Мазмұны Кіріспе і-тарау. Фразеологизмдердің түрлері, белгілері және тұрақты тіркестердің басқа тілдік тұлғалардан айырмашылығы



бет2/5
Дата30.06.2016
өлшемі379.5 Kb.
#168144
1   2   3   4   5

1.2 Фразеологизмдердің белгілері

Фразеология туралы еңбектерде фразеологизмдердің негізгі үш белгісі болатыны көрсетіліп жүр: мағына тұтастығы, құрылымының тұрақтылығы және қолданылу тиянақтылығы. Бұл белгілердің қатарында фразеологизмдердің бейнелілігі көрсетілмеген. Фразеологизмдердің тұтастығы жай ғана тұтастық емес, бейнелі, мәнерлі тұтастық. Бейнелілік, мәнерлілік фразеологизмдердің басқа белгілері сияқты маңызды белгісі болып табылады. Сөйтіп, фразеологизмдер басқа тіл бірліктерінен төрт түрлі белгі-қасиетімен ерекшеленеді: 1) құрылым тұрақтылығы. 2) мағына тұтастығы. 3) даяр қалпында қолданылу тиянақтылығы. 4) бейнелілігі, мәнерлілігі. Осы белгілер фразеологизм атаулының бәріне тән, тек бірінде толық, бірінде солғын болуы мүмкін. Фразеологизмдердің жоғарыда көрсетілген белгілерін құрылымы немесе мағынасы жағынан оларға ұқсас басқа тіл бірліктерімен (еркін сөз тіркестері, күрделі сөздер, сөйлемдермен) салыстырғанда айқын көруге болады.

Фразеологизмдердің еркін сөз тіркестерінен айырмашылығы. Бірінші айырмашылығы. Еркін сөз тіркестері сөйлеу кезінде сөздердің мағынасы жағынан өзара үйлесе отырып, кем дегенде екі сөздің грамматикалық жолмен еркін тіркесуінен жасалады, бірақ еркін сөз тіркестерінің құрамы тұрақты болмайды. Олардың құрамындағы сөздерді мағынасы, айтылуы жағынан солармен үйлесетін басқа сөздермен айырбастауға, орнын ауыстыруға болады.

Ал фразеологизмдерге келсек, олар да кем дегенде екі сөздің тіркесуінен жасалады, бірақ олардың құрамы тұрақты.

Екінші айырмашылығы – фразеологизмдердің мағына тұтастығында. Фразеологизмдер мағына тұтастығын сақтайды, фразеологизмдердің мағыналық тұтастығы құрамындағы сөздердің жеке мағыналарына тәуелсіз. Фразеологазмдердің мағыналары құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарымен сәйкеспейді, яғни лексикалық мағыналардың жиынтығы емес. Фразеологизмдік мағына дегеніміз – құрамындағы сөздердің не жеке бір сыңарының лексикалық мағыналарының қайта жаңғыртылған жинақты мағынасы. Сол себепті фразеологизмдер семантикалық жағынан біртұтас тіл бірлігі ретінде қолданылады.

Тіпті фразеологизмдердің құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналары анық байқалғанның өзінде, фразеологизмдердің мағыналары семантикалық біртұтастығынан айрылмайды.

Үшінші айырмашылығы – фразеологизмдердің даяр қалпында қолданылу тиянақтылығында. Оған негіз болған фразеологизмдердің жоғарыда айтылған құрылымдық тиянақтылығы мен мағына тұтастығы. Осы белгілердің сақталуы нәтижесінде фразеологизмдер даяр тұрақты тіркес сипатына ие болады. Фразеологизмдер сөйлеу кезінде, қарым-қатынас үстінде жасалынбайды, біртұтас тіл бірлігі ретінде даяр қалпында жұмсалады.

Сөйлеуші бұларды сөйлеу үстінде өздерінше өзгерте алмайды. Олар осы қалпында адамдардың жадында сақталған, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп, даяр қалпында қайталанып отырады.

Ал еркін тіркестер керісінше сөйлеу кезінде, қарым-қатынас үстінде құрамындағы сөздердің өзара үйлесіп еркін тіркесуі арқылы жасалады. Еркін тіркестердің мағыналары құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарына тәуелді, яғни фразеологизмдердей қайта жаңғыртылған мағыналар емес.

Төртінші айырмашылығы – фразеологизмдердің көпшілігіне мәнерлілік, айқындық, бейнелік қасиет тән екендігінде. Бұл қасиет фразеологизмдердің стилистикалық мәнін аттырады. Бесінші айырмашылығы – еркін тіркестер бір тілден екінші тілге сөзбе-сөз аударуға көнеді.

Ал фразеологизмдер әдетте бір тілден басқа тілге сөзбе-сөз аударуға көнбейді, оларды басқа тілдегі баламалары арқылы немесе фразеологиялық мағыналарын түсіндіру арқылы беруге болады.

Осы сияқты айырмашылықтарымен бірге фразеологизмдер мен еркін тіркестердің жақындасатын жағы да бар. Құрылымы сөйлемге ұқсас фразеологизмдердің құрамы формалды түрде еркін сөз тіркестерінен тұрады.

Бұлар фразеологизмдік сипат алғанда, өздерінің еркін тіркестік мағыналарынан айрылып, бейнелі фразеологизмдік мағыналарға ие болған. Сөйтіп, бұл арада еркін тіркестердің фразеологизмдерді жасайтын материал болып табылатынын көреміз.

Фразеологизмдердің сөзбен жақындығы. Бұлардың жақындығын білдіретін мағыналары мен атқаратын қызметтеріндегі ұқсастықтан көруге болады. Сөздің, фразеологизмге жақындығы екі жағдайда айқын байқалады.

Бірінші, тілдегі әрбір дербес мағыналы сөз лексикалық бірлік ретінде жеке тұрып, белгілі бір ұғымды білдіріп, даяр қалпында қолданысқа түсіп отырады. Сөйлеу үстінде белгілі бір затты, құбылысты, әрекетті қалай атаймыз деп жатпаймыз, ұрпақтан-ұрпаққа белгілі даяр атаулармен атаймыз.

Яғни еркін тіркес сияқты сөз атау ретінде сөйлеу кезінде, қарым-қатынас үстінде жасалмай, даяр қалпында жұмсалады.

Екінші, лексикалық бірлік ретінде сөз де фразеологизм тәрізді бір ұғымды білдіреді, яғни ұғымын білдіруі жағылап сөз бен фразеологизмнің арасында ұқсастық бар. Осы ұқсастық нәтижесінде фразеологизмдер лексикологиямен жақындасады.

Сөйтіп, жоғары айтылғандардан фразеологизмдердің екі жақты құбылыс екенін, екі жақтылығын көреміз.

Фразеологизмдердің сөйлеммен арақатынасы. Фразеологизм мен сөйлемнің құрылымдық жағында формалды лексикалық, ұқсастық бар. Фразеологизмдерде жай, құрмалас сөйлемдер сияқты құрылымдар кездеседі.

Фразеологизм мен сөйлемнің айырмашылығы лексика-семантикалық және синтаксистік қызметіне байланысты. Сөйлемнің негізгі функциясы коммуникативтік. Сөйлем – тілдің коммуникативтік бірлігі, синтаксистің объектісі. Ал фразеологизм ұғымды бейнелеп, мәнерлеп немесе тұспалдап, астарлап білдіретін лексика-семантикалық бірлік, ол осы жағынан лексикалық бірлік – сөзге, сол арқылы лексикологияға жақын. Сөйлемді синтаксистің объектісі ретінде мүшелеуге, сөйлем мүшелеріне талдауға болады. Фразеологизмдер лексика-семантикалық идиомалық бірлік болғандыктан, өз ішінен мүшеленбейді, тұтасымен бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады.

Фразеологизмдердің жоғарыда талданған белгілерінің универсалдық сипаты жөнінде «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» былай делінген: «Егер белгілі бір тілде сөз категориясы болатын болса, фразеологизмнің мазмұны мен формасы тіл типіне тәуелсіз осы универсал белгілердің бәрін де сақтайды, себебі фразеологизм сөздердің тіркесуінен жасалатын категория» [5, 560].
1.3 Фразеологизмдер және олардың зерттелуі

Сөйлеуіміз сөйлемнен тұрады да, сөйлем әлденеше сөзден тұрады. Жеке сөздің сөйлемге айналуы сирек. Синтаксистік тұрғыдан алып қарасақ, сөз бен сөйлем аралығында тағы бір топ бар, ол – сөз тіркестері. Сөз тіркесі дегеніміз – екі не бірнеше сөздерден құралған грамматакалық бірлігі бекем топ. Сөз тіркестері еркін және тұрақты боп екіге бөлінеді. Еркін тіркестер жұмыс барысында, қажеттілікке орай қайта жасала беруі әбден мүмкін. Мұндағы сөздер қайтып ажырамастай қалыпта емес, керегі болса алмастырылып, орын ауыстырыла береді. Ал еркіндігі жоғалған, ажырамастай қалыпта кірігіп кеткен тіркестерді тұрақты тіркестер дейді. Бұларды біз фразеологизмдер деп атаймыз. Сөз, сөз тіркесі, сөйлем дегендеріңіз синтаксис тексеретін сала бола тұра әлгі тұрақты тіркес неге лексикологияның мәселесі ретінде қарастырылады. Себебі фразеологиялық тіркес туралы мәселе синтаксис тексеретін шеңберден шығып кетеді. Тіпті мұның лексикология, фонетика, грамматика сияқты өз алдына жеке сала болып зерттелуіне де қатысы бар [11, 29].

Фразеологизмдердің тек өзіне ғана тән өзгеше белгілері бар. Осы белгілер тілдің бұл категориясын өз алдына жеке сала ретінде қарастыруға итермелейді. Әрі тілдің басқа единицалардан айырмасын айқындайтын негізгі ерекшелік болып табылады. Бұл белгілердің түрі мына төмендегідей:

а) лексикалық мәні;

ә) компоненттік құрамы;

б) грамматикалық категориялардың түрі.

Бұл белгілердің тек фразеологизмдерге қатысты екенін дәлелдеу үшін сол фразеологизмдерді тілдік единица - сөзбен және сөз тіркесімен салыстыру кажет. Екеуінің де фразеологизмдермен ортақтасып кететін белгілері бар. Сөз тіркесі дегеніңіз фразеологизмдер жасалатын ұяның бірі.

Лексикалық мәні және грамматикалық жасалуы жағынан сөз бен фразеологазмдердің ұқсасатын тұстары көп. Фразеологизм мен сөздің лексикалық мәнін ашқанда, олар біріне-бірі синоним болып келетінін байқау қиын емес.

Фразеологиялық тіркестердің жеке сөздер тектес стилистикалық өңі ажарлы келеді. Сөйлемдегі орнына, қолданылу жүйесіне қарай фразеологиялық тіркестер кейде еркін тіркесіп, кейде тұрақтанып қалатын тұстары бола береді.

Фразеологизмдер тіл-тілдің бәрінде бар құбылыс. Және бұларды тілдік бөлекше бір сипаттағы, шырыны мен сөлі таусылмайтын дәмді элементтері деп айтуға болар еді. Тілдің байлығы, тілдің сұлулығы, тілдің өткірлігі дегеніңіздің айрықша көрінер жері осы фразеологазмдер маңы. Ойды әсемдеп айтуды үйренудің мектебі осылар. Сөзіңіз нақты, дәлелді болсын десеңіз, өңменнен өтіп, қолқаны қозғайты дәрежеде болсын десеңіз, халықтың хас туындысы — айшықты сөздер тобының тамырын басыңыз. Сонда ғана сіз тілдің қасиеті деген не, байлығы деген не сияқты сауалдарға нақты жауап бере аласыз.

Қай елдің, қай жазушысының қай шығармасын алсаңыз да тілдің осы халықтық элементтерінің сан түрін табуға болады. Яғни қаламгерлердің қай-қайсысы да сөйлеудің халықтық формасын пайдалануға бейім. Осының өзінен-ақ ғылымдағы фразеологизм проблемасының мейлінше қызықты, мейлінше қиын проблема екенін байқау қиын емес. Осыларды ғылыми проблема ретінде қарастыратын әр алуан еңбектердің сөлін сүзсек, мұның неқилы мәселелері айқындала түседі екен.

Фразеологизм мәселесі көптен сөз болып келеді. Оның бүкіл ішкі-тысқы қасиеттерін ашып, оларды қолданудың пайдасы мен заңдылықтарын аршып берген еңбектердің санының өзі мыңға тартады.

Лингвистиканың жеке тарауы ретінде қалыптасып келе жатқан фразеология жайында жазылған зерттеулер өте көп. Мәселен, «Проблемы фразеологии» деп аталатын жинақта 500-ден астам зерттеу жұмыстары көрсетілген. Содан бергі аралықта мұндай еңбектердің саны едәуір молайғаны мәлім.

Б.А. Ларин «фразеология лингвистикалық пән ретінде «жасырын даму» дәуірін бастан кешіруде» деп жазған еді. Жоғарыдағы еңбектерді талдап таныссаңыз «жасырынбақтың» күні өтіп, енді ғылыми айтыс, талас дәуірі басталған тәрізді. Қазір фразеологияның мәнін, міндетін, аумағын түсінуде әртүрлі бағытгы ұстанатын бірнеше ағым пайда болғанын байқау қиын емес. Қаншама еңбектер жазылғанмен, фразеологияның небір қызықты проблемалары біртіндеп ашылып, дәлелденіп келе жатқанмен, әлі де даулы мәселелері жетерлік.

Фразеологазмдер қатарына кіретін тұрақты тіркестердің бәрі бірдей емес. Қайсыбірінің құрамындағы сөздер бастапқы лексикалық мағынасын сақтап тұрса, енді біразының компоненттері жиылып, мүлде басқа бір ұғымды білдіріп жатады. Қандай түрі болмасын мұндай тіркестердің бәрі де фразеология қатарында қарастырылуы тиіс. Бұдан былайғы жерде біз осы тақылетті тіркестерді фразеологизмдер деген терминге жинақтап сөз етпекпіз.

Лингвистиканың өзге салалары сияқты, фразеология да жеке және жалпы сипатты болады.

Фразеологияға жататын барлық тіркестердің жалпы атауы ретінде фразеологиялық единица деген термин жиі қолданылады. Бұл терминді әуелде акад. В.В.Виноградов [6] атаған еді. Көптеген ғалымдар бұл терминнің жалпы атау ретінде сәтті табылғанын қолдағанмен, кейінгі кезде оның мазмұнын әлі айқындай түсу қажеттігін айтып жүр. В.В.Виноградовтың классификациясы бір кезде айрықша рөл атқарды. Сонымен қоса, оның көптеген мәселелері жете қарастырылмай дамытылмай, көмескі күйде қалғаны мәлім. Жоғарыда ескерткеніміздей, тіл білімінде фразеологияны зерттеген жүздеген еңбектер пайда болды. Фразеологияны өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі объектісіне айналдырған көптеген айтулы ғалымдар бар. Олар өз зерттеулерінде В.В.Виноградовтың классификациясына дау айтады, дәлелді пікір қозғайды. Шынында, бұл пікірлердің жаны бар. Әлі піспеген күмәнді, күдікті жерлері тағы бар. Акад. В.В.Виноградовта фразеологиялық тізбектер (фразеологические единства) кейде метафоралық тұрақты орамдар (метафорические устойчивые обороты) деп те аталады. Тағы бір жерде бұлар идиомдар болып, оның құрамына мақал-мәтелдер, тұрмыстық қосарлы аттар (составные бытовые названия), қанатты сөздер, үзінді цитаттар, кішіпейіддік формулалар (формула вежливости) т.б. еніп кеткен. Сөз тіркесі түріндегі фразеологияның объектісін таныту үшін, кейбір зерттеушілер «фразема» деген термин қолданып жүр. Бұл термин «лексема», «морфема», «семема» деген атаулармен сәйкес, әрі ұйқас. Ал түрі жағынан сөйлемге бара-бар фразеологазмдерді «тұрақты фраза» («устойчивая фраза») деп атайды. Бұл терминді қолдануға пейіл білдіріп жүрген зерттеушілердің бірі В.Н.Телия.

Жалпы фразеологиялық тіркестерді зерттеуші ғалымдар тұрақты сөз тіркестерінің спецификалық мәнін әрқилы ұғынады. В.В.Виноградов, О.С.Ахманова, С.И.Абакумов, А.И.Смирницкий, Б.А.Ларин еңбектерін қараңыз.

В.Н.Телия өзінің «Фразеология дегеніміз не» [7] деген зерттеуінде құрылысы жағынан сөз тіркесі не сөйлем боп келе беретін фразеология объектісінің барлық түрін жинақтап атау үшін «фразеологиялық орам» («фразеологический оборот не жай ғана «орам»), «фразеологизм» деген терминдерді қолданады. Бұлай атауда ол ғылымның игі дәстүріне сүйенген.

Қазақ ғалымдарының арасында да тұрақты тіркестердің жалды атауы ретінде осыған ұқсас ғылыми терминді ұстанатындары бар. Мысалы, М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаевтар мынадай пікір айтады: «Мағынасы жалпыға белгілі, грамматикалық байланысы жағынан бір бүтін единица болып, қолданылуы дәстүрге айналған тұрақты сөз тіркестерін тіл білімінде фразеологиялық орам немесе фразеологизмдер деп атайды». Авторлардың «фразеологиялық орам немесе фразеологизм» деп отырғандарына енетін тұрақты тіркестер – идиома, фраза, мақал-мәтелдер. Бұған қалыптасқан тиянақгы фразеологиялық сөздердің бір саласы ретінде қос сөздерді де қосады.

Мұнда фразеологиялық единица және оның В.В.Виноградов жіктеген үш түрі жоқ. Акад. І.К.Кеңесбаев қазақ тіліндегі фразеологимдерді әлгіндей жік-жікке бөліп жатпайды. Ол «лексикалық формасы, стилистикалық қызметі жағынан тілімізде айырықша орын алатын» [9] мұндай нақыл сөздерді екі топқа бөліп қарастырады. Ол лингвистика тілімен айтканда идиомдар, фразалық топтар.

Осыған қарағанда көптеген тілдерде В.В.Виноградов классификациясын сол күйінде қабылдаудың ретті бола бермейтінін әңгіме етіп жүрген пікірлердің жаны бар тәрізді.

Орыстың атақты ғұламалары: М.В.Ломоносов, академиктер: Ф.Буслаев [10], И.И.Срезневский [11], Ф.Ф.Фортунатов [12], А.А.Шахматов [13], проф. АА.Потебня [14] т.б. айтқан пікірлері фразеологияны зерттеу жұмыстарын ғылыми арнаға салып, дұрыс бағыт берді. Бұл ғалымдардың пайымдаулары фразеологияны зерттеудің белгілі-белгілі кезеңдерін, даму сатыларын танытады. Бірақ бұлардың ешқайсысы да фразеологияны лексикологияның жеке бір бөлімі ретінде бөліп қарастырған жоқ. Өз дәуірінің ғылыми ой-өрісінін деңгейімен қарағанда ұтымды, дәлелді бір өрбіткенмен, түбегейлі зерттеу ХХ ғасырдың 30-40-жылдарының үлесіне қалған болатын.

Фразеологияны лексилогияның жеке бір тарауы ретінде бөліп шығарған Ш.Балли болатын. Ол фразеологияның белгілі бір қалыптағы күйін (синхроническая фразеология) қарастырудың негізін жасады. Ш.Балли: «Языки постоянно изменяются, функционировать они могут только не изменяясь», — дей отырып, тілдің дәл қазіргі, осы күнгі жағдайына ерекше мән береді. Міне, сондықтан Ш.Балли [15] концепциясының қазіргі кезеңде де едәуір маңызы бар. Дегенмен Ш.Балли де фразеологияның түрлерін, мазмұнын таратып, талдап айтып бере алмады.

30-40-жылдары тіл білімінде фразеологияға арналған жеке еңбектер шыға бастады. Проф. Е.С.Истрина [16] фразеологияны лексикологияның жеке тарауы етіп белген. И.Вульфиус «К вопросу о классификации идиомов» [17] деген мақаласында Ш. Баллидің теориялық көзқарастары тұрғысынан біраз пікір қозғаған.

Л.А.Булаховский фразеологияны тіліміздегі бейнелеуіш мәнерлі сөздер жайындағы ғылым деп есептейді. Фразеологияны «обычно разложимые смысловом отношении словосочетания, но закрепившиеся в языке как материал ходовой цитации (пословицы, поговорки, удачные выражения писателей, ставише «крылатыми» словами, и т. п.) и потому получившие известную цельность», - деп түсінеді.

«Тұрақты тіркестердің» этимологиялық жүйелі классификациясың жасауға тырысқан проф. С.И.Абакумовтың әрекеттері де көңіл аударарлық. Ол идиоматика мен фразеологияның жігін ажыратады.

Ол идиомалық орамдардың ерекше белгілері ретінде мыналарды көрсетеді: семантикалық бір тұтастығы, аударуға келмейтіні, синтаксистік және лексикалық тұлғаларға бөлінбейтіні, грамматикалық формаларының өзгермейтіні, сөздер орнының тұрақтылығы, сөз жасау мүмкіңдігінің кемдігі. Фразеологияға жататын орамдардың беретін мағынасы оның компоненттерінің негізгі лексикалық мағынасынан алшақтамайтынын анықтайды.

Сонымен, Абакумовтың пікірі бойынша, фразеология дегеніміз ойды білдірудің дайын сөйлемшелері жөніндегі ғылым.

Фразеология мен идиоматиканың анықтамасын беруде Е.Д.Поливанов: «Фразеология (или идиоматика) является «особой дисциплиной (наряду с фонетикой, морфологией, синтаксисом и словарем, или лексикой), занимающей по отношению к лексике то же положение, которое синтаксис занимает по отношению к морфологии», так как эта дисциплина оперирует так же, как и лексикология, «выражением индивидуальных понятий (лексических значений)» в отличие от синтаксиса и морфологии, которые «имеют своим объектом изучение символики общих (абстрактных) идей , — деп жазады. Поливановтың анықтамасы И.А.Бодуэн де Куртенэ қолданған сөздердің көп қызметтілігі (полифункциональность) жайындағы жалпы методологиялық концепциясынан шығып жатқан ұғым. Мұны кейін Л.В.Щерба мен Б.Д.Поливановтың қабылдағаны мәлім. Фразеология мәселесімен арнайы шұғылданбаса да Поливанов еңбектерінде, кейде, осындай аса қажет ғылыми пайымдауларын айтқан. Зерттеушілер үшін бұл сияқты пікірлердің орны бөлек.

Фразеологая синтаксистен, лексикологиядан, семасиологиядан бөлек жеке-дара дами алмайды.

Сөйлеуіміздегі сөздерден гөрі семантикалық біртұтас тізбектерді, яғни сөздерден гөрі күрделірек сөздер тобының (фраза, идиома, фразеологиялық тығыз топ, тұрақты бөлінбейтін тіркестер, фразеологиялық единицалар) жігін ажырату ниеті В.В.Виноградовтың жазуы бойынша К.Бругман, Г.Пауль, Ш.Балли, АСеше, О.Есперсен, И.А.Бодуэн де Куртенэ, А.А.Шахматовтардың еңбектерінде байқалған. Бұл – бір жол. Яғни бұл семантикалық сипаттама. Мұндай семантикалық топтарды басқа бір жолмен қарастыруға болатынын талдаған ғалымдар да бар. Фраза құрудың механизмін басқарып отырған тіл категорияларын зерттеу айрықша нәтиже береді. Сондай категориялардың бірі тіл жүйесінің фактісі ретіндегі сөз мағынасының құрылысы болса керек. Фраза құрудың әрқилы процесінің негізін жасайтын сөз мағынасының құрылысын зерттеу жолын ең алғаш В.В.Виноградов көрсеткен болатын. Ол «Современный русский язык» деген еңбегінде былай деп жазған: «Тесная связь идиоматики и фразеологии с лексикологией обусловлена не только структурной близостью понятий слова и ядиомы, но и постоянным движением внутри языка от слов к идиомам и фразам – и обратно – от фраз и идиом к словам». Ал «Основные типы лексических значений слова» деген «ВЯ» журналының 1953 жылы 5-санында жарияланған мақаласында В.В.Виноградов фразеология төңірегіндегі ойларын кеңейтіп, біраз жаңа ұғымдарды өрбітті [16, 49].

В.В.Виноградов фразеологиялық топқа семантикалық анализ жасап, оның мағыналық жіктерін дәл ажыратып классификациялаған. Ең алдымен, ол бұл топтан фразеологиялық тіркестерді (фраз. сочетания) бөліп шығарды да, Ш.Баллидің «единства» деп жүргендерін екіге ажыратты; фразеологиялық түйдектер (тұтастықтар) және фразеологиялық тізбектер (единства) деп. Осының әрқайсысын жеке-жеке талдап көрейік.

1) Фразеологиялық тұтастықтардың (сращения) негізгі белгілерін тізіп айтсақ мынадай түйін жасауға болады. Біріншіден, бұлар ішкі формасынан айрылған, дәлелдемесі жоқ жеке сөздер сияқты лексика-семантикалық единицалар. Екіншіден, тұтастықтар компонентінің бірде-бірі жеке өзіндік мағынаға ие бола алмайды. Яғни олар негізгі лексикалық мағыналарынан мүдде айрылған. Бір бүгіннің беретін мағынасы мен жеке компоненттердің әрқайсысының лексикалық мағынасы арасында ешқандай байланыс жоқ. Үшіншіден, мұның құрамыңдағы сыңарлардың сырттай қарағанда жеке-жеке тұруы тек тілдің өзінің ежелден қалыптасқан дәстүріне, дағдысына байланысты нәрсе. Егер В.Виноградовтың өз сөзімен тұжырсақ, фразеологиялық тұтастықтар – «ертіндіге айналған лексикалық бөлшектердің химиялық қосындысы». Бұл сияқты тұтастықтарды идиома деп те атайды. Идиомаландырылған сөз тіркестерінің грамматикалық мағынасы да өзгеріп кетеді. Оның себебі фразеологиялық тұтастықтардың семантикалық жағынан бөліп жаруға келмейтіндігіне байланысты. Яғни семантикалық біртұтастық оны грамматикалық жақтан мүшелендірмейді.

С.Кеңесбаев пен Т.Жанұзақовтың «Тіл білімі терминдерінің орысша-қазақша сөздігі» кітабында фразеологияның бұл терминдерінің бәріне қысқаша анықтама берілген. Мәселен, фразеологиялық түйдектерді (тұтастықтарды) былай түсіндірген: «Түйдекті тіркес ішіндегі сөздердің бір-бірімен лексикалық, грамматикалық берік байланыста болып, бөлініп-жарылмайтын фразалық мағынаның ол сөздердің лексикалық мағыналарымен ешбір жуыспайтын томаға-тұйық тіркестер».

2) Фразеологиялық тізбектердің В.В.Виноградов негізгі төрт қасиетін көрсеткен. Фразеологиялық тізбек болу үшін бұл белгілердің бәрі түгел болуының қажеті жоқ. Осының бірі де жеткілікті. Енді сол белгілерді жеке-жеке қарайық.

а) Біртұтас фразалық тіркестің бейнелі, ауыспалы мағынада болуы шарт. Бұл мағына бірден ұғынылмай, кей жағдайда ғана сезілуі тиіс; ә) Экспрессивт тығыздық (насыщенность); б) фразалық тізбектің лексикалық элементтерінің ешқайсысын басқа бір синоним сөздермен ауыстыруға болмайды; в) Егер ауыстырар болсақ, онда фразалық тізбекті түгелімен ауыстыру мүмкін екендігі. Бірақ айтылған белгілердің бәрі де ешбір дау туғыза алмайтын ақиқат емес. Сондықтан мұны өзінде де біраз солқылдақтық бар (В.Н.Телия).

Жоғарыда көрсетілген тіл білімі терминдерінің сөздігінде фразеологиялық тізбектерді «Тұгас тізбек (бірліктер) күйінде бүтін бір мағынаны білдіретін, бірлік жігі ажырамайтын, компоненттері басқа сөзбен алмаспай тұратын тұрақты сөз тіркестерінің бір түрі» деген.

Фразеологиялық тізбектердің негізгі қасиеттері оның ең алдымен, бірден аңғарыла қоймайтын астарлы мағыналылығында болса, екіншіден, мұндай тіркестер өте әсерлі, әрі мәнерлі болады; үшіншіден, бұлардың компоненттерінің ешқайсының орнын ауыстырып, не орнына басқа бір сөз қоюға келмейді; төртіншіден, фразеологиялық тізбекті мәндес бір сөзбен немесе синонимдес тіркеспен алмастыруға болады.

3) Фразеологиялық тіркестер фразеологиялық единицалардың ең молырағы. В.В.Виноградов мұны тізбек пен тұтастыққа қарама-қарсы қойып қарайды. Бұл тіркестер семантикалық жағынан жіктеуге келеді. Мұндағы тіркескен сөздердің мағыналық салмағы бірдей. Фразеологиялық тіркестердің құрамындагы сөздер өзінің негізгі лексикалық мағынасында тұрады. Жалпы мағына осы сыңарлар мағынасымен тікелей байланысты.

Енді осы классификацияға қазақ ғалымдары қалай қарайды екен және жалпы фразеологиялық тіркестер жайындағы пайымдауларын талдап көрелік.

І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаевтың «Қазіргі қазақ тілі» деп аталатын кітабында автор тіркес атаулының бәрін фразалық тіркес деп алады да, алдымен оны идиомдар және басқа фразалық топтар деп екіге бөледі. Идиомдарды ерекше категория ретінде өз алдына бөлек қарайды да, тіліміздегі басқа тұрақты сөз тіркестерінің бәрін (мақал, мәтел, қанатты сөз т.б.) фразаның қатарында әңгімелейді. Идиома мен фразаның негізгі айырмашылықтарын былай түсіндіреді: «Идиом тобындағы сөздер өзінің жеке тұрғандағы негізгі мағынасынан айырылып қалады да, өзара жымдасып, бір ғана негізгі лексикалық ұғым береді. Басқаша айтқанда, идиом ішіндегі компоненттер өзінің лексикалық формасы мен мағынасын жоғалтады да, грамматикалық формасын сақтайды; бұлар (компоненттер) – негізгі бір кесек күрделі лексикалық единицаның грамматикалық элементтері (мүшелері) болып есептеледі [18]. Идиоманың негізгі белгілері: біріншіден, «тұтас бір ұғым жеке сөздерінің ұғымынан алшақ кетеді де, жеке сөздер (компоненттер) өзінің дербес ұғымынан не жартылай, не мүлдем айрылып қалады», екіншіден, «бұл тізбектердің көпшілігі екінші тілге сөзбе-сөз аударуға келмейді» [18]. Ал фраза «жеке элементтердің негізгі мағынасынан барып жасалған тізбек» [18].

Идиом мен фразаның ортақ қасиеттері де бар, ол – тиянақтылық. Сөйтіп, біз идиом мен фразаның айырмасы олардың құрамындағы сөздердің жеке күйіндегі мағынасынан айрылу, айрылмауына байланысты ажыратылатынын байқап отырмыз. Авторлар мақал-мәтелдердің де негізгі қасиеттерін ашып, идиомдармен салыстыра зерттейді. Олардың ортақ белгілерінің бастысы орнықтылық, яғни бұл тіркестерді құрауға қатысып тұрған сөздердің арасына сөз қосып немесе олардың орнына басқа бір сөзді пайдалануға болмайтындығы деп көрсетілген. Бұлардың бәрін топтап келіп, жасалған мына бір тұжырымға назар салыңыз:

«Мақал, фраза, идиомдарды басқа системалық күйге аударарда бұлардағы өзара негізгі айырмашылықтардың бірі айқын көзге түседі – идиом сөздердің дені сөзбе-сөз (мақал, фразадағы сөздердей) аударуға келмейді. Бұл – жоғарыда біз атап кеткен лексикалық өзгешеліктен туған қасиет» [18].

Жалпы, авторлар идиома мен фразаны егжей-тегжейлі талдағанмен, мақал-мәтелді тұрақты сөз тіркесінің қай түріне жатқызуға болатынын ашып айтпайды.

Идиомдардың тағы бір ерекше белгілерінің бірі – олардың көнелігі. Сөздер тізбегі идиом болу үшін көп замандар керек. Оның құрамындағы сөздер мүлде дерексізденіп, өзінің негізгі лексикалық мағынасынан алшақтауы осындай ой туғызады. Мақалдарды қолданғанда, оны өзгертпей сол қалпында алып, басқа сөздермен араға де («деп», «деген», «дегендей») етістігін дәнекер етеміз. Ал идиомдарды морфологиялық өзгерістерге салуға болады да, олардың синтаксистік тиянақтылығын ешбір өзгерте алмайсыз. Морфологиялық, әрі синтаксистік беріктігі бірдей идиомдар да бар, бірақ олар көп емес. Идиомдар түгесінді бір ғана ойды білдіруіне орай, олар көбінесе бір сөздің орнына жүреді.

Идиом, фразалардың тағы бір ерекшелігі – біразының дыбыс үйлесімі. Бұл тізбектерде біркелкі не дауысты, не дауыссыз дыбыспен (аллитерация) келетін немесе не біркелкі жуан, не жіңішке сөздерден келетін идиомдар бар.

Идиом, фразалардың лексикалық мағыналарын бөлек әңгімелеу қажет.

«Қазақ тілі» практикалық курсында (авторлары: Н.Оралбаева, Г.Мадина, А.Әбілқаев, жалпы редакциясын басқарған проф. М.Балақаев) «Лексика» тарауының бір бөлімі «Тұрақты сөз тіркестері» деп аталған. Мұнда авторлар тұрақты сөз тіркестерін идиома, фраза, мақал-мәтелдер деп жеке-жеке бөліп талдайды. Қысқа болса да әрқайсысына анықтама беріп, нақты тұжырым айтуға тырысқан. Әрқайсысына берілген анықтамаларға жеке-жеке қарап шығайық.

а) Идиома деп іштей бөліп, жаруға келмейтін және оның тұтас мағынасы құрамындағы сөздердің әрқайсысының лексикалық мағынасына байланысты тумаған сөздер тобын тұрақты тіркес дейміз.

ә) Тұрақты тіркестердің енді бір түрін фраза деп атайды да, оған да нақты анықтама бермегенмен, мұның өзіндік айырмасын түсіндіреді. Авторлардың түсініктемесін берейік: «Тұрақты тіркестің бір түрі – фраза. Ол да идиома сияқты түйдекті тіркес қалпында айтылады. Алайда мұның идиомадан айырмашылығы құрамындағы сөздердің бәрі не біреуі өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан айрылып қалмайды».

Шынында бұл келтірілген мысалдар құрамындағы сөздер өзінің негізгі лексикалық мағынасынан онша алшақтамайды. Ендеше идиомалар сияқты, фразалық тіркестер де сөзімізді өткір, көрікті, образды ету үшін жұмсалады деген тұжырымды әбден қолдаймыз.

б) «Мақал-мәтелдер халықтың ғасырлар бойғы іс-тәжірибесінен, өмір тануынан қорытылып, ереже түрінде тұжырымдалған аталық сөзі, ой түйіні». Біз авторлар анықтамасын бұлжытпай беріп отырмыз. Олар мақал-мәтелдің идиома, фразаларға ұқсас жағы мен өзгешелігін ажыратқан. Ұқсас жағы – мұның бәрінде «сыртқы құрылымы, сөздердің орын тәртібі тұрақты» болуында да айырмасы – біріншіден, «мақал-мәтелдің құрамындағы сөздер өздерінің лексикалық мағынасын толық сақтап, сөйлем мүшесіне талдауға келеді»; екіншіден, «егер идиома мен фраза сөйлем ішінде басқа сөздермен байланысу үшін тұлғалық өзгеріске ұшыраса, мақал-мәтелдер ешбір өзгеріске түспей, басқа сөзбен не сөйлеммен де етістігі арқылы байланысады».

Авторлар мақал мен мәтелдің өзара айырмасын да ажыратқан: «мақалда өмір тәжірибесінен екшеліп алынған ақыл, өнеге, оқушыны жақсыға баулып, жаманнан аулақ болуға үйрететін кеңес берілсе, мәтел белгілі бір ойға, ұғымға ишара жасайды, онда астарлап, жұмбақтап айту мәні басым» болады.

Мұның қай-қайсысы болмасын, айтайын деген ойды нақты, анық етіп және тыңдаушыға бірден аңғартуға немесе сөйлеген сөзімізден қысқа, тұжырымды қорытынды шығаруға үлкен жеңілдік жасайды. Бұларды талғамсыз қолдана беруге болмайды. Екінші жағынан мақал-мәтел әдебиеттің бір жанры есепті таптық сипатта боп келеді. Міне, сондықтан сақ болған жөн.

Фразеология жөнінде К. Ахановтың пікірлері көңіл аударарлық. К.Аханов өзінің кітабында [19] фразеологияны біраз талдайды. Ол осы еңбегінде бұларды екі топқа бөліп: оның бірін – еркін тіркес, екіншісін – тұрақты фразеологиялық тіркес деп алады. Мұның алдыңғысын синтаксистің сыбағасына беріп, кейінгісін лексиканың құрамында қарастырады.

Фразеология деген терминге келсек, мұның екі түрлі мәні бар тәрізді: біріншіден, «белгілі бір тілдегі тұрақты фразеологаялық сөз тіркестерінің жиынтығы» дегенді білдірсе, екіншіден, сол тіркестер жиынтығын ғылыми түрде зерттеп талдайтын ілім мағынасында түсініледі. Автор тұрақты сөз тіркестерін жақшаның ішінде фразеологиялық единицалар деп алады. Бұл терминологиялық сөздіктерінде орныққан термин. Мұнда да алдымен тұрақты тіркес пен еркін тіркестердің айырмасы нақты талданады. Автор мынадай басты-басты ерекшеліктерін көрсетеді:

Біріншіден, «тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің орны, еркін тіркестің құрамындағы сөздердің орнына қарағанда әлдеқайда тұрақты, бекем болады.

Екіншіден, «тұрақты фразеологиялық сөз тіркестерінен туатын бір бүтін мағына оны құрастырушы сыңарлардың мағынасынан басым» болады [19].

Үшіншіден, «тұрақты фразеологиялық сөз тіркестері бір тілден екінші тілге аударуға икемсіз келеді, әсіресе оларды тікелей сөзбе-сөз аударуға болмайды» [19].

Ағылшын тіліндегі фразеологизмдерді зерттеу, оларды аудару мәселесімен айналысқан А.В.Кунин. А.В.Кунин өзінің еңбектерімен ағылшын фразеологиясының және де жалпы фразеологияның дамуына өте көп үлес қосты. А.В.Куниннің бұл салада көптеген еңбектерін атауға болады. Мысалы: «Фразеология современного английского языка», «Англо-русский фразеологический словарь» т.б.

Кунин А.В. фразеологиялық единицалар мен сөз туралы айта келіп, олардың төмендегідей өзгешеліктерін көрсетеді. Екеуінің бірінші айырмашылығы жасалуында, үшіншіден фразеологиялық единицаның мағыналық құбылысы еш уақытта сәйкес келмейді деп сөзден айырмашылығын айтады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет