«Ойталқы» әдісі. «Лай суға май бітпес қой өткенге» деген өлеңдегі лай су деген не? Лайдың сумен араласуы физикада қалай аталады?
________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
Абайдың қарасөздері
Абай әйгілі қарасөздерінде шығарманың ажарына назар аударып қана қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Хакімнің гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойы дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас қазақ халқының философиялық тұжырымдамасын құрайды.
Абайдың қарасөздерін сыншылдық, ойшылдық, көбіне адамгершілік мәселесіне арналған өсиет деуге болады. Бәрінің жалпы түйіні – адам болу.
«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын», деп бастайды Бірінші қарасөзін. Одан кейін ақыры адамзат баласына керекті өмірлік азығын, адаспас бағдаршамын хатқа түсіріп, жазуды бастап кеткенін аңғарамыз. Оныншы қарасөзінде: «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?» деуі тегіннен-тегін емес. Шын мәнінде, дүниеге ұрпақ әкелу бар да, балаға жақсы тәлім-тәрбие беру бар. Абай айтқан «толық адам» етіп қалыптастыру – үлкен жауапкершілік. Бүгінгі таңда бала тәрбиесімен тікелей айналысатын педагогтерді алаңдатып отырған да осы мәселе.
Әлемге әйгілі педагог-ғалымдардың қаншама еңбегін ақтарып қарап, тәжірибеде қолдансақ та, ақырында ұлтымыздың кемеңгері, данышпан Абайдың қарасөздеріне келіп тоқтаймыз. Өйткені бүкіл адамзаттың болмысы, дүниеге адам болып келіп, адам болып өтуі, тірліктегі жаман-жақсы харекеттері, соқтықпалы-соқпақсыз өмірден адаспай, адам қалпында өтуі бастан-аяқ ақынның қырық бес қарасөзінде айтылған.
Ақын екінші қарасөзінде қазақтың кәсіппен шұғылдануы жөнінде айтады. Ноғай, татар, өзбек, орыс халықтарының еңбекқорлығын айта келіп, олардың сыртынан күлмей, керек дүниені үйреніп, адал жолмен мал табуды сөз етеді. Ақынның осы айтқанының бәрі біз өмір сүріп жатқан дәуірде іске асуда. Білімді жастар ғылыммен, бизнеспен, мал және егін шаруашылығымен айналысып, өнертапқыш ретінде танылып жатқаны – осыған дәлел.
Төртінші қарасөзінде «бір Аллаға сиынып, қайраттанып еңбек қыл, жақсымен жанаса жүр, үлгілі іс жаса» деп насихат айтады.
Бесінші қарасөзінде қазақтың орынсыз қолданған мақал-мәтелдерін сынап, не нәрсеге де сын көзбен, сыни оймен қарап, ішінен керегін алған жөн екенін ескертеді. Сонымен қатар мал табудың оңай жолы опа бермейтінін айта келіп, мал үшін өмір сүретіндерді мінеп-сынайды.
Он үшінші қарасөзінде иманы берік болу парыз дейді. Жастарды имандылыққа шақырады. Бүгінгі күнде Алланың бар, бір екенін мойындап, жүрегіне иман гүлін егіп, ислам дінінің ізгілігін ұғынған жастар көп болуы – ақын арманының іске асқан көрінісі.
Он бесінші қарасөзінде есті мен есер адамның айырмашылығын сөз етеді. Құмарлықтан бойын аулақ ұстаған жөн екенін айтады. «Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, біртүрлі мастық пайда болады екен. Әрбір мастық бойдан ағатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен», деп жазады. Кей жастардың құмар ойындарға әуестігі, ағзаны улайтын зиян нәрселерге құмарлығы – адам өмірін қиындататын, азғындауға әкелетін дүние. Абайдың осы мәселелерді өзі өмір сүрген дәуірде айтып кеткені даналық емей немене?!
Он сегізінші қарасөзінде адам баласы адам баласынан түбінде ақыл, білім, мінез, ар деген асыл қасиеттерімен озатынын айтты. XXI ғасыр – білім-ғылым ғасыры. Ақынның айтқаны дөп келіп отыр.
Он тоғызыншы қарасөзінде адам ата-анадан есті болып тумайтынын, естілердің айтқанын ескеріп жүргенде ғана есті болатынын айтады. Сондықтан көрген-білгенін ескеріп, ой елегіне салып, ақырын жүріп, анық басу керектігін ескертеді.
Отыз тоғызыншы қарасөзінде ел бірлігі, елдің ынтымағы сөз болады.
Қырық екінші сөзінде қазақтың жұмыссыздығы, әлеуметтік жағдайы сөз болады. Жатыпішер жалқаулықтың кеселі жұмыссыздыққа әкеліп тірейді. Қазір де бұл – өте өзекті мәселе. Елімізде жұмыссыздық көп, соның салдарынан ажырасу көбейіп, психологиялық күйзеліске түсу белең алып отыр.
Қырық төртінші қарасөзінде талапсыздық жайы айтылады. Ең жаман нәрсе – талапсыздық. Ақын осы мәселені: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой», деген өлеңі жолдарымен де астастырып береді.
Абайдың қарасөздерінің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Бастан өткерген, өмірден көрген-түйгенін хатқа түсірген дана Абайдың қарасөздері адам баласының дұрыс өмір сүрудегі бағдаршамы десек, артық айтқандық емес.
Достарыңызбен бөлісу: |