Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет73/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Ескі жырлардың жайы
Қазақстанға капиталистік элементтер ене бастаған кезде батырлар жырының жаңа түрлері тууына байланысты бұрыннан келе жатқан жырлар жойылып кеткен жоқ. Олар жаңа жырлармен қатар ел арасында айтылып жүреді. Бірақ аталған кездің жағдайларына, қоғамдық тілектеріне қарай, ескі жырлар екі түрлі бағытта өзгеріске ұшырайды. Біріншіден, әлеумет өмірінде дәурені өтіп бара жатқан хандық-феодалдық құрылыс ертеде туған батырлар жырын өздерінің таптық мүдделеріне сәйкес етіп пайдалануды көздейді. Екіншіден, қазақ өміріне ене бастаған жаңа қарым-қатынастардың негізінде ертеден келе жатқан батырлар жырының идеясына, мазмұнына халықтың көзқарасын білдіретін тың әңгімелер қосылады. Сөйтіп, бұрынғы заманнан қалған жырларды пайдалану жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі көзқарас туады. Оның тууына Қазақстанның Россия мемлекетіне қосылуы аса зор әсер етеді.
Қазақстанның Россия мемлекетіне қосылуы қазақ халқының алға қарай даму тарихында аса елеулі кезең болды. Қазақ халқының алға басуына шырмау болып келген феодалдық құрылыс және оның өндіріс тәсілдері Қазақстанның Россияға қосылуы нәтижесінде біртіндеп ыдырай бастады. Аталған кездің өзінде-ақ алдыңғы қатарда болған Россия, қазақ халқының тарихи дамуына, экономикасы мен мәдениетінің жаңа прогрестік бағытта өркендеуіне кеңінен жол ашты, зор мүмкіндік туғызды.
Әрине, қазақ халқының Россия мемлекетіне қосылуы, ұлы орыс халқымен достық қарым-қатынас жасауы өздігінен туа қалған жоқ. Ол қоғам өмірінің, экономикалық жағдайлардың алға басу процесінің нәтижесінде және қоғамдық дамуға шырмау бола бастаған ескі феодалдық-хандық құрылысқа қарсы күресу нәтижесінде туған еді. Бұл күрес қоғам өмірінің барлық саласын, соның ішінде әдебиет мәселесін де, қамтыды.
Феодалдық құрылыстың тірегі болған және ол құрылыстың қаймағын бұзбай сақтап қалуды көздеген хандар мен феодалдар, билер мен қожа-молдалар Россия мемлекетіне қарсы күресуді арман етеді. Олар бұл мақсатын жүзеге асыру үшін ұлы орыс халқына қарсы қазақ халқын айдап салуды көздейді. Туысқандық қарым-қатынас жасай бастаған екі халықтың арасында ұлт араздығын тудыруды қарастырады. Бұл үшін олар әдебиетті, соның ішінде ерте заманда туған феодалдық жырлар мен халықтық жырларды үгіт құралы есебінде пайдаланбақ болады да, олардың идеясына, тақырыбына, мазмұнына біраз өзгерістер енгізуге тырысады. Мұндай өзгерістер ол жырларға екі түрлі жолмен енгендігі байқалады. Біріншісі – шапқыншылық жолмен ел талауды, барымта алуды дәріптеу; ал екіншісі – ислам дінін үгіттеу, сол арқылы ұлт араздығын тудыру, «діні басқаларды» жек көрсету бағытында болады. Бұл айтылған өзгерістер, ең алдымен, ертеде туған феодалдық жырларға енеді. Қазақтың хандары мен феодалдары, байлары өздерінің жалдамалы ақындарына ерте кездің феодалдық жырларын қайта жырлатып, халық арасына таратуға әрекет етеді. Осы ретте «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Қазтуған», «Шора батыр», «Базар батыр» жырлары қайтадан өңделеді.
Феодалдық жырлардың алғашқы нұсқаларында Алтын Орда билеушілерінің және олардың соңғы ұрпақтарының ел талаудағы, халықты қан қақсатудағы жауыздық істері «ерлік» деп бейнеленетін және олардың өз арасында болған феодалдық тартыс-таластар айтылатын. Бұл жырларды XIX ғасырдағы үстем тап ақындары қайта өңдеп жырлағанда, олардың алғашқы нұсқасына көп өзгерістер енгізеді. Ең алдымен, аталған жырлардың «батырларын» орыс халқына, Россия мемлекетіне қарсы күресушілер етіп бейнелейді. Мәселен, Орақ пен Мамайды Россия мемлекетіне қарсы шабуылға аттандырады да Москваны, Омбыны өздеріне қаратып алдырады. Олар орыс халқына ойран салуымен қоймай, орыс халқын зорлап отырып мұсылман дініне енгізеді. Осындай өзгерістерге «Базар батыр» жыры да ұшырайды. Бұл жырдың алғашқы нұсқасында Базардың қалмақ басқыншыларына қарсы күресі айтылса, соңғы өңделуінде Базар Россия мемлекетіне қарсы ашықтан-ашық күреске шығады. Россия мемлекетіне қосылуға қарсылық білдіреді және ол Россия мемлекетіне қосылуды қолдайтын қазақтарды да жазалайды. Ұлы орыс халқымен достасуды, онымен ынтымақтасып бірлесуді жақтаған қазақтарды «Базар батыр» жыры ақымақ-жындылар, діннен безгендер деп суреттейді. Бұларды жиренішті түрде жырлайды.
Ескіден қалған батырлар жырын хандық-феодалдық құрылысты жақтаушылар ғана пайдаланып қойған жоқ. Ол жырларды еңбекші халық та өз мүддесіне сәйкес пайдалана білді. ХІХ ғасырдан бастап Ұлы Октябрь революциясына дейін қазақ еңбекшілері ертеден қалған батырлар жырының ішінен ең асылдарын, халық тілегімен қабысатындарын, халықтық көзқарасты білдіретіндерін пайдаланды. Сонымен қатар, ертеден келе жатқан халықтық жырлардың идеясына, мазмұнына жаңа тарихи дәуірдің тұрғысынан тың әңгімелер қосып отырғаны байқалады.
Ертеде туған батырлар жырының негізгі идеясы басқыншы жаудан ел қорғау мәселесі болатын. Ал, ХІХ ғасырда, әсіресе оның екінші жартысынан бергі жерде, қазақ еліне шабуыл жасаған шетелдік басқыншылар болған емес. Бұл жағдай ерте заманнан келе жатқан халықтық жырлардың мазмұнына біраз өзгерістер, тың әңгімелер енгізеді. Аталған кездің жағдайына байланысты халықтың ақын-жыршылары еңбекші бұқараның тілегіне сай етіп ертедегі жырларды қайта қарастырып өндейді. Бұрынғы жырлардағы батырлардың алысатын жаулары шетелдік басқыншылар – қызылбастар болса, енді олардың орнына қазақ еңбекшілерін езіп отырған хандар мен феодалдарды, болыс пен билерді енгізеді. Осы ретте ертедегі жырлардың батырлары қазақ еліндегі хандар мен феодалдарға, қысқасы, қанаушы тапқа қарсы күреседі, солармен алысады. Мұны «Қамбар», «Ер Тарғын» жырларынан, «Қобыланды батырдың» халықтық варианттарынан көруге болады. (Бұл жырларға соңғы дәуірде халықтық тұрғыдан қандай өңдеулер кіргені жоғарыда айтылды.)
Демек әрбір таптың қоғамдық даму жағдайларына қарай, ол жырларды өздерінің таптық мүдделеріне сәйкес қайта өңдеп жырлағанын байқаймыз. Бұл жағдай В.И.Лениннің әрбір ұлт мәдениетінде екі мәдениет болатындағы туралы даналықпен айтқан пікірінің дұрыстығын айқындай түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет