Ахроматин (гр.achromatus – түссіз) – хромосомаларға сай, хроматинге қарсы бояғыштармен сәл боянуға немесе боянбауға қабілеті бар клетка ядросының түссіз заты.
Ахроматинді ұршық – пішіні бойынша ұршыққа ұқсас клетканың бөліну аппарты, аз боялатын ақуыз жіпшелерінің екі типінен тұрады: біреулері митоз барысында екі клетка орталықтарының центриольдерін қосады, басқалары центриольдерді хромосомалардың центромерлерімен қосады және анафаза кезінде хромосомалардың клетка полюстеріне орын ауыстыруында қызмет атқарады.
Ацервула – конидиома, меланконийлі саңырауқұлақтардың споратасымалдаушы құрылымы (қат. Melanconiales).
Ашытқы саңырауқұлақтары, ашытқылар (класстар Ascomycetes, Basidiomycetes, Deuteromycetes) – саңырауқұлақтардың жинақы тобы, вегетативті денесі бөлек немесе қысқа қатарларге біріктірілген мөлшері 1,5-15 мкм болатын клеткалармен берілген. Бүршіктену немесе тең жартысынан бөліну арқылы, ал кейбір түрлер жыныс үрдісі не партеногенездің нәтижесінде түзілген аскоспоралар немесе базидиоспоралар арқылы көбе-йеді. Аскоспоралар түзетін ашытқылар аскогенді ( тұқымдас. Saccharomycetaceae) деп аталады, ал түзбейтіндер – аспорогенді немесе анаспорогенді ( тұқымдас. Pseudosaccharomycetaceae).Жыныс үрдісінің типі бойынша ашытқыларды қалталы немесе базидиальді және жетілмеген саңырауқұлақтарға жатқызады. Жүйелік тұрғыдан алғанда әртекті ашытқы саңырауқұлақтары негізінен, ашу қабілетіне байланысты «Ашытқылар» тобына біріктірілген. Сондықтан «Ашытқы» термині таксономиялық емес. Ашытқылардың барлық түрлері қант бар ортада дамиды – жеміс, жидек, гүл шырыны, сүтқышқыл өнімдерінде, түрлі сусындарда және т.б. Ашытқылардың табиғи және мәдени түрлерін ажыратады. Соңғыларының үлкен шаруашылық маңызы бар, өйткені олар нан пісіруде (наубайханалық), шарап жасауда (шараптық), сыра өндіруде (сыралық) қолданылады. Ашытқылардың ғылымда да маңызы зор. Алғаш рет клетка моделі ретінде ашытқыда зерттеулерін генетиктер, радиобиологтар, цитологтар, сондай-ақ биоэнергетиктер өткізген. Ашытқылардың ішінде адам мен жануарлар үшін патогенділері де белгілі. Криптококк саңырауқұлағы – адам мен жануарлар миының қауіпті ауруын қоздырушысы, кандида кандидоздарды – ауыз, мұрын, жұтқыншақ пен ішкі мүшелерінің кілегей қабатын жаралайтын ауруды қоздырады. Ашытқылы ағзалар саңырауқұлақтар мен жәндіктерде паразиттіктіршілік етеді.
Әлемде 500-дей түр белгілі. Қазақстанда 200-ге жуық түр анықталған.
Аэробиоз (гр. aer – ауа, bios – тіршілік) – ағзаның тек қана оттегі бар ортада тіршілік етуге бейімділігі.
Аэробиос – ауада тіршілік ететін түрлі ағзалар.
Аэробтар – тіршілік әрекеті үшін бос оттегіні қажет ететін ағзалар.
Аэрогенді улану – саңырауқұлақ споралары бар ауамен тыныс алу барысында болады.
Аэромицеттер – споралар мен конидиялардың пайда болуы, босауы мен таралуы ауа ортасында өтетін саңырауқұлақтар (т. Penicillum, Aspergillus, қат. Hyphomycetaes).
Әлем (царство) - өсімдіктердің, жануарлардың, саңырауқұлақтардың, сондай-ақ прокариоттардың ең жоғарғы жүйелік категориясы.
Б
Базальді денешік (гр. basis – негіз) – жіпшелердің негізінде орналасқан, клетканың цилиндр пішінді, өздігінен көбейетін органелласы.
Базальді клеткалар – қайсыбір мүшенің негізінде орналасқан клеткалар, морфологиялық төменгі.
Базидиома, базидиокарп (лат. basidium – кішкене пъедестал; carpus – жеміс) – базидиоспоралары түзілетін базидиомицеттердің жеміс денесі.
Базидиомицеттер, базидиальді саңырауқұлақтар (кл. Basidiomycetes) – көпклеткалы мицелийлі жоғары сатылы саңырауқұлақтар. Өз атауын ерекше морфологиялық құрылымдар – базидийлер үшін алған. Базидийлерде экзогенді базидиоспоралар түзіледі, олар мицелийдің екі вегетативті клеткаларының өзара қосылуы (соматогамия) нәтижесі болып табылады. Даму циклінде дикариотты мицелий басым. Пішіні мен құрылысы бойынша жеміс денелері алуан түрлі: жұмсақ, қатты, тұяқ пішінді, қабықша түрінде немесе табан мен қақпаққа диференцияланған. Базидиомицеттердің тәжірибелік маңызы өте зор. Олардың ішінде жеуге жарамды, ағаш ыдыратушылар, улы, микориза түзушілер, өсімдік паразиттері, антибиотик пен басқа физиологиялық активті заттардың продуценттері бар. Конидиальді кезең өте аз кездеседі. Жүйелеу базидийлердің даму типі мен құрылымына негізделеді. Үш кластармағына бөлінеді – холобазидиомицеттер (Holoba-sidiomycetidae), гетеробазидиальді (Heterobasidiomycetidae), телиоспороми-цеттер (Teliosporomycetidae).
Әлемде 30 000-ға жуық түр белгілі. Қазақстанда 1000-нан астам тү анықталған.
Базидиоспора – бірклеткалы, дөңгелек немесе жіпше тәрізді спора. Бір- немесе көпклеткалы базидийлерде экзогенді түзіледі (қалыпты жағдайда төрт, бірақ кейде бір, екі, үш спора болуы мүмкін).
Базидиофор (гр. foros – тасымалдаушы) – базидийді өндіріп тасымалдайтын құрылым, мүше.
Базидия – тек қана дикариотты мицелийде пайда болатын, базидиальді саңырауқұлақтардың спора түзуші мүшесі. Гифаның ұшында апогамды пайда болады. Базидилер құрылымы бойынша былай бөлінеді: 1) холобазидийлер – жоғары басында жіңішке табанда (стеригма) базидиоспоралар орналасқан, бірклеткалы, түйреуіш пішінді базидийлер; 2) гетеробазидийлер – күрделі екіклеткалы базидийлер, екі бөліктен тұрады: төменгі, кеңейген бөлігі гипобазидия деп аталады, жоғарғы – эпибазидия, ол өз кезегінде гипобазидиядан қабықшамен бөлінген екі не төрт бөліктен тұрады; жоғарғы басында стеригмаларда базидиоспоралар орналасқан; 3) фрагмобазидийлер немесе склеробазидийлер көлденең қабақшалармен төрт клеткаға бөлінген, олардың бүйірлерінде стеригмаларда базидиоспоралар орналасады.
Базионим – таксонның алғаш рет беріліп отырған атауы. Оның жүйелік орнының өзгеруі кезінде кейін берілген барлық атаулар бұрынғы негізге негізделуі тиіс.
Базипетальді споралар (гр. basis – негіз, peto – ұмтыламын) – тізбектегі конидиялар, мұнда ең кішісі конидия түзушінің өзінде, ал ең кәрісі – тізбектің соңында орналасады. Жетілгеннен кейін соңғы конидия түсіп, оның орнына келесісі келеді (мысалы, Penicillum, Aspergillus, қат. түрлері, кл. Hypomycetes).
Баллистоспора – ұшы өткір стеригмаларда орналасқан күшпен атылуға қабілетті спора. Кейбір ашытқы, тат және агарикті саңырауқұлақтарда кездеседі.
Бефунгин – чагадан (трут саңырауқұлағының стерильді түрі – Inonotus obliquus, қат. Aphyllophorales) алынатын отандық препарат.Ісік клеткаларының өсуін тежейді. Онкологиялық ауруларды, хроникалық гастриттерді, асқазан-ішек аппаратының дискинезиясын емдеуде қолданылады.
Бинарлы номенклатура (лат. bis – екі, екілік) – тірі ағзаларды белгілеу ережесі. Әрбір тірі биологиялық объектінің (өсімдіктер, жануарлар, саңырау-құлақтар, бактериялар, т.б.) атауының екі сөзден (бірі туыстасты (зат есім), екіншісі түрді (сын есім)) тұратынына негізделген. Карл Линней (XVIII ғ.) енгізді. Атаулар тек латын тілінде беріледі. Жаңадан ашылған таксонның (түр, туыстас) бейнелеуі (диагноз) міндетті түрде латын тілінде беріледі. Бұл ереже Ботаникалық номенклатураның халықаралық конгресінде мақұлданған, және заңды күші бар.
Биологиялық расалар – бірі бірінен морфологиялық айырмашылығы жоқ, алайда мамандануы (қорек өсімдіктердің қысқа шеңберін, яғни сортын, зақымдау қабілеті) бойынша қатты айрылатын паразиттік саңырауқұлақ-тардың түрішілік немесе түр тармағы деңгейінің жүйелік категориялары.
Биос – ашытқы клеткаларында бар В тобы дәрумендерінің қоспасымен берілген биологиялық активті заттар, ашытқының өсуін қамтамасыз етеді.
Биоценоз – белгілі территорияны мекендейтін барлық тірі ағзалар.
Бластикалық конидиогенез – конидия бастамасының ісінуінен конидиялардың пайда болуы; конидияның түзілуі оның конидиогенді клеткадан қабықшамен бөлінуіне дейін басталады.
Бласто- (гр. blastos - өсін, тұқым бүрі) – күрделі сөздердің бөлшегі, өсін, бүршіктің түзілуін білдіреді.
Бластокладийлі саңырауқұлақтар (қат. Blastocladiales, кл. Chytridiomycetes) – вегетативті денесі нашар не жақсы дамыған мицелиймен берілген саңырауқұлақтар. Жыныссыз көбею біржіпшелі зооспоралар арқылы жүзеге аырылады, жынысты – изогамия мен гетерогамия. Түзілген зигота тыныштық уақытынсыз ағзаның диплоидты стадиясына – диплоидты мицелийге өседі. Негізінен тұщы суда өсімдік және жануар қалдықтарында, кейде ылғалды топырақта тіршілік етеді. Кейбір түрлер омыртқасыз жануарлар денесінде немесе төменгі сатылы саңырауқұлақтарда паразиттік тіршілік етеді. Тән түрлер – бластокладиелла (Blastocladiella), алломицес (Allomyces), катенария (Catenaria).
Әлемде 60 түр белгілі. Қазақстанда зерттелмеген.
Бластомикоздар – ашытқының кейбір түрлері және басқа да ашытқы тектес ағзалар қоздыратын тері аурулары.
Бластомицеттер (кл. Blastomycetes) – даму циклінде қалталы және базидиальді саңырауқұлақтармен байланысы байқалатын ашытқы мен ашытқы тектес ағзалар. Біріншілермен байланысына кейбір түрлерде (аспорогенді ашытқы) жыныс процесі нәтижесінде түзілетін қалталардың болуы көрсетеді, екіншілермен – родоторула (Rodotorula) туысы түрлерінде базидиальді саңырауқұлақтардағыдай күрделі жыныс процесінің ашылуы. Тек вегетативті көбейетін, жетілмеген ашытқы деп аталатын туытас тобы бар. Бластомицеттер барлық жерде таралған.
Әлемде 200 түр белгілі. Қазақстанда 18 түр анықталған.
Екі қатарға бөлінеді: Cryptococcales, Sporobolomycetales.
Бластоспора, бластоконидия – конидиогенді клетканың ісінген ұшынан немесе мицелий гифалары клеткаларынан бүршіктену арқылы түзіледі, өздігінен де бүршіктене алады, белгілі мөлшерге жеткенде қабықшамен бөлініп, құлайды. Кладоспорий туыстасы түрлерінде кездеседі (Cladosporium, кл. Hypomycetales).
Боверин – ішектік немесе контактты әрекетті ақ дисперсты ұнтақ түріндегі препарат. Боверия (Beauveria bossiana, қат. Hypomycetales) саңырау-құлағынан алынған.Әрекет ететін бастама споралар болап табылады, олар жәндік бетінде немесе ішегінде өсіп, гифаларымен оның барлық іш құрылысын тесіп жібереді. Орман және ауыл шаруашылық зиянкестерімен күресте қолданылады.
Болетус (т. Boletus, қат. Agaricales) – қақпағы дөңес, дөңгелек пішінді, өсе келе кішкене жайылады, жұмсақ, ашық қоңырдан қара-қоңырға дейін, кейде тіпті ақ, диаметрі 5-тен 20 см дейін, беті – жалаң не сәл жабыңқы, ылғалды ауа-райында кілегейлі. Гименофор трубкалы, сары, ақшылт-сары, қызыл, кейде ақ. Табаны түйінді, биік, 15-20 см-ге дейін, әжімденген, қақпақтан ақшылт, үстіңгі бөлікте торлы өрнегі бар. Споралар созыңқы-эллипсоидальді, ұршық пішінді, тегіс, боялған. Жапырақты, қылқанды орманда өседі, жеуге жарамды. Түрлердің ішінде улысы да, микориза түзушілері де бар.
Әлемде 50 түр белгілі. Қазақстанда екі түр кездеседі: қайыңды ақ саңырауқұлақ (B. betulicolus), қайың астында өседі және боровик, қарағайлы ақ саңырауқұлақ (B.pinicola), қарағай орманында ағаш түбінде өседі.
Болжам – сыртқы ортадағы өзгерістерді, табиғат құбылыстарын, эпидемияларды, эпифитотяларды, эпизоотийлерді барынша терең, ғылыми зерттеуге негізделген алдын ала көрушілік.
Бордос сұйықтығы - өсімдіктердің саңырауқұлақтық және басқа да түрлі ауруларына қарсы заттардың ішіндегі ең көп таралағаны. Мыс купоросы мен әк сүті қоспасы. Оның 1%-қ ерітіндісі қолданылады.
Бөлшекті спора – екі немесе көп клеткалы аскоспоралардан түзілетін бір клеткалы домалақ спора. Гипокрея туысы саңырауқұлақтарында кездеседі (Hypocrea, қат. Hypocreales)
Бранхиомикоз – инфекциялық, қатерлі түрде өтетін ауру, кейбір балықтардың желбезектерінің ыдырауына әкеледі. Қоздырушы – Branchiomyces sanduinis ( қат. Saprolegniales) саңырауқұлағы.
Бронхомикоз – Абсидия (Absidia corymbifera) туысының мукорлы саңырауқұлақтары қоздыратын адам мен жануарлардың бронх ауруы. Көп жағдайда өлімге әкеледі.
Бургунд сұйықтығы – көптеген саңырауқұлақ ауруларына қарсы қолданылатын зат. Оның құрамына мыс купоросы және кристаллды немесе сусыз (кальционданған) сода енеді. 1% немесе 0,3% ерітінді дайындалып қолданылады.
Буферлі клетка, буферлі конидия (ағылш. buff – тепкіні жұмсарту) – конидиялар тізбегінің соңында орналасқан, көбіне ірі конидия. Келесі конидиялардың шығуы үшін эпидермистің жарылуына ықпал жасайды. Аьбуго (Albugo, қат. Personosporales) туысының саңырауқұлақтарында кездеседі.
Бұтақтар мен өскіндердің қисаюы – екі үйлі тат саңырауқұлақтары қоздыратын ауру.
Бұтақтардың, ағаш өскіндерінің қурауы – Diplodia, Gloeosporium, Valsa, Massaria, Nummularia тұқымдастарының саңырауқұлақтарының көп түрлері қоздырады. Көп жағдайда бұған механикалық жаралану, некроздар алғышарт болады. Некроздардың қоздырғышы Septomyxa, Rhabdospora, Nectria тұқымдастарының саңырауқұлақтары болыып табылады. Айта кететін жайт, Nectria cinnabarina саңыауқұлағы тек некрозды ғана қоздырмай, сондай-ақ ағаштың басы мен өскіндерінің қурауын туғызады. Күресу шаралары – жарақаттанудан, зиянкес-жәндіктерден сақтау: қию, ауру бұтақтарды жағу, фунгицидтермен залалсыздандыру.
Бүршіктену – вегетативті көбею тәсілдерінің бірі. Аналық ағзада бүршіктер – клеткалар түзіліп, олардан жаңа ағза дамиды. Ашытқы саңырауқұлақтарында, кейбір аскомицеттер мен базидиомицеттерде кездеседі.
Бүршіктенетін мицелий – кәдімгі мицелийде өскін немесе бүршік пайда болып, кейін аналық клеткадан не бөлінеді, не орнында қалып тізбек түзеді.
Бір жылдық саңырауқұлақтар – даму циклін бір жыл ішінде аяқтайтын саңырауқұлақтар.
Бір иелі саңырауқұлақтар – барлық даму циклі тек бір ие-өсімдікте өтетін саңырауқұлақтар.
В
Вакуоль (лат. vacuus – бос) – клетка цитоплазмасының қуысы, бір қабат мембрана - тонопластпен қоршалған, өңделген және қор заттар, токсиндер бар клетка шырынына толы. Асқорыту, зәр шығару қызметін атқарады, цитоплазманың қабықшалық қабатымен бірге осмостық қысымды реттейді. Клетканың лизосрмальді компартаменттің бөлігі болып табылады.
Везикула (лат. vesicula – көпіршік) – микориза түзген кезде жоғары сатылы өсімдіктің тамыр клеткаларына гаусториялар сияқты енетін мицелийдің дөңгелек, ісінген клеткасы.
Веселка (Phallus impudicus, қат. Phallales) – жас кезіде жеміс денесі диаметрі 6 см-ге дейін жететін, жұмыртқа пішіндес келетін саңырауқұлақ. Ақ, кейде сарғыш, қалың қабықпен қапталған. Жетілу барысында қабық жарылып, басында конусты ұяшықты, жасыл-сарғыш түсті, шіріген ет иісті қақпағы бар цилиндрлік діңгекше пайда болады. Саңырауқұлақ иіктігі 30 см-ге дейін жетеді. Барлық жерде таралған, қылқанды және жапырақты ормандарда өседі, алайда көбіне микориза түзілетін емен, бук ағаштарының түбінде өседі. Сулы немесе спиртті сығындыны асқазан ішек қуысының аурулары кезінде қолданады. Саңырауқұлақтың кілегейлі қабығын – «жер майын» - антиревматикалық және ісікке қарсы зат ретінде қолданады.
Вилт, қурау - өсімдіктердің тамыр және өткізгіш жүйесінің ауруы. Қоздырғышы – фузарий (Fusarium) және вертицилий (Verticillium) туыс түрлері. Паразит қантамыр жүйесіне өтіп, оларды бекіп тастайды, нәтижесінде тургор жоғалып қурау, жапырақ, бұтақ пен басқа да мүшелердің солуы басталады. Өсімдіктер біртіндеп өледі. Ең қауіпті Verticillium dachliae саңырауқұлағы, ол мақтаның вилтына әкелеіп, мақта өндірісіне өлкен зардап әкеледі. Паразитпен күресу шаралары өте ауыр және негізінен агротехникалыққа сүйенген, бұл – вилтқа тұрақты сорттар селекциясы және химиялық – 2-3 жұма сайын фундазолдың 0,05-0,1% ерітіндісі.
Вируленттілік (гр.virulenus – улы) – ие-өсімдік сорттарына немесе түрлеріне саңырауқұлақтың инфекциялық қабілеттілігінің сапалық көрсеткіші, сондай-ақ қоздырғыштың ие ағзасына өту жылдамдығы мен улы заттарды шығару мүмкіндігі, яғни жоғары патогендік және агрессивтілік.
Вольва – жалпы жабынның қалдығы, табан негізінде қалта тәрізді немесе шеңберлі түзілім ретінде қалып қояды. Қақпақта қабыршақтар түрінде қалып қояды.
Волнушки (Lactarius torminosus, қат. Agaricales) – орта және үлкен мөлшерлі саңырауқұлақтар, кең воронкалы, шашақты, шеті қатты жырымдалған, түсі қызғылт не қызғылт-қызыл, күңгірт шеңберлермен өрнектелген қақпағы бар. Табаны центрлік, тік, қуысты, басында шашақты, кейін жалаң, түсі ққпағымен бірдей. Еті ақ, кейде қызғылт. Шырыны ақ, ащы, мол болады. Қарағайлы-қайыңды, қайыңды-теректі сирек ормандарда, батпақтанған ормандарда өседі. Қазақстанның солтүстігі мен солтүстік-шығысында кездеседі. Саңырауқұлақ тек тұздалған түрінде ғана жеуге жарамды, тұздау алдынды 15-20 мин. қайнату қажет.
Воронин денешіктері – протоплазмада, қатпарлардың маңында орналасатын сопақша пішінді субмикроскопиялық құрылымдар. Гифаның зақымдалуы жағдайында пораларды бекіту қызметін атқарады.
Выпревание – ауру жапырақты және қылқанды ағаштардың өсінділерін, қысқы дәндә дақылдардың өсінділерін залалдандырады. Аурудың қоздырғыштары – склеротиния (Sclerotinia graminearium, қат. Helo-tiales) және тифула (Typhula gramienarium, қат. Aphyllophorales) туыстарының саңырауқұлақтары. Ауру қар еріген кезде-ақ көрінеді; Қар астынан шығып келе жатқан өсінділер ақшылт-сұр мицелиймен қапталған, кейін оның үстінде алғашында ақшылт, кейін қараятын склероцийлер дамиды. Содан соң олар түсіп, біраз уақыт өте келе жеміс денелерін түзіп өседі: біріншіде – қалталар мен аскоспоралары бар апотецийлер, екіншісінде – базидиоспоралары бар базидийлер. Олармен негізінде мәдени және жабайы дәнді дақылдар залалданады, бұлардан саңырауқұлақтар ағаш өсінділеріне көшеді. Ауру өсінділердің инелері түсіп, басы шіриді, бұл жаңа өсінділерді өлімге әкеледі. Күресу шаралары профилактикалық: склероцийлер түспей жатып, ауру өсінділерді жинап жағу, сонымен қатар питомниктерді салғанд агротехникалық шараларды мұқият орындау керек.
Г
Галлдар - өсімдіктердің түрлі мүшелерінің, негізінде жапырақтардың ұлпасының патологиялық өсіп жайылуынан болатын дөңгелек пішінді түзілімдер. Ол механикалық немесе химиялық тітіркенуден, сонымен қатар, түрлі паразиттер (жәндіктер, саңырауқұлақтар, бактериялар) әсерінен пайда болады.
Галлюциногенді саңырауқұлақтар – тамаққа қолданғанда галлюцинациялар тудыратын саңырауқұлақтар. Аманита (Amanita) және псцилобе (Psilocybe, қат. Agaricales) туыстарының базидиальділеріне жатады. Олар шығаратын псцилоцин мен псцилоцибин психотропты заттар психотерапияда қолданылады.
Гамета (гр. gamete - әйел, gametes – күйеу) – жыныс клеткасы (жұмыртқа клеикасы немесе сперматозоид). Гаметалар тұқымдану кезінде қосылып, диплоидты хромосомдар саны бар зигота түзеді. Ол жаңа ағзаға бастама береді. Гаметалар тұқымқуалаушылық ақпаратты ата-анадан ұрпаққа береді.
Гаметангий (гр.angenion – тамыр) – төменгі сатылы саңырауқұлақтардың жыныс мүшесі, онда жаныс клеткалары – гаметалар дамиды.
Гаметангиогамия – гаметалар қосылатын жыныс процесі. Жұмыртқа клеткасы мен сперматозоид өзара қосылып зигота түзеді.
Гаметогенез (гр. Genesis – даму, пайда болу) – жыныс клеткаларының пайда болу мен даму процесі.
Гаметофит - өсімдіктердің (саңырауқұлақтардың, балдырлардың және т.б.) жыныс ұрпағы, өз дамуында жыныссыз ұрпақ - спорофитпен кезектесе алады немесе соңғысынан тәуелсіз өздігінен дами алады.
Гаплоидты фаза (гр. haploos – бірлік, қарапайым; eidos – түр) – редукциялық бөліну нәтижесіндегі клетка ядросының хромосом саны қарапайым, жұпсыз болатын ағзаның тіршілік жағдайы.
Гаплоидты мицелий – клеткаларында гаплоидты ядролары бар мицелий.
Гастеромицеттер (қатарлар тобы, кл. Basidiomycetes) – ішінде базидиоспоралары бар базидиялар дамитын, тұйық жеміс денелері бар саңырауқұлақтар, табаны бар, топырақ бетінде, сирек ағаш пен топырақ астында тіршілік етеді. Жеміс денелерінің пішіні мен мөлшері алуан түрлі: дөңгелек, түйінді, цилиндрлік, жұлдызды және т.б. Пішіні даму барысында өзгереді. Мөлшері диаметрінде 5мм-ден 1 м-ге дейін, массасы бірнеше граммнан 10кг-ға дейін және одан да көп. Перидий жақсы дамыған және бірнеше қабаттан тұрады. Далада, жайылымдарда, шөлде, ашық құрғақ жерлерде, сирек орманда кездеседі. Шаруашылық маңызы үлкен емес. Басқа саңырауқұлақтар сияқты органикалық заттарды ыдыратады, ішінде микориза түзушілер, өлі ағашты ыдыратушылар, жеуге жарамдылар (тек жас кезінде) бар, сонымен қатар, оларды халық медицинасында қолданады. Кейбір түрлер жоғары сатылы өсімдік тамырларында паразиттік тіршілік етеді – ризопогон (Rhizopogon) туысы. Бұл топ өзінің үштік реликтік түрлерімен қызық, мысалы, феллориния (Phellorinia strobilina). Олар Қазақстанның Қызыл кітабна сирек, жойылу қаупіндегілер ретінде енгізілген.
Әлемде 1000-ға жуық түр белгілі. Қазақстанда 107 түр анықталғын. 6 қатары бар: Lycoperdales, Melanogasrales, Sclerodermatales, Tulostomatales, Nidulariales.
Гаустория (лат. gaustor – ішетін, жұтатын) – сорғыш, түрі өзгерген, маманданған гифа, пішіні әр түрлі: қап тәрізді, қармалауыш тәрізді, түйреуіш тәрізді, цилиндрлі және т.б., паразит саңырауқұлақтың субстратқа бекіп, ие өсімдіктен қоретік заттарды сору қызметін атқарады.
Гелоцийлі саңырауқұлақтар (қат. Helotiales, кл. Ascomycetes) - әдетте ашық түсті немесе қара, қоңырау пішінді, дөңес, кейде жақсы дамыған табаны бар, қақпақта саңырауқұлақтарға ұқсайды. Апотецийлер жұқа қабықшамен қапталған, субгимений мен оның арасында тығыз емес байланысқан гифалардан тұратын еті болады. Қалталар жоғары басынан порамен немесе жарықпен ашылады. Споралары көпклеткалы, жұқа қабықшасы болады, түссіз, кейде боялған. Негізінен өсімдік субстратын мекен ететін сапрофиттер, бірақ паразиттер де бар. Тән туыстастар: гименосцифус (Hymenoscyphus), псевдопецица (Pseudopeziza), монилиния (Monilinia) және т.б.
Әлемде 1750 түр белгілі. Қазақстанда 56 түр анықталған.
Гельвелий қышқылы – кейбір дискомицеттердің (т. Helvella, Gyromitra) жеміс денесінің клеткаларында болатын улы зат. Гемолитикалық әсері бар, көкбауырдағы өзгерістерге әкеледі.Оңай алынып, ысытық сумен ыдыратылады.
Гемиангиокарпты жеміс денесі – даму басында гименийі жалқы жабынмен қапталғн жеміс денесі, пісіп жетілгенде ол жарылып, гименофор босайды. Агарикті саңырауқұлақтарда (қат. Agaricales) кездеседі.
Гемиаскомицеттер, жалаң қалталы саңырауқұлақтар (кл.т. Hemiascomicetideae, кл. Ascomycetes) – қарапайым қалталы саңырауқұлақтар, оларда жеміс денесі болмайды, ал қалталар бір-бірден немесе қабатанып мицелийдің өзінде дамиды. Көптеген өкілдерінің нағыз мицелийі жоқ, бөлек-бөлек бүршіктенетін клеткалармен немесе конидиялар тізбегімен берілген. Қалталар зиготадан, аскогенді гифалардың қатысуынсыз түзіледі. Табиғатта кеңінен таралған. Қанты көп субстратты мекен етеді. Негізінен, бұл ашытқы саңырауқұлақтар.
Әлемде 325 түр белгілі. Қазақстанда 28 түр анықталған. Төрт қатар түзеді: Endomycetales, Thaphrinales, Protomycetales, Ascosphaerales.
Ген (гр. genos – ата-тегі) – ДНК бар, көбеюге қабілетті және тұқымқуалаушылық ақпаратты тасымалдайтын хромосоманың бөлігі.
Генезис (гр. genesis – туу) – пайда болу.
Генерация (лат. generatio – туу) – 1) ағзалар ұрпағы; 2) саңырауқұлақтың конидиядан конидияға дейін дамуы; 3) саңырауқұлақтар конидияларының немесе спораларының жаз бойы бірнеше ұрпақ беруі.
Достарыңызбен бөлісу: |