1-сыныпқа арналған сабақ өту үлгілері 1-сабақ
Сабақтың тақырыбы: «Ақпараттық мәдениет негiздерi» пәнімен танысу.
Сабақтың мақсаты:
-
оқушыларды «Ақпараттық мәдениет негiздерi» пәнімен таныстыру.
-
оқушыларға «ақпарат» және «ақпараттық мәдениет» ұғымдарының мағынасын түсiндiру.
-
оқушыларды жұмыс дәптерiмен және онымен жұмыс істеуге қойылатын талаптармен таныстыру.
Әдiстемелiк нұсқаулар:
Жаңа сабақпен таныстыруды жұмыс дәптерiн пайдалана отырып, әңгiме түрiнде өткiзуге болады. Әңгiмелесу барысында сабақтың ақпараттық технология болып табылатыны жөнiнде мағлұмат берiледi. Әрi қарай әңгiме желiсi балалардың компьютердi қай жерде көргенiн, онда кiмдердiң жұмыс жасайтынын және оның адам еңбегiн жеңiлдететiн жақтарын айқындайтын ақпараттарды тыңдаумен жалғасады. Ақпараттық технологияның адам көмекшiсi екенiне оқушылардың назарын аудару керек. Ал егер онымен дұрыс жұмыс жасамай қойсаң, онда оның пайдасынан зияны көбейетiнiн ескерткен орынды. Оқушылардың “ақпарат” ұғымымен бала кездерiнен таныс екендiгiн естерiне сала отырып, ақпараттың өмiрдегi түрлi жағдайлардан хабардар ететiндiгi жөнiнде әңгiме жүргiзiледi. Оқушылар жұмыс дәптерiмен, онымен жұмыс iстеу ережелерiмен және Аруна мен Әлім атты жаңа достарымен танысатын болады. Жұмыс дәптерiндегi боялмаған суреттердi бояуға арналған тапсырманы орындауға нұсқау берiп, үлгермегенiн үйден орындап келуге тапсыруға болады.
Мұғалiмге арналған мазмұндық бөлiм:
Құрметтi балалар! Сендер «Информатика» әлемiне саяхатқа аттанатын боласыңдар. Бұл саяхат мектептегі оқудың барлық кезеңдерiнде жүрiп жатады. Сол сияқты мектептi бiтiргеннен кейiн де жалғасатын болады. Бұл тамаша әлем өте кең, сондықтан онда адасып кетуiң де мүмкiн. Сондықтан, мұндай қауiптен құтылу үшiн осы әлемдегi жасайтын саяхатқа қажеттi тәртiп ережелерiн үйренiп алуың қажет. Бұл тәртiп ережелерiн “Ақпараттық мәдениет негiздерi” сабағын өту кезiнде үйренiп аласың. Саяхат-сабақ барысында түрлi достар тауып, бiр-бiрiңе көмектесетiн сәттерге тап боласыңдар.
Ендi бiздi қоршаған тамаша әлемге қарап, жан-жағымызға зер салайық. Айналамыздағы түрлi заттарға назар аударайық: гүлдер жайқалады, құстар сайрайды, күн шығып тұр, жаңбыр жауып тұр, ыстық жаз өтiп, күз келедi де, ол қарлы қысқа ұласады. Бiз ақпаратты гүлдiң иiсiн сезу, сiркiреп жауған жаңбыр тамшысының тырсылын есту, күннiң шыққанын көру сияқты әрекеттер арқылы аламыз. Оны кiтап оқу, теледидар көру арқылы алу мүмкiндiгiмiз бар. Ал теледидардан көрген ертегiңдi досыңа айтып беретiн болсаң, онда сен досыңа ақпарат бересiң. Ертегiнi бейнемагнитофонға жазу арқылы бұл ақпаратты сақтай аласың. Ақпараттық қоғам жағдайында сендер оны Интернет арқылы алуларыңа және электрондық пошта арқылы алыстағы туыстарыңа хат жазуларыңа болады. Сондықтан осы айтылғандардың барлығын бiз бiртiндеп үйренуiмiз керек. Ақпараттық қоғам жағдайында кез келген адам ақпарат көздерiмен жұмыс жасай бiлудi, оны сақтауды, өңдеудi және дұрыс қолдана бiлу сияқты әрекеттердi үйрену арқылы ақпараттық мәдениетiн қалыптастыра алады.
Сонымен, мынадай қорытынды жасауға болады: ақпарат – бұл қоршаған орта туралы мәлiмет болса, ал ақпараттық мәдениет - бұл ақпарат көздерiн (анықтамалармен, сөздiктермен, энциклопедиямен, ұшақ кестелерiмен және теледидар бағдарламаларымен) қолдана бiлудi үйрену. Ақпараттық мәдениет - бұл дұрыс сөйлей бiлу, теледидарды орынды көре бiлу, компьютермен жұмыс тәртiбiн игеру және достарыңмен жақсы қарым-қатынаста болу сияқты әрекеттердi қамтиды. Осы бағытта сендерге қолұшын беретiн достарың бар. Олар: Аруна мен Әлім. Сәттi қадам тiлейiк!
Тапсырмалар:
-
Компьютердiң қайда қолданылатынын Әлімге әңгiмелеп бер. Суреттерді боя.
-
Компьютермен не iстеуге болады?
а) сурет салу
ә) ойнау
б) есептеу
в) ақпаратты сақтау және тарату.
Оқушылармен талқылай отырып, суреттердi боя.
3-4. «Сатылар» және «Батырмалар» сияқты жаттығу ойындары оқушылардың компьютерде жұмыс жасау жылдамдығын дамытуға арналған. Ойын тәртiбi бойынша батырманы қанша рет басу ұсынылса, саусақты сонша рет басу керек. Жаттығу, ең алдымен, бiр қолмен орындалса, содан кейiн екi қолмен бiрге орындалады. «Сатылар» және «Батырмалар» жаттығу ойындарын әрбiр сабақтың соңында қайталап ойнауға болады.
-
“Батырмалар” ойыны. Батырмаларды алдымен, бір қолмен, содан кейін екінші қолмен, соңынан екі қолмен бірдей бас. Батырмаларда қандай сан жазылса, саусақтарыңмен сонша рет бас.
-
“Сатылар” ойыны. Саусақтарыңды перне сатыларымен жоғары және төмен жүргіз. Батырмаларда қандай сан көрсетілсе, оны саусақтарыңмен сонша рет бас.
Сергiту сәтi
2-3 сабақтар
Сабақтың тақырыбы: Қоршаған әлемдегi және табиғаттағы ақпарат.
Сабақтың мақсаты: Дыбыстық және көру ақпарат түрлерi
-
Өткен материалды қайталау.
-
Түрлi ақпарат түрлерi туралы мағлұмат қалыптастыру.
-
Ақпарат түрлерiн ажырата бiлуге үйрету.
Әдiстемелiк нұсқаулар:
Сабақ басталмас бұрын мұғалiм компьютерлiк сыныпта жұмыс істеу тәртiбi мен техника қауiпсiздiгi ережелерiн оқушылардың есiне салып, көздiң шаршағандығын басу жаттығуларын қайталауды ұсынады. Оқушылардың жаңа тақырыпты меңгеру деңгейi мен оны қорытындылауы мына тәртiппен жүргiзiледi:
-
Адам қоршаған ортадағы барлық ақпаратты сезiм мүшелерi көмегiмен қабылдайды, мысалы, көру және есту.
-
Егер бiз ақпаратты көру арқылы қабылдасақ, онда ол – көру ақпараты.
-
Егер бiз ақпаратты есту арқылы қабылдасақ, онда ол – дыбыстық ақпарат.
Мұғалiмге арналған мазмұндық бөлiм:
Адам қоршаған ортадағы барлық ақпаратты сезiм мүшелерi көмегiмен қабылдайды: көру, есту, иiс сезiмдерi, сезiну, дәм арқылы.
Балалар, бiз теңiздiң жағалауында тұрғанымызды көз алдымызға елестетейiк. Не естiдiңдер? Егер ауа райы ашық, күн шығып тұрса, онда толқындар жай тербеледi. Ал егер аспанды кiшкене бұлттар қаптап, қатты жел тұрса, онда теңiзде толқындар қатты тербеледi және теңiз жағасында толқынның дыбыстары естiледi. Бұл екi жағдайда да бiз көру және дыбыстық ақпараттарды алдық.
Ал егер бiз гүл отырғызатын ыдысқа гүлдiң тұқымдарын сеуiп отырғызсақ, оны бiрнеше күн су құйып күтетiн болсақ, онда не байқауға болады? Бiрнеше күн өткеннен кейiн дәндердiң қалай бүршiк атқанын байқайсыңдар, яғни бұл жағдайда көру ақпараты арқылы ақпараттарды аламыз. Ал көктем айында құстардың көңiлдi сайрауынан және сiркiреген жауын тамшыларынан көктем айының келе жатқанын байқаймыз. Бұлардан көктем айының жақындағаны туралы дыбыстық ақпарат аламыз.
Балалар, келесi сұраққа жауап берiңдер:
-
Әлім терезеге қарап, күннiң жарқырап атқанын көрдi. Әлім қандай ақпарат алды?
-
Бiз таудағы су ағынының дыбысын естiдiк. Бiз қандай ақпарат алдық?
-
Асүйде қайнап жатқан сүт тасып кеттi, сен оны қалай байқадың?
-
Егер бiз қолымызды отқа жақындатсақ, онда қандай ақпарат аламыз?
-
Аруна мерекелiк торт пiсiрдi. Оның дәмiнiң тәттi екендiгiн қалай байқады?
6. Дыбыстық және көру ақпараттарына өздерiң мысалдар келтiрiңдер.
2-сабаққа арналған тапсырмалар:
-
Балалар немен шұғылданып жатыр? Боя.
Аруна мен Әлім не iстеп отыр? Аруна мен Әлімнiң қандай ақпарат түрлерiн алды? Оқушылармен талқылай отырып, боялмаған суреттердi боя.
Аруна терезеге қарап, “ауа райының жақсы” екендiгiн көрдi. Бұл – көру ақпараты. Әлімнiң күнделiгiнде тек бестiк бағалар. Олай болса, “Әлім жақсы оқитын оқушы”. Бұл – көру ақпараты.
Әлім қоңырау сағаттың шырылынан дыбыстық ақпарат алды. Ал Аруна барабанда ойнау арқылы дыбыстық ақпарат алды т.б.
-
Қай жануарға қандай үн сәйкес келеді? Аңдарды шығаратын дыбыстарына қарап, бiр-бiрiмен жалға және ол суреттердi боя.
-
Суретте жасырынған бейнелерді тап. Олар қандай үн шығарады? Бейнелердің кескінін ажыратып, айналдыра сыз. Суретте мысық, ит, қаз жасырынып қалған.
-
Сурет бойынша ауызша әңгiме құрастыр. Боя. Әңгiменi құрастыру барысында олардың қандай дыбыстар шығаратын және қандай түспен боялатын да ескер.
3-сабаққа арналған тапсырмалар:
-
Дыбыс шығаратын заттарды боя.
-
Мына дыбыстарды не шығарады, суреттен тап.
Аңдардың қандай дыбыстар шығаратынын балалармен талқылаңдар. Егер сыныптағы балалардың iшiнен жаза алатын балалар табылса, онда осы аңдардың атын жаз деген тапсырма берiңдер.
-
Тiзбектi жалғастыр. Логикалық ойлау қабiлетiн дамытуға арналған жаттығу.
-
Артық заттарды сыз. Бiрiншi топтағы нысандар атауы – бұл дыбыстарды шығаруға болатын қоңырау, ал екiншi топтағы нысанның атауы – дыбыс шығармайтын глобус.
-
Бiр, екi, үш, төрт, бес дейік.
Барлығын санап көрейiк.
Оқушылардың аңдардың орналасқан орнын нөмiрлеп, жазуы керек немесе мұғалiммен қосылып ауызша аңдарды санауы қажет.
Сергiту сәтi
Берiлген тақпақты оқушылар қайталау арқылы саңырауқұлақтың қозғалысын көрсетедi: ары берi жүредi, жерге қарай иiледi, саңырауқұлақтарды жинайды. Қозғалысты асықпай, белгiлi бiр ырғақпен жасағаны дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |