Демонстрациялық тәжірибелердің көрнекілігі және мәнерлілігі. Бұл талапқа байланысты демонстрациялық стол бетінде тәжірибеге қатысы жоқ және негізгі емес детальдар болмауы керек. Мысалы, электр құбылыстары көрсетілетін барлық тәжірибелерде ток көзінің керек екені белгілі. Тәжірибенің көрсетуінше, кейбір жағдайларда ток көзін вертикаль панельге орналастырылған клеммамен ауыстырса, демонстрациялық қондырғылар мәнерлілеу болады, ал ток көзі клемманың артына жалғанады.
Тәжірибелердің көрнекілігі мен мәнерлілігі артуы үшін, әрбір оқушының сол көрсетілетін құбылысты міндетті түрде байқап, есте сақтап отыруы қажет. Ол үшін өлшеуіш аспаптың стрелкасы, электр шамы, боялған сұйық, от, түтін, бу, сұйықтағы газ көпіршіктері, дыбыс, электронды осциллограф және т.б. индикаторлар пайдаланылады.
Демонстрациялық қондырғының сенімділігі. Демонстрациялық тәжірибелерде пайдаланылатын аспаптар мен құрал-жабдықтардың, жалпы айтқанда барлық қондырығының сенімділігі әрқашан да мұғалімнің ерекше назарында болуы керек.
Олардың ешқайсысының көрсетілуі барысында жұмыс істемей қалуының болмағаны дұрыс. Сәтсіз орындалған тәжірибе, физика мұғалімінің кәсіби беделін оқушылар алдында төмен түсіреді, сондықтан сабаққа дайындық барысында мұғалімнің өзі тәжірибені жасап көруге міндетті.
Сабақ барысында қондырғы жұмыс істемей қалса, онда асықпай оның бөліктерін тексеріп, бұзылған жерін анықтап, мүмкін болса, тез жөндеу керек. Егер ондай мүмкіндік болмаса, оқушыларға жөнделетін жерді көрсетіп, тәжірибені міндетті түрде келесі сабақта көрсету қажет.
Сонымен бірге, тәжірибелер әрқашан дәлелді, яғни оның нәтижелерінің сенімділігіне ешқандай күмән болмауы керек.
Сабақтағы демонстрациялық тәжірибелердің саны туралы. Демонстрациялық тәжірибелер мұғалімнің сабақтағы түсіндіруіне қосымша нәрсе емес, міндетті шарт, яғни сабақта оқылатын барлық маңызды қағидалар міндетті түрде демонстрациялық тәжірибелер арқылы дәлелденуі керек. Дегенмен ондай тәжірибелердің саны өте көп болмағаны дұрыс. Алдыңғы қатарлы мұғалімдердің жұмысына жүргізілген бақылаулардың көрсетуінше, олардың сабақтарында тәжірибелер саны, көбінесе 2-3, сирек жағдайларда ғана 4 болады. Соңғы жағдайда, мұғалім оқушыларды тәжірибені қабылдауға тиянақты түрде дайындап, олардың нәтижесін ойдағыдай түсіндіретіндей болуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |