Н. Д. ОҢдасынов ? Арабша-қазақша түсіндірме сөздік



бет7/42
Дата09.06.2016
өлшемі3.69 Mb.
#124208
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   42

алда.— Ей, алда, тағала, әзіз жаратқан менің қосағым, бұл қалде қалғанда қорғанда қыз өледі, далада ұл өледі («М. Б. Т.»). Алда риза болсын, Бәтиме ханым,— деді Төле би (Т. Ахтанов);

алла әкбар — діни ұғымда ұлы құдай. Әтештей қиқу салып осы кезде Жырлады «алла әкбарын» молда түнде («Ә. Тәжібаев);

аллау акпар.— Бәрекелді, Мұқа-ау, өзіңізге де мәлім, о кісілер дүние салған кез алланың аманатын айтып, алды-артымызды ойлау былай тұрсын, «аллау ақпарды» айтуға мұрша болмаған заман емес пе,— деді Айекең (А. Сейдімбеков);

алла әкпар. Ата-бабамыздың ескі дағдысын, «алла әкпар» деген батасын, құйрық пен бауыр жеп, құдай қосқан құда болу дәстүрін аяқ астына басқанымыз ба? — деді Пірмән бұлталақтап (Ж. Арыстанов);

аллаһу әкпер.— Құдай иман беріп, ер азаматқа топырақты елден бұйыртсын, аллаһу әкпер!— деп... бата саулатады (I. Жансүгіров);

алла әкбәр. «Алла әкбәр» деген сөз — «алла аса ұлы мәртебелі» деген сөз (М. Ысқақов);

аллаһу-әкбәр. «Аллаһу-әкбәрін» айтып, талай уақыт отырды (С. Мұқанов);

алла акбар. Мұнда бір үлкен гәп бар, ертеңге дейін тағы бір шал өле қалсын, алла-акбар (Ш. Смаханұлы);

алла-тағала — діни. ұлы құдай. Ағаға айтпақ сүндет түзу сөзді, Екеуіңіз бірсіз, көңілім емес ала. Айтыпты білушілер қыза-қыза. «Жаратқан бізді екеу,— деп,— алла-тағала» (Оразымбет). Кешіріңіз, тақсыр, өздеріңіз бір сом он тиындық кебісті алла-тағаланың қасиетті үйінің төріне енгізіп қоясыздар. Ал, маған елу сом тұратын есекті босағаға байлап қоюыма болмай ма?— деді Насреддин әпенді (Ә. Сексенбаева). Байқазының жер соғып қалғанына алла-тағаланың өзі де ішек-сілесі қатып күлген шығар (М. Қаратаев);

алдаразы — діни. тәңір жарылқасын, рақмет деген мағынадағы алғыс.— Алдаразы болсын... Қойыңызшы, - деп сыбырлай тіл қатты (Ә. Нұрпейісов).— Шырағым, қожайын екенсің ғой келген. Алдаразы болсын (Ғ. Мүсірепов);

алдырза. — Алдырза болсын, саған Шайтанторыны жақсылап баққаның үшін!— деп бастады Есіргеп... (М. Қаратаев);

алласыз — 1) құдайсыз; 2) ауыс. көмегінсіз, жәрдемінсіз. Тиянақ, сезім, сүю көрмей өтті, Алаң-жұлаң етіпті, тентірепті. Алласыз дос таппады, сыр таппады, Неше мың жыл кезсе де төңіректі (Абай). Тек, алласыз да бір тәңірдің өзімен күзге іркілмей жетеді екенбіз,— деді (Ғ. Сланов);

аллалау — құдайлау. Ертеңмен тұрып ақырса, Аллалап азан шақырса... (Мұрат).— Шәйт! Әй, шәйт! Өкпесі өшіп бала қойшы, Аллалап ауыр-ауыр күрсінеді (Ә. Сәрсенбаев). Істің қайыры бастасаңыз аллалап, Оқымаған жүреді қараңғыда қармалап (Ы. Алтынсарин);

алдалау. Алдалап батыр шабады, Жалғыздың жары құдай деп («Ер Тарғын»). Тұнғатар абыз болған алдалаған, Жимаған жұрттан малын қолдан алған (І. Жансүгіров).

الم (аламун) әлем — 1) ауыру; 2) қайғы-қасірет көру, азап шегу. Қырсығың қалмас өлмей, Өмірсерік, Бұл сөзім құлағыңнан кетсе де ағып. «Болсын» — деп,— жастарға ермек, жұртқа күлкі Жібердім мойныңа бір «әлем» тағып (Құлназар).

ماس (масун) қара. الماس (’ал-масу) алмас 1) мөлдір, түссіз, аса қымбат тас; 2) шыны кесетін өткір құрал; 3) алмастың қырланған түрі бриллиант; 4) ауыс. қылыш. Алмастың жауы — қорғасын (мақал). Бұлар кім үсті-басын мұнар жапқан, Жалқаулық бір-біріне алты батпан. Аяғын алға қарай бір баспайды, Жолына құрылғандай алмас қақпан (С. Торайғыров). Жалынмын жанып тұрған нөсерге өшпес, Болатпын екі жүзді, алмас кеспес («Біржан Сара»). Қалған екен ақ алмасым шаң басып, Соны сүртіп саған маза бермедім. Тентек жүзің кеңірдекке жармасып, Кісі түгіл құс өлтіріп көрмедім (Р. Ғамзатов). Бұйрық алып, бұрды бетін сапарға, Кескір алмас қын түбінде жатар ма (М. Хакімжанова );

алмаз. Мұнда естіген құлаққа ертегі боларлық Алатаудың құрыш мұзы, алмаз мұзы, меңіреу қоры, аңы, жақпар-жақпар тасы, барағы, орманы, бал бұлағы, жазық жайлауы — жоқ (І. Жансүгіров). Бұл сенің сасыған капустадан пісірген борщың емес, құрттай алмазды қырлап, колонка ұшына қайта қағатын шебердің қадірін Қаныш Имантаевич біледі (М. Сәрсекеев);

алмасшы — алмаспен әйнек кесуші. Әйнек кесетін алмасшының орнына ағаш шабатын балташыны жіберсек, одан келер пайда жоқ («Қ. Ә.»).

الميثاق (’ал-мисақу) алмисақ 1) шарт; 2) одақ; 3) партия; 4) уәде, серт; 5) діни. әлемнің жаратылған уақыты, мезгілі. Жұмысшымын кеудеде бір жанымыз, Алмисақтан араласқан қанымыз (Ғ. Малдыбаев). Мына жазу алдыңғы жылдыкі шығар...— деп, ылғи «алмисаққа қарай» сілтеп келген (Ғ. Мүсірепов);



әлмисақ. Әлмисақтан бері мұсылманмын,— деді Мұстафа Шоқайұлы (С. Сейфуллин). Тәңірім әлмисақта не жазса, сол болады,— деді ол (Дм. Снегин);

әлімсақ. Олар әлімсақтан бері осы арада тұрады екен (I. Есенберлин). Драматургия — табиғаты мүлде бөлек, әдебиеттің өзге жанрларына ұқсамайтын жанр. Бұл әлімсақтан белгілі таптаурын болған қағида екені даусыз (С. Шәймерденов).

الهام (илһамун) илһам1) ұйыту, сендіру; 2) шабыт, рух. Олар құдаймен күнде илһам алысып тұрған әулиелер болған соң, қайда да болса балаларын тауып беру қолдарынан келеді,— деді («М. Б. Т.»). Меніңше, бір фатуаға келмес бұрын, қандай илһам болмақ керек екенін ойламағансыз,— деді (А. Сейдімбеков);

Ақындық атамда жоқ бұрын-соңда, Берген соң сөз ілһамын болдым жорға... (Қарсақ). Қалижан Бекхожин «Әппақнама» атты соңғы кітабындағы «Ұлы Низамиға мадақ-қасыда» бөлімінде мазлұм, ілһам... секілді арабизмді әдейі қолданады (М. Әлімбаев);

ألوان (алуанун) алуан1) түс, сыр; 2) бояу; 3) ас, тамақ; 4) сорт; 5) ауыс. әр түрлі, неше түрлі. Отаны азаттықтың, адамзаттың! Бай жерім, бақытты елім — Ұлы Одағым, Табысқан туысқандай алуан халық (I. Жансүгіров). Болғанда көктем — жыл басы, Аспаннан жаңбыр себелер... Неше алуан түрімен Түрлі-түрлі шөп өнер (Молда Мұса);



сан алуан — көп түрлі. М. Қаратаев — қазақ оқырмандарына Пушкиннің, Лермонтовтың, Белинскийдің, Некрасовтың, Плехановтың эстетикасын таныстырып, олардың қазынасының сан алуан алмас қырларын халқымызға жарқырата жеткізіп, түсіндіруші ғалым (Ш. Мұртазаев). Қай халықта да табиғатты сүйе білу, оның сан алуан байлығын көздің қарашығындай қорғап, қамқорлық жасау жөнінде ежелден қалыптасқан тамаша да ізгі дәстүр бар (Р. Сәтімбеков);

алуан-алуан. Бағзы-бағзы шариғат бар, шатақ үшін жаралған. Алуан-алуан молда бар, тек алу үшін жаралған (мақал). Бұрынғы айтқан нақылда, Қонатын сөз көп ақылға, Алуан-алуан жүйрік бар, Әліне қарай шабады (Майлықожа) Ей, жігіт, алуан-алуан сөйледің гәп, Тамыр ұстап, тәуіп боп көрдің бе нәп? (Айман);

алуандас — түрлес, ұқсас, тәріздес. Ерте дәуірлерде айтыс... Шығыс, Батыстың көп елдерінде болған... Сол алуандас айтыс өлең Батыс Европаның орта ғасырында: келттерде — фильдер деген ақындарды туғызған (М. Әуезов). Осы алуандас тақырыптар проза мен драматургияда да анық бой көрсеткенін айту керек («Қ. Ә. Т.»);

алуандық — түрлестік, ұқсастық, тәріздестік. Мазмұны, ақындық образдардың жаңаша болуы әрі әлгі өлшемдердің әр алуандығы — авторды азапқа салмай қоймайды (М. Әлімбаев). Поэзияның бағалылығы тақырыптардың сонылығы мен алуандығында емес, сол жырланған тақырыптар көркем құндылық патентіне ие бола алады ма — оқырман қауым соған қарайды, сонымен бағалайды (М. Әлімбаев);

біралуан — бір түрлі. Ғылыми институттар тарапынан тілші мен әдебиетші ғалымдардың байланыс-бірлігі өзінше біралуан (С. Қаташ). Бұл жинақтағы біралуан кейіпкерлер — ревизор, райсовет бастығы Сұлтанғазы (X. Әдібаев).

أم (уммун) үмм – 1) ана; 2) негіз; 3) көз, бұлақ; 4) негізгі бөлім. Мен университеттен шығып, үмм Рамадан бәйбішенің үйіне қайтып келе жатқанымда ымырт үйірілді («Т. С.»).

امارة (’имаратун) әмірат1) әмірдің атағы; 2) әмірдің қол астындағы территория, хандық, бектік; 3) өкімет, үстемдік, қожалық. Әбілхайыр Ақсақ Темір әміратына жататын қаланы шаппақ болса, ең алдымен «жауынгер пілдері жоқ па екен?» — деп сұрайтын (I. Есенберлин).

امام (имамун) имам1) алда тұрушы, басшы, бастық, көсем; 2) діни. рухани басшы, намаз басқарушы, жетекші. Түбің қожа болғанмен ұшқалақсың, Сабырсыз жан имамға қосылмайды (Ұлбике). Әкесі Өзбекстанға көшіп барып, үлкен бір қышлақтың мешітіне имам боп орналасқанда, Жанқожа он жаста еді (С. Мұқанов);



имам-ағзам. — ислам дінінің бір жігінің аты. Ислам төрт мазһапқа бөлінеді, солардың бірі, «қазақтар да жатады» дейтін — имам-ағзам мазһабы (С. Мұқанов). Имам-ағзам бүкіл Түркістанның діни орталығы — Бұхарамен тек саяси көзқарасының үйлестігі, ұқсастығы арқылы ғана байланысады (З. Шашкин);

имаматтық — имамдық қызметін басқару, атқару. Асан қазірет балаларды медресеге жинамай, өзі мешіттегі имаматтығын ғана атқарып, құран, қатім, уағызбен ғана қалатын болған (I. Жансүгіров);

имамдық 1) имамның атқаратын қызметі; 2) мешіт имамдарының сыбағасы.— Жүсеке, аулымыздың қожасы Нақып күндіз имамдық етеді, ал түнде жыр айтады («Айтыс»). Тұрмағамбет имамдық міндетін... атқарудың орнына... исламның негізін мазақтап өлеңдер жазады («Қ. Ә. Т.»). Имамдарға имамдық қойылуы міндетті болған, оларға дау-шарларда шариғат заңын айтқаны үшін де имамдық төленген («Қ. С. Э.»).

امان (аманун) аман – 1) қауіпсіздік, тыныштық; 2) аяушылық, есіркеу, рақымдылық; 3) ауыс. сау, есен. Басы аманның малы түгел (мақал). Білмейді тұрарын да, қашарын да, Қайтсе аман еркіндікпен жасарын да (С. Торайғыров). Наданның көңілі соқыр — шықпас көсем, Өзіңмен бірдей болсын жарың шешен. Жасықтан ашық мінез табылмайды, Айта алмас көп ішінде аман, есен (Ақан сері);



аман-есен — аман-сау, сау-саламат. Үй ішіңіздің аман-есен болуына тілектеспін. Асыл жұбайыңыз сау-саламат тұрған шығар деп үміттенемін,— деді Мартынов (X. Есенжанов). Аман-есен жүрсің бе, Тезек төре, Елден жылқы қоймаған, кезеп төре, Күні-түні жегенің ұрлық еті, Ақыретке барасың, не деп, төре?! (Түбек);

аман-есендік — аман-саулық, сау-саламаттық. Аман-есендік сұрасқан соң, Оразқылыш досына болған оқиғаны түгел баяндап берді (Б. Сейтеков);

аман-есенділік — аман-саулылық, сау-саламаттылық. Еңбек ету міндеті — біздің тұрмысымыздың негізгі заңы, әрбір совет семьясының, әрбір совет адамының аман-есендігінің түбегейлі шарты (Л. И. Брежнев).

امانة (аманатун) аманат1) сенімділік, дәлелдік, адалдық; 2) сақтау үшін берілген зат, мүлік, сенімділік; 3) ауыс. сый, мұра; 4) секретариат. Отанның аманатын орындау — ер міндеті (мақал). ...Әнуардың аманатын орындаған, Сөксе де өз шешесі бұл жұмысын (С. Торайғыров). Құпия тапсырылсын жазған хатым, Жіберген сізге арнап аманатым (Ақан сері);



аманаттау1) аманатқа беру; 2) аманатты орындау. Өзіне ет жеуге болмайтынын айтып, пойызға келерде құс етін ала келуімді аманаттады (Қ. Байсейітов);

аман-түгел — тегіс аман. Әйтеуір, аман-түгел секілді (Қ. Мұқанбетқалиев);

амандасу — амандық білісу, есен-саулық сұрасу. Амандасып елімен Майданға қайта аттанды (К. Әзірбаев). Басқалар қамданғанша Жанәбіл кочегаркаға кіріп, Боқаймен амандасты (Ғ. Мұстафин);

амандасушы — сәлемдесуші, сәлем беруші. Біз барғаннан кейін амандасушы жұрт ағыла бастады (Б. Момышұлы);

амандық — тыныштық, дені саулық, аман-есендік. Амандықты айтып қойды жас жігіт, Басқа сөздер жатты мүлде қиында (X. Ерғалиев). Амандық — ағадан (мақал). Жазамын атағыңды арып талмай... Сіз гүлсіз қарағанның көзі талды-ай. Иншалла амандықпен табысармыз Көңілде өкініш пен қайғы қалмай (Ақан сері);

амандық-саулық — есендік-саулық. Балуан-Шолақ амандық-саулық сияқты ғана сөздер болмаса, орысшаға шорқақ еді (С. Мұқанов). Сендерді жақын жерден күн сайын мазалай бермей, амандық-саулықтарыңды алыстан естіп жатсам да болады ғой,— деді (С. Бақбергенов);

аман-сау — есен-сау, есен-аман. Біз де жүрміз аман-сау осы тойда, Көрсетіп қолғабысты осындайда. Көңілін ашсын, келсін деп шақырғанмын, Ұмытпаймын, орның бар, келсең тойға (Меңеш).— Бәрінен де аман-сау босанғаның құт! — деп қысқа айтты (С. Бақбергенов);

аман-саулық — есен-саулық. Ақшам,— деді Рауза есік сыртындағы көлеңкеге шығарып қойған орындықтарға жайғасқан екі достың «аман-саулығы» толастағасын (М. Сқақбаев);

аманшылық. Үйден шыққанда аманшылық еді (М. Қаратаев).— Иә, аманшылықта отырсыздар (М. Сатыбалдиев);

есен-аман. Масғұтты ұры шапты қылышпенен, Тәуір-ақ жан сақтапты жұмыспенен. Есен-аман шалдағы құтылыпты Масғұттан жау қашқан соң ұрыспенен (Абай). Үміт еткен көзімнің нұры, балам... Атаң мұнда анаңмен есен-аман, Сүйіп сәлем жазады бүгін саған (Ы. Алтынсарин);

есен-амандық. Бұл бір төре. Петербургтан келе жатыр. Нұрғожа есен-амандықтан соң көтеріліңкірей сөйлеп, мән-жайды түсіндірді (Ж. Бектұров).

امة (’умматун) үмбет1) ұлт, халық; 2) қауым; 3) Мұхаммедтің үмбеттері, мұсылмандар, ислам дініне бағынушылар. Аға сұлтан Құнанбай сахарадағы қазақты құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті етуге тырысты (X. Ақназаров). Мен сенен өлең алған бар ма жерім? Алғанға менен өлең мал бердік — деп, Дулаттың тыя кепсің үмбеттерін (Мықан);



үммәт. «Көрің қадір» кітабынан: «Көрдің Қадир құдіретін. Білсін даю сұғатын, Мұстафаның үммәтін Андағ тәшраф қилдия» (С. Мұқанов). Мұхаммет қана, астында пырақ, құдаймен екі арада зырлатып жүріп, «үммәтім, үммәтім!» дейді-міс (Ғ. Мұстафин);

үммет. Мұхаммедтің төңірегіне Аббас, Хамза, Әбубәкір, Омар, Осман, Әли, Біләл, т.б. - барлығы қырық шақты адам топтасады. Бұлардың жасырын қауымы Мұхаммедтің үмметі деп аталған (М. Ысқақов). Қараңғыда адасқан үмметін мәсжидке шақырады,— деді қазірет Қуанай (X. Есенжанов).

امتحان (имтиханун) емтихан — байқау, сынау, сынақ. «Шешуін біле тұрып сұрайсың», - деп, Алдыма аудай құрдың түрлі тұзақ Емтихан басқа емес пе, жұмбақ басқа? Дәлелдеп натпіс қылдың, інім, соны-ақ. Емтихан бұл араға жайласа ма? Болғансын қия бересің тілің орақ (Ерімбет). ...Декабрь айында емтихан тапсырып, куәлік қағаз алдым (С. Көбеев);



ымтиқан. Ақырғы ымтиқан намаз болды (Ғ. Мұстафин);

емтихандық — байқаулық, сынаулық. Мүлқаман Қалауовтың екі бөлімнен тұратын емтихандық концерті өтті (Ә. Айдаров);

емтихансыз. Профессор Құдайберген Жұбановтың нұсқауымен емтихансыз-ақ ҚазПИ-дің студенті болып шыға келдім (Қ. Бекхожин).— Бізге партизандардан оқып үйрену керек, ал емтихансыз оқуға қалай кірісуге болады?— деді Михаил Тимофеевич (Қ. Қайсенов).

امر (’амрун) әмір — 1) бұйрық, жарлық; 2) нұсқау, директива; 3) грам. бұйрық рай. Қазаққа келген жанның бәрі төре, «Ақ жүрек аңқылдаған» әмір бере. Көзсіз құдық сияқты о да тапшы, Жетілген екен деме оны көре (Әріп). Құнанбай қысқа-қысқа әмірді ауылбас сайын кісі шаптырып айтқызып жатқан (М. Әуезов);



әмірлі — бұйрықты, жарлықты. Әмірлі ана үніне Ұлдары жетті жауынгер, Жеткізген жеңіс күніне Өгейі жоқ өңкей ер (С. Бегалин);

امكان (имканун) імкән — мүмкіншілік, мүмкіндік, қабілеттілік.— Мейірбан перзентімнің мейірі үшін, Келтіргіл бір қап гауһар, болса імкән (Шораяқтың Омары). Бірқатар берген жауап, молда Ерімбет, Азырақ імкәні оның бар сөзінде (Кете Есенжол ).

املاء (’имла’ун) емле1) жатқа жазу: 2) емле ережесі, дұрыс жазу ережесі (орфография). 1940 жылғы орфографиялық ережелерде күрделі сын есімдердің емлесі нақты айтылмағандықтан, бұлар біресе бөлек, біресе бірге жазылып келеді («Л. Ж.»). Әтіметін әпсананың оқып көріп, Ретін таппадым, сөз қайтармастың. «Сен» — менен сирағымнан сонша басып, Емлесі келмегендей басқа ұйқастың (Кете Жүсіп). Қазіргі кезде ауысқан сөздердің жазылу емлесіне халық этимологиясы ешқандай әсерін тигізбейді (I. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев).

امير (амйрун) әмір1) әкім, бастық, басшы, басқарушы; 2) жарлық, бұйрық беруші, әмір етуші.— Ғанибай мырза, сізге Бұхар әмірі Саид Алихан көп-көп сәлем айтты (Ж. Арыстанов). Әмірдің әслі заты, қарақалпақ, Не керек пайдасы жоқ патшалығы. Қазақтың хан, қарасы артында тұр, Тастай бер тіреп тұрған аспаныңды (Дәме). Қару жұмсап төгіп қанын, Ерікке ұмтылған елдің арын, Сатқаны үшін «ақ патшасы» Әмірге арнап үй салдырған (С. Бегалин);



мір — әмірдің қысқа түрі. Ей, Тілеміс! Тілің мірдің оғындай, Тиіп кетсе күйдірген Сексеуілдің шоғындай (Жамбыл). Тілі мірдің оғындай, онда да аузынан жақсы сөз шықпайды (О. Сәрсенбаев);

әмир. Енді қазір Еркіндік шын босанған, Патшалар мен әмирлерден өш алған. Енді қазір құлдық-бұғау күйремек, Азат Еңбек - еңбек қана билемек! (С. Айни).

اميرالبحر (амир-ул-бахри) адмирал — теңіз әміршісі (арабтың амир ал-бахр — теңіздің иесі, әмірі деген сөздерінен алынған). Адмирал — СССР Соғыс-Теңіз Флотының командирлері құрамындағы ең жоғары шен («Қ. Т. Т. С.»). Адмирал Иван Степанович Исаков суретші Нағымбек Нұрмұхаммедовтің өміріне үлкен ықпалын тигізді (Б. Сарбалаев);



әмир-әлум – 1) әмірлер әмірі, 2) тарих. генералитет. Астраханьды билеген Қасым сұлтанның оң қолы - әмир-әлум, яғни әскери басы болған (I. Есенберлин).

әмір — әль-умера. Олай болса, марқабатты тақсыр хан, менің де әмір-әль-умера екенімді есіңізге алсаңыз деймін,— деді ол (I. Есенберлин);

әмірші — бұйрық, жарлық беруші— Бірақ, сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді (Абай). «Күштінің арты диірмен тартады» деген сияқты қазақ мақалдары қанаушылар мен әміршілердің айтқанына көніп, айдауына жүруді уағыздайтын нақлият екені айқын (Қ. Сағындықов);

әмірлі — үкімді, бұйрықты, жарлықты. Мюлгаузен Дьяковке көз салмай, әмірлі жүзін кіші командирлерге бұрып: «Кісілеріңді дайында, қалаға шабуыл жасаймыз!» — деді (Ә. Нұрпейісов). Тыныштық ұсынды орын аттанысқа, Айтылды әмірлі сөз қысқа-қысқа (Ә. Тәжібаев);

әмірлік — 1) әмір басқаратын ел; 2) әмір өкіметі, әмір басқармасы. Әбілхайыр хан Самарқант әмірлігін ... өзіне қаратып, Ордасына қайтты (І. Есенберлин). Өзінен бұрынғылардың тұсында ыдыраған әмірлікті қайта біріктірді («Қ. С. Э.»).

امين (аминун) әмин — 1) шын берілген, сенімді, адал, ең анық; 2) қауіпсіз; 3) сәтті; 4) діни. әмин (намаздың немесе бір істің соңында «айтқаның келсін, солай болсын!» — деп көтеріңкі дауыспен бата қылу). Бұл — көне еврей сөзі, құранға енген. Ортасында отырып, Шарапқа әбден тояды. Әмин деп қол жайып... Жұртынан жауап сұрайды («Қамбар»). Шеттен келген адам: - Құрбандық қабыл болсын!— дейді. Әмин, айтқаның келсін!— дейді шалдар (Б. Майлин);



әумин. Мерейің үстем болсын, әмин! — деп, қол жайып дұға етті Қуанай қазірет. Отырғандар: «Әумин!»—десті (X. Есенжанов);

амин. Амин! - деп малға бата қылдық (І. Жансүгіров). Қонақтар келген соң бала бір буаз саулықты жетектеп алып келіп, «иллаһи амин!»—депті («Ш. С») Амин!— деді Қатыран (Ә. Тәжібаев);

әумиін. Пәтуа бітім осылай болды, ағайын, әумиін,— деді Төле би (Т. Ахтанов);

омин. Нұрым да «омин-омин» деп, аузын толтырып... құр-құр етеді. (С. Торайғыров).

امية (’уммййатун) Омея (о. Омеяд) — арабтардың құрайш тайпасының бір руының аты, оның әулеті Арабстанның астанасы Шам (Дамаск) қаласы кезінде халифалық билігін басқарған. Мекке — арабтардың курәйіш деген руының ата қонысы. Бұл ру он атаға бөлінген, олардың ішіндегі әлдісі Омея тұқымы болған (М. Ысқақов). Бану — Омея — Құрайш тайпасының руы («Қ. С. Э.»). Құрайш тайпасына кіретін Омеяд, мағзұм рулары ірі феодалдардан тұрды, ал хашим руы саудагерлерден құралды (X. Ақназаров);



умия. Халифалық құрушы араб елінің екі күшті руы Умия мен Ашым болып мансапқа таласқан (А. Машанов);

омеялық – Омея руынан шыққандар. Омеялық нәсілді халифалар (762 жыл) құлап, Ашим (Аббас) нәсілді халифалар таққа отырғанда, халифа орталығы Бағдат болды («Қ. С. Э.»);

умиялық. Ескі мәдениет орындарын аралап жүрген Фараби бүгін Шам шаһарындағы Умиялықтардың ұлы мешітіне (немесе Мағауия мешітіне) барды (А. Машанов ).

انابة (инабатун) инабат – 1) уәкілдік сенім; 2) ауыс. адамгершілік сезім, ар-ұят, әдеп, ізет. Қырыққа келгеніңде ақылың толып, Секілді патша уәзірі сөз ұнатқан. Елуге келгеннен соң, қария болып, Тұрарсың қатар еніп инабаттан (Шәді төре). Ар, инабатқа сенсеңдер, Айболдың жасы биыл 17-ден 18-ге шығады (Ә. Әбішев);



ынабаттым. Көңілімнің қапалығын жояр-ау деп, Үміт қып сыртыңыздан ынабаттым. Біреуің бір шапағат етпесеңдер Кетпей ме диуана боп асыл затың (Назым);

инабатты — әдепті, тәртіпті, ұятты, ізетті, тұрақты, сенімді. Көп айтып, азбен қою болмас сұйық. Көрерміз ендігісін келешекте. Сырыңды пікіріңмен алдық түйіп. Ғаламға инабатты жеміс бергіш, Алма ағашы көп ағаштан болмас биік (Молда Мұса). Инабатты бала екенсің, шырағым, әрі Жортуылымның жолдасы боп шықтың (С. Омаров);

инабаттылық — әдептілік, тәртіптілік, ізеттілік, тұрақтылық, сенімділік. Әсіресе, профессор ұстазын инабаттылықпен еске алып, оған мың мәртебе алғыс айтты (М. Иманжанов). Сенің өзіңнен де, сөзіңнен де инабаттылық, сыпайылық есіп тұрсын,— дейді (Ж. Еділбаев);

инабатсыз — әдепсіз, ізетсіз, арсыз, ұятсыз. Оның арсыз, инабатсыз тұл өмірден адал өлімді мың мәртебе артық көріп, арына дақ түсірмеген биік парасаты жан тәсілім етер алдында ата жауымен жағаласты (З. Жәкенов);

инабатсыздық — әдепсіздік, ізетсіздік, арсыздық, ұятсыздық. Инабаттылықтың антонимі — инабатсыздық, ол абыройсыз, тәртіпсіз деген мағынаны білдіреді («Қ. С. Э.»);

инабатшыл — әдепшіл, ұятшыл, ізетшіл. Менің инабатшыл мінезімді жақсы білетін Ғалым бір сөздің ретінде:— Дихан өлеңге бой ұрып жүр, Биаға,— деді (Д. Әбілев).

انبياء (’анбйа’ун) әнбие — пайғамбарлар. Әулиеден әулие, әнбиеден әнбие қоймады (Ғ. Сланов). Кейбір жырларда әулие, әнбиелерге түнеп, бала солардың шарапатынан дүниеге келді, — дейді (Қ.Жұмалиев). Қадими мектептер кейбірінде тарих әнбие, тарих ислам (халифат), араб тілінің сарф-нахуы (грамматика) оқылды («Қ. С. Э.»).

انتظار (’интидарун) ынтызар1) зарығып күту; тосу; 2) кейінге қалдыру; 3) ауыс. ынтық, құмар, құштар. Ал енді Әжібай мырза көрсе қызар, Аузымен Аппақайға бек ынтызар (С. Торайғыров) Ішінде жанған оттың тұрсадағы, Айналып фаруанадай ынтызары. Құмарлық әйелде де жоқ демеймін, Сонда да шыдамды ғой әйел ары (Саржан);



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет