Оңалту және банкроттық туралы 1-бап



бет11/35
Дата11.05.2023
өлшемі0.55 Mb.
#473513
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   35
onaltu zhane bankrottyk turaly

49-1-бап. Қаржылық орнықтылық сыныптарын айқындау

1. Борышкердің қаржылық орнықтылық сыныбын айқындау оның қаржылық-шаруашылық қызметінің тиімділігін сипаттайтын коэффициенттерді есептеу арқылы жүзеге асырылады.

2. Қаржылық орнықтылық сыныбының шекараларына сәйкес борышкер мына сыныптардың біріне жатады: І сынып – қаржылық жағынан орнықты; ІІ сынып – банкроттық қатерімен ұштасқан, бірақ қаржылық орнықтылығын қалпына келтіру мүмкіндігі бар; ІІІ сынып – қаржылық жағынан орнықсыз.

3. Коэффициенттерді есептеу және қаржылық орнықтылық сыныптарының шекараларын айқындау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

Ескерту. 4-тарау 49-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
50-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс қозғаудың салдарлары

1. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап:

1) борышкер – дара кәсіпкерге, заңды тұлға мүлкінің меншік иесіне, құрылтайшысына (қатысушысына), барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс пайдалануға және өткiзуге тыйым салынады;

2) моральдық зиянның орнын толтыру туралы талаптарды есепке алмағанда, өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауаптылықта болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, борышкердің мүлкіне қатысты бұрын қабылданған соттардың шешімдерін, төреліктің шешімдерін, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер меншiк иелерiнiң (құрылтайшыларының, қатысушыларының), олар уәкілеттік берген органдардың немесе органдарының шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;

2-1) борышкер берешегінің барлық түрі бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлдарды) есепке жазу тоқтатыла тұрады;

3) үшінші тұлғалардың кепілдіктер мен кепілгерліктерді орындау бойынша талаптарын қоспағанда, кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген оңалту немесе банкроттық рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болған жағдайларда, кепіл тұрғысында өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн;

4) кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органы мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiне өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi;

5) борышкердiң акцияларын, жарғылық капиталындағы үлестерiн иелiктен шығаруға тыйым салынады.

2. Сот Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және борышкердiң тұрған жерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте таратылатын, белгiленген тәртiппен заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында, оның ішінде соттың интернет-ресурсында да оңалту туралы iс бойынша iс жүргізуді қозғау туралы хабарландыруды қазақ және орыс тiлдерiнде бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жариялауға мiндеттi.

Хабарландыруды жариялау оңалту рәсімін қолдану туралы өтiнiш берген борышкердің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
51-бап. Кредиторлар талаптарын қамтамасыз ету

Сот кредитордың, прокурордың не iске қатысушы өзге тұлғаның өтiнiшi бойынша кредиторлардың талаптарын қамтамасыз ету жөнінде мынадай шараларды қолдануға:

1) борышкерге тиесiлi мүлiкке (мүліктің бiр бөлiгiне), оның iшiнде ақшаға тыйым салуға;

2) борышкерге оның мүлкiнiң азаюына әкеп соқтыруы не кредиторлардың мүдделерiне өзгеше түрде нұқсан келтiруi мүмкiн іс-әрекеттер жасауға тыйым салуға;

3) өндiрiп алу даусыз (акцептісiз) тәртiппен жүргiзiлетiн атқару құжаттары немесе өзге де құжаттар бойынша өндiрiп алуды тоқтата тұруға;

4) банкроттық туралы істі қарау кезеңінде борышкердің мүлкін сақтауға бағытталған өзге де әрекеттерді қолдануға құқылы.

Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
52-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы істi сот талқылауына дайындау

1. Оңалту немесе банкроттық туралы iсті сот талқылауына дайындау кезiнде Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасында көзделген іс-әрекеттерден басқа сот iстiң сот отырысында қаралатын уақыты мен орны туралы уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және iске қатысатын өзге де адамдарға хабарлайды.

2. Оңалту немесе банкроттық туралы iсті сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымның көшірмелері уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және іске қатысатын өзге де адамдарға жіберіледі.

Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


53-бап. Банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру және қайта бастау

1. Сот борышкердің банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу шеңберінде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішін алып, банкроттық туралы іске бастамашылық жасаған кредитордың келісімімен, өтініш келіп түскеннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады.

2. Соттың банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымының көшірмелерін сот борышкерге, өтініш берушіге, уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк палатасына және борышкердiң орналасқан жерi бойынша аумақтық әділет органына жiбередi.

3. Бұрын тоқтатыла тұрған банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді сот осы Заңның 82-бабының 2 және 5-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсiмiн қолданудан бас тартылған немесе ол тоқтатылған кезде қайта бастайды.

Ескерту. 53-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
54-бап. Сот талқылауы

1. Алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн оңалту немесе банкроттық туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл жөнінде сот ұйғарым шығарады.

Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалған күнінен бастап екі айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.

2. Борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берген кредитор сот отырысына келмеген жағдайда, сот өтінішті қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.

Борышкер сот отырысына келмеген жағдайда, сот оны мәжбүрлеп келтіру туралы ұйғарым шығарады.

Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


55-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша сот актілері

1. Сот оңалту немесе банкроттық туралы iстi сот отырысында қарап, мынадай сот актiлерiнiң бiрiн:

1) борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм;

2) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм;

4) оңалту рәсімін қолдану туралы шешім;

5) оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешім;

5-1) борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып оны тарату туралы шешiмнің күшін жою туралы ұйғарым;

5-2) банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы шешім;

5-3) банкроттық рәсімін тоқтатудан, оңалту рәсімін қолданудан және оңалту жоспарын бекітуден бас тарту туралы шешім;

6) іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым;

6-1) бітімгершілік келісімін бекіту және банкроттық рәсімін тоқтату туралы ұйғарым қабылдауы мүмкін.

2. Осы баптың 1-тармағында көзделген сот шешiмдерi мен ұйғарымы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес болуға тиiс.

Ескерту. 55-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 399-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


56-бап. Борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм

1. Борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешімді сот уақытша басқарушының осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындысын немесе осы Заңның 49-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген актіні ескере отырып, қабылдайды.

2. Соттың борышкерді банкрот деп тану туралы шешімінде:

1) банкроттық рәсімін қозғай отырып, борышкерді тарату;

2) борышкерді басқару құқығының уақытша басқарушыға өтуі;

3) шешім шығарылғанға дейін сотқа жүгінген кредиторлардың мәлімделген талаптарының сомасы;

4) банкроттың лауазымды адамдарының уақытша басқарушыға соттың борышкерді банкрот деп тану туралы шешімі шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде – құрылтай құжаттарын, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, он жұмыс күні ішінде – есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, жиырма жұмыс күні ішінде банкротқа тиесілі материалдық және өзге де құндылықтарды беруі;

5) банкрот мүлкіне салынған барлық шектеулер мен ауыртпалықтарды (банкрот шоттарына қойылған инкассолық өкімдерді, мүлікке тыйым салуларды және басқаларды) оларды тағайындаған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан, әкімшінің өтініші негізінде алу туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.

3. Борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы қазақ және орыс тілдеріндегі хабарландыруды уақытша басқарушы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға борышкерді банкрот деп таныған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.

Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастыруға міндетті.

Борышкердi банкрот деп тану туралы жарияланымда:

1) борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм шығарған соттың атауы;

2) банкроттың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауы, жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі және орналасқан жерi;

3) банкротты мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

Ескерту. 56-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
57-бап. Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамай оны тарату туралы шешiм

Ескерту. 57-бап алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


58-бап. Соттың борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiмi

Ескерту. 58-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешімді сот уақытша басқарушының осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындысын немесе осы Заңның 49-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген актіні ескере отырып қабылдайды.

2. Сот уақытша басқарушының осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындысын ескере отырып, борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарған жағдайда, борышкер өтініш берушіден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

3. Соттың борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiмi кредиторларды Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген тәртiппен борышкерге өз талаптарын қою құқығынан айырмайды.

Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


59-бап. Оңалту туралы іс бойынша шешім

1. Оңалту рәсімін қолдану туралы шешімді сот уақытша әкімшінің осы Заңның 49-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындысын ескере отырып қабылдайды.

Уақытша әкімші осы Заңның 49-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны жасаған жағдайда, сот кредиторлар жиналысы келіскен кезде оңалту рәсімін қолдану туралы шешім шығарады.

2. Соттың борышкерге оңалту рәсімін қолдану туралы шешімінде:

1) оңалту рәсімін қолдану;

2) уақытша әкімшінің өкілеттігін тоқтату;

3) борышкерді оңалту жоспары бекітілгенге дейін осы Заңның 69-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында айқындалған тұлғаның басқаруы;

4) борышкердің кредиторлар жиналысымен келісілген борышкерді оңалту жоспарын оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде ұсынуы;

5) оңалту рәсімін қолданудың осы Заңда көзделген салдарының басталуы туралы нұсқау қамтылуға тиіс.

3. Сот:


1) уақытша әкімші осы Заңның 49-бабы 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны жасаған;

2) уақытша әкімші осы Заңның 49-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны жасаған кезде кредиторлар жиналысы оңалту рәсімін қолдануға келіспеген жағдайларда, оңалту рәсімін қолданудан бас тартады.

Соттың оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешімінде кредитордың оңалту рәсімін қолдану туралы өтініш беру салдарынан келтірілген залалдардың орнын толтыруды борышкерден талап ету құқығына нұсқау қамтылуға тиіс.

Ескерту. 59-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет