Н. У. Шаяхметов, тарих ғылымдарының докторы


Қазақ шежіресінің деректері мен материалдары жөнінде



бет12/42
Дата24.04.2016
өлшемі5.8 Mb.
#78116
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   42

Қазақ шежіресінің деректері мен материалдары жөнінде

(Табын тайпасының шежіресіне қатысты материалдар негізінде)


Қазіргі таңда ұлттық санамыздың тереңдей түсуі тарихшылар алдына көптеген міндеттер қойып отыр. Менің ойымша, сондай маңызды міндеттердің біріне – халқымыздың ғылыми негізделген шежіресін жазу жатса керек. Өкінішке орай, бұл міндетті соңғы жылдары, әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде кәсіби тарихшылар емес, әуесқой тарихшылар мен тарихты жақсы көрушілер, кезінде әртүрлі қызметтерде болып, кейіннен қолы босап демалысқа шыққан зейнеткер - ағаларымыз орындауға тырысуда. Бұл, әрине, жақсы, құптарлық іс. Дегенменде, сол жұмыстардың бәріне ортақ бір кемшілікке – оларда деректік базаның аздығы, тіпті қаттырақ айтсақ, жоқтығы жатады. Тек қана авторлар өздері ел арасынан жинаған материалдарына сүйеніп өздерінің ата-бабаларының шежіресін тарқатуға тырысады.

2003-2010 жылдары «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» мәселесімен айналысу барысында қазақтың әр тайпасының тарихымен қатар, олардың шежіресін де бір тарау етіп жазу міндеті біздің де алдымызда тұрды. Алғашқы кездегі қиындықтардан соң, үздіксіз ізденістер нәтижесінде біз ғылыми негіздегі қазақ шежіресінің алғашқы нұсқаларын дүниеге келтіре бастадық. Бірте-бірте шежіреге қатысты деректер көзі жинала бастады, тіпті олардың көбейгені соншалықты оларды игерудің өзі жеке мәселеге айнала бастады. Сол себепті де біз қазақ халқының құрамына енген ірі тайпалардың ғылыми негізделген шежіресін жазу барысында ең алдымен, шежіреге қатысты жинақталған материалдардың өзіне деректанулық тұрғыда қарап, оларды әртүрлі белгілері мен ерекшеліктеріне қарай он топқа бөліп жіктедік. Олар мынандай топтар: 1) XVIII-XIX ғғ. орыс тіліндегі архивтік материалдардың мәліметтері; 2) XVIII-XIX ғасыр басындағы орыс зерттеушілерінің еңбектеріндегі мәліметтер; 3) XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында Қазақ жерінің әр уезі бойынша құрастырылған „Материалы по киргизскому землепользованию...” атты статистикалық сипаттағы жинақтардағы мәліметтер жатады; 4) XX ғасырдың басында қазақ халқының өз ішінен шыққан ұлт зиялыларының еңбектеріндегі шежірелік мәліметтер жатады; 5) кеңестік кезеңдегі этнографтардың ғылыми зерттеулеріндегі материалдар жатады; 6) XX ғасырдың 90-шы жылдарынан бері жарыққа шығып жатқан қазақ шежірешілерінің еңбектеріндегі мәліметтер жатады; 7) ел аузындағы шежірелік сипаттағы тарихи аңыз-әңгімелер, өлең түрінде айтылатын шежіре-дастандар, сондай-ақ ақын-жыраулардың айтыстарындағы материалдар жатады; 8) мерзімді басылымдарда, оның ішінде қазақ тіліндегі газеттер мен журналдарда жарияланған шежірелік сипаттағы мақалалардың мәліметтері жатады; 9) жекелеген адамдардың өз аталығы, әулеті, руы туралы жазып жіберген қолжазбалық шежірелері жатады; 10) ауызша түрде информаторлардан алынған мәліметтер жатады.

Төменде әрбір топтағы материалдарға тоқталып, олардың маңызына, деректік құндылығына қысқаша сипаттама берелік.

1. Орыс деректеріндегі материалдар. Бұл топтағы материалдарға А.И.Тевкелевтің XVIII ғасырдың 40-шы жылдарында жазған ру-тайпалар жөніндегі материалдары14, XVIII ғасырдың 80-ші жылдары жазылған Кіші Жүз руларының тізімдері15, XIX ғасырдың алғашқы жылдары Орынбор генерал-губернаторы Князь Г.С. Волконскийдің тапсырмасымен жазылған қазақ рулары туралы мәліметтер16, осы жылдарда жазылған Орынбор мүфтиі Мұхамеджан Хұсайыновтың Кіші жүз руларының құрамы мен саны туралы мәліметтері17, сондай-ақ „Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828гг.)” атты жинақтың IV томындағы18, „Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках, „История Букеевского ханства. 1831-1852 гг.”19 мәліметтері жатады.

Бұл топтағы шежіреге қатысты мәліметтердің мынадай ерекшеліктері бар. Біріншіден, ру-тайпалардың шежіресіне қажетті деректер ру-тайпа ақсақалдары мен билерінен жинастырылып, алғаш рет қағаз бетіне түсіріледі. Сондықтан да бұл деректер алғашқы дерек көзі ретінде өзінің ғылыми маңызын ешқашан жоғалтпайды.

Екіншіден, бұл мәліметтер сол тұстағы белгілі бір тайпаның ішкі құрылымын, оның бөлімдері мен тармақтарын, рудағы шаңырақ санын көрсетіп, тайпаның ру-тайпалық жүйедегі алатын орнын анықтайды.

Үшіншіден, осы бірінші топтағы сандық, статистикалық мәліметтерге сүйеніп, қарастырып отырған тайпаны өзіне жақын тайпалармен, тайпалық одақ, жүз құрамындағы басқа да тайпалармен салыстыруға болады. Мысал ретінде айта кетсек, 1803 жылғы Орынбор генерал-губернаторы Г.С.Волконскийдің тапсырмасымен жинастырылған ру-тайпалардың құрамы, саны жөніндегі мәліметтерден Табын тайпасы Шөмішті бөлімінің 9 руы мен ру тармақтары 4000-дай шаңырақпен Арал мен Каспий теңіздерінің аралығында мекендегендігін, Табынның Жамангерей, Жылқышы бөлімдерінің 11 ру мен ру тармақтарының 6500-дей шаңырағы Айшуақ ханның қарамағында болғандығын, Шөмішті бөлімінің бір руы 1100-дей шаңырақпен Орта Жүз руларымен аралас көшіп-қонып жүргендігін, сондай-ақ Табынның бір руының 300-дей шаңырағының Сыр бойында орналасқандығын біле аламыз20. Бұл мәліметте Жетіру тайпаларының жалпы саны шамамен алғанда 30500 шаңырақ болса, оның 10900-і табындар болған, яғни-XIX ғасырдың басында Жетірудың 32,4%-ін Табын тайпасы құраған. Ал, Кіші Жүз тайпаларымен салыстырғанда, сан жағынан бірінші орында Шөмекей-(20 мың), екінші Шекті-(15 мың), үшінші Төртқара-(11 мың), төртінші Табын (10,9 мың), бесінші Адай-(10мың) тайпалары тұр.

Төртіншіден, бұл мәліметтер тек шежіреге ғана емес, сонымен бірге XVIII ғасырдың соңы –XIX ғасырдың басындағы қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық, этникалық тарихы мәселелеріне де құнды дерек болып саналады.

2. XVIII-XIX ғасыр басындағы орыс зерттеушілерінің еңбектеріндегі мәліметтер. Бұл топқа XVIII-XIX ғасырдың басы аралығында қазақ халқының тарихы, этнографиясы, шаруашылығы жөнінде жазылған, сонымен бірге шежіреге қатысты материалдары кездесетін авторлардың еңбектері жатады. Олардың қатарына П.И. Рычков, А.И.Левшин, Л.Мейер, И.Казанцев, Н.А.Маев, Н.И.Гродеков, Н.А.Аристов, Г.Потанин және тағы басқа авторларды жатқызуға болады.21 П.И.Рычковтың 1762 жылы жарыққа шығып, 1887 жылы екінші рет баспадан жарық көрген еңбегінде Кіші Жүз тайпаларының құрамында Табын тайпасы айтылады.22 Бірақ, мұндағы Кіші Жүз тайпалары толық емес. А.И. Левшин Табын тайпасында үш бөліктің бар екендігін және әрбір бөліктің нақты көш-қондарын атап көрсетеді.23 Ал, Л.Мейер XIX ғасырдың бірінші жартысында Кіші Жүздің Батыс және Орта бөліктерінде орналасқан Табындар туралы мәліметтер берсе,24 И.Казанцев Кіші Жүз тайпаларының, оның ішінде Жетіру бірлестігінің қанша тайпадан, қанша бөлімнен, қанша тармақтан тұратындығын нақтылап көрсетеді.25 Н.И.Гродеков еңбегінде ру-тайпалар тарихына, шежіресіне қатысы бар ұрандар мен ру таңбалары туралы мәліметтер баяндалады.26

Н.А.Аристов өзінің түркі халықтарының этникалық құрамы мен саны туралы атақты еңбегінде Жетіру тайпалары жөнінде айта келе, біздің қолымызға түсе қоймаған И.Казанцевтің материалдарына сүйеніп, Табын тайпасы Көсеу, Тарақты және Шөмішті деген үш бөлімнен тұратынын, Көсеудің бес бөлімшеге, Тарақтының Жамангерей, Жылқышы деп бөлініп, олар өз іштерінде жеті және сегіз бөлімшеге бөлінетіндігін келтіреді.27

Біз осы шежірені жазу барысында Н.А.Аристовта айтылатын Табынның 32 бөлімшесін, яғни, 32 руын басқа да материалдармен, әсіресе қазіргі кездегі шежіремен салыстырғанда, сәл-пәл өзгешеліктер болмаса, негізінен сәйкес келетіндігіне көзімізді жеткіздік.

3. Үшінші топқа XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында Қазақ жерінің әр уезі бойынша құрастырылған „Материалы по киргизскому землепользованию...” атты статистикалық сипаттағы жинақтардағы мәліметтер жатқызылады. Жинақтардағы құрастырушылар әр уездің нақты болыстығы мен әкімшілік ауылдарында тұратын қазақтар туралы әлеуметтік, экономикалық сипаттағы мәліметтермен қатар, ру-тайпалық шежіреге тікелей қатысы бар материалдарды беріп отырады. Әсіресе, Ақтөбе, Орал, Қостанай уездері бойынша құрастырылған жинақтарда әрбір болыстықта, әрбір әкімшілік ауылдарда тұратын Табын ақсақалдарының әулеттік, рулық шежірелері, сондай-ақ Табын тайпасының бір бөлімінің шежіресі келтіріледі.28 Тіпті, Орал уезі Жиренқопа болыстығындағы ауылдарда Табынның Ақдәулет, Амандәулет, Қыдырүмбет, Туатай, Жылқышы рулары мен олардың тармақтарына жататын шаңырақтар туралы өте жақсы баяндалады.29 Мұндай материалдардың Табын тайпасының шежіресін жазуда тигізер көмегі көп.

4. Табын тайпасының шежіресіне қажетті материалдардың келесі бір тобын XX ғасырдың басында қазақ халқының өз ішінен шыққан ұлт зиялыларының еңбектеріндегі деректерден аламыз. Бұл топтағы мәліметтердің өзіндік бір ерекшелігіне өз халқының тарихын, ру-тайпалық құрылымын, рулар шежіресін өте жақсы білуі жатады. Сол себепті де қазіргі күнде жарыққа шығып жатқан әрбір ру-тайпа шежіресі XX ғасыр басындағы ұлт зиялылары құрастырған шежірелермен байланыстырылады. Ш.Ш.Уәлиханов30, Ш.Құдайбердіұлы31, М.Тынышбайұлы32, Х.Досмұхамедұлы33, А. Байтұрсынұлы34, Қ.Халид35 еңбектеріндегі мәліметтердің Табын тайпасының шежіресін жазуда көп көмегінің тигенін айтамыз.

5. Табын тайпасының шежіресіне қажетті мәліметтер тобын ғылыми зерттеулердегі материалдар құрайды. Бұл топқа жататын материалдар өте көп емес, дегенмен де баршылық. Материалдардың аз болуының себебін, біз, кешегі Кеңестік дәуірде тарихшыларымыздың ру-тайпалар тарихынан, шежіре мәселесінен қаламдарын алшақ ұстауынан деп түсінеміз. Ру-тайпалар тарихы, шежіреге қатысты мәселелер бұл дәуірде арнайы түрде зерттелмей, тек жалпы мәселелердің көлемінде қарастырылады. Ру-тайпа шежірелері осы жылдарда этнографиялық тұрғыда ғана зерттелді. Бір өкініштісі, этнографтардың зерттеулері жарық көрмегенімен де, олардың ел аузынан жинаған мол шежірелік материалдары жеке жинақ түрінде түгілі кітаптарының қосымшасына да енбей қалады.

Ғылыми зерттеулердегі шежіреге қатысты материалдар С.Аманжоловтың, Т.И.Сұлтановтың, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов және В.Востровтардың еңбектерінде кездеседі.36 Әсіресе, соңғы үш автордың кеңес дәуірінде жазылған және егемендігіміздің алғашқы жылдары „Қазақ шежіресі хақында” деген атаумен жарық көрген еңбегінің Табын шежіресін жазуымызда көп пайдасы тиді.



6. Ру-тайпа шежірелеріне қатысты материалдардың келесі бір тобына өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан жарыққа шығып жатқан қазақ шежірешілерінің еңбектеріндегі мәліметтер жатады. Бұл топтағы мәліметтер тереңірек сипаттама беруді қажет етеді. Неге десеңіздер, біріншіден шежірешілердің көпшілігі кәсіби тарихшы болмағандықтан, немесе базалық тарихи білімді игермегендіктен тарихи болмыс, тарихи деректер мен фактілер, тарихтың ортақ және жеке заңдылықтары және тағы басқа түсініктер мен ұғымдар, категориялар жөнінде шатасады. Олар деректерге ғылыми талдау жасамай, оларды сараптамай өздерінің тұжырымдары мен пікірлерін қалыптастырады. Шикілеу деректің, жалған фактілердің, өтірік мәліметтердің, жартылай шындыққа, жартылай мифке негізделген материалдардың ғылыми дерек бола алмайтындығы, оларға сүйеніп жасалған тұжырымдардың қораптан салған ғимараттай, уақыт сынына шыдамайтындығы және оқырмандарды шатастыратындығы белгілі жәйт. Сондай-ақ өте қауіпті де.

Екіншіден алғанда, шежірешілердің материалдарында құнды мәліметтер көптеп кездесіп жатады. Жеке бір рудың тармағына, бөліміне, аталығына, әулетіне қатысты, олардың қазіргі күнгі ұрпақтарға дейін тарқатылуы, сол рудан шыққан нақты бір тарихи тұлға (би, шешен, батыр, ақын, жырау, әулие, көріпкел және т.б.) туралы сол рудың өкілінен артық ешкім білмейді. Тарихи тұлға туралы сол ру адамдары мақтанады, мақтан тұтады, тіпті өздерінің ұраны етеді. Сол тарихи тұлғаға қатысты әңгімелер атадан балаға, баладан немере, шөбереге беріліп отырады. Сондықтан да шежірешілердің еңбектерінде кездесетін осындай сипаттағы мәліметтердің ғылыми құндылығы жоғары деп санаймыз.

Қазақ халқы шежіресі өте бай халық. Кеңес дәуірінде осы бай мұра тарихи дерек ретінде мойындалмай, жетім баладай күй кешсе де, ел ішіндегі шежірешілер, әуесқой тарихшылар, тарихқа қызығушылықпен қарайтындар кеңес дәуірінің тосқауылына қарамай өз рулары мен тайпаларының, халқының шежіресіне қатысты материалдарды іздестіреді, жинақтайды. Кеңес өкіметінің құрдымға кетуімен бөгетті бұзған тасқын ағындай, жоғары атылған фонтан суындай шежірелер де жеке кітаптар, жинақтар түрінде көп шығарыла бастайды. Қазіргі кезде соңғы 15 жыл ішінде жарыққа шыққан шежіре кітаптарын санап шығу өте қиын. Біздің ойымызша, олардың саны 100-ден асатын шығар.

Біз, әрине, бұл жерде өзіміз сөз етіп отырған Табын тайпасының шежіресіне қатысты деректер беретін кітаптарды ғана атап өтеміз. Бұларға С.Толыбековтың, З.Сәдібековтың, Х.Мадановтың, Х.Табылдиев пен А.Қалмұратовтың, Ж.Бейсенбайұлының, М.Неталиевтың, Қ.Жақыпұлының, Т.Үсенбаевтың, Т.Әбдіұлының37 және тағы басқаларының еңбектері жатады. Тізе берсек авторлар көп. Олардың бәрін бұл жерде айтып шығудың онша қажеті жоқ деп санадық.

Аталған авторлардың кейбіреулерінің мәліметтері Табын шежіресін жазуда қосымша, жанама роль атқарса, М.Неталиев, Х.Табылдиев пен А.Қалмұратов және Т.Әбдіұлы еңбектерінің материалдары негізгі дерек ретінде қолданылғандығын ескерте кетеміз.

Біз осы топтағы материалдарға XVIII-XIX ғасырларда Табын тайпасының тарихи тұлғалары жөнінде сөз ететін тарихи-көпшілік еңбектерді де жатқызамыз. Тарихи деректер мен халық ауыз әдебиетінің материалдарына негізделген мұндай еңбектерде шежіреге қатысты деректер жиі кездесіп жатады. Табын шежіресін жазуда К.Бердәулетовтың „Бұқарбай батыр”38, С.Салқыновтың „Асау-Барақ”39 атты еңбектерінің мәліметтері өз жәрдемін берді.



7. Қазақ ру-тайпаларының шежіресін құрастыруда аса қажетті деректер мен мәліметтер тобын ел аузындағы шежірелік сипаттағы тарихи аңыз-әңгімелер, өлең түрінде айтылатын шежіре-дастандар, сондай-ақ ақын-жыраулардың айтыстарындағы материалдар құрайды. XIX ғасырдың соңы XX ғасыр басында Г.Потанин, Ә.Диваев тарихи аңыз-әңгімелерді жинастырып, жариялайды.40 Бұларда қазақ халқының шежіресі Үйсін-батырдан (Ұлы Жүз), Болат-Қожадан (Орта Жүз), Алшын-мырзадан (Кіші Жүз)41; Байшорадан, Жаншорадан, Қарашорадан42 немесе Ақарыстан, Жанарыстан және Бекарыстан43 басталады да, одан әрі рулар мен тайпаларға дейін жеткізіледі.

Шежірені жазуда өлең түріндегі шежіре-дастан материалдарының тигізер көмегі көп. Шежіре –дастандардың барлығы да қазақтың түпкі шығу- тегін Адам Ата Хауа Ананың ұрпақтарынан бастап, Нұх пайғамбардың үш ұлының бірі –Яфеске әкеліп тірейді. Одан әрі түріктерді, содан соң қазақтарды, одан кейін әр жүздегі тайпаларды тарқатады. Шежіре-дастандардағы материалдардың құндылығына-олардағы ру-тайпалар мен бөлімдердің, аталар мен әулеттер шежіресінің нақты айтылуы жатады. Автор 93 тайпасының шежіресін жақсы білген, сол себепті де оны дұрыс тарқатады.

Біз Табын тайпасының шежіресін жазуда Қуаныш Баймағанбетовтың,44 Әлиакбар Жұматаевтың45, Сақтаған Есмахановтың46, Шоңбай Жұбановтың 47 дастандарындағы шежірелік материалдарды кеңінен қолдандық. Әсіресе, Шоңбай Жұбановтың дастанындағы материалдардың маңызы ерекше.
«...Домбыра жастан қолға алып едім,

Көз көрген көп жерлерге мәлім едім.

Қарайтын облысым Қызылорда,

Жалағаш ауданының Табыны едім.

Есенбай тайпасынан атым –Шоңбай,

Жиналған жиын, тойдың сауығы едім.

Берген соң «шежіренің дұрысы» деп,

Қайқының Бекжанынан алып едім ...”48,– деп ақын өзінің Табын тайпасынан екендігін және өз шежіресін жазуда ең дұрыс деген шежіре нұсқасын пайдаланғандығын айтады.

Шоңбай ақынның шежіре – дастанындағы мәліметтердің дұрыс екендігіне біз, оларды басқа шежірелердің материалдарымен салыстырғанда көзімізді жеткіздік. Тіпті, Табынның үш бөліміндегі кейбір аталар мен аталықтардың аты-жөні, үлкен-кішісі, әке-баласына қатысты мәселелерде Шоңбай ақын мәліметтері негізге алынды. Мысал ретінде бір-екі дәлел келтіре кетсек.

Ж.Бейсенбайұлы құрастырған „Қазақ шежіресінде” Табынның Ағым (Көсеулі) бөлімінде Айдар, Теке, Қарамөңке және Таушан атты төрт рудың атауы берілсе49, З.Сәдібеков өз шежіресінде „осы төрт руға Данда руын қосып, Ағымда бес ру болған деп жазады50. Осы мәселеде Х.Маданов төрт руды51, Х.Табылдиев пен А.Қалмұратов та төрт руды52 көрсетеді. И.Казанцев дерегіне сүйенген Н.Аристов болса Қарамөңке (деректе-Карамунча), Данда (деректе-Дандак), Таушан (деректе-Тутджан), Қожантай (деректе-Куджантай) және Айдартеке (деректе дәл осылай) 5 руды көрсетеді53.

Ал енді Ағымда қанша ру болғандығын Шоңбай ақынның шежіре-дастаны бойынша анықтап көрсек. Ол шежірені өлең түрінде былайша жырлайды:

«... Ағымнан туған екен алты бала,

Үлкені – Айдар, Таушан, Теке және

Қожантай, Қарамөңке, Дандаменен

Алтауы түгел шығар аңдап қара.»54

Т.Әбдіұлының 2004 жылы жарық көрген Табын шежіресі жөніндегі кітабында Ағымның осы алты баласы беріледі.55 Н.Аристовтың материалында Айдар мен Теке Айдартеке руы деп көрсетілсе, Шоңбай ақын оларды екі ру қылып жазады. Барлық шежірелерде Айдар мен Теке Ағымның екі руы ретінде жазылады. Осыларға қарап, Шоңбай ақынның дерегін біз, ең дұрысы деп алып, шежірені жазуда оны негізге алдық.

Шоңбай ақын мәліметтерінің дұрыстығына екінші бір дәлел келтіріп көрсек.

Жоғарыда аталған шежірелерде Бозымның Тоқсиығындағы Есенбайда бес немесе алты ру болған делінеді56. Ал, Шоңбай ақында Есенбайдың алты баласы болып, олардың қайсысы бәйбішеден, қайсысы басқа әйелдерден туылғандығы тайға таңба басқандай нақтылап айтылады.

Шоңбай ақын ол жөнінде:

«...Баласы Есенбайдың бесеу еді,

Бірі ұзын, бірі қысқа мешеу еді.

Тоқалдың бес баласы тұра тұрсын,

Үлкені бәйбішенің Көшей еді ...»,-деп жырлайды57.

Одан әрі ақын Есенбайдың Көшейден басқа Жақап, Төлей, Дуана, Жамантік және Өтей атты ұлдарынан тараған ұрпақтарды жіпке тізгендей етіп өрбітеді58.

Міне, осындай дәлелдер арқылы біз, Шоңбай ақынның шежіре-дастанындағы мәліметтердің өте дәл, анық және дұрыс екендігіне көзімізді жеткіземіз. Сол себепті де ақынның шежірелік мәліметтері Табын тайпасының шежіресін жазуда өте құнды дерек болып саналады. Біз, келесі беттерде шежірені жазу барысында әлсін-әлсін Шоңбай ақынның мәліметтеріне жүгініп отырамыз.

Шежіреге қатысты материалдарды тарихи аңыз-әңгімелер мен шежіре-дастандардан бөлек ақындар айтысының мәліметтерінен де кездестіруге болады. Айтыстағы шежіре мәліметтерінде мынадай өзіне тән ерекшеліктер бар. Біріншіден, мұнда шежіре толық жырланбайды. Айтыскер өзінің шыққан тегін көпшілікке таныстырғанда, өз руынан немесе тайпасынан шыққан белгілі бір тұлғаны мадақтағанда немесе оның руынан шыққан атқамінерді, сараң байды тіліне тиек етіп мінегенде тайпа, ру, аталықтар атаулары айтылады.

Екіншіден, айтыскерлер өздерін белгілі бір ру-тайпаға, тарихи тұлғаға туыстығын көрсету үшін ру, тайпа, аталықтар атауларын жырға қосады.

Бұл жерде айтыс материалдары шежіре жазуда негізгі дерек бола алмайды. Дегенменде оның мәліметтері бір рудың тармақтарын, аталықтарын нақтылауда қосымша дерек бола алатындығын ескере кетеміз. Табын шежіресіне қатысты мұндай дерек көздеріне „Құлтума, Ер Сейіл, Ырысбай ақындардың айтысын”, „Сейдәлі мен Алтын”, „Сейдәлі, Молда Бәйім, Ділда”, „Ешнияз сал мен Кенекес” айтыстарының мәліметтерін жатқызуға болады . Бұл айтыстардың үлгісін қосымшадан оқи аласыздар 59.



8. Қазақ ру-тайпаларының шежіресін құрастыруда, сондай-ақ өзіміз қарастырып отырған Табын тайпасының шежіресін жазуда қажетті материалдардың келесі бір тобын мерзімді басылымдарда, оның ішінде қазақ тіліндегі газеттер мен журналдарда жарияланған мақалалар құрайды. XX ғасырдың 90-шы жылдарының басынан бастап төл тарихқа деген сұраныстың күрт өсуіне байланысты Алматыда шығатын республикалық газет-журналдардан бастап, облыстық, аудандық газет беттерінде ру-тайпа шежіресіне, белгілі бір тарихи тұлғаның мерейтойына, белгілі бір оқиғаның бірнеше жүзжылдық датасына байланысты орасан көп материалдар жарық көрді. Олардың бәрін осы жерде айтып өту мүмкін емес. Дегенменде олардың бірнешеуін атап өткенді жөн көріп отырмыз. Оларға „Асау-Барақ” ән-дастаны, „Бөкенбай шоқысы”, „Түмен баба”, „Ер Барақтың жиендері”, „Барақ,Сәрке, Бәйтен батырлар”, „Барақ батырдың тұсындағы елдің саяси және әлеуметтік жағдайы”, „Жасыл тулы Ер Барақ”, М.Неталиевтың „Кіші Жүздің шежіресі”, „Ана тілі” газетіндегі шежіре кітапша және тағы басқа көптеген мақалалар жатады60.

Табын шежіресін жазу барысында жоғарыда аталған және аталмай қалған газет-журнал беттеріндегі мақалалар материалдарының көп көмегі тигенін айта келе, мақала авторларына мың алғыс айтамыз.



9. Шежіре жазуда материалдардың тағы бір тобына жекелеген адамдардың өз аталығы, әулеті, руы туралы жазып жіберген қолжазбалық шежірелері жатады. Бұл топтағы материалдардың артықшылығына әулет шежіресінің 8-10 буынға дейін анық көрсетілуін айтамыз. Табын шежіресін жазу барысында біз төмендегідей адамдардың шежірелік қолжазбаларын пайдаланғанымызды айтып өтуді жөн санап отырмыз. Олар:

1. Қызылордалық жазушы-журналист Ахат Жанаев (Қызылорда қаласы, 1934 жылы туылған, руы теке-табын). Ол бізге әр жылдары «Ақмешіт апталығы» газетінде жарияланған «Жүзжасар би», «Бозтай би», «Мысық (Есенжол) би», «Шортанбай би», «Беркімбай қалпе» және т.б. мақалаларын өз қолымен әкеліп берді. Бұл мақалалардан біз, жоғарыда аталған тарихи тұлғалармен қатар, Сыр өңіріндегі Табын тайпасының рулары мен олардың тармақтарының таралуы жөнінде өзімізге қажетті материалдар таптық.

2. Хұсайын Қоразбаев – Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті бастығының көмекшісі, полиция полковнигі. (Қызылорда қаласы, 1961 жылы туылған, руы теке-табын). Ол бізге факс арқылы Сыр өңіріндегі Табын тайпасы, оның руларының таралымы, Табын тайпасынан шыққан Бұқарбай батыр, Қоразбай молда жөнінде ел аузынан жинаған материалдарын жіберді. Өзі басқа салада қызмет істеп жүрсе де, қазақ халқының тарихын сүйетін және бүйрегі бұратын азаматқа мың да бір рахмет.

3. Сайын Садықов – медицина ғылымдарының кандидаты, доцент. Республикалық онкология және радиология ғылыми –зерттеу институтының жетекші маманы. (Алматы қаласы, 1953 жылы туылған, руы жылқышы-табын). Біз оның Табынның Жылқышы бөліміндегі рулардың шежіресіне байланысты материалдарын пайдаландық.



10. Шежіре құрастыруда келесі бір материалдар тобын ауызша түрде алынған деректер құрайды. Ғылымда ауызша түрде материал берген адамдарды «информаторлар» деп атайды. Біз табын тайпасының шежіресін жазу барысында төмендегідей информаторлардың мәліметтерін, кеңестерін пайдаландық. Ол информаторлар мыналар:

1. Оспанов Сейфолла – (Алматы қаласы, 1938 жылы туылған, руы Жақап-табын). Сыр бойы және Батыс Табындарының аталықтары жайында ауыл ақсақалдарынан жинаған мәліметтері негізінде дерек берді.

2. Әбдірахманов Аманжол - (Алматы қаласы, 1940 жылы туылған, руы Көшей-табын). Ол кісі бізге Құланбайұлы Мамыт ақсақал (1890 жылы туылған) 1970 жылдары айтып жаздыртқан шежіресі бойынша Табынның Есенбай, оның ішінде Көшей тармағын жікке айырып тарқатып берді. Көшей тармағы айналымда жүрген шежіре-кітаптарда тарқатылмайтындықтан, бұл мәліметтің маңыздылығы құнды болып отыр.

Осылайша Табын тайпасының шежіресіне қатысты материалдарға жалпылама түрде шолу жасай келе, біз төменде мынадай тұжырымдар жасаймыз.

Біріншіден, кез-келген ру-тайпаның шежіресін жазар кезде, сол ру-тайпаның тарихына, шежіресіне, сол тайпадан шыққан тарихи тұлғалардың өміріне қатысты деректерді мол жинастырып, оларды ғылыми тұрғыда талдау қажет деп санаймыз.

Екіншіден, Табын тайпасының шежіресіне қатысты материалдардың көптігіне байланысты, біз, оларды деректанулық тұрғыдан он топқа жіктеп, олардың әрқайсысына қысқаша тоқтап өттік. Сол арқылы қажетті деректердің жалпы және нақты сипаттарын, негізгі және қосымша маңыздарын анықтадық.

Үшіншіден, дерек мәліметтеріне шолу жасау арқылы оларда аз да болса, бірнеше ауытқушылықтардың, шатасулардың, қайшылықтардың бар екендігін білдік. Олардың көбі негізінен тайпа бөлімінің, ру тармағының атауына және шежірелік жүйеде орналасуына байланысты болып келеді.

Төртіншіден, кейбір ру-тайпа шежірелеріне қатысты деректер мен мәліметтердің өте көп екендігіне, ал кейбір рулық бөлімшелердің шежіресіне өқатысты материалдардың мүлде аз екендігіне көз жеткіздік. Бұл бөлімшелердің шежіресіне қатысты мәліметтер әлі де болса іздеуді қажет етеді.

Міне, осындай деректік базаны негіздеп алғаннан кейін ғана ғылыми негіздегі шежірені жазуға болады деп есептеймін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет