Вокалдық өнер ғасырлар бойы қалыптасып келеді. Әдістері мен тәсілдері сан қилы және әр заманның ән өнерінің стилі мен бағыты мен тығыз байланысты.
Қазақ халқы мыңдаған жылдар бойы өзінің тарихи даму кезеңінде әншілік өнерге тәрбиелеудің өзіндік ерекше дәстүрін жинаған. Халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасқан әншілік орындаушылық дәстүрлерінің этникалық ерекшеліктері музыкалық тәрбие берудің тиімді жолдарының бірі болды.
Бұл туралы халқымыздың «...қиыннан қиыстыра, төтеннен төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, шешендік өнерге бейім қазақ халқы қолына домбыра ұстап, ауылдың алты ауызын, «той бастар», «беташар», «қонақ кәде», «жар-жарды» шырқай термелейтін ақын да әнші, өнерлі халық» - деуі тегін емес. Немесе өткен ғасырдағы музыка зерттеушісі Б.В.Асафьев қазақ музыкасы жайында жазған мақаласында: «Қазақ әндері өзінің терең иірімдерімен, таза да қалытқысыз сезім сырларымен, көркем шыншылдығымен баурайды. Оларды тыңдай отырып, терең сезімді сан-сырлы әуендер арқылы асқан даналықпен бейнеленген биік адамгершілік мұраттармен қауышқандай ләззатқа бөленесіз. Бұларда қазақ халқының қатал өмір мектебі, басынан өткен қайғы-қасіреті мен мұң-шері туралы философиялық ой-толғаулары, лирикалық нәзік толғаныс- тебіренісі, өмірді бағалап, сезіне білу қуанышы өрнектелген. «Шығыс музыкасы» туралы тұрпайы, әрі тар өрісті музыкалық ұғымды жоққа шығарған бұл әуендерден көптеген ұрпақтың дүние танымын, ой-арманы мен сезімін ұғып, олардың жүрек дүрсілін сезесің» - деген [6].
Қазақтың әншілік өнері XX ғасырға дейін атадан-балаға ауызекі айту хақында жатталып, жалғасын тапты. Әншілік өнерді зерттеу аспектісі тарихи жолдарын баяндау мен жинақтау, нотаға түсіру түрінде жүргізілді.
И.Андреев, С.Большой, А.Алекторов, А.Левшин еңбектерінде қазақтың әндеріне сипаттама беріліп ақындық пен әншілік өнердің бір адам бойында топтастырылған ерекше өнер түрі ретінде қарастырылған. Әндердің саздық сипатын, әуендік құрылымына баға беріп, қазақ халық музыкасының ерекшелігін атап өткен.
Қазақ халқының музыкасы жайлы құнды деректерді XIX ғасырдың аяғында XX ғасырдың басында Орта Азия, Қазақстан жерлеріне келген саяхатшылар, этнограф-фольклоршылар алғаш рет жаза бастағаны тарихи деректерден белгілі. Қазақстанның Торғай обылысын аралап жүріп орыс зерттеушісі С. Рыбаков 100-ге тарта ән-күй жазып алған, бірнеше музыкалық аспаптарды жинап, қазақ мәдениеті, музыкалық мұрасы жайлы көптеген мәліметтер жинастырып қазақ музыкасын уағыздайды.
Қазақ халқының музыкалық этнографиясы Қазан төңкерісіне дейін зерттеле бастаған. Оған А.Е.Алекторов, А.Э.Бимбоэс, Г.И. Гизлер, Ә.А.Диваев,
И.Д.Добровольский, А.И.Левшин, П.С.Паллас, Р.А.Пфенниг, Г.Н.Потанин, Н.Ф.Савичев, П.Тихов, Ш.Уәлиханов, А.Ф.Эйхгорн, С.Г.Рыбаков, Д.М.Львович, т.б. зерттеушілер елеулі үлес қосты [7-8].
Голландиялық белгілі ориенталис А.Э.Бимбоэс Ақмола облысында бірнеше жылдар бойы өмір сүрді, 1917ж. революциясынан кейін тағдырдың ерік-жігерімен Қазақстанда болғанда, қазақ ұлттық музыкасын сақтау мен зерттеуде маңызды рөль атқарды. 1919-1922 жж. аралық кезеңі қазақ музыкасының шынайы әрі ыстық ықыласына бөленуі үшін жеткілікті болды. Өзінің этнографиялық эссесінде ол үнділік пен меторитмикалық үлгісін әншінің көңіл-күйіне тәуелді екенін атап өтті [9].
Орыс зерттеушісі Г.И.Гизлер Семей обылысынан жазып алған қазақтың алты әнінің нотасын «Қазақ әндері» деген мақаламен бірге жариялаған. Қазақ әндерінің құрылымдық ерекшеліктеріне тоқталып, қазақ музыкасының еуропа музыкасымен үндес екенін атап өтеді. Егер жағдай туғызса, қазақ әндерінің еуропа әндерінен кем түспейтіндігін ескертеді [10].
А.И. Левшин: «Адам дүниеге ақын немесе музыкант болып келеді, оған қазақтар жаңа дәлел болып табылады» [11].
Р.А.Пфенниг қазақ әндерінің халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін - жар-жар, беташар, сыңсу, жоқтау, шілде той, ақындар айтысы, ауруды әнмен емдеу және т.б. рөлін айқындаған [12].
Қазақ халқының ең бай ән дәстүрлеріне таңғалған белгілі орыс ғалымы Г.Н.Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді», - деуі қазақ халқының ән-күйін, әдебиетін зерттей келе берген биік бағасы еді [6]. [13]. Расында қазақ даласын ғасырлар бойы шабытты поэзиямен, орынды шешендікпен, жалынды күйлер және шын жүректен шыққан әндер тербеген.
Қазақ халқының музыкасын зерттеуге елеулі үлес қосқан А.Ф.Эйхгорн қазақ халқының музыкасына арналған кіріспесінде былай деп жазды: «Кейде олар қамқорсыз-баладай көңілді, кейде жасыл жайылымдағы құлын секілді, күшті және қуанышты, қуатты және еркін, даланың көгілдір аспанына көтерілген бүркіт секілді, бала мен қария, қыздар мен әйелдердің орындауындағы қазақ әндері... қазақтардың қол сұғылмайтын қазынасы, халықтың өздерінен дәл құйылған секілді!» [14].
С.Г.Рыбаков қазақтардың музыкалық мәдениетіне ден қойып, көптеген ән-күйлерді нотаға түсірді. Қазақ әндерін жазып алуда сіңірген еңбнгі өте бағалы. Ол өткен дәуірге тән негізгі сипаттары сақталған 100-ден астам әндерді жинаған [15].
Саяхатшы Д.М.Львович 1914 жылы Торғай облысын аралап жүріп Абай әндерін естіп қайран қалады. «Әннің шын жүректен шыққаны сонша - ол әннен шабытқа толы жаңа леп еседі немесе әнші Абылай Қарабатыровтың орындау шеберлігіне таңдана «...қандай ыңғайсыз аспаптың сүйемелдеуімен орындалған ән қазақтарда мұндай шығарма болады деу түсінігімде жоқ нәрсе» - деп қайран қалады [16].
Қазақтың музыка мәдениетінің дамуына ат салысқан И.Готовицкий, И.Коцык, В.В.Радлов, В.Даль, В.Успенский үлкен еңбек етті. Олар халық
әндерін нотаға түсіріп, баспадан шығуына, халыққа танылуына зор ат салысқан музыка қайраткерлері болды.
Халықтың ән өнерінің классикалық үлгілерін жасаған алып әнші-ақындар шығармашылығы XIX ғасырдың ортасында дүниеге келді. Атақты Біржан-сал, Ақан-сері, Балуан Шолақ, Мәди, Майра, Естай, Жаяу Мұса, Мұқит, Үкілі Ыбырай, Әсет, Абай, Шәкәрім әндері қазақтың ән қазынасын әсем әндерімен жандандырған, халықтың әншілік мектептерінің негізін салған әнші-сазгер, әнші-орындаушылар болды. Музыка сыншысы А.Н.Серовтың айтуынша
«...әрбір тұлғалардың өздері бір-бір мектеп» - десе, ғалым-жазушы А.Сейдімбеков «бір-біріне мейлінше ұқсамайтын оқшау әнші-композиторлар, дегенмен, солай бола тұрса да олардың өнерін типтік бітіммен емес, типологиялық болмысымен тұтастандыратын ортақ қасиеттің бары аян» - деп өз пікірін ортаға салады [17].
Қазақ халқының әндерінің эстетикалық тәрбиелік мәнінің ерекше зор екенін Абай әндерінен сеземіз. М. Әуезов жазған деректері бойынша Абайдың қоңыр дауысы болған. «Ақын өз халқының әнін өзгеше ыстық көңілмен сүйеді. Көп уайымның, ұлы дертті ойларынан қазақ әні мұны айықтырып, сергіткендей болады. Кейде шабытсыз, қанатсыз, толықсыған жүрек сезімінде ән қуат беріп қайта оңалтқандай болады» [18].
Қазан төңкерілісінен кейін 1920-30 жылдары арасында елімізде қазақ әндері жинақталып, нотаға түсіріліп, жұртқа насихатталды. 1930 жылдарда ірі музыка зерттеушілері А.В.Затаевич, Б.Г.Ерзакович қазақтың 2000-нан астам әндерін жинап, нотаға түсіріп жүйелеуде үлкен қызмет атқарды. Алайда Қазақстанда кәсіби музыка өнерінің туып, қалыптасуы 30-жылдардан басталғанын білеміз. Осы кезеңде академик А.Жұбановтың ғылыми зерттеу еңбектерінде қазақ халық әншілерінің шығармашылығы мен өмірлері баяндалды. Қазақстанға шақырылған Е.Г.Брусиловский, Б.Г.Ерзакович т.б. музыка мамандары кісіби музыка өнерінің негізін қалады.
Б.Г.Ерзакович қазақтың ән жанрларының қалыптасып даму заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан талдап, түрлі жанрларға бөліп зерттеді. Е.Г. Брусиловский «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер тарғын» секілді алғашқы қазақ операларын жазды. И.Н.Надировтың «Терең көл», В.В. Великановтың «Тұтқын қыз», А.А.Зильбердің «Бекет» опералары Қазақ музыкасының кезекті жетістіктері болды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қазақ композиторлары Е.Г.Брусиловскийдің «Гвардия алға», Е.Г.Брусиловский мен М.Төлебаевтың
«Амангелді», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан- Сара» секілді күрделі туындылармен толықты.
Опера жанры дамуының барлық кезеңдерінде әндік-инструменталды фольклордың дәстүрлі жанрлары мен формаларын түрлендіру басты музыкалық-стильдік белгісі болып табылады. Олардың нақты қолданылуының дәрежесі уақыт ағымы мен ұлттық опера мектебінің даму деңгейіне байланысты терең үдерістерге, көптеген факторларға тәуелді.
Опера өнерінің шарықтау шыңы деп республиканың халық әртістері, алғашқы ұлттық авторлар А.Жұбанов пен Л.Хамидидың «Абай» операсын (1944ж.) және ұлттық опера өнерінің мұражайына айналған, КСРО
Мемлекеттік сыйлығына ие болған (1949ж.) КСРО халық әртісі М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсын (1946ж.) айтуға болады. Музыка драматургиясының жаңа үрдістері кейінгі жылдардың опералық туындыларынан байқалады. Мысалы, ертеректе «Қыз Жібек» пен «Жалбырда» орын алғандай, Е.Брусиловскийдің «Дударай» операсында (1953ж.) аралық образдық мәндік бағыт цитата тілімен де, лейтинтонациялы дамумен де ұштасады.
XX ғасырдың екінші жартысында ұлттық әншілік салт-дәстүріміздің дамып, қалыптасуы мен жинақталуы, зерттелуі, тарихын баяндайтын ғылыми зерттеу еңбектер, жинақтар жарық көре бастады.
Қазақ музыкасы туралы мәліметтер өз топырағымыздан шыққан ағартушылардың да назарын аударған. XX ғасырдың бас кезінде музыкалық этнография жинауға А.В.Затаевич белсене араласып, «Қазақ халқының 1000 әні» (Мәскеу, 1925, 1963), «Қазақтың 500 ән-күйі» (Алматы, 1931, 2002) атты музыкалық-этнографиялық жинақ шығарды. Бұдан кейін музыкалық этнография зерттеу ісімен А.Жұбанов, Б.Ерзакович, М.Ахметова, А.Темірбекова, Т.Бекхожина, Б.Қарақұлов, Т.Қоңыратбай, А.Құнанбаева, т.б. айналысты. Б.Ерзаковичтің «Қазақтың ғашықтық әндері», Т.Бекхожинаның
«Қазақтың 200 әні», Б.Қарақұловтың «Қазына», Б.Оспановтың «Дад дастаны», Б.Бәйбіжанның «Қазақтың жүз қара өлеңі» атты көлемді жинақтары музыкалық этнографияның бүгінгі жетістіктері [19-20].
Қазақтың халық әндеріне теориялық тұрғыдан терең зерттеулер жасаған ғалымдар М.Ахметова, Ғ.Шомбалова, В.Дернова, Ғ.Бейсенова, С.Күзембаева, А.Кетегенова, А.Темірбекова, Т.Бекхожин, Қ.Жүзбасов, А.Байгаскина, А.Темірбекова, Б.Қарақұлов, С.Елеманова т.б. болды.
А.Байгаскинаның халық әндерінің интонациялық ерекшеліктерін зерттеген құнды еңбектері, А.Кетегенованың қазақ халық әндерінің операларда қолданылу мүмкіндігін айқындаса, Қ.Жүзбасов халық композиторларының шығармашылықғын зерттеп, халық әндерін нотаға түсіріп, құрылымы, стилі жағынан теориялық талдау жасады.
Қазақтың әншілік өнерінің орындаушылық дәстүрі мен тарихының сыр- сипаты ғалым А.Сейдімбеков еңбектерінде тереңнен сыр шертеді.
Ұлттық әншілік салт-дәстүріміздің ғылыми тұрғыдан зерттелуі мен жинақталуы қазақ жерінде кәсіби музыканың дамуына қалыптасуына негіз болды. Қазақтың кәсіби музыкасының туындауы музыкалық-драмалық қойылымдардың сахнаға келуі жаңа орындаушылық өнерді талап етті.
1934 жылы ашылған музыкалық драма театры қойған «Айман-Шолпан»,
«Жалбыр», «Қыз-жібек» спектакльдерінде алғашқы орындаушы әнші-актерлер: Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов, Иса Байзақовтар болды. Олар аталған музыкалық спектакльдерде халықтық әншілік дауыспен әндер айтып, актерлік өнер көрсетті. Бұл ұлттық операның дүниеге келуіне себеп болды және осыған орай кең диапозонда академиялық үлгіде айтатын әншілерді тәрбиелеу мәселесі қолға алынды.
Сұранысқа орай музыкалық студиялар ашылып, ұлттық музыка театрына
ұлттық кадрларды кәсіби ән өнеріне тәрбиелеу жұмысына назар аударылды. 1935-40 жылдарда Қазақстанға Ресей жерлерінен музыканттар, әнші-ұстаздар келіп тұңғыш еуропалық музыка өнерін игеруге бетбұрыс жасалды. Академиялық әншілікке тәрбиелеуді музыкалық-драмалық техникумдарда, студияларда дайындай бастады. 1945 жылы консерватория ашылып дарынды ұстаздар А.Курганов, Н.Нагулина, Н.Самышина, В.Круглихина т.б. академиялық ән класын ашып, болашақ опера, концерттік-камералық әншілерді дайындауға кірісті. Сөйтіп, қазақтың алғашқы академиялық ән педагогикасы дүниеге келді.
Академиялық үлгідегі дауысты тәрбиелеу әдістемесі орыс, батыс еуропа мектептерінің бағытында жүргізілді. Кейін әншілерді академиялық бағытта тәрбиелу ісін жалғастырушылар педагогикалық іскерліктері жоғары ұстаздар Б.Жылысбаев, Н.Шарипова, Н.Юмашева т.б. болды. Олар қазақтың ұлттық опера театрына кептеген дарынды әншілерді тәрбиелеп шығарды.
Академик, музыкатанушы Б.Асафьев «Негізі музыканы халық шығарады, ал біз тек өңдеушіміз» деп кеткендей, қазақ операсындағы хорлар негізінен қазақ халқының әндерінің негізінде жазылған.
«Музыкалық білім» мамандығында оқып жүрген студенттер хорларының репертуары көбінесе аса әйгілі Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» және Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбанов бірлесіп жазған «Абай» операларынан хорлар болып табылады. Неге студенттік хор репертуарынан осы опералар жиі көрінеді деген сұрақ туындайды. Бұл опералар біріншіден қазақ операсының классикасы болып келеді. Екіншіден, ішіндегі хорлардың әуені халық әндеріне негізделген. Үшіншіден, осы опералардағы хорлар фактурасы мен хордың жалпы структурасы жағынан өте ұтымды, музыкалық білімі жоқ студенттердің қабылдауына лайық болып келеді.
Оқу үдерісі барысында студенттер үшін тек қана оқытушы таңдаған шығармаларды орындаумен шектелмейді. Бұл шығармаларды нақышына келтіріп орындау мақсатында, шығарманың түп тереңдігі мен поэтикалық мәтініне үңіліп, музыкасының көркемдік ерекшеліктерін жеткізуге ұмтылған кезде берілген шығарманың өздеріне де тигізетін әсерін ұмытпаған жөн. Сондықтан, бүгінгі күнде болашақ педегог-музыканттардың вокалдық даярлауда қазақ халқының ұлттық қасиеттерін сіңірудің бірден-бір жолы, қазақ ұлттық опера өнерімен толығырақ танысып, осы опералардан хорларды репертуарға көбірек енгізу болып табылады. ЖОО-да болашақ музыка мамандарын даярлау педагог-музыканттың кәсіби-шығармашылық іс-әрекеті ретінде жан-жақты қарастырылып зерттелді [21].
Қазақстан ғалымдары М.Балтабаев, А.Қалыбаева, С.Ұзақбаева, Р.Жәрдемалиева, Р.Дүйсенбінова, Т.Қышқашбаев, Ш.Құлманова, М.Оразалиева, Ұ.Асанова, Б.Әлмұхамбетов, Б.Өтемұратова т.б. қазақ халық әндерінің педагогикалық мүмкіндіктерін қарастырған зерттеу еңбектері ән өнерінің білім беру саласында атқаратын рөлін, эстетикалық-тәрбиелік маңызын айқындады.
Жоғарыда аталған педагогикалық әдебиеттер мен ғылыми зерттеулерден қазақтың ұлттық әншілік өнер түрлеріне баулудың, оны жетілдірудің әр кезеңіне тән педагогикалық ой-пікір мен теориялық тұжырым, әдістемелік тәжірибе жинақталғаны байқалады. Сонымен қатар аталған орындаушылық бай тәжірибе мен ғылыми зерттеулер білім беру жүйесінде вокалдық өнердің методологиялық негізін құруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күнде осы өнерімізді қалай сақтап қаламыз деген сұраққа жауап іздесек, оның бірден бір жолы мемлекетіміздегі ЖОО-да музыкалық білім мамандығының талантты, дарынды студенттеріне XVIII-XIX ғасырда қазақ музыка өнерінің ренессансына айналған алып тұлғалы әншілерден қалған бай мұраның қыр-сырын, өзіндік өрнек әуенінің сыр-сипатын, орындаушылық ерекшеліктерін түсіндіріп, үйрету. Бұл талантты шәкірттеріміздің вокалдық дайындығын - вокалдық ән айтудың маңызы мен оны қолданудың әдіс- тәсілдері, дауыс қалыптастырудың техникалық жолдары мен вокалдық дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
Вокал тұралы ғылыми еңбектерді іздегенде С.А.Шепаева, Р.Ш.Сыдықованың «Ән айтуды үйрету әдістемесі», Б.Тілеуханның «Қазақтың кәсіби вокалдық өнерінің кейбір ерекшеліктері», Б.Тілеухан, Р.Несіпбайдың
«Исполнительская специфика казахского народно-профессионального искусства пения» мақалаларын кездестірдік. Мұнда қазіргі әлемдегі музыкалық білім жоғары деңгейде дамыған елдерде, дұрыс дауыс қалыптастырудың техникалық жолдары анықталған.
Еуропалық классикалық вокалда дауыс қалыптастыру түрлерін зерттеген кеңес кезеңіндегі Ресей ғалымдарының бірнеше еңбектерін кездестіруге болады. Атап айтқанда И.Левидов – «Вокалистердің дауысын дамыту», Л.В.Дмитриев – «Вокалдық техникасының негіздері», А.В.Саркисян –
«Ән айту дағдыларын қалыптастыру», Н.М.Малышева – «Әншінің дауыстағы жұмысы», Ф.Ф.Заседателев – «Дауыс қалыптастырудың ғылыми негіздері», К.Мазурин - «Әншілік дауыс пен вокалдық техника» т.б.
Бұл ғалымдардың еңбектері классикалық вокалды орындауда, әншінің дауысын қалыптастыру техникасын, дұрыс тыныс алу жолдарын, дыбыс шығару қағидаларын үйретуді көздейді.
Осы еуропалық вокалдық дайындығынан қандай өзгешелігіміз бар дегенде, қазақ әннің ұлттық бояуы қанық, иірімдері нәзік әрі күрделі келеді. Оның күрделілігі мелодиялық тартымдылығы мен формасынан көрінеді.
Кең көмей, қызыл тілден төгілген сөз маржаны сұлу сазбен жымдасқанда, қазақ әнінің орындаушылық ерекшелігіне тәнті боласың. Қазақ халық әні жүрекке жеңіл әрі жанға жағымды. Сондықтан оны «жүректен шығып, жүрекке жететіндей нәзік өнер», деп қараймыз. Халқымызда «күміс көмей, жез таңдай» немесе «кеудесі сандуғаштай сайраған, көмейіне бұлбұл ұялаған, асқақ үні аспандағы аққумен үндескен кең тынысты әнші», – деген даналық сөздер бар.
Қазақ музыкасын алғаш шет елдеріне паш етушілердің бірі Ә.Қашаубаев болды. 1925 жылы Париж қаласында өткен Бүкіл дүние жүзіне сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», тағы басқа әндерді орындап, екі бәйгемен қоса, күміс медальды иеленді, 1927 жылы сәуір айында Москва консерваториясында қазақ
әндерін астана көрермендері алдында тамылжыта шықады. Сөйтіп, Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі болды.
Қазақстан өнер шеберлері Венгрияда (1970,1975, 1973), Германияда (1970,1972, 1975). Польшада (1971, 1975), Монғолияда (1971), Чехословакияда (1972, 1974), Кубада кеңінен танымал болды. Азияда – Сингапур, Малайзия, Шри-Ланка, Пәкістан (1973), Үндістан; Еуропа елдерінде – Финляндия, Германия (1972), Италия (1976), Швецарияда (1970, 1984) өткізілген КСРО мәдениеті күндерінде Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымдары – Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі мен хор капелласы. КСРО халық артистері – Б.Төлегенова, Р.Бағланова, Е.Серкебаев және Р.Жаманова қойған концерттерін шет ел көрермендері жоғары бағалады. 70-шы жылдары Қазақ музыкасының талантты жас өнерпаздары бүкілодақтық және дүниежүзілік музыка сахынасына шықты. Олардың қатарына Глинка атындағы бүкілодақтық әншілер бәйгесінің (Мәскеу, 1976) лауреаты М.Мұсабаев, осы байқаудың дипломанты Р.Жұбатурова, Глинка атындағы бүкілодақтық әншілер бәйгесінің (1975) мен Р.Шуман атындағы халықаралық әншілер байқауының (Германия, Цвиккау, 1977) және Рио-де-Жанейрода өткен әншілер халықаралық байқауының (Бразилия, 1979) лауреаты Ә.Дінішев. Глинка атындағы бүкілодақтық әншілер байқаунуң (Мәскеу, 1977) лауреаты, әнші Ғ.Қ.Есімов, Болгарияда өткен халықаралық эстрада әндері байқауының (Болгария, София, 1977) «Алтын Орфей» жүлдесін жеңіп алып, «Алтын микрофон» атты халықаралық байқауда (Түркия, Стамбұл, 1979) Р.Рымбаева өнерін көрсетіп, екінші орынды иеленген.
Осы тұрғыдан қарағанда қазақтың әншілік өнері аяғына нық тұрған, әлем мәдениетінде қанатын кең жайып, өзіндік орны айқындалған өнер саласына айналғанын көреміз.
Алайда, қазақтың әншілік өнері туралы ғылым дамыған бүгінгі күнде ғана емес, өткен ғасырдағы әншілеріміздің өзіндік «дауыс қалыптастыру» тәсілдері болғанын байқаймыз. Оған дәлел ретінде қазақтың байырғы тарихын зерттеушілердің бірі ғалым С.Я.Вольфсон өзінің «Қазақтар (Киргизы)» деген еңбегінде қазақ халқының әнге құмарлығын айта келіп: «Әннің қазақ өмірінде алатын зор маңызын басқа халықтан кездестіру екі талай. Қазақтар тіпті жай сабақты да балаларға ән көмегімен оқытады. Алдымен жеке дыбыстарды әндетіп, соңынан толық бір сөзді әнмен айтады», - деп жазды [22].
Осындай ғылыми дәлел тұрғысынан қарағанда болашақ педагог- музыканттардың вокалдық дағдыларын қалыптастыру үдерісін мына кезеңдер арқылы нақтылап, бөлеміз:
дауыс аппаратының дұрыс жұмыс істеу кезеңінде кейбір дыбыстарды және дауыс диапазонының шектеулі бөлігіндегі дұрыс дыбысты қалыптастыру;
диапазон аралығында сөздерді айту кезінде, музыкалық тапсырмаларды орындауда дыбыс жүргізудің түрлі үлгілерін меңгеруды нығайту мен нақтылау кезеңі;
дыбысты дұрыс қалыптастыру және дыбысты жүргізуді автоматтандыруға дейін жеткізу кезеңі, дауыстық аппаратының толығымен босатылуы мен дауысты басқару қабілеті.
Бастапқыда әнші дауысын дұрыс анықтау оқытушының үлкен жауапкершілікті талап етеді. Болашақта әнші дауысының барлық мүмкіндіктерін ашып дамыту, кәсіби деңгейге жеткізу - дауыс түрін дұрыс анықтаумен тығыз байланысты.
Солардың ішінде ең кең тараған әдістерге әншінің дауыс бояуына және диапозонына қарай анықтау жолдары жатады. Айталық әнші өзіне ұнайтын бір әнді орындағанда дауысының жоғары дыбыстары сыңғырлап, әсерленіп еркін айтылып тұрса сопрано, тенор дауыстарға, ал егер дауыс үнінде төменгі қоңыр, жуан дыбыстары басым болса бас, баритон, альт дауыстарына жатқызылады. Әнші дауысы бірнеше регистрлерден тұрады. Бір регистрден екінші регистрге өткенде дауысқа қиындық түсіп «сынады». Бұл дыбыстар «өтпелі» дыбыстар деп аталады. «Өтпелі» дыбыстардың біркелкі бояуда айтылу дағдысы тек тәрбие барысында ғана меңгеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |