай отырып, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам тігілген, нөмірленген, іс парақтарының тізімдемесіне енгізілген және тергеу органының мөрімен куәландырылған айыптаулар тізімін қоспағанда, қылмыстық істің барлық материалдарын күдіктіге және оның қорғаушысына ұсынады. Күдіктінің немесе оның қорғаушысының өтініші бойынша танысу үшін заттай дәлелдемелер ұсынылады және егер тергеу іс-әрекеттерінің хаттамаларына қоса берілген болса фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, слайдтар тыңдалып, көрсетіледі. Күдіктінің немесе оның қорғаушысының өтініші бойынша олар істің материалдарымен бірге немесе бөлек таныса алады.
2. Күдікті және қорғаушы іс материалдарымен танысу барысында, егер ол бірнеше томнан тұратын болса, олардың кез келгеніне қайта оралуға, кез келген мәліметтерді және кез келген көлемде көшіріп алуға, соның ішінде мемлекеттік құпияларды қамтитын мәліметтерді қоспағанда, техникалық құралдардың көмегімен құжаттардың көшірмесін түсіріп алуға құқылы. Мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтері бар істің құжаттарынан үзінділер мен көшірмелер іспен бірге сақталады және күдіктіге не оның қорғаушысына сот отырысы уақытында беріледі.
3. Қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адамның, прокурордың сұрау салуы бойынша кез келген заттай дәлелдемелерді немесе олардың бөліктерін, құжаттарды көшіріп алуға немесе өзгеше түрде көрсетілуге тиіс рұқсат пен мүмкіндікті беруге, егер қорғау тарапының сотта дәлелдемелер ретінде оларда мазмұндалған мәліметтерді пайдалануға ниеті болса, тұрғын үйге немесе иеліктен өзге де үй-жайларға кіруге рұқсат беруге міндетті.
4. Қылмыстық іс жүргізу тараптары қарама-қарсы тарапқа, ал жәбірленуші – прокурорға осындай материалдардың атауларын көрсете отырып, оларда тұрған және іске қосылмаған материалдарға өздерінің рұқсатын беру фактісін жазбаша растауға міндетті.
5. Жәбірленуші және азаматтық қуынушы, оның өкілі қорғау және айыптау тараптары ұсынған материалдармен азаматтық қуынымға қатысты бөлігінде таныса алады.
6. Күдікті мен қорғаушыға оларға істің барлық материалдарымен танысу үшін қажетті уақыт шектелмейді, Алайда, күдікті мен қорғаушы істің материалдарымен танысу уақытын көрінеу созбаласа, онда сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам прокурор бекіткен іс материалдарымен танысу үшін белгілі бір мерзімді белгілей отырып танысу кестесін жасауға құқылы.
7. Күдікті мен қорғаушы іс материалдарымен танысып болғаннан кейін сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам олардың өтінішхат бергісі келетіндігін және нақты не туралы, қандай арыз жасағылары келетіндігін анықтауға міндетті. Бұл ретте күдікті мен оның қорғаушысынан жауап алынған нақты куәлардан, сондай-ақ іске қатыушы сарапшыларды, мамандарды және куәгерлерді сот отырысында жауап алу және қорғану позициясын растау үшін шақыртқысы келетінін анықтау қажет.
8. Егер тараптар осы баппен белгіленген тәртіппен материалдармен танысуға бір-біріне мүмкіндік бермесе, соттың онда сақталған мәліметтерге дәлелдемелер ретінде жол беруге құқығы жоқ.
297-бап. Қылмыстық істің материалдарымен танысу аяқталған соң мәлімделген өтінішхаттарды қарау және шешу тәртібі
1. Осы Кодекстің 294-бабында көрсетілген тұлғалардың қылмыстық іс материалдарымен танысуы аяқталғаннан кейін сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам қандай да бір өтінішхаттардың немесе өзге де мәлімдемелердің бар-жоқтығын айқындайды.
2. Күдіктінің, оның қорғаушысының, жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, азаматтық қуынушының, азаматтық жауапкердің және оның өкілдерінің материалдармен танысқаннан кейін ауызша мәлімделген өтінішхаттары танысу туралы хаттамаға енгізіледі.
Процеске қатысушы өтінішхатты жазбаша түрде баяндайтыны туралы мәлімдеген жағдайларда оны дайындау үшін үш тәуліктен аспайтын қажетті уақыт ұсынылады, таныстыру туралы хаттамада бұл туралы белгі қойылады. Жазбаша өтінішхат іске қоса тіркеледі.
3. Өтінішхат осы Кодекстің 99-бабында белгіленген тәртіппен қарастырылады және шешіледі.
Осы Кодекстің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адамның іс бойынша маңызы бар мән-жайларды анықтау туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға құқығы жоқ. Мұндай жағдайларда сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам қосымша тергеу әркеттерін жүргізу қажеттігін түсіне отырып, тергеу іс-әрекеттерін жүргізуді жаңарту және өтінішхатты қанағаттандыру туралы қаулы шығарады, бұл ретте процеске басқа қатысушылардың қылмыстық iс материалдарымен танысуының жалғасуы өтінішхаттарды шешуге және олар қанағаттандырылған жағдайда, тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзуге бөгет болмайды.
4. Қосымша тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам, тергеу әрекеттерінің аяқталғаны туралы қайтадан жариялайды және қылмыстық іс материалдарымен бұрын танысқан процеске қатысушыларға қосымша тергеу іс-әрекеттерінің материалдарымен не олардың өтініші бойынша қылмыстық істің барлық материалдарымен танысу құқығын түсіндіреді.
5. Мәлімделген өтінішхаттарды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам тиісті қаулы шығарады, бір тәулік ішінде оның көшірмесін өтінішхатты мәлімдеген тұлғаға жеке береді немесе оған байланыстың қол жетімді құралдары арқылы жібереді.
6. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адамның қылмыстық іс бойынша өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуына өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулының көшірмесі алынған кезден бастап үш тәулік ішінде прокурорға шағымдануға болады.
7. Прокурор арызды шешкенге дейiн қылмыстық iс сотқа жiберiлмеуге тиiс. Прокурордың өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуы осы өтінішхатты сотта мәлімдеуге кедергі болмайды.
38-тарау. Айыптау актісін жасау және қылмыстық істі прокурорға жіберу
298-бап. Айыптау актісін жасау
1. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан және олардың өтінішхаттарын шешкеннен кейін, айыптау актісін жасайды.
2. Егер адамға бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік келтірілген болса, олардың әрқайсысын уақыт бойынша, басқалардан ерте жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтан бастап сипаттау хронологиялық тәртіппен жүзеге асырылады.
299-бап. Айыптау актісінің мазмұны
1. Айыптау актісі кіріспе, сипаттамалы-дәлелді және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Кіріспе бөлікте:
1) айыптау актісі жасалған уақыт және орын;
2) айыптау актісін жасаған адамның лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты;
3) күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты, туылған күні, айы, жылы және жері көрсетіледі.
Сипаттамалы-дәлелді бөлікте:
1) қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған уақыты, жері, оның тәсілдері, себептері, салдарлары, қылмыстың саралануы және өзге де мән-жайлар;
2) жәбірленуші, оған келтірілген зиянның сипаты мен көлемі туралы мәліметтер;
3) қылмыстық жолмен алынған мүлік туралы мәліметтер;
4) күдіктінің жауаптылығын ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар;
5) күдікті туралы мәліметтер (азаматтығы, отбасылық жағдайы, немен шұғылданатындығы, білімі, тұратын жері, соттылығының болуы), сипатталалатын өзге де деректер, оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасы;
6) адамды айыптау үшін негіз болып табылатын мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің тізбесі;
7) алкоголдік, есірткі немесе өзге де тәуелділіктен емдеуді қолданудың алғышарттары болып табылатын мән-жайлар туралы мәліметтер баяндалады.
Айыптау актісінің қарар бөлігінде күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты, оған жасады деп айып тағылып отырған әрекет сараланатын қылмыстық заңның нақты бабы, бөлігі және тармағы және айыптау актісін бекіту туралы мәселені шешу үшін қылмыстық істі прокуратураға жіберу және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберу туралы көрсетіледі.
Айыптау актісіне оны жасаған адам қол қояды.
3. Адам қылмыстық заңның әртүрлі баптарында, бөліктерінде немесе тармақтарында көзделген бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп айыпталған кезде айыпту актісінде осы қылмыстық құқық бұзушылықтардың әрқайсысы жеке-жеке сараланып көрсетілуге тиіс.
Бір қылмысты жасады деп бірнеше адам айыпталған кезде айыптау актісінде күдіктінің әрқайсысына қатысты қылмыстардың саралануы көрсетіледі.
4. Айыптау актісіне сот отырысына шақырылуға жататын адамдардың тізімі қоса беріледі. Тізімде тегі, аты, әкесінің аты, оның іс жүргізетінлік жағдайы, тұрғылықты жері, оның айғақтары берілген қылмыстық іс томының және парағының нөміріне сілтеме көрсетіледі.
Тізім екі бөліктен: күдікті және қорғаушы атаған адамдардың тізімінен (қорғау тізімінен) және сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам жасаған тізімнен (айыптау тізімінен) тұруға тиіс.
Тізім мөрленген конвертке салынып, қылмыстық іске бірге тігіледі.
Айыптау актісіне сотқа дейінгі тергеу мерзімі, бұлтартпау шарасы, күдіктіні күзетпен ұстау мерзімі, заттай дәлелдемелердің болуы және оларды сақтау орны, азаматтық қуынымды қамтамасыз ету және сот үкімін орындау үшін қабылданған шаралар, айыпталушыдан өндіріп алынуға тиіс іс жүргізетінлік шығындар мен сомалар, мәлімделген қуыным көрсетілген анықтама қоса беріледі.
300-бап. Айыптау актісін және қылмыстық істі прокурорға жіберу
1. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам айыптау актісін жасағаннан кейін оны қылмыстық іспен бірге прокурорға жібереді.
2. Күдікті күзетпен ұстауда болған жағдайларда қылмыстық істің материалдарына оның жеке басын куәландыратын құжат қоса беріледі. Қалған жағдайларда сотқа дейінгі тергеуді жүргізетін адам куәландырған көшірме қоса тігіледі.
3. Шетелдік болып табылатын күдікті адамда оның жеке басын куәландыратын құжат болмаған жағдайда, материалдарға айрықша жағдайларда өзге құжат қоса берілуі мүмкін.
Ескертпе. Осы бапта:
1) Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;
3) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына берілетін ықтиярхат;
4) азаматтығы жоқ адамның куәлігі;
5) Қазақстан Республикасының дипломатиялық паспорты;
6) Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты;
7) босқынның куәлігі;
8) теңізшінің жеке басының куәлігі;
9) шетелдік паспорт;
10) жүргізетіннің куәлігі;
11) қайтып оралуға куәлік;
12) жеке куәлік алуға жасы жетпеген адамның туу туралы куәлігі;
13) туу туралы актілік жазба;
14) әскери билет жеке басты куәландыратын құжаттар болып танылады.
39-тарау. Айыптау актісімен бірге келіп түскен қылмыстық іс бойынша прокурордың шешімдері
301-бап. Айыптау актісімен бірге келіп түскен қылмыстық істі зерделеу кезінде прокурор шешетін мәселелер
1. Прокурор айыптау актісімен бірге келіп түскен қылмыстық істі зерделейді және мыналарды:
1) әрекеттiң болғанын және бұл әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының бар-жоғын;
2) iсте оны тоқтатуға әкелетiн мән-жайлардың бар-жоғын;
3) күдіктінің әрекетi дұрыс сараланғанын-сараланбағанын;
4) адамға тағылып отырған әрекет істе бар дәлелдемелермен расталған-расталмағанын;
5) анықталған қылмыстық жазалау әрекеттерінің барлығы бойынша адам күдікті деп танылған-танылмағанын;
6) олардың қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы дәлелдемелер алынған іске қатысы бар барлық адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін шаралардың қабылданған-қабылданбағанын;
7) бұлтартпау шарасы дұрыс таңдалған-таңдалмағанын және оны өзгертуге не жоюға негіздердің бар-жоғын;
8) азаматтық қуынымды және мүлікті тәркілеу мүмкіндігін қамтамасыз ету шаралары қабылданған-қабылданбағанын;
9) сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі бұзушылықтарға жол берілген-берілмегенін;
11) қылмыстық қудалау органы соттың оларды өндіріп алуын қамтамасыз ету үшін іс жүргізетінлік шығындардың сомаларын және өзге де сомаларды анықтау шараларын қабылдаған-қабылдамағанын;
12) іс жүргізетінлік келісім жасасу үшін негіздердің бар-жоғын тексереді.
302-бап. Прокурордың айыптау актісімен бірге келіп түскен қылмыстық іс бойынша шешімі
1. Қылмыстық іс материалдарын зерделеу нәтижелері бойынша прокурор мынадай іс-әрекеттердің бірін жүргізеді:
1) айыптау актісін бекітеді;
2) жаңа айыптау актісін жасайды;
3) қылмысты істі қосымша тергеу жүргізу үшін сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адамға жібереді;
4) осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі толық көлемде немесе оның бөлігін қысқартады;
5) өз ұйғарымы немесе қорғаушы тараптың өтінішхаты бойынша іс жүргізу келісімін жасау туралы мәселені шешеді;
6) қорғау куәларының тiзiмiн қоспағанда, сотқа шақырылуға тиiстi адамдардың тiзiмiн толықтырады немесе қысқартады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген іс-әрекеттер прокурор:
1) жеделдетілген сотқа дейінгі тергеуде аяқталған қылмыстық істер бойынша – үш тәулік;
2) жалпы тәртіппен тергелген қылмыстық істер бойынша – он тәулік ішінде жүзеге асырады.
303-бап. Прокурордың бұлтартпау шарасы туралы шешімі
1. Кодекстің 302-бабының бірінші бөлігінде тізбеленген мәселелерді шешкен кезде прокурор дәлелді қаулымен күдіктіге қатысты бұрын таңдалған бұлтартпау шарасының күшін жоюға немесе өзгертуге не, егер ондайлар қолданылмаған болса, бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.
2. Егер прокурор бұлтартпау шарасының күшін жою, өзгерту не күзетпен ұстау немесе үйде қамауда ұстау түрінде таңдауды қажет деп ұйғарған жағдайларда ол тиісінше осы Кодекстің 146, 147, 153-баптарын басшылыққа алады.
304-бап. Айыптау актісін тапсыру
1. Прокурор айыптау актісінің айыпталушыға тапсырылуын қамтамасыз етеді.
2. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және прокуратура органдарына келуден жалтарған жағдайларда, прокурор айыптау актісін айыпталушыға қол жетімді құралдары арқылы жіберіледі.
Қажет болған жағдайда прокурор қылмыстық істі сотқа жіберу туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникациялық желілерде жариялауды ұйымдастырады.
3. Айыптау актісінің көшірмесі айыпталушының қорғаушысына, жәбірленушіге және оның заңды өкіліне тапсырылады не аталған адамдарға байланыстың қол жетімді құралдары арқылы жіберіледі.
4. Егер айыпталушы не жәбірленуші сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырған сот ісін жүргізудің таңдаған тілін білмесе, айыптау актісі олар білетін тілде тапсырылады.
305-бап. Айыпталушыны сотқа беру және қылмыстық істі сотқа жіберу
1. Осы Кодекстың 304-бабында көзделген әрекеттерді жасаған соң прокурор өзінің қаулысымен айыпталушыны сотқа береді және қылмыстық iстi оның соттылығы бойынша сотқа жібереді.
2. Егер айыпталушы күзетпен ұстауда болса, прокурор күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысына қылмыстық істің сотқа жіберілгені және айыпталушы сотқа берілгенді туралы хабардар етіледі.
3. Iсті сотқа жiберген соң процеске қатысушылардан келіп түскен өтiнiштер мен шағымдар тiкелей сотқа жолданады.
7-бөлім. Бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу
40-тарау. Қылмыстық істердің соттылығы
306-бап. Аудандық және оған теңестірілген соттың соттауына жататын қылмыстық істер
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Мамандандырылған соттардың соттауына жатқызылған қылмыстық істерді қоспағанда, барлық қылмыстық істер аудандық және оған теңестірілген соттың соттауына жатады.
3. Аудандық және оларға теңестірілген соттар (тергеу судьясы) қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырған адамдардың, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын прокурордың шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымдарды қарайды, осы Кодексте көзделген жағдайларда іс жүргізетінлік тергеу әрекеттеріне санкция береді.
4. Үкімді орындау сатысында аудандық және оларға теңестірілген соттар өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
5. Осы Кодексте көзделген жағдайларда аудандық және оларға теңестірілген соттар өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
307-бап. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттауына жататын қылмыстық істер
1. Мамандандырылған ауданаралық сот бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттауына:
1) қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың және гарнизонның әскери сотының соттауына жатқызылған істерді қоспағанда, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106 (екінші бөлігінің 11) тармағы), 107 (екінші бөлігінің 8) тармағы), 122, 124, 132, 133, 134, 135, 136, 138, 139, 140, 141, 142, 143, 145-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық істер жатқызылады.
2. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үкімді орындау сатысында өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
308-бап. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттауына жататын қылмыстық істер
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттауына жатқызылған істерді қоспағанда, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың соттауына аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үкімді орындау сатысында өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
309-бап. Қылмыстық істердің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың және гарнизондардың әскери соттарының соттауына жатуы
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттауына:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 18-тарауында көзделген аса ауыр әскери қылмыстар туралы;
2) Қарулы Күштерде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер; әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар; өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың соттауына жататын істерді қоспағанда, гарнизондардың әскери соттарының соттауына:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 18-тарауында көзделген әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы;
2) Қарулы Күштерде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер; әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар; өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық істер жатады.
4. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары үкімдерді орындау сатысында өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
5. Осы Кодексте көзделген жағдайларда өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соттар мен гарнизондардың әскери соттары жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
310-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттың соттауына жататын қылмыстық істер
1. Облыстық және оған теңестірілген сот апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Облыстық және оған теңестірілген сот аудандық және оларға теңестірілген соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, сондай-ақ қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне және қаулыларына апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
3. Облыстық және оған теңестірілген сот бірінші сатыдағы соттар шығарған, апелляциялық сатыларда қаралғаннан кейін заңды күшіне енген үкімдерге және қаулыларға кассациялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді, сондай-ақ аппеляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларды кассациялық тәртіппен қарайды.
4. Облыстық және оларға теңестірілген соттар қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында аудандық және оған теңестірілген соттардың (тергеу судьясының) қылмыстық қудалау органының іс-әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдарды қараған кезде, осы Кодексте көзделген іс жүргізетінлік іс-әрекеттерді сакциялау туралы мәселелерді қараған кезде шығарған қаулыларына берілген жеке шағымдарды, наразылықтарды апелляциялық тәртіппен қарайды.
5. Үкімді орындау сатысында облыстық және оған теңестірілген соттар бірінші сатыдағы соттардың осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қараған кезде шығарған қаулыларына берілген жеке шағымдарды, наразылықтарды апелляциялық тәртіппен қарайды.
6. Осы Кодексте көзделген жағдайларда өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша облыстық және оған теңестірілген соттар жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
311-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау
Қылмыстық заңда тыйым салынған әрекетті есі дұрыс емес күйінде жасаған не оны жасағаннан кейін жүйке ауруына шалдыққан адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді осы Кодекстің 306, 307, 308, 309-баптарында белгіленген соттылыққа сәйкес бірінші сатыдағы сот қарайды.
312-бап. Әскери соттың соттауына жататын істер
1. Әскери сот апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Әскери сот гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген, соның ішінде осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қараған кезде шығарған үкімдеріне және қаулыларына апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
3. Әскери сот гарнизондардың соттары, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар шығарған, заңды күшіне енген үкімдерге және қаулыларға оларды апелляциялық сатыда қараған соң, сондай-ақ Әскери Соттың апелляциялық сатысының үкімдеріне және қаулыларына кассациялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіппен қарайды.
4. Әскери сот осы Кодексте көзделген жағдайларда өзінің соттауына жатқызылған істер бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
Достарыңызбен бөлісу: |