Жырдың жиналуы, зерттелуі
«Алпамыс» қазақ еліне, әсіресе оңтүстік қазақтарына, ертеден таныс, көп заман бойына ауызша айтылу арқылы тараған көне жырдың бірі бола тұрса да, тек өткен ғасырдың аяқ кезінде ғана хатқа түсіп, баспа жүзіне шықты. Жырдың бір вариантын алғаш рет Жүсіпбек хожа Шейхұлы Исламов деген кісі 1899 жылы Қазан қаласында бастырып шығарды. Содан кейін жырдың осы варианты өзгеріссіз 1901, 1905, 1907, 1910, 1912, 1914, 1916 жылдары қайта басылды. Жырдың бұл вариантында айтылатын негізгі әңгімелер Алпамыстың Гүлбаршынға үйленуі, Тайшық ханға аттануы, Ұлтанды жеңуі жайында болатын.
Ә.Диваев «Алпамыстың» бір вариантын Жиенмұрат Бекмұхамедовтан жазып алып, «Бұрынғы өткен заманда Жиделі-Байсын деген жерде өткен Алпамыс батырдың хиқаясы» деген атпен 1901 жылы бастырып шығарды. Жырдың бұл варианты Алпамыстың Гүлбаршынға үйленуімен аяқталады. Октябрь революциясына дейін қазақ арасына баспа арқылы тараған негізгі нұсқалары осы екеуі еді.
1922 жылы Ә.Диваев «Алпамыс» жырын қайта бастырып шығарды. Ал 1939 жылы «Батырлар» атты жинақ шықты. Оның редакциясын басқарған, сөз басын жазған Сәбит Мұқанов еді. Ол «Алпамыс» жырын жаңа жинаққа енгізгенде жырдың ел арасында айтылып келген және бұрын баспа жүзіне шыққан нұсқаларын шебер біріктірді де, тұтас бір жырға айналдырды. (Біздің талдауға алатынымыз да осы вариант)
Мұнымен қатар Қазақ ССР Ғылым академиясы соңғы жылдар ішінде «Алпамыс» жырының қазақ арасында айтылып келген бірнеше варианттарын жинап алады. Солардың ішінде күрделісі – атақты Майкөт ақынның, Рақаттың айтуындағы жырлар. (Бұлар әзірге баспа жүзіне шыққан емес.) Жырдың бір вариантын Еркінбек Ақанбеков деген кісі қара сөзбен ертегі түрінде айтқан. Оның басқа жырлармен салыстырғанда тыңнан қосқан бір жаңалығы бар. Ол мынадай: Байбөрінің малын айдап кеткен Тайшық ханның зынданына Алпамыс түсіп қалады. Бір күндері Алпамыс үстінен өтіп бара жатқан қаздарға жалынады, мұңын айтады. Соңғы қаздың қанатына байлап қарындасы Қарлығашқа хат жолдайды. «Қарындасым құс салушы еді, соған табыс ете гөр», – дейді. Жолда қаз қолға түсіп қалады, бірақ қанатындағы хатты көрген мергендер қазды қоя береді. Қаз хатты Қарлығашқа тапсырады, ағасының хал жайын Алпамыстың Қарабай дейтін досына айтады. Қарабай Алпамысты іздеп келеді. Зынданға арқан тастап, Алпамысты шығара бастайды. Орта жерге келгенде Алпамыс «бір кезде Қарабай осы жақсылығын бетіме салық қылар» деп ойлайды да, арқанды кесіп жібереді, зындан түбіне жатып қалады. Досының халіне қайғырып Қарабай еліне қайтады.
Жырдың қазақша басқа варианттарында кездеспейтін, Еркінбектің тыңнан қосқан үлкен бір эпизоды осындай. Бұдан жыршылардың қайсысы болса да «Алпамысты» өздерінше жырлап, өңдеп ұлғайтқандығы байқалады. Жалпы «Алпамыс» жайында советтік дәуірінде жазылған ғылыми мақалалар мен еңбектер бірсыпыра деуге болады. Бұл жөнінде академик А.С.Орлов, М.О.Әуезов, В.М.Жирмунский, А.К.Боровков, С.Мұқанов, Х.Жұмалиев, Т.Зарифов, Ә.Х.Марғұлан, Н.С.Смирнова, Т.Сыдықов, И.Т.Сағитов, М.И.Афзалов, М.И.Богданова, Л.И.Климович тағы басқалары «Алпамыс» туралы жазған еңбектерінде көптеген ғылыми пікірлер айтты. Олар әр елдің «Алпамысын» арнайы қарастырды, жырдың басты идеялық сарыны, халықтық сипаты, көркемдік ерекшеліктері т.б. қандай екендігін ашуға ұмтылды. «Алпамыс» Орта Азия халықтарына ортақ мұра болғандықтан, жырдың кейбір мәселелерін анықтау мақсатымен 1956 жылдың күзінде Ташкентте әдебиетші ғалымдардың кең мәжілісі де өткізілді. Бұл мәжілісте «Алпамысқа» арналған он бес ғылми баяндама жасалды. Осы баяндамаларда болсын және басқа зерттеу еңбектерінде болсын, әдебиетші ғалымдардың тұжырымды қорытындысының нәтижесінде «Алпамыс» шын мәніндегі халықтық жыр деп танылды.
«Алпамысты» зерттеушілердің айтуына қарағанда, бұл – бүгінгі Орта Азия халықтарының белгілі бір мемлекетке айналмай, ру ретінде жүрген кезінде туған жыр. Проф. В.М.Жирмунский мен Х.Т.Зарифов «Алпамыс» жөнінде былай дейді: «Өзінің шығу тегіне қарағанда «Алпамыс» қоңыраттардың рулық эпосы. Қоңыраттардың ру есебінде тарихқа белгілі бола бастауы монғолдардың жаулап алуымен (XII ғасырдың соңы, XIII ғасырдың бас кезі) байланысты»190. Бұл пікірді проф. А.К.Боровков та айтады, ол: «Алпамыс» жырының туған кезі XII-XIV ғасырдың арасы болуға керек, – дейді191. Қазақ Ғылым академиясының мүше-корреспонденты Ә.Х.Марғұлан да «Алпамыс» қыпшақ заманында туған, содан қалған жыр екендігін айтады192.
Демек, «Алпамыс» – Орта Азия халықтарының ерте заманда, ру болып жүрген кезінде шығарған шығармасы. Бұл жырдың Орта Азия халықтарына ортақ болу себебі де осыдан. Жырдың негізгі идеясы – ру бірлігін сақтаудан туған. Сондықтан да жырда ру бірлігін көздеген, әр рудың арасында араздық, шапқыншылық болмай, татулық болуын мақсат еткен адамдардың іс-әрекеті ардақталады. Оларды рудың қамқоршысы етіп суреттейді. Ал ру бірлігін, ру тілегін ойламай, өз қара басының қамымен жүретіндерді жыр жағымсыз бейнеде сипаттайды. Сөйтіп, «Алпамыс» – өз дәуірінің идеясын бейнеленген, оны көп ғасыр бойына сақтап келген халықтық жырдың бірі.
Әрине, «Алпамыс» жырын бағалауда теріс көзқарастар да болмай қойған жоқ. Бұл жырдың өзбекше вариантын қарастырған А.Абдунабиев пен А.Степанов «Алпамысты» халыққа жат, зиянды шығарма деп бағалады193. Олардың бұл пікірі қазақтың кейбір әдебиетшілері мен тарихшыларына да әсер етті. Қазақстанда да «Алпамысты» феодалдар мен байлар тудырған, солардың мүддесін білдіретін жыр деп, жырдың қазақша варианты да халыққа жат деп дәлелдеушілер болды. Олар жырдың халыққа жат болу себебі Ұлтан образының жағымсыз түрде жасалуынан деп көрсетті. Шығарманың халықтық сипаты жеке образдарға байланысты емес екендігін олар ескермеді.
Соңғы кезде «Алпамысты» бағалауда орын алған мұндай нигилистік көзқарастардың қате, теріс екендігі айқындалды, оларға қатты тойтарыс берілді. Бұл жөнінде Ташкентте өткізілген мәжіліс және әдебиетші, тарихшы ғалымдардың жаңа зерттеулері «Алпамыс» жыры халықтық шығармалардың қатарына қосылатындығын анықтады. Сондықтан да біз «Алпамысты» қазақ халқының да ертеден келе жатқан мәдени мұрасының бір ескерткіші деп танимыз.
«Алпамыс» – халықтық жыр, халықтың идеясын, қоғамдық көзқарасын білдірген күрделі шығарманың бірі. Жырдың халықтық идеясы жырдағы образдар арқылы ашыла түседі194.
Қазақтағы батырлар жырының ең ескісі, рулық кезінен қалғаны «Алпамыс» десек, батырлар жырында адам образын жасаудың алғашқы үлгісін салған да осы жыр деуге болады. Бергі кездегі батырлар жырында батыр образы ұлғайып өскен дәрежеге көтерілсе, ондағы батырлар көбінесе көк сауытты киініп, көк сүңгіні ұстаған бейнеде, қандай жау келсе де оған қарсы аттанып ерлікпен күрескен, ел-жұртын қорғап қалған алып тұлға түрінде суреттелсе, «Алпамыс» жырында батырлық образ жасаудың бастамасы ғана бар секілді. Жағымды, жағымсыз кейіпкерлердің образын жасауда «Алпамыс» жыры өз кезіндегі ауыз әдебиетінің әр түрлі үлгілерін пайдаланғаны да байқалады. Жырдағы кейбір кейіпкерлердің ертегілерде кездесетін персонаждарға ұқсас келу себебі де осыдан болуға тиіс.
Алпамыс
Жырдың басты кейіпкері – Алпамыс. Ол халықтың ру бірлігін сақтау идеясынан, руға қамқор-қорған болар батырды арман еткен қиялынан туған образ. Сондықтан жыр Алпамыстың іс-әрекетіне батырлық сипат береді.
Алпамыстың батырлық іске бел байлаған сапары Гүлбаршынды іздеп шығуынан басталады. Өзіне жар-жолдас – қалыңдық іздеп шығу, бұл жолда әр түрлі ерлік істер жасап, батырлық сыннан өту – дүние жүзіндегі эпостық шығармалардың көбінде кездесетін жәйіт. Ондағы батырлардан Алпамыстың бір үлкен айырмашылығы бар: Алпамыс батырлық іске тек Гүлбаршын үшін ғана аттанбайды. Ол бір кезде Байбөріге өкпелеп бөліне көшкен, қалмақ еліне кеткен Қоңырат руының бір бөлегін іздеп те шығады. Өзіне туыс болған рудың бір бөлегі жат жұртқа көшіп кетуі, қалмақ ханына қоңсы болуы, оның зорлық-зомбылығын көруі Алпамысқа қатты бататын сияқты. Сондықтан да халық жыры Алпамысты қалмақ еліне аттандырады, ол өкпемен көшіп кеткен ел-жұртының бір бөлегін қайтару, оны қоңыраттарға қайта табыстыру, татуластыру мақсатын көздейді, ру бірлігін қарастырады. Жыр ру арасында бірлік болса, елдік бар екендігін аңғартады. Байсарының қалмақ ханына көшіп кетуін, ол жерде жат жұрттан қорлық көруін суреттеу арқылы жыр бірсыпыра жайды елестеткендей болады. Ру бірлігін бұзып бөліне көшкен адамдар осындай өкінішті күйге ұшырайды, сондықтан бірлік сақтау керек деген қорытынды жасайды. Осы ретте ру бірлігін қорғаушы батыр болуы керек деп таниды. Батыр ру бірлігін қорғаушы ғана емес, ол сонымен қатар руды біріктірушы, батыры болмаған ру бытырап, тозып кетеді деп көрсетеді.
Жырдың бірінші бөлімінде сөз болатын басты идея, негізгі әңгіме осындай, оны жүзеге асыру үшін іске кірісетін – Алпамыс. Ол өзінің қалыңдығын іздеуді дәлел етіп, жат елге сапар шегеді. Гүлбаршынды іздеп шығу әңгімесі жырдың негізгі идеясын айқындаудан туған болады.
Алпамыстың бұл сапарға аттануын халық жыры үлкен батырлық, соған талаптанушлық деп таниды. Оның күшті батыр екендігін аша түсу үшін жыр бірнеше дәлелдер де келтіреді. Гүлбаршынды іздеп қалмақ еліне баратындығын атасы Құлтайға айтып, Алпамыс одан мінуге ат беруін сұрайды. Содан Құлтай: «Көп жылқыны үстіңнен тоғытып айдайын, сен бір тастың тасасында жат. Сенің қайратты ер жігіт екеніңді білейін, өзіңе арнаған атты ұстап ал, егер еншіңді танып ұстасаң, қолымнан ерттеп берейін», – дейді.
Алпамыс бұл шартты орындап шығады, өзінің еншісіне арналған, жылқының нары аталған Байшұбарды құрықсыз құр қолмен ұстап алады. Мұны халық жыры Алпамыстың мықтылығын сипаттау үшін келтірген болады. Сонан кейін, Алпамыс қасына жолдас алмай, жат елге жалғыз аттанады. Мұны да жыр Алпамыстың батырлық өжеттігі деп бейнелейді.
Алпамыстың мықты батыр екендігі алғаш рет Қаражанмен кездескен жерде байқалады. Гүлбаршынға таласқан хан да, Қаражан да жас батырды көрмей жатып оның келе жатқан дүбірінің өзінен-ақ қатты сескенеді. Бұл дүбірді естіген Қаражан: «Тайшаның әскері де, менің әскерім де қайтыңдар.Қырық мың қол келе жатыр, иә болмаса қырық мың қолға татитын біреу келе жатыр», – деп жар салады. Талай қамалды бұзып жол салған Қаражан осы тұста қатты сасады. Оның бұл жай-күйін астындағы тұлпары да сезгендей болады. Сонда Қаражан:
Жамандатқыр, не көрдің?
Қара атым, менің не көрдің?.
Алдыңда жолбарыс жатыр ма?
Келгендер бізден батыр ма?
Не көрдің, қара ат, не көрдің?
Ат шомылған тер ме екен?
Келгендер бізден ер ме екен?
Батырың қайғы жер ме екен?
Не көрдің, қара ат, не көрдің?, –
(Батырлар жыры 171-бет)
дейді.
Оның бұл қауіпі расқа келеді. Алпамыспен кездескен сәтте ол күштілігін айтып қыр көрсетеді, Гүлбаршынды оңайлықпен бере қоймайтындығын білдіреді. Бірақ жекпе-жек күреске келгенде Қаражан жеңіліп қалады, бас сауғалық сұрап, Алпамыспен дос болады.
Қаражан секілді мықтыны жеңген Алпамыс кейіннен тағы бірнеше батырлық өнер көрсетеді. Тайша ханның күреске шығарған палуандарының бәрін жығады. Бұған намыстанған ханның бас уәзірі Көкеман Алпамысқа оқ атып пәле бастайды. Сол кезде бастығы Көкеман болып жабылған қалмақтарға Алпамыс ұрыс салып, бәрін жеңіп шығады. Сөйтіп ол айбынды батыр екендігін білдіреді.
Алпамыстың күшті батыр екендігі Тайшық ханның сөзімен де сипатталады. Батырдың елде жоқтығын пайдаланып, оның малын қалмақ ханы Тайшық айдап әкетеді. Бұған қатты ыза болған Алпамыс зорлықшыл қалмақ ханына қарсы, оның қолына түскен малдарын қайтару үшін, аттанады. Өзінің батырлық күшіне сенгендіктен ол қасына жолдас ерітпей жат елге тағы да жалғыз тартады. Мұны халық жыры Алпамыстың батырлық сапары, ерлік іске аттануы деп суреттейді. Алпамыстың келе жатқанын Тайшық хан түсінде біледі. Ұйқысынан шошып оянған хан:
Мен бір бүгін түс көрдім
Түсімде жаман іс көрдім.
Құрсаулы қара бура кеп,
Қарсы қарап шабынды.
Көзімнің жасы егілді,
Қабырғам менің сөгілді,-
Басымда тәжі дәулетім
Жерге менің төгілді
Бір арыстан өзіме
Шабатұғын көрінді. –
(Сонда, 199-бет)
дейді. Ханның осы түсі арқылы жыр Алпамысты халық ұғымындағы күштілік бейнесін елестететін құрсаулы қара бураға немесе арыстанға теңейді. Мұнымен де жыр батырдың алып тұлғасын, ерлік келбетін сипаттайды.
Алпамыс – ақыл-айласы, өнері бар, қандай жағдайда болса да қолынан іс келетін батыр. Ол Тайшық ханның зынданында жатып, тас қамаудан құтылу жайын қарастырады. Бірақ зынданнан шығу оңайға түспейді. Батырды зынданнан алып шығатын тек Байшұбар ғана. Ал Байшұбарды қолға түсіру үшін хан сарайына кіретін адам керек. Ондай адам – хан қызы Қаракөзайым. Осы жағдайдың бәріне көз жіберіп ойластыра қараған Алпамыс, Кейқуатқа сүйек, мүйізден әр түрлі аспаптар жасап береді. Солар арқылы Алпамыс Қаракөзайыммен танысады. Оны хан сарайына жіберіп, айламен Байшұбарды алдырады. Сонан кейін зынданнан құтқарылған Алпамыс, жауын жеңіп кек қайырады.
Тайшық ханды жеңіп оның орнына Кейқуатты хан етіп тағайындаған Алпамыс, еліне қайтпақ болады. Осы кезде Кейқуат Алпамысқа: «Сіз кеткен соң мына ел мені бір күн де тірі қоймайды, өлтіріп тастайды», – деп қаупін айтады. Бұл қауіптен қалай құтылудың жайын үйретіп ақыл беретін де Алпамыс болады. Алпамыс еліне қайтып келеді, жеті жыл ішінде елінің қандай халде болғанын, кімнің дос, кімнің қас екенін білу үшін тағы бір әдіс қолданады. Ол диуана болып, ел-жұртын аралайды, ағайын-туысының, бала-шағасының хал-жайын өз көзімен көреді. Осы секілді әнгімелерді тізбектей айта отырып, жыр Алпамысты әрі батыр, әрі ақыл-айласы, өнері, әр түрлі әдісі бар адам бейнесінде суреттейді. Оның батырлық образын толықтыра түсу үшін халық ұғымындағы батырға тән кейбір қасиеттер де жырға қосылады. Сондай қасиеттің бірі ретінде Алпамыстың аңғалдығы, достықты жоғары бағалайтындығы алынады. Әлі сыр алыспаған, достығына көзі толық жетпеген Қаражанға Байшұбарды беріп жіберуі, тұлпарының неліктен ақсап келгенін білмей жатып Қаражанды кінәлауы, оны өлтірмек болуы немесе мыстан кемпірдің тіліне еріп Байшұбарды шауып тастай жаздауы Алпамыстың аңқаулығы деп, оны батырға тән қасиет деп сипаттайды. Қаражан мен Кейқуаттың достығын аса жоғары бағалауы, олар үшін жан аямауы, үлкен дәрежеге жеткізуі Алпамыстың батырлық даңқын көтере түседі.
Сөйтіп, жырда Алпамыс өз кезінің үлгі еткен сүйкімді батыры, елдің ері болып суреттелген. Алпамыс образы арқылы ел бірлігін көздеген халықтың батыр жайындағы көзқарасы, арман еткен қиялы жинақталып берілген деуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |