Микологиялық ЖӘне фитопатологиялық анықтамалық СӨздік



бет6/13
Дата11.06.2016
өлшемі0.94 Mb.
#127517
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Катенулятты тәсіл (лат.сatenula – кішкентай тізбек) – споралардың тізбекті бірігуі.

Кәдімгі вешенка (Pleurotus osteratus, қат. Agaricales) – жеміс денесі жұмсақ, бүйірлі, сирек центрлі табаны бар. Қақпағының диаметрі 3-30 см, тығыз, жіңішке немесе етті, ақшылт-сұрдан қоңырға, сұр, сары-қоңыр, тегіс, кейде кілегейлі. Пішіні түрліше: құлақ пішіндес, воронка пішіндес, дөңес. Пластинкалары түспелі, радиальді шашыраңқы, кең, қоңғырт. Споралы тозаң ақ, ақ-сар. Табаны анық, кейде жетілмеген немесе болмайды. Өлі және тірі ағашта, жапырақты ағаштардың, сирек қылқанды ағаштардың қалдықтарында тіршілік етеді. Жеуге жарамды, дәмі жақсы. Мәдени өсіріледі.

Кәдімгі шірік – картоп ауруы. Қоздырғыш – Actinomyces scabies, картп түйіндерінің үстінде қоңыр қабыршақтардың пайда болуымен сипатталады, олар картопқа жағымсыз түр мен иіс береді. Күресу шаралары:1) аготехникалық; 2) химиялық – отырғызу алдында түйнектерді формалинмен (0,5% ерітінді) 3 мин. Залалсыздадыру, одан кейін 3 сағ. түйнектерді жауып қояды; 80% ТМТД-ң 3-3,5% суспензиясымен залалсыздандыру.

Кәдімгі шютте (нем.schutten – себу) – қылқандылардың (қарағай, шыршы, кедр) ауруы, қылқандардың сарғайып түсуімен сипатталады. Көбіне питомниктерде кездеседі. Қоздырғыш – Lophodermium pinastri (қат. Phacidiales). Зақымдалу көктемде аскоспоралар арқылы жүзеге асады. Олар өсіп, иенің ұлпасына енеді, онда клеткааралық грибница түзіеді, оның үстінде Leptosroma туысынан конидийлі саты дамиды. Соңғысының аурудың таралуында маңызы шамалы. Күзге қарай қылқандар сарғаяды, онда сары дақтар пайда болады да ол түседі. Келесі жылы бұл дақтарда жолақты устьицелі қара жылтыр жастықшалар – қалталары мен аскоспоралары бар апотецийлер пайда болады. Саңырауқұлақтың дамуына жоғары ылғалдылық жағдай жасайды. Күресу шарлары негізінен алдын алушылық: питомниктерді төмен жерлерде, ауыр, сазды және құмды топырақтарда салмау; зақымдалған құрғақ қылқанды жинау; өркендерді бордос сұйықтығымен немесе әкті-күкіртті ерітіндімен маусым-тамыз айларында залалсыздандыру. Барлық жерлерде таралған.

Кератинофильді саңырауқұлақтар, кератинофилдер (гр. keras – мүйіз) – кератин (ақуыз) бар субстараттарда: шаш, мүйіз, тұяқ, қауырсын, т.б. тіршілік ететін саңырауқұлақтадың ерекше экологиялық тобы. Оларға Eurotiales және Onigenales қатарларының саңырауқұлақтары жатады.

Кладоспориоз – кладоспорий (Cladosporium, қат. Hypomycetales) тұ-қымдасының саңырауқұлақтары қоздыратын ауру. Саңырауқұлақ миды, теріні және кілегей қабықшаны, жүйке жүйесін зақымдайды, ауыз қуысында дамиды. Табиғатта кеңінен таралған, топырақта, ылғалды бөлмелердің қабырғаларында, түрлі өсімдік қалдықтарында тіршілік етеді. Барлық жерлерде кездеседі. Негізінен сапротрофты тіршілік етеді.

Әлемде 300 түр белгілі. Қазақстанда 20 түр анықталған.



Клейстотеций, клейстокарпий (ескірген) (гр.kleistos – жабық, theikion – қорапша) – Eurotiales және Erysiphales тұқымдастарына жататын қалталы саңырауқұлақтадың шар тәрізді, толық тұйық жеміс денесі. Ішінде аскоспоралары бар, парафизсіз қалталары орналасады. Қалтаның босауы клейстотеций қабықшасының ыдырауы нәтижесінде жүзеге асады.

Клетка – жануарлар мен өсімдіктерді тіршіліксіз жүйелерден ерекшелейтін, морфологиялық және физиологиялық сұрыпталған құлырымдық бірлік. Қарапайым тірі жүйе бола тұрып, клетка өзін-өзі жанартуға, өндіруге және реттеуге қабілетті. Клетканың негізгі құрамдары – ішінде органоидтар мен басқа кіріспелер орналасқан цитоплазма, ядро, вакуоль. Олардың бәрі клетка қабығымен қоршалған.

Клеткалық мембрана, плазматикалық мембрана, плазмалемма, цитомембрана (лат.membrana – қабықша, гр.plasma – мүсін) – цитоплазма мен клетка қабығының арасындағы мембраналық қабат. Оған клетка мембраналарының барлық қасиеттері, соның ішінде жартылай өткізгіштігі де тән.

Клетка қабығы – клетканы зақымданудан сақтап, оған белгілі бір пішін беретін сыртқы қабық. Пішіні және құрылысы жағынан алуан түрлі саңылаулар, түтікшелердің болуына байланысты, клетка қабығы заттарды сіңіруге, өткізуге және транспирацияға қатысады. Қабық қаңқасы параллельді айқыш-ұйқыш немесе тор тәрізденіп орналасқан целлюлоза талшықтарынан құралған. Кейінірек клетка қабығы сүректенеді, минералданады.

Клетка ядросы (лат.nucleus – ядро) – көп клеткалы және бір клеткалы ағзалардың кез келген клеткасындағы негізгі құрамдас бөлшегі. Әдетте ядро клетканың орталық шенінде орналасады. Ядро, көбінесе, домалақ немесе сопақша, кейде қалқанша пішінді болады; цитоплазмадан қос мембраналы қабық арқылы шектеледі. Ядрода бір немесе бірнеше ядрошықтар, хроматин және сұйық кариоплазма немесе ядро сөлі болады. Протаминдер және ақуыздардан басқа ядрода ағзаның тұқымқуалаушылық белшілерін тасымалдауда негізгі қызмет атқаратын ДНҚ да бар.

Клеткалық кіріспелер – клетка құрамында уақытша болып, тез жойылып және қайтадан пайда болып отыратын бөліктер тобы. Олар клетканың тұрақты және міндетті бөліктері – органоидтардан өзгеше. Кіріспелерге қорлы қоректік заттар (крахмалдық және ақуыздық түйіршіктер, майлар), кальцийлік тұздардың кристаллдық түрлері жатады.

Клетка сөлі – клетка вакуоліндегі тіршілік әрекетінің нәтижесінен шыққан сұйықтық. Химиялық жағынан минералдық тұздардың, амин қышқылдарының, көмірсулардың, органикалық қышқылдардың, суда еритін бояулардың нағыз ерітіндісі болып табылады.

Клетка органоидтары – клеткалардың өсіп-өнуіне үздіксіздігімен сипатталатын, цитоплазманың морфологиялық және физиологиялық дербестелген құрылыстық бөліктері. Негізгі органоидтарға пластидтер, митохондриялар, лизосомалар, эндоплазмалы тор, Гольджи аппараты, рибосомдар жатады.

Клипеус – пикнида немесе перитецийдің айналасындағы қара-қоңыр түсті, тығыз стромалық ұлпа.

Колония (лат.colonia – ораласу) – бір түрге жататын, қоректік ортада бірге тіршілік ететін саңырауқұлақтардың немесе бактериялардың мицелий және репродуктивті мүшелерден тұратын опырылымды, тығыз массасы немесе ұйымдасуы.

Колонка – стилоспорангийдің орталық бөлігінде орналасатын шар тәрізді, цилиндрлік, конустық, түйреуіш тәрізді залалсызданған құрылым. Колонканың пішіні түрлік айырмашылықтың жүйелік ерекшелігі болып табылады. Мукорлы саңырауқұлақтарда (қат. Mucorales) кездеседі.

Колумелла, колонка – миксомицеттердегі табанның спорангий құысына жалғасы.

Коменсалистер, коменсалдар (лат.commensalis – бірге қоректенуші) – бір ағза басым болатын, алайда екіншісі байқалатын зардап шекпейтін, бір-бірімен тығыз байланыста тіршілік ететін ағзалар. Антагонизм мұндай жүйеде болмайды.

Коменсализм – бір ағзаның басқа ағза арқылы, оған қысым көрсетпей тіршілік ететін симбиоздың ерекше түрі. Мұндай қарым-қатынастың негізі қорек, субстрат, орын ауыстыру болып табылады. Табиғатта паразитизмнен сирек кездеседі.

Конидия тасымалдаушы – үстінде, ішінде дара немесе тізбекке біріккен конидиялар түзілетін, конидиогенді клеткаларды тасымалдайтын мицелийдің ерекше бұтағы. Қалыпты кезде ол субстраттан жоғары көтеріліп вегетативті гифалардан құрылысымен, мөлшерімен, өсуімен, сондай-ақ бұтақтану ерекшелігімен айырылады. Конидиялардың пішіні, құрылысы, өсуі, орналасуы бойынша конидия тасымалдаушы ерекше атауларға ие болды: акроауксильді, акрогенді, базауксильді детерминацияланған, монофиалидті, микронематты, т.б.

Конидиогенез – конидиогенді клеткадан конидиялардың түзілу үрдісі. Конидиялардың даму типі бойынша жетілмеген саңырауқұлақтар екі типке: талломды немесе талликалық және бластикалық бөлінеді. Бірінші тип – конидиогенді клетканың бір бөлігі қатпармен бөлінеді, пайда болған клетка өсіп, ересек конидияға айналады. Олар ірі, қалың қабықшалы, дара немесе қысқа тізбекке біріккен болады. Бұл типке алевриоспоралар, артроспоралар, аннелоспоралар немесе аннелоконидиялар жатады. Екінші тип – конидиогенді клетканың немесе конидияның бастамасының мөлшері ұлғайып, тек содан кейін ғана қатпармен бөлінеді. Бұларға бластоспоралар, бластоконидиялар, пороспоралар, пороконидиялар, фиалоспоралар, фиалоконидиялар жатады. Конидияның түзілуінде конидиогенді клетканың қабықшасының қатысуы мөлшеріне байланысты конидиогенездің келесі типтерін бөледі: энтеробластикалық, артрикалық, третикалық, голоталликалық, голобластикалық және т.б.

Конидиогенді клетка – конидияларды түзетін клетка. Олардың келесі түрлері бар: аннелидті, дискретті, интеграцияланған, прекуррентті, полифиальді, синхронды және т.б. Индетерминацияланған конидиогенді клеткалар өсуін конидиялардың түзілуі кезінде тоқтатпайды.

Конидиола – қалыпты мөлшерлі конидияларда орналасатын екінші ретті немесе кіші мөлшерлі конидия.

Конидиома – саңырауқұлақтың конидияларды тасымалдайтын маманданған гифальді құрылымдары – ложе, спородохий, синема (коремия), строма, пикнида, пикнотирий.

Конидия, конидиоспора (гр. konia – шаң, eidos – түр) – жыныссыз көбеюдің экзогенді спорасы, конидиогенді клеткамен түзіледі, дара, тізбекке немесе бастарға жиналған. Пішіні, құрылымы, түсі, мөлшері түрліше және таксономиялық белгі болып табылады.

Конидияның вентральді жағы – аллантоидты конидияның ішкі, ойыс жағы.

Конидияның дорсивентральді жағы – аллантаноидты конидияның сыртқы дөңес жағы.

Консорция (лат.consortio – қауым) – орталық мүше (ядро), автотрофты және гетеротрофты ағзалардан құралған биогеоценоздың құрылымдық бірлігі.

Консументтер (лат.consumo – тұтынамын) – тұтынушы ағзалар (адам, жануарлар, жәндікжегіш өсімдіктер, гетеротрофты микроағзлар мен саңырауқұлақтар). Өз тіршілік әрекеті үшін дайын органикалық заттарды пайдаланады, алайды оларды тұтыну барысында минералды заттарға дейін ыдыратпайды. Бір трофтық тізбекте олар бірінші реттік консументтер - өсімдікжегіш жануарлар мен екінші және үшінші реттік консументтер – гиперпаразиттер мен жыртқыштар, бола алады.

Контагиоздылық (лат.contactus – контакт, қатынас) – аурумен, инфекцияны тасымалдаушымен қатынас жасау арқылы немесе саңырауқұлақтың тішілік ету ортасында орналасу арқылы саңырауқұлақпен залалану мүмкіндігі.

Контактты микопаразиттер – саңырауқұлақтарда паразиттік ететін саңырауқұлақтар, алайда олардың гифалары еш уақытта ие-саңырауқұлақтың клеткасына енбейді.

Контаминация (лат.contaminatus – былғанған) – қоректік өнімдердің, жемістердің, тұқымдардың инфекциялық бастамамен тікелей әсерлесу арқасындаға беттік ластануы, споралануы.

Конъюгация (лат.conjugatio – қосылу, бірігу) – аталық пен аналыққа дифференцияланбаған, сырт бейнесі бойынша бірдей вегетативті клеткалардың қосылуы арқылы жүретін жыныс үрдісі. Кейбір төменгі саңырауқұлақтарда және балдырларда кездеседі.

Копуляция (лат.copulatio – бірігу) – сырт бейнесі бойынша бірдей жыныс клеткалардың (изогаметалар) қосылуы арқылы жүретін, нәтижесінде зигота түзілетін жыныс үрдісі. Негізінен термин саңырауқұлақтар мен балдырлар үшін қоланылады.

Коремия – бүйірлерімен тығыз жабысқан немесе біріккен конидия тасымалдаушылар түйіні, әрбіреуі конидияларды ұшарбасынан босатып отырады. Стизанус (Stysanus), графиум (Graphium), пеницилл (Penicillium) тұқымдасының саңырауқұлақтарында кездеседі. Ескірген атау (синеманы қара).

Коронофорлы саңырауқұлақтар (қат.Coronophorales, кл. Ascomycetes) – перитецийлер ірі, диам-і 200мкм-ден 1-2 мм-ге дейін, қара, күлді, қабыршақты, мүйізді устьицесі бар. Қалталары түйреуіш пішінді, ұзын табанда орналасқан, қарапайым немесе нашар тарамдалған парафиздерімен. Споралар екіклеткалы, түссіз, жиі май тамшылары болады. Сапротофтар, жалаңаш ағашта, ағаш қабығында, діңдерде мекендейді.

Әлемде 20 түр белгілі, Қазақстанда қазірде бір түр анықталған.



Кортикальді қабат – қабыршақ түзетін, қалпақтың беткі қабаты.

Кортина – жалқы жабын, жұқа, өрмекті, қалпақ қыры мен табанды біріктіріп тұрады. Өрмек тұқымдасының (Cortinarius) саңырауқұлақтарында кездеседі.

Космополиттер (гр.kosmopolites - әлем азаматы) – жер шарының барлық континенттерінде кеңінен таралған тірі ағзалар (өсімдіктер, жануарлар, саңырауқұлақтар, т.б.).

Котип (лат.con – бірігіп, typos – белгі, із) – түрдің алғашқы сипатталуы кезінде типімен бірге аталған экземпляр. Қазіргі кезде термин ескірген.

Көктерек саңырауқұлағы (Leccinum aurantiacum, қат. Agaricales) – қалпағы жастық тәрізді, диам. 5-20, кейде 30 см, ашық сары, сарғыш-қызыл, күңгірт-қызыл, кейде ақ-қызғылт. Табаны төменгі бөлігінде жуандаған, талшықты, ақ, ұзынша қоңыр немесе қара қабыршақты. Гименофор түтікті, ақшылт, уақыт өте сұрланады. Еті ақ, қатты. Жеуге жарамды. Жапырақты, аралас, көлеңкелі ормандарда, көктерек түбінде, шілде-қыркүйек айларында кездеседі.

Көңдіктер (р. Coprinus, қат. Agaricales) – қалпағы дөңес, ақ, сұрғыш, сарғыш, тегіс, қабыршақты, диам. 1-10 см. Табаны орталықтық, биіктігі 3-тен 22 см, қуыс, ақ. Эфемерлер, 12-48 сағ. тіршілік етеді, содан кейін ыдырап, қара сұйық массаға айналады, ол бұрын копринусты сиялардың негізгі құрамдасы болды. Кейбір түрлер ағаш ққалдықтарын биологиялық өңдеуде қолданылады. Жеуге жарамды түрлер де бар, бірақ тек жас кезінде: ақ көңдік (C. comatus), күлді к. (C. cinereus), сұр к. (C. atranentarius), жыпылдақ к. (C. miraceus).

Алайда соңғы екі түрді спирттік ішімдіктермен қатар пайдалану улануға әкеледі. 0,5-2 сағаттан кейін бет қызарып, көру нашарлап, құсу, іш өту пайда болады. Біраз уақыттан соң симптомдар жоғалады, бірақ тағы алкогольді пайдаланса, олар қайта қайталанады.

Топырақ пен көңді мекен етеді.

Әлемде 200 түр белгілі. Қазақстанда 15 түр анықталған.



Криптококкты саңырауқұлақтар (қат. Endomycetales, кл. Ascomycetes) – ашытқы және ашытқы тәрізді саңырауқұлақтар, вегетативті денесі түрлі пішінді, қабықшамен қапталған дара клеткамен беріледі. Көбеюі вегетативті, бөліну немесе бүршіктену арқылы. Мицелийі нашар дамыған. Даму циклінде хламилиоспоралар бар. Көбінесе жемістерде, жидектерде, шырындағы, топырақтағы сапротрофтар. Кейбір түрлер саңырауқұлақтарда, жануарларда, адамда, топырақта паразиттік тіршілік етеді. Белгілі түрлер: кандида, торулопсис, криптококк, родоторула. Табиғатта кеңінен таралған.

Әлемде 170 түр белгілі. Қазақстанда 30 түрден астамы анықталған.



Ксероспоралар – құрғақ, суға тапшы споралар, ауа немесе жел арқылы оңай таралады.

Ксилотрофтар, ксиломицеттер, ксилофиттер (гр.xylon – ағаш) – тірі және өлі ағаштарда, ағаш және өсімдік қалдықтарыдна тіршілік ететін саңырауқұлақтардың экологиялық тобы. Ағаштың ыдыратылуы бірін-бірі ауыстырып отыратын түрлі жүйелік топтардың саңырауқұлақтарымен – қалталылар, базидийлілер, жетілмегендермен жүзеге асырылады. Ыдырату үрдісін паразиттер, негізінен афилифорлылар бастайды. Шіру үрдісіне қалаталы және жнтілмеген саңырауқұлақтар да қатысады. Ыдыраудың жалғасында негізгі роль афилифорлылардың басқа түрлеріне берілген. Фомес (Fomes), пиптопорус (Piptoporus) тұқымдастарының түрлері өлі ағаштың белсенді ыдыратушылары болып, табиғаттағы биологиялық зат айналымына қатысады.

Купрозан – ақұнтаққа, фитофтораға, пероноспораға, дақтықтарға қарсы жоғары эффективті фунгицид. Өсімдік жапырақтарын 0,4% концентрациялы ерітіндімен себу қажет.

Күкірт және оның препараттары (серколь, софрил, косан, тиовит, ұнтақталған күкірт, қиыршық күкірт, коллоидты күкірт) – ақұнтақ, қарлы шютте, жапырақ шюттесі және т.б. күресу фунгицидтері. Себу шығыны – 20-30 л/га.

Күресудің биологиялық тәсілі – екі ағзаның өзара антагонистік әсерлесуін пайдалануға негізделген тәсіл. Көптеген саңырауқұлақтар, бактериялар, вирустар жәндіктерде, жануарларда, өсімдіктерде, саңырауқұлақтарда паразиттік тіршілік етіп, көп жағдайда олардың өлуіне әкеледі. Мысалы, боверия саңырауқұлағы (Beauveria bassiana, қат. Hypomycetales) жәндіктерде (100-ден астам түрде) паразиттік тіршілік етіп, олардың өлуіне әкеледі.

Қабықша (лат.cuticula – қабықша) – саңырауқұлақтың мөлдір қабықша тәрізді жабын ұлпасы, гифалардың байлануынан пайда болады, қолайсызтабиғи жағдайлардан және механикалық зақымданудан қорғаныш қызметін атқарады.

Қазбалы, фоссильді саңырауқұлақтар (лат.fossisus – қазбалы) – ежелгі дәуірлерден шөгінді жыныстарда сақталып қалған саңырауқұлақтардың қалдықтары.

Қайың саңырауқұлағы (Lecinium scabrum, қат. Agaricales) – қалпағы дөңес, жастық тәрізді, диам. 5-15 см, ақшылт-сұр, сары-қоңыр, кейдетеңбіл. Табанының биіктігі 15 см-ге дейін, төменгі бөлігінде жуандаған, ақ, тығыз, ұзынша, ақ, сұр, қара қабыршақтары болады. Гименофор түтікті, ақшылт, жиі қоңыр теңбілді. Еті тығыз, ақ, сынықта сәл қызғылттанады. Өңдеудің барлық тәсілдеріне жарамды. Жапырақты ормандарда, қайың сатында өседі.

Қалпақты саңырауқұлақтар – негізінен агарикті саңырауқұлақтарға жататын саңырауқұлақтар тобы. Анық қалпақ пен табанның болуымен сипатталады. Қалпақ пен табанның пішіні, мөлшері, түсі алуан түрлі және таксономиялық белгі болып табылады.

Қалта – аск.

Қастаушы саңырауқұлақтар (қат.Ustilaginales, кл.Basidiomycetes) – облигатты паразиттер, өсімдіктердің диффузды зақымдалуын туғызады. Мұнда мицелий өсімдікті негізінен ұшар басына дейін тіліп өтеді, клетка аралықтар арқылы таралаы, кейде гаусториялар түзеді немесе клеткаларға енеді. Саңырауқұлақтың спора түзуі өсімдік бастауында, тұқымдарда, жапырақтарда, гүл шоғырларда, сабақтарда түзіледі. Споралары дара немесе түйіндерге біріккен, пішіні, құрылымы, мөлшері, түсі алуан түрлі және таксономиялық белгі болып табылады. Споралардың өсіп шығуында фрагмо- немесе голобазидиялар түзіледі, түрлердің көбінде олар бүршіктенуге қабілетті. Саңырауқұлақтар барлық жерлерде кеңінен таралған.

Әлемде 1000 түр белгілі. Қазақстанда 160 түр анықталған.

Қастаушы – қастаушы саңырауқұлақтары қоздыратын өте қауіпті ауру.Өсімдіктің зақымдалған мүшелері саңырауқұлақ спораларынан тұратын ұнтақпен қапталады. Ең қауіптілері – дәнді дақылдардың қастаушылары, мысалы, бидайдың шаңды қастаушысы, сұлының қатты қастаушысы, жүгерінің көпіршікті қастаушысы. Күресу шаралары – агротехника шаралараның қатаң ұсталуы, дұрыс ауыспалы егіншілік, тыңайтқыштар жүйесі, карантин шаралары, күресудің химиялық тәсілдері (тұқымдарды химиялық және термиялық заласыздандыру, 0,5% формалинмен, 0,4-0,5% цинебпен уландыру), сонымен қатар витавакс, 200 ФФ фунгицидтері ұсынылады.



Құрғақ споралар – аналық гифадан кілегей заттарды бөлмей, механикалық бөлінетін споралар.

Қант қызылшасының ақұнтағы – қоздырғыш – Erysiphe communus, f.betae. Аурудың басына аздаған, өрмекті зең пайда болады, ол тез уақытта жапырақ, сабақ пен түйіннің өзін жабатын кең тығыз ақ киізге айналады. Вегетация кезінде саңырауқұлақ конидиялар арқылы таралып, жаңа өсімдіктерді зақымдайды. Күзде қара дақтар – қалталары мен споралары бар клейстотецийлер пайда болады. Олар қыстап шығады. Көктемде біріншілік зақымдалудың көзі болып табылатын қалтаспоралар піседі. Саңырауқұлақ өсімдік қалдықтарында, қыстайтын қызылшада, топырақта сақталады. Күресу шаралары – терең жер жырту, органикалық және минералды тыңайтқыштарды бірге енгізу; коллоидты күкірттің 1% суспензиясымен (400-600 л/га) себу. Бірінші залсыздандыру саңырауқұлақтың алғаш шығу кезінде, кейін 10-12 күн өткен соң, екі ретті. Салыстырмалы жаңа фунгицидтер: «Скор» - 2-3 рет себу, 8-12 күн сайын, 0,15-0,2 л/га; Зато, Харус – 1-3 рет, 8-14 күн сайын, 0,14 л/га, соңғысы өнім жинаудан 14 күн бұрын. Күресу шараларының бастысы – ауруға төзімді сорттар енгізу.

Қаңқалы гифалар – афиллофорлы (Aphylliphorales) саңырауқұлақтарда қатты қаңқа түзетін гифалар.

Қар зеңі – күзді дәнді дақылдарды зақымдайтын ауру. Ауру өсімдіктер қардың еруінен кейін байқалады. Қоздырғыш – фузарий (Fusarium nivale) туысы мен оның қалталы сатысы калонектрия (Calonectria graminicola, қат. Hypocreales). Өсімдік жапырақтарында сулы дақтар пайда болып, оларда басында ақшылт, кейін қызғылт өрмекті өңез түзіледі. Нәтижесінде жапырақ ыдырап, толығымен өледі, кейін өсімдік толығымен өледі. Күресу шаралары – ауыспалы егіншіліктегі мәдениеттердің дұрыс таңдалуы, фосфорлы және калийлі тыңайтқыштар енгізу.

Қара зең – субстраттың бетіндегі қара өңез. Аспергилл туысының жетілмеген саңырауқұлағымен түзіледі.

Қара бастама – бидай, кейде қарабидай дәндерінің бастамасының, және оның айналасындағы ұлпаның қараюымен сипатталатын ауру. Аурудың қоздырғыштары – альтернария (Alternaria) және гельминтоспорий (Helminthosporium, қат. Hyphomycetales) туыстары. Саңырауқұлақ мицелийі дәнге еніп, оның дамуына кедергі жасайды, нәтижесінде дән нашар дамиды. Мұндай тұқымдардың шығымы нашар. Өсімдіктер даму мен өсуінде қалып қояды, бұл өнімділіктің күрт төмендеуіне әкеледі. Зақымдалған бидай ұны түсін өзгертеді, наубайханалық сапасы нашарлайды. Күресу шаралары: дәндерді тазалау, калибрлеу, термиялық залалсыздандыру, дұрыс ауыспалы егіншілік.

Қара шірік - өсімдік ауруы, қоздырғыш – ризоктония (Rhizoctonia solani, қат. Mycellia sterilia). Кортоп түйнектерінде қара тегіс түзілімдер түрінде склероцийлер немесе мицелий дамиды. Саңырауқұлақ топырақта, зақымдалған түйнектерде сақталады. Отырғызудан кейін склероцийлерден мицелий дамиды, оның гифалары өркендерге еніп, оларды солып өлуіне әкеледі. Күресу шаралары: 1) агротехникалық, отырғызуға сау түйнектерді таңдау; 2) отырғызу алдында түйнектерді формалинмен залалсыздандыру. Саңырауқұлақ кең таралған. Картоптан басқа көптеген мәдени өсімдіктерді (қант қызылшасы, мақта, қызанақ) және жабайы өсідіктерді зақымдайды.

Қатар – жақын туыстарды біріктіретін жоғарғы рангті таксономиялық бірлік. Латын жазуында «les» жұрнағы қосылады, мысалы Uredinales.

Қоректенудің осмотрофты тәсілі - ағзаның қоректік заттарды денесінің толық бетімен сіңіру.

Қос перидий – гастеромицеттердің жеміс денесінің екі қабатты қабықшасы. Сыртқы қабат – экзоперидий мен ішкі қабат – эндоперидийден тұрады.

Қызыл кітап – Қызыл кітапқа сирек кездесетін немесе жойылу қаупіндегі ағзалар (жануарлар, өсімдіктер, саңырауқұлақтар, қыналар) енгізіледі. Қазақстанның Қызыл кітабына жоғары сатылы өсімдіктердің 289, саңырауқұлақтардың 10 және қынаның 1 түрі енгізілген. Кітапта әрбір түрге сипаттама, ареалдың схемалық картасы, статусы берілген, және сондай-ақ қорғау шаралары көрсетіледі.

Л

Лабиринтульді миксомицеттер (қат.Labirintuales, Mycsomycota бөлімі) – ағзалар өз дамуында екі сатыдан өтеді: 1) домалақ немесе ұршық пішінді амебалар түзіледі, олар торлы плазмодий құрап бірігеді; 2) табандағы немесе отырыңқы спора тасымалдаушы мүшелер (спорангийлер) қалыптасады. Басты тұқымдас – лабиринтула (Labirinthula).

Әлемде 6 түр белгілі. Қазақстанда зерттелмеген.



Лабульбенді саңырауқұлақтар немесе лабул бениамицеттер (қат.Laboulbeniales, кл. Ascomycetes) – мицелийі дамымаған, денесі нағыз ұлпамен түзілген және бір түрлерде екі, басқаларда - одан да көп клеткалардан тұрады, сондықтан бұл саңырауқұлақтың дене пішіні алуан түрлі. Кейбір түрлерде күңгірт табаны болады, ол арқылы саңырауқұлақ жәндікке бекиді немесе ризолар арқылы оның денесіне енеді. Сондай-ақ, аталық және аналық жыныс мүшелері бар. Жыныс үрдісі нәтижесінде пайда болған қалталар ұсақ, бірклеткалы, ұршық пішінді спораларға толы болады. Тар маманданған облигатты паразиттер, әртүрлі отрядты жәндіктерді зақымдайды. Тропикалық және суб тропикалық климатта кеңінен таралған. Тән тұқымдастар – лабульбения (Laboulbenia), рикия (Rickia), цератомицес (Ceratomyces).

Әлемде 1500 түр анықталға. Қазақстанда зерттелмеген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет