60. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы.
Мәңгілік ел — мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған.
2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауын: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті«,- деп бастады.
Бұл орайда елең еткізген жаңалық — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым.
Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады.
Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» — екендігін жазған [1, 20-21 бб.]. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Мәңгілік ел — мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда.«Күл тегін» жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» — деген жолдар бар [2, 63 б.].
Бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпей, сақталуын тілейді. Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады.
Орхон өзенінің бойында Түрік қағанатының Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын арнайы полиция(тұрғақ деп аталған) және оған қоса тұрақты әскер (шерік деп аталған) пайдаланылды. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберде он-оқ Түркештер тұрды. Қырғыздар, Кидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды. Осы үш шеңбер тұтас империяны қорғап тұрды. Түріктер осы 3 шеңберді орнатып болған соң, «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдейді.
Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. М. Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйініп аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін
дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған.
61. Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның мәдени шығармашылықтағы рөлі.
Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) маңызды рөл атқарады. ҚХА басты міндеті мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара ісқимылының тиімділігін арттыру болып табылады. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. 2008 жылғы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналды. Оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері айқындалды. Бүгінде Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді. Сонымен қатар ҚХА мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этно мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, және дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне – Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығы тиесiлi. Ассамблея сессиясы (Ассамблея мүшелерінің жиналысы) – оның жоғары басшылық органы. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады.
Сессиялар аралығындағы кезеңде ҚХА басқаруды Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңеске республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері енеді. Ассамблея Төрағасының этномәдени бiрлестiктерден тағайындалатын екі орынбасары алмастыру тәртiбiмен Кеңес ұсынымы негiзiнде Президенттің өкiмiмен тағайындалады. Ассамблеяның жұмыс органы – Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Осылайша ҚХА-ның мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастарға қатысуының тиімділігі қамтамасыз етіледі. Ассамблеяның өңірлердегі құрылымдарын облыс әкімдері басқарады. Ассамблеясының және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен елорда ассамблеяларының құрамы этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерінен, мемлекеттік органдар өкілдері мен қоғамдағы абырой-беделі бар тұлғалардан құралады. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің 9 депутаты елдегі барлық этностардың мүддесіне қорғайды. Сонымен қатар қазақстандық этникалық қоғамдастықтардың Парламентте өкілдік етуі олардың саяси партиялар арқылы өкілді органдарға тікелей қатысуы негізінде де жүзеге асырылады. 2015 жылы ҚХА-ның құрылғанына 20 жыл толады. Соған орай 2015 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды.
Достарыңызбен бөлісу: |