Географиялық экскурсиялардың түрлерi. Мұғалiмнiң оқу- шылармен бiрге мектептен сырт жерге шығып, сонда бақылау жұмыстарын жүргiзуін экскурсия деп атауға болар едi. Мысалы, мұғалiм балаларды мектептiң ауласына шығарып алып, ескi тас қабырғаны немесе үюлi жатқан тастарды пайдаланып, табиғи өзгерiстi байқаумен шұғылдана алады және географияның әдеттегi сабағының шегiнен аспайды. Бiрақ мектеп ауласында жүргiзiлген мұндай жұмыс экскурсия деп аталмайды. Экскурсия деп мектеп- тен, мектеп ауласынан тыс жерге (мұражайға, зауыттарға, далаға, т.б. жерге) баруды есептейдi. Экскурсияға қажеттi уақыт әрқашан да әдеттегi сабақ кестесiнiң шегiнен асып кетедi.
Экскурсия деген ұғымның өзiн анықтау мақсатымен бiз бiр ғана мысал келтiрейiк. Айталық, бiз серуендеу, таза ауа жұту үшiн және көңiл көтеру үшiн, сонан соң жолшыбай кейбiр географиялық объектiлердi көру үшiн қаладан сыртқа шығып бара жатыр екенбiз. Мiне, бұл экскурсия болмайды, бұл жай се- руендеу немесе географиялық серуендеу болады. Экскурсия деп
бiз оқу жұмысының мектептен сырт шығуға байланысты белгiлi бiр түрiн айтуымыз керек. Сабақ секiлдi экскурсияның да өз тақырыбы, өз жоспары, өз мiндеттерi мен жұмыс әдiстерi бола- ды. Қысқасы, экскурсия – сыныптан тыс жүргiзiлетiн ең маңызды жұмыстардың бiр түрi.
Жоғарыда байқағанымыздай географиялық экскурсиялар жақын жерлiк те, алыс жерлiк те болуы мүмкiн. Жақын жерлiк (мұражайға, қала сыртына) экскурсия көбiнесе бiрнеше сағатқа созылады, алыс экскурсия бiрнеше күнге созылуы мүмкiн. Орта мектептiң төменгi сыныптары үшiн жақын экскурсия қолайлы, сондықтан бiз оған ерекше назар аударамыз.
Экскурсиялық жұмыс әдiстерiнiң түрлерi. Сабақтағы сияқты, экскурсиядағы жұмыс та түрлi әдiстермен жүргiзiледi, сондықтан экскурсиядағы жұмыс әдiсi бiреу ғана болмайды.
Мұғалiм өзiнiң таңдап алған географиялық объектiсiн көрне- кi құрал ретiнде пайдалана отырып, ол туралы айтып шығуына болады. Мысалы, төбенiң үстiнен бiр қыраттың көлбеу беткейi көрiнедi. Беткейден тарайтын сайлар, олардың салалары, сағасы, т.с.с. жақсы көрiнедi. Географ үшiн өте бағалы осы көрiнiс, қасына барса, байқалмаған болар едi. Алыстан қарағанда бiз сол сайлар қыраттың белгiлi беткейiмен байланысты екенiн, сайлар- дан құйылған бос жыныстарды, тiптi, сайлардың адам әрекетiмен байланысты өзгерiстерiн көре аламыз. Сөйтiп, сабақтағыдай, мұнда да әңгiмелеу әдiсi қолданылады.
Сайлар жүйесiн алыстан қарастыра келiп, мұғалiм олардың бiреуiн, барлық тауларымен қоса сызып алыңыз деп тапсырма бере алады. Ондай суреттер оқушылардың көз алдындағы көрiнiстi тереңiрек байқауға оған тән ерекшелiктерiн аңғаруға көмектеседi.
Дәл осындай етiп мұғалiм төбе үстiнен барлық бөлiмдерiмен қоса өзен аңғарын, көлдердi, батпақтарды, ормандарды, төбе- лердi, қыраттарды, шабындықты, селоларды, жолдарды, гидро- станцияларды, зауыт-фабрикаларды, т.с.с. көрсете алады. Демек, объектiнi алыстан қарау, мұғалiмнiң түсiнiк беруi, оқушылардың сурет салуы барлық дерлiк географиялық экскурсияға тән iс бо- лып табылады. Сабақта қолданылатын әдiстерге жақын осы әдiстермен қатар, әсiресе экскурсияға тән басқа да толып жатқан әдiстер бар.
Мұғалiм оқушыны географиялық объектiге жақын апарып, өздiгiнен орындау үшiн тапсырма беруiне болады. Мұндай жұ- мыстардың мысалы ретінде, объектiнi жоспарға түсiру, биiктiгiн, тереңдiгiн, қабаттарының қалыңдығын, температурасын өлшеу, т.с.с. танылады. Кейде, тiптi, мұғалiм зерттеу бағытында жеңiл- желпi тапсырмалар беруiне де болады. Ондай тапсырмаларға жа- татындар: өзеннiң бұрынғы кездегi арнасын, бұрын көл немесе батпақ болған жердi анықтау, ағаш өсiмдiктерiнiң сипатына қарай сайлардың шамалап жастарын анықтау, кейбiр көлдердiң қайдан пайда болғанын, олардың жасын анықтау, әрине, мұның бәрiн анықтау үшiн ап-айқын деректер болуы шарт. Осы айтылғандар- ға қарағанда экскурсияның жұмыс әдiсi әлденеше түрлi бола алатындығы байқалады.
Жұмыста қай әдiстi қолдану керек екендiгi, сабақтағыдай то-
лып жатқан себептерге байланысты болады. Ол экскурсияның тақырыбына, оның өткiзiлетiн орнына, қатысушылардың көптi- гiне, экскурсия жұмысына бөлiнген уақытқа және мұғалiмнiң өз дайындығына қарай бөлiнедi. Экскурсиялық жұмыстың ең қарапайым түрi – мұғалiмнiң оқушыларға объектiнi көрсетуi, ол туралы түсiнiк беруi. Жұмысты жаңа iстей бастаған мұғалiм көбiнесе осы әдiстi пайдаланады. Олай болатын себебi мұға- лiмнiң мұндағы жұмысының, шынында, сыныптағы жұмысынан айырмашылығы болмайды, тек бұл жерде мектепте болатын картина немесе кестелердің орнына ол географиялық нақты объектiлерді пайдаланады. Әрине, суретiн көргеннен гөрi нақты объектiнiң өзiн көрген пайдалырақ екендiгiнде дау жоқ. Бiрақ экс- курсияда жұмыстың бұл әдiсiне әуестенiп кетуге болмайды.
Бұл әдiске әуестенуге болмайтыны, бiрiншiден, оқушылар
енжарлыққа дағдыланып кетедi. Егер балалардың алдына мiндет- тер қойып, мәселенi олардың өздерiнiң қатынасымен шешiп отырмасақ, балалар өздерi көрiп бiлуге, заттар мен құбылыстар арасындағы себептi тәуелдiлiктi таба бiлуге үйрене алмайды. Ал бұл өте қауіпті жағдай. Баяндап айтып бере берудiң екiншi бiр зияндылығы сол, мұғалiмнiң өзi де экскурсияның маңызын төмендетiп жiбередi.
Алғашқы тәжiрибесiнде мұғалім студент болып жүрген жыл- дарын есiне түсiредi. Әлi жас, тәжiрибесi аз экскурсияшы табиғат
көрiнiстерiн, жақсы көретiндiгiнен кез келген объектiге тоқта- лып, ұзақ әңгiмеге салынып, қарастырып отырған объектiден алыстайды. Мұғалiм қызық әңгiме айтқанда оқушылар барлық ынтасымен тыңдап отырады да, сондықтан сабақ көңiлдегiдей өтiп жатқандай көрiнедi. Дұрысында, бұл атымен экскурсиялық жұмыс болмай шығады. Ондай әңгiменi сыныпта да әдемiлеп, тiптi экскурсия кездегiден де қызықты етiп айтып беруге болады. Амал қанша, ондай қатенiң басқа экскурсияшыларда да және тек жұмысты жаңа iстей бастағандарда ғана емес, тiптi, өздерiн тәжiрибелi қызметкерлермiз деп санайтын мұғалiмдерде де бо- латынын бiледi. Мiне, ең алдымен, осы негiзгi қатеден сақтану керектiгiн ескертемiз. Оқушылар әңгiменiң қарамағына оп-оңай iлiнедi де оны өте жақсы тыңдайтын болады. Бiрақ өздiгiнен
көрiп, көргендi талдап түсiнудi үйрене алмайды.
Әдетте, мектептiң үйреншiктi жабық сыныбында отырғанда балаларды алаң қыларлық себеп те кем, сондықтан балалар қайткенде де мұғалiмнiң айтқанын тыңдап отыруына тура келедi. Экскурсияда iс жағдайы өзгередi. Жаңа жағдайда, шексiз кең далада, аспанның күмбезi астында шырылдаған бозторғайлар, ұшқан көбелектер – бәрi де оқушыларға күштi әсер етедi. Әрине, бiраздан кейiн балалар тыңдауды қояды. Егер мұғалiм олар- ды зорлап тыңдатпақ болса, ол қателiк болып шығады. Сыртқы әсердiң соншалық күштi болатындығынан балалар мұғалiмдi бәрiбiр тыңдамаған болар едi. Мiне, сондықтан әңгiмеге әуес- тенуге болмайды. Бiр объектiнi қарастырып тұрғанда 5-6 сынып оқушыларына 5-7 минуттан артық сөз сөйлемеу керек екенiн тәжiрибе көрсеттi. Байқап тұрған мұғалiм кейiнгi қатардағылар- дың ішiнде бiлдiрмей есiнеп тұрғандар да, ойнап тұрғандар да бар екенiн көре бастайды. Бұл жақсы емес. Мұндай жағдайда әңгiменi неғұрлым тез тоқтатып, уақытты өткiзiп алмай, оқушыларға басқа бiр жұмыс беру керек екендiгiн көрсетедi.
Географиялық объектiнi көрсетiп тұрып түсiнiк беру – экскур-
сиялық жұмыстың ең қарапайым түрi. Әдетте, жас мұғалiм жұмысты осыдан бастайды, бiрақ оған ұзақ тоқталмау керек.
Кейде рас бұл әдiстi кеңiнен қолдануға тура келедi. Мұғалiм мен оқушылар бiр өте қызықты (географиялық жағынан) жерде болып, экскурсияның уақыты аз болса, солай етуге тура келедi.
Мысалы, алыс бiр экскурсияға барғанда бiз бiрнеше сағатқа тоқтасақ, ол жерде объектiлер көп және қызықты болып шық- са, мiне мұндайда, уақыт үнемдеу мақсатымен, мұғалiм көбiнесе объектiлердi көрсетiп, өзi түсiндiрiп айтатын болады. Оқушы- ларға өздiгiнен толық танысып шығуына жол бермейдi. Мұндайда экскурсанттар қатты шаршайтынын да айта кету керек. Осындай ерекше жағдайда да мұғалiм шектен шығып кетпеуi керек. Әйт- песе экскурсияның басқа кезеңдерiне мұның зияны тиюi сөзсiз.
Экскурсия жұмысының ендiгi әдiстерiнiң бiрi – мұғалiмнiң тапсыруы бойынша оқушылардың өздiгiнен байқау жұмысын жүргiзуi. Өзiмiздiң бiрiншi мысалымызға қайта оралайық. Мұғалiм оқушылармен бiрге биiк жерде тұрып оның жанындағы қыраттың сай-сай болып тiлiнiп жатқан беткейiн қарап тұр. Бiз жоғарыда мұғалiм сол жерде тұрып әңгiме түрiнде түсiнiк те бере алады, тапсырмалар да бере алады дегенбiз. Ол тапсырмалар мы- надай болуы мүмкiн:
Бiр сайды таңдап алып, оны төменнен жоғары қарай қарап шығыңдар.
Өздерiң таңдап алған сайдың неше саласы (тарауы) бар екенiн санап шығыңдар.
Сайдың қай жағында саласы көп?
Таңдап алған сайдың барлық салаларымен қоса суретiн са- лып алыңдар.
Немесе
Беткейде өздерiнің бөлек салалары бар iрi сайлар қанша екенiн санаңдар.
Беткейдегi сайлардың немесе салалардың ертеректе пайда болғандары қайсысы, кейiнiрек пайда болғаны қайсысы.
Бұл сайлардан шыққан жыныстар қайда кетуi мүмкiн?
Егер бiз объектiге жақын тұрған болсақ, онда сұрақтар мен тапсырмалардың саны көбеюi, мазмұны түрлiше болуы мүмкiн.
Алдымызда бiр кiшiрек көл жатсын. Мұғалiм тапсырмалар бередi: көлдiң ұзындығын, енiн өлшеңдер, оны жоспарға түсi- рiңдер, суының түсiн, дәмiн, иiсiн, температурасын анықтаңдар. Көл түбiнiң топырақтары қандай екенiн, солардың түрлерiн жиыңдар, одан газ көпiршiктерi шығып жатқан жоқ па екен, көлде өсiмдiк бар ма екен, ол қандай өсiмдiктер және қай жерiнде, т.с.с.
Егер бiздiң алдымызда жыныс қабаттары жақсы көрiнiп жат- қан тiк жар болса, мұғалiм мынадай тапсырмалар бередi: қабат- тар жақсы көрiне ме, олар қай жыныстан, қалай орналасқан, олар- дың қалыңдығы қандай, т.с.с. Ол тапсырмалардың нәтижесiнде жардың жыныс қабаттары көрсетiлген суретi және қабаттардың қалыңдығын көрсететiн сандар келiп шыққан болар едi.
Оқушыларға қойылатын сұрақ санымен шектелмейді, бiрақ мұғалiм оқушылардың шама-шарқымен санасуы керек. Егер мы- сал үшiн 10-12 сұрақты шешу керек болса, онда мұғалiм тапсыр- маларды балаларға топ-топ бойынша бөлiп бередi. Әрбiр топқа берiлген тапсырманың саны 3, 4-тен артық болмайды. Қағазға көлдiң планын түсiру секiлдi тапсырма көп еңбек етудi қажет етеді. Осындай бiр тапсырманы орындауға кететiн уақыт басқа тапсырмалардың 3, 4-еуiн орындауға жұмсалатын уақытты ала- ды. Мұғалiм экскурсияға дайындалғанда, осылардың бәрiн еске алып, жұмысты топтап арасында тең бөлуi керек.
Тапсырмалардың бәрi орындалып, жұмыс нәтижелерi жинақ- талған соң мұғалiм оқушыларды жинап алып, олардың жұмыс нәтижелерi туралы қысқаша есептi баяндамасын тыңдайды. Баян- даманы әрбiр топтың өкiлдерi жасайды. Әрбiр баяндамада iстелген жұмыс және одан алынған нәтиже туралы айтылады. Жиналған коллекциялар да сол жерде газет үстiне әкелiп қойылады.
Мұғалiм әрбiр топтың жұмыс нәтижесiмен олардың «баянда- ма» iстеуiнен бұрын танысып, дұрыстап баяндама жоспарлаула- рына көмектесiп, топтардың жиналуын реттеуге мiндеттi. Жұмыс осы жағдайда жүргiзiлсе ғана, ол қызықты және бағалы бола- ды. Өзiнiң ескертуi, түзетуi, қосымшасы болса, мұғалiм оларды сол баяндама уақытында iстейдi, ақырында жүргiзген жұмыс негiзiнде шешiлетiн жалпы мәселенi анықтап бередi.
Экскурсияның үшiншi және жоғары түрi – онша қиындығы жоқ географиялық тапсырмаларды мұғалiмнiң басшылығымен оқушылардың өздерiнiң орындауы. Ондай тапсырмалар, мысалы, мынадай болуы мүмкiн:
Өзеннiң бұрынғы арнасының орнын анықтау.
Көлдiң мөлшерлi жасын анықтау.
Сайлардың мөлшерлi жастарын (өсiмдiк және басқа белгi- лерi бойынша) анықтау.
т.б.
Көлдердiң қайдан пайда болғаны туралы мәселенi шешу.
Жазықтардың қайдан пайда болғаны туралы мәселенi шешу.
Қыраттардың қайдан пайда болғаны туралы мәселенi шешу,
Әрине, мұндай тапсырмалар оқушыларда жеткiлiктi тәжiрибе
болса және байқалатын объектiлерде анық сипаттамалар көрiнiп тұрған болса ғана берiледi.
Достарыңызбен бөлісу: |