Қазақ жеріндегі су кӨздерін сипаттайтын егін шаруашылығына
қатысты географиялық атаулар мен этномаркерлер
В статье исследуется этимология географических названий, характеризующих водные источники и земледелие Южно-Казахстанского региона.
The article concerns the etymological investigation of geographical terms of south Kazakhstan agriculture. The author came to the conclusion, showing with own point of view with the consideration of foreign, Russian and Kazakh researcher.
Ұлттық топонимия этникалық мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылады, онда этностың тарихы, салт-дәстүрі, наным-сенімі, шаруашылығы мен тіршілік тынысы жайында аса бағалы мәліметтер болады. Міне, мұндай ерекшелікті молынан сақтап келген қазақ жеріндегі топонимика лексикасында зерттеуді қажет ететін сыры ашылмаған қатпарлар аз емес. Зерттеу объектісі ретінде алынып отырған қазақ жері көшпелі және отырықшы мәдениеттің көнеден келе жатқан ерекше бір көзі іспетті. Орта Азияның егін еккен жазирасы мен Дешті Қыпшақтың мал өсірген сахарасы аралығында орын тепкен Қазақстан малшылар мен егіншілердің экономикалық, мәдени жағынан бірін-бірі байытқан көшпелi мәдениет пен отырықшы мәдениеттің мекені болды.
Тарихи мәліметтерге жүгінсек, қазақ жерінде кәсіп саласының негізгі үш түрі болған. Олар: сай-салалар мен тау баурайларындағы жартылай отырықшылыққа негізделген малшылық пен егіншілік, шөл-шөлейт, далалы-таулы жердегі көшпелі және жартылай көшпелі малшылық1. Жоғарыдағы ғылыми деректерге сүйенсек, қазақ халқы арасында таза көшпелілер болмағандығы айғақталады. Бұған дәлел — қазақ қоғамындағы егін шаруашылығына қатысты қалыптасқан географиялық атаулар мен терминдер топтамасы. Алайда қазақ халқының тұрмыс-салтын сипаттағанда, алдымен, қазақ жеріне егіншілік мәдениетінің келуін орыс шаруаларының жер аударып, қоныстауымен байланыстырып, «қазақтар негізінен мал жағдайына байланысты суы мол, шөбі шүйгін, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүрген» деген пікірлерді жиі кездестіреміз. Дегенмен, Еуразия аймағында алғашқы егіншілік белгілері палеолит дәуірінде белең алып, оның бұдан Х–VІІІ мың жыл бұрын жануарларды қолға үйретумен бір мезгілде пайда болып дамығаны туралы тарихнамада тарихи үрдіс өзінің ғылыми шешімін біршама тапқандай2. Сондықтан қазақ халқының өткен өмір жолын айғақтайтын археологиялық қазбалар мен тарихи деректер бұл сияқты біржақты пікірлердің бұрыс көзқарас екенін, яғни қазақтардың да тарихи қалыптасқан өз алдына дәстүрлі шаруашылық кәсібі — мал шаруашылығымен қатар, егін шаруашылығы болғанын, дәлелдейді3.
Қазақ халқының егін шаруашылығы жөнінде ХІХ ғасырда жазылған ғылыми еңбектерде қарастырылған мәселе осы күнге дейін өз құндылықтарын жойған жоқ. Солардың ішіндегі елеулiлері Г.Н.Потанин, В.В.Бартольд, А.И.Левшин, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Х.Қостанбаев т.б. еңбектері болып табылады. Сондай-ақ Ш.Уәлихановтың ғылыми жазбаларында қазақ даласының егіншілік шаруашылығы жөнінде төмендегідей мағлұматтар береді: «Ұлы жүзде көбінесе сүт жоқ кезде тары егеді. Бидай егуді жақында қытайлар енгізді, бірақ біраз уақыттан бері қазақтың ауқаттылары өздеріне жететіндей етіп бидай егетін болды... Бүкіл өсірген өнімнен қалған шикі сөкті (тары) жерге көмеді. Тары қыс бойы жер астында сақталады немесе қыста қажет болған жағдайға дейін жатады»4.
Қазақстан территориясында сонау көне дәуірдің кезінде-ақ суармалы егіншілік алқаптарының болғаны жайында дерек беретін ғылыми қолжазбалар аса мол. Шаруашылықтың көшпелі және отырықты түрлері мен көшпелі, отырықты өмір салтының бір-бірімен ұласып жататын көптеген сатыдан тұратыны ортаазиялық этнографтар мен географтардың зерттеулерінде дәлелдене түсті. Мәселен, В.П.Курылев: «... қырғыздар мен қазақтарда (әдетте дала мен тауды мекендеген бұл халықтарға малшылық ғана тән деп қарайтын көзқарас көп кездеседі) ХІХ ғасырда негізгі үш типі болған: көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшылық. Шаруашылықтың соңғы түрі Қазақстанның оңтүстік өңірінде интенсивті егіншілікпен үйлестіріле жүргізілген», — деп жазды5.
Осыған орай Оңтүстік Қазақстан территориясында суармалы жерлердің болғанын ешкім теріске шығара алмаса керек, оған дәлел ретінде егін шаруашылығына қатысты су көздерін сипаттайтын төмендегідей этномаркерлерге тоқтала кетуді жөн санадық: арық — суландыру жүйесіндегі шағын су жолы; тоған — су жинап алатын бөгет, тоспа; тұма — кішірек бастау, бұлақ; бөгет — өзен суын тоқтату үшін жасалатын бөгеу, тосқауыл; кәріз — жер асты суларын жер бетіне шығарып, су жүргізу үшін көлбей қазылған арық, канал; атыз — суаратын егіс танабының шахмат түрінде жасалған көрінісі; жап — егістікке су жіберу үшін екі жиегіне топырақ үйілген жіңішке арық; танап — пайдалануға жарамды жердің белгілі бір бөлігі; арна — өзен суы ағатын жер; дуал — көктемгі еріген қар суларын, жаңбыр суларын тоқтату үшін қолданылатын қоршау; шүй — өңделмей, жыртылмай, тұқым себілмей қалған жер; салма — егінге су жіберетін арық; жоя — қауын-қарбыз егетін жер; қамба, алқап, өңір, тілкем, жолақ, шалғын т.б.
Ортағасырлық жазба еңбектерден су шаруашылығына байланысты көптеген атаулар мен деректерді келтіруге болады. Оңтүстік Қазақстанның егіншілік пен агросуландыру жүйесі туралы аса мол тарихи-этнографиялық әрі топонимикалық материалдар Н.Дингельштедттің «Опыт изучения ирригации Туркестанского края, Сыр-Дарьинской области». — Т. І. — СПб., 1893–1895, деген кітабында, сондай-ақ «Материалы по киргизскому землепользованию района реки Чу и низовьев реки Талас Черняевского и Аулиеатинского уездов Сыр-Дарьинской области». — Ташкент, 1915; «Хозяйственный быт киргизского, сартовского и русского населения Юго-восточной части Шымкентского уезда Сыр-Дарьинской области». — Т. І. — Ташкент, 1910, деген Шымкент уезін зерттеудің нәтижесі болып есептелетін қоныс аударушылар басқармасының басылымдарында кездеседі. Оңтүстік Қазақстан этнографиялық топонимдерін зерттеуде бұл еңбектердің мәні орасан зор.
Егіншілікпен байланысты топонимдерде әсіресе арық этномаркері жиі кездеседі. Мұндай топонимдер, бір жағынан, суару каналдарының, екінші жағынан — елді мекендердің, жергілікті жерлердің, алқаптардың атауы болып жұмсалады. Арық-суландыру жүйесіндегі су жолы, суару каналы әсіресе шығыс елдерінде кең тараған. Оңтүстік Қазақстанның суару жүйесінде арық туралы этномаркерлердің кеңірек тарағандығына атыз арық, бау арық, қазына арық, қауын арық тәрізді терминдер дәлел бола алады. Э.М.Мурзаев бұл терминге аса мол параллельдер келтіре отырып, «ағу», «іркілу» деген мағынаны білдіретін ар түбірімен төркіндес деп қарайды: көне түркі агди — тау аңғары, арасын сай бөліп жатқан тау; түрік диал. армаақ — бұлақ, бастау, ағын су; монғ. аруг — суару каналы, араг — суы тартылып қалған арна; арк — ор; эвенк. ари — саға, канал; хет. ачпа — шек-ара, аралық, жерді каналмен бөлу, ars — ату; парсы. арк — суаратын канал деген мағыналарын көрсетеді6.
Оңтүстік Қазақстанның диалектикалық лексикасында және ішінара топонимдерде жап, кішкене арық, жіңішке арық деген этномаркер кездесіп отырады. Бұл атауды иран тілдеріндегі аб — су сөзімен салыстыруға болады. Э.М.Мурзаевтың көрсетуінше, иран тілдеріндегі аб, об сөзі өзінің негізгі мағынасынан басқа бұлақ, жылға кейде көл және канал тәрізді географиялық атауларды білдіреді. Мәселен, Мары алқабында және Хорезм жерінде яб, оп суару дегенді аңғартады дей келіп, ғалым Орта Азияның байырғы егіншілік алқаптарында, тіпті қазірдің өзінде түркі тектес тұрғындар тұратын жерлерде суармалы шаруашылыққа жататын терминдер, негізінен, иран тілдерінен келген ауыс-түйіске жататынын атап өтеді6.
Егіншілікке, суару жүйесіне тән едәуір терминдердің иран тілдеріне тән ауыс-түйіс екені, сөз жоқ, түркі және иран тілдес халықтардың тілдік және мәдени байланысының тым көне заманда жатқанын, Оңтүстік Қазақстан территориясында егіншілік мәдениеттің өзара тығыз астасып жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ кяриз, кериз этномаркері де иран тілінен енген деп танылады. В.И.Савинаның сөздігінде иран топонимдерін құрайтын кяриз, кериз, кехриз, кягриз, карез, кахрез, кариз, кенат, шериз терминдердің көне заманынан келе жатқанын, суару жүйесі құрылыстарының атаулары болып жұмсалатыны көрсетілген. Бұл терминдер жер астындағы суару каналы, жер астындағы су жинайтын галерея деп көрсетілген. Аталған терминдермен жасалған Иранның 25 географиялық атауы берілген7. Бұл сөзді көптеген халықтың географиясында қолданылатын терминдердің бірі деп қарастырған жөн. Бұған қоса айтарымыз «кериз» термині қолданылатын аймақтарда суарудың керіз жүйесі кеңінен өрістеген. Суарудың осы аталған түрі көне дәуірден бері егіншілікпен айналысқан иран тілдес халықтардан түркі тілдес халықтарға мирас болып, басқа да халықтарға кеңінен тараған. Бұған Сырдария, Ташкент, Орта Азияның кейбір жерлерінде, Түркістан өңірінде кездесетін суару каналдары мен жер асты су жинайтын керіз жүйесі дәлел бола алады. Егін шаруашылығымен шұғылдану Оңтүстік Қазақстанда ғана емес, Орталық Қазақстанды мекендеген тайпалар өмірінде орта ғасырдан болғаны тарихи деректен белгілі. Олардың Сарысу, Ұлытау, Торғай, Есіл атыраптарында егін салып, көбіне арпа мен тары еккендігін, сол жерлерден табылған археологтар аршыған көне арықтар толық дәлел бола алады8. Сөйтіп, жер шаруашылығы мал бағып, ен далада көшіп-қонып жүрген елдің қосалқа тіршілігіне айналған. Осы кәсіп кейінгі кезде кең етек алып, бүгінгі күндері ерекше дамып, ең жоғары сатыға жетіп отыр. Жер шаруашылығының өркендеуі ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жатақтардың келуімен тікелей байланысты болды.
Тарихи деректер бойынша, 1980 ж. Көкшетау округінде — 560, Баянауылда — 132, Ақмолада — 560, Атбасар округінде — 57 жермен шұғылданушы шаруа орналасқан9. Бұл кезеңге дейін, дәлірек айтсақ, орта ғасырда, одан арғы уақыттарда арықтар мен суару каналдары өте көп болғанымен, суалу каналдарының еш уақытта жасалмау салдарынан карталарда өте сирек кездеседі. Тіпті Қазақстан өңіріндегі ХІV ғ. егіншілік алқаптары болғанымен, географиялық және геологиялық жазбаларда қолдан жасалған арықтар аттары аз аталады. 1889–1890 жж. Н.Дингельштедт суару жүйесі жөнінде жауапты адамдардан, мұрабтардан, арық ақсақалдарынан сұрастырып мәліметтер жинап жүйеге түсірген. Шымкент уезі бойынша 180-нен аса су көздерін картаға түсіргенін айта келіп, осы аймақта суару жүйесі екі тарауға төмендегіше: «... бірінші Бадамь, Донгузлау, Бургулекь, Лянгарь, Тугуш және Кочкарата, екінші Сайрамь-су, Кошкарсу және Янгакты», — деп бөледі, ары қарай өзен бойындағы қолдан жасалған арықтарды тармақтап көрсетеді10.
Осындағы Н.Дингельштедт келтірген барлық атауларды үлкен екі топқа бөлуге болады: біріншісі табиғи су көздерінің атаулары, өзендер мен олардың тармақтары, екіншісі адам қолымен жасалған антропогендік су объектілері, яғни арықтар мен суару каналдарының атаулары. Гидронимдердің қай тобының болмасын ат қою мотивтері мейлінше әр алуан, бірақ жасанды гидрообъектілердің атауларында көп дәрежеде адам мен ру аттары қатысады. «Бұл жердегілердің бәрі арық жасаушыларды ерекше құрметтейді және әрбір қазақ руы олардың аттарын біледі әрі ұмытпайды. Жергілікті әкімшіліктің хабарлауынша, Арыстанды болысындағы он үш арықты Таза және Бақай деген қарапайым қазақтар жасаған»10.
Аталған өңірде Ақтөбе болысындағы он алты арық 200 жыл болғанына қарамастан, әлі маңызын жоймаған, арық құрылысын жүргізген адамдардың аттары түгелімен сақталған. Мысалы, Қасқа — Бода, Нұр — Қале, Тілеуберді, Байдалы, Джанбай, Тюрабай, Фучабай, Хурус, Джары, Көкбарасы, Исемкул, Кисик, Тулан, Курумбай, Джубасар, Тулеген. Кейбір арықтар өздерін салушылар емес, осы гидротехникалық құрылыстарды иемденуші немесе салдырушы ірі байлар мен билік иелерінің атымен де аталатынын айтқан жөн.
Осылайша, Батырбек-датханың (датха — қоқандық басқару жүйесіндегі ірі билік әкімшілік иесі) жарлығымен өткен ғасырда Майлыкент болысындағы Келтемашат өзенінің үстіңгі жағынан арық қазылған. Бірақ қазылған арнамен су жүрмей кейіннен бұл арықтың жұмысы тоқтап, шаңы шыққан жарамсыз арықтың арнасын Бұрыңғы Батырбек арық атап кеткен (Әуелбек Керімбаев қарияның мәліметі). Сондай-ақ Шадман арық атымен аталатын жарамсыз арық туралы хабарлай келе Н.Дингельштедт: «Аяқкөл көлінен басталатын бұл арық үлкен арықты осыдан 60 жыл (шамамен 1830 жылдары) бұрын Шадман-датха деген адам салғызған», — дейді10.
Бірқатар арықтар рулар мен олардың ішкі тармақтарының атымен аталады: Күркар — арыкь, Көкірек — Сихым атасының ішкі ру аты; Чель — Мамбеть — арыкь, Шілменбет — Дулат руының бір тармағы; Ходжабекь — арыкь, Қожабек — Жаныс руының бір атасы; Утемис — арыкь, Өтеміс — Ұлы жүз құрамына кіретін ру аты; Бугажелы — арыкь, Бөгежіл — Жаныс руының бір тармағы т.б. Арық аттарын бұлайша атау егіншілікпен айналысатын халықтардың рулық қауым үлгісінде болып, белгілі бір арықтан су алуға құқықтарының болатындығын, рулық немесе патронимдік үлгіде болғандығының куәсі. Қазақтардың көші-қон кезінде тайпа, руларға бөлінуі, бірге көшіп, бірге қоныстануының әсерін суармалы егін шаруашылығы кезінде, суды пайдалану кезінде де этнотерриториялық бөлінуге әкеп соққанын байқауға болады.
Түркістан қаласының, оның маңындағы Иқан, Қарнақ, Бабай қорған елді мекендерінде өзбек ағайындар басым қоныс аударғандықтан, патронимдік арық атаулары сирек кездеседі, керісінше, Қазығұрт пен Майлыкент болыстарындағы Ұлы жүздің Сиқым, Жаныс, Дулат рулары қоныстанған жерлерде арық атауларының басым көпшілігі ру, ру тармақтары атымен аталады. Бұрынғы Қазығұрт, Майлыкент болыстарында, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби, Түлкібас аудандары территориясында әлі күнге дейін жоғарыда көрсетілген рулар мен ру тармақтарының өкілдері мекен етеді.
Н.Дингельштедттің мәлімдемесі бойынша, Шымкент қаласы маңында үлкен екі арық пайдаланылған. Оның біріншісі — Ходжа-арық алдымен қаланың орыстар қоныстанған бөлігін суарып, содан кейін жергілікті халық тұратын бөлігіне барады, ал, екіншісі — Новый-арық, су деңгейін көтеретін ерекше салынған су бөгетінің көмегімен жасалған жасанды көлден шығады да, бұл арықтан орыс қаласының бүкіл жоғарғы бөлігі және жоғарыда аталған питомник су ішеді. Алғашқы арықтың атауы Ходжа-арық ХІ ғ. Орта Азия аймағынан Оңтүстік Қазақстанға сіңісе енген ортағасырлық арабтардың ұрпақтары қожалардың қалада тұрғандығын дәлелдейді. Шамасы қожалардың белгілі бір бөлігі Шымкент қаласында қоныстанған, аймақтық бірлікте болған болуы керек. Шығу тегі жағынан түркілік (қазақ және өзбек) арық атауларының ішінен Шымкент қаласындағы Новый-арық және Бадам өзенінен бөлінетін оң жағалаудағы Судья-арық деп аталатын екі орыс атауы айырықша бөлініп тұр. Бұл атаулар Шымкент уезіндегі орыс отаршылдарының әсері болып табылады.
Егін шаруашылығына қатысты су көздерін сипаттайтын этномаркерлердің кездесуі олардың сипатынан хабар бере отырып, шаруашылыққа пайдалану мүмкіншіліктері топонимдерде де көрініс тапқан. Мысалы, Егінді — мекен, елді мекен аттары, Ақтөбе, Павлодар, Талдықорған облыстары; Қызылегіс — Зеренді ауданы, Көкшетау облысы; Қараегін — елді мекен, Қорғалжын ауданы, Ақтөбе облысы; Егіндібұлақ — елді мекен, Нұра ауданы, Қарағанды облысы; Қырман — Ұлытаудағы мекен аты, Жезқазған облысы; Тоғанды — елді мекен аттары, Алматы, Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан облыстары; Арнасай — елді мекен аты, Оңтүстік Қазақстан облысы т.б. Егін, жер шаруашылығымен байланысты топонимдер Орталық Қазақстанда тың жерді игеруге орай көптеп қойылып отырған. Ондай топонимдердің басым тобы кезінде орыс, украин т.б. тілдерден енген.
Сонымен, түркі мәдениетінен бергі кезеңге дейін жеткен су көздерін сипаттайтын егін шаруашылығына қатысты атаулар түркі тектес халықтар тілінде лингвистикалық сипаты бар сөздер мен атаулардың түзілуіне себепкер болғаны айқындалды. Халық мәдениетінің қарым-қатынасы қоғамдық еңбек нәтижесінен әлеуметтік таным бірлігі арасында өзіндік сипатқа ие болады. Қай халықтың болмасын ұлттық мәдени белгілері тіл арқылы әлеуметтік сипатқа ие болып, этностың географиялық атаулары мен маркерлерін қалыптастыратыны байқалады.
Әдебиеттер тізімі
-
Чебоксаров Н.Н., Чебоксарова И.В. Народы и расы, культуры. — М.: Наука, 1985. — С.181.
-
Массон А.Н. Средний и Древний Восток. — М.-Л., 1964. — С. 117.
-
Вайнштейн С.И. Мир кочевников центра Азии. — М.: Наука, 1991. — С. 106.
-
Уәлиханов Ш. Таңдамалы. — Алматы: Жазушы, 1985. — 96-б.
-
Курылев В.П. Опыт типологии скотоводческого хозяйства казахов (вторая половина ХІХ — нач. ХХ вв.). Проблемы типологии в этнографии. — М.: Наука, 1979. — С. 166–171.
-
Мурзаев Э.М. Словарь народных географических терминов. — М., 1984. — С. 58, 400.
-
Савина В.А. Словарь географических терминов и других слов, формирующих топонимию Ирана. — М., 1971. — С. 104.
-
Маргулан А.Х. Третий сезон археологической работы в Центральном Казахстане // Изв. АН КазССР. Сер. археол. — 1951. — Вып. 3. — С. 38.
-
Красовский М. Область сибирских киргизов // Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами Генерального штаба. — СПб., 1868. — С. 79.
-
Дингельштедт Н. Опыт изучения ирригации Туркестанского края. — СПб., 1893–1895. — Т. 1. — С. 87–98.
ӘОЖ 316.74:80:811.512, 122
Ә.Қ.Шадыкенов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Экзотикалық лексика тарихынан
Автор дает собственное определение понятия экзотизмов, исходя из общепринятого в лингвистике. Истолковываются значения тех экзотизмов, которые свойственны природе, жизни и культуре казахского народа.
The article about words, which have been opened character of Kazakh society and could been only Kazakh «realies». The author had been told about opinions of many linguist about «exotical lexic» and had been tried to open this problem himself.
Тіл — қыр-сыры мол, күрделі құбылыс. Тілдің табиғатын танып білу үшін оның басты қасиетін айқындап алудың маңызы айрықша. Тілдің табиғатын айқындайтын ең басты қасиеті делініп, әдетте, оның қатынас құралы болу қызметі аталады. Тіл — адам баласы қоғамында қатынас құралы, сөйлесіп, пікір алмасудың құралы ретінде пайда болады1. Тарихта мұндай ұжым алғашында ру, тайпа түрінде, кейінде халық тілі, ұлт болып өмір сүрді, осыған орай ру тілі, тайпа тілі, халық тілі болды. Қоғамдар ұжымына — мейлі ол ру немесе тайпа болсын, халық немесе ұлт болсын — осылардың бәріне де тіл қатынас құралы ретінде қызмет атқарды, оның табиғат мәнін айқындайтын басты қасиеті.
Тіл мен қоғамның өзара тығыз байланысы — екіжақты байланыс. Біріншіден, тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Тіл жоқ жерде адамдардың бірлесіп еңбек етуі, қоғамдық өндірісті ұйымдастыруы, оны дамытуы мүмкін емес. Демек, тіл қоғамның өмір сүруі, адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін қатынас құралы, пікір алысудың құралы ретінде қажет. Тіл — адам баласы қоғамының өмір сүруінің және дамуының қажетті шарты. Екіншіден, тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғам тілдің өмір сүруі үшін, адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін қаншалық қажет болса, тілдің өмір сүруі үшін қоғам соншалықты қажет.
Халық тілінің айқын да тұнық тереңінде туған елдің жалғыз табиғаты ғана емес, сонымен бірге халықтың рухани өмірінің бүкіл тарихы көрінеді. Тілдің басқа қоғамдық құбылыстардан айырмасын көрсететін айырықша ерекшелігі мынада: тіл қоғамға қызмет еткенде, адамдардың қатынас құралы, пікір алысу құралы, бірін-бірі түсіну құралы ретінде адамдардың ісі мен әрекетінің барлық саласында да, қоғамдық өмір мен күнделікті тұрмыста да бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құрал ретінде қызмет етеді. Демек, тіл адамның ісі мен әрекетінің барлық саласын қамтиды, осыған орай оның қимыл өрісі өте кең және әр жақты болады. Тілдің бұл ерекшелігі оның ең басты қызметі — қатынас құралы болуынан келіп туады.
Қай елдің тілі болса да, дамудың белгілі сатысында басынан кешіретін әмбебап қағидалары болатыны белгілі. Солардың бірі — тіл мен өркениет арасындағы идентификация, яғни тілдің дамуы мен қоғам дамуының сәйкес келіп отыруы. Мәселен, ежелгі гректер күрделі сөздерді қолдануға үйір болған екен. Римдіктер, керісінше, бұл тұрғыда қатандық сақтаған. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: гректер өнермен айналысуға, римдіктер болса, практикалық қызметке үйірлік танытты. Екеуінің арасындағы айырма мынада — өнер күрделі сөздерді талап етеді, қарапайым өмірде қарапайым сөздер қолайлы2.
Халық қоғамдық прогресс сатысының төменгі баспалдақтарының бірінде тұрса, оның тілінде жалпы және тектік ұғымдар аз, арнаулы атаулар көп болады. Эскимос тілінде батысқа қарай жүзіп бара жатқан моржды аргуах, солтүстікке қарай жүзіп бара жатқан моржды каврык, әр бағытқа жүзіп жүрген моржды акылюграк, қоректенуші моржды эһык, ұйқыдағы моржды кавалыграх дейді екен. Егер де эскимостардың күнкөрісіне, тар кәсіптік қызметіне байланысты сөздеріне қарап отырсақ, өзге тілдердің ешқайсысында кездеспейтін «байлықты» көрер едік.
Х.Г.Гадамер: «Түйені, бұл жануардың шөл даланың тұрғындарына қатысты алып айтқанда, екі жүз түрлі сөздермен атайтын Африка тілі бар. Аталған қатынастарда сақталатын сөздің басым мағынасына орай, түйе біздің алдымызға әрқашан басқа қырынан көрініп отырады», — дейді. Ал В. фон Гумбольд мұндай құбылыстарды былай түсіндіреді: «... сөз сезіммен қабылданатын нәрсенің баламасы (эквиваленті) емес, сөз жасаудың нақты мезетінде сөзтудырушы акт арқылы санада тұшынылғанның баламасы. Бір затты, құбылысты көп сөздермен айтудың басты қайнары дәл осында; осылай, пілді біресе екі рет су ішуші, біресе қостісті, енді бірде жалғызқолды деп, әр жағдайда бір ғана нәрсені айтатын санскритте, үш сөзбен үш түрлі ұғым беріледі». Осы жерде айта кететін бір жайт, белгілі зат, құбылыстың түрліше аталуы олардың бойындағы жеке қасиеттеріне, сол халықтың сана сезімі мен қабылдауына байланысты. Мәселен, жоғарыда келтірілген пілдің кейде «жалғызқолды» деп айтылуы оның тұмсығына (хобот) байланысты, себебі піл барлық әрекеттерін тұмсығы арқылы жасайтыны баршаға белгілі. Ал, орыс тіліндегі «хобот» сөзінің қазақ тіліне «пілдің тұмсығы» деп аударылуы қалай? Әлде бұл сөзге қазақ тілінде балама бермей, сол қалпында қалдырған жөн бола ма?
Халықтар арасындағы экономикалық, саяси және мәдени байланыстар олардың тілдерінің бірін-бірі толықтырып отыруына әсер етеді. Бұл процесс әсіресе әдебиет саласында молынан ұшырасып, өзіне тән белгілерге ие болып отырады. Көркем мәтіндердегі тілдердің бір-бірін толықтырып отыруы мен байланысын зерттеу орыс тіліндегі шығармаларда қазақ тілі немесе қазақ тіліндегі шығармаларда орыс тілі компоненттерінің танымдық және эстетикалық қызметін айқындауға мүмкіндік беріп, осы толықтырулардың маңызын аша түседі. Бұл мәселені шешуде екі аспектіні айыра білген жөн: 1) синхрониялық; 2) диахрониялық. Алайда осындай аспектілерде бөліп қарастыру, біріншіден, кірме сөздер, екіншіден, экзотизмдер, енгізулерді ажыратып қараумен толық сәйкес келе бермейді. Мысалы: орыс тілінде беркут, джигит, кошма деген сөздер кірме лексиканың барлық қасиеттеріне ие, өйткені олар орыс тілінің графема-фонетикалық тәсілдермен берілген; белгілі бір грамматикалық кластар мен категорияларға сәйкес келеді; семантикалық дербестікке ие, яғни орыс тілінде бар сөздермен дублеттік синонимиялық байланысқа түспейді. Сонымен қатар олар өздерінің ұлттық колоритімен (белгісінен) айрылмай, орыс тіліндегі көркем шығармаларда экспрессияға ие бола алады.
Біздің қарастырып отырған сөздеріміз — Қазақстан территориясында қанат жайған орыс тілінде қолданылып, республикамыздың тарихи-мәдени және экономикалық-шаруашылық ерекшеліктерін белгілейтін сөздер. Олардың ішінде кейбір сөздер басқа да түркі, араб, парсы тілдерінде кездескенімен, орыс тіліне ең өнімді тәсілмен — қазақ тілі арқылы енеді. Сол себепті біз оларды қазақ лексикасына жатқызамыз да, казахизмдер деп атаймыз. Айта кететін жағдай, «казахизм» термині ең алғаш рет Б.Хасановтың «Языки народов Казахстана и их взаимодействие» атты монографиясында кездеседі.
Сонымен қатар «экзотикалық лексика», немесе «экзотизмдер», деген термин де зерттеушілердің назарын аударып жүр. Орыс лингвисі Л.П.Крысиннің айтуынша, экзотизмдер сөздіктің ең жылжымалы бөлігі болып табылады және оларға сөздердің бірнеше топтары жатады. Алайда осы атаумен шартты түрде аталған тұрақсыз және әр текті лексикаға нақты анықтама беру — өте-мөте күрделі мәселе.
Қазіргі кезде экзотизмдерге әр халықтың әдет-ғұрпы, мәдениеті мен тарихи өткен-кеткені сияқты өмір ерекшеліктерін насихаттайтын сөздерді жатқызып жүр. Нақтылай айтқанда, экзотизмдер басқа да халықтар мен ұлттар өмірі мен тарихына тән реалияларды белгілеу болып табылады. Экзотизмдерге айқын жергілікті және олардың мазмұнымен тікелей байланысты жергілікті-тарихи реңк тән, мысалы: домбыра, қобыз — қазақтың ұлттық музыка аспаптары; бесбармақ, құрт, жент — қазақтың ұлттық тағамдары. Сол сияқты басқа да халықтардың реалияларын белгілейтін сөздер: сакля — Кавказ тауларының тұрғын үйі; микадо — жапон патшасының атағы; скальд — ежелгі скандинавиялық ақын-жырау т.б.
Мәселенің Қазақстан тіл білімінде теориялық тұрғыдан зерттеу жағына келсек, «экзотизмдер» жайлы арнайы әдебиеттер аз екенін байқаймыз. А.Н.Гвоздев экзотизмдерді әдеби-кітаби сөздер құрамында қарастырып, бірқатарын историзм сөздерге жатқызса, бірқатарын әртүрлі халықтың тұрмыс-салтын сипаттайтын лексика деп атап көрсетеді. Экзотизм теориясын А.Е.Супрун өзінің «Экзотическая лексика» атты мақаласында сөз етеді де, басқа да еңбектерінде нақты фактілерді талдап, түгендеуге баса назар аударған.
Экзотизмдермен ұқсас қызметті сөйлеуде актив қолданылатын сөздердің стилистикалық синонимдері болып табылатын окказионалды кірме сөздер де атқарады. Біздің айтайын дегеніміз, бұл окказионалды кірме сөздер экзотизмдерге ұқсас қызметті жергілікті колоритті жеткізуде ғана атқара алады. Мысалы, О.Сүлейменовтың «Азиатские костры» өлеңінде:
На камнях теплых
С трубками в зубах
валялись,
чтобы снова —
азиатом, кулом, вором,
собакою среди своих собак.
Достарыңызбен бөлісу: |