Экономикадағы еңбек өнімділігінің деңгейі Әлем елдерінің озық отыздығы деңгейіне дейін артады
Басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорт өндірістері пайда болады
Қазақстанның ірі компанияларын капиталдандыру өтеді, онысымен негізінен жаңа деңгейге шығуды мүмкін етеді
Жергілікті электрондық сауда көлемі артады
Көлеңкелі экономика үлесі Әлемнің озық отыздығы деңгейіне дейін төмендейді
Тақырып 15. Пандемиядан кейінгі кезеңде қоғамды қайта жүктеу 1.Әлемдік экономиканы пандемиядан кейінгі қалпына келтіру стратегиясы
COVID-19 пандемиясы тудырған дағдарыс жаңа ғылыми-технологиялық және әлемдік шаруашылық салттарының ядросын қалыптастыруды тездете отырып, әлемдік экономикадағы құрылымдық өзгерістердің катализаторы болды. Бұл жағдайларда мемлекеттің тұрақтандыру шараларын жедел тұжырымдаудағы рөлі елеулі түрде артады.
Пандемия әлем экономикасын шайқалтып жіберді. Вирусты тежеу мақсатындағы карантин шаралары өндіріс тізбегін үзіп, көп кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Мемлекеттер шығыны еселеп артты, экономика кері кетті. 2020 жылы қатты құлдыраған экономика биыл қалпына келе ме? Вакцина не береді?
Covid індеті әлем елдерінің экономикасын тығырыққа тіреді. Сарапшылардың көбі мұны Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ауыр экономикалық дағдарыс деп атайды.
Дағдарыстан жапа шекпеген ел саусақпен санарлық. Мемлекеттердің барлығы дерлік індеттің салдарынан туған қиындыққа тап болды. Дүниежүзі бойынша коронавирус жұқтырған 85 миллиондай адам тіркелді, 1,8 миллионнан астам адам қайтыс болды.
Әлем халқының жартысынан көбі еркін жүріп-тұруды шектейтін карантин шараларын бастан өткерді. Әлем тарихында алғаш рет мұндай шаралар осындай кең ауқымда енгізілді.
Бірқатар мемлекет компанияларға, ел азаматтары мен халықтың әлжуаз топтарына қаржылай қолдау көрсетті. 2020 жылдың наурыз айынан бері бұл мақсатта 12 триллион доллар жұмсалды.
Бірақ мемлекеттік қолдаудың өзі экономиканы құлдыраудан құтқарып қала алмады: бұған экономикалық белсенділіктің төмендеуі, саяхат пен тауар жеткізу саласындағы кедергілер әсер етті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) дерегінше, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім 4,5 пайызға кемиді.
БҰҰ-ның Cауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) қараша айының соңында жариялаған зерттеуінде дағдарыс салдарынан 130 миллион адам тақыр кедейлік деңгейіне жетіп, теңсіздік артады деп жазылған.
2020 жылдың кейінгі бірнеше айында Еуропаның көп бөлігі, АҚШ пен басқа мемлекеттерде коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталып, жағдай одан әрі ушыға түсті.
Қазіргі дағдарыстың тереңдігі мен ауқымын ескерсек, 2021 жылы әлемдік экономика қалпына келуі мүмкін бе?
Сарапшылардың барлығы дерлік экономиканың қалпына келуі коронавирусқа қарсы екпеге байланысты деп есептейді. Қазір Батыста Pfizer/BioNTech, Moderna және AstraZeneca/Оксфорд университеті ұсынған екпелер ерекше назарға ілігіп отыр. Pfizer/BioNTech және Moderna компаниялары дайындаған екпелер аурудан қорғау тиімділігі 90 пайыздан асатынын көрсетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 31 желтоқсанда Pfizer мен BioNTech компаниялары шығаратын вакцинаны Covid-ке қарсы жедел қолдануға рұқсат берді. ДДСҰ коронавирус инфекциясына қарсы күресуге қажет, бірақ сынақ нәтижелері әзірге көпшілікке белгісіз дәріні өндіріске шығаруға жол ашты. АҚШ пен Еуропа елдері бұл екпені өз елдерінде мақұлдап, вакцина салу процесін желтоқсанның ортасынан бастап кетті. Ресейлік Sputnik V вакцинасының тиімділігі белгісіз, ал оны өндіріп, таратуда проблемалар болып жатқаныайтылды.
Коронавирусқа қарсы екпенің пайда болуы бұрынғы өмір салты мен экономика қайта қалпына келеді деген үмітті оятты. Бірақ сарапшылар екпені жаппай өндіру мен жеткізу процесінің қиындығын алға тартып, жағдайдың жақын арада түзелмейтінін айтады.
Былтыр 11 қарашада инвестиция және банк саласындағы алпауыт – UBS қаржылық компаниясының басқарма төрағасы Аксель Вебер екпе қолданысқа енген күннің өзінде экономиканы қалпына келтіруге біраз уақыт кететінін айтқан.
Вебер CNBC-ге берген сұхбатында "Жалпы ішкі өнімді дағдарысқа дейінгі деңгейге қайтару үшін кемі бір жыл керек. Сондықтан бұл – ұзаққа созылатын процесс" деген.
ТЕҢСІЗДІК АРТАДЫ. UNCTAD конференциясы Covid пандемиясының ауқымын ескеріп, "экономиканың қалпына келуі де бүкіл зардаптың орнын толтыра алмайды" деп мәлімдеді.
Ұйымның былтыр 19 қарашада жариялаған есебінде пандемия салдары әлі ұзақ уақыт сезілетіні, әсіресе кедей мемлекеттердің аяққа тұруы қиын болатыны айтылады. Құжатта сондай-ақ "1998 жылғы Азиялық қаржы дағдарысынан кейін әлемде бірінші рет кедейлік деңгейі артқалы отыр" деп жазылған.
UNCTAD ұйымының бас хатшысы Мухиса Китуи "Жылдам қарқынмен шекара асып, ғаламдық экономиканың негізгі тамырлары арқылы әлемге тараған вирус мемлекеттерді өзара байланыстырған жаһанданудың арқасында жеңіске жетіп, денсаулық сақтау саласындағы ғаламдық экономикалық дағдарысты халықтың әлжуаз топтарына ауыр тиген ғаламдық экономикалық соққыға айналдырды" деді.
Вашингтондағы халықаралық қаржы орталығында бас экономистің орынбасары болып істейтін Элина Рыбакованың пікірінше, кедей елдердің күні экономикасын қалпына келтірумен өтеді.
"Дамушы нарық еркін жүріп-тұруға қатысты шектеулер мен өндіріс, сауда, туризм және ақша аударымы саласындағы кедергілерге сезімтал келеді" дейді Рыбакова.
Covid індеті елдер арасында ғана емес, мемлекет ішінде де әл-ауқаты жоғары топтар мен кедейлер арасындағы алшақтықты арттыруы мүмкін.
Bloomberg агенттігінің дерегінше, Кремль Ресейдің өңірлік үкіметтерін денсаулық сақтау саласының шығындары мен әлеуметтік төлемдерді жабу үшін қарыз алуға мәжбүрлеп отыр. Ресейдің ұлттық кредиттік рейтинг агенттігінің бағалауынша, 2020 жылы өңірлердің несиелік қарызы мүлде болмаған, ал биыл мұндай қарыз көлемі 400 миллиард рубльге (5,3 миллиард доллар) жетуі мүмкін.
Мәскеудегі Transfingroup компаниясының қаржы менеджері ретінде өңірлерге қаржы түрінде инвестиция құюмен айналысатын Станислав Пономарев Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында "Күшті өңірлер одан сайын күшейіп, әлсіз аймақтар бұрынғыдан да әлсірей түседі" деген пікір білдірген.
ҚЫТАЙ КҮШЕЙЕ ТҮСЕ МЕ?
Сарапшылардың пікірінше, COVID-19 пандемиясынан кейін біреулер жеңіске жетсе, енді біреулер жеңіледі.Коронавирустың алғашқы ошағы болған Қытай қазір дағдарыстан шыға бастағанға ұқсайды.
2020 жылдың шілде-қыркүйек айларында ел экономикасы алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға өскен. Бұл экономистер күткен 5,2 пайыз деген көрсеткіштен төмен болғанымен, жалпы ішкі өнім туралы деректерге қарап, Қытайдың әлемдік экономиканы қалпына келтіруге үлкен үлес қосып отырғанын байқауға болады.
Бес пайыздық өсім Қытай экономикасының пандемия жаңа басталған 2020 жылдың басымен салыстырғанда қалыпқа келе бастағанын көрсетеді.
2020 жылдың бірінші тоқсанында елдегі зауыттардың жаппай жабылуынан Қытай экономикасы 6,8 пайызға кішірейген. Тоқсандық көрсеткіштер тіркеле бастаған 1992 жылдан бері Қытай экономикасы бірінші рет осындай деңгейге түсіп отыр. Сарапшылар соңғы өсімге қарап, үкімет қолға алған қатаң карантин шаралары нәтиже бергенін айтады.
КЕҢСЕ ҚЫЗМЕТКЕРЕРІНІҢ БҰЛДЫР БОЛАШАҒЫ
Covid пандемиясы кеңсе қызметкерлері мен қарапайым жұмысшыларға әртүрлі әсер етті.
Британдық Economist басылымы "Кеңсе қызметкерлері ас үйде не жатын бөлмесінде отырып, кем дегенде жарты апта жұмыс істеуге мүмкіндік алғанда, даяшы, сатушы немесе еден жуушы сияқты аз жалақыға еңбек ететін адамдар жаңа табыс көзін іздеуге мәжбүр болды" деп жазды.
Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, 2020 жылдың алғашқы тоғыз айында бүкіл әлемдегі жұмыс сағаты 11,7 пайызға қысқарған. Бұл 332 миллион толық жұмыс сағатына тең. Жұмыс сағатының азаюы азаматтар табысының 3,5 триллион долларға (әлемдік жалпы ішкі өнімнің 5,5 пайызы) қысқаруына әкеп соққан.
Енді 2021 жылы еңбек нарығының қалай қалпына келетіні пандемия траекториясы мен мемлекеттердің реакциясына байланысты.
"Денсаулық сақтау саласындағы шараларды мерзімінен бұрын жеңілдету пандемияның ұзартып, оның еңбек нарығына әсерін күшейтуі мүмкін. Сондықтан денсаулық сақтау, экономикалық және әлеуметтік саясат саласында тепе-теңдік сақтауға ұмтылу өте маңызды. Қазір саясаткерлердің алдында жұмыссыздық, кедейлік, теңсіздік пен әлеуметтік оқшауланудың алдын-алуға арналған бюджеттік-салықтық шараларды қолдау міндеті тұр" дейді Халықаралық еңбек ұйымының сарапшысы Стив Капсос.
ҚАНДАЙ ФАКТОР МАҢЫЗДЫ?
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 2021 жылы әлемдік жалпы ішкі өнім 5 пайызға өседі деп болжап отыр. Дегенмен бұл вирустың қайта өршу ықтималдығы, адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтауы, тұтынушылар мен бизнестің сенімі, мемлекеттің кәсіпорындарға жұмыс орындарын сақтауға, сұранысты арттыруға көмектесуі сияқты бірнеше факторға байланысты.
Халықаралық қаржы институтының өкілі Рыбакованың айтуынша, қазір әлем елдері "нарыққа қашан араласып, қай кезде оған еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек?" деген қиын таңдаудың алдында тұр.
"Қолдау көрсету мен экономиканың табиғи трансформациядан өтуіне кедергі келтірмеудің арасында тепе-теңдік сақталуы керек. Белгілі бір салаларды қайтара алмауымыз мүмкін. Ары қарай қызметін жалғастыруға қабілетсіз компанияларды сақтап қалуға тырыспау керек" деген сарапшы әдетте қалпына келу процесінің ұзаққа созылатынын ескертті.
"Екпені нарыққа шығару уақыты мен әр елдегі пандемияға қарсы күрес жағдайына байланысты 2021 және 2022 жылдары мемлекеттер жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы беру және азаматтарды қайта дайындықтан өткізу арқылы экономиканы сауықтыруға ұмтылатын болады" дейді Рыбакова.
Сарапшының пікірінше, алдағы бірнеше жылда көп мемлекет 2020 жылға дейінгі даму деңгейіне жете алмайды.