АЙТЫС ЖАНРЫНДА КӨРІНЕТІН ХАЛЫҚТЫҢ ЕРКІНДІК МҰРАТЫ
Көшекова А.А. – ф.ғ.к., доцент м.а. (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Қазақ халқы тәуелсіз ел болып, өзінің Қазақстан деп аталатын кең-байтақ мемлекетін құрды. Бұл оқиғаның қадір-қасиетін, оның бізге қаншалықты қиындықпен келгенінін білеміз бе? Осы туралы ой толғасақ, алдымен төрткіл дүниеге көз жіберіп, төңірегімізді шолып, ондағы болып жатқан өзгерістерді саралап көру қажет сияқты. Жалпы, ғалымдардың деректері бойынша жер бетінде 3,5 мыңдай ұлттар мен ұлыстар бар екен, алайда, жер бетінде небәрі 200-ге жуық мемлекет қана бар. Көріп отырғанымыздай, өзінің жеке тәуелсіз мемлекетін құру бақыты кез келген ұлттың маңдайына бұйыра бермейді. Бірақ жеке дербес мемлекетін құруды аңсамайтын халық болмайды. Дүниеде қазірдің өзінде жеке мемлекетіне қол жеткізе алмағандықтан, ең болмаса автономия алуды аңсап, күресіп жатқан ұлттар көп (Испаниядағы баскілер, Ирак пен Ирандағы курдттер, Шри Ланкадағы тамилдер т.б.) .
Біздің «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқымыз құдіретті Жаратқан иемнің қолдауымен, талай ғасырдан бері аңсап келе жатқан тәуелсіздігін алып, дербес мемлекетін құрып, зор бақытқа қолы жетіп отырған таңдаулы ұлттардың бірі. Халқымыздың аяулы қыз-келіншектері де елдің тәуелсіздігі, бостандығы жолындағы күресте әрдайым алдыңғы сапта болғаны белгілі. Кешегі қызыл империяның қабырғасына қанжардай қадалған Желтоқсан көтерілісіне де қазақ қыздары белсене қатысты. Солдаттардың күрегінен басы жарылып, алаңда шашынан сүйреліп, қанға батқан арулар, Ләззат, Сәбира сынды осы көтерілістің кезінде қаза тауып, түрмеге түсіп, түрлі зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыздарымыз қаншама!
Халқымыздың ғасырлар бойы өз еркіндігі үшін бел шешпей, күресіп, осынау кең даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен арымай-талмай қорғап келгені белгілі. Қазақтың өз елін, жерін, қорғау үшін күресінің және оған әйел-қыздардың белсене қатысуының фольклорлық шығармаларда бейнеленуі туралы әңгіме қозғар болсақ, алдымен жұртымыздың аса көркем кемел дүниесі, классикалық эпосы «Қобыланды батырды» атап өтер едік. Қобыландының өз елін, жерін қорғаған, халқының тәуелсіздігі үшін күрескен батыр екендігі даусыз. Эпостың мәтініне көз жүгіртсек, Қобланды алдымен ноғайлы елін шауып, Қырлы қала, Сырлы қала сияқты қалаларын басып алған басқыншы қызылбастың ханы Қазанға қарсы шайқасады. Бұл қазақ елін сырттан келген жаудан қорғап, оны басып алған дұшпанды қиратып, езілген жұртын азат етіп, бостандыққа шығарудың көрінісі екені айқын. Бұдан соң Қобыланды туған жұрты қыпшақтарды басып алып, құлдыққа салған Алшағырмен соғысады. Кейін Шошай батыр бастаған қырық мың әскермен шайқасады. Мұның бәрін қазақ халқының өзі мекендеген кең сахараны қорғау үшін ғасырлар бойы үздіксіз жүргізген күресінің көрінісі деп қарауға болады.
Қобыландыны қазақтың өз елін қорғаған батырларының жиынтық бейнесі деп білсек, бұл эпостағы қыз Құртқа образы халықтың даналығын, көрегендігін бойына жинақтаған ерекше бейне. Осы эпостағы атақты батырлармен үзеңгі қағыстырып, найза өңгеріп, жауға қарсы шайқасатын өжет, айтқанынан қайтпайтын қайсар Қарлыға бейнесінің көшпенді халықтың рухы еркін, батыр қызының фольклордағы көрініс табуы екені сөзсіз.
Айтысты ауыз әдебиетінің әлеуметтік жүгі мол, ауқымды синкреттік салаларының бірі десек, мұнда да әйел-қыздарымыздың бостандыққа, еркіндікке ұмтылуының, белсенді азаматтық позициясының кемел үлгілерін көптеп кездестіреміз. «ХІХ ғасырдағы айтыстардың, әсіресе, оның екінші жартысындағы айтыстардың бір өзгешелігі, мұнда көбінесе, әйел ақындардың аттары еркек ақындармен қатар жүреді» деген екен атақты жазушымыз С. Мұқанов. Айтыста, әдетте, ақындар бір-бірінің жеке басының кемшілігін табуға тырысып, одан соң өз елінің игі жақсыларын мадақтап, қарсы тараптың белгілі, атақты адамдарын сынайды. Осындай кездерде негізінен отарлық бодандыққа түскен халықтың ауыр тұрмысы, патша өкіметінің жандайшабы болып, ел-жұртына қысым жасаған бай-батшалардың теріс әрекеті тәрізді тамыры терең әлеуметтік мәселелер қозғалып жатады. Мәселен, Әсет пен Рысжан қыздың жұмбақ айтысында патша өкіметінің қазақ даласын басқарушы органдары – ауылдағы ұсақ әкім онбасы, болыс, би, ояз, губернатор, тіпті, сенат, патша да сын нысанасына айналады. Жұмбақтаушы олардың әрбірін жеке жұмбаққа айналдырады, ал шешуші оларды тауып қана қоймайды, жергілікті халықты отарлық қанауға ұшыратқан, зымияндық саясатын әшкерелеп те береді. Осылайша, айтысушы екі тарап, азаттықты аңсаған халықтың көкейінде жатқан отаршыларға қарсы ой-пиғылды көркем тілмен жұмбақтап бейнелейді.
Төңірегіндегі халықтарды бірте-бірте бодандық бұғауына салған Ресей империясы қазақ сахарасына тереңдеп еніп, панасыз елге үстемдігін жүргізіп отырды. Тәуелсіз ел болып, өз билігін өзі ала алмаған жұрт бұған амалсыздан көнді.
Ауған, азған сорлы елге
Патшаның қолы ойнақ сап,
Бидайықтай қуырған,
Қолқасын қойдай суырған...
Ойнатқан оқты мылтықтан,
Қаптаған мың сан қазақты,
Бөріктіріп бөкендей,
Көрінеу көрге бір тыққан...
Безек қаққан бес атар,
Сүңгіді қанға тұмсықтан, -деп Бөлтірік ақын жырлағандай, дәрменсіз, қолында өзін қорғайтын әскері жоқ елдің қарулы патша жасағына қылар айласы болмады. Алайда, халқымыздың бостандық тәуелсіздік үшін күресі ешқашан толастаған емес.
Патша залым болды бұқараға,
Бұқара қарсы тұрмай болмас шара...
Рас, мен соғысуға шықпақ болдым,
Басыңды жер астына тықпақ болдым,
Рас десең, рас сөз мен айтайын,
Ақ патшаның тұқымын құртпақ болдым, –деп, Иса Дәукебаевтың «Бекболат» жырында айтылғандай, Ресейдің отарлық саясатына қарсы қазақ сахарасында талай рет қанды көтерілістер болғаны белгілі. Мұндай халық наразылығы жоғарыда атап өткеніміздей айтыс жанрының шығармаларында да кең көрініс тауып жатты.
Айтыс өнерінің аса үлкен аумақты бөлігі қыз бен жігіттің айтысы екені белгілі. Мұндай айтыстарда қазақ қыздары барынша батыл, еркін сөйлейді. Көкейінде тұрған ойды аяусыз бетке айтып, қарсыласын есінен тандыра келемеждеп, әшкерелейді. Бекжан мен Әлиманың айтысындағы:
Еркектің көп екен ғой масқарасы,
Сақалдың араласқан ақ-қарасы.
Шіріп кеткен кеудеңді сүйрегенмен,
Кімнің саған барады жас баласы? –
деген сияқты өткір шумақтардан кейбір басқа халықтардағыдай емес, қазақ қызының қаймықпай батыл сөйлейтін еркіндігін, парасатын көргендей боламыз.
Кезінде кеңес өкіметі жүргізген қатал саясаттың, отаршылдық жымысқы іс-әрекеттерінің себебінен қазақ халқы бірте-бірте тілінен, дінінен айырылып, халықтық сипатын жоғалта бастағаны да жасырын сыр емес. Осы кезде халқымыздың рухын бір көтеріп тастаған әрі батыр, әрі ақын ағамыз Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы болатын.
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген
Жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім күн тұтылып
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген...
...Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,
"Мен – қазақпын" дегенді айта тұрдым, –
деп жырлаған ақынның отты жырлары талайдың жүрегіне нұр құйып, азаттықтың ақ таңының жақындап қалғанын сездіргендей еді. Ұлы ақынның көрегендігі айнымай келіп, еліміз талай ғасыр бойы аңсаған тәуелсіздігін алды. Бүгінгі ұрпақ бар даусымен Жұбан ағаның үнімен:
Мен қазақпын, белдімін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім, –
деп еркін жырлауына жол ашылды.
Көптен күтіп қолымыз жеткен тәуелсіздігіміз баянды болып, кең пейілді қазақ жұртының бірлігі бұзылмасын деп тілейміз. Тәуелсіз қазақ мемлекетінің іргесі берік, бақ-дәулеті молайып, бабаларымыздың ұлы армандарын келер ұрпақ жүзеге асырар деп сенеміз!
ӘДЕБИЕТТЕР
-
«Айтыс», І том. – А.: Жазушы, 1965.
-
«Айтыс» ІІ том. – А.: Жазушы, 1965.
-
«Айтыс» ІІІ том. – А.: Жазушы, 1966.
-
Бөлтірік шешен. – А.: Ғылым, 1994.
-
Ж. Молдағалиев. Мен Қазақпын. – А.: Атамұра, 2007.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада айтыс жанрында көрінетін халықтың тәуелсіздік, еркіндік мұраты қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В статье говорится о подвигах казахских девушек в борьбе за независимость.
-
-
«ҚАМБАР БАТЫР» ЖЫРЫНДАҒЫ ӘДЕТ-ҒҰРЫП, САЛТ-ДӘСТҮРДІҢ КӨРІНІСІ
Мұхамбетова Г.Р. – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
(ШҚО, Көкпекті ауданы, Көкжота орта мектебі)
-
ХV-ХVІІ ғасырлардағы қазақтардың рухани өмірі біздің кезімізге дейін жеткен ертедегі халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы дәстүрлерін көрсетеді. Олар түгелдей алғанда сол кезде қазақтарда үстем болған патриархаттық-феодалдық қатынастарға негізделген. Қазақтардың көптеген әдет-ғұрпы олардың әдеттегі құқығының ертедегі нормаларымен байланысты болды, олардың негізі атақты қазақ хандары Қасым («Қасым ханның қасқа жолы») мен Есімнің («Есім ханның ескі жолы») құқықтық ережелерінде салынған болатын, ал ХVІІ ғасырдың аяғында, Тәуке хан билік құрған кезде қазақтың үш жүзінен шыққан көптеген қазақ билерінің, соның ішінде халық зердесінде қалған атақты Төле бидің, Қаз дауысты Қазыбек би мен Әйтеке бидің қатысуымен Тәуке ханның «Жеті жарғы» деп аталатын заңдары жүйеге түсіріліп, құрастырылды /1, 16/.
Қазақтың әдет-ғұрпы мен дәстүрлері көбінесе көшпелі малшылардың күнделікті шаруашылық қызметінде атқарылатын әр түрлі салт-жорасынан көрінеді. Мәселен, көктемде қыстаудан көшкенде қыстау мен малды отпен тазарту салты міндетті түрде сақталған. Бұл үшін қыстаудың маңынан екі жерден от жағып, барлық малды солардың арасынан айдап өткен, мұның өзі мұсылман дініне дейінгі от киесіне деген нанымға байланысты еді. Жазда қоныс аударған кезде әрбір ауыл көш керуенінің салтанатты безендірілуіне ерекше көңіл бөлген. Бұл үшін алдыңғы түйеге қырғауылдың ұзын қауырсынынан төрт басты қарқара орнатқан. Мұндай көш халық арасында «қарқаралы көш» деп аталады. Қарқаралы түйені ауылдың ең құрметті әйел немесе ең жас келіні жетекке алған. Халықтың түсінігі бойынша, қырғауылдың әдемі қауырсыны көзі түскендердің назарын өзіне аударып, көш керуеннің көз тиюден және жол-жөнекей әр түрлі қолайсыз жағдайлардан сақтайтын болған /2, 23/.
Сондай-ақ, «Қамбар батыр» жырында:
«Сусар бөрік басында,
Үстіне киіп құлпыдан.
Керей ұлы Келмембет
Сөйлес қылып келеді» /3, 436/, –
деп сырттан келген бөтен адам үй иесін баса-көктемей «Сөйлес», – деп дауыстап қонақ келгенін білдіріп, рұқсат сұрау ғұрпын бейнелеген.
Жыр басында астарлап сөйлей отырып қыз баланы айттырудың жоралғысын мына шумақтардан көруге болады:
«Саусағы алтын сұңқарға,
Ілдірейін деп келдім.
Көлдегі үйрек, қазыңды,
Алтайы қызыл түлкіңе,
Қосайын деп ойлап ем
Құмай жүйрік тазымды.
Тікбекке ақ үй сұраймын
Ел қонбаған сазыңды.
Бұйырып патшам жіберген,
Қайталмаймын бұл жерден
Іздеген жоғым табылмай» /3, 43/.
Халықтық әдет-ғұрып қазақтардың отбасы-неке қатынастарында сақталатын әр түрлі салт-жораларда мейлінше толық ашылды.
Қазақтар некенің әр алуан түрлерін білген, бірақ некенің ең көп тараған және негізгі түрі құда түсу және келінді қалың мал беріп алу жолымен үйлендіру болды. Құда түсу салтын жастардың ата-аналары немесе жасы үлкен туыстары жүзеге асыратын еді. Құда түсу туралы келіссөз жүргізуден бұрын күйеу баланың ата-аналары жорамалданып отырған құда түсер үйдің жақсылы-жаманды оң немесе теріс жақтарын дәлелдейтін барлық мән-жайларды біліп алатын. Осындай құпия «барлаудан» кейін ғана күйеудің әкесі ресми ұсыныс жасау үшін қыздың әкесіне өзінің сенім білдірген адамын «жаушы» етіп жіберетін. «Қамбар батыр» жырындағы осындай «жаушы» ретінде Келмембет жіберілген. Келмембет тағы сөйлейді:
«Сен сұрасаң Әзімбай
Айтайын келген жөнімді,
Арада жүрген жеңгемін
Киемін қымбат тоныңды,
Мәрт кісінің белгісі
Бітірсең тездеп сонымды;
Ешкім саған тие алмас
Ұстасаң менің қолымды;
Жаушы қып патшам жіберді...
...Бүгін саған мейманмын
Таңдап сой семіз қойыңды:
Құда түсіп, құйрық жеп
Қыламыз қызық ойынды...» /3, 438/, –
дейді.
Егер қыздың ата-анасы ұсынысты қабылдаса, күйеу жағынан құралдардың келу мерзімін белгілеп, жаушыға «шеге шапан» деп аталатын шапан жапқан. Сонан соң күйеудің әкесі белгіленген мерзімде құдалар жіберіп, олар қалың малдың көлемі туралы, жасау-жабдықтар туралы, қалың мал төлеудің алдын ала белгіленген мерзімдері және тойды өткізетін уақыттың өзі туралы ресми келіссөз жүргізген.
Құдалық туралы екі жақтың келісімі антпен бекітілген, бұл үшін құрбандыққа шалынған қойдың бауыздағандағы қанын ағаш тостағанға (аяққа) толтыра құйып, екі жақтың да бос құдасына апаратын, олар оған оң қолының саусақтарын малып, ал неғұрлым ерте кезде оған найзасының немесе жебесінің ұшын салып, сонымен бірге құдалық уағданы бұзбау туралы ант берген сөздер айтатын болған. Ант беру рәсімі жасалғаннан кейін ақсақалдар қан толтырылған тостағанға қарап отырып аят оқу арқылы уағдаластыққа бата берген, бұл қазақтарда «батаяқ» деп аталды. Осы жол-жораның құрметіне күйеу жағынан келген бас құда қалыңдыққа тарту-таралғаны және қалыңдыққа «қарғыбау» немесе «үкітағар» (ен салу) деп аталатын сыйлықты атаған, бұл сыйлық қыздың осыдан бастап айттырылғанын білдірген. Осыдан кейін уағдаласушы жақтар заңды құда деп саналып, оларға жаңа пісірілген құйрық май мен бауырдан арнаулы «құйрық-бауыр» деген тағам тартылған. Құдалардың оны бір-біріне асатуы екі жақтың туыстық қатынастарының ұзақ жылдарға орнатылғанын бейнеленген. Құдаларға аттанар алдында сый ретінде «киіт» кигізген /4, 2/.
Күйеудің әкесі келісілген қалың малдың негізгі бөлігін бергеннен кейін күйеу қалыңдыққа өзінің алғашқы ресми сапарын жасаған, ол «ұрын бару» деп аталады. Осы сапар кезінде болашақ ерлі-зайыптылар, әдетте бірінші рет кездесетін, сондықтан олардың бұдан кейінгі тағдырына ұрын барудың зор мәні болды, олар бірін-бірі біліп, ұнатып кетуі мүмкін еді. Кейде бұл кездесу тең емес некені болғызбай тастайтын. Демек, қазақтың «ұрын» термині түріктің ертедегі «urun» (тығылу, бауырына басу) деген сөзінен шыққан болуы мүмкін. Түріктің ертедегі «bagirsaqni bulza bagirqa urun» (егер ізгілік көрсең, қабыл ал) деген қазір де бар сөзі осындай жорамалдың растығын айқын дәлелдейді.
Күйеу мен қалыңдықтың ата-аналары алғашқы кездесуді өткізуге мұқият дайындалатын. Қалыңдықтың туған-туысқандарына алуан түрлі көп тарту-таралғы беріп, күйеуге тәжірибелі жігіт (күйеу жолдас) бастаған 5-6 адамнан тұратын қошеметшілері еріп барған. Күйеудің қасына ерген адамдары үшін қалыңдықтың жақын туысының үйінде келесі күні дәстүрлі «қыз қашар» кеші өткізілген. Кештің аяғына қарай қалыңдық құрбыларының қарсылығына қарамастан, жеңгелері оны арнайы отау үйіне апарады, онда алдын ала төсек салынып қойылады. Жас жеңгелер күйеуді сонда шақырады, ал басқа әйелдер күйеудің аяғының астына «бақан» (киіз үйдің шаңырағын көтеруге арналған сырғауыл тастап, оның алдынан «желі» (құлын байлайтын арқан) тартады. Халықтың нанымы бойынша, бұлар – қасиетті заттар, олардан аттап өтуге болмайды, ал бұл жағдайда одан ақы төлеп айналып өту керек. Сондықтан күйеу бола жеңгелерге ақы (кәде) төлейді де, олар күйеу баланың жолынан кедергіні алып тастайды. Бірақ бұндай көріністердің барлығы жырда онша көрінбейді, яғни Назым бұл әдеттерді орындайды. Назымның әдет-ғұрыпты бұзып еріксіз қалың малға сатылуға көнбейтін қыз екендігі «Тоқсан үйлі Тобыр» жырында өте айқын берілген. Мұнда ол өз әкесі Әзімбайға:
«Айғыр емен, ат емен
Жал-құйрығын сүзілтіп
Бауырыңа салғандай» /5, 94/, –
дейді.
Бұл жырда халықтың өлең-жырларында қолданылып келген дәстүр жаңа әдістермен толтырылған. Мұнда тұрмыс-салт өлеңдерінің дәстүрінде аңсап, арман ететін бой жеткен қыздың сипаттары да толықтырылады. Назымның өз басын толық бағалай білетіндігі, махаббатты жолында жан алмайтындығы, өзінің ішкі сезімін қорғау үшін батылдық пен нақты әрекет істей алатын қыз екендігі айтылады. Назым – ақ тұйғын, аққу, қоңыр үйрек, балапанын ерткен қоңыр қаз. Оның денесі аппақ қардай, екі беті қарға толған қандай, көзі құралайдың көзіндей. Осы сияқты сипаттардың нәтижесінде рухани тәрбиесі де, дене тәрбиесі де жан-жақты жетілген мінсіз адамның бейнесі көрінеді. Қамбарды Назым оның күшіне, ерлігіне қызығып сүйеді. Назым Қамбардан өзінің ойында арман етіп жүрген жігітінің сипатын, батырлығын көреді. Сондықтан да «Он екі баулы өзбекті» және «ноғайлы» елін қалмақ шабуылынан қорғайды деп сенеді.
«Бара жатқан Қамбарды
Назым сұлу көздеді.
Шын батырға кез келді.
...Соған ғашық болғаным
Қалмақтың берер деп едім
Жалғыз-ақ өзің жазасын» /5, 95/.
Қамбар мен Назым арасындағы ғашықтық және батырдың Назымға үйленуін баяндау олардың руының Махтым ханға қарсы күресімен байланыстырылып берілген. Назым Қамбарға деген адал махаббаты үшін күреседі. Ноғайлы елінің билері, «көп жылағанша бір қыз жыласын» деп Назымды Махтымға бермек болып, кесім шығарған кезде де ол өзінің бетінен қайтпайды.
«Тоқсан үйлі Тобырда» ХІХ ғасырдағы елдің тұрмыс жағдайлары кейіпкерлердің іс-әрекетін өзгертуге де әсер еткен. Мысалы, ұрыс қызған кезде сартылдап найза сынып, зуылдап садақтың оғы ұшып жатады, сонымен қатар күрсілдеп зеңбірек атылып, аспанға ракета ұшып жатады.
Сайып келгенде, ХІХ ғасырдағы ел тұрмысының бұл жырға тиген ең басты әсері: тұрмыстағы әлеуметтік қайшылықты ашып көрсету, кедейлердің жай-күйін жақсартудың қажеттігін сөз қылу және қалың малсыз үйлену мәселесін көтеру. «Тоқсан үйлі Тобыр» жырында ескіден келе жатқан дәстүрмен қатар көп жерлерде жаңалық араласып басқа батырлар жырының дәстүріне ұқсамай отырды. «Тоқсан үйлі Тобыр» жырында және Қамбар туралы басқа жырларда да ел қыдырып әулие іздеп молаға түнеп, аруаққа сиынып батыр бала сұрап жүрген қубас шал-кемпірлер жоқ. Және батырдың бала күніндегі ерлігін суреттеу, өзіне жылқыдан ат таңдап алу, сүйген қызына таласқан басқа жігітпен сынасып, садақтан оқ атысу, бәйгеде сынасу сияқты жырлардан кездесетін суреттеулер де жоқ. Жырдың басында сөз Назымның сұлулығы туралы болады. Одан кейін Назымның өжеттілігі, еріктілігі қалың тойда өзіне күйеу боларлық жігіт таңдағанда және Қамбарға алғашқы кездескен жерлерінде толық, өте айқын суреттелінеді. Назымда көзге түсерлік сипат көп. Оның міндетін алтын күймесі, киетін алтынмен әшекейленген қамқа тоны, беті-қолын жуатын алтын құманы бар. Оның алтын күймеге жегіп жүретін қос қара атының қамыт-доғасы да алтыннан, седелкесі күмістен жасалған, божысы жібектен есілген және басқа да бай дүние-мүлік бәрі оның әмірінде. Назым тек қымбат бағалы киімдермен денесінің кіршіксіз аппақтығымен, бетінің қызылдығымен, қасының қаламдай сызылып тұрғандығымен және әсем сұңқар бойымен ғана суреттелінбейді, сонымен қатар, Назым таза жүректі адамгершілік қасиеті мол тілекті адам. Оның ең басты қасиеті де осында.
Ал, Ә. Диваев нұсқасындағы «Қамбар батыр» жырында осы салт-дәстүр, әдет-ғұрып бойынша Әзімбайдың Назымға күйеу таңдату үшін істеген тойды толық суреттеу, Назымның қалмақтың ханымен сөйлескені, қалмақ ханы Қараманның құда түсуі, Қамбар мен Назымның арасындағы ішкі сезім көріністері мұнда жоқ. Дегенмен, Ә. Диваев вариантындағы «Қамбар батыр» жырының мына бір көрінісін айта кетсек:
«Қалмақ ханы Әзімбайдың ауылына құда түсуге екінші рет адамдарын жібереді. Әзімбай сасқанынан құдалыққа келген қалмақтарға сый-құрмет көрсетіп, қарсы алады да, Қамбарға астыртын кісі жібереді. Қамбардан хабар келгенше Әзімбай құдаларды «құрметтеп» Келмембеттің оң жағында отырады, құдалық салты бойынша сойылған қойдың етін бір топ жігіттер қонақтарға табақпен тартып жүреді, құдалардың иығына қымбат ішіктер жабады. Дегенмен тұрмыс-салтқа байланысты суреттеулер бұл вариантта аз кездеседі».
Ертедегі қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша отбасында қыз балаға 12-13 жасқа толғанда бойжеткен деп есептеліп, оны тұрмыс құруға бейімдейді. Қалыңдықты ерекше көз тартатындай бағалы киімдер кигізіп, ал асыл тасты бұйымдар қыздың ажарына көрік беретінін айтып өттік. Енді соны бұл жырда қалай суреттелгенін мына өлең жолдарынан көруге болады:
«...Алпыс сомдық әр кезі
Үстіне асыл кигізді,
Жорғадан жегіп қара көк
Күймелі арба мінгізді
Көзі түскен бенденің
Жүрегін оттай күйгізді».
* * * * *
«Тоғыз қабат торқадан
Қамзол киді қынама...»
* * * * *
«Қыз Назым шықты бұраңдап
Он сегіз толған жасына
Кәмшат бөрік келісіп,
Бриллиант қойды басына» /3, 420/.
Халықтың ауызша шығармашылығы мен адамдардың күнделікті өмірінде салт-жоралық және лирикалық өлеңдердің, ертегілердің, мақал-мәтелдердің рөлі зор. Әсіресе, салт-жора поэзиясы халық тұрмысының ажырасыз бөлігі еді, салт-жора мен әнсіз тұрмыс мүмкін емес болатын. Ол қарапайым қазақтың да, атақты қазақтың да өміріндегі барлық маңызды шаралар мен рәсімдерде (қуанышта да, қайғыда да) орындалып отырған.
ӘДЕБИЕТТЕР
-
Қазақстан тарихы. Ү томдық ІІ томы. – Алматы: Атамұра, 1998.
-
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы, 1994.
-
Қамбар батыр. Қазақ эпосы 1 кітап. – Алматы, 1957.
-
Садырбаев С. Қазақ халық ауыз әдебиеті. – Алматы, 1990.
-
Қамбар батыр. Жазушы. – Алматы, 1968.
ТҮЙІНДЕМЕ
Бұл мақалада «Қамбар батыр» жырындағы әдет-ғұрып, салт-дәстүр көрінісі қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В этой статье рассматриваются обычаи и традиции в эпосе «Камбар батыр».
И.В. ГЁТЕНІҢ «ФАУСТ» ТРАГЕДИЯСЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ ЖӘНЕ КОМПОЗИЦИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Ортаева Э.Қ. – оқытушы (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
Неміс халқының жалынды патриоты, Иоганн Вольфганг Гёте Германияда дүниеге келген. Ол әрі жазушы, әрі ақын, әрі драматург, әрі режиссёр болды. Оның өмір жазирасына көз жіберсек, өмірде ол араласпаған ғылымның саласы жоқтың қасы екендігін байқаймыз.
Оның ірі шығармасының бірі – «Фауст». Енді сол жөнінде қысқаша тоқталсақ. Ескі шірік дүниеге қарсы күрес, прогресс үшін, қарапайым адамның бостандығы мен бейбіт еңбегі, бақытты өмірі үшін күрес – міне, осыны арқау еткен ұлы ақын өзінің әлемге әйгілі бұл шығармасын 60 жылдай жазып, бүкіл саналы өмірін соған арнады.
«Фауст» өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап, күні бүгінге дейін дамылсыз дүние жүзі халықтарының тілдеріне аударылуда. Орыс тіліне «Фауст» 20-дан астам рет аударылды. Оны аударуға 44 автор қатысқан. Олардың ішінде В.А.Жуковскийдің, Н.А.Холодковскийдің және Б.Пастернактың аудармалары кең тараған. Бұл шығарманың орыс тіліндегі аудармасының өз тарихы бар десе де болғандай.
Адамзат баласының жарқын болашағына шексіз сенген ұлы ойшыл ақынның қаламынан туған осынау кемеңгер туындыны қазақ оқырман қауымына таныстырып, тұңғыш рет неміс тілінен қазақ тіліне аударған – Медеубай Құрманов болды.
«Фаусты» басқа бір тілге аударғанда оны бар қасиетімен мүлде толық жеткізіп беру қиын. Оның ішінде «Фаусты» қазақ тіліне аударудың өзіндік қиыншылықтары бар», – дейді М.Құрманов /1/.
М.Құрманов бұл трагедияны аударудың қиын екендігін былайша дәлелдейді:
Біріншіден, «Фауст» – ұзақ жазылған шығарма. Онда бүтін бір өмір, өзінің сан қилы қайшылықтарымен суреттеледі.
Екіншіден, қазір жалпы көркем аудармаға деген талап өте жоғары. Оқырмандар санасы әбден кемелденіп, бекіп-нығайғаны сонша, оларды құр ұлы есімдермен алдандыра алмайсың. Гётенің ұлы ақын екенін, «Фаустың» қандай шығарма екенін жұрттың бәрі біледі. Ал сол шығарманың ұлы екендігін аудармада дәлелдеп шығу, демек түпнұсқаға мейлінше жақын аудару оңайға соқпайды /1/.
И.В.Гётенің бұл шығармасы трагедия түрінде жазылған.
Трагедия жанры алғаш гректердің мәдениеті қалыптасып, сахналық өнері дами бастағанда пайда болып, сонан бері әр заманда, әр елде қанат жайып өркендеп келеді.
ХVІІІ-ХІХғ.ғ. И.В.Гёте осы жанрда көп еңбек еткендердің бірі болды.
И.В.Гётенің «Фауст» трагедиясы сахнаға арналып жазылғанымен пішіні мен көлемі жағынан кәдімгі драмалардан ерекшеленіп тұрады.
Бір жағынан «Фауст» трагедиясын драмалық поэма деуге де болады. Өйткені мұнда оқиға желісі ширақ өрістеп, кейіпкерлердің іс-әрекеті ерекше бейнеленген және трагедия легінде ой жүйесі өлең сөздің өрелі өрнегімен көзге түскен.
Сонымен қатар мұнда лириканың да нышаны байқалады. Яғни, ақын трагедияда кейіпкерлердің көңіл-күйін, жан-сезімін ерекше шеберлікпен суреттеген.
Демек, бұдан біз Гётенің трагедиясында жеке адамның ойлану-сезінуін терең көрсететін лирикалық тәсіл мен тұтас бір шиеленіскен уақиғаны баян ететін эпикалық жанрға тән көркемдік тәсілдің қабысып, ұштасып жатқандығын байқаймыз.
Сонымен қатар ақын трагедияда қоғамдық өмірдегі қайшылықты, әділетсіздік пен озбырлық сияқты жиренішті құбылыстарды өткір сынға алады. Ол феодалды монархтар, яғни бай-патшалар өздерін басқалардан ерекше көрсетеміз деп қанша қымбат әшекейлі киімдер кигенімен, олардың арам пиғылды ойларының сырын бұл әшекейлер жасыра алмайтынын келемеждеп айтады.
Осы сөзімізді дәлелдеу үшін мына бір үзіндіні мысалға келтіруге болады:
«...Надень парик с миллионом завитков
Повысь каблук на несколько вершков
Ты – это ты, не что иное» /2/.
Осы бір үзіндіні М.Құрманов былай аударады:
«Кім болсаң сен сол қалпыңда қаларсың,
Парик киіп, мейлің бұйра жалғап ал,
Біз өкшемен, сән киініп балға бар,
Бәрібір сен қаз-қалпыңда қаларсың» /3/.
«Фауст» трагедиясы шығарманың негізгі идеясын көрсететін «Көктегі прологпен» басталады. Пролог салтанатты гинмен ашылады. Осы гимннен кейін трагедияның басты персонаждарының бірі – Мефистофель пайда болады. «Мефистофель» ежелгі еврейлік сөздерден тұрады. «Мефиз» – бұзушы, «Тофель» – өтірікші деген мағынаны береді.
Трагедияның 1-ші бөлімінде ортағасырлық университеттер 4 факультеттен: Философиялық, Медициналық, Юристік және Діни факультеттерден тұрғандығы және онда Фаустың білім алғандығы жөнінде айтылады. Алайда Фауст өзі оқыған ғылымдармен қанағаттанбайды. Бұл ойын ол лирикалық монологтары арқылы жеткізеді. Оның монологтары қайғы-қасіретке толы екенін көреміз.
Трагедияның басты кейіпкердің бірі – Мефистофель «халыққа өз пайдамды тигіземін» деген үлкен мақсаты бар Фаустқа бөгет жасап, оны бұл жолдан тайдырмақ болады. Тіпті оның көңілін басқа жаққа аудару мақсатымен шайтанның асханасына апарып, оны жасартқызады және Маргаритамен ұшырастырады.
Бірақ, бұдан Мефистофель үнемі жаман жағымен әсер етеді деген ой тумау керек. Тіпті Мефистофельдің өзі Фаустың «Сен кімсің?» деген сұрағына:
«Часть силы той, что без числа
Творит добро, всему желая зла /2/»
Бөлшегімін қара күштің – адамды зар қақтырып,
Ойлайтыным – жаманшылық, істейтінім – жақсылық /3/» – деп жауап бергеніне қарап, бұл кейіпкердің жақсы да қасиеттері бар екендігіне көз жеткіземіз. Мефистофельдің өмірге деген, адамға деген көзқарасының күмәнді, кекесінді болуы Фаусты ойландырып, оны өмірмен күресуге, сонымен қатар тек алға жылжып, биікке көтерілуіне түрткі болады. Мефистофель өзінің студентпен әңгімелесуінің барысында «Фауст» трагедиясының басты идеясының бірі – сол кездегі ғылымның өзгеріссіз, дамусыз тұрғандығын жеткізеді.
Демек, бұдан шығатын қорытынды Гётенің көркемдік шеберлігі деп – оның трагедиясының негізгі мазмұнында сол кездегі осындай келеңсіз философиялық мәселелерді көтергендігінде деуге болады.
Трагедияның бірінші бөлімінің маңызды орнын Маргаританың басынан өткен оқиғалары алады. 14 жасқа енді толған Маргарита Фаустпен кездесіп, олардың арасында нәзік сезік сезім пайда болады. Маргаританы жолдың бойында кездестірген Фаустың:
«Сұлу бикеш, үнсіз қалай қалайын?
Рұқсат ет тек шығарып салайын!» – деген өтінішіне Маргаританың:
«Сұлу да емес, бикеш тағы емеспін,
Есіркемей қойса нетер мені ешкім /3/» – деп жауап қайтаруынан қыздың қарапайым отбасынан шыққандығын аңғаруға болады. Алайда тойлары болмай жатып қосылған екі ғашықтың махаббаты ұзаққа созылмайды. Қыздың Валентин деген ағасы қарындасының ары тапталғанына қатты намыстанып, Фаустпен жекпе-жек барысында қаза табады. Валентиннің өліміне қарындасы өзін кінәлайды. Маргарита босанғаннан кейін өз баласын өлтіріп, түрмеге түседі.
Осы образ арқылы Гёте сол кездегі алданып қалған қарапайым қыздардың осындай бақытсыз тағдырларын көрсетеді.
Трагедияның 1-ші бөлімі бәріне өзін кінәлі санаған Маргаританың қайғылы өлімімен аяқталады.
Трагедияның 2-ші бөлімі ХІХ ғасырда жазылған. Егер трагедияның 1-ші бөлімі 25 қойылымға бөлінсе, ал 2-ші бөлімі 5 акттан құралады.
Екінші бөлімнің бірінші актында Фауст Маргаританың өліміне өзін себепші санайды. Сонда Ариэль деген періште Фаусты уайымнан арылту үшін эльфаларды көмекке шақырады. Эльфалар – өмірдегі мәңгілік қуаныштың символы болып табылады. Бұдан кейін көрініс өзгере бастайды. Енді Гёте өзі өмір сүріп жатқан дәуірдің әлеуметтік мәселелерін талқылайды.
Келесі акттарда Фауст пен Мефистофель маскарад ұйымдастырып, өздері де грек мифологиясындағы персонаждар киімдерін киеді. Маскарад болып жатқанда өрт шығады. Осы арқылы Гёте сол кездегі француз төңкерісін көрсетеді.
Трагедияның 2-ші бөлімінде Фауст үлкен қала салып, халықты сонда қоныстандырады. Ұзақ жылдар бойы ақиқатты іздеген Фауст адамдардың тек еңбек арқылы өздерінің алға қойған мақсаттарына жететіндігіне көз жеткізеді.
Трагедияның соңы Фаустың өлімімен аяқталады.
Қорыта келе, «Фауст» трагедиясы сол дәуірдің ерекше шығармасы, жанрлық әрі құрылымы жағынан өзгеше туынды деп айта аламыз. Неміс әдебиетінде бұл шығарманың орны қашан да маңызды болып қала беретініне кәміл сенеміз.
ӘДЕБИЕТТЕР
-
М. Құрманов. Неміс поэзиясын аударудың кейбір мәселелері (Гёте, Шиллер, Гейне шығармаларының аудармалары негізінде) Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертация. – Алматы, 1971.
-
«Фауст». Перевод Б. Пастернака. – Москва, 1956.
-
М.Құрманов «Фауст». – Алматы, 1969.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада «Фауст» трагедиясының жанрлық және құрылымдық ерекшеліктері қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В данной статье рассматриваются жанровые и структурные особенности произведения И.В. Гёте «Фауст».
Достарыңызбен бөлісу: |