Адамның жан-жақты үйлесімді даму қағидасы дене тәрбиесі жүйесінде екі бағытқа бөлінген: а) дене тәрбиесінің басқа еңбек, ақыл-ой, өнегелік, эстетикалық тәрбиелермен тығыз байланыса отырып, жастарды өнегелікке, тәртіптілікке баулу, зейінділікке, еңбек сүйгіштікті қалыптастыру, адамның көркемдік-әсемдік танымына көп әсерін тигізу; ә) дене тәрбиесінің әр түрлілігі. Жалпы және арнайы дене дайындығы, дене қасиеттерін дамыту, қимылдың ептілігі мен дағдысын меңгеру сияқты дене тәрбиесі үрдісінің әр түрлілігі спортшыларды, жаттығушыларды қызықтырады. Адамның жан-жақты дамуы үшін қимыл шеберлігін меңгерумен бірге барлық дене қасиеттерін дамытуға ұмтылдырады.
Дене тәрбиесі қағидасының еңбек ету және Отан қорғау тәжірибесімен үйлесуі дене тәрбиесінің жеткіншек ұрпақты еңбекке және Отан қорғауға баулитын қолданбалы ерекшелігін көрсетеді. Қазіргі таңдағы азаматтық және әскери мамандық адамның дене қуатының жетілуін талап етеді. Дене тәрбиесі жаттығуларымен айналысу адамның денсаулығын нығайтып, кең көлемде қимыл ептілігі мен дағысын меңгеруге көмектеседі, жұмыс істеуге ынтасын арттырады. Дене тәрбиесі және спортпен айналысқан адамдар игеру кезеңінде, спортпен айналыспаған адамдармен салыстырғанда 1,5-2 есе аз уақыт жұмсайды.
Дене дайындығына, әсіресе, әскерде үлкен мән беріледі. Сарбаздың жауынгерлік қабілеттілігі – оның жылдам жүгіретініне, төтенше жағдайға бейімділігіне, әскери мамандықты тез меңгеруіне т.б. байланысты. Сондықтан жалпы білім беретін мектептерде, кәсіптік-техникалық училищелерде, арнаулы білім беру орындарында жеткіншектерді әскер қатарына шақыруға дейін дайындаған жөн. Әскери мамандықты жақсы игеру үшін жас кезден бастап ептілікке, жылдамдыққа, шыдамдылыққа т.б. тәрбиелеу керек.
Дене тәрбиесінің денсаулықты нығайту қағидасы. Барлық дене тәрбиесі жаттығулары, сабақтары адам денсаулығын нығайтуы тиіс. Бұл сабақтардың нәтижелілігі олардың көлемі мен жаттығудың орындау қарқынына байланысты. Оқытушы өсіп келе жатқан жасөспірім ағзасының биологиялық заңдылықтарын, адамның жас ерекшеліктері мен барлық мүмкіндіктерін білуі керек, педогогикалық тәсілдерді және дәрігерлік бақылауды жақсы меңгеруі қажет. Сонда ғана ол денсаулықты нығайту жолында жемісті жұмыс істей алады.
Достарыңызбен бөлісу: |