Мухангалиева Ж. К. Тарихи өлкетану


§3.3 Қадырғали Жалайыри және оның «Жами-ат-Тауарих» атты



Pdf көрінісі
бет64/94
Дата19.03.2024
өлшемі1.82 Mb.
#496006
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   94
Myhangalieva J.K. Tarihi olketany. 2018

§3.3 Қадырғали Жалайыри және оның «Жами-ат-Тауарих» атты 
еңбегі. 
Қазақтың жалайыр тайпасының өкілі Қадырәли бек (Қадырғали, 1530-1605 
жж.) бізге дейін жеткен, шартты түрде «Жами ат-таварих («Жылнамалар 
жинағы») деген тұңғыш тарихи еңбекті жазды. Бұл шығарма ауызша тарихи 
аңыздар мен Рашид ад-Диннің тарихи жинағы (XIV ғ.) негізінде жазылған. 
Белгілі би Қадырәли бек Ондан сұлтанға, ал содан соң оның ұлы Ораз-
Мұхаммедке қызмет еткен. Қалмақтардың қолынан Ондан сұлтан өлгеннен 
кейін Қадырғали Ораз-Мұхаммедпен бірге Көшім ханның қамқорлығымен 
Сібір хандығына қоныс аударған. Мұнда ол Сібір хандарына кеңесші болып 
қызмет еткен. 1588 жылы Сібір воеводасы Д.Чулков Ораз-Мұхаммедті оның 
барлық туысқандарымен және нөкерлерімен бірге алдап, тұтқынға түсіріп, 
оларды Қадырғалимен бірге Мәскеуге аманат етіп жіберді. 1592 жылы Феодор 
Иванович патша Ораз-Мұхаммедке Касимов хандығынан жер бөліп берді. Ал 
1600 жылы Борис Годунов оны Касимов қаласының билеуші ханы етіп қойды , 
1602 жылы Қадырғали өз туындысын сонда жазды, онда Рашид ад-Диннің 
еңбегінің Шыңғысхан мен оның мирасқорлары тарихымен байланысты 
жекелеген бөлімдерінің қысқаша мазмұны келтіріледі. Кітаптың қазақ хандары 
тарихын көп жағынан айқындайтын екінші бөлігінің дербес және өте құнды 
маңызы бар. XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығы туралы деректер едәуір 
ынта-ықылас туғызады, олар қазақ қоғамында ауызша тарихнамалық дәстүр, 
генеалогияларға және саяси тарих мәселелеріне нақты мүдделік бар екенін 
көрсететін сенімді жергілікті деректемелрге негізделген.
 
§3.4 Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінің туған өлкені зерттеп-тануда 
қолданылуы. 
Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551 жж.) әйгілі тарихшы, әдебиетші, 
Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер 
беретін «Тарих-и Рашиди» кітабы мен «Жахһаннаме» дастанының авторы, 
Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы. Оның толық аты-
жөні – Дулат Мұхаммед Хұсайынұлы Мырза Мұхаммед Хайдар. Мұхаммед 
Хайдардың ата-бабалары кезінде Моғолстан мемлекетінің құрамына енген 
қазіргі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан және Шығыс Түркістан 


151 
жерлерінде ұлысбегі, тархан қызметтерін атқарған, өздерінің мұрагерлік 
иеліктері – Маңлай-Сүбені дербес басқарған. Әкесі қазақ ханы Қасыммен 
бірігіп, Шайбани ханмен жауласып жүргенде, 1508 жылы Шайбани әскерінің 
қолында өлді. Мұхаммед Хайдардың анасы Хұб Нигар ханым – Шағатай 
ұрпағынан, Моғолстан ханы – Жүніс ханның қызы. Сегіз жасар Хайдар 
әкесінен жетім қалып, үш-төрт жылдай өзінің бөлесі, атақты жазушы Бабырдың 
қолынан тәрбие алды. Ал Бабыр өзінің атақты «Бабырнаме» атты мемуарлық 
кітабында Хайдар Дулатидың ақындық талантын, білімділігін, садақ жебесін 
жасаудағы шеберлігін аса жоғары бағалаған. 13 жасқа жеткенде, Хайдар өзінің 
тума нағашысы Жүніс ханның немересі, атақты Сұлтан Ахмет Алаша ханның 
баласы Қашғар өлкесін билейтін Сейіт ханның қолына келіп, оның 
қарамағында әрі би, әрі әскер басы болып қызмет атқарды. Сейіт хан өлген соң, 
оның баласы Рашид сұлтанға уәзір болып істейді, бірақ Мұхаммед Хайдар 
Дулати Рашид сұлтанмен келісе алмай, ақыры Бабырдың балалары Қарман мен 
Ғұмайынның қасына барып, олар арқылы Кашмир уәләятын басқаратын болды. 
Ол 1551 жылғы жергілікті көтерілісі кезінде қаза тапты.  
Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстан, Орта Азия мен Қазақстанның, 
әсіресе, дулат тайпасының феодалдық бөлігінің тарихын жетік білген. 1541-
1546 жылдары Кашмирде Хайдар Дулатидің есімін әлемге мәшһүр еткен ең 
басты еңбегі – «Тарих-и Рашидиді» жазды. Бұл еңбекті Мұхаммед Хайдар 
Дулати ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырылған дулаттардың өткені туралы 
әңгімелерге, моғолдардың аңызына, моғол хандарының сарайларында сақталып 
қалған құпия құжаттарға, куәгерлердің мәліметіне және өз бақылауларына 
сүйене отырып, парсы тілінде жазды. Сонымен бірге, ғалым бұрындары өмір 
сүрген Жувейни, Жамал Қараши, Рашид-ад-дин, Әли Иазди, Әбдіразақ 
Самарқанди сынды атақты ғалымдардың тарихи туындаларын қолданды. Бұл 
туындыны мұрағат мәліметтеріне сүйене отырып жазылған, тарихи анықтама 
деуге негіз бар. Мұхаммед Хайдар Дулати қазақтардың ортағасырлық тарихы 
туралы көптеген құнды мәліметтер қалдырды. «Тарих-и Рашиди» атты еңбекте 
қазақ хандығының қалыптасуы туралы, мұнан кейінгі Жетісу мен Шығыс 
Дешті Қыпшақта болған оқиғалар, Моғолстанның құлауы, феодалдық соғыстар, 
қазақтар, қырғыздар және өзбектердің сыртқы жауға қарсы күресте өзара 
одақтасуы туралы көптеген мәліметтер бар. Сондай-ақ дастанда Ауғанстан, 
Тибет; Үнді елдерінде орын алған кейбір саяси, мәдени, әлеуметтік оқиғалар да 
қамтылды. Ғалым, сол елдерді мекен еткен ру-тайпалардың, халықтардың 
тарихын, қоғамдық-әлеуметтік өмірін, әдебиетін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, 
салт-санасын зор білгірлікпен жазып қалдырды. Бұл еңбектің ең құндылығы – 
Хайдар Дулати өз көзімен көрген аса маңызды оқиғаларды өзінен бұрынғы 
және өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі тарихи құбылыстармен шебер түрде 
байланыстыра отырып баяндады. «Тарих-и Рашиди» - қазіргі Қазақстан, 
Өзбекстан, Шығыс Түркістан, Ауғанстан, Үндістан, Тибет елдерінің XV-XVI 
ғасырлардағы тарихын, географиясын, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші 
ғалымдар үшін аса құнды, таптырмас деректер көзі болып табылады. Хайдар 
Дулатидің бұл кітабын қазақ халқының төл тарихы, шынайы шежіресі деуге 


152 
болады. Қазақ тарихы, Хайдар Дулатидің айтуы бойынша, Моғолстан 
мемлекетінің өмірге келуімен тікелей байланысты. Моғолстан – шығысында 
Ертіспен, солтүстігінде – Балқаш көлімен, батысында – Түрікстан және 
Ташкент шаһарларымен, оңтүстігінде – Қашғариямен шектесіп жатқан 
ұланғайыр мемлекет болды. Сонау XІV ғасырдың екінші жартысында 
Моғолстанның алғашқы хандары Тоғлұқ Темір мен Ілияс қожа Мауереннахрды 
өзіне қарату үшін бірқатар соғыстар жүргізді. Бертін келе осы мемлекетке 
қарасты, Жетісу жеріндегі билік әмір Қамараддинге көшті. Бұл кезде Орта 
Азияның билеушісі Әмір Темір Моғолстан жеріне қайта-қайта шабуыл 
жасаумен болды. Моғолстанның билеушілері әмір Қамараддин Дулат, Еңке 
төре, Қызырқожа хан және Ақ Орда билеушісі Тоқтамыс хан бас қосып, Әмір 
Темірге қарсы шықты. XV ғасырдың екінші жартысында мемлекеттің ішкі 
қайшылықтары күшейіп, қазақтың көптеген ру-тайпалары Дешті Қыпшақты 
тастап кетті. Жетісуға қоныс аударған оларды Шу өңіріне қазақтың алғашқы 
хандары саналатын Жәнібек пен Керей бастап барды. Моғолстан ханы Есенбұға 
көшіп келген қазақтарға негізінен Шу өзені, Қаратау маңайынан қоныс беріп, 
Жәнібек пен Керей Жетісуда қазақ хандығын құрды. Сөйтіп, Хайдар Дулатидің 
«Тарих-и Рашиди» еңбегінде қазақтың алғашқы хандары және олардың көрші 
елдермен қарым-қатынасы кең көлемде сөз болды. Хайдар Дулати қазақ 
халқының құрамына кірген ру-тайпалар жайында егжей-тегжейлі жаза келіп, 
тайпалық тартыстардың тарихта сан рет қанды қақтығыстарға соқтырғанын, ел 
ішіндегі алауыздықты сыртқы жаулар қалай пайдаланып кеткенін нақты 
деректер негізінде әңгімеледі. Хайдар Дулатидің бұл еңбегін тұңғыш рет 
Англияның аса көрнекті тарихшысы Денисон Рос (1871-1940) ағылшын тіліне 
аударып, оны 1895 жылы Лондонда бастырып шығарды. Осы кітап ешбір 
өзгеріссіз қайтадан 1972 жылы Лондонда жарық көрді. Шығарманың қазақ 
тарихына қатысты тұстарын кезінде белгілі шығыстанушы ғалымдар 
В.Вельяминов-Зернов, В.Вяткин, т.б. тәржіме жасап, өз еңбектерінде ғылыми 
негізде пайдаланды. Шежіренің кейбір бөлімдерін кезінде қазақтың көрнекті 
ғалымы С.Асфендияров та аударды. Хайдар Дулати шежіресінің қазақ 
тарихына қатысты жерлері 1969 жылы орыс тілінде жарық көрді. Өзбек 
ғалымдары «Тарих-и Рашидиді» парсы тілінен орыс тіліне аударып, 1996 жылы 
Ташкентте басып шығарды. Қорыта айтқанда, Хайдар Дулатидің «Тарих-и 
Рашиди» еңбегі – түркі тектес халықтар тарихынан, соның ішінде қазақ 
қауымының көне шежіресінен аса құнды деректер беретін бірден-бір туынды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   ...   94




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет