10.Қазақ тілі және оның тұлғаны мәдени-этникалық сәйкестендірудегі рөлі.
Тіл біліміндегі зерттеулерде қарастырылып жүрген жаңа бағыттың бірі тіл мен мәдениет байланысына арналған. Көптеген зерттеу еңбектерінде тілдегі ұлттық танымды, ұлттық рухты, ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған жұмыстар сөз болып келеді.
Бірқатар зерттеушілер тіл – мәдениетті танытушы құрал ғана емес, тілдің бойын-да оның (мәдениеттің) арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш. Ұлттық мәдениеттің тірегі тілде. Қазақ халқының этностық, ұлттық мәдениеті, негізінен тілде көрініс тапқан. Осы орайда тіл – ұлттық болмысымен қалыптасқан төл мәдениетіміз сақталған негізгі көздердің бірі екенін айтады.
Біздіңше, сонымен қатар тіл – мәдени мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырушы құрал. Тілші-ғалым Ә.Қайдар: «Кез келген тілдің қоғамда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі – коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине қаламгердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне тікелей байланыс¬ты. Ал тілдің үшінші бір қызметі, ғылыми терминмен айтқанда аккумулятивті қызметі деп аталады. Ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сөйтіп оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын қасиеті…тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек» дейді.
Олай болса, мәдениет пен тілдің бір-бірімен байланысы күрделі, өте тығыз. Мәдениет адам қолымен жасалатын материалдық құндылық болғандықтан, ол таза табиғи үдеріс ретінде таныла алмайды. Себебі тіл адам баласына берілген рухани құндылық. Бір қырынан алғанда, мәдениет пен тілдің байланысы мазмұн мен пішіннің байланысы секілді. Тіл – мәдениеттің өмір сүру формасы болса, мәдениет – оның ішкі мазмұны. Сондықтан да, тіл мен мәдениетті бір-бірімен бөліп қарауға болмайтын құбылыс деуімізге болады.
Тіл қоғамдық үдеріс болғандықтан, антропонимия саласындағы сөздер де қоғамның өсу, дамуымен байланысты өзгеріп, мағыналық тұрғыдан жаңарып отырады. Антропонимдердің құрамында көне дәуірден келе жатқан ескі атаулармен бірге жаңа кезеңде пайда болғандары да басым болып келеді. Антропонимдер бойында жеке сөздер тарихы ғана емес, халық тарихы, халық этнографиясының қат-қабат іздері, ұлттық мәдениет жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |