313-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының соттауына жататын қылмыстық істер
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты:
1) істерді кассациялық сатыда қарағаннан кейін ғана бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың үкімдеріне, қаулыларына;
2) кассациялық сатыдағы соттардың қаулыларына тараптардың өтінішхаттары мен прокурордың наразылықтарын қылмыстық істер бойынша қадағалау соты алқасында қарайтын жоғары сот сатысы ретінде әрекет етеді.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы осы Кодекстің 484-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот алқасының қаулыларына Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша істерді қарайды.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда алқа немесе тиісінше Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы өздерінің соттауына жатқызылған істер бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
314-бап. Қылмыстық iстердiң аумақтық соттауына жатуы
1. Қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердегi сотта қаралуға жатады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылық бiр соттың қызмет жасайтын жерiнде басталып, басқа соттың қызмет жасайтын жерiнде аяқталса, iс тергеу аяқталған жердегi сотта соттауға жатады.
3. Егер қылмыстық құқық бұзушылық Қазақстан Республикасынан тысқары жерде жасалса немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердi анықтау мүмкiн болмаса немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар әртүрлi жерде жасалса, iстi тергеу аяқталған жердегi сот қарайды.
Айыптау актісі жасалған жер немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін істі сотқа жіберу туралы қаулы шығарылған жер тергеу аяқталған жер деп есептеледі.
315-бап. Қылмыстық істерді біріктіру кезінде соттылықты айқындау
Бір адамды немесе адамдар тобын бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін айыптау кезінде, олардың ең болмағанда біреуі аса ауыр қылмыс санатына жататын болса, істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайды, ал осы Кодекстің 309-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарайды.
Аса ауыр санатқа жатпайтын қылмыстық құқық бұзушылық бірлесіп қатысумен жасалған жағдайда және істі жеке іс жүргізуге бөлу мүмкін болмаған кезде істерді:
егер бірлесіп жасауға қатысқандардың арасындағылар әскери қызметші болмаса, бірлесіп қатысқандардың ең болмағанда біреуі кәмелетке толмаған болып табылатын істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот;
бірлесіп жасауға қатысқандардың ең болмағанда біреуі әскери қызметші немесе осы Кодекстің 309-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында көрсетілген басқа тұлға болып табылатын істерді гарнизонның әскери соты қарайды.
316-бап. Iстi iс жүргiзуге қабылдаған соттың қылмыстық істi соттылығы бойынша беру
1. Егер сот келiп түскен iстiң өзiнде соттауға жатпайтынын анықтаса, онда iстi соттылығы бойынша сотқа жiбередi.
2. Егер осы Кодекстiң 314-бабында көзделген iстiң аумақтық соттылық қағидаларын бұзушылық басты сот отырысында анықталса, онда процестiң барлық қатысушыларының келiсiмiмен сот iстi өзiнiң iс жүргiзуiнде қалдыруға құқылы.
3. Егер іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың немесе кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың немесе гарнизонның әскери сотының соттауына жататыны анықталса, ол барлық жағдайларда соттылығы бойынша жіберілуге жатады.
317-бап. Қылмыстық iсті соттауына жататын соттан басқа сотқа беру
1. Жекелеген жағдайларда, iстi мейлiнше тез, жан-жақты және объективтi қарау мақсатында ол тараптардың өтiнiшi немесе келiсiмi бойынша бiр соттан сол деңгейдегi басқа соттың қарауына берiлуi мүмкiн. Бұл ретте iстi оның сот отырысында қаралуы басталғанға дейiн ғана беруге жол берiледi.
2. Егер белгiлi бiр соттың барлық судьяларына бөгет болып отырған мән-жайларға байланысты сол соттың iстi қарауға мүмкiндiгi болмаса, сондай-ақ істің жан-жақты және объективті түрде қаралуын қамтамасыз ету мақсаттарында не басқа сотқа беру сот процесіне қатысушылардың жеке қауіпсіздігіне төнген нақты қатермен байланысты болғанда іс тараптың өтiнiшi, судьяның немесе сот төрағасының өтінішхаты бойынша бiр соттан сол деңгейдегi басқа соттың қарауына берiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көрсетiлген негiздер бойынша iстi бiр соттан екiншi сотқа беру туралы мәселенi жоғары тұрған сот шешедi, бұл туралы қаулы шығарылады. Істі бір соттың апелляциялық немесе кассациялық сатысынан басқа соттың тиісті сатысына жіберу осы бапта көзделген негіздер және тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
318-бап. Соттылығы туралы дауларды шешу
1. Соттар арасындағы соттауға жататындығы туралы дауларды жоғары тұрған сот шешедi, оның шешiмi түпкiлiктi болып табылады және ол шағымдануға жатпайды.
2. Тараптардың бұл сотта iстiң соттауға жатпайтындығы туралы арыздарын сол сот шешедi. Соттылыққа жатпайтын мәселе бойынша шығарылған сот қаулысына жоғары тұрған сотқа шағым берілуі мүмкiн, ал оның шешiмi түпкiлiктi болып табылады және оған шағым жасауға, наразылық бiлдiруге болмайды.
41-тарау. Басты сот талқылауын тағайындау туралы мәселені шешу және сот отырысына дайындық іс-әрекеттер
319-бап. Соттың келiп түскен қылмыстық iс бойынша iс-әрекеттерi
1. Қылмыстық iс сотқа түскен кезде соттың төрағасы немесе оның тапсыруы бойынша басқа судья iстi сотта iс жүргiзуге қабылдау туралы мәселенi шешедi.
2. Судья келiп түскен iс бойынша:
1) басты сот талқылауын жалпы немесе қысқартылған тәртіпте тағайындау;
2) iстiң алдын ала тыңдалуын жүргiзу туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
3. Судья iс бойынша шешiмдi қаулы нысанында қабылдайды, онда:
1) қаулының шығарылған уақыты мен жерi;
2) қаулыны шығарған судьяның лауазымы мен тегi;
3) қабылданған шешiмдердiң негiздерi мен мәнi көрсетiлуге тиiс.
4. Шешiм iс сотқа келiп түскен сәттен бастап бес тәулiктен кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.
5. Судья қаулы шығарумен бiруақытта айыпталушыға бұлтартпау шарасын қолданудың немесе қолданбаудың негiздiлiгi туралы және егер бұлтартпау шарасы таңдалса, оның түрiнiң негiздiлiгi немесе негiзсiздiгi туралы мәселенi қарауға, егер ол осы уақытқа дейін өтпесе бұлтартпау шарасын қолдану мерзімін ұзартуға мiндеттi.
320-бап. Сотқа келiп түскен iс бойынша анықтауға жататын мәселелер
Судья сот отырысын тағайындау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу кезiнде сотталушылардың әрқайсысына қатысты мыналарды:
1) iстi аталған сотта соттауға жататындығын;
2) iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға әкеп соқтыратын мән-жайлардың болуын-болмауын;
3) сотқа дейінгі тергеу, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу іс жүргізуі, іс жүргізетінлік келісім, медиация тәртібінде бітімге қол жеткізу туралы келісімдер жасасу кезінде сот отырысын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берілген-берілмегендігін;
4) айыптау актісі көшірмелерінің берілген-берілмегендігін;
5) айыпталушыға таңдалған бұлтартпау шарасының өзгертуге немесе күшін жоюға жататын-жатпайтындығын немесе оны қолдану мерзімін ұзарту;
6) қылмыстық құқық бұзушылықтармен келтірiлген залалды өтеудi және мүлкiн ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету шаралары қабылданған-қабылданбағанын;
7) арыздар мен өтiнiшхаттардың бар-жоғын анықтауға тиiс.
321-бап. Алдын ала тыңдауды өткiзу
1. Аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша алдын ала тыңдау өткізу міндетті. Басқа істер бойынша iстi соттылығы бойынша жiберу, істі прокурорға жіберу туралы, iстi тоқтату туралы, іс бойынша іс жүргізілуін тоқтата тұруды, iстердi бiрiктiру және бөлу туралы шешiмдердi қабылдау үшiн қылмыстық істерді қосу және бөлу, сондай-ақ тараптардың өтiнiшхаттарын қарау туралы шешім қабылдау қажет жағдайда алдын ала тыңдауды өткiзедi.
2. Iстi алдын ала тыңдауды судья соттың жабық отырысында жеке-дара өткiзедi. Iстi алдын ала тыңдау өткiзiлетiн уақыт пен орын тараптарға хабарланады. Iстi алдын ала тыңдау барысында хаттама жүргізіледi.
3. Сот отырысына аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталатын сотталушының, оның қорғаушысы мен мемлекеттiк айыптаушының қатысуы мiндеттi. Өзге қылмыстарды жасады деп айыпталатын сотталушы бұл жөнiнде өтiнішхат жасағанда алдын ала тыңдау оның қатысуынсыз жүргiзiледi. Қорғаушы дәлелдi себептерсiз келмей қалған жағдайда, сондай-ақ оның алдын ала тыңдауға қатысуға мүмкiндiгi болмаған кезде, судья сот отырысына жаңадан тағайындалған қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге шаралар қолданады. Сот отырысына жәбiрленушi мен оның өкiлiнiң, азаматтық қуынушының, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкілдерiнiң келмеуi iстi алдын ала тыңдауға кедергi болмайды.
4. Алдын ала тыңдау барысында судья соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 (екінші бөлігінің 15) тармағында), 171 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 253 (төртінші бөлігінде), 260 (бесінші бөлігінде), 282 (төртінші бөлігінде), 292 (төртінші бөлігінде), 293 (төртінші бөлігінде), 294 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстарды қоспағанда, қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген қылмысты жасады деп айыпталған сотталушыдан оның ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхаттың бар-жоғын егер осындай өтінішхат мәлімделген болса, сол өзінің өтінішхатын қолдап-қолдамайтындығын анықтайды.
5. Істi алдын ала тыңдаудың нәтижелерi туралы судья қаулы шығарады, онда қаралған мәселелер бойынша шешiмдi баяндайды. Iс бойынша iстi соттылығы бойынша жiберуге, iс жүргiзудi тоқтата тұру үшiн, iстi қысқарту үшiн негiздер болмаған кезде сот осы Кодекстің 322-бабының талаптарын сақтай отырып, басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарады.
6. Егер алдын ала тыңдау барысында прокурор айыптауды өзгертсе, ол жаңа тұжырымдауды сотқа жазбаша түрде ұсынады және судья мұны қаулыда көрсетедi. Егер прокурордың айыптауды өзгертуi соттауға жатқызудың өзгеруiне әкеліп соқса, судья iстi айыптау актісін тоқтата тұру және iстi соттауға жатқызу бойынша жiберу үшiн прокурорға қайтарады.
322-бап. Басты сот талқылауын тағайындау
1. Судья осы Кодекстің 321-бабының бесінші бөлігіне сәйкес немесе сотқа дейінгі іс жүргізу барысында осы Кодекстiң процеске қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету жөнiндегi барлық талаптардың сақталғаны және сотта iстi қарауға кедергi келтiретiн өзге мән-жайлар жоқ деген тұжырымға келе отырып, алдын ала тыңдауды өткiзбестен басты сот талқылауын тағайындайды.
2. Басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы:
1) сотталушы болып табылатын адамды көрсетудi;
2) оның сотқа берілген қылмыстық заңын дәл көрсетудi;
3) бұлтартпау шарасы мен азаматтық қуынымды қамтамасыз ету мен ықтимал тәркілеу шараларын сақтау, жою, өзгерту немесе таңдау туралы шешiмдi;
4) процеске қатысушылардың бас тартулары, өтiнiшхаттар мен өзге де мәлiмдемелерi бойынша шешiмдердi;
5) қорғаушы ретiнде айыпталушы таңдаған адамға рұқсат ету немесе соңғысына қорғаушы тағайындау туралы шешiмдi;
6) басты сот отырысына шақыруға жататын адамдардың тiзбесiн;
Сотқа дейінгі тергеу барысында айғақтары сақтауға тапсырылған адамдар сот отырысына шақырылмайды.
7) заң оның iсiн сырттай қарауға жол беретiн жағдайда iстi сотталушының қатысуынсыз тыңдау туралы шешiмдi;
8) басты сот талқылауының орны мен уақыты туралы мәлiметтерді;
9) осы Кодексте көзделген жағдайларда iстi жалпы немесе қысқартылған тәртіпте, ашық немесе жабық сот отырысында қарау туралы шешiмдi;
10) сотта іс жүргiзiлетiн тiл туралы шешiмдi;
11) запастағы судья туралы шешiмдi қамтуы тиiс.
3. Егер iс бойынша алдын ала тыңдау жүргiзiлсе, басты сот отырысын тағайындау туралы қаулыда талқылауға қойылған мәселелер жөнiндегi шешiмдер баяндалуы қажет.
4. Басты сот талқылауы тараптарға сот отырысының болатын орны мен басталатын уақыты хабарланған кезден бастап кемiнде үш тәулiктен кейiн және оның тағайындалуы туралы қаулы шығарылған кезден бастап қысқартылған тәртіпте қарау кезінде он тәуліктен кешіктірілмей және жалпы тәртіпте қарау кезінде он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға тиiс. Ерекше жағдайларда бұл мерзiм судьяның қаулысымен ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол отыз тәулiктен аспауға тиiс.
5. Басты сот талқылауы бір ай мерзімде аяқталуға тиіс, ерекше жағдайларда бұл мерзім судьяның дәлелді қаулысымен ұзартылуы мүмкін. Қысқартылған іс жүргізу кезінде басты сот талқылауы осы Кодекстің 382-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде аяқталуы тиіс.
323-бап. Соттың істі прокурорға жіберуі
Басты сот талқылауын тағайындауға кедергі болатын қылмыстық іс жүргізу заңнамасын елеулі бұзушылықтар, сондай-ақ олар сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу немесе іс жүргізетінлік келісімдері бар істер бойынша басты сот талқылауында анықталған кезде іс оларды жою үшін прокурорға қайтарылады.
324-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру
1. Судья iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы қаулыны осы Кодекстiң 45-бабының бiрiншi, екiншi, үшінші бөлiктерiнде көзделген негiздер бойынша шығаруы мүмкiн.
2. Iс бойынша iс жүргiзу бiрнеше сотталушылардың бiреуiне қатысты қорғануға арналған оның құқықтарын немесе басқа да сотталушылардың құқықтарына қысым жасамайтындығы шартымен тоқтата тұрылуы мүмкiн. Оларға қатысты iс жүргiзу тоқтатылмаған сотталушылар қамауда болған және судья оларға бұлтартпау шарасын өзгертудi мүмкiн деп таппаған жағдайда iс жүргiзу екі ай аспайтын мерзiмге тоқтатылуы мүмкiн. Егер осы уақыт iшiнде сотталушылардың бiреуiне қатысты iс жүргiзудi тоқтата тұруға негiздер жойылмаса, онда басқа сотталушыларға қатысты iс жүргiзу жаңартылуы және басты сот талқылауының күнi тағайындалуы тиiс.
3. Осы Кодекстiң 45-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көзделген негiздер бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру кезiнде осы Кодекстiң 335-бабының екiншi бөлiгiнде және 341-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, iс прокурорға қайтарылады.
325-бап. Азаматтық қуынымды және мүлiктi тәркiлеудi қамтамасыз ету шаралары
Анықтаушы, тергеушi немесе прокурор қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген залалды өтеудi және мүлiктi ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ететiн шаралар қабылдамаған жағдайда судья оларды қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануды қылмыстық қудалау органдарына мiндеттейдi.
326-бап. Қылмыстық iстi соттылығы бойынша жiберу
Егер судья iстi өзiнде соттауға жатпайтынын анықтаса, онда ол мұндай шешiмнiң заңдық негiздерiн келтiре және iс жолданатын сотты көрсете отырып, iстi соттылығы бойынша жiберу туралы қаулы шығарады, ол туралы процеске қатысушыларға хабарлайды.
327-бап. Қылмыстық iстi қысқарту
Судья осы Кодекстiң 35-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1) – 12) тармақтарында және 36-бабында көрсетiлген негiздер бойынша, сондай-ақ мемлекеттiк айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда iстi қысқарту туралы қаулы шығарады. Iстi қысқарту туралы шешiм қабылданғаннан кейiн судья бұлтартпау шарасын, азаматтық қуынымды және мүлкiн тәркiлеудi қамтамасыз ету шараларын тоқтатады және заттай дәлелдемелер туралы мәселенi шешедi. Судьяның iстi қысқарту туралы қаулысының көшiрмесi прокурорға жiберiледi, сондай-ақ қылмыстық жауапқа тартылған адамға және жәбiрленушiге тапсырылады.
328-бап. Тараптардың iс материалдарымен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету
Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн судья тараптарға iстiң сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында өздерiне таныстырылмаған барлық материалдарымен танысу, мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, олардан қажеттi мәлiметтердi жазып алу және техникалық құралдардың көмегімен көшірме түсіру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
329-бап. Құжаттардың көшiрмелерiн тапсыру
Егер сот отырысын тағайындау туралы мәселенi шешу кезiнде бұлтартпау шарасы немесе сотқа шақыруға жататын адамдардың тiзiмi өзгертiлсе не прокурор айыптауды өзгертсе, онда сотталушы адамға, оның қорғаушысына, жәбірленушіге және оның өкіліне судьяның қаулысының көшiрмесi және прокурор жасаған айыптаудың жаңа тұжырымдамасы тапсырылады.
330-бап. Сот отырысына шақырту
1. Судья өзiнiң қаулысында көрсетiлген адамдарды сот отырысына шақырту туралы өкiм бередi, сондай-ақ сот отырысын әзiрлеу үшiн шаралар қолданады.
2. Қорғау куәлары мен айыптау куәларының сот отырысына келуін қамтамасыз ету тиісті тараптарға жүктелуі мүмкін. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында айғақтары сақтауға тапсырылған адамдар сот отырысына шақырылмайды.
42-тарау. Басты сот талқылауының жалпы шарттары
331-бап. Сот талқылауының тiкелей және ауызша болуы
1. Сот талқылауында iс бойынша барлық дәлелдемелер тiкелей зерттелуге тиiс. Сот сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәлардың айғақтарын тыңдауы, сарапшылардың қорытындыларын жария етуi және зерттеуi, заттай дәлелдемелердi қарап тексеруi, хаттамалар мен өзге де құжаттарды оқуы, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, дәлелдемелердi зерттеу жөнiнде басқа да сот iс-әрекеттерiн жүргiзуi тиiс.
2. Сотқа дейінгі тергеуді жүргiзу кезiнде берiлген айғақтарды жария ету тек осы Кодексте көзделген ерекше жағдайларда ғана мүмкiн болады.
3. Соттың үкiмi тек сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге, ал сот тергеуiнiң қысқартылған тәртібінде – тергеу мен анықтау жүргiзу кезiнде алынған және сотта тараптар дауға салмаған дәлелдемелерге ғана негiзделуi мүмкін.
332-бап. Iстi талқылау кезiнде сот құрамының өзгертiлмеуi
1. Iстi бiр судья қарауы тиiс.
2. Судьяның сот талқылауына қатысуды жалғастыруына мүмкiндік болмаған кезде ол басқа судьямен ауыстырылады, ал iстi талқылау осы Кодекстiң 333-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда қайтадан басталады.
333-бап. Запастағы судья
1. Талқылау үшiн ұзақ уақытты қажет ететiн iстi қарау кезiнде запастағы судья тағайындалуы мүмкiн.
2. Запастағы судья басты сот талқылауында сот отырысы ашылғаннан бастап немесе сот оның қатысуы туралы шешiм қабылдаған кезден бастап қатысады және судья шығып қалған жағдайда оны алмастырады. Бұл ретте iстi талқылау жалғастырыла бередi. Запастағы судья алдыңғы судья шығып қалған кезден бастап судьяның құқықтарын пайдаланады. Шығып қалған судьяның орнына кiрген запастағы судья кез келген сот іс-әрекеттерiн жаңартуды талап етуге құқылы.
334-бап. Төрағалық етушiнiң басты сот талқылауындағы өкiлеттiктері
1. Басты сот талқылауында істі қарау тапсырылған судья төрағалық етеді.
2. Төрағалық етушi сот отырысына басшылық жасайды, әдiл соттың мүддесiнде объективтiлiк пен бейтараптылықты сақтай отырып, тараптар құқықтарының теңдiгiн қамтамасыз ету үшiн осы Кодексте көзделген барлық шараларды қолданады, iстiң мән-жайларын объективті және толық зерттеу үшiн қажеттi жағдайлар жасайды. Төрағалық етушi сондай-ақ сот отырысы тәртiбiнiң сақталуын қамтамасыз етедi, сот талқылауының барлық қатысушыларына олардың құқықтары мен мiндеттерiн және оларды жүзеге асырудың тәртiбiн түсiндiредi. Сот талқылауына қатысушы адамдардың бiрi төрағалық етушiнiң iс-әрекеттерiне қарсы қарсылық бiлдiрген жағдайда бұл қарсылық бiлдiрулер сот отырысының хаттамасына енгiзiледi.
335-бап. Сотталушының басты сот талқылауына қатысуы
1. Басты сот талқылауы осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделгеннен басқа жағдайларда сотталушының мiндеттi түрде қатысуымен өтедi. Сотталушы келмеген кезде iс кейiнге қалдырылуы тиiс. Сот дәлелдi себептерсiз келмеген сотталушыны келтiруге, сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдануға немесе өзгертуге құқылы.
2. Сотталушы болмағанда iстi талқылауға:
1) қылмыстық терiс қылық не ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған айыпталушы, сотталушының iстi оның қатысуынсыз қарау туралы өтiнiшхат берген;
2) сотталушы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған және сотқа келуден жалтарған;
3) күзетпен ұстаудағы сотталушы сот отырысына келуден және қатысудан бас тартқан жағдайларда ғана жол берiлуi мүмкiн.
336-бап. Қорғаушының басты сот талқылауына қатысуы
1. Сотталушының қорғаушысы басты сот талқылауына осы Кодекстің 67-бабында көрсетілген жағдайларда сотталушының, оның заңды өкілдерінің, сондай-ақ сотталушының тапсырмасы немесе келісімі бойынша өзге адамдардың шақыруы бойынша қатысады.
2. Қорғаушы келмеген және оны осы сот отырысында ауыстыру мүмкiн болмаған кезде iстi талқылау кейiнге қалдырылады. Сот отырысына келмеген қорғаушыны ауыстыруға тек сотталушының келiсiмімен ғана жол берiледi. Егер сотталушы шақырған қорғаушының қатысуы бес тәулік iшiнде мүмкiн болмаса, сот осы Кодекстың 68-бабына сәйкес, басты сот талқылауын кейiнге қалдыра отырып, сотталушыға басқа қорғаушыны таңдауды ұсынады, ал ол бас тартатқан кезде жаңа қорғаушыны тағайындайды.
Сотталушы қорғаушыдан бас тартқан кезде сот қорғаушыдан бас тартуды қабылдау не қабылдамау туралы қаулы шығарады.
3. Iске жаңадан кiрiскен қорғаушыға сот талқылауына қатысуға дайындалу үшiн қажеттi уақыт берiледi. Ол өзi iске кiрiскенге дейiн сот талқылауында жасалған кез келген іс-әрекеттiң қайталануы туралы өтiнiшхат жасауға құқылы.
4. Сотталушының қорғаушысы осы Кодекстің 122-бабының үшінші бөлігінде көзделген тәртіппен жиналған заң көмегін көрсету үшін қажет заттарды, құжаттар мен мәліметтерді ұсынады, басқа дәлелдемелерді зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәнi және оның дәлелденгендiгi жөнiнде, сотталушының жауаптылығын жеңiлдететiн немесе оны ақтайтын мән-жайлар туралы, жазалау шарасы туралы, сондай-ақ сот талқылауында туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн айтады.
337-бап. Мемлекеттiк айыптаушының басты сот талқылауына қатысуы
1. Прокурордың жеке айыптау iстерiн қоспағанда, мемлекеттiк айыптаушы ретiнде бас сот талқылауына қатысуы мiндеттi.
2. Күрделi және көп эпизодты iстер бойынша мемлекеттiк айыптауды бiрнеше прокурор қолдауы мүмкiн.
3. Егер сот талқылауы кезiнде прокурордың одан әрi қатысуға мүмкiндігі жоқтығы анықталса, ол алмастырылуы мүмкiн. Iске жаңа прокурордың кiрiсуi осы уақытқа дейiн сотта жасалған iс-әрекеттердi қайталауға әкеліп соқтырмайды, бiрақ прокурордың өтiнiшхаты бойынша сот оған iстiң материалдарымен танысу үшiн уақыт бере алады.
4. Прокурор дәлелдемелердi ұсынады және оларды зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәнi бойынша, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн баяндайды, сотқа қылмыстық заңды қолдану және сотталушыға жаза тағайындау туралы ұсыныс айтады.
5. Егер бұл үшін азаматтардың құқықтарын, мемлекеттiк немесе қоғамдық мүдделердi қорғау талап етілсе, прокурор iс бойынша азаматтық қуынымды қояды немесе оны қолдайды.
6. Айыптауды қолдай отырып, прокурор заң талаптарын және iстiң барлық мән-жайларын қарау нәтижелерiне негiзделген өзiнiң iшкi сенімін басшылыққа алады. Прокурор айыптауды өзгерте алады. Прокурор, егер айыптау сот талқылауында қолдау таппады деген тұжырымға келсе, айыптаудан бас тартуға (толық немесе iшiнара) мiндеттi. Мемлекеттiк айыптаушыға сот тергеуi немесе сот жарыссөзi кезiнде айыптаудан бас тартуына жол беріледi.
7. Прокурор айыптаудан толық бас тартқан жағдайда, егер айыптаудан жәбiрленушi де бас тартса, сот өз қаулысымен iстi қысқартады. Ал егер жәбiрленушi айыптауды талап етсе, сот iстi талқылауды жалғастырып, оны жалпы тәртiппен шешедi. Бұл жағдайда прокурор процеске одан әрi қатысудан босатылады, ал айыптауды жәбiрленушiнiң өзi немесе өкiлi арқылы қолдайды. Жәбiрленушiнiң өтiнiшхаты бойынша сот оған өкiл шақыру үшiн уақыт беруге тиiс. Прокурор мен жеке айыптаушы айыптаудан iшiнара бас тартқан кезде сот айыптау тарапының айыптаудан бас тартқан бөлiгiнде iстi қысқартады, айыптаудың қалған бөлiгiндегi iс жалпы тәртiппен қаралады. Егер прокурор айыптауды өзгертсе және бұрынғы айыптауды талап етпесе, сот iстi жаңа айыптау бойынша қарайды.
8. Осы Кодексте көзделген жағдайларда прокурор сотталушымен іс жүргізетінлік келісім жасасуға құқылы. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 69-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде прокурор қылмыстық істі қысқарту туралы өтінішхат жасауға құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |