2.Табиғат дыбыстарымен байланысты қолданылатын етістіктер: шытырлау, гүрілдеу, сарқырау, сыңғырлау, тарсылдау, тықылдау. Мысалы: Кластағы қыздары шуылдап, ұл балалардың «жынын қағып» өз орындарына отырғызып, тәртіпке келтірген соң, бес-алтауы ұстазханаға келіп: Енді тұра берем дегенде, ақырын ғана есік тықылдады [52,75].
3.Адамның бет-құбылысына, сыртқы көрінісіне байланысты қолданылатын бейнелеу етістіктері:бадыраю, адыраю, аңқаю, көзі алақандай болу. Мысалы: … Жоқ-барды айта жүріп, кейде-кейде мұның бетіне үңіле, бажырая қарап үнсіз қалады. Лима жорта өкпелегенсіп, теріс қарап бұртиды. Көздері бақырайып, жарты жылдай төсек тартып жатқан. Жұртқа қарап бедірейіп тұр. Шашы тікірейіп, төбесінен фонтан атқылады. Қарындасының сондай халге душар болғанына мынау Шара кінәлідей-ақ бұл әйеліне ежірейе қарады. Көздері ежірейіп, бетін тыржитып бұған қарап күледі. Аяқтарын ербеңдетті. Көздері жыпылықтап, мұртының қылшықтарын шайнап, бала орындыққа қайтадан отыра кетті. Сұрғылт көздері қарауытып, қара жалын атты. Қайтадан қабағы түкисіп, лайланып баяу аққан Шыршықтың суына балықшыдай тесіле қарап қалған. Лиманың иегі кемсеңдеді. Ағасы ылғи сөйлейді, інісі – еріндерін жымырып, тістеніп сөйлейді. Содан кейін естілер-естілмес үнмен ернінің ұшын ғана жыбырлатты. Жанәлидің де бала құсап ыржалақтап күле бергенін Лима осы жолы көрді. Лима сыпайы ғана езу тартты. Табиғат көрінісіне байланысты қолданылатын бейнелеу етістіктері: жарқылдау, жайнау, құлпыру, шайқалу, толқу. Мысалы: 1) Түн ортасы ауа, әлгі терезеден бедірейген қызыл көз ай тасаға ауған кезде, маужырап барып, қыз төсекке қайта құлаған, қайтадан әлгі түстің жалғасын көрді. 2) Ал кішкентай ғана кеудесінде лапылдап жатқан өрт, сойқан құбылыс, сойқан қопарылыс өтіп жатқанын жан баласына сездірмейді. Қайнап жатқан қазандағы судай сапырылысады. Кеше ағасымен сөйлескенде бүгін таңертең ағасының жазған қағазын оқығанда миын шаққандай жарқ еткен, «ендеше» деген сөз тағы да келіп, өңешіне қапталды. … Қызылжиде ауылының тіршілігін астан-кестен еткен үлкен жанжалдың алғашқы ұшқындары жарқ-жұрқ ете қалды. Соңғы сөйлемдердегі «жарқ ету, жарқ-жұрқ ету» етістіктері өзінің тура мағынасында емес, яғни табиғат көрінісіне байланыста қолданылмай, ауыспалы мағынада тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |