Мазмұны жалпы бөлім 1-бөлiм. Негiзгi ережелер


-бап. Сот сараптамасы органынан тыс сараптама жүргiзу



бет22/42
Дата14.06.2016
өлшемі2.57 Mb.
#135967
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   42

277-бап. Сот сараптамасы органынан тыс сараптама жүргiзу

1. Егер сараптама жүргізуді сот сараптамасы органының қызметкері болып табылмайтын адамға тапсыру көзделсе, қылмыстық процесті жүргізетін орган оны тағайындау туралы қаулы шығарылғанға дейін сараптама жасауды тапсырғалы отырған адамның жеке басына көз жеткізуге және сарапшыдан бас тартуға осы Кодекстің 93-бабында көзделген негіздердің бар-жоғын тексеруге тиіс.

2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады, оны сарапшыға тапсырады, оған осы Кодекстiң 79-бабында көзделген құқықтар мен мiндеттердi түсiндiредi және көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi. Бұл іс-әрекеттердiң орындалғаны туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган сарапшының қол қоюымен куәландырылатын сараптама тағайындау туралы хаттамада белгi жасайды. Сарапшы жасаған мәлiмдеме және оның өтiнiшхаттары де осылайша тіркеледі. Сарапшының өтiнiшхатын қабылдамау туралы сараптама тағайындаған адам дәлелдi қаулы шығарады.
278-бап. Сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысушылардың қатысуы

1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган сараптама жүргізу кезінде қатысуға, сарапшының жүргізіп жатқан іс-әрекеттеріне қатысты оның түсіндірмесін алуға құқылы. Сараптама жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізетін органның қатысу фактісі сарапшының қорытындысында көрсетіледі.

2. Сараптама жүргізу кезінде өздерінің немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатымен қатыса алады. Бұл жағдайда қылмыстық процесті жүргізетін органның қатысуы міндетті.

3. Қылмыстық сот ісін жүргізетін орган тиісті өтінішхатты қанағаттандыру кезінде, оны мәлімдеген адамға сараптаманың жүргізілетін орны мен уақыты хабарланады. Хабарланған адамның келмей қалуы сараптаманы жүргізуге кедергі келтірмейді.

4. Сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысып отырған қатысушылар зерттеулер барысына араласуға құқылы емес, бірақ сот сараптамасының мәнісіне қатысты түсініктемелер бере алады.

5. Егер сот сараптамасын жүргізу кезінде процеске қатысып отырған қатысушы сот сарапшысының қызметіне кедергі келтірсе, соңғысы зерттеуді тоқтата тұруға және қылмыстық процесті жүргізетін органның не сараптама тағайындаған адамның алдында аталған процеске қатысушыға сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуға берілген рұқсаттың күшін жою туралы өтінішхат жасауға құқылы.

6. Сот сарапшысының қорытынды жасауы кезінде, сондай-ақ, егер сот сараптамасын сот сарапшыларының комиссиясы жүргізсе, сот сарапшыларының кеңесуі және қорытындыларды тұжырымдау сатысында процеске қатысушылардың қатысуына жол берілмейді.

7. Сот психиатриялық және сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың жүргізілуі құпия жағдайда жүзеге асырылады.

8. Адамды жалаңаштау арқылы сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде тек сол жыныстағы адамдар қатыса алады. Осы шектеу көрсетілген зерттеулерді жүргізуге қатысатын дәрігерлерге және басқа да медицина қызметкерлеріне қолданылмайды.
279-бап. Сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға орналастыру

1. Егер адамға қатысты сот сараптамасын жүргізу сот-сараптамалық зерттеулерді стационар жағдайында жүргізуді көздейтін болса, күдікті, жәбірленуші, куә сараптама тағайындау туралы қаулының негізінде медициналық ұйымға орналастырылуы мүмкін.

Осы Кодекстің 271-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда жәбірленушіні, куәні медициналық ұйымға орналастыруға оның жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.

Егер аталған адам кәмелетке толмаса немесе сот оны іс-әрекетке қабілетсіз деп таныса, жазбаша келісімді заңды өкілі береді. Заңды өкіл қарсылық білдірген немесе болмаған жағдайда жазбаша келісімді қорғаншылық және қамқоршылық органы береді.

2. Күзетпен ұсталмайтын күдіктіні, айыпталушыны, сондай-ақ жәбірленушіні, куәні сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберу осы Кодекстің 14-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.

3. Өздеріне қатысты сараптама жүргізілетін адамдарды медициналық ұйымда ұстау қағидалары Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасында айқындалады.

4. Стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін күдіктіні медициналық ұйымға орналастыру кезінде оған күдіктінің әрекеттерін саралау туралы қаулы жария етілуге тиісті мерзім сарапшылар комиссиясының күдіктінің психикалық жай-күйі туралы қорытындысы алынғанға дейін кідіртіле тұрады.

5. Өзіне қатысты сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізілетін адамның медициналық ұйымда болуының жалпы мерзімі отыз тәулікке тең. Сот-сараптамалық зерттеулерді аяқтау мүмкін болмаған жағдайда, көрсетілген мерзім осы Кодекстің 14-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес сарапшының (сарапшылар комиссиясының) дәлелді өтінішхаты бойынша отыз тәулікке ұзартылуы мүмкін.

Өтінішхат сараптаманың жүргізілу мерзімінің аяқталуына дейін үш тәуліктен кешіктірілмей сотқа табыс етілуге және алған күннен бастап үш тәулік ішінде шешілуге тиіс. Сот мерзімді ұзартудан бас тартқан жағдайда, адам медициналық ұйымнан шығарылуға тиіс. Медициналық ұйымның басшысы мәлімделген өтінішхат пен оны соттың қарау нәтижелері туралы өзіне қатысты сараптама жүргізілетін адамға, оның қорғаушысына, заңды өкіліне, өкіліне, сондай-ақ қылмыстық процесті жүргізетін органға хабарлайды.

6. Медициналық ұйымда өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізіліп жатқан адам, оның қорғаушысы, заңды өкілі, өкілі осы Кодексте көзделген тәртіппен оның жүргізілу мерзімін ұзарту туралы қаулыға шағым жасауға құқылы.


280-бап. Сараптама объектiлерi

1. Заттай дәлелдемелер, құжаттар, адамның денесi мен психикалық жай-күйі, мәйiттер, жануарлар, үлгiлер, сондай-ақ қылмыстық iс материалдарындағы сараптама мәнісіне жататын мәлiметтер сараптама объектiлерi болып табылады.

2. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң дәйектілігі мен оларға жол берiлуiне сараптаманы тағайындаған орган кепiлдiк бередi.

3. Сараптамалық зерттеу объектiлерi, егер олардың көлемi мен қасиеттерi мүмкiндiк берсе, сарапшыға буып-түйiлген және мөр басылған түрде берiледi. Қалған жағдайларда сараптаманы тағайындаған адам сарапшыны зерттеу объектiлерi орналасқан жерге жеткiзудi, оларға кедергісіз қол жеткiзудi және зерттеу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге тиiс.

4. Сот сараптамасы объектілерін пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.

5. Сараптама жүргізу кезінде оның объектілері сараптама тағайындаған органның рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты кажет болса, сол шамада ғана бүлдірілуі немесе пайдаланылуы мүмкін.

Аталған рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда немесе сот сарапшысының өтінішхатын қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы дәлелді қаулыда қамтылуға тиіс.
281-бап. Жеке және комиссиялық сараптама

1. Сараптаманы сарапшы жеке-дара не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.

2. Комиссиялық сараптама күрделi сараптамалық зерттеулердi жүргiзу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бiр мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргiзедi.

3. Ақыл-есiнiң дұрыстығы туралы мәселе бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн кемiнде үш сарапшы тағайындалады.

4. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы сот-сараптамалық зерттеуді толық көлемінде тәуелсіз және дербес жүргізеді. Сараптама комиссиясының мүшелерi алынған нәтижелердi бiрлесiп талдайды және ортақ пiкiрге келгенде қорытындыға не қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарламаға қол қояды. Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бiр бөлiгi жеке қорытынды бередi не пiкiрi комиссияның басқа мүшелерiнiң қорытындыларына сәйкес келмеген сарапшы пiкiрiн қорытындыда жеке тұжырымдайды.

5. Қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судъясының комиссиялық сараптама жүргiзу туралы қаулысы сот сараптамасы органының басшысы үшiн мiндеттi болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргiзу туралы өз бетiнше шешiм қабылдауға және оны жүргiзудi ұйымдастыруға құқылы.


282-бап. Кешендi сараптама

1. Кешендi сараптама iс үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау әртүрлi бiлiм салаларының негізінде зерттеу қажет болғанда тағайындалады және әртүрлі мамандықтағы сарапшылармен өз құзыреті шегінде жүргізіледі.

Кешендi сараптаманы бір сарапшы өзінің егер әртүрлi сараптамалық мамандықтар бойынша зерттеу жүргізуге құқығы болған жағдайда жүргізе алады.

2. Кешендi сараптаманың қорытындысында әрбiр сарапшының қандай зерттеудi, қандай көлемде жүргiзгенi және оның қандай қорытындыға келгенi көрсетiлуге тиiс. Әрбiр сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлiгiне қол қояды.

3. Сарапшылардың әрқайсысы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жай туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Ортақ қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелердi бағалауға құзыретi бар сарапшылар ғана тұжырымдап, қол қояды. Егер комиссияның түпкiлiктi тұжырымының немесе оның бiр бөлiгiнің негiзі сарапшылардың бiрi (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактiлер болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетiлуге тиiс.

4. Сарапшылар арасында келiспеушiлiктер туындаған жағдайда зерттеулер нәтижелері осы Кодекстiң 281-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес ресімделеді.

5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешендi сараптама жүргiзудi ұйымдастыру оның басшысына жүктеледi. Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ ұсынылған материалдар бойынша кешендi сараптама жүргiзу туралы өз бетiнше шешiм қабылдауға және оны жүргiзудi ұйымдастыруға құқылы.
283-бап. Сарапшы қорытындысының мазмұны

1. Қажеттi зерттеулер жүргiзiлгеннен кейiн оның нәтижелерiн есепке ала отырып, сарапшы (сарапшылар) өз атынан жазбаша қорытынды жасап, оны өзінің қолын қоюмен және жеке мөрi арқылы растап, сараптама тағайындаған тұлғаға жiбередi. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргiзген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрiмен расталады.

2. Сарапшының қорытындысында: оның ресімделген күні, сараптаманың жүргізілген мерзімдері және орны; сот сараптамасын жүргізу негіздері; сараптаманы тағайындаған орган туралы мәліметтер; сараптама жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, сарапшылық мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы өзінің ескертілгені туралы сарапшының (сарапшылардың) қолымен куәландырылған белгі; сот сарапшысының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргізу кезінде процеске қатысқан қатысушылар туралы және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; зерттеу объектілері; олардың орамасының жағдайы, мөрмен бекітілгені, куәгерлердің қолтаңбаларымен расталғаны; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша қорытындылардың негіздемесі мен тұжырымы көрсетілуге тиіс.

3. Егер зерттеу барысында осы Кодекстiң 284-бабында көрсетiлген мән-жайлар анықталса, қорытындыда қойылған сұрақтардың барлығына немесе олардың кейбiреуiне жауап берудiң мүмкiн болмауының негiздемесi қамтылуға тиiс.

4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекі материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер қоса берілуге тиіс.
284-бап. Қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлама

Егер сарапшының зерттеу жүргiзгенге дейiн оның алдына қойылған мәселелер өзiнiң арнайы білiмдерiнiң аясынан тыс екенiне немесе оған ұсынылған зерттеу объектілері не материалдары қорытынды беру үшiн жарамсыз немесе жеткiлiксiз екенiне және орындалуы мүмкiн емес екенiне не ғылым мен сот сараптамасы тәжiрибесiнiң жайы қойылған сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк бермейтiнiне көзi жетсе, ол қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлама жазып, оны сараптама тағайындаған адамға жiбередi.


285-бап. Сарапшыдан және маманнан жауап алу

1. Сарапшыдан немесе маманнан жауап алу:

1) сарапшының немесе маманның қорытындысына байланысты іс үшін елеулі мәні бар қосымша зерттеуді қажет етпейтін мәселелерді анықтау;

2) сарапшы, маман қолданған әдістерді және пайдаланған терминдерді нақтылау;

3) қорытындының құрамдас бөлігі болып табылмайтын, бірақ сарапшының немесе маманның сотқа дейінгі процеске қатысуына байланысты басқа да фактілер мен мән-жайлар туралы ақпарат алу;

4) сарапшының немесе маманның біліктілігін анықтау мақсатында жүргізіледі.

2. Сарапшы мен маманнан жауап алу осы Кодекстің 210-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.

3. Сарапшыдан, маманнан ол қорытынды бергенге дейін жауап алуға тыйым салынады.

4. Сарапшыдан сот-психиатриялық іс-жүргізуге, сондай-ақ тірі адамдарға қатысты сот-медициналық сараптамаға байланысты өзіне белгілі болған оның қорытындысына қатысы жоқ мән-жайлардың себептері бойынша жауап алынбайды.
286-бап. Күдіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге сарапшының қорытындысын көрсету

1. Сарапшының қорытындысы немесе оның қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламасы, сондай-ақ сарапшыдан жауап алу хаттамасы алдын ала тергеу аяқталғанға дейін күдіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге не осы Кодекстің 274-бабының бірінші және екінші бөліктерінде аталған өзге де адамдарға көрсетіледі, олар өз ескертулерін ұсынуға, сарапшының қорытындылары бойынша қарсылықтарын мәлімдеуге, сарапшыдан жауап алу, қосымша немесе қайталама сараптама, сондай-ақ жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтінішхаттарын мәлімдеуге құқылы. Мұндай өтінішхат қанағаттандырылған немесе ол қабылданбаған жағдайда, қылмыстық қудалау органы тиісті қаулы шығарады, ол өтінішхатты мәлімдеген адамға одан қолхат алып хабарланады.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарды сарапшының қорытындысымен және одан жауап алудың хаттамасымен таныстыру туралы хаттама жасалады, онда жасалған мәлiмдемелер немесе қарсылық бiлдiрулер көрсетiледi.

3. Осы баптың қағидалары күдіктінің әрекеттерін саралау туралы қаулы немесе күдікті, жәбiрленушi деп тану туралы қаулы шығарылығанға дейiн сараптама жүргiзiлген жағдайларда да қолданылады.


287-бап. Қосымша және қайталама сараптамалар

1. Қосымша сараптама қорытындының анықтығы немесе толықтығы жеткіліксіз болған, сондай-ақ өткен зерттеуге байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттігі туындаған кезде тағайындалады.

2. Қосымша сараптама нақ сол не өзге сарапшыға тапсырылуы мүмкін.

3. Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткiлiктi түрде негiздi болмағанда не оның қорытындылары күмән туғызған не сараптаманы тағайындау мен жүргізу туралы iс жүргiзу нормалары елеулi түрде бұзылған жағдайларда дәл сол объектiлердi зерттеу және дәл сол мәселелердi шешу үшiн тағайындалады.

4. Қайталама сараптама тағайындау туралы қаулыда алдыңғы сараптаманың нәтижелерімен келіспеу себептері келтірілуге тиіс.

5. Қайталама сараптама жүргiзу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргiзген сарапшылар қайталама сараптама жүргiзген кезде қатысып, комиссияға түсiнiктемелер бере алады, бiрақ ол сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.

6. Қосымша және қайталама сараптамалар жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары берілуге тиіс.

7. Қосымша және қайталама сараптамалар осы Кодекстiң 270, 272 – 284-баптарының талаптары сақтала отырып тағайындалады және жүргiзiледi.

8. Екінші немесе реті бойынша келесі сараптама біреуі қосымша сараптамаға, ал өзгелері қайталама сараптауға жататын бірнеше негіздер бойынша тағайындалса, осындай сараптама қайталама сараптама жүргізу қағидалары бойынша жүргізіледі.
36-тарау. Сотқа дейінгі тергеуді қысқарту және жаңарту, күдіктіні, айыпталушыны іздестіруді жариялау, жоғалған қылмыстық істерді қалпына келтіру
288-бап. Сотқа дейінгі тергеуді қысқарту туралы қаулы

1.Сотқа дейінгі тергеуді қысқарту туралы дәлелді қаулы шығарылады.

2. Қаулының кіріспе бөлігінде оны жасау уақыты мен орны, қысқарту туралы шешім қабылдаған адамның тегі және лауазымы көрсетіледі.

3. Қаулының сипаттамалы-дәлелді бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік келтірілген адам туралы, күдіктің мәні, қылмыстық заңға сәйкес саралануы және қолданылған бұлтартпау шарасы көрсетіле отырып, қылмыстық істі тоқтатуға негіз болған мән-жайлар жазылады.

4. Қаулының қарар бөлігінде сотқа дейінгі тергеуді аяқтауға негіз болған осы Кодекстің бабына (бөлігіне, тармағына) сілтеме жасала отырып, істі кысқарту туралы шешім, сондай-ақ бұлтартпау, мүлікке тыйым салу, қызметінен уақытша шеттету, хат-хабарға тыйым салу, сөйлесулерді тыңдау мен жазу шарасының, іс жүргізу қатысушыларының құқықтарын шектейтін басқа да іс жүргізудің мәжбүрлеу, тергеу және іс жүргізу әрекеттері шараларының күшін жою туралы нұсқау, заттай дәлелдемелердің тағдыры туралы, сондай-ақ адамға қатысты қауіпсіздік шараларының күшін жою немесе оны одан әрі жүзеге асыру туралы шешім баяндалады.

5. Іс бойынша бірнеше күдікті, айыпталушы тартылып отырса, ал қысқартудың негізі барлық күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты болмаса, қылмыстық қудалау тек жеке күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты қысқартылады.

6. Осы Кодекстың 35-бабының бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында және үшінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша сотқа дейінгі тергеуді қысқартқан кезде оған қатысты осы шешім қабылданған адамның кінәлі еместігіне күмән келтіретін тұжырымдамаларды қаулыға қосуға жол берілмейді.
289-бап. Сотқа дейін тергеуді жүзеге асыратын адамның сотқа дейінгі тергеу қысқартылғаннан кейінгі іс-әрекеттері

1. Қысқарту және қысқарту негіздері туралы күдікті, айыпталушы, оның қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші және оның өкілі, азаматтық қуынушы, азаматтық жауапкер және олардың өкілі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу олардың арыздары бойынша басталған адам немесе ұйым хабардар етіледі.

2. Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам сотқа дейін тергеуді осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3) – 4), 9) – 12) тармақтарында және 36-бабында көзделген негіздер бойынша қысқарту туралы шешім қабылдаған жағдайда қылмыстық іс бекіту үшін прокурорға жіберіледі. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарды хабардар ету прокурор сотқа дейінгі тергеуді қысқарту туралы қаулыны бекіткеннен кейін жүргізіледі.

3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға істің материалдарымен танысу құқығы және қысқарту туралы қаулыға шағымдану тәртібі түсіндіріледі. Осы тұлғалардан келіп түскен өтініш бойынша оларға сотқа дейінгі тергеуді қысқарту туралы қаулының көшірмесі беріледі.

Іс материалдарымен танысу осы Кодекстің 296-бабының талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.
290-бап. Қысқартылған қылмыстық істі зерделеу нәтижелері бойынша прокурордың шешімі

Құқықтарды қалпына келтіруге және зиянды өтеуге әкелмейтін негіздер бойынша қысқартылған қылмыстық істі зерделеу нәтижелері бойынша прокурор келесі:

1) қылмыстық істі қысқарту туралы қаулыны бекіту туралы;

2) қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны жою туралы және оны қосымша тергеу жүргізуге жолдау;

3) қылмыстық істі осы Кодекстің 35, 36-баптарында көзделген өзге де негіздер бойынша қысқарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
291-бап. Қысқартылған сотқа дейінгі тергеуді немесе қылмыстық қудалауды жаңарту

1. Сотқа дейінгі тергеуді немесе қылмыстық қудалауды ол қысқартылғаннан кейін жаңарту прокурор не сот оны қысқарту туралы қаулының күшін жойғаннан кейін жүзеге асырылады.

2. Іс бойынша іс жүргізудің жаңартылғаны туралы күдікті, айыпталушы, олардың қорғаушылары, жәбірленуші және оның өкілі, азаматтық жауапкер немесе оның өкілдері, сондай-ақ олардың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған адам немесе ұйым хабардар етіледі.

3. Сотқа дейінгі тергеу адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуі аяқталмаған жағдайда ғана жаңартылуы мүмкін.

4. Сотқа дейінгі тергеу осы баптың ережелеріне сәйкес жаңартылған жағдайда прокурор дәлелді қаулысымен күзетпен ұстауды немесе үйде қамап ұстауды қоспағанда, бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.

Прокурор күзетпен ұстау немесе үйде қамап ұстау түрінде бұлтартпау шарасын таңдау қажет деп тапқан жағдайларда ол сәйкесінше осы Кодекстің 146, 147, 153-баптарын басшылыққа алады.


292-бап. Күдіктіні, айыпталушыны іздестіруді жариялау

1. Күдіктіні, айыпталушыны іздеу оның орналасқан жерін анықтау, ұстау және сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы органның қарауына беру шараларын қолдануды көздейді.

Күдіктінің әрекеттерін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін оған қатысты, сондай-ақ айыпталушыға қатысты іздеу жариялануы мүмкін.

Сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам күдіктіге, айыпталушыға іздеу жариялау туралы қаулы шығарады, онда олардың жеке басы туралы белгілі болған барлық мәліметтер және іздестіру жүргізу негіздері көрсетіледі.

2. Осы Кодекстің 136-бабында көрсетілген негіздер болған кезде іздестіру жарияланған күдіктіге, айыпталушыға қатысты ол табылған жағдайда бұлтартпау шарасы таңдалуы мүмкін. Осы Кодекстің 147-бабында көзделген жағдайларда соттың санкциясы бойынша күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.

Іздеудегі адамға қатысты бұлтарпау шарасының таңдалғаны туралы қаулы, сондай-ақ тиісті жағдайларда оған санкция беру туралы соттың қаулысы да ол іздеуді жүзеге асыратын органға жіберіледі.

3. Күдікті, айыпталушы анықталған жағдайда ол осы Кодекстің 131-бабында белгіленген тәртіппен ұсталуы мүмкін.

4. Халықаралық iздеу жариялау үшін негiздер болған кезде қылмыстық қудалау органы күдіктіге, айыпталушыға халықаралық iздеу жариялау туралы жеке қаулы шығарады.

Халықаралық iздеу жариялау туралы қаулыға санкция беру осы Кодексі 148- бабында көрсетілген тәртіппен жүргізіледі.
293-бап. Жоғалған қылмыстық iстi не оның материалдарын қалпына келтiру

1. Жоғалған қылмыстық iстi не оның материалдарын қалпына келтiру – прокурордың, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адамның қаулысы бойынша, ал қылмыстық iс немесе материалдар сот iсiн жүргiзу барысында жоғалған жағдайда орындау үшiн прокурорға жiберiлетiн сот шешiмi бойынша жүргiзiледi.

2. Қылмыстық iстi қалпына келтiру осы Кодексте белгiленген тәртiппен дәлелдемелер деп танылуы мүмкiн қылмыстық iс материалдарының сақталған көшiрмелерi бойынша не қылмыстық процестi жүргiзетiн органның iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзу жолымен жүргiзiледi.

3. Қылмыстық iстi қалпына келтiру кезiнде анықтау, алдын ала тергеу және күзетпен ұстау мерзiмдерi осы Кодекстiң 151, 192-баптарында белгiленген тәртiппен есептеледi.

4. Егер жоғалған қылмыстық iс бойынша күзетпен ұстаудың шектi мерзiмi өтіп кетсе, айыпталушы дереу босатылуға тиіс.
37-тарау. Тергеу әрекеттерін жүргізуді аяқтау туралы хабарлау және қылмыстық процеске қатысушыларды қылмыстық істің материалдарымен таныстыру
294-бап. Тергеу әрекеттерінің аяқталғаны туралы хабарлау және қылмыстық істің материалдарымен танысу құқығын түсіндіру

1. Қылмыстық іс бойынша барлық дәлелдеуді талап ететін мән-жайлардың анықталғанын мойындап, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам осы Кодекстің 113-бабының талаптарына сәйкес күдіктіні, егер іске қатысса оның қорғаушысын, сондай-ақ жәбірленушіні, оның өкілін, азаматтық қуынушыны, азаматтық жауапкерді, олардың өкілдерін тергеу әрекеттерін жүргізудің аяқталғаны және қылмыстық істің айыптау актісімен бірге прокурорға жіберілгені туралы жазбаша түрде хабардар етеді .

Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарды хабардар етумен бірмезгілде қылмыстық іс материалдарымен танысу, қосымша тергеу іс-әрекеттерін жасау не өзге де іс жүргізетінлік шешімдер қабылдау туралы өтінішхаттарды мәлімдеу құқықтары түсіндіріледі. Хабарламада танысу орны және олар қылмыстық іс материалдарымен таныса алатын мерзім қамтылады.

2. Процеске қатысушының қылмыстық іс материалдарымен танысқаны туралы сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам хаттама жасайды. Күдіктінің немесе оның қорғаушысының өтініші бойынша қылмыстық материалдармен танысу біруақытта жүргізілуі мүмкін, ол туралы бірыңғай хаттама жасалады.

Күдікті қылмыстық іс материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда ол туралы хаттамаға белгі қойылады.

Егер күдіктінің қорғаушысы, жәбірленуші, жәбірленушінің, азаматтық қуынушының, азаматтық жауапкердің өкілдері дәлелді себептермен белгіленген уақытта танысуға келе алмаса, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам танысуды үш тәулікке дейінгі мерзімге кейінге қалдырады.

Осы мерзім ішінде күдіктің қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі келмеген жағдайда сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырушы адам басқа қорғаушының немесе өкілдің келуі үшін шара қолданады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет