«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары


XI. ҚАЗАН-САЛОРДЫҢ ЖАУҒА ТҰТҚЫН БОЛҒАНЫ



Pdf көрінісі
бет67/134
Дата30.05.2023
өлшемі2.89 Mb.
#474470
түріБағдарламасы
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   134
АДЕБИ ЖАДИГЕРЛЕР 1 том

XI. ҚАЗАН-САЛОРДЫҢ ЖАУҒА ТҰТҚЫН БОЛҒАНЫ 
ЖƏНЕ ОНЫ БАЛАСЫ ОРАЗДЫҢ АЗАТ ЕТУІ
Хан ием! Трапезунт патшасы Тагавор бектердің бегі Қазанға бір 
сұңқар құс тарту етіпті. Бір күні кешкі мəжілісте отырып, Қазан өзінің 
құсбегі жігітіне: «Ертең осы сұңқарды алып аңға шығалық, оны ешкім 
білмесін», – депті. Ертеңіне бұлар аттарына мініп, аң аулайтын жерге 
барыпты. Бір көлге барса, аққу көп екен, Қазан құсын жіберіп еді, ол 
қайтып келмеді. Ізіне түссе, құс Туманян дейтін қамалға барып қонған 
екен. Қазан ұшқан құстың ізіне түсіп, талай сайдан өтті. Сөйтіп гəуірлер 
еліне келді. Жолай Қазанның көзіне ұйқы келген еді, жігіттер: «Хан 
ием, қайталық деп еді», – ол: «Əлі де шамалы жүріп көрелік», – деп 
тыңдамады. Алдынан бір қамал көрінгенде: «Бектерім, осы қамалды 
басып алалық», – деді. Бірақ Қазанның жарты өлік болып ұйықтайтын 
мезгілі келген еді. Бір ұйықтаса, жеті күнге дейін оянбаушы еді. Оны 
оғыз елі «өткінші өлім» деп атайды екен. 
Сол күні Туманян қамалының патшасы Тагавор аңға шыққан еді. 
Патшаның жансызы келіп: «Жау елінің бір топ атты əскері жерімізге 
кіріпті, бегі ұзын ұйқыға кетіпті», – деп хабарлайды. Тагавор олардың 
кім екенін білуге адам жіберіпті. Келсе, бұлар оғыз елінің батырлары 
екен. Бұл хабарды есіткен соң, Тагавор əскерін жинап, солардың 
жатқан жеріне келді. Қазанды тастап қашып кетсек, жұрт бізді елден 
қуып шығады. Одан да жаудың қолында өлген көп артық, – деп, жаумен 
соғысқа түсті. Қазанды қорғаймын деп жиырма бес бек қаза тапты. 
Гəуірлер ұйықтап жатқан Қазанға барып, аяқ-қолын арқанмен байлап, 
арбаға салып алды. Жолай Қазан арбаның селкілдеген жүрісінен 
оянып кетіп, керіліп шіренді де, арқанды быт-шыт қылып үзді. Содан 
соң арбаға отырып алып, алақанын шапаттап қарқ-қарқ күлді. Гəуірлер 
оған: «Неге күлдің?» – деді. Қазан: «Күлген себебім – бұл арба менің 
бесігім бе деп едім, ал сендер маған кеудесінде жаны барлы-жоқты 
бақташы əйел сияқты болып көріндіңдер», – депті. Гəуірлер Қазанды 
Туманян қамалындағы бір зынданға салып, бетіне диірмен тасын 
жауып қойды. Сол диірмен тасының тесігінен оған қатқан нан тастап, 
су беріп тұрды.
Бір күні Тагавордың əйелі: «Бір өзі мыңмен соғысатын Қазан деген 
батыр қандай адам екен, өзін көрейінші»,– деп, зынданға барды. Əйел 
қарауылға зындан қақпағын ашқызып: «Е, Қазан бек, халің қалай? 
Жердің асты жақсы ма екен, үсті жақсы ма екен? Ішім-жемің қандай? 
Астыңда атың бар ма?» – депті. Қазан оған: «Сендер өлген аруақтарыңа 
ас берсеңдер, соны қағып алып жеймін, ата-бабаларыңның семіздерінің 
арқасына мініп шабамын, арықтарын мұрындықтап жүгіртемін»,– 
депті. Тагавордың əйелі тұрып: «О, Қазан бек, менің жеті жасар 
қызым өліп еді, дініңнің құрметі үшін соған міне көрме, нəрестеме 
жанашырлық білдіре көр»,– депті. Сонда Қазан: «Өлгендер ішінде 
сенің қызыңнан дилысы жоқ, мен көбіне-көп соған мініп жүрмін»,– 
депті. «Ой, құдайым-ай, сенің тырнағыңнан біздің тіріміз де, өліміз де 
құтылмаған екен ғой» – деп, Тагаворға мұңын шағыпты: «Қызыңның 
беліне зақым келетін түрі бар, құдықта жатқан татар батырын босат, ол 
сенің жер астына түскен қызыңның арқасына мініп жүреді екен, біздің 
өлген аруақтарымызды алдына салып айдап, жейтін асын тартып жейді 
екен, ол біздің өлімізге де, тірімізге де күн берер емес, дін-аруақ үшін 
сол батырды зынданнан шығар», – депті. 
Тагавор бектерін жинап: «Барып, Қазанды зынданнан босатыңдар, 
бізге дос болып, оғыздарға жау болсын, бұдан былай бізге тимейтін 
болып, серт берсін», – депті. Бектері зынданға барып Қазанды босатып, 
Тагавор алдына алып келді: «Бұдан былай бізге тимейтін болып ант бер, 
бізді мақтап, оғыздарды қыратын бол, біз сені босатамыз, еліңе бар»,– 
депті. Қазан оларға: «Тəңірі алдында берген антым болсын, алдымда 


 404
405
түзу жол болса, қисық жолмен жүрмеспін», – депті. Олар: «Қазан бектің 
бұл анты көңілге қонады, енді бізді мақтап көрші», – депті. Қазан: «Мен 
жайдақ жерде отырып ешкімді мақтап көрген емеспін, бір адам алып 
келіңдер, соның арқасына мініп тұрып мақтармын», – депті. Олар бір 
гəуірді алып келіпті. Қазан: «Енді бұған ер салып, жүген тағыңдар»,– 
депті. Гəуірлер оның арқасына ер, аузына жүген, тартпа салып, буды. 
Қазан оның арқасына секіріп мініп алып, етігін соғыстырып тебінді, 
қабырғасын өзіне тартты, жүгенді тартып қалып аузын қақ айырды. 
Сөйтіп гəуірді өлтірді. Өлікті аяғымен басып, үстіне отырды да: «О, 
гəуірлер, енді менің қобызымды əкелсеңдер мақтаймын», – депті. Олар 
қобызын алып келді. Сонда Қазан толғанып, жырлап жіберіпті. 
Не деген екен ол, соны тыңдалық, хан ием: «Жаудың мың адамын 
көрсем, ол маған ойыншық болды. Жиырма мыңы келсе, бас игенім жоқ. 
Отыз мыңы маған шөп болып көрінді. Қырық мыңы келсе, қашпадым. 
Елу мыңы келсе, саспадым, қыран құс болып аш бурадай жарадым. 
Алпыс мыңы келсе, жалынбадым. Тоқсан мыңы келсе, торықпадым. 
Жүз мыңы келсе, жанықпадым. Мұқалмас қылышымды қолға алып, 
тəңірі құдіреті үшін жауға сермедім, ақ майданда бастарын допша 
домалатып, жер тезек қылдым. Сонда да болса мен батырмын, бекпін 
деп есірмедім. Көппін дегендердің қошеметін жекпедім. О, гəуірлер, 
мен бүгін сендердің қолдарыңа түскен болсам, қара қылышымды ал 
да, басымды шап, үстімде сауытым жоқ, бірақ өзімнің тайпамды, туып-
өскен ұрпағымды жамандай алмаймын», – депті. 
Бұдан əрі ол: «Биік таудың басынан қазандай қара тас түссе, 
соны аяғымен қағып, кеудесімен ұстап тұрған Қазан батыр мен едім. 
Жерден желкілдеп бұта шықса, соны таптап, жоқ еткен Қазан батыр 
мен едім, Тентек-телі бүлік шығарса, қамшымен дүрелеп желігін 
басқан Қазан батыр мен едім. Қаратауға қалың тұман түссе, астыма 
мінген тұлпарымның құлағы көрінбей қалса, артыма ерген əскерім жөн 
таппай адасса, соларға қараңғыда жол тауып берген Қазан батыр мен 
едім. Мен жеті басты жалмауыз айдаһармен де сайысқан батырмын. 
Соны көргенде сол көзім сескеніп, жыпылық қаққандай болды, сонда 
мен оған: «Ей, ақылсыз, қорқақ көзім, саған не болған? Мұның атасы 
жылан емес пе? – дегенмін. Сонда да болса мен батырмын, бекпін деп 
мақтанғаным жоқ. Өзін-өзі мақтаған батырды мен сүмелек деймін. 
О, гəуір, бүгін қолдарыңа келіп түскен болсам, қолыңа қылыш алып 
басымды ал, өлтір де тын. Басымда дулыға жоқ, бірақ өз руым, өз 
ұрпағымды жамандай алмаймын. Артымда елім, оғыз батырлары аман 
тұрғанда, мен сені мақтай да алмаймын», – депті. 
Содан соңғы айтқан сөзі мынау болыпты: «Гəуірлер, сендердің 
қалаларың биік таулардың қиясына салыныпты. Алыстан Оман теңізі 
көрініп тұрады. Сол жерден оңға-солға əскер жіберіп, ел жаулайсыңдар. 
Адамдарың кемеге мініп, су құрдымға дейін барады, батырларың 
«біз тəңіріні де жеңеміз» деп ойлайды. Суда жүріп өлеңдетіп, айғай-
сүрен салады. Олар дұрыс сөзді бұрыс оқиды. Бойжеткен қыздарың 
алтын топай ойнайды. Бектерің сабаннан да көп. Сол қамалдарыңды, 
оғыздар, алты күнге жеткізбей алдым. Шіркеулеріңді бұзып, орнына 
мешіт салдым. Тілдеріңді кəлимаға келтірдім. Бойжеткен қыздарыңды 
кеудемнің астына салып ойнаттым, бектеріңді құл еттім. Сонда да болса, 
мен батырмын, бекпін деп мақтанғаным жоқ. Енді бүгін мен сендердің 
қолдарыңа түскен болсам, өлтіре беріңдер. Үстімде сауытым, қолымда 
қалқаным жоқ, бірақ өз руыма, өзімнің шыққан еліме опасыздық жасай 
алмаймын», – депті. Қазан тағы да сөйледі: «Тау қиясына ат ойнатып, 
гəуірлерді талай рет жеңіп, қудым, ол сенің əкең еді. Қыздарыңды сүйіп, 
ойнаған болсам, ол сенің сүйген жарың еді. Ақша қалаға ат ойнатқан 
болсам, Қарунның байлығын алмақ болдым. Төбесі биік ақ күмбездеріңді 
құлаттым. Алдыма етектеп күміс төксе, оны мыс дедім. Қып-қызыл алтын 
əкеліп төксе, оны жез дедім. Тиынға қызықпадым. Алдыма қыз əкелсе, 
оған сатылғаным жоқ. Шіркеулеріңді бұзып мешіт еттім, шіркеудің 
алтыны мен күмісін талауға салдым. Сонда да болса мен батырмын, 
бекпін деп мақтанғаным жоқ, мақтаншақты мен сүйген емен. Енді бүгін 
мен сендердің қолдарыңа түсіп, бенде болсам, қолдарыңнан келгенін 
аяма, өз руыма, өз еліме мен опасыздық жасай алмаймын, қошеметіңді 
жеңе алмаймын», – депті. Бұдан соңғы бір айтқаны: «Мен жолбарыстың 
еркегінен жаралған батырмын. Ол тауда жайылған сенің ешкілеріңе сор. 
Мен қамыс арасынан шыққан арыстанның арланы болып туған жанмын. 
Ол сенің көк ала жылқыңның соры. Мен бөрінің көкжалы болып туған 
батырмын, ол сенің жүндес қойыңның соры. Мен аспандап ұшқан ақ 
сұңқармын. Еркек сұңқар сенің көлдегі үйрегің мен қазыңның соры. 
Елімде бүкіл оғыздарға қорған болған батыр бар. Ендігі туған ұрпақтарыңа 
олар күн бермейді. Бүгін сендерге бенде болып отырсам, қолдарыңнан 
келгенін істе, гəуірлер, бірақ өз еліме тілімді тигізе алмаймын», – депті. 
«О, гəуірлер, жегендерің шошқа еті, өздерің итше үресіңдер, төсектерің 
сабан салған қап, жастанғаның сынған кірпіш, тəңірлерің бір тұтам 
ағаш. Бар қасиеттерің настық пен мешкейлік. Оғыз елін көрмей, мен сені 
мақтай алмаймын. О, гəуір, қолыңнан келсе, мені өлтір, өлтіре алмасаң, 
тəңірі жарылқаса, өзіңді мен өлтіремін», – депті Қазан. Сонда гəуірлер: 
«Бұл бізді мақтайтын емес қой, алып жүріңдер өзін, өлтірелік», – депті. 
Гəуірлердің бектері бас қосып, кеңесті. Кеңескенде не десті: «Артында 
батыр баласы, батыр інісі бар, өлтіруге болмайды», – депті. Содан соң 
Қазанды шошқа сарайға апарып, қамап тастады.
Ат аяғы сүрінер, жыраудың тілі сүрінбес. Қазанның өлі-тірісін 
ешкім білмеді. Хан ием, Қазанның бір жас баласы қалған еді, Сол өсіп 
жетілген еді. Бір күні ол атына мініп, диуанаға келді. Біреу тұрып: «Сен 
Қазан ханның ұлы емессің бе?» – деп сұрапты. Бұған Ораз ашуланып 
қалыпты: «Не деп тұрсың кем ақыл, менің əкем – Баяндүр хан емес пе 
еді?» – депті. Жоқ, ол сенің шешеңнің əкесі, нағашың болады», – депті 
ол адам. Ораз одан: «Менің əкем өлі ме, тірі ме?» – деп сұрапты. 
«Əкең тірі. Туманян қамалында тұтқын болып жатыр», – депті ол. 
Мына сөзді есіткенде бала қан жылап, қатты қайғырды. Аттың басын 


 406
407
бұрып, анасына келді. «Ана, мен Баяндүр ханның емес, Қазанның 
баласы екенмін ғой. Тексіз жерден шыққан болмасаң, мұны сен 
маған неге айтпадың? Ана қарызы – тəңірі қарызы. Əйтпесе қара 
болат қылышымды қолға алып, басыңды кесіп, қаныңды төгер 
едім», – депті Ораз. Анасы жылап, тіл қатты: «Ұлым, əкең аман. 
Бірақ мен саған оның жауға тұтқын болып жатқанын айтқан жоқ едім. 
Айтсам, – сен де жауға аттанып, мерт бола ма деп едім. Жан балам, 
ұлым, əкеңнің жайын айтпаған себебім осы еді. Əкең үшін қайғыратын 
болсаң, нағашыңа адам жіберіп шақырт, сонымен ақылдасып көре-
лік», – депті анасы. Ораз нағашысына адам жіберіп шақыртты, ол 
келді. Ораз оған: «Əкемді тұтқындықтан босату үшін жау қамалына 
барғым келеді»,– депті. Бұл сөзді жұрттың бəрі ұнатып, бектерге хабар 
салды: «Ораз əкесін іздеп, жол шекпек. Барлық жігіт қару асынып, атқа 
мінсін», – депті. Əскерлер келе бастады. Ораз өзінің шатырын ашып, 
бар құралын түйеге артты. Əскерге Қара Көне бас болды. Барлық əскер 
сап құрып, жолға шықты.
Жол үстінде бұлар Ая-София деген гəуірлер храмына келді. 
Храм қызметшілері ғибадат қылып жатыр екен. Бұл төбесі аспанға 
жеткен үлкен храм еді. Оғыздар аттарынан түсіп, саудагер киімін 
киді де, ат-түйелерін байлап ішке кірді. Поптар бұлардың саудагерге 
ұқсамайтын адамдар екенін байқап, қамалдың қақпасын жапты да, 
мұнараға шықты. Сөйтті де: «Сендер қайдан жүрген адамсыңдар?» – деп 
сұрады. «Біздер көпес боламыз?» – депті бұлар. «Мұнысы өтірік»,– 
деп, гəуірлер жоғарыдан тас ата бастайды. Сонда Ораз атынан түсіп: 
«Əкемнің алтын кесесінен дəм татқандар, мені қадірлейтін жігіттер 
тегіс аттарынан түссін», – деді. Əрқайсысы бір-бір шоқпар соғып, 
қақпаға келді. Қақпаны шоқпармен ұрып қиратып, қамалға кірді. 
Сыртқа бір адам жібермей поптарын қырды, алтын-күмісін талап 
алып, өздері далаға тігілген шатырларына барып орналасты.
Сол маңда бір сиқыршы бар еді, ол қамалдың таланғанын көріп, 
Тагаворға барып, Ая-Софияның жау қолында қалғанын айтты. «Не 
бітіріп отырсыңдар? Жау келді. Қаруларыңды алып, қорғанысқа 
шығыңдар», – депті ол. Тагавор бектерін жинап: «Бұл жаудан қалай 
құтыламыз?» – деп сұрапты. «Бұлардан құтылу оңай емес. Дұрысы 
Қазанды босатып, жауға қарсы салалық», – депті. Бұл сөзді Тагавор 
ұнатты. Қазанды босатып, патша алдына алып келді. Тагавор оған: 
«Қазан бек, елімізге жау тиді. Сол жауды қусаң, біз сені босатамыз, 
өзіңе көп сыйлық береміз. Енді қайтып бізге жау болмайтындығыңды 
айтып, уəде бер», – депті. Сонда Қазан: «Тəңірі атынан сөйлейін, түзу 
жол болса, қисық жолға түспеспін», – депті оларға. Гəуірлер: «Қазан 
бізге жау болмасқа уəде берді», – деп қуанды. Тагавор əскерін жинап, 
соғыс болатын жерге келді де, сансыз шатырларын тікті. Гəуірлердің 
əскері Қазан төңірегіне шоқтай болып жиналды. Қазанға сауыт əкеліп 
кигізіп, қолына қылыш, найза, шоқпар берді. Мұздай қаруландырды.
Осы кезде майданға оғыздар да лек-легімен келе бастаған еді. 
Даңғыралар қағылып көкті жарды. Қазан оғыздарды көрді. Соның 
алдыңғы тобын бастаған бір батыр ақбоз атқа мініп, қолына ақ туын 
ұстап, алдыңғы шепке келді де, шатырын тікті. Батырлары ат үстінде 
сап құрып тұрды. Оның бір жағынан Қара Көне келіп, о да өз орнын 
алып, əскерін сапқа тұрғызды. Сол кезде Қазан атына қамшы ұрып, 
ортаға шықты да, жекпе-жекке сайысқа түспек болды. Оғыздардан 
шұбар атқа мінген Байрақ шығып, о да ортаға келді. Сол кезде Қазан 
оған тіл қатып, сөйлей бастады. 
Тыңдалық, хан ием, ол не деген: «Орныңнан ерте тұрып, жол шегіп-
сің, жігіт. Кім боласың, жігіт? Үстіңе иықтары берік сауыт киіпсің
жігіт, кім едің өзің, жігіт? Атың кім, затың кім деймін, жігіт, айтшы 
соны»,– депті Қазан. Байрақ тұрып: «Менің аты-жөнімді білгің келді 
ме, гəуір? Өт атымды сұрасаң – Бəмсі-Байрақ, əкемнің атын сұрасаң – 
Байбөрі хан. Мен Байбурд қаласын, Пара-Сара қамалын бұзып алған 
батырмын. Қалыңдығымды жаудан құтқарған батырмын. Қайратың 
болса кел, гəуір, сайысалық», – депті. Қазан оған: «Əскеріңнің алдын 
бастап ақ ту ұстап келген, астына ақбоз ат мінген батыр кім? Кімнің 
баласы ол? Айтшы соны жігіт? Жақсылығыңды ұмытпаспын», – деді 
Қазан. Байрақ: «Кімнің баласы керек еді саған, гəуір? Ол біздің Қазан 
бек батырдың баласы», – деп жауап берді. Қазан ішінен: «Тəңірге тəубə, 
менің балам да ат жалын тартып мінетін алып батыр болған екен», – деп 
сүйінді. Байрақ оған: «Оны-мұны сұрап басымды ауыртпа, гəуір», – 
деп, атқа қамшы басты да, Қазанға төнді. Қолындағы шоқпарымен оны 
салып қалды. Қазан өзін танытпай, Байрақтың шоқпарын дарытпай, 
оның белбеуінен ұстап, қолындағы шоқпарын тартып алды, сөйтіп 
шоқпармен желкесінен бір ұрды. Байрақ атының жалын құшып кейін 
қарай шаба жөнелді. «Қашсаң қаш, Байрақ, бегіңе сəлем айт, өзі келсін 
маған», – деді Қазан. Мұны көрген соң Илік оғыздың баласы, жаудан 
жеңіліп көрмеген Төлек Боран батыр орталыққа шаба жөнелді. Қазан 
оған: 
Орныңнан ерте тұрасың,
Жолға шығып шабасың,
Батыр болсаң, жөнінді айт,
Өзің қандай баласың?
Бедуин атқа мінесің,
Бұлаң-бұлаң желесің,
Жекпе-жекке келесің.
Батыр болсаң атыңды айт,
Айта алмасаң, кейін қайт!
Ерлер атын жасырмас,
Қорқақ жауды қашырмас,– деді.
Төлек Боран оған жауап беріп: «Қу гəуір, менің атым саған неге 
керек? Мен Илік оғыз баласы Төлек Боран батыр боламын. Тайсалуды 
сүймеймін, ұят отына күймеймін. Елімнен озған батырмын, гəуірге келе 
жатырмын. Елу жеті қамалдың қақпасын бұзып алғанмын, жауға ойран 


 408
409
салғанмын», – деді де, атын қатты қамшылап, қолындағы найзасын 
Қазанға салмақ болды. Бірақ Қазан оның найзасын қағып тастады. Қазан 
атын қамшылап, оның қолындағы найзасын тартып алды, сол найзамен 
көк желкелеп салып қалды. Найза қақ бөлінді: «Ей, тегі оңбаған жігіт, 
бегіңе сəлем айт, өзі келсін мұнда», – деді. Боран кейін шегінді, Қазан 
шабынған бурадай майданда тұрып, батырларды жекпе-жекке шақыра 
берді. Сол кезде атына қамшы басып жекпе-жекке Дүзеннің баласы 
Рүстем шықты. Қазан оған да сұрақ қойып: «Орныңнан ерте тұрыпсың, 
жақсы талап қылыпсың. Кавказдың жүйрік тұлпарын жаратып алып 
мініпсің. Аты-жөнінді айт, қай жігітсің?» – деді. 
Рүстем батыр: «Менің атым – Рүстем, əкемнің аты – Дүзен. 
Орнымнан ерте тұрғанмын, жауға бетті бұрғанмын. Екі бірдей інімді 
қыршынында өлтіріп, қайғы отына жанғанмын»,– деп, Қазанға төнді, 
бірақ ала алмады. Қазан оны бір соқты да: «Тегі оңбаған неме, бегіңе 
сəлем айт, өзі келсін», – деді. О да шегінді. Қазан бұрынғыша майданда 
тұрып алды. Ораз атының шылбырын Қара Көне ұстап тұрған еді. Оның 
намысы келді де, шылбырын жұлып алып, қылышын жалаңаштап 
майданға шапты. Қылышы Қазанның иығына тиіп, сауытын бұзып, қара 
етіне төрт елі өтіп кетті. Қызыл қаны жосадай болып ағып, қолтығына 
қан құйылды. Ораз оған тағы да ұмтылып еді, Қазан ұлына қарап тіл 
қатты: «О, ұлым, сен менің асқар ала тауым едің. Екі көзімнің сыңары 
едің, батыр туған арыстаным едің, Ораз. Ақ сақалды əкеңді өлтіріп, 
масқара болма, ұлым!» – деді. 
Ораздың қаны қайнап, əкесіне жаны ашыды. Қара қастары жапқан 
екі көзіне жас келді. Аттан түсіп, əкесінің қолын сүйді. Қазан да 
атынан түсіп, баласының желкесінен сүйді. Екеуі аттарына мінді де, 
қылыштарын жалаңаштап жауға тиді. Сай мен сала адам басына толды, 
жау жеңілді. Бұлар гəуірлердің қамалын алды, шіркеулерін қиратып
орнына мешіт салды. Сөйтіп Ораз əкесін қанқұмар жау қолынан 
құтқарып, еліне алып келді. Ақ дидарлы анасына хабаршы жіберді. 
Қазанның аққудай қалқыған бойжеткен қыздары алдынан шығып, 
əкесінің қолынан сүйді, аяғына бас иді. Қазан көк шалғынға көптеген 
шатыр тіктіріп, жеті күн, жеті түндей оғыз еліне той берді. Ішім-жем 
көл-көсір болды.
Сол тойға Қорқыт атам келіп, қобыз шалып, жыр айтты. Дін үшін 
күрескен сол ерлер қайда кетті? Олар дүние біздікі деп өктеген екен, сол 
бек ерлердің ерлігін жырладым депті. Оларды ажал ұрлап, жер жұтты. 
Дүние жалған емес пе? Адам келеді, кетеді, өмірдің аяғы – ажал. Жердегі 
өмірдің сиқы сондай. Сол күнге дейін, хан ием, сізді құдай дініңнен 
айырмасын. Құлқы жаман адамдардың тіліне ерме. Сіздің құрметіңізге 
бес ауыз сөзбен дұға оқыдым, сол дұғам қабыл бола берсін. «Əумин, 
əумин», – деген адам Алланың дидарын көреді. Мұхаммед үшін ол 
дүниеде Алла сіздің күнəңізді жеңілдетсін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   134




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет