Қолданбалы дене тәрбиесі және оны ұйымдастыру әдістемесі
Ерте кездің өзінде адамдар балаларын жас кездерінен арнайы дене жаттығулары, ойын түрлері арқылы қоғамдық өмір, тұрмыс-тіршілік және әскери әрекеттерге дайындаған. Адам күнделікті еңбек, соғыс құралдарын қолдану кезінде өндірістік, еңбек, жеке әрекеттерге әзір болу үшін, алдын ала соған ұқсас қимыл-қозғалыстарды орындау арқылы дайындалуға болатынын сезген, түсінген. Қазіргі кезде де дене жаттығулары тікелей өндіріске әсер етпесе де, жұмысшылардың қимыл ептілігін, шеберлігін, дағдысын жетілдіру арқылы еңбек әрекеттеріне жағымды әсер етеді.
Қолданбалы дене тәрбиесі (ҚДТ) дегеніміз – дене тәрбиесінің түрлерін, амалдарын, әдістерін бағытты пайдаланған арнайы педагогикалық үрдіс. Қолданбалы дене тәрбиесі әскери және кәсіптік деп екіге бөлінеді.
Дене тәрбиесінің түрлерін, амалдарын, әдістерін бағытты пайдаланған кезде, олар адамды керекті еңбек қызметіне дайындап, ағзасының функционалдық және әрекеттік мүмкіншіліктерін жетілдіреді. Осындай дене дайындығы кәсіптік үйрену үрдісін тиімді ететін, маманның жоғары еңбек қабілеттілігін, дене жаттығулары адам ағзасына жағымды әсер етуін қамтамасыз етеді. Дене жаттығуларымен жүйелі, тұрақты жаттыққан адам аз ауырады, өнеркәсіп жағдайына тез төселеді, алдыға қойған мақсаттарына жетуге тұрақты, қажырлы түрде ұмтылады.
Біз дене тәрбиесі мамандары спортшыларды дайындау жүйесі кезінде, жалпы дене дайындығы негізінде спорт түрлеріне бағытталған арнайы дайындық, ол дайындықтар негізінде сол спорт түрлерінің техникасы жетілдірілетінін білеміз. Мысалы, гимнасшыларға қол, иық бұлшық еттері, тепе-теңдікті ұстай білу, кеңістікте өз денесін дұрыс басқара білу және ептілік, икемділік, күш секілді дене қасиеттері керек болады. Ал жүгіріп келіп жоғарыға секіретін жеңіл атлетика спортшысына бұл қасиеттер негізгі емес, оларға күш жылдамдығы, қимыл үйлесімдігі, аяқтың секіргіш күші қажет. Осындай жағдайды кәсіби-қолданбалы дайындық кезінде қолданамыз. Мысалы, құрылыста жоғарыда құрастыру жұмыстарын істейтін жұмысшыларға қол күші, тепе-теңдікті ұстай білу, батылдық қасиеттерін дамыту қажет. Кен қазушыға (шахтерге) иық және арқа бұлшық еттерінің төзімділігі, ептілік, икемділік, әр түрлі дене қалпында (төрт аяқтап, екі бүктеліп, етпеттеп т.с.с.) қозғала білу қасиеттерін дамыту қажет. Меңгергішті (пультті) басқару маманының жұмысы алдыңғы екі мамандық иелерінен тіпті басқаша болып келеді. Бұл кәсіптің мамандары өздерінің қозғалыстарын дәл, тез, нақты орындауы, қолдарымен үйлесімді қимылдауы, әр қозғалысына зор ықылас сала жұмыс істеуі қажет болады. Осы жоғарыда көрсетілген талаптар бойынша әрбір кәсіптік мамандық иелеріне әр түрлі жаттығулар таңдалып, осы мамандықтарға қажет дене қасиеттері мен қимыл ептіліктері, шеберліктері дамытылуы, дағды жағдайына дейін жетілдірілуі керек болады. Кейбір жұмысшылар, мамандар арасында кәсіптік-қолданбалы дайындықты жалпы дене тәрбиесі арқылы орындауға болады деген пікір қалыптасқан. Ол дұрыс пікір емес. Дене тәрбиесі оның кәсібіне байланысты қолданылуы керек, аяқ киім тігуші – бір түрлі жаттығулар, ұстаға – екінші түрлі жаттығулар, техник маманына – үшінші, нан пісірушіге төртінші түрлі жаттығулар керек.
Кәсіптік-қолданбалы дайындық екі түрде орындалады. Бірінші – жұмыс үрдісі кезінде, екінші – жастарды кәсіби мамандықтарға оқыту кездерінде. Жастарды кәсіби мамандықтарға оқытудың түрі, қазіргі кезде мемлекетімізде кәсіптік-техникалық училищелерде, техникалық колледждерде, ЖОО-да кең қолданылады. Қазіргі 12 жылдық оқыту түрі енгізілетін кезден бастап жалпы білім беретін мектептердің соңғы екі жылында, 11-12-ші сыныптарында осы кәсіптік-қолданбалы дене тәрбиесіне көп көңіл бөлінеді. Оқушыларды шығармашылық жұмыстарға, ізденістерге, өзін-өзі дайындауға үйреткен кезде, соған сай денсаулығын, дене қасиеттерін, қозғалыс шеберлігін дамытпасақ, жетілдірмесек болмайды. 12 жылдық оқу үрдісінің кейінгі екі жылына бағытталған кәсіптік дайындық кезеңінде, сол кәсіпке қажет қозғалыс шеберлігін, дағдысын қалыптастыратын қолданбалы дене тәрбиесіне үлкен мән берген дұрыс.
Қолданбалы дене тәрбиесінің әскери қолданбалы дайындығы да осындай ретте орындалады. Әр түрлі әскер бөлімдеріндегі әскери қызмет кезінде және әскери кәсіпке жастарды дайындайтын әскери училищелер, жоғарғы әскери академияларда да осы әскери қолданбалы дене тәрбиесі дайындығына өте үлкен көңіл бөледі.
Достарыңызбен бөлісу: |