59-1-бап. Банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы шешім
1. Банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы сот шешімін оңалту жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылу қорытындысы бойынша борышкер қаржылық орнықтылықтың І сыныбына жатқызылатын, борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы банкроттықты басқарушының қорытындысын ескере отырып, осы Заңның 95-1-бабында көзделген шарттарда және тәртiппен сот қабылдайды.
2. Банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы сот шешімінде:
1) банкроттық рәсімін тоқтату және борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімін орындау және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату;
2) банкроттықты басқарушының өкілеттіктерін тоқтату;
3) оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту;
4) осы Заңда көзделген оңалту рәсiмiн қолдану салдарларының басталуы;
5) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
6) банкроттықты басқарушының кредиторлар жиналысы осы Заңның 69-бабында көзделген тәртіппен борышкерді басқару жөніндегі өкілеттікті жүктеген органға немесе тұлғаға құрылтай құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беру туралы нұсқау қамтылуға тиiс.
3. Сот:
оңалту жоспарын бекіту туралы кредиторлар жиналысының келісімі болмаған;
егер борышкер сот талқылауы барысында төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігін дәлелдемеген жағдайларда банкроттық рәсiмiн тоқтатудан, оңалту рәсiмiн қолданудан және оңалту жоспарын бекітуден бас тартады.
Ескерту. 4-тарау 59-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.11.2015 № 399-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 290-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
60-бап. Жалған банкроттық кезiндегi сот шешiмi
Ескерту. 60-бап алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
61-бап. Әкiмшiлiк шығыстарды бөлу
1. Борышкерді банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылданған кезде әкімшілік шығыстар борышкердің мүлкіне жатқызылады және осы мүлік есебінен кезектен тыс орны толтырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген әкімшілік шығыстарды сотқа жүгінген өтініш беруші сот:
1) оңалту немесе банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым;
2) оңалту рәсімін қолданудан немесе борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарған жағдайларда төлейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда, сотқа екі және одан көп кредитор жүгінген кезде әкімшілік шығыстар осындай кредиторлар арасында олардың талаптарына пропорционал бөлiнедi.
Ескерту. 61-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 290-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
62-бап. Сот шешiмiнiң (ұйғарымының) заңды күшiне енуi, шешiмдi (ұйғарымды) қайта қарау
1. Осы Заңның 55-бабында көрсетілген сот актілерінің заңды күшіне енуі және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша оларды қайта қарау, сондай-ақ оларға шағым жасау (наразылық білдіру) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 62-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.11.2015 № 399-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Достарыңызбен бөлісу: |