VIII. ТӨБЕКӨЗ
ДƏУДІ ӨЛТІРГЕН БИСАТ ТУРАЛЫ ЖЫР
Хан ием! Бір күні оғыздар бас қосып отырғанда, оларға жау тиіпті.
Қамсыз отырған ел түн ішінде бет-бетіне қаша жөнеліпті. Ел қашқанда
Аруз батырдың кішкене баласы қоржын басынан түсіп қалып, оны
арыстан емізіп асырайды. Жау кеткен соң, оғыздар бас құрап, қайтадан
қоныстарына орналасады. Бір күні Оғыз ханның жылқышысы өрістен
бір хабар əкелді. «Хан ием, қамыс ішінен бір арыстан пайда болып,
жылқыны құртатын болды. Өзі адам сияқтанып тік жүреді, жылқыны
көрсе, бас салып қанын сорады», – депті. Аруз тұрып: «Ол жау кел-
генде қоржыннан түсіп қалған менің балам болып жүрмесін», – депті.
Содан соң оғыздар аттарына мініп, арыстанның жатағына келіп, оны
қуып, ұстап алыпты. Аруз баланы үйіне апарып, ел қуанды. Ішім-
жемге келгенде алдына қойған тамақты қанша болса да бір-ақ асап,
жоқ қылды. Содан соң баяғы арыстанның жатағына кетті. Оны тағы
да ұстап алып, ауылға əкеледі. Сонда Қорқыт ата келіп, балаға ақыл
айтыпты: «Жеткіншегім, сен аң емес, адамсың ғой, аңға үйір бола
берме. Ортамызға кел де, келісті атқа мініп, батыр жігіттерге бас бол,
ерлік көрсет. Сенің атыңды мен Қиян Сейілхан елінен шыққан аңға
ұқсатып, Бисат қоямын. Бұл есімді берген мен. Өмір жасың ұзақ
болсын», – депті.
Бір күні оғыздар жазғы жайлауға көшіп еді. Аруздың Қоңыр оғыз
Қойшы деген малшысы болушы еді. Оғыз елінде одан озып жайлауға
қонатын адам болмаған. Сол жайлауда «Ұзын бұлақ» дейтін өзен бар
еді. Онда су перісі болатын. Бір күні сол бұлаққа келген қойлар үркіп
шықты. Қойшы қой алдында тұрған қошқарға қарап еді, оның үстінде
пері қыздары қанаттасып ұшып жүр екен. Қойшы перінің бірін ұстап
алды. Сұлу қызды көрген соң, көңілі кетіп, шекпенін төсеп, онымен
жақындасты. Қойлар үркіп, қаша жөнелді. Қойшы атына мініп, қашқан
қойлардың соңынан кетті. Пері қызы қанатын қағып ұшып кетті.
Ұшып бара жатып Қойшыға: «Бір жылдан кейін осында келіп, мендегі
аманатыңды ал. Оғыз еліне сен бүліншілік салатын болдың», – депті.
Бұл сөзден Қойшы шошынып қалды. Алайда ұзақ жыл бойында сол
қызды ойлап, жүзі сарғайып кетіп еді. Келер жылдың жазында оғыздар
тағы да жайлауға көшті. Қойшы баяғы бұлақ басына қойларын айдап
барса, олар тағы да үркіп, су ішпеді. Қой алдына шығып, бұлақ жағасына
барса, үсті-басы теңбіл-теңбіл айдаһар сияқты бірдеңе жатыр екен.
Теңбілдері жұлдыз болып, аспанға ұшып кетіп жатқандай болды. Сол
сəтте пері қызы ұшып келіп: «Мендегі аманатың осы, соны ал, бірақ
біліп қой, бұл бала оғыз елінің түбіне жетеді», – депті. Бұл домалақ
месті көргенде, Қойшы қорқып кетіп қалды. Бір айналып келіп, оны тас
ататын сақпанына салып алды. Ұрсаң, ісініп-кебініп, ұлғая береді екен.
Қойшы шошып оны далаға тастап кетті. Қойлары маңырап, қойшыдан
қалмады.
Сол кезде Баяндүр аңға шығып, өзінің бектерімен сол бұлақтың
басына келді. Келсе не басы, не аяғы жоқ, үрген местей бірдеңе жатыр.
Бектер аттарынан түсіп, əлгі кереметті ары-бері аударып көрді. Біреуі
аттарынан түсіп, əлгі кереметті ары-бері аударып көрді. Біреуі қам-
шымен тартып қалып еді, мес үлкейе түсті. Содан соң барлық жігіт
аттарынан түсіп, сабай бастады. Қамшы тиген сайын мес үлкейе берді,
үлкейе берді. Аруз аттан түсіп, месті теуіп қалып еді, ішінен денесі
адам сияқты бала шыға келді. Төбесінде жалғыз көзі бар екен. Аруз
оны көтеріп етегіне орап алып: «Хан ием, бұл балаңызды маған беріңіз.
Бисатпен бірге бағып тəрбиелейін», – деді. «Бала сенікі болсын», – деді
Баяндүр хан. Аруз Төбекөзді алдына алып, үйіне келді. Даяшы əйелді
шақыртып, аузын емшекке тигізді. Екі емшектің сүтін бір-бір тартқанда
сап қылды. Екіншілей сорғанда, емшектен қан шықты. Үшінші рет
сорғанда əйелдің жаны шықты. Бірнеше əйел келіп емізген еді, соның
бəрі де жан тапсырды. Емізу қауіпті болған соң баланы сүтпен асы-
райтын болды. Бір қазан сүт бір күнге жұқ болмайды. Сөйтіп жүріп
бала үлкейді, балалармен бірге ойнайтын болды. Балаларға қырғидай
тиіп, бірінің мұрнын, бірінің құлағын тістеп, жұлып алатын болды.
386
387
Ақырында бүкіл елі баладан түңіліп, Арузға арыз айтты. Аруз Төбекөзді
ұрып, талай рет жазалады, далаға шығармады. Бірақ мұның бəрін бала
құлаққа ілмеді. Бір күні туған анасы пері келіп, ұлының қолына бір
сиқырлы жүзік кигізіп: «Ұлым, осыны қолыңа салып жүрсең, атса – оқ,
шапса – қылыш батпайды», – депті.
Төбекөз ұзамай оғыз елінен кетіп, бір биік тауға барып орналасты.
Жол тосып өткен-кеткенді тонайтын болды. Таудан адам жеуші бір дəу
шығыпты дегенді есіткен соң, бірнеше рет көп адам жіберіп, өлтірмек
болды. Оқ атса – өтпейді, қылышпен шапса – батпайды. Денесіне
найза да дарымайды екен. Елдегі қойшыларды, ақсақ-тоқсақты жеп
бітіріп, ақырында оғыз ауылдарына келіп, адам алып кететін болды.
Оғыздар бас қосып, Төбекөз дəуге барды. Жиналып келген көп адамды
көргенде, дəу ашу көрсетіп, жерде өсіп тұрған бір теректі тамырымен
жұлып алып лақтырып еді, елу-алпыс адам мерт болды. Елдің бас
батыры Қазанды қолымен салып қалып еді, оның жаны көзіне көрінді.
Қазанның інісі – Қара Көне Төбекөз дəумен ұрысып көріп еді, күші
келмеді. Доңдаздың баласы Рүстем соғысамын деп, мерт болды. Елдің
ардақты батыры Ұшан оғыздың үш баласы бірдей Төбекөз дəу қолынан
өлді. Үстіне темір сауыт киіп соғысқан Мамақ та жан тапсырды. Бегдүр
руынан шыққан Əмен соғысып көріп еді, аузы-мұрны қан болып, зорға
қашып құтылды. Ақ сақалды Аруздың өзін де ұрып, қан құстырды. Қиян
Сейілхан батырдың қарны жарылып, ішегі салбырап қалды. Төбекөз
қашқан елдің алдын тосып, ешкімді жібермеді. Осылай оғыздар жеті
рет көшіп қашқан еді, Төбекөз оларды жеті рет қонысына қайта айдап
келді. Төбекөзге күші келмей əбден қажыған кезде, ел Қорқыт атаға
барып, ақыл сұрады. Оғыздар оған: «Төбекөзге барып келісіңіз, бізден
салық алатын болсын», – десті. Қорқыт Төбекөзге барып, сəлем берді:
«Ұлым, Төбекөз! Сенің салған ылаңдарыңа оғыз елі төтеп бере алатын
емес, олар күйреп сынды, мені өзіңе аяғыңа жығылып, мүддемізді
жеткіз деп жіберді. Біз саған салық төлеп тұратын болайық», – деді.
«Онда болса жейтін асыма күніне алпыс адамнан беріңдер», – деді
Төбекөз. Қорқыт ата оған: «Бұл түріңмен сен адам тұқымын құртасың
ғой. Біз саған күніне екі адам, бес жүз қойдан беретін болалық», – деді.
«Жарайды, онда маған малды сойып, тамақ пісіріп беретін екі адам
бересің, олар пісіруді, мен жеуді білетін болайын». Қорқыт оғыз еліне
келіп: «Төбекөзге тамақ пісіріп беру үшін Жоқлы мен Жапағлыны
жіберіңдер, жейтін тамағына күніне екі адам, бес жүз қойдан салық
төлейтін болдық», – деді. Бұған оғыздар мақұл болды. Төрт ұлы барлар
бір ұлын берді, үшеуі өзінде қалды. Үш ұлы барлар біреуін берді, екеуі
қалды. Екі ұлы бардың бірін алып, бірі өзінде қалды.
Қапық хан деген бар еді, екі ұлы болатын. Ол екі баласының бірін
беріп, бірі өзінде қалды. Бір күні кезек екінші ұлына келді. Баланың
анасы баласыз қалатын болған соң, ойбайлап жылай бастады. Бұл
кезде Аруз ұлы Бисат жау еліне жорық жасап кеткен еді, сол еліне
қайтып оралады. Кемпір: «Бисат келген болса, соған барып жайымды
айтайын, тұтқындап келген адамдарының бірін берсе, баламды аман
алып қалайын», – деді. Бисат өзінің алтын шатырында отырғанда
жылап келе жатқан кемпірді көрді. Кемпір Бисатқа кіріп сəлем берді де,
жылап сөйлей бастады: «О, Бисат, атқан оғың алақаныңа симаушы еді,
садақтарыңның оғы ешкі мүйізінен істелуші еді, атағың ішкі оғызға да,
сыртқы оғызға да мəлім Аруздың баласы едің. «О, хан туған Бисат, маған
жəрдем көрсет», – деді. «Саған қандай жəрдем керек?» – деп сұрады
Бисат. «Дүниенің бəрі жалған екен, ел ішінен адам жеуші бір жалмауыз
шығып, оғыздарды жайлауға көшірмей қойды. Қайыспас қара болат
дегенің оған түк болмайды, оған бір тал шашы да құритын емес. Найза
дегенің қурай құрам болмады. Қайың оқ дегенің қауылдырық болды. Ол
батырлардың басы Қазанды сабады. Інісі Қара Көненің де оған шамасы
келмеді. Бегдүр елінен шыққан Əменнің сақал-мұртын қан қылды,
əкең Арузды ұрғанда қан құстырды. Жекпе-жекке шыққан өз ағаң
Қиян Сейілхан батырдың қарнын жарып тастады. Ол сол жерде жанын
берді. Оғыз бектерінің қолына түскенін өлтірді, түспегенін қорқытты.
Жалмауыз елді қонысынан жеті рет қуып шығып, жеті рет айдап əкелді.
Елге ауыр салық салды. Салығы күніне екі адам, бес жүз қой. Жоқлы
мен Жапағлы оған қызметші болды. Төрт ұлы бардың бірін алып, үшеуі
өзінде қалды. Үш ұлы барлар бір баласын беріп, екеуі өзінде қалды. Екі
ұлы бардың біреуін алды. Менің екі ұлым бар еді, бірін алып, біреуі
қалған еді. Енді сол екінші ұлыма да кезек келіп отыр. Оны да алмақ.
О, хан Бисат, осы қайғыма бір ем тап, көмек бер», – деді кемпір. Өлген
ағасының жайын естігенде, Бисаттың қара көзіне жас келді де, қабынып
сөйлей бастады. Тыңда, хан ием, ол не деген екен: «Елге зор қыспақ
түскен екен, зорлықшыл дəу асыл ағамның қара жерге тіккен шатырын
жыққан екен! Сенің үйірлі жүйрік жылқыларыңды, келелі түйеңді
құртпақ болған екен, ағам! Зорлықшыл сенің тісіңе тиер қойларыңды
жеп тауыспақ болған екен, ағам! Қиянатшыл дəу сені елден қалап алған
сүйген жарыңнан ажыратқан екен, ағам! Анам ақ жүзіне жара салып,
аңырап қалған екен, ағам! Асқар тауым едің, ағам! Дəу біздің берекеміз-
ді алған екен, ағам! Тасып аққан өзенім едің, ағам! Аузыма суат, бойыма
қуат болған ағам! Екі көзімнің шырағындай болған ағам! Сол ағамнан
айырылыппын ғой, сорлы басым», – деп, Бисат жылап, көп қайғырды.
Содан соң кемпірге алып келген көп тұтқынның біреуін беріп: «Осыны
балаңның орнына берерсің», – деді. Кемпір тұтқынды алып келіп,
баласының бодауына өткізді. Сонымен бірге Арузға оның баласының
жаудан қайтқан қуанышты хабарын жеткізіп: «Ұлың келді», – деді оған.
Аруз бұл хабарға қатты қуанды. Оғыз елінің барлық бектерін қасына
алып, Бисаттың алдынан шықты. Бисат аттан түсіп, əкесінің қолын
сүйді. Барлығы бас қосып, ботадай боздап жыласты. Бисат анасының
үйіне келді. Анасы үйден шығып, баласын құшты. Бисат анасының
қолынан сүйді, жұрт тағы да жыласып алды.
Оғыз бектері жиналып, ішіп-жеп жатты. Бисат тұрып: «Бектер,
ағамның кегі үшін Төбекөзбен дос болсам деймін. Бұған не айта-
388
389
сыңдар?» – деді. Қазан елдің бəрінен бұрын сөйледі. Ол не деген екен,
соны тыңдалық, хан ием: «Менімен соғысқанда Төбекөз қараңғы
үңгірден күндей күркіреп шықты. Мен тəңірге сиынып сайыстым, бірақ
ала алмадым, Бисат. Төбекөз қап-қара жолбарыс сияқтанып ақырып
шыққанда, мен Қаратау аңғарында шауып жүріп соғыстым, бірақ ала
алмадым, Бисат. Төбекөздің айбат шегіп келісі арыстанға ұқсас болды.
Мен қамысты аралай шаптым, бірақ күшім келмеді, Бисат! Қаншама
батырмын, бекпін десең де, сен менімен теңеле алмайсың, Бисат! Оған
барсаң ақ сақалды əкеңді, ақ шашты анаңды зарлатасың»,– деді Қазан.
Бисат оған: «Бармасыма шарам жоқ», – деді. «Оны өзің білерсің»,– деді
Қазан. Бисаттың əкесі жылап келіп: «Оған барып əуре болма, шаңырағың
иесіз қалады, қарт əкеңнің тілегін бер», – деді. «Жоқ, қарт əкем, мен
бармасам болмайды», – деді Бисат. Ол шекпеніне ораған бір уыс
садақ жебелерін белбеуіне қыстырып, беліне қылыш асынып, иығына
найзасын ілді, етіктерін киіп, əкесінің қолынан сүйді де, шешесімен
қоштасып: «Көріскенше аман болыңдар»,– деп тауға тартты.
Бисат тау үңгіріне келсе, баяғы екі аспаз кəуəп пісіріп жатыр екен.
Төбекөз арқасын күн көзіне қақтап жатқан еді. Бисат белбеуіндегі бір
жебесін алды да, оның бүйірін көздеп атты. Жай оның етіне дарымай,
қақ бөлінді. Екінші оғын атып еді, о да сынды. Төбекөз əлгі екі шалға:
«Бұл жердің масасы тынышсыз екен», – деді. Бисат үшінші оғын атып
еді, о да етіне дарымай қақ бөлінді. Оқтың бір сынығы Төбекөздің
алдына түскен еді, ол орнынан тұрып Бисатты көрді де, қолын шапаттап
қарқ-қарқ күлді. Дəу екі шалға қарап: «Бізге оғыздар тағы бір тəтті
тағам жіберіпті», – деді де, Бисатты қуып ұстап алып, үңгірге көтеріп
əкелді де, бір етігінің қонышына тығып қойды. «Ей, екі шал, түстікке
осының етінен кəуəп пісіріп берерсіңдер», – деді Төбекөз. Сөйтті де
ұйқысына басты. Бисаттың қалтасында қанжары бар еді, етіктің
қонышын тіліп, сыртқа шықты. Аспаздарға келіп: «Бұл дəуді қалайша
өлтіруге болады?» – деп сұрады. Олар: «Оны білмедік. Бірақ оның
көзінен басқа жерінде ет жоқ»,– деді. Бисат Төбекөздің бас жағынан
келді де, кірпігін көтеріп көріп еді, көзінің айналасында ғана жұмсақ ет
бар екен. Сонда Бисат: «Екі шал, мына пышақты отқа салып қызды-
рыңдар», – деді. Шалдар пышақты отқа салып қыздырды. Бисат қызған
пышақты қолына алып, тəңірге сиынып, Төбекөздің көзіне тығып
жіберді. Көзі ағып түсті. Төбекөз ойбайлап жылағанда, тау мен тас
бірдей жаңғырды. Бисат ытқып кетті де, үңгірдегі қойлардың арасына
кіріп кетті. Бисаттың үңгірде екенін біліп, Төбекөз үңгірдің аузына
талтайып отырып алды да: «Серке бастаған қойларым, алдымнан бір-
бірлеп өте беріңдер!» – деді. Ол алдынан өтіп жатқан қойларды басынан
ұстап бір-бірлеп көтеріп жіберіп жатты. «Менің сойып жейтін қоша-
қандарым, өте бер», – деп қояды. Бір қошқар аяғын жоғары көте ріп,
керіледі, сол қойды Бисат жықты да, терісін іремей сойып алып, оның
аяғы мен құйрығын теріден алмады. Қойдың басын қолына ұстап,
терісін жамылып алды. Бисат қой болып, Төбекөздің алдынан өте берді.
Төбекөз де осы терідегі Бисат болар деп ойлаған еді. Сонда Төбекөз:
«Сен байлығымның басы болған қой едің, менің неден өлетінімді
білетін сен боларсың, мойныңнан ұстап алып үңгірдің тасына ұрсам,
құйрық майың тасқа жабысып қалар», – деді. Сол кезде Бисат оның
қолына қойдың басын ұстата берді. Төбекөз оның мүйізінен ұстап
көтере берді, оның қолында мүйіз бен бас қана қалған еді. Бисат
Төбекөздің үстінен аттап өтіп, сыртқы шықты. Төбекөз болса, қойдың
мүйізінен ұстап, жерге соқты. Сөйтті де ол: «Ал, жігітім, құтылып
көр!» – деді. Сыртта тұрған Бисат: «Мені тəңірінің өзі сақтасын», –
деді. Бұдан соң ол: «Ей, бала, менің қолымдағы жүзікті алып, қолыңа
сал. Сонда сен атса – оқ, шапса – қылыш өтпейтін адам боласың», –
деді. Бисат жүзікті алып, қолына салды. Төбекөз Бисатқа: «Жүзікті
алып, қолыңа салып алдың ба?» – деді. «Салып алдым», – деді Бисат.
Сол кезде ол Бисатты қуа жөнеліп қанжар салып көрді. Бисат жалтарып
қаша берді. Бір кезде қараса, қолындағы жүзігі жерге түсіп, Төбекөздің
аяғының астында қалған екен. Дəу оған: «Менен құтылатын түрің бар
ма?» – деді. Бисат: «Мені тəңірі құтқарсын», – деді. Дəу оған: «Алдың-
дағы күмбезді көрдің бе?» – деді. Ол: «Көрдім», – деді. «Ендеше, соның
ішінде менің қазынам бар, анау шалдар алып қоймас үшін соның
есігіне құлып сал», – деді Төбекөз. Бисат күмбезге кірсе, іші толған
алтын-күміс екен. Алтынды көргенде есі шығып кетті. Төбекөз күм-
бездің есігін басып тұрып: «Ей, Бисат, күмбезге кірдің бе?» – деді.
«Кірдім», – деді ол. «Кірген болсаң, қазір мен сол күмбезді ұрып
құлатамын, сен кесектің астында қалып өлесің», – деді дəу. Бисат
қорқып кетіп, мінажат қылды: «Ей, тəңірім, өзіңнен басқа сенерім
жоқ», – деді. Сол сəтте күмбездің дуалы жарылып, жеті жерден тесік
пайда болды. Бисат сол тесіктің бірінен далаға шығып кетті. Төбекөз
күмбезге қолын тығып, көтеріп қалғанда, ол быт-шыт болып күйреп
түсті. Содан соң Төбекөз: «Ей, бала, құтылдың ба?» – деді. Бисат тағы
дауыс беріп: «Мені тəңірі құтқарсын», – деді. Сонда Төбекөз: «Саған
ажал жоқ екен, үңгірді көресің бе?» – деді. «Көріп тұрмын», – деді
Бисат. «Ендеше сонда бірі қынды, бірі қынсыз екі түрлі қылыш ілулі
тұр. Менің басымды тек қынсыз қылышпен ғана кесуге болады», – деді
Төбекөз. Бисат үңгірге барса, қынсыз қылыш жоғары-төмен түсіп, өз-
өзінен қимылдап тұрады екен. Бисат: «Бұл қылыштың сиқырын білмей
жатып, жақындауға болмас»,– деп ойлады. Əлгі қылышқа өз қылышын
тигізіп көріп еді, онысы ортасынан қақ бөлінді. Даладан бір жуан терек
əкеліп тигізіп көріп еді, қылыш оны да екі бөліп кесіп түсті. Бисат
садағын қолына алып, қылыштың ілініп тұрған сабағын көздеп атып
еді, шынжыры үзіліп, ол жерге түсті де, қара жерге шым батып, жоқ
болды. Өз қылышын сиқырлы қылыштың жанындағы қынабына
салып, сабынан мықтап ұстап Төбекөз дəуге келді. «Жайың қалай,
Төбекөз?» – деді оған. Төбекөз: «Бала, сен əлі де тірі ме едің?» – деді.
Бисат: «Тəңірі жарылқаған адамға ажал жоқ», – деді. «Саған ажал жоқ
екен», – деді Төбекөз. Содан соң ол даусын шығарып сөйлей бастады.
390
391
Тыңдап көрелік, ол не деген екен: «О, жалғыз көзім, аяулы көзім! Сол
жалғыз көзім барда, оғыз елін бір уыс етіп едім. Бала, сен мені сол
жалғыз көзімнен айырдың. Енді жаратқан менің жанымды ала берсін.
Менің көз ауруымды жаратқан ешбір пенденің басына бермесін», – деп
жылады. Бұдан ары ол: «Сенің тұрған жерің мен еліңнің аты-жөнін не
дейміз? Түн ішінде адассаң, адамның құбыласы не болмақ? Қолындағы
туын берік ұстаған ханыңның аты кім? Соғыс болса, ел бастайтын
батырларыңның аты кім? Анаңның аты кім? Ақ сақалды атаңның аты
кім? Батыр жігітке өзінің ата-анасының атын жасыру айып, өз атың
кім, жігіт, оны да айт!» – деді Төбекөз. Бисат сөйлей кетті. Ол не айтқан
екен, хан ием, тыңдап көрелік: «Менің келген жерімді де, кеткен
жерімді де Күн ортасы деп атайды. Қараңғы түнде адассам, құбылам
тəңірі болады. Қолынан туын түсіріп көрмеген ханымыздың аты
Баяндүр. Соғыс майданында ерлік көрсететін батырларымыздың
басы – Салорұлы Қазан. Анамның атын сұрасаң – қатты ағаш. Əкемнің
атын сұрасаң – қаһарлы арыстан, өз атым – Аруз ұлы Бисат», – деді.
Төбекөз: «Онда екеуіміз туысқан екенбіз, мені өлтіре көрме», – деді.
Сонда Бисат тұрып: «Тексіз туған ит, сен менің ақ сақалды əкемді
жылаттың, шашына ақ кірген анамды зарлаттың. Менің асыл ағам
Қиянды өлтірдің, оның ай жүзді əйелі жесір қалды. Сен оның жас
балаларын жетім еттің. Мен сені өлтірмей, қалай тірі қалдырармын?
Қайыспас қара болатпен басыңды алмай, Каф қаласынан алдырған
қыналы бөркіңді жерге түсірмей, қызыл қаныңды жерге сорғалатып,
Қиян ағамның қаны үшін сенің де қаныңды төгіп кек алмай, мен
тынбаймын», – деді Бисат. Төбекөз өз айыбын мойындады: «Көз ашып
аяғымды басқалы менің жамандыққа бас болғаным рас. Оғыз еліне жау
болғаным рас. Мен олардың тұқымын құртып, қайтып жарық дүниеде
өмір сүрместей етпекші едім. Оғыздардың етін жеп, тойғаным рас.
Оғыз бектерінің бас қосып, маған өшігіп алатынын да білгенмін. Сол
үшін елден кетіп, тау үңгіріне бардым да, адам етін кəуəп қылып жедім.
Оны өздеріне пісірттім. Оларға сақпаннан тас атып, қырдым. Сол
тастар өз басыма түссе, мен де сау қалмас едім. О, батыр жігіт, сен мені
жарық көретін жалғыз көзімнен айырдың. Енді тəтті жаныммен қош
айтыссам керек», – деді Төбекөз. Бұдан ары ол: «Мен талай-талай ақ
сақалды шалдардың баласын жеп, өздерін ботадай боздаттым.
Солардың көз жасы мен қарғысынан мен көрер көзімнен айрылдым.
Ақ шашты аналардың баласын алып, өздерін зар жылаттым, солардың
көз жасы менің көзіме бəле болып жабысты. Мен беті бүйректей талай
жігіттің етін жедім. Солардың қыршын жасы менің көзіме қарғыс
болып тиді. Мен тырнақтарын қыналап тастаған талай қыздың етін
жеп, өздерін құштым, сол жауыздығым алдымнан шығып, көзімнен
айрылдым. Көзімдегі жараның орны солқылдап ауырады, оны тағдыр
еш адамның басына бермесін. О, көр болғыр көзім, жалғыз көзім», –
деп жылады Төбекөз дəу. Бисаттың кектері қайнап кетті. Ол орнынан
тұрып, Төбекөзді түйеше шөгеріп, етпетінен жатқызды. Дəудің өз
қылышымен оның басын кесіп тастады. Найзасының ұшымен тасты
қашап тесік жасады, сөйтіп мүрдесін үңгірден сүйреп шығарып, далаға
тастады. Жоқлы оғыз бен Жапағлы оғызды сүйінші сұрау үшін еліне
жіберді. Олар ақсұр аттарына мініп, елге қарай шауып кетті. Төбекөз
дəудің өлгенін барлық оғыз тайпасы білді. Олар аттарына мініп, ат
жақты Аруз батырдың үйіне келді. Бисаттың əкесіне қуанышты хабарды
жеткізіп: «Қадамы құтты болсын, балаң Төбекөз дəуді өлтіріпті», –
десті. Оғыздардың барлық бектері елін соңына ертіп, манағы үңгірге
келді. Кəуəп пісірген ошаққа Төбекөздің басын тастады.
Қорқыт ата келіп, күй шертіп, жыр айтып, Бисат ерлігін жырлапты.
Заман-ай, сол ерлерден де өтті-ау өмір! «Қаратаудың басына шығар
болсаңдар, қанаттарың талмасын, өзен суы қанға толса, одан да
жүзіп өте біліңдер. О, батыр туған Бисат, сен ерлік көрсетіп, өлген
ағаңның қаны үшін қан алдың. Бүкіл оғыз елін апаттан құтқардың.
Құдай сенің жүзіңді жарық қылсын», – деп батасын беріпті Қорқыт
атамыз.
Ажал сағаты соғып, ашық көзің жұмылғанша, сені құдай өз дініңнен
айырмасын, құдайдың елшісі Мұхамедтің аруағы үшін Алла ол дүниеде
күнəңді жеңіл етсін, хан ием!
Достарыңызбен бөлісу: |