Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет71/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Гүлбаршын
«Алпамыс» жырының жағымды кейіпкер етіп суреттеген адамының бірі – Гүлбаршын. Жырдың композициялық жағын алғанда, көптеген әңгімелер Гүлбаршынға байланысты дамып отырады. Байбөрі мен Байсарының құда болысуы, Тайша хан мен Қаражанның таласы секілді күрделі оқиғалардың негізгі түйіні Гүлбаршын болып келеді. Жырдағы сюжет құрылысында осындай айрықша орын алған Гүлбаршынның образын жасауға жыршылар үлкен мән береді.
Гүлбаршын асқан көркемдік, сұлулықтың бейнесі ғана емес. Ең алдымен ол ел сүйген батырға жар-жолдас, кіршіксіз таза,айнымас дос тұлғасында жырға қосылады. Жырда Гүлбаршын асқан ақылды, әдіс-айласы мол, досына сенімді серік, адал ару бейнесінде көзге түседі. Ол досының алдында болсын, дұшпандарының алдында болсын өзінің де, Алпамыстың да абыройын түсірмей, көтере ұстайды. Нешелер қысылшаң кезде, ақылмен жол тауып, төніп келген қауіптен құтылып отырады.
Тайша хан мен Қаражан қызды: «Мен алам, мен алам», – деп таласқа түскен кезде, сөз салмағы, таңдау кезегі Гүлбаршынға берілген болатын. Осы бір кезде Байсары мен Алтыншаш қатты сасады, Тайшадан да, Қаражаннан да қорқады. Бірақ бұл жағдайдан ата-анасын да, өзін де алып шыққан Гүлбаршын болады. Хан мен Қаражанның жіберген жаушыларына Гүлбаршын:
Арада алты ай өткенде,
Арығы болса семірсін,
Семізі болса таптасын.
Мініп бедеу желгенге,
Армансыз дәурен сүргенге,
Қырық күншілік байрақтан,
Аты озып келгенге,
Құй қызылбас демеймін,
Бақыты қара Баршынмын,
Хан, қараңа айтып бар,
Өзім соған тиемін, –
(Сонда, 168-бет)
деп жауап қайырады. Таласқа түскен хан мен батырдың ешқайсысына да уәде бермей ұзын сонарға салады. Өзінің сүйген жары Алпамысты «келеді» деп күткендіктен жаңағы жауапты қайырады. Алпамыстың келетіндігіне қатты сенеді. Ол Алпамыс келер мерзімін анық білмесе де, таласқан адамдарын жіпсіз байлап, уақытты өткізе беруді көздейді. Қандай қиын жағдайда тұрса да Гүлбаршын Алпамыстан күдер үзбейді, қайта оған деген махаббаты, сүю сезімі арта береді. Сондықтан да ол қалмақтың ханын да, батырын да менсінбейді, сүймейді. Бұл ретте ол Алпамысты өзінің сүйген жары есебінде ғана емес, бүкіл қоңырат жұртының ардақты ұлы деп сүйеді.
Қысылшаң жерде айла жасап, ақылмен жол тапқан Гүлбаршын Алпамыс келген кезде хан мен Қаражанға ілгеріде айтқан уәдесінен тайынбайды. «Айтқаным айтқан», – деп, – «қырық күншілік жерден аты озып келген кісіге тиемін», – деген сөзінде тұрады. Байшұбардың озып келетіндігіне сенеді. Хан жағы бұл шартты қомсынып, палуан күресін ұсынатын болса, онда Алпамыстың жеңетіндігіне шүбә келтірмейді. Сондықтан да Гүлбаршын сөзге сынық болмас үшін еркін сөйлейді. Бұрынғы уәдесі берік екендігін білдіреді. Бұл әнгімелерді халық жыры Гүлбаршынның жағымды образын жасау үшін келтірген болады.
Гүлбаршын басқа жырлардағы батырлардың әйел жолдастары секілді, Алпамысқа қамқоршы дос, жәрдемші жар болып суреттеледі. Басқа жырларда батырға керекті қару-жарақты немесе тұлпарды дайындап беруші-батырдың сүйген жары болатын. Мұндай адамгершілік қасиет Гүлбаршында да бар. Оның бұл реттегі қызметі төрт аяғы күп болып ісіп кеткен Байшұбарды емдеуімен көрсетіледі.
Байшұбар аттай бедеудің
Аяққа қаққан шегесін,
Қысып ұстап қышқышпен,
Табандап суырып алады.
Арам қанын аяқтың,
Қортықпен сорып алады.
Зиянды қанды қоймайды
Төрт қозының құйрығын
Қазанға салып күйдіріп,
Аяққа орап салады, –
(Сонда, 193-194-беттер)
деп, жыр Гүлбаршынның Байшұбарға жасаған емін суреттейді.
Алпамыстың жеті жыл бойына хабарсыз кетуі бүкіл қоңырат жұртымен қатар, Гүлбаршынға да қатты батқан кез еді. Бұл жылдар Гүлбаршын үшін қорлығы көп, азабы мен қайғысы мол мезгіл болатын. Бірақ Алпамысты адал көңіл, ақ ниетімен сүйген Гүлбаршын соның бәріне шыдайды, жарын сағына күтеді. Батырға деген адалдығын, кіршігі жоқ махаббатын басынан аяғына дейін сақтайды. Мұны ол диуана кескінінде келген Алпамысқа айтқан сөзінде толық дәлелдейді. Жеті жыл бойында ойынан Алпамыс шықпаған, басқа еш адамға көңіл бөлмегенін айта келіп:
Осы Байсын белгілі,
Жерім болсын.
Жалғыз ұлым жарқырап
Керім болсын.
Сол құлыңның сөзіне
Құлақ салсам,
Әкең келіп некелі
Ерім болсын, (Сонда, 243 бет) –
дейді.
Гүлбаршынды жыр әрі ақылды-айлалы, әрі сертте тұрғыш, әрі адал етіп суреттей отырып, оны Алпамыстың сүйікті жары, жәрдемші досы етіп бейнелейді. Сол үшін оны өз кезінің үлгілі қызы деп жырға қосады.


Ұлтан
«Алпамыс» жырын сынап, оның «халықтық сипаты жоқ» деп «дәлелдеген» кейбір әдебиетшілер жырдағы Ұлтан образын мысалға алған болатын. Олар: «Ұлтан езілуші халықтың өкілі еді, өмірін жалшылықпен өткізген құл еді. Ұлтан образын жексұрын түрде, ұнамсыз етіп жасаушылық жырдың халық тілегіне жат екендігін көрсетеді», – десті. Жырдың негізгі идеясын анықтамай тұрып оны бірден халыққа жат жыр деп демеушілік, оған тек Ұлтан образын ғана мысал етушілік әдебиет зерттеу ғылымында жасалған қатенің бірі еді.
Шынына келгенде, Ұлтан – осы жырдағы ең жағымсыз кейіпкер. Оның ұнамсыз бейнеде алынуы, Ұлтанның құл болғандығында емес, ісінде. Тіпті, жырдың қай вариантын алсақ та, Ұлтан шын мәніндегі құл да емес.
Ол Алпамыстың немересі, Құлтайдан туған бала. Ұлтан өсе келе, Алпамыс секілді ел қамын ойламайды, өз дәрежесінің үстем болуын көздейді. Бұл мақсатына жету үшін Ұлтан қолынан келген және ойына алған жауыздық істер жасайды. Ең алдымен, Алпамыстың елде жоқтығын пайдаланып, өзін-өзі хан көтереді; Алпамыстың ағайын-туыстарын азапқа түсіреді, ел-жұртты быт-шыт қылып бүлдіреді.
Жауыздық іс-әрекеті көп, халыққа зорлықшыл бейнеде алынған Ұлтан – жырдағы ең жексұрын кейіпкер. Өзгені былай қойғанда, оның сырт келбеті де кесапат. Салған беттен-ақ жыр Ұлтанның кескінің адам қорқарлық етіп сипаттайды.
Кеуделері кепедей,
Мұрындары төбедей,
Күрек тісі кетпендей,
Кеңірдегі жүһиттің көріндей,
Отырған орны алты қанат үйдің төріндей,
Құлақтары қалқандай,
Мұрындары сығымдалған талқандай,
Көздері терең зындандай,
Басқан ізі от орнындай,
Аузы ошақтай,
Азу тісі пышақтай,
Мұрын тесігі үңгірдей,
Иегі сеңгірдей (сонда, 160-161 беттер) –
деп, жырда Ұлтанның кескін пішіні суреттеледі. Мұндай кесапат кескін мол жауыздық иесіне бітеді дегендей ұғым тудырады. Бұл ретте халық ертегілерінде кездесетін және неше түрлі озбырлық пен қаскүнемдіктің бейнесін елестететін жалмауыздар, жалғыз көзді дәулер Ұлтанға тең келмей қалады. Олардың бәрінен Ұлтан өзінің кісі үрейленерлік кескінімен де, жауыздық іс-әрекетімен де асып жатады. Өзін-өзі хан көтерген Ұлтан ел басына еңіреген күн тудырады. Ағайын-жұртты аздырып жібереді. Мұны жырдың Алпамыс келгеннен кейін:
Тозып кеткен жұртының
Бәрін жиып алады, –
деуінен аңғаруға болады. Ұлтанның елге істеген жауыздық істерінің аса бір жан түршігерлік жері көкпарға жеті жасар Жәдігерді тарттыруымен көрінеді. Халықтың арғы-бергі тарихында адам баласын көкпарға тарту болған емес. Бірақ мұны Ұлтан ғана жасайды. Көкпарға тартатын мал бер деп келген жігіттерге: «Менің заманымда сіздерге көрмеген қызықты көрсетейін, анау Алпамыстың жеті жасар баласы Жәдігерді тарт», – дейді Ұлтан. Бірақ, Ұлтанның бұл «мырзалығын» ешбір жан қолдамайды. Қайта оған жұрт Жәдігердің сөзімен қарғыс айтады.
Есіктің алды қара қыр,
Аш бүгіліп жарағыр,
Жетім қалып сандалып,
Мендей болып жылағыр.
Ешкі жасын жасағыр,
Аяғыңнан ақсағыр.
Жетім қалып сандалып,
Құрсау түсіп мойныңа
Мендей болып қақсағыр.
(Сонда, 227 бет.), –
дейді Жәдігер. Бұны Ұлтанға айтқан Жәдігердің ғана қарғысы емес, бүкіл рудың үкімі деуге болады.
Алпамыстың елде жоқтығын пайдаланып, өзін-өзі хан көтерген, жұртқа бүлік салған Ұлтан – қаншама мықтысынса да қорқақ адам. Ол жеті жасар Жәдігерден де қатты қауіптенеді, сондықтан да жас баланың аяқ-қолына кісен салып ұстайды. Ал Алпамыс келген кезде, қарсылық көрсетуге жарай алмай, қаша жөнеледі. Бірақ халық қарғысына душар болған Ұлтан қашып құтыла алмайды, жазаға тартылады. Халық жыры Ұлтан образын аса жиренішті етіп жасай отырып, ол арқылы қиянатшыл, зорлық жасағыш жауыз адамның жағымсыз бейнесін елестетеді. Ұлтанға деген өшпенділікті күшейте түседі, оның халыққа қызмет етуді мақсат етпеген адам екендігін, қайта көпшілікке көр қазушы болғандығын айқындайды. Егер ол, кейбір әдебиетшілер айтқандай, еңбек адамының өкілі болып жырға енсе, онда жыр Ұлтанды жағымды бейнеде алған болар еді. Жырдың Ұлтанды «құл еді» деп айтқан бір ауыз сөзі, оның халық арасынан шығып, халық ісі үшін күрескен адам екендігіне дәлел бола алмайды. Әңгіме оның ісінде жатыр. Бұл ретте Ұлтанды Кейқуатпен салыстырсақ, екеуінің арасында жер мен көктей айырма барлығын аңғару қиын емес. Жырда Кейқуат та құл деп аталады. Бірақ халық жыры Кейқуатты жағымды кейіпкер етіп суреттейді. Өйткені Кейқуат көпшілік ісі үшін күрескен Алпамысқа көмектеседі, батырдың досы, жәрдемшісі болады. Сондықтан да Кейқуат зор дәрежеге көтеріледі. Ал Ұлтан олай емес. Ұлтан халыққа қастық істер жасағаны үшін жазаға бұйырылады. Оның образын жиренішті жасай отырып, халық жыры ел мүддесін қорғаған Алпамыс секілді батырды ардақтайды.


Қаражан
Жырдағы жағымды кейіпкердің бірі – Қаражан. Ол ел-жұртын сүйген, дәреже және адамгершілік жағынан ешкімнен де кем түспейтін батыр. Қазақтағы батырлар жырының көпшілігінде қалмақ батырлары жағымсыз кейіпкер болып суреттелетін. Олар көрші елдерге ойран салушы, соғыс ашып, жорық жасаушы, қанқұмар басқыншылар болып келетін. Ал «Алпамыстағы» Қаражан ондай адам емес. Қаражан қалмақ батыры бола тұрса да, ұнамды бейнеде суреттеледі. Өйткені Қаражан – ел қамын ойлаған, жаттан жау тілемеген және жорық жасауды мақсат етпеген батыр. Сонысы үшін халық жыры Қаражанды жағымды кейіпкердің қатарына қосады.
Қаражан – күшті батыр. Гүлбаршын үшін Тайша ханмен тайсалмай таласқа түсуі, бақ салыстыруы, ханнан именіп тізе бүкпеуі – сол күштіліктің белгісі. Ел алдында батырдың қадыры ханнан артық болмаса, кем еместігін аңғартады. Қаражанның батырлығы ханмен таласқа түсуінен ғана көрінбейді. Оның нағыз айтулы батыр екендігі ел қамын ойлауымен көзге түседі. Хан мен Қаражанның әскері айқасып тұрған шақта: «Қырық мың қол келе жатыр, иә болмаса, қырық мың қолға татитын біреу келе жатыр»,-деп, Қаражан екі жаққа тоқтау салады. «Келе жатқан қолдың» кім екенін білмесе де, әзірлік жасайды. Егер ол келе жатқан жау болса, одан ел-жұртын қорғап алуды қарастырады.
Ақ сауытым киейін,
Ат құйрығын түйейін,
Кім де болса осы жау,
Қаражан атым құрымаса,
Бір шетінен қиғаштап
Аш бөрідей тиейін
(сонда, 170-бет), –
деп, Қаражан жол тосуға жалғыз аттанады.
Алпамыспен кездесіп, алысқа түскен Қаражан жеңіліс табады. Оны жырда Алпамыстың діні күшті болғандығынан деп дәлелдейді. Бұл бергі заманның қоспасы болуға тиіс. Жырдың идеялық сарынына қарағанда Қаражанның Алпамыстан жеңілуі дін әңгімесіне байланысты емес. Оның басқаша мәні бар деуге болады. Өз елінің аман-саулығын ойлаған Қаражан Алпамыстың жау еместігін біледі де, онымен достыққа келеді. Алпамыс қалмақ еліне жаулық жолымен шапқыншылық жасау үшін келген батыр емес. Ол қалыңдығын іздеп келеді. Алпамыстың бұл мақсатына жетпей қоймайтындығын және қалыңдығы үшін қандай іске болса да бара алатындығын аңғарған Қаражан адамгершілік жасайды; Гүлбаршынды теңіне қосып абырой алуды, екі елдің арасын жауластырмауды көздейді. Ал бұлай етпесе Алпамыспен алысқа түссе, оның ақыры қырғын соғыс, қантөгіске айналып, ел-жұртқа ауыр тиетіндігін Қаражан жақсы түсінеді. Сондықтан да ол Алпамыспен төс түйіскен дос болып, серт байласады; қолынан келген қызметін аямайды.
Ел-жұртының тыныштығын ойлаған Қаражан Алпамысқа берген достық сертін бұлжытпай орындап отырады. Ол бұл ретте, қаншама ауыр болса да, жалғыз баласы Досмағамбетті өлтіруге шейін барады. Бір жағынан, жұрт алдында Алпамыстай досының абыройлы болуын көздесе; екіншіден, өзінің де батырлық сертке берік екендігін білдіреді. Осы секілді әңгімелерді айта отырып, жыр Қаражанды ел қамын қарастырған, қарабастың мүддесінен де көпшілік мүддесін жоғары ұстаған батыр етіп суреттейді. Екі елдің арасында татулық, достық болуын мақсат еткен адам деп сипаттайды. Сондықтан да оның образы жырда жағымды етіліп жасалған болады.


Мыстан
«Алпамыс» қазақтағы батырлар жырының ең ескісі, оған кейбір әңгімелерінің ертегі түрінде айтылуы дәлел десек, оны жырдағы мыстан кемпір образынан көруге болады. Жалпы халық әдебиетінде, мыстан кемпір көбінесе жауыздықтың, қиянатшылдық пен қастықтың бейнесін елестетеді. Мыстан кемпірлер қалың көпшілікке немесе сол көпшілік қамы үшін күресетін адамдарға қастық жасап жүреді және олар хандар мен уәзірлердің, халықты езушілердің қызметінде болады, соларға болысады. «Құламерген», «Аламан мен Жоламан» т.б. сияқты халық ертегілерінде суреттелетін мыстандар еңбек адамына, халықтың сүйікті ұл-қыздарына неше түрлі қастық жасайды, олар бұл жөнінде хандардың жауыздық тілегін орындаушы, соған көмектесуші болады. «Алпамыс» жырында суреттелетін мыстан кемпір де сондай.
Алпамысқа қастық жасайтын мыстан осал жау емес. Ол мол жауыздықтың, зор қастықтың иесі болып келеді. Оны жыр: «Қабағы тырысқан, көрінгенмен ұрысқан, тізесіне шекпені жетпеген, басынан жаманшылық кетпеген, бір кез ширек бойы бар, адам таппас ойы бар», – деп сипаттайды. Ол өзінің қастыққа толы іс-әрекеттерін асқан айла-амалмен іске асырып отырады. Тайшық хан Алпамыстың келе жатқанын біліп абыржып, барарға жер таба алмай сасқан кезде, оған көмекке мыстан келеді де, жәрдем-көмегін ұсынады. Бұл еңбегі үшін өзінің таз баласына қалыңдыққа ханның қызын сұрайды. Зәре-құты қалмай, үрейі ұшып отырған хан мыстанның тілегін береді. Содан кейін мыстан іске кіріседі, қырық қыз бен қырық отау алып, Алпамыстың алдынан шығады. Әр түрлі әдіс-айла жасап, аңғал батырды қолға түсіреді. Мыстан кемпір қаншама айлалы болса да, халық жазасынан құтылмайды. Сол қаскүнемдік істері үшін ол қорлық өлімге душар болады. Халыққа және оның ардақты ұл-қыздарына жасаған жауыздықтары, ақырында мыстанның өз басына ажал оғы болып тиеді. Мыстанды халық жыры жауыздықтың, қастық пен қиянаттың бейнесінде ала отырып, оны халықтың және көпшілік ісі үшін күресушілердің жеңетінін аңғартады.
Жырдың композициялық құрылысында, жырдағы тартыстарды шиеленістіруде мыстан образының алатын айрықша орны бар. Әсіресе, жырдың екінші бөліміндегі оқиға, тартыстардың бір-біріне ұштасуы және дамуы мыстанға байланысып жатады. Егер мыстан кемпір болмаса, Алпамыс Тайшық ханға тура барып, оны жеңіп қайтар еді жеті жыл бойына зынданда жатпас еді. Сондықтан да жырдың бұл бөліміне мыстан образы көптеген оқиғаларды бірінен-бірін тудыра, шиеленістіріп баяндау үшін енгізілген секілді. Мұны ертедегі батырлар жырының сюжет құрудағы ерекше бір әдісі деп қарау керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет