«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары


IX. БЕКІЛ ҰЛЫ ƏМРАН БАТЫР ТУРАЛЫ ЖЫР



Pdf көрінісі
бет65/134
Дата30.05.2023
өлшемі2.89 Mb.
#474470
түріБағдарламасы
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   134
АДЕБИ ЖАДИГЕРЛЕР 1 том

IX. БЕКІЛ ҰЛЫ ƏМРАН БАТЫР ТУРАЛЫ ЖЫР
Бір күні Қам-Ғанұлы Əмран орнынан тұрып, өзінің төбесі көкке 
жеткен сүттей аппақ шатырларын қара жерге тіктірді, оған мың жерден 
жібек кілемдер төсетті. Ішкі оғыздар мен сыртқы оғыздардың бектерін 
жинатты. Грузияның тоғыз түмен елінен алым-салыққа бір ат, бір 
қылыш, бір шоқпар келіпті. Бұған Баяндүр хан назырқанып қалды. 
Қорқыт атам келіп, қуаныш жырын айтып: «Хан ием, түскен дүниеге 
не үшін ренжіп қалдыңыз?» – деп сұрақ қойды. «Қалай ренжімессің? 
Əрбір жылы олар қырауар алтын-күміс əкелуші еді. Соны бектер мен 
батырларға бөліп беріп, көңілдерін риза қылушы едім. Енді мынау үш 
бұйымды қайсысына жеткізермін?» – деді Баяндүр хан. Қорқыт ата 
оған: «Хан ием, бұл үш түрлі бұйымды бір жігітке беріп, соны оғыз 
елінің шекарасын қорғауға бас қылалық»,– деді. «Сонда оны кімге 
береміз?» – деді Баяндүр хан. Оң-солына үңіліп қарап еді, оны аламын 
деген талапкер шыға қоймады. Бекіл деген батыр жігіт бар еді, хан 
соған қарап: «Бұған сен не дейсің?» – деді. Бекіл бұл бұйымдарды 
алуға ризалық білдірді. Орнынан тұрып жерді сүйді де, беліне əлгі 
қылышты байлап алды. Қорқыт ата оған бата берді. Шоқпарды 
арқасына салып, қарына садағын ілді, жүйрік айғырын алдырып, соған 
мініп алды. Өзінің жақындарын, ел-жұртын тастап, үйін жыққызып 
оғыз елінен көшіп, Барда, Гянже қалалары шегіне келіп қонды. Сол 
жерді мекендеп, Грузияның тоғыз түмен елінен салық жинайтын 
болды. Сөйтіп шекара сақшысы қызметін атқарды. Жат елден шекараға 


 392
393
гəуір келсе, оны өлтіріп, басын оғыз еліне жіберіп тұрды. Жылына бір 
рет Баяндүр хан ордасына келіп, қонақ болып қайтушы еді. Бір күні 
оған Баяндүр ханнан асығыс түрде шақыртқан хабар келді. Арнайы 
шақырушы жұмсап: «Тез келсін»,– депті. Бекіл Баяндүр ханға келіп, 
көп-көп тарту-таралғы əкелді. Баяндүр хан да оны жақсылап сыйлады. 
Астына мінетін жүйрік берді, үстіне қымбат бағалы шекпен жапты, 
қоржындап ақша берді. Бекілді хан үш күндей қонақ етті. Үш күндей 
оғыз бектері оны марапаттады. Хан өзінің бектерін алып, аңға шықпақ 
болды. Аңға шығарда біреу атын, біреу қылышын, біреу садақ тарту, 
жамбы атудағы өнерін мақтасты. Қазан-Салор өзін, атын мақтап əлек 
болмады, тек бектердің ерлігін марапаттады. Оғыздардың 386 батыры 
аңға шықты. Бəрі де атқан аңдарын жинаумен əлек болып жүргенде, 
Бекіл садақ тартып, бірде-бір аң атпады. Тек басқалардың атқан 
аңдарына бұрын жетіп, садағының адырнасын аңның мойнына іліп, 
қағып ала берді. Атылған аң арық болса, құлағын тесіп белгі салды 
да: «Бектер мұның мен атқан аң екенін білсін»,– деді. Семіз болса, 
сойып алды. Бектер аң атып жүріп, құлағы тесілген аңға кезіксе, бұл 
Бекілдің шанышқан аңы екен – деп тимеді. Қазан бек бұған таң қалып: 
«Бұл аттың өнері ме, батырдың өнері ме?» – деп сұрады. Бектер: «Ол 
аңшының өнері»,– десті. Хан болса: «Жоқ, ат жүйрік болмаса, аңшы 
түк істей алмайды. Бұл аттың өнері»,– депті. Бекілге бұл сөз ұнамай 
қалған еді. Ол ханға: «Алыптар ішінде бір адамды сіз бөле-жара 
балшыққа батырдыңыз ғой»,– деп, ашуланып қалды да, оның берген 
алтындарын шашып жіберіп, диуаннан шықты. Атын алдырып, өзінің 
көзайым жігіттерімен ауылына қайтты. Алдынан балалары, жүзі 
жарық əйелі шығып еді, оларға жылы шырай білдірмеді. Əйелі ерінің 
түсінен қорқып қалып, сөйлей бастады. Ол не деген екен, хан ием, 
тыңдап көріңіз: «О, ақ ордамның егесі, алтын тəжім болған бек жігіт, 
сен менің көзімді ашқалы көрген шырағым едің, сенен басқаны сүйіп 
көргенім жоқ еді. Таңертең орныңнан тұрдың, қасыңа көздері жайнаған 
жігіттеріңді ертіп алдың. Алдыңа бір, артыңа бір қарандың да, атыңа 
мініп түнделетіп таудан астың. Екі көзің артыңда болып, суы шалқып 
аққан өзеннен өттің. Екі көзің артыңда болып, иман жүзді Баяндүр 
ханның диуанына кірдің. Бектермен бас қосып, ішіп-жедің. Əлде олар 
басымыз түгел деп, өзді-өзі сөйлесіп, олардың сөздерінен жеріндің бе? 
Хан ием, астыңдағы атың қайда? Атсыз келіпсің. Басыңа киген алтын 
дулығаңды да көре алмай тұрмын. Балаларыңның бетінен сүйіп, сұлу 
əйеліңмен тілдеспедің. Не болған саған?» – деді əйелі. Бекіл сонда ғана 
тілге келді. Тыңдалық, хан ием, ол не деген екен: «Орнымнан тұрып, 
қара жал айғырыма міндім. Биік-биік таулардан астым, суы шалқыған 
өзендерден өттім. Тынбай жүріп, ақ дидарлы Баяндүр ханның ордасына 
жеттім. Көзайым бектермен бас қосып ішіп-жеп, сайран құрдым. Бірақ 
адамның бағасы өзінің туған жерінде болады екен. Олар маған өз 
халқының ортасында отырғандығын көрсетті, менсінбеді. Хан бізден 
суынып кетіпті. Біз өз тайпамыз бен халқымызды алып Грузияның 
тоғыз түмен еліне көшсек деймін. Оғыздарға қарсы бүлік шығарсам 
деймін. Бұған не айтар едің?» – деді Бекіл. Əйелі тұрып: «О, жігітім, о, 
бек жігіт! Патша тəңірінің көлеңкесі деп еді. Кімде-кім өз патшасына 
қарсы қол көтерсе, оның тілегі қабыл болмайды, ісі қырсығады. 
Көңіліңе өкпе, наз орналасқан болса, шарап ішсең кетеді. Өзің елден 
кеткелі самаладай болып көрінген мына таулардың аңы ауланған емес. 
Аңға шығып, көңіліңді көтеріп кел», – депті.
Əйелінің ақылы мен сөзін Бекіл ұнатты. Ол өзінің Кавказ атын 
алдырып мінді де, аңға шықты. Аңда жүргенде алдынан бір ақсақ марал 
қашты. Өзі маралдың еркегі екен. Бекіл соны қуа жөнелді. Бір биіктің 
басына барғанда оған жетіп, мойнына садағының адырнасын салды 
да, атының шылауына ие бола алмай, өзі де, аты да ойға құлап кетті. 
Тасқа түсіп, аяғы сынды. Аяғы ауыра бастаған соң ол қайғырып, жылай 
бастады: «Балам жас еді, аға-інім жоқ еді», – деп қамықты. Садағының 
шыбықтарын алып, кемер белбеуімен аяғын таңды, шекпенін жыртып, 
жамбасына орады. Бар күшін жинап, атының жалына жабысты. Басқа 
аңшылардан көз жазып қалған еді. Сəлдесін алып мойнына орап, 
ордасына келді. Бекілдің Əмран Бахадүр деген баласы бар еді, ол 
əкесінің алдынан шықты. Əкесінің түсі сарғайып, сəлдесі түсіп кеткен 
екен. Бала одан: «Серіктерің қайда?» – деп сұрай бастады. Не деген екен 
баласы, тыңдап көрелік, хан ием: «Əкем, сен орныңнан тұрып, түзге 
шықтың. Кавказ жылқысы қара жал айғырыңа міндің де, Алатауға кіріп, 
аң ауладың. Аңда жүргенде қара камзол киген гəуірлерге кез болдың 
ба? Өз аузың, өз тіліңмен жай-жапсарыңды білдірші. Қара басым сенің 
жолыңа құрбан болсын, əке», – деді баласы. Бекіл өзінің жайын айтты. 
Тыңдап көрелік, ол не деген екен: «О, ұлым, балам, орнымнан тұрып 
Қаратауға барып, аң ауладым. Қара шекпен киген гəуірді көргенім жоқ, 
жігіттерімді жауға бергенім жоқ. Олардың бəрі де аман-сау, олардан 
қамсыз бол, ұлым. Аңшылардан қалып қойғаныма үш күн болды. Мені 
аттан көтеріп ал да, балам, төсек салғыз», – деді əкесі. Арыстанның 
баласы да арыстан болады. Баласы əкесін аттан көтеріп алып, үйіне 
апарды. Төсегіне салып ішігін жапты да, орданың қақпасын бекітті. 
Сол кезде оның аңда жүрген жігіттері де ауылдарына қайтып келді.
Бес күнге дейін Бекіл диуанға бармады, аяғының сынғанын ешкімге 
айтпады. Бір күні сынған аяғы қатты ауырып, Бекіл төсекте жата 
алмады. Аһлап-үһлеп жанын қоярға жер таппады. Əйелі оған: «О, 
бегім, жігітім, қаптап келген жаудан қайтпаған жан едің, денеңе жай оғы 
тигенде сыр берген адам емес едің. Қасыңа жатқан жұбайынан сырын 
жасырған ері болған ба? Не болған саған?» – деді. Бекіл сонда ғана 
шынын айтып: «Аттан құлап, аяғым сынды», – деді. Əйелі қолымен бір 
сілтеп, нөкер əйелді шақырды. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге 
тарайды дегендей, əйелі оған бар сырды айтты. «Аттан құлап, Бекілдің 
аяғы сыныпты», – деді. Бұл ауылда гəуірлердің жансызы болушы еді, 
ол мына сөзді есіткен соң Тагаворға барды: «Тұр орныңнан, тақсыр, 
Бекілдің аяғы сыныпты, төсек тартып жатқан кезінде аяқ-қолын артына 


 394
395
байлап, тұтқын етелік, басын кесіп қанын судай шашалық, тайпасын 
шауып, мал-мүлкін талап алалық, қыз-қырқынын, халқын олжа етелік, 
сауығып кетсе, ол бізге бой бермес», – депті. Сол елде жүрген Бекілдің 
де жансызы бар еді. Бекілге хабар салып: «Қаруыңды сайлап бекін, еліңе 
жау бара жатыр»,– депті ол. Бекіл көзін аспанға беріп: «Аспан алыс, жер 
қатты», – депті. Баласын шақырып алып, тапсырма берді. Ол не деген 
екен, хан ием, тыңдап көрелік: «О, ұлым, ер туған ұлым, балам! Сен 
менің екі көзімнің қарасы, бойымның қуаты едің. Менің басыма қандай 
іс түскенін білесің. Орнымнан тұрып аңға шықтым. Маралды қуып 
жетіп мойынына құрық салғанымда қызыл айғыр үркіп, тастан құлап 
кетті де, мойыны үзілді. Соның салмағымен мен де жарға құлап кетіп, оң 
аяғым сынды. Басыма бақытсыздық орнады. Бұл хабар барлық Қаратау 
еліне жайылыпты. Хабар қанды өзеннен де өтіп кетіп, Дербенттің темір 
қақпасына жетіпті. Қызыл аттың иесі, Шөкли патша бүлік бастапты. 
Оның ашуы Қаратауға тұман болып түсіпті. Елін жинап: «Төсекте жатқан 
шағында Бекілді ұстап тұтқын етелік, аяқ-қолын артына байлап, басын 
алалық, қанын төгелік, ордасын талап, бойжеткен сұлу қыздарын олжа 
етелік», – депті. Тұр орныңнан, балам. Қара жал Кавказ атыңа мініп, 
артыңа көз салып, биік тауларға шық. Екі көзің артыңда болып, Баяндүр 
ханның диуанына жет. Басыңды иіп, ханның, оның бектерінің қолын сүй. 
Оларға əкемнің басына қара күн туды дерсің. Қазан бек маған тез келіп 
жетсін, ол келмесе елімізге зор қауіп төнеді. Оны жау күйретеді. Қыз-
қырқынымызды олжа қылады, осыны айтарсың», – деді Бекіл. Бұған 
бала не деген екен, тыңдалық. Бала: «Сөздерің менің жүрегімді өртеп 
жібергендей болды. Менің орнымнан ерте тұрып, жол шеккенім жалғыз 
бұл емес. Қара жал айғырға мінгенім бүгін ғана емес. Бірақ басы биік 
сеңгір тауларға шығып, аңшылық құрғаным жоқ еді. Баяндүр ханның 
диуанына барып, оның алдын көргенім жоқ еді. Қазан деген кім өзі? Оның 
қолын мен сүйіп көрген жан емеспін. Астыңа мінген қызыл айғырыңды 
бер маған! Сен үшін оны қанды терге салармын! Иығы берік сауытыңды 
бер маған, сен үшін мен соның жағасын тоздырып, қайта соқтырармын! 
Қара болат қылышыңды бер маған, сен үшін жаулардың басын допша 
домалатып, бірін-біріне қоспасын! Талдан істелген най заңды бер маған, 
сен үшін оны жау батырларына жұмсармын. Құс қанатын қадаған 
садағыңның берен оқтарын бер маған, оны сен үшін жаудың бірінен 
өткізіп, екіншісіне тигізермін. Серікке көздері оттай жайлаған үш жүз 
жігітіңді бер, тəңірі үшін шайқасып, жауды ойсырата жеңермін!» – деді 
баласы. Бекіл: «Аузыңнан айналайын, ұлым! Сенің үшін жаным пида 
болсын! Ерлік көрсетер болсаң, əкеңнің арманы бар ма?» – деп Бекіл 
өзінің сауыт-саймандарын алдырып, баласына кигізді. Қызыл айғырды 
келтіріңдер, оны да балам мінсін. Жау қамданбай тұрғанда, балам 
солардың өз жеріне барып, соғысты бұрын бастасын!» – деді. Баланы 
киіндірді. Бала əкесі мен анасына келіп, қолдарын сүйіп қоштасты. 
Үш жүз жігітін қасына алып, соғыс майданына кетті.
Қызыл айғыр жаудың иісін біліп жерді тарпып, шаңын аспанға 
шығарды. Гəуірлер мұны көргенде: «Бұл Бекіл атының шаңы, қаша-
лық», – десті. Тагавор: «Əуелі жақсылап біліп алыңдар, егер ол Бекілдің 
аты болса, сендерден бұрын өзім қашамын»,– деді. Барлаушы барып 
көрсе, ат Бекілдікі екен, бірақ үстіндегісі Бекіл емес, тұрымтайдай жас 
бала екен. Ол қайтып келіп Тагаворға осыны айтты: «Қару-жарақ, ат 
Бекілдікі екен, бірақ үстіндегі Бекіл емес», – деді. Сонда Тагавор: «Жүз 
адам дабыл қағып баланы қорқытсын, гөдек баланың жүрегі құстай 
үркек болады, содан соң майданды тастап қашады», – деді. Əскерден 
жүз адам бөлініп, балаға барып сөйлей бастады: «О, мыңнан бір гүлі 
ашылмаған жеткіншек, қарғыс тиген жеткіншек! Астыңа мінген қызыл 
айғырың арыған екен. Қолыңдағы қара болат қылышың мұқалыпты, 
бала! Найзаң да сынған екен, бала! Қайың шыбықтан істеген жебең 
əлсіз екен, бала! Белбеуіңе ілген тоқсан жебеңнің қатары селдіреген 
екен, бала! Қасыңа ерген серіктеріңнің сауыты жоқ екен, бала! Қабағың 
түсіп, шаршаған екенсің, бала! Шөкли патша саған қатты қаһар қылып 
тұр, ол бізге: «Сол баланы ұстап əкеліңдер, аяқ-қолын артына байлаңдар 
да, басын кесіп өлтіріңдер, қара жерге қанын судай шашыңдар», – деді. 
Сақалы қудай болған əкеңді жылатпа. Ақ шашты анаң болса, оны да 
босқа зарлатпа. Жалғыз жігіт жау алмас, жусан түбі берік болмас деген 
бар. Некесізден туған жетесіз, өлмей тұрып еліңе қайт!» – деді гəуірлер. 
Оған бала не деп жауап берген екен, соған келелік: «Бос сөз айтып, 
жан сақтаймын деме, гəуір! Қызыл айғырымнан нендей мін таптың? 
Айғырым тебінеді. Темір көбем иығымда тұр. Қара болат қылышым 
қынабына сыймайды. Тал шыбығынан істелген жебемнен қандай мін 
таптың? Жауға тигенде оның оты көкке атылады. Үйеңкіден істелген 
соғысты аңсап мөңірейді. Жебелерім қорамсаға сыймайды. Жігіттерім 
соғыс бастауға асығады. Батырларды қорқыту ұят. Соғыспақ болсаң 
келе ғой, гəуір», – деді бала. Гəуірлер өзді-өзі кеңесіп: «Мынау ұятсыз 
оғыз, ақылсыз түрікменге анық ұқсап туған бала екен. Құрбақаша 
бақылдайды ғой», – десті. Тагавор тұрып: «Барып сұраңдар өзінен, бұл 
бала Бекілдің кімі екен?» – деді. Гəуірлер балаға келіп, оның аты-жөнін 
сұрай бастады. «Астыңа мінген қызыл ат Бекілдікі еді, оның өзі қайда? 
Асынған қара болат қылыш Бекілдікі, өзі неге келмеген? Иыққа ілген 
сауытың Бекілдікі, өзі қайда? Қару-жарағыңның бəрі Бекілдікі екен, 
қайда жүр сол Бекілің? Егер Бекіл бүгін осы жерге келген болса, біз 
онымен қызыл іңірге дейін соғысар едік. Қайыңнан істелген садақтан 
құс қанатын қадаған оқ атысар едік. Сен Бекілдің қай жақыны боласың, 
бала?» – деді. Бекілдің ұлы не дегенін тыңдалық, хан ием. «Алдыңда 
тұрған бөріні неге көрмейсің, гəуір? Бектердің бегі Баяндүр ханның 
батыры, Қазан-Салордың інісі Қара Көне келіп тұр, жаудан беті қайтып 
көрмеген Төлек Боран келіп тұр, қосынымда Дұраұлы Рүстем батыр 
бар. Бекілдің үйінен ас ішкен Байрақ батыр да осында. Бекіл маған өзі 
мінген қызыл айғырын, қара болат қылышын, өз күшінің айғағындай 
болған ақ найзасын берді, жолдастыққа үш жүз жігітін берді, мен 
Бекілдің баласымын, соғысар болсаң кел, гəуір», – деді бала. Тагавор 


 396
397
оған: «Тұқымы оңбаған, тұра тұр, сазаңды беремін», – деп, жекпе-
жекке шықты. Ол темір шоқпарын көтергенде, бала қалқан тосты. 
Шоқпар қалқаннан өтіп баланың дулығасын сындырып, маңдайын 
жаралады. Шоқпармен сайысып, бірін-бірі жеңе алмады. Одан соң 
қолдарына қара болат семсер алып, қылышпенен сайысып, бірін-бірі 
жараласты. Қылыштары сынған соң, найзаласты. Найзалары сынған 
соң, ат үстінен айқасып, бірінің бірі жағасынан алды. Бір кезде гəуірдің 
күші басып, бала əлсіреді. Бала тəңірге жалбарынды: «О, көк тəңірі, 
шапағат ет маған, ақ дидарыңды ешкім көрген-білген емес. Сен Адам 
атаның басына таж кигізіп, сайтанға қарғыс таңбасын салып, оны 
жұмақтан қудың. Əзірейіл Ибрахимді Намруд отына салғанда, сен оны 
гүлге айналдырдың. Жасаған жаппар тəңірі, бір өзіңнен басқа сенерім 
жоқ. Қолдай көр мені!» – деді бала. Сонда гəуір балаға: «Тəңіріңе 
сиына бер, бала, сенде ол біреу болса, менде жетпіс, солардың суре-
тіне табынғаным», – деді. Баланың мінəжаты қабыл болып, оған 
қырық кісінің күші бітті. Гəуірді аттан көтеріп алып, жерге ұрды. 
Мұрындарынан аққан қан түтіктен шаптырған судай болды. Сол кезде 
бала аттан түсе қалды да, гəуірдің сақалынан ұстап бауыздамақ болды. 
Гəуір оған: «Бір қасық қанымды қи, бала, дініңе кірейін», – деп, тілек 
айтыпты. Мұны көрген гəуірлер қашып кетті. Оғыз əскерлері гəуірлердің 
елін талан-таражға ұшыратып, қыз-қырқынын олжалады. Бала əкесіне 
адам жіберіп, жауды жеңгенін хабарлады. Ақ сақалды əкесі баласының 
алдынан шығып, көрісті. Екеуі бірлесіп, үйлеріне келді. Бекіл баласына 
Қаратауды жайлау етіп берді. Алдына үйірлі жылқы салып берді, ішер 
асына ақтылы қой берді. Батыр туған баласына қызыл ерінді келіншек 
алып берді. Түскен олжаның бестен бірін Баяндүр ханға арнады. 
Бекіл баласын ертіп, Баяндүр ханның диуанына барды, оның қолынан 
сүйді. Хан оларды Қазанның баласы Ораздың оң жағынан отырғызды. 
Үстеріне ішік жауып, неше түрлі қамқа, зерлі киімдер берді.
Сол жиынға Қорқыт ата келіп, қуанышты жыр айтыпты. Бұл жырды 
ол Бекілұлы Əмран батырға арнапты. Сол ерлерден кім қалған? Хан 
ием, мен сізге бата бергім бар: туып-өскен Қаратауың құламасын, 
көлеңкелі дарағың қурамасын, бағаң арта берсін, күнəңді Алла 
кешірсін! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   134




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет