153
Орынбор өлкесіне Кіші жүздің жерлері де қарайтын. П.И. Рычков
«Орынбордың тарихы» және «Орынбор губерниясының топографиясы немесе
сипаттамасы» деген құнды еңбектерін жазып қалдырды. Ол еңбектерде
қазақтардың Еділ-Жайық өңіріне Хақназар ханның
билігі кезінде келгені
жөнінде, Кіші жүз қазақтарының Ресейдің құрамына өтуінің барысы туралы
егжейлі-тегжейлі баяндайтын деректер бар. Автор Орынбор қаласының, Жайық
пен Орынбор шекаралық шептерінің салынуын, Ресейдің Орта Азия және қазақ
даласымен сауда-саттық байланыстарының қалай орнатылғандығын бастан-аяқ
баяндады. Ол Орынбордан Бұхараға бара жатқан көпестерге жергілікті
халықтардың тарихы жөнінде, тіпті араб тілінде жазылған болса да, әдебиеттер
ала келуге тапсырыс беретін. П.И. Рычков Е.Пугачев көтерілісіне байланысты
оқиғаларды да жан-жақты суреттеді. Ол қазақ халқының тілі мен мәдениетін
терең білді, қазақ фольклорының көптеген үлгілерін жинастырды.
1740-1741 жылдары оған Арал теңізіне әскери-ғылыми экспедиция
ұйымдастыру тапсырылады. Бұларға қоса ол В.Н. Татищевтің Қазақ даласы мен
Орта Азияның экономикасы, географиясы, тарихы және этнографиясы жөнінде
мәліметтер жинауға берген тапсырмаларын орындады, сонымен қатар шығыс
деректемелерін мұқият зерттеді. Өзінің қызметтік міндеттеріне байланысты
Рычков қазақ халқы мен Орынбор өлкесінің өзге де
жергілікті халықтарының
өмірін зерттеуге баса назар аударады. Бұл туралы оның көптеген хаттары,
хабарламалары дәлелдейді. Оларда қазақ-орыс қатынастарының тарихы ғана
емес, 1740-1750 жылдары қазақ халқының жалпы тарихы, әдет-ғұрыптары,
салт-дәстүрі, кәсібі, тіршілігі көрініс береді.
П.И. Рычковтың алғашқы ғылыми еңбектерінің бірі «История
Оренбургская» («Орынбор қаласының сипаттамасы») (1744 ж.) деп аталады.
Бұл оның осы тақырыптағы жұмысының әрі жалғасуына жақсы бастама болды.
Келесі жылдары ол «Татарлар туралы қысқаша хабарлар» деп аталатын
тарихи-
этнографиялық еңбегін жазды, оны В.Н. Татищевтен сыни пікір алғаннан кейін
1750 жылы толық аяқтады. Бірақ қолжазба жарық көрмеді. Дегенмен бұдан соң
ол түркі халықтарының неғұрлым жақсы білгірі ретінде танылды. Оңтүстік
Орал, Қазақ даласы және Орта Азияның географиясын, тарихын,
этнографиясын және экономикасын көп жылдық зерттеулері П.И. Рычковқа
1752 жылы «Топография Оренбургская» («Орынбор топографиясы») күрделі
еңбегін жазуға мүмкіндік берді. Дәл сол кезде ол Орынбор губерниясы және
Орта Азияның жаңа басты картасын жасауды қолға алуды ұйымдастырды.
Карталар ондаған жеке карталар – «партикулярлардан» құрылуы тиіс болды.
Кейін
олар әлдеқайда кеңейтіліп, «Орынбор топографиясы» деген атпен жеке
кітап болып жарық көрді. П.Рычковтың ұсынысы патша үкіметінің мүдделеріне
толық сай келді, ұланғайыр Орынбор өлкесінің шаруашылық жағынан
игерілуіне жағдай жасады. А.Д. Красильников бастаған геодезистер
жоспарланған барлық карталарды құрастыру туралы тапсырма алған. 1755
жылдың ортасында карталар және «Орынбор топографиясының» бірінші бөлімі
Ғылым Академиясының қарауына ұсынылды. Алайда А.Красильниковтың
карталары тек 1880 жылы ғана жарық көрді. Ал «Орынбор топографиясы»
154
автордың тірі кезінде, жеті жыл кешігіп, 1762 жылы екі рет жарық көрді.
Еңбекте XVIII ғасырдың ортасындағы орыс ғылымындағы Оңтүстік Орал,
Қазақ даласы және Орта Азия халықтары туралы географиялық, тарихи-
этнографиялық мәліметтер жинақталған. Қазақ жерлері де құрамында болған
алыс Орынбор өлкесі бұл кітап шыққанға дейін Ресейде аз танымал болған еді.
«Орынбор топографиясы» орыс оқырмандарын өлкенің табиғи байлықтарымен,
этникалық құрамымен, шаруашылығы және халықтың тұрмысымен жан-жақты
таныстырып, осы ұланғайыр аумақты шаруашылық игеруге қызығушылықты
туғызды.
П.И. Рычковтың келесі еңбегі 1759 жылы жарық көрген «Орынбор
өлкесінің тарихы» болды, онда үш жүздің рулық құрамы және орналасуы, қазақ
халқының шығу тегі және кәсібі, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, діни
нанымдары және қазақтардың қарулары туралы мәліметтер берілген. П.И.
Рычков та В.Н. Татищев тәрізді Қазақ даласы мен Орталық Азияның тарихын
және этнографиясын зерттеу үшін шығыс деректемелерінің маңызына баса
назар аударды. Ол Әбілғазының, Қадырғали Хошым Жалаиридің және өзге де
авторлардың еңбектерін мұқият зерделеді, сонымен қатар,
орыс және Орта
Азиялық көпестер мен елшілерден өзіне шығыс кітаптарын, қолжазбаларын
әкеліп берулерін сұрап, әрдайым жаңа деректердің қолына көптеп түсуіне мән
беріп отырды.
Қазақ халқының этнографиясы туралы маңызды мәліметтер П.И.
Рычковтың шағын еңбектерінде де кездеседі. Қазақтардың шаруашылығы, мал
шаруашылығының мәні, малды қарау тәсілдері, егін шаруашылығын дамыту,
өлкенің табиғат байлықтары туралы мәселелер оның «Описание урожая хлеба в
Оренбургской губернии» («Орынбор губерниясындағы егін шаруашылығын
сипаттау»), «О способе к умножению земледелия в Оренбургской губернии»
(«Орынбор губерниясында егістікті көбейту тәсілдері туралы»), «О медных
рудах и минералах, находящихся в Оренбургской губернии» («Орынбор
губерниясында орналасқан мыс кендері және минералдары туралы»)
деген
мақалаларында көрсетілді. Қазақ халқының этнографиялық ерекшеліктерінің
сипаттамасын П.Рычков башқұрт халқымен салыстыра отырып жасады. Себебі
башқұрттар да, қазақтар тәрізді, Орынбор өлкесінің неғұрлым саны көп
халықтарының бірі еді. Әрине, П.Рычков қазақ халқының әдет-ғұрыптарының
теріс жақтарын көбірек көрсетіп, қателіктер жіберді және қазақтарда егін
шаруашылығының дамығандығына күмән келтірді. Бұл оның қазақ халқы
туралы толық хабардар болмағандығының көрінісі еді.
Отарлаушы әкімшіліктің жауапты шенеунігі
бола және консервативті
саяси көзқарастарымен ерекшелене отыра, П.Рычков этнографиялық
жадығаттарды тек ғылымның мүддесі үшін ғана емес, отарлаушылық саясатты
негіздеу үшін де пайдаланды. Бұл туралы оның Тевкелевпен бірлесіп жазған
«Сыртқы Істер Алқасының Кіші және Орта Жүздердегі жағдайлар туралы
ұсыныстарында» ерекше байқалады. П.И. Рычковтың этнографиялық зерттеу
әдістерін айтқан кезде, мәселен, қазақтардың рулық құрамын зерттегенде, оның
сұлтандар мен ағамандардың мәліметтерімен ғана шектеліп қалғандығына
155
тоқталмай кетуге болмайды. Соған қарамастан, П.Рычковтың
еңбектері
Ресейдегі қазақ халқының этнографиясын зерттеу тарихындағы маңызды
қадамдар болды.
П.И. Рычков патшалық үкімет 1734 жылы ұйымдастырған Орынбор
экспедициясына қатысып, өлкені зерттеумен айналысты. Бұдан кейінгі
уақыттарда да Ресей мен Қазақстанның шекарасында қырық жыл бойы өмір
сүріп, қазақтар туралы танымдық қолжазбалар мен зерттеулер жазды. Сондай
зерттеулерінің арқасында әлі күнге дейін жарияланбаған еңбектері де бар.
Солардың бірі – «Краткое известие о татарах и нынешнем состоянии тех
народов, которые в Европе под именем татар разумеются» атты еңбегі.
Зерттеушінің «Экстракт ис полученных от коаменд известей о киргиз-
кайсацких, калмыцких и хивинских обращениях. 1742г.»
тақырыбындағы
жазбаларында қазақ жүздері туралы, Кіші және Орта жүздердің Ресей
бодандығын қабылдауы туралы айтып өткен. Қазақ жүздерінің бодандықты
қабылдауларын хан ұрпақтары арқылы да бекіте түскен, әрі оған бұқаралық
сипат беруді ұйымдастырып отырған. Мұндағы ойлары – қазақтардың берген
анттарынан тайдырмау. Сол үшін хандарға сый-сияпат көрсетуді басты назарда
ұстаған. Хандардың есіне олардың бодандыққа енгендігін жиі салып, әр түрлі
тарту-таралғылармен өзінің сеніміне кіргізіп, бодандық бұғауын тарта түсуді
көздегені байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: