Реформа дәуірінен кейінгі кезде туған жырлар
Қазақстанның Россия мемлекетіне қосылу ісі аяқталған кезден бастап Ұлы Октябрь революциясына дейінгі дәуірде де батырлар жыры туғандығын көреміз. Бұл кезде, бір жағынан, ескі феодалдық қатынастар дәуіріне туған жырлар қайта өңделіп жырланса; екінші жағынан, жаңа тақырыпты жырлар да пайда бола бастайды. Мұндай жаңа жырларды таптық негізде, әр таптың көзқарасын бейнелеп көрсету негізінде туады.
Реформадан кейінгі дәуірде туған батырлар жырының басты бір тақырыбы қазақ халқының XVII-XVIII ғасырларда жоңғар (қалмақ) басқыншыларына қарсы жүргізген ерлік күресі болады. Бұл тақырыпты жырлауда және қазақ халқының жоңғар басқыншыларымен күресін бағалауда екі түрлі көзқарас туады. Оның бірі – қанаушы таптың, екіншісі – еңбекші халықтың көзқарасын білдіреді. Сөйтіп, осы негізде де бір-біріне қарама-қарсы екі бағытты көрсететін батырлар жыры шығады.
Қазақтың феодалдары мен байларының және ХІХ ғасырдың аяқ кезінде қалыптаса бастаған ұлт буржуазиясының тілегінен туған батырлар жыры қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген ерлік күресін бұрмалап бейнелейді, күрестің негізгі қозғаушы күші халық болғандығын көрсетпейді, оны жасыра жырлайды. Күрестің бастаушысы да, онда ерлік көрсетуші де хан тұқымдары, солардың батырлары деп суреттейді, қазақ хандарын асыра дәріптейді. Бұған «Қарабек», «Қасым хан», «Еңсегей бойлы Ер Есім» дейтін жырларды мысал етіп алуға болады. Қазақ еліне шабуыл жасаған жоңғар басқыншыларын талқандап жеңген халық екендігі бұл жырлардан көрінбейді, оларды жеңушілер хандар және солардың жеке батырлары деп мадақтайды.
Мұнымен қатар, сол аталған жырлардағы батырлар басқыншыларға қарсы аттанғанда, жаудан халықты қорғау үшін емес, хандықты қорғау үшін аттанады. Олар жау әскерлерін жеңгеннен кейін ел талайды, қалмақтардың жер-суын, қонысын тартып алады. Сонан кейін оларды зорлап отырып, мұсылман дініне енгізеді. Бұл ретте аталған жырлардың қайсысы болса да ислам дінін үгіттеуге айрықша мән береді. Қарабек жас кезінде жеті жылдай молдадан мұсылман оқуын оқиды, сол оқудың арқасында ол жауларын жеңіп отырады. Есім хан да мұсылманша оқыған адам болып суреттеледі. Егер ертеде туған батырлар жырында дін әңгімесі жалпы түрде, әр түрлі мифтік ұғымдарға байланысты айтылса, реформадан кейінгі кезде халыққа жат тілекте туған жырларда ислам дінінің «артықшылығы» айрықша жырланады. Сондай-ақ, ерте кезде халықтық негізде туған жырларда әйелдердің (Құртқа, Назым, Ақжүніс т.б.) жағымды образы жасалып, олардың ақылы мен ісі ерлермен бірдей екендігі көрсетілсе, қазақ феодалдары мен байларының, ұлт буржуазиясының тілегінен туған жырларда әйел образы мейлінше жағымсыз түрде жасалады, «барлық пәле» әйелден деп бейнелейді. (Бұған «Қарабек батыр» жырындағы Ханбибі образын мысал етуге болады.)
Реформадан кейінгі дәуірде халық тілегіне жат жырлар ғана туып қойған жоқ. Бұл кезде халық тілегін, оның идеясын, қоғамдық көзқарасын білдіретін халықтық жырлар да туды. Халықтық жырларды тудырушы ақын-жыраулар қазақ халқының шетел басқыншыларына қарсы өткен заманда жүргізген ерлік күресін суреттеумен ғана шұғылданбайды. Сонымен қатар, реформадан кейінгі кезде қазақ елінде болған әлеуметтік жағдайларды да бейнеледі, осы негізде тақырыбы жаңа жырлар шығарады.
Аталған кезде туған халықтық жырлардың басты тақырыбы реформаға байланысты қазақ халқының қоғамдық өміріне енген жаңалықтар болады. Халықтық тұрғыдағы жырлар бұл жаңалықтарға еңбекші халықтың және әлеумет өмірінде бұрынғы күші кете бастаған хандар мен феодалдардың қалай қарағандығын бейнелейді. Мұндай жырлардың («Төрехан», «Әуез батыр», «Нарқыз») басты кейіпкерлері халық ортасынан шыққан қарапайым адамдар болып келеді.
Олар өздерінің адал еңбегімен, ақылды, білгірлігімен, өнерімен халыққа қызмет етеді. Олардың бұл істерін халық өзінің жырына қосып, сүйсіне жырлайды. Кейде, олардың ісін аңыз-ертегіге да айналдырып жібереді. Қорыта келгенде, батырлық-ерлік істерді суреттейтін халықтық жырлар ертеден келе жатқан мәдени мұраның асылдарынан саналады. Ол жырлар халқымыздың ертедегі ерлік рухын, нені көксеп, нені арман еткенін бейнелейді. Бұдан, әрине, халықтық жырлардың барлығы жоғары идеялы, әрі көркем деген ұғым тумайды. Олардың ішінде, жоғарыда айтылғандағыдай, идеялық қайшылығы барлары да, көркемдік жағы әлсіздері де кездеседі. Біздің міндетіміз халықтық жырлардың ішінен ең асылдарын таңдап ала білу болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |