Н. У. Шаяхметов, тарих ғылымдарының докторы


ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ



бет6/42
Дата24.04.2016
өлшемі5.8 Mb.
#78116
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ
Қазақ шежіресі қазақ тарихи жадының өзегі десек артық айтқандық емес. Алайда, сол қазақ шежіресі қазақ тарих ғылымында әлі күнге өз орнын ала алмай келеді. Өйткені, шежіре өз дәуірінде қандай қызмет атқарды, несімен құнды болды, халық санасынан әлі күнге өшпей келе жатуының себебі неде?-деген сұрақтарға қазіргі тарих ғылымының жауап беруге қауқары жоқ. Қазақ шежіресі осы күнге дейін қанша зерттелсе де өзінің ішкі мәнін ашпай келеді. Оның себебі, зерттеушілердің шежірені бір ғана тұрғыдан – этникалық үдерістер тұрғысынан қарастыруы, сол бойынша байлам жасауы болып табылады. Ал, шежіре тек этникалық үдерістермен ғана байланысты емес, қоғамдағы барлық үдерістермен тығыз байланыста қалыптасқандығын, атап айқанда: діни, саяси үдерістер шежірелердің түзілуіне ықпал еткен факторлар болғандығы ескеріле бермейді. Оның үстіне шежірелердің бірін-бірі қайталамай, әртүрлі болып келуінің өзі зерттеушілерді адастырары немесе зерттеушінің шежірені тарихи құжат екендігіне күмәнмен қарауына ықпал етері анық. Алайда, шежірелердің әртүрлі болып келуі астарында қазақ (түрік) халқының басынан өткерген тарихи кезеңдерінің сырлары жатқандығын қазақы дүниетанымнан хабарсыз, танымы евроцентристік көзқараста қалыптасып, тарихқа материалистік тұрғыдан баға беретін тарихшылар қазақ шежірелерінің ішкі мәні мен мазмұнын танып-білуі қиын немесе мүмкін емес.

Қазақ шежіресінің пайда болуы қазақ халқының қоғамдық құрлысымен, мемлекеттік жүйесімен тікелей байланысты және сол шежіре түзілген дәуірдегі қоғамның құрылымдық жүйесінің сызба түріндегі бейнесі, әрі негізгі реттеуші басты құжаты болды.

Қазіргі бізге дейін жеткен қазақ шежірелерінің қашан түзілгендігі туралы бізде нақты дерек жоқ. Бір шежіре Өзбек ханнан басталса, екінші шежіре Алаша ханнан бастау алады. Үшінші шежіре Өзбек ұлысының ханы Әбілхайыр ханнан басталады. Ал төртінші шежіре әріге кетіп, Мұхаммед Пайғамбардың сахабасы Аннас сахабадан бастау алады. Алайда, сол шежірелердің ішкі мазмұны сырттай қарағанда бірдей болып көрінеді. Сонда қайсысы дұрыс? Бұл шежірелерді бір-бірінен ажыратып тұрған не нәрсе? Бұл да әлі қазақ шежірелерінің ашылмаған құпиясының бірі.

Қазақ шежіресінде күдік тудырып жүрген тағы бір мәселе – ол Ата Қазақтан қазіргі біздің замандасымызға дейін ары кетсе 22 ата немесе 11-13 атамен шектеліп жатады. Мұны жылға шағар болсақ, арысы 600-660 жыл шамасында. Берісі 390-330 жыл шамасы болады. Сонда, оған дейін қазақ қайда болды? Қайсы халықтан бөлінді? Әлде жер бетіне шежіреде көрсетілген кезеңде түсті ме? Неге бұлай? Бұл сұрақтар жауап беруді талап етеді. Бұл сұрақтарға жауап берілмейтін болса, онда біз шежірені ешқашан таныдық деп айта алмаймыз. Сондықтан, қазақ шежіресін тану жолындағы ізденісімізді біз бұрынғы зерттеушілер жүрген жолмен емес, басқа бағытта жүргізгенді дұрыс санаймыз. Ол қазақ халқының басынан өткерген діни, рухани үдерістер тарихы мен олардың қазақ шежіресімен байланысын анықтау бағытындағы ізденістерге ден қоямыз. Әрине, осы күнге дейін қазақ шежіресін зерттеп жүрген зерттеушілердің қазіргі қазақ халқы құрамындағы ру, тайпаларды көне дәуірдегі ру, тайпалармен байланыстырып, солардың тікелей ұрпақтары екендігін дәлелдегісі келетін ойлары да бар. Алайда, бұл тұжырыммен толық келісе қою қиын. Қазіргі рулар мен көне дәуірдегі рулардың арасындағы генетикалық байланысты толығымен жоққа шығаруға болмас, дегенмен солардың тікелей ұрпағы еді дегенді айту артық болары сөзсіз. Өйткені, араб, парсы жазбаларында аталатын түркілердің көптеген ру, тайпа аттары қазіргі қазақ немесе өзге түркі тайпалары арасынан кездестіре алмаймыз. Мысалы, X-XI ғғ. араб деректеріндегі оғыздар құрамындағы 24 ру, тайпаның қайсысы қазақ халқы құрамында бар? Жоқ немесе ірі рулық, тайпалық құрылымдар ішінде кішкентай аталарды ғана құрайды. Ал кейбір ру, тайпалардың аты сол кезеңнен бері әлі күнге өшпей сақталып келеді. Бірақ, сол атауды сақтап келе жатқан руларды сол көне дәуірдегі халықтың тікелей ұрпақтары, ізбасарлары деп атау қиын. Оның есесіне қазіргі қазақ халқының негізін құрап отырған ірі тайпалардың атаулары негізінен Шыңғыс ханмен бірге келген ру, тайпа атаулары екендігін де естен шығармауымыз керек. Бұл жерде тағы да «Сонда қалай, біз мына қазіргі қазақ жеріне Шыңғыс ханмен бірге келгенбіз бе?», - деген заңды сұрақ туады. Олай болса, осы күнгі «Қазақ автохтонды халық емес[Масанов Н. 2001. с. 58.]», - деп жалаулатып жүрген кейбір тарихшылардың айтқандарының дұрыс екендігін мойындаудан басқа шара қалмайды. Сол себепті, қазіргі бізге дейін жеткен қазақ шежірелерінің түзілу заңдылықтарын түсініп алмайынша, дәстүрлі қазақ қоғамындағы шежіренің де, ру, тайпалардың да халқымыз тарихындағы орнын анықтай алмаймыз. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін халқымыз VIII-XII ғасырлар аралығында басынан өткерген тарихи оқиғаларға талдау жасаудан бастағанымыз дұрыс. Сонда ғана біз қазақ шежірелерінің Шыңғыс ханнан кейін бастау алу себептерін түсінеміз.



Түркілер ислам дінін VIII ғасырдың екінші жартысында қабылдады. Алғаш рет осы кезеңде түркі–ислам мемлекеттері тарих сахнасына шықты. [Жандарбек З. 2002.] Ол Қарлұқ-Қарахан, Оғыз мемлекеттері еді. Бұл мемлекеттердің дүниеге келуімен ислам діні түркі халықтарының дәстүрлі қоғамына өз ықпалын біртіндеп тигізе бастады. 951 жылы Сатуқ Бұға хан Абд ал-Каримның ислам дінінің дәстүрлі бағытын қабылдауы түркілерді ислам әлемінің құрамдас бөлігіне айналдырды. [Бартольд В. Т-II, 1963. 131 с.] Түркілер өзінің тілі мен дәстүрлі мәдениетінен ажырай бастады. Дәстүрлі түркі қоғамының ішкі қатынастарын реттейтін жүйенің өзгертіліп, шариғат үкімдерімен алмастырылуы түркілік әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қолданыстан шығуына әкелді. Көнеден келе жатқан экзогамдық (сыртқы) некелік қатынас өзгертіліп, оның орнын эндогамдық (ішкі) некелік қатынас басты. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастардың түркі қоғамына енуі дәстүрлі түркі қоғамындағы рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына әкелді [Жандарбек З., 2006. 18-19 бб.]. Бұл өз кезегінде түркі мемлекетінің құрылымдық жүйесінің күйреуіне, ыдырауына ықпалын тигізді. Өйткені, рулық, тайпалық жүйелер түркі мемлекеттігінің іргетасы болатын. Біртіндеп түркілерде мемлекетті басқарудың парсылық жүйесі қалыптасып, абсолютті билік жүйесі орнады [Бартольд В., Т.I, с. 369]. Кезінде арабтың тарихшылары мен географтары жазып қалдырған ру, тайпа аттарының халық санасынан өшуіне әкелді. Халық өзінің тегін білмейтін дәрежеге жетті. Ислам дінін қабылдаған түркілер XI-XII ғғ. қарсаңында өзінің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен, мемлекеттік жүйесінен толық немесе жартылай ажырап, парсылану үдерісін басынан кешіріп жатқан болатын. Осы түркі халқының тағдыры қыл үстінде тұрған шақта Қожа Ахмет Йасауи сынды ұлы тұлғаның тарих сахнасына шығып, ислам дінінің түркілер арасында өмір сүру формасын жасауы, араб, парсының мәдениетін қабылдамай-ақ мұсылман болу мүмкін екендігін түркі баласына дәлелдеп берді. Дін тілінің түркі тілінде сөйлеуі ғылым, білім, мәдениет, әдебиет тілінің түркіленуіне әкелді. Мемлекет тілі де түркі тілінде сөйлей бастады. Түркі қоғамынан аластатылған сыртқы неке қайта қалыптастырылды. Рулық тайпалық жүйелер біртіндеп қайтадан қалпына келтіріле бастады. XIII ғасыр басында Шыңғыс ханның келуі, Жошы ұлысының қалыптасуы түркінің мемлекеттік жүйесін толығымен қайта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жошы ұлысында түрік мәдениетінің қалыптасуына Йасауи жолы өкілдері аянбай еңбек етті.
Өзбек ханнан басталатын шежіре
Жошы ұлысында түбегейлі өзгеріс жасап, ислам дінін, оның ішінде Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерген Өзбек хан болды. 1312 жылы Тоқты хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек хан Жошы ұлысының тағына отырды. Ол ұзақ жылдар бойы Йасауи жолы өкілдерінің қолында тәрбиеленіп, солардың көмегімен Жошы ұлысының тағына отырды. Өзбек ханды таққа отырғызуда Хорезм әмірі Темір Құтлық пен оның туыстары Сарай Темір мен Мұхаммед қожа, Исабек, Алатай атты әмірлер белсенді әрекет жасады. Ол таққа отыра салысымен ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялаған жоқ. Мемлекеттік билікті толық қолына алып, қарсыластарын бас көтерместей еткен соң ғана 1320 жылы ислам дінін, оның ішінде Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жолды мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Бұл оқиға Өтеміс қажының «Шыңғыс–нама», Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы», Қадырғали Жалайиридың «Жылнамалар жинағында» баяндалады. Оның үстіне қазақта «Ислам Өзбектен қалған» деген қария сөз бар. Өзбек хан Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеріп қойған жоқ. Сонымен бірге, осы мемлекеттік идеология негізінде мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгертіп, қайта құрды. Бұрын қандық, туыстық бірлікке негізделген рулық, тайпалық жүйелер ыдыратылып, олардың орнын рухани бірлік приципіне негізделіп, қайта топтастырылған рулық, тайпалық жүйелер басты. Қандық бірлік жеті ата деңгейінде қалдырылып, одан жоғарғы аталардың барлығы рухании бірлік негізінде топтастырылды. Осылай Жошы ұлысы құрамына кіретін барлық ру, тайпалар араластырылып жіберілді. Мысалы, керей Орта жүздің белді тайпасы, қаракерей найман тайпасы ішіндегі белді ру, Кіші жүзде керейт деген атаумен Жетіру бірлестігі құрамында жүр. Сол сияқты киікші, тіней рулары Орта жүзде найман тайпасы құрамында, қоңырат тайпасы құрамында, Кіші жүзде Адай тайпасының құрамында бар. Мұндай қазақ руларларының үш жүздің құрамында араласа келуі сол Өзбек хан жүргізген діни идеологиялық саясаттың нәтижесі болатын. Сол себепті, қазақ халқында «Еншісі бөлінбеген қазақ», «Қасыңдағы әйеліңді сұраса келсең, қарын бөле шығасды», деген аталы сөздер бар. Бұл араласулар қазақ ру, тайпаларын қамтып қоймайды, өзге түркі халықтары арасынан да кездестіруімізге болады. Татар, башқұрт, ноғай, тіпті орыстар ішінде қазақ руларының аттарын кездестіреміз. Мысалы, Орта жүз қыпшақ тайпасы құрамында «тоқсоба» деген ата бар. Осы тоқсоба атауын Кіші жүз құрамынан да кездестіреміз. Сонымен бірге, «тоқсобалардың» орыстар арасына «токсобичтер» деген атаумен сіңгенін көруге болады. Мұндай арасулар қазақ арасында көптеп кездеседі. Бұл Өзбек ханның діни-идеологиялық саясаты мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесін қайта құрғанының нақты дәлелі. Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық құрлысын зерттеген Г.Федоров-Давыдов Өзбек хан тұсында Жошы ұлысын исламдандыру мен рулық, тайпалық жүйелерді қайта топтастыру үдерісі қатар жүргендігін айтады. Ол сол кезеңдегі Жошы ұлысында болған қайта құруларды былайша тұжырымдайды: «Қыпшақ даласындағы көшпенділерге қатысты ескерткіштерді саралай отырып, мынадай екі жақты, қарама-қарсы екі ағымның қатар жүргенін байқадық: бір жағынан ескі рулық, тайпалық қатынастардың бұзылуы, олардың қаса-қана жойылуы, бұрынғы ру, тайпа басшыларының ықпалын жою; екінші жағынан, негізінде моңғол шапқыншылығына дейін ғасырлар бойына қалыптасқан, олардың этникалық бірлігіне негізделген бұрынғы рулық, тайпалық құрылымдардан да мықты құрылымдар пайда болды. Осы қарама-қарсы екі қозғалыстың синтезін, басқаша айтқанда, Алтын Орда көшпенділерінің даму баспалдағын айқын көрсетіп берді» [Федоров-Давыдов Г., 1973. сс. 62-63]. Бұл жерде зерттеуші Жошы ұлысында болған қайта құруларды дөп басып айтып отыр. Қазіргі қазақ халқын құрап отырған рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар осы Өзбек ханның діни-идеологиялық саясаты негізінде мемлекеттік жүйені реформалаудың нәтижесінде дүниеге келді. Өзбек хан өзінің саяси реформасын жүргізгенде бұрынғы рулық, тайпалық жүйелерді ыдыратып, олардың орнына жаңа рулық, тайпалық жүйелерді қайта топтастырды. Реформаға дейін әр ру, тайпаны сол ру, тайпаның өз ішінен шыққан беделді тұлға басқаратын. Енді бұл реформаның нәтижесінде әрбір ру, тайпаның басына Йасауи жолы өкілдері әрі рухани басшы, әрі саяси басшы ретінде тағайындалды. Қазіргі күні бізге жеткен шежірелердегі әр ру, әр тайпа басында тұрған «қожа», «сопы» атаулардың пайда болуы осыған байланысты. Осы реформа нәтижесінде бұрынғы ру, тайпа басшылары ғана емес, Шыңғыс хан әулеті өкілдері де саяси билік жүйесінен ығыстырылды. Қарсы шыққандары өлтірілді немесе жер аударылды. Орда Ежен ұрпақтары Исабек көрегеннің еркіне беріліп, мен Шибан ұрпақтары ғана билік жүйесінде қалдырылып, олар Алтын Орда ханына тікелей бағынатын болды [Утемиш-хаджи. 1992. сс. 105-106.].

Жүздік құрылымдар осы кезеңде алғаш рет тарих сахнасына шығып, рулық, тайпалық жүйелерді біріктірген мемлекеттік құрылымдық жүйе ретінде қалыптасты. Алтын Орда мемлекетінің қоғамдық құрлысын зерттеген Г.А. Федеров-Давыдов қазақ жүздерінің қалыптасуы Алтын Орда мемлекетінің басқару жүйесіндегі өзгерістерге байланысты қалыптасқандығын айтып, ойын былайша тұжырымдайды: «Қазақ жүздері XII-XIII ғасырларда өмір сүрген көшпелі халықтың тайпалық-патриархалдық жүйесінің бөлшегі емес. Бұл бірлестіктер бұрынғы рулық, тайпалық жүйенің сарқыншақтарын сақтап қалғанымен, жаңадан құрылып, көшпелі ұлыс ретінде біріктірілген бір немесе бірнеше ханның иелігіндегі бірлестік. [Федоров-Давыдов Г., 1973. сс. 62-63] Демек, жүздік құрылымдардың алғаш қалыптасуы ретінде біз осы кезеңді айта аламыз. Өзбек ханның осы реформасы бізге дейін жетіп келген Өзбек ханнан бастау алатын шежіреде толық көрініс тапты. Шежіре тізбегінде аттары аталған кісілердің аңыздық кейіпкер емес, сол кезеңде өмір сүрген тарихи тұлғалар екендігін ескертуіміз керек. Олардың көпшілігінің тарихи тұлғалар екендігіне қолымызда жинақталған деректер дәлел бола алады. Енді соларға кезегімен тоқталып өтелік.

Біз бұл жерде алдымен қазақ халқының үш жүзге бөліну себебіне тоқталып өткеніміз абзал. Өзбек ханнан басталған шежіреде үш жүздің мемлекеттің құрылымдық жүйесі ретінде шежіреге енгенін, әр жүздің басында сол жүздің атасы ретінде тұрған «арыс» немесе «шора» атанған тұлғаларды көреміз. «Шора» сөзі Батыс түркілерінде «чор» деген нұсқада кездеседі және бес тайпа бірлестігінің басшылары осылай аталғанын көреміз. Ал, Талас жазуында кездесетін Қара-чор атты кісі хан әулетінен шыққан ханзадалардың рухани тәрбиесімен айналысатын түркі-манихей дінінің өкілі,сонымен бірге, «чорлар» түркі мемлекеттік жүйесінде жоғарғы лауазым иесі болған. [7. с. 33-34] Ал, «шора» сөзінің қазақ тіліндегі тағы мағынасы «құл» дегенді білдіреді. Ал, сопылық жолда «құл» болу, «топырақ болу» сопылық дәрежеге, Жаратушыны табу жолындағы рухани сатыларға жатады. Демек, жүздер басында тұрған «арыс» немесе «шоралар» рухани сала өкілдері, басқаша айтқанда, сол жүздік құрылымдардың жетекшілері дегенді білдіреді. Неліктен үш жүзге бөлінді, не себепті Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз атанды? Бұл сұрақтарға жауапты сол кезеңдегі Жошы ұлысындағы діни-идеологиялық үдерістермен бірлікте қарастырғанда ғана жауап бере аламыз.

Йасауи жолы негізінен үш тармақтан тұрады. Ол үш тармақ Түркістан жеріне ислам дінін әкелген үш тарихи тұлғаға барып тіреледі. Біріншісі, Исхақ баб – («Насаб-нама» деректері бойынша) шежіре бойынша Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның бесінші ұрпағы, Түркістан жеріне ислам аша келген тұлғалардың бірі. Ал, Ибн ан-Надимнің «ал-Фихрист» атты шығармасындағы дерекке қарағанда Али ибн Абу Талибтің ұлы Хусейн әулетінен тараған, 742 жылы Хорасанда дарға тартылған Йахийа ибн Зайдтың ұлы, әкесі тұтқындалған кезде түркілер арасына келіп паналаған. Сол себепті, арабтар оны Исхақ ат-Түрік деп атайды [Ибн ан-Надим, 1996 115 б.]. Қожа Ахмет Йасауи осы Исхақ бабтың 13-ұрпағы. Йасауи жолының бір тармағын осы Исхақ баб атымен байланысты қожа әулеттері құрайды. Бұларға кезінде Исхақ баб әулетінен өзге Али ибн Абу Талибтің басқа ұрпақтарының да келіп қосылғанын көруге болады. Сол себепті, бұл қожалар әулеті «Саййид» әулеті деп аталады. [Жандарбек З., 2002. 131 б.] Өзбек ханның саяси реформасы кезінде бұл әулет Ұлы жүзге (пір болу) және хан әулетіне пір болу қызметі тиді. Қазақ шежіресінде «Ақарыс» деп аталған тұлға Йасауи жолының шежірелерінде осы Исхақ бабтан бастайтын қожалар әулетінің өкілі.

Йасауи жолының екінші тармағы өз шежірелерін Абд ар-Рахим бабтан бастайды. Абд ар-Рахим баб - шежіре бойынша Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның төртінші ұрпағы. Исхах бабтың әкесі Абд ар-Рахман бабтың інісі. Түркістан жеріне «ислам аша» келген тұлғалардың бірі. Қазіргі Қазақстан тарихындағы 766 жылы Қарлұқ хандығының негізін қалаған тұлға. Атақты Қарахандық билеушілер осы Абд ар-Рахим бабтан тараған әулет болып табылады. Осы әулеттен шыққан Отырардың соңғы ханы Білге хан 1210 жылы Хорезмшах Мұхаммед сұлтан тарапынан өлтірілді. Шыңғысхан шапқыншылығына дейін-ақ бұл әулет өкілдері рухани салаға ауысып, Йасауи жолының бір тармағын құрап, Қарахандық қожалар деп аталды. Орта жүзге пір болған Жанарыс - осы әулет өкілі [Жандарбек З., 2006. 110 б.].

Йасауи жолының үшінші тармағы өз шежірелерін Абд ал-Жалил бабтан бастайды. Абд ал-Жалил баб - Хорасан Ата - шежіре бойынша Абд ал-Жалил баб та Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның төртінші ұрпағы болып табылады. Исхақ бабтың інісі. Бұл да ағаларымен бірге Түркістан жеріне «ислам аша» келген тұлғалардың бірі. «Насаб-нама» деректеріне қарағанда Сырдарияның орта және төменгі ағысында VIII ғ. екінші жартысында дүниеге келген Оғыз мемлекетінің негізін қалаушы осы Абд ал-Жалил баб-Хорасан Ата. Қазақ арасындағы қожалардың бір әулеті осы Хорасан қожалар. Кіші жүзге пір болған Бекарыс осы Хорасан қожалар әулетінің өкілі. [Жандарбек З., 2006.. 110 б.]

Өзбек ханның діни-саяси реформасы кезінде Йасауи жолының осы аталған үш тармағының жетекшілері үш жүзге пір болды. Ортағасырларда ру, тайпа бірлестіктері жүз деп аталған. Ал, олардан дәрежесі төмендер тайпаға, олардан дәрежесі төмендер руға, одан төмендер Ата мен ауылдарға пір болды. Осылай Жошы ұлысындағы түркілердің рухани бірлігі қалыптастырылды. Жүзге, ру, тайпаларға пір болған тұлғалардың барлығы дерлік Өзбек ханнан басталған шежірелерде аттары жүр. Қазіргі күні сол тұлғалардың тарихта болғандығы дәлелденіп отыр.

Жошы ұлысында болған бұл күрделі өзгерістерді жалпы халық қабылдағанымен, Жошыдан тараған өзге әулет өкілдері қабылдамады. Оларға өздерінің биліктен шеттетіліп, жай халықтың қатарына қосылуы ұнаған жоқ. Өзбек ханның бұл діни-идеологиялық реформасына қарсы шыққандардың арасында ханның өз ұлы Жәнібек сұлтан да бар еді. 1342 жылы Өзбек ханның аяқ астынан қайтыс болып, таққа мұрагер болып жарияланған Тыныбек сұлтанның жорықта болуы Жәнібек сұлтан мен Өзбек ханның әйелі Тайдула ханымның мемлекеттік төңкеріс жасауына мүмкіндік берді. Алтын Орда тағына Жәнібек отырды. Ол ағасы Тыныбек пен інісі Қызырбекті өлтіріп, жеке-дара билеушіге айналды. Ол бірден діни-идеологиялық саясатты өзгертіп, Йасауи жолы өкілдерін билік жүйесінен толығымен шеттетті. Асан Қайғының Жәнібектің бұл әрекетіне қарсы шығуы ханды алған бағытынан қайтара алмады. Асан Қайғының Жәнібек ханға арналған толғаулары осы саяси төңкеріске байланысты айтылған болатын. Асан қайғы Жәнібек ханды өз дегеніне көндіре алмаған соң, ақырында «Қош аман бол Жәнібек, Енді мені көрмейсің» деп қоштасып шығып кетеді. Ол жай кеткен жоқ, соңына ерген халықты ерте кетті [Артықбаев Ж., 2004. сс. 86-87].


Алаштан басталатын шежіре
Асан қайғы мен Жәнібек хан арасындағы осы оқиға Алтын Орда мемлекетіндегі күрделі өзгерістерге себеп болды. Асан Қайғы соңына ерген халық Жәнібек ханнан бөлініп шығып, өз алдына ел болудың қамын жасады. Әлі күнге қазақ тарихынан орын ала алмай келе жатқан Алаш мемлекеті осы кезеңде дүниеге келді. Жәнібек ханнан бөлінген халықты тек Асан Қайғы бастап әкеткен жоқ. Оның қасында Алаша атанған тұлға болды. Олар соңына ерген халықты ұйыстырып, Алаш атты мемлекетті дүниеге келтірді. Бұл оқиға қазақ халқының Алаша ханнан басталатын шежіресінде толық көрініс тапты. Бұл оқиға 1350 жылдар шамасында болған еді. Жәнібек хан мен Асан Қайғы арасындағы қарама-қайшылық мемлекетті екіге бөлді. Асан Қайғы Жәнібек ханнан өзі кеткен жоқ, оның соңынан жүздік құрылымға кіретін түркі тайпалары бірге кетті. Бірақ бұл оқиға Алтын Орда тарихына қатысты бірде-бір жазба деректерде кездеспейді. Соған қарағанда, Алтын Ордағы ішкі қайшылықтар сырт көздердің назарынан тыс қалғанға ұқсайды. Мүмкін олар Сарайдағы бұл қайшылықтың ішкі сырын түсінбеген болуы да ықтимал. Оның есесіне бұл оқиғалар түркі халықтары арасына тараған аңыздарда, шежірелерде, сол кезеңде өмір сүрген жыраулар поэзиясында толық көрініс тапқан. Алаш пен Алаша ханға, Айса ұлы Әметке қатысты аңыздар, ол аңыздарда аттары аталатын тұлғалардың қазақ шежірелеріндегі тұлғалармен бір болып келуі осы кезеңде Алаш пен Алаша ханның жалпы қазақтың алғаш тарих сахнасына шыққанын көрсетеді. Және олардың барлығы бұл оқиғалардың Алтын Орда кезеңінде болғандығын меңзейді. Бұл Евразия түркілері тарихындағы діни-идеологиялық үдерістер ықпалымен болған топтасудың Жошы ұлысы құрылғаннан кейінгі екінші кезеңі еді. Ендігі кезекте осы Алаш мемлекетінің тарихына қатысты деректерге талдау жасап, ол мемлекеттің құрамында қайсы ру, тайпалар болды? Олардың жетекшілері кім еді?- деген сұрақтарға жауап беретін боламыз.

Алаш мемлекетінің тарих сахнасында болғандығы, мемлекетте болуға тиіс бүкіл құрылымдық жүйенің Алаш мемлекетінде де толық қалыптасқандығы қазақ шежірелерінде толық көрініс тапқан.

Қазақ шежірелерінің алғашқы нұсқасы Өзбек жүргізген саяси-құрылымдық реформаға сай қалыптасқандығын, рулық, тайпалық жүйенің қалыптасу принциптерін талдағанда толық айтып өткен болатынбыз. Сол жүйе Жәнібек ханның жүргізген саяси-идеологиялық бағыты мен мемлекетті басқару жүйесінде жүргізген реформасы Өзбек хан құрған мемлекеттің басқару жүйесін күйретті. Өзбек хан құрған мемлекеттік жүйе осы Алаш мемлекетінде қайтадан толығымен қалпына келтірілді. Шежіреде осы процесс толығымен көрініс тапқан. Ерекшелігі шежіре басында Өзбек хан орнына Алаша хан тұрғанын көреміз. Бұл қазақ халқының тарихындағы тағы бір саты осы Алаш пен Алаша ханмен байланысты екендігін көрсетеді.

Алаштан кейінгі қазақ шежірелерінің пайда болуы Әбілхайыр хан атымен байланысты. Әбілхайырдың таққа отыруы қандай оқиғалармен байланысы болғаны тарихтан белгілі. Осы тарихи оқиға қазақ шежірелерінде былайша кескінделеді: Нұх пайғамбардан Алашқа дейін он Ата, Алаштан Жайылхан, Жайылханнан Қазақ, Қазақтан Жұман, Жұманнан Әбілхайыр.[11] Ал, Әбілхайырдан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс болып, қазақтың үш жүзі тарайды. Енді осы шежірені тарқатып, талдар болсақ, онда осы тізбекте аты аталған тұлғалар артында нақты тарихта өмір сүрген кісілер тұрғанын көруге болады. Бірақ әзірге біз олардың анық қайсысының кім екенін ашып айтып бере алмаймыз. Алайда, сол кезеңге қатысты тарихи деректерді саралар болсақ, онда сол аты аталған кісілер ішінен кімнің кім анықтау мүмкіндігі бар. Бұл шежіренің бұдан алдыңғы кезеңдерде жазылған шежірелерден басты ерекшелігі – мұнда Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейінгі этникалық үдерістердің нақты көрсетілуі. Мысалы, Алаштан басталатын шежіреде «Алаштан Жайылхан, Сейілхан» - деп бөлінеді. Жоғарыда көрсеткеніміздей Әбілхайырдан басталатын шежіреде Алаштан тарайтын Сейілхан аты аталмайды. Демек, бұл шежіре осыған дейін бірге болған түркімендердің Әбілхайырды хан көтеріп, қайта топтасқанда түркімендердің бөлініп кеткендігін көрсетіп тұр. Ал, Жайылханның баласы Қазақ, Қазақтан Жұман. Осы Қазақ құрамында әлі этникалық жіктелуге түспеген қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ халықтары бар. Бұл жердегі Қазақ демектің мәнісі Жәнібек ханның діни-иделогиялық саясатына қарсы шығып, Йасауи жолын берік ұстанған халық ретінде өзінің діни-рухани, мәдени еркіндігін сақтап қалған халықты көрсетуінде болып отыр. Шежіре тізбегіндегі Жұманның Жұмадық хан екендігі айтпаса да түсінікті.

Бұл шежіредегі қазіргі қазақ шежірелерінен ерекшелігі - бүгінгі қазақ халқы құрамында кездеспейтін ру, тайпалардың жүздер құрамында болуы. Қазіргі Ұлы жүз құрамында жоқ «мың», «жүз», «қырық» рулары мен қарақалпақ халқы жеке тайпа ретінде осы жүздің құрамында жүр. «Мың», «жүз», «қырық» руларының башқұрт халқы құрамында бар екендігін Кузеев жазған болатын. [Кузеев Р., 1957. сс. 48-57.] Ал, Оңтүстіктегі «мың», «жүз», «қырық» руларының өзбек халқының құрамына сіңіп кеткенін көреміз. Қоқан хандығының негізін қалағандардың бірі Нарбота бидің осы «мың» руынан екендігін тарихи деректер растайды. [Бабаджанов Б., 2010 с. 113.]Ал, қарақалпақтардың Тұрсын Мұхаммед ханның заманында Түркістанда бүлік шығарып, қазақ халқы құрамынан қуылғаны, одан басқа этникалық бірлікке айналғаны тарихтан белгілі. [Абусейтова М., 1998. с. 212.] Мұндай саяси, этникалық үдерістер астарында діни, рухани үдерістер жатқанын әлі күнге тарихшылар есепке ала бермейді. Сол себепті, біз ендігі кезекте діни-рухани үдерістердің Өзбек ұлысы тағдырына қаншалықты ықпал еткеніне тоқталып көрелік.

Ол мемлекет туралы ортағасырлық тарихшы Махмуд ибн Уали былай деп жазды: «Жәнібек хан өлген 758/1356-57 жылдан 835/1428-29 жылға дейінгі аралықта Дешті Қыпшақтағы патшалық тағына ақылды, әрі табанды басшы табылмады. Соның себебінен мемлекеттегі дін мен мемлекет ісі қожырады. Халық басын біріктіріп тұрған арқау үзілді, бірлік кетті. Бұл елдің халқының осыншалық қиналғанын көрген Ұлы Жаратушы елдің болашағын жарық қылатын, дін мен мемлекет ісін қалпына келтіретін жаңа жұлдызды көкжиекке шығарды. Ол Әбілхайыр хан еді. Дүние қайта жарыққа толды. Бүлінген дүние қайтадан қалпына келді. Қоғамның барлық мүшесінің мүддесі қайтадан қалыпқа түсірілді. Қоғам қайта гүлдене бастады. Әйгілі Ахметтің жолының заңдары мен Мұхаммедтің діні қайта гүлдеді.» [МИКХ, 1969. с. 346] Осы бір кішкене үзіндінің өзі ислам дінінің, оның ішінде Йасауи жолының Алтын Орда мемлекетінде қандай роль атқарғандығын, Әбілхайырдың сол жолды қайтадан қалпына келтіргендігін көрсетіп тұрған жоқ па? Демек, бұл Жошы ұлысындағы халықтардың басын біріктірген негізгі арқау Йасауи жолы болғандығын, рухани фактордың шешуші мәнге ие болғандығын көрсетеді. Ендігі кезекте сол Әбілхайырды таққа отырғызып хан көтерген кімдер еді, соған тоқталайық. Мас‘уд ибн ‘Усман Кухстанидің «Тарих-и Абу-л Хайр-хан-и» атты еңбегінде мынадай кісілердің аттары аталады: «Барлық әскербасылар, даңқты Пайғамбар әулетінің өкілдері, «Та» және «Йа-Син» (сопылар) өкілдері болды. Олардың ішіндегі ең даңқтылары Құл Мұхаммед сейіт және Қара сейіт(Алла олардың қабірін жарық етсін.) және Бұзұнжар би қият, Уаққас би маңғыт, Шайх софы оғлан, Сатұғ би, Сүйініш би, Қара Кедей дүрмен, Ақ Софы найман, Шайх Софы найман, ... Жүсіп Қожа өкіреш найман, Қажы Мырза шат, Бахты Қожа ұйғыр, Орыс қоңырат тағы басқа ұлы адамдар қуатты әміршінің сарайына келіп, оның жеңімпаз әскерлері мен қызметшілерінің қатарынан орын алды» [МИКХ, 1969. сс. 141-144]. Бұл дерек сол кездегі Қыпшақ даласын мекендеген түркілер құрамындағы рулар мен тайпалардың басындағы басшылардың барлығы дерлік дін өкілдері екенін көрсетіп тұр. Демек, ол кезеңде ру, тайпа басында алдымен рухани басшы болғандығын нақтылай түседі. Бұл жерде «сопы» мен «қожа» атауларының дінге қатысы барлығына күмән жоқ. Ал «би» сөзінің түпкі мағнасына күмән келтірушілер табылуы мүмкін. Бірақ «би» - деп орта ғасырларда діни, рухани басшыны атағанын және ол қазақ даласындағы діннің өмір сүру формасы болған Йасауи жолымен тікелей байланысты екендігін қазақтың көнеден қалған аталы сөздері дәлелдейді. Мысалы:

Батыр деген барақ ит,

Екінің бірі табады.

Би деген ақ шариғат,

Ілуден біреу табады [Сейфуллин С., 2003. 378-380 бб.]

Немесе «Елге бай құт емес, би құт» деген мәтелдер-ақ бидің қазақ қоғамында аса жоғары бағаланғандығын көрсетеді. Бұл деректер Әбілхайыр хан басқарған Өзбек ұлысында Йасауи жолы салтанат құрғанын дәлелдейді. Әбілхайыр хан Йасауи жолына адал болған кезеңде оның тасының өрге домалап, ешкімді бет қаратпағаны тарихтан белгілі. Алайда, 1446 жылы Әбілхайыр ханның Сыр бойындағы қалаларды жаулап алуы, Сыр бойындағы Сығнақ қаласына өзінің ордасын орнатуы оны мемлекетті басқару саясаты мен мемлекеттің құрылымдық жүйесін өзгертуге итермеледі. Өйткені, ол осы жерде нақшбандийа тариқаты өкілдерінің ықпалына түседі. Бірақ жазба деректерде Әбілхайыр ханның Сығанақта кіммен кездескені туралы нақты дерек жоқ. Бірақ бүкіл Өзбек ұлысындағы саяси жағдайдың күрт өзгеруі; Әбілхайыр ханның ұзақ жылдар бойына тірегі де, серігі де болған Едігенің немересі Уаққас биді өлтіруі, Арқада Қара қыпшақ Қобландының арғыннның биі - Дайыр қожа-Ақжол биді өлтіруі [Шәкәрім, 1991, 22-23 бб.], одан кейін көптеген ру, тайпалардың Әбілхайырдан бөліне көшуі, халық алдында хан тарапынан кешірілмес күнә жасалынғандығын дәлелдейді. Ата жолдан аттап, Антты бұзбаса, Йасауи жолынан бас тартпаса халық оншалықты қатал шараларға бармаған болар еді. Осы оқиға Өзбек ұлысын үшке бөліп, тарих сахнасына үш мемлекетті: Қазақ хандығы мен Шайбанилер мемлекетін, Ноғай ордасын шығарды. Өзгенің рухани ықпалын қабылдамаған, түркінің өршіл рухының өзегі болған Йасауи жолындағы халық қазақ атанып, Ата жұртқа ие болып қалды. Ал, нақшбандийа тариқатын қабылдап, соғды-тәжік мәдениетіне мойын ұсынған халық Ата жұртқа сыймай, Мауараннахр жеріне кетуге мәжбүр болды. Ал, ноғайлар болса, қазақ даласының батыс өлкесіне қарай ығысты. XVI ғасырдағы қыпшақ даласының этносаяси құрылымын суреттеген Фазаллах ибн Рузбехан Исфахани былай дейді: «Үш тайпаны өзбектерге жатқызады. Олар Шыңғыс хан иелігіндегі ең мықтылар. Қазір олардың бірі – шибанилер; екіншісі – қазақтар. Олардың даңқы күші мен батырлығының арқасында әлемге тараған. Үшіншісі – маңғыттар. Бұлардың хандары бір-бірімен әр кезде егесіп келеді, бір-бірінің иелігіне қол сұғумен келеді. Олар бірін-бірі жеңсе, қолға түскендерін құлдыққа сатады, тұтқынға алып кетеді» [Ахмедов Б., 1973. сс. 47-48]. Бұл жерде автордың сол кезеңдегі саяси этникалық процестерді дәл суреттегенін көреміз.

Өзбек ұлысының үшке бөлініп, жеке хандықтарға айналуы ру, тайпалардың іштей бөлініп, жіктелуіне әкелді. Ұстанған діни бағытына қарай кімді, қайсы діни-саяси топты қолдайтынына байланысты ру, тайпалар іштей жіктеліп, осы үш мемлекет құрамына бөлініп кетті. Біз оны қазіргі қазақ, өзбек, ноғай халықтарының құрамындағы ру, тайпалардан көре аламыз. Бұл Өзбек ұлысы халықтары ішіндегі жіктелу жоғарғы билік жүйесі өкілдерін ғана емес, сонымен бірге, жай халық арасын да қамтығандығын көрсетеді. Мысалы, қоңырат, қаңлы, қыпшақ, найман, қыпшақ тайпаларының өкілдері қазақтың құрамында да, өзбектің құрамында да, ноғайдың құрамында да бар. Егерде бұл рухани жіктелу Өзбек ұлысындағы билік жүйесі өкілдерін ғана қамтыған болса, онда белгілі тұлғалар соңынан соларға қарасты ру, тайпалар ғана ілесіп, ру, тайпалар іштей бөлінбеген болар еді. Бұл сол кезеңдегі діни-идеологиялық тіке-тірестің жалпы ұлыс халқын түгел қамтығандығын көрсетеді.



Бұл айтылғандар Қазақ хандығының алғашқы жеке мемлекет болып, шаңырақ көтерген кезеңі оншалықты оңай болмағанын байқатады. Бұл жерде Йасауи жолы өкілдерінің халықтың рухани тұтастығын сақтау жолында күрделі қадамдар жасағанын көреміз. Әдетте, Ысхақ баб әулеті өкілдері Ұлы жүз бен хан әулетіне пір болатын. Ал, Қарахандық билеушілер әулеті өкілдері Орта жүзді тастап кеткен кезде, Ысхақ баб әулеті өкілдерінің түркінің рухани тұтастығын сақтау үшін өз өкілдерін Орта жүзге апарып, халықтың одан әрі жіктелуіне мүмкіндік берген жоқ. Осы кезеңде хандар да билер ықпалынан шықпады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің ішкі жағдайының тұрақталуына мүмкіндік берді. Ең бастысы қазақ халқы түркінің діни-рухани, мәдени болмысының өзегі-Йасауи жолын сақтап қалды. Алғашқы кезеңде Керей хан да, Жәнібек хан да бұлғақтамай Қазақ хандығының нығаюына, өркендеуіне қызмет етті. Бұл кезеңдегі рухани жіктелушілік туралы қазақ шежірелерінде де, өзге жазба деректерде де мәлімет жоқ. Жәнібек ханнан соң таққа отырған Бұрындық ханның халықпен сыйыса алмай шайбанилерге кетіп қалғандығы айтылады. [МИКХ, 1969. с. 222]. Оның орнын Жәнібек ханның ұлы Әдік сұлтан басты. Әдік сұлтаннан соң қазақ хандығының тағына Қасым хан отырды. Қасым ханның Қазақ хандығын нығайту жолындағы жанқиярлық еңбегі мемлекетті Орталық Азиядағы қуатты мемлекеттің біріне айналдырды. Осы Қасым хан кезінде «Қасым ханның қасқа жолы» атты заң қабылданып, сол атаумен тарихқа енді. «Қасым ханның қасқа жолының» қабылдануы туралы академик Ә. Марғұлан былай дейді: «Қасым хандық құрған кезде (1511-1523) ел басқару ісінде қолданылған әдет-ғұрып заңдарының ережелері. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери диктатура арнасына барып тіреледі. XVғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басында Бұхардың ишан-қазылары қазақ өлкесінде жүргізіп, шариғат қағидасына бойұсынуды уағыздайды. Бірақ уақыттың көбін мал бағумен өткізетін халық бұқарасына шариғат қағидалары қиынға соғып, оған селсоқ қарап, ойыса қоймайды. Сондықтан шариғатты кіргіземін деген хандарға халық бұқарасы наразылық білдіріп, кейде ол көтеріліске ұласып отырған. Бұл тарихи уақиғаларды жақсы білген Қасым хан, саяси жағдайдың шиеленіскен кезінде, халық бұқарасының, билер тобының, көптен бергі ойына қарсы тұрмай, қайта олармен бірігіп, шариғат заңын үгіттеген Бұхар ишан-қазыларының тіміскілеуін тойтарды. Сөйтіп, халықтың тілегіне жақын, әрі ерте заманнан оларға түсінікті ежелгі «жарғы» заңын жаңадан күшейтті» [Марғұлан Ә., 2005. 104 б.]. Бұл жерде академик Ә.Марғұланның сол кезеңдегі діни-рухани ахуалды дәл анықтағанын, «Қасым ханның қасқа жолының» қабылдану себептерін толық түсінгенін көруге болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет