2 Қазіргі қазақ прозасындағы философиялық арналар
2.1 Қазақ прозасындағы философиялық бағыт және өміршеңдік
«Экзистенциализмнің философия мен әдебиеттегі көрінісі» деген еңбек жазған поляк ғалымы Ежи Коссак: «Философиялық концепция ретіндегі қазіргі экзистенциализмнің әлеуметтік және тарихи негіздерін, оны ерекшелейтін идеялар мен сарындарды айтқанда біз философияның тарихындағы кең ауқымдағы пессимистік және нигилистік ағымдармен кезігеміз. Бұл адам ақыл-ойының қалыптасқан шындыққа бас көтеру тарихының құрамдас бөлігі»- дейді. Бірақ оның «шындығында, шынайы адам үшін күрес экзистенциализмнің түрлі өкілдерін біріктіреді» сынды ой білдіруі бұл бағытты ұстанған ойшылдардың адамтанудағы рөлін мойындағаны еді. Экзистенциализм мен архетиптердің байланысы, жазушының стилінде пайда болатын әртүрлі ерекшеліктер, шығармашылықтың «экзистенциалды» және «архетипальдық» түрлері туралы сұрақтар күн сайын күрделене түсуде.
Егер экзистенциалды архетиптерге жүгінетін жазушылардың еңбектерін қарастыратын болсақ, оларды жіктеуде көптеген қиындықтар кездеседі, бұл мәселенің өзімен байланысты. Француз, орыс, ағылшын жазушылары экзистенциалды архетиптерге жиі жүгінеді. Сонымен бірге, мысалы, неміс және итальян әдебиеті жалпы әлемдік ағымнан шығып қалды. Экзистенциалды әдебиеттің мұрасы, көркемдік сананың субъективтілігі мен қызметі туралы идеяны орыс жазушыларында орыс әдебиетіндегі экзистенциализмнің сөзсіз үстемдігі кезеңінде орыс жазушылары қуаттады. Көптеген жазушылар бұл дәстүрлерді қолдағанымен, постмодернизм мен постструктурализм формалары суретшілердің кең ауқымы үшін қолайлы бола бастады.
Қаламгер өз геройларын ерекше бір ситуацияларға қойып жатпайды, оқиғаны кейіпкердің өз болмысынан жасап шығарады. Осы жолдағы нәзік психолгизм, адамның ішкі дүниесіне бойлай білу сияқты шеберліктердің меңгерген суреткер кейіпкердің болмысын екіге жару сияқты нәрселерге бармайды. Түрлі қақтығыс, шешілмес конфликт, берілмес қамал сияқтықиындықтардан тойтарыс алу үстінде де әңгіме геройлары күрескерлік сипатын, адамгершілік болмысын қасиеттерін сақтай біледі.
Қаламгер оқиғаны баяндай отырып, әр түрлі жағдайларға, кейіпкердің әр қадамының дәлелді болуын құнттап, түсінік беретін тұстары да аз емес. Оқиғаны асықпай баяндаған кезде бұл тәсілді көбірек қолданады. әсіресе, көлемді көркем шығармада оқиғаларды кейіпкерлердің іс-әрекетін бір арнаға түсіру үшін мұндай авторлық түсінік бері тәсілі жиі қолданылады. Қазіргі қазақ әңгімелері жайында айтсақ, сонау әңгіменің хас шебері саналатын іргелі тұлғалардан бастасақ.
Қазақ әдебиетінің салқар көшінде оқшау топ бар. Самарқау қимыл, майда жүрістегі, «елден озбас, көштен қалмасты» місе тұтқан емес, өмір өріне омыраулап, өнер қиясына өзіндік соқпақ арқылы беттеген өзгеше мінездіекпінді топ. Ол – алды елудің иығына мініп, арты елудің етегіне іліне бастаған, бүгінде қазақ қаламгерлерінің орта буынына айналып, творчестволық кемелдіктің шығындағы ерен топ. Бұл топ бір кездегі ұлы М.Әуезовтің «жыл келгендей жаңалық сезініп» творчестволарына сүйсіне, зор үміт арта қараған буынның тобы. Кемеңгер жазушының көп салалық қазақ әдебиетінің бір ғана жанрының өкілдері жайлы айтылған пікірі олардың барлық тұстарына қатысы бар. Балалық бал дәурені соғыстың алапат тауқыметіне айырбасталған буын өкілдері әдебиетке елуінші жылдардың соңы, алпысыншы жылдардың басында келді де жаңа ырғақ, соны леппен өнер соқпағына түсе бастады. Міне, осы алқалы топтың өмірлері мағынаға толы, көңілдері арманға толы буын өкілінің бірі – Оралхан Бөкей. Барлық жанрда бағын сынап, қазақ әдебиетінің көркемдік әлемінде ғажайып із қалдырған аса көрнекті жазушы, қайраткер қаламгердің бірі Оралхан Бөкей. Оның шығармашылық ерекшеліктерін айқындайтын, ең бірінші белгісі қолтаңбасын тауып алғандығы. Ол не жазса да өзінше өрнектеп, өзінше ойлап-пішіп жазуға әдеттенгенін байқаймыз.Моншақтай тізілген мөлдір де көркем тілі неткен керемет. Қазақ тілінің қасиетін жанымен ұғынып, қазақ суреткерінің тіл қолданысы, нағыз шебердің нақышы, сөз ұстасының сұңғылалығы бірден көзге түседі. Бір ғажабы, жазушының қызыл сөзді қырмандай сапырмай, оңтайын тауып, ыңғайын келтіріп, тереңнен тербеп жазатындығы. Бұл жазушының табиғи дарындылығының айғағы деп білемін. Оралхан Бөкейұлының туындылары «Қара сөзбен жырлаймын» этюдтері мен «Ауыл хикаялары» топтама әңгімелері. Этюдтері – адам өмірі баспаған Алтай өңірінің сұлу, тамаша табиғатының тамылжыған тілмен, кестелі, бейнелі сөзбен салған суреттері. Оларды оқып отырған сәтте көз алдыңа асқар Алтайдың әсем келбеті, табиғатының қыз қалпы келеді, мұрныңа алуан түрлі таулы жердің шүйгін шөптері мен гүлдерінің исі келеді. Көркем әдебиеттің әсерінің кереметі көкейге қонымдылығы мен нанымдылығынан да шығар. Ал «Ауыл хикаялары» топтамасы - оқиғаларының қызықты өз алдына, адамдардың кескін- келбетін, мінез- құлқын, іс-әрекетін суреттейтін тамаша әңгімелердің бірі. Сол әңгімелерде суреттелген тұлғалары тұтас, бейнелері бөлекше ауыл адамдарының басынан кешкендерін оқығанда езу тартып күлмеу мүмкін емес. Оралхан Бөкейұлының барлық шығармаларында кездесетін тұрақты тақырып, ортақ желі бар. Ол адам мен табиғат, олардың туыстығын, тұтастығын жазушы тани біледі, сүйсіне суреттеп, жарқырата жазғанын көреміз. Жазушының көптің көкейіндегісін тап басып, айрықша сүйіспеншілігіне бөленуі, атының алыс елдерге танылуы да осынау шығармашылық шеберлігінің нәтижесі деп білемін.
Жазушының өз кейіпкерлерін өмірдің қиын сәттерінде көрсетіп, сол сыннан қалай сүрінбей өткендігін көрсетуге құмарлығы да шығармашылығының айрықша ерекшелігі. Қажырлы, қайсар, мақсатына жетпей жаны тыншымайтын жазушы кейіпкерлері өмірмен қоян-қолтық араласып кетеді де, қалың оқырманды адал да арлы, табанды да сезімтал адамдар қатарында жүруге үндейді. Оралхан Бөкейұлының қаламдастарынан тағы бір ерекшелейтін тұсы- оның жаңа заманның жаңа сипатты адамдарының болмыс-бітімін өзінше өрнектеп, өзіндік көзқараспен қисынын тауып көрсетуге шеберлігі.Жазушы кейіпкерлерінің қазақы қалпын, мінезін баса көрсету арқылы көкейімізге қонымды, жанымызға жақын адамдармен қауыштырады. Қаламгердің көптеген шығармаларынан жолығатын кісілер типтік кейіпкерлер бейнесін құрайды. Олар – бір-біріне мүлде ұқсамайтын, мінездері де, көзқарастарыда, іс-әрекеттері де әр алуан адамдар. Өздері қалай өзгеше болса, тағдырлары да сан тарау. Жазушының ерекшелігі, өзіндік қолтаңбасы деген осы шығар. «Кербұғы» серкелік те, бойда күшің, қажыр- қайратың барда еленбес еркелік те, билік те, байлықтың да маңызы зор екенін еске салатын санатты туынды. Осы циклдағы жазушының хайуанат туралы жазылған әңгімесінің негізгі тақырыбы, басты идеясы-жалғыздық. Бұл енді жас жазушының басына түспеген, уақыт есейткенде жанын күйзелткен сезім деп ойлаймын. Сол ауыр сезім жалғыздықты жазушы ерен сарынмен бере білгені жан тебірентеді. Асылы мұндағы жалғыздық суреткерліктің табиғатына келіп тірелсе керек. «Кербұғы»- символ. Әңгімеде аң дүниесі мен адам дүниесі жер мен көктей астасып, тұтасып кетеді. Кербұғы-өлімінің ақиық шыңына мойынсыну, өмірді қимастықты қиянатқа қимау, өмірді сүю өлімді мойындауға барып тірелетін қорқытшылдық идеяның мәңгілігі шығар деп ойлаймын. Әдебиетте аң бейнесін сомдау барлық жазушылардың асыл арманы деп ойлаймын. Бірақ оны ұғыну оңай емес, аң бейнесін ашу тіптен қиын, хайуанаттар әлемінің өз философиясы мен таным –зердесі өткізбейтін тәрізді. Дүниежүзілік әдебиетте осы асудан өткен жазушылар нағыз суреткерлер. «Кербұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет–спектакль 1986ж. қойылды [31.176б]. Оралхан Бөкейұлының Кербұғысына [31,207б] тіршілік философиясын салып жіберуге жаны құмартып, сол сүйіспеншілігінің арынын баса алмай алқынатынын мына біздің жүрегіміз сезбей қалмайды. Кербұғы - дүниедегі ең асыл қазына аң баласы үшін бостандық, еркіндік болса, автор сол бостандықтың да шектеулі, әншейін ашкөздіктің құрбандығына шалына беруге үкім етілген жалғандығына шағынады. Маралдардың мүйізін отап, қан қылып кесіп алатын адамдардың қылығы бұл әңгімеде астары терең символға ұласар еді. Осы әңгімедегі маралдарды қоршау, Кербұғының қоршауды бұзып, қарғып өтіп өлім табуы- ол нендей қоршау, жазушы онымен не айтқысы келеді? Мына өмірде ербең еткен тіршіліктің уақытша екенін, қартайған Кербұғының кәрі көңілін жас иісті көксеп, осы үйірдегі сүмбіле сұлу әрі ең қылықты тентек жас маралға айбарланып көп әуреленуін туындыда жазушы адамның жас шағы мен қартайған шағындағы өмір өткелдерін суреттейді. Осы кәрі кербұғы арқылы адамдардың бейнесін құрайды. Яғни өмірдің өткінші екенін, алдамшы екенін ашып жазады. Қартайған Кербұғының қиналып өлер алдындағы арманын қаламгер аянышты халмен бейнелейді: «Ең аянышты өлім- есіл ердің елеусіз, бодаусыз жападан-жалғыз өлуі де.Қайран елі, қасиетті жұрты қайда? Шынымен-ақ мойнын бұрмастан, күйек қызығын қуып кетті ме? Кербұғы қадірі қашқанын білді. Әсіресе маралдарға өкпелі. Асыл дәуреннің асып-тасып тұрған шағында маралдар мұны құдайдай көретін» [31,207б]. Тозып бара жатқан табиғат, азып бара жатқан адамдар бейнесіндегі романтика мен реализмді шебер қиюластырып, оқырманның жан- дүниесін байытатын, көңілінің қалауын табатын тамаша әдеби тәсілді шебер меңгергендігі. Бұл да Бөкейұлының бір өзіне ғана тән шығармашылық деп білеміз. Оралхан Бөкейұлының «Ардақ» әңгімесіне көз жүгіртелік. Кейіпкерлері: Қадиша-Қожаның дүниеден кеткен шешесі, Ардақ-Қожаның қызы, тілінің мүкісі бар, жасық, білімсіз. Далабай- арам кейіпкер. Далабай мен Шалабай Қожаның ағайындары. Шалабайдың ұлы Алмас. Жазушы өз кейіпкерлерін өмірдің қиын сәттерінде көрсетіп, өз заманындағы адамдардың басынан кешкен өмірін табиғатпен бірге астастырып жазған. Әсіресе ардақтың әкесі Қожа сақау қызы Ардақ үшін жаны қиналып келешегін ойлауы. Әңгімедегі басты кейіпкердің бірі Ардақтың әкесі Қожа. Қожаның шешесі Қадиша дүниеден өткенде көңіл айтуға келмеген туысқандары Шалабай мен Далабайдың Қожаға қырын қарайтындығын, өз заманындағы қара қазақтың әлі де надан екендігін осы кейіпкерлер арқылы қаламгер жақсы бейнелейді. Жазушы бой жетіп келе жатқан жас қыз Ардақты Шалабайдың ұлы Алмас екеуінің бірге ойнаған күндерін Ардақтың өсуіне қызығушылық туғыза қарап бейнелейді. Қожа- намысшыл, тіршілігі бар адам, өз жұртын сағынады. Ақшоқының арғы қатпалындағы Мәметек ауылынан келген Салық есімді жігіт пен Ардақтың түнде суға бірге түскенін, бірге ойнап, сол түнді өткізгендерін көрсеткен. Ісін тындырып, соңынан ізін суытқан Салықтың осы ісінің Шалабаймен байланыстылығын Қожа білмеген еді. Мұның бәрі Шалабайдың айтағы. Інісіне шындап өшіккен ол, қайтіп мұқатудың айла- шарғысын іздеп жүріп, солқылдап, бойжетіп отырған Ардақтың абыройын төгуге байлам жасап, ауылдағы ең еті тірі жылпос жігіт Салыққа астыртын қолқа салған: «Қожа сақау қызын ұзатып, қалың алмақ қой. Кей ақымақтар тіліне емес, түріне қарап айттырып қояр.Тіліңді құдай берсін, сол қыздың шаруасын барып тәмәмдап қайт» [31,263б]. Жазушы осы туындыда кінәсіз жас қыз Ардақтың аналы болуына Шалабайдың кінәлі екенін оқырманның жан-дүниесін байытатын осы Ардақтың басына жазған бағы ретінде аянышты, әрі жан ашырлықпен жазған. Сонымен бірге осы Марқакөлдің табиғатын және Ардақтың қарапайым жанұясын біріктіре әдемі бейнелеп жазған. Марқакөл бойында Ардақтың сәби әкелген кезіндегі іштей қыңжыла қинала сөйлегені: «Айналайын анам-ай, ақылыңды айтшы, -неден сорлы болдым, әлде мен туғанда қалжа жемедің бе, әлде әкемді сүймеп пе едің, әкем сені сүмеп пе еді, бір –біріне жылы сөз айтып, күле қарағандарыңды көрмедім ғой. Айналайын, анам-ау, жұлып тасташы мынау тыпырлаған жаман немені. Кең дүние не деген тар едің, жаңа сездім ғой. Жазығым не, жаратқан ием... жазығым не... суға түсіп ойнағаным ба? Әке, ағайыныңмен татуласып, елге көшіп барар күн туар ма екен... Шықты ғой жаным ... құдай-ай, өртендім-ау... өлдім-ау... айналайын, ана, қайдасың, ұсташы белімді!» [31,265б]. Тәрбиелік мәнінің зор екенін аңғартады. «Қызға қырық үйден тыю» дегендей қыздың кінәлі екенін көрсетеді. Әке шешесі оң жөнімен қарады, әлпештеді. Ол аяқ жеңілдікті танытады. Оқырманға ой салады. Қыз тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін білдіреді. Жазушы Марқакөлді сөйлетіп, «әкең менмін,әкең менмін» [31,266б] дегізеді. Осы әңгімені оқи отыра жазушының табиғатпен кейіпкерлерді бірге ұштастыра жан қиналысын шебер сомдағанын көреміз. Адам тағдыры, қыз бала тағдыры, дүниеқоңыздықты автор себеп еткен.
Оралхан Бөкей шығармаларында адам бейнесі, оның іс-әрекетін әлеуметтік қоғамдық жағдайлармен астарластыра, реалистік романтикалық табиғатын қанық беру тән. Бөкей өз қатарынан айқын даралық стилімен көрінген суреткер. Оралхан Бөкей әрбір табиғат құбылысын суреттегенде қызықты ерекшеліктерді тауып отырады. Оның пейзаждары эстетикалық жағынан көзге бірден түседі. Оларда өмір процесі шексіз құбылыстар қозғалысындағы табиғатпен байланысты шебер суреттеген. Жазушы шығармаларында табиғат көп жағдайда жанданып отырады. Ол шығармаларындағы басты кейіпкердің бірі, бас кейіпкердің тағдыры оған қатынасымен анықталады. Оралхан Бөкейдің азаматтық тұлғасы, жазушылық жолы, өзінің өмір дастанын, көркем шығармаларын қалың елі- қазағына арнаған, аманаттаған жазушының рухани өмірінің мәңгі жасайтынына сенуге болады деген ойдамын.
Қазақ әдебиетінде ойып алар орны бар келесі бір қаламгеріміз – Шерхан Мұртаза. Оның «Бір нәзік сәуле» әңгімесінде ғажап зергерлік танытқан . Сол бір жетім қыз Валя мен Хадиша кемпірді поезда кездестіріп, жетім қыздың поездағы ойын, сол поезд жағалауындағы анасымен бірге жүргенін, сол жердегі табиғат арқылы есіне түсіретінін жазушы аянышты халмен суреттеген. Жетім қыздың ойы: «Осынау таусылмас таудың бір түкпірінде өзінің шешесі жүргендей көрінеді де тұрады. Ал тауы түскір сөйлемейді, тасы түскір сөйлемейді. Ұлы жұмбақ. Осы ма, осы жер емес пе? Осындай көлбеңдеген тау ма еді, сағым ба еді? Темір жолдың бойы сияқты еді. Өйткені анасының арқасында ұйықтап келе жатқанда паравоздың қышқырған даусынан шошып, жылағаны есінде.» /5,313б/. Хадиша мен жетім қыздың Борантау разьезіне түсіп, Өжетке қарсы он километр жүріп келе жатқан кездеріндегі сол ауылдың көрінісі, табиғатының өнебойы әсем көрініс табады. «Қартаңқұлақтың жапырағы тырбиып-тырбиып, өлерменше тырысып, өзге шөптің өрісін тарылтып, жайылып барады екен. Аспанда бозторғайлар, төскейде тракторлар бір-бірімен айтысып тұрған кез екен.» [44,316б]. Осы келе жатқандағы әлгі жетім қыздың сол жерді, ауылды, бұрын соңды көргендей елесімен , қиялын, қуанышын, шешесін сағынғандағы арманын сол ауыл аймақпен байланыстырып, балалық шағын шебер танытады. « -Мына шарбы бұлтты, көгілдір аспанды мұнарлы биік тауды, қылтиған бәйшешекті, маңқиған сиырларды, терең сайларды бұрын көрген сияқты.Сірә, түсінде шығар.» [44,316-317б]. Осы бір жетім қыздың, осы Хадиша ауылының Зуайда кемпірдің баласы болмай шыққанын, сол ауыл әйелдерінің шулағанын , жетім қызды Хадиша өз үйіне ренжіп әкеткенін көркем бейнелейді.Жазушы сол бір екі әйелдің өмірін шағын әңгіме арқылы оқырманның жүрегіне бір нәзік сәуле ретінде аянышты халмен жеткізген. Шерхан Мұртазаның «Сол бір күз» әңгімесін талдайық. Жазушы ауыл тұрғындарының болмыс бітімін, сол кездегі тіршілік- харекетін, Шоқыбас сайындағы бала Ноянның күн суыта бастаған күз кезіндегі аяқ киімінің жоқтығын ойлауын суреткердің тіл қолданысы қандай. «Ноян былтыр декабрьде тобан аяқ болып, мектепке бара алмай қалған. Тәңірі жарылқағыр, Тимофей шал көтерем өлген өгіздің терісінен шикі шоқай тігіп беріп, әбүйір болған. Шоқай су тисе езіліп жүре беретін. Бірақ шұлғауын қалың орап, ілкерлектеп мектепке барып қайтуға жараушы еді. Биыл қыста өгіздің терісі табыла ма, табылса оны Тимофей тағы тігіп беруге келісе қоя ма?...» [44,318б]. Жазушы ауыл көрінісінің табиғатын, жылқы жайылатын сайды әдемі, әсем, көркем суреттейді. «Шөп қатайған, гүлденген көбелек қалтаңдап көп ұшады. Бірен- саран қалған теңге жапырақтың қызғылтым гүліне тұрақтамайды, шырын шықпаған соң, тез-тез ұшып кетеді. Сәмбі талдың жапырағы үн-түнсіз үзіліп, бастауға қалқып түседі.» [44,319б]. Сол кездегі скрипкашы қызға қарауы, Дударбастың Ноянға етікті бергенін, апасының айтқан сөздері: «Біреудің сабақты инесін алушы болма!» [44,322б]. деп айтқанын жазушы сол жалаң аяқ болып, күнін ерекшелікпен жазған. Қиналып күнін көріп жүрген жылқышы баланың өмірін шағын әңгіме арқылы көрсетеді. Сол ауыл сайының табиғатын, адамдардың мінез құлқын тамаша суреттейді. Ендігі кезекте қаламгердің «Шекшек шырылдайды» әңгімесін қарастырсақ, бұл әңгімеде Хадиша ауылының табиғатының кескін келбетін, ауыл көрінісін, мал қораның көрінісін, ауыл исінің ғажаптығын кестелі, бейнелі сөзбен суреттеп салған. «Мал қораның көлеңкесінде жатқан сары төбеттің тілі салақтап, екі бүйірі солқ-солқ етеді. Жайшылықта құрқылдап, тыным таппай зікір салатын құмыр құстар да қазір ағаш бұтағында көк теректің безіндей боп бедірейіп қайтып қалған тек шекшек қана алабота арасынан жағы тынбай шырылдайды.» [44,366б]. Отан соғысы жылдарындағы [44,489б] одан кейінгі өмір кезеңдерін суреттеген. Шерхан Мұртазаның «Тастай берік, гүлдей нәзік» әңгімесі. Сол митингідегі Нұркеш Әбдіровтың ескерткішін көрген анасы ұлының тірідей болып тұрғандай көрінгенін, жазушы осылай іштей тебіреніспен, ауыл әйелінің баласын сағынған ананы іштей тебіреніп тұрғанын бейнелеген. Баласының ерлігін, абзал ананы көз алдына сан рет елестегенін қаламгер сом бейнені, анасының іштей ұлы үшін қынжылып, ұлының соғыс кезіндегі арпалысын сол ескерткіштен көріп тұрғанын бейнелеген. Жазушы осы ананың жаны тас берік екенін, гүлдей нәзік екен деген ойға келіп, осы шағын әңгімені терең ойымен тәмамдайды. Жазушы өз кейіпкерлерінің өмірі жайында, адам тағдыры мен мінезінің қилы-қилы қалтарыстары,адамгершілік, достық пен махаббат және табиғат қорғау жайы үлкен шеберлікпен шынайы бейнелеген.
Жазушы Қуандық Түменбайдың [45] әңгімелерінде замандастарының өмірі, заман қоғам жайын сөз етеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндері. Жазушы әңгімелерінде осы бір жаңалықты, ел ішіндегі толқуды айнытпай жаза білген. Замандастарының өмір тіршілігін, қайта құру кезіндегі адамдардың жан дүниесін шынайы ашқан. Жазушының туындыларының бірі «Қобыздың мұңы» атты әңгімесі. «Оның қабағы таң атпай неге томсарыңқы? Алматыдағы ең әсем де биік Төлебаев көшесінің бойында неге көңілсіз күй кешіп барады?» [45,150б] деп басталған қызының жайын жазушы әңгіме желісімен әрі қарай өрбітеді. Жазушы скрипкашы қыздың қобызды ұнатуы жайында жазған. Жесір әкесі, шешесіз өскен қыздың өмірін шынайы көрсете алған. Жазушы бұл әңгімені өмірден алғаны анық. Жарынан айрылған әкесінің сол жалғыз қызына қарайлап тәубә қылып отырғанын шеберлікпен жаза білген. « - Папа, қобыз скрипкадан сегіз ғасыр бұрын жаралыпты. Тіпті скрипканың атасы секілді. Үндері ұқсас. Сондықтан нәзік мамамның даусы секілді. Қыз кәмелетке толмаған жасында қасынан мәңгіге кеткен анасын еске алды. –Мені қобызға беруіңіз керек.» [45,151б]. Жазушы бұл әңгімеде Қазақстанның тәуелсіздік алу кезеңін суреттеген. Жастардың алаңға шығып, «Менің қазағым» әнін айтқандарын бейнелеген. Студенттер, жастардың алаңға шыққандарын еліне деген патриоттық сезімдерін бейнелейді. Жастардың тәрбиелік мәнін көруге болады. Ұлтжандылықты көруге болады. Кейіпкерлерінің қандай қиыншылықтары болса да оларды жеңуге ұмтылдырып, жігер қайратын арттырады. «Бұлай тұра бермеңдер. Өздеріңе қиын болады. «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, әндетіп, көше аралаңдар. – деді.» [45,153б]. Жастарды тәуелсіздік алуға шақырған адамдар бейнесін көрсеткен. Ел қорғау мәселесін арқау еткен. «Қасында тұрған сұңғақ бойлы, кең маңдайлы жігіт: «Жатақ емес, жатақхана, екі ауыз сөзді неге дұрыстап сөйлемейсіз», - деді дауыстап. «Сол жігіт өлім жазасына кесілген Қайрат Рысқұлов емес пе екен? – деп ойлады Бэла.» [45,154б]. деген көшедегі халық арасындағы Бэла қыздың өзінше бір ойларын ашып жазған. Бейкүнә қыздың аңсаған қобызда ойнауға үйренгендігін өзінің ішіндегі жан қиналысын, анасына деген сағынышының жан қиналысын қалтқысыз көрсете алған. «Қала шетіндегі «қара базардан» кітап саудалап жүріп, «Күй – шежірені» қолға түсірді. Қорқыттың түсіне кірген абыз бұл аспаптың алты жасар нар атанның жілігіндей, шанағы қара бақырдай, көні аруананың бауыр терісінен болсын, тиегі ортекенің мүйізінен, ішегі бесті айғырдың құйрығынан болсын, аты- қобыз болсын деп бата бергенін оқып, жиырманың жуан ортасындағы қыз балаша еңкілдеп жылады. Ол емізіп кеткен мен ес білгенімде еміренгенін көре алмай қалған анасын есіне алды; анасының түр –түсі көз алдынан көмескі тартып барады, даусы құлағында – дәл бір қыл қобыздың үздігіп шыққан үніндей болып естіледі.» [45,154б]. Жазушы анасының даусын қыздың құлағына қобыз үнімен келтіріп шебер сомдаған. Қыз бала әкесінің әйелі жоқтығына есейе келе жан аши ойлауы,Қорқыттың қобызын шертуді, үйренуді, оқуды армандайтын жас қыздың ішкі ойларын ашып жазған. Қыз бала тәрбиесін көруге болады. Енді әкесі туралы. «Әкесінің асығып бара жатқаны – желтоқсан көтерілісіне үлкен кісінің қатысы бар деген желеуді терген, қорытынды шығару Бас Прокуратураның ерекше қылмысты істерді тергеу жөніндегі аға тергеушісіне жүктелген еді [45,157б]. Жазушы желтоқсан көтерілісі кезін, коммунист көзін, халықаралық тәуелсіздікке бел байлау көзін себеп еткен, халықтың ұлтшылдықты көрсетіп, осы әкесі мен қызының өміріне сабақтастыра байланыстырып жазған. Сол кездегі өмірдің қилы қалтарыстарын, қоғам мен адам, заман өзгерістерін шебер сомдаған. Жазушы қызы мен әкесінің әңгімесін, олардың қиын тағдырын сөз етеді. «Ол бөлмесінде скрипкасын тартқанда сызылып шыққан нәзік үні жұбайы Марфаның дауысындай боп естілер еді.
- Қызым енді скрипкаңды тартпайсың ба? - деген әкесінің үні жалынышты шықты.
- Тартатын кезде тартам. Менің ендігі мамандығым қобызшы. Әлі – ақ құлағыңыз үйреніп кетеді, папа» [45,160б]. Жазушы әйелі жоқтығына қынжылған әкені, скрипка үнімен әйелін ойлап жүретін әкесі, енді ол ой қобыз үніне ауысқанын, әке өмірінің қиын да, ауыр кезеңдерін жазушы шебер қиюластырып бейнелеген. Жазушы қыздың скрипкадан қобызға ауысуын, оның өткен өмірін скрипка байланыстылған көрсетіп, сол өткен өмірін шығарып салып, жаңа өмірін қобызбен байланыстырып, қыздың өмірге деген көз қарасын өзгерткендей бір қыздың өмірге деген ризашылығын осы қобызбен байланыстырып шебер сомдағанын көреміз. «Бэланың алпыс екі тамыры ашылып, өткен күндерін шығарып сап, келер күндерінің сыйын Қорқыт бабаның қобызынан сұрап отыр еді.» [45,161б]. Тәрбиелік мәні қыздың қобызға деген құштарлығы, оны оқып үйренуге талпынуы. Қорқыттың қобызын оқимын деп кітаптардан ізденуі. Шешесі жоқ қыз баланың өзімен-өзі білім алуға құштарлығы. Жазушы өз заманындағы желтоқсан көтерілісі кезіндегі ауыр кезеңді, халықтың тәуелсіздікті қолдау кезін, қыз бала мен әкесінің (әйелі өмірден өткен) өмірін, тағдырын, тұрмыс-тіршілігімен байланыстыра ашып жазған. Қайта құру кезеңіндегі адамдардың өмірі, жан дүниесін шынайы ашып көрсеткен. Тәуелсіздікті қолдау кезіндегі жаңа қоғам құрушы кейіпкерлері арқылы тәрбие берудің қуатты құралы деп білеміз.
Жазушы Тұрсынғазы Әлпейісовтың [46] әңгімелері ауыл жастары жайында, олардың бір–біріне деген көңілдері, қарым-қатынастары жайында сөз еткен. Ауыл жастарының тұрмыс тіршілігі, тұрмыс тауқыметі жайындағы жас ұрпақ тәрбиесі арқау етілген шығарма. Кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен қилы тағдырлары сөз етілген. Ауыл жастарының арасында әдет-ғұрып салттары жайында сөз етілуі оқырманға тәрбиелік мақсатта мәні бар деп білемін. Ендеше туындыларының бірі «Рақыш сері, Ақманар сұлу, тағы басқалары» әңгімесін қарастырсақ әңгімеде қазақ елінің өмірі, сол кездегі қилы-қилы қалтарыстар сөз етілген. Кейіпкерлер өмірі мен туған жер табиғаты өзек болған. Қазақ жері, елі, мекені жайында сөз етеді. Ендеше әңгімеге тоқталайық. «Көңілдері жақын көрінгенімен, жүректері күпті-ақ. Өйтпегенде қайтсын, бір кездері ыстық мекендерін тастап жылы орындарынан дүркірей қашқан сол ұрпақты бүгінгі Ресей елі жатырқамай бауырына қайта баса ала ма мейірленіп, маңдайынан сипап: «Адасқанның айыбы жоқ. Жазиралы өлкеңе қайтадан кел, тентегім. Мауқыңды бас, ата-бабаң ту тігіп, қазық қаққан өлкенің сен де бір ұланысың»,- деп жарқын тарта, жылы қабақ таныта қояр ма екен?» [46,191б]. Кейіпкерлері: Рақыш, Дәнеш, Тұрысбек, Нұрлыайым, Тоқтар(шешесі), Ақманар, Гүлсім, Мырзагелді, Сабалы, Махмет, Тұрдақын(Махметтің қайтыс болған ағасы), Әлпейіс, Нұрмышжан, Қанай, Рақыш, Нұрахмет, Қанай шал. Жазушы әңгімеде Рақыш пен Ақманардың жастарды жинап алып айтысуын сөз еткен. Ауыл жастарының қазақи дәстүрін суреттеген. Жазушы Рақыштың Ақманардың сұлулығын маралға теңеп, бейнесінің кейпін әдемілігін шебер суреттейді. Ауыл адамдарының өмірін, екі әншінің іс-әрекеті, ауыл жұртына деген көзқарастарын бейнелеген. Жалпы әңгімеде ұлттық мінез, салт-сана жарқырап көрінуімен тәнті етеді.
Жалпы жазушы Думан Рамазан [47] әңгімелері бүгінгі заманның адамдарына байланысты. Бүгінгі заман тіршілігін суреттей келе ондағы кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ашып, ойларын, толғаныстарын, тебіреністерін білгірлікпен аша білген. Жазушының «Көгершін» әңгімесін қарастырсақ, әңгіме желісін Алматы табиғаты мен Көгершіннің (студент қыз) портетіндегі байланыстыра көркемдеген. «Күз. Күн шайдай ашық. Алматының оқтай түзу көшелерінің бірінде орта бойлы, қыпша бел, қарақат көз, қыр мұрынды, ашаң жүзді қыз қолындағы үлкен қара чемоданды терлеп-тепшіп әрең көтеріп келеді. Жол бойы жағалай өскен қайың-емен, тал-теректердің сарғыш тартқан жапырақтары ұшып жүрген көбелекке ұқсап, қалқып барып жерге қонады.» [47,192б/]. Жазушы табиғат пен Көгершіннің (қыз) портретіндегі сұлулығын, ажарын өзінің астарлы сөздерімен суреттейді. Мұрат деген жігіт екеуінің танысқандарын көркем сөздерімен кестелеп бейнелеген. «Бір кезде алдыңғы жағынан қарсы ұшыраса кеткен сұңғақ бойлы әдемі жігіт «қарындас, көмектесіп жіберейін» деп келіп қыз қолындағы чемоданға жармаса берді.» [47,192б]. Жазушы Мұрат пен Көгершіннің осылай танысқандарын сөз еткен. Екеуінің театрға барып, бірін-бірі ұнатқандарын жігіттің ақынмын, студентпін деп екеуі тіл табысып бір төсектес болғандарын ашып жазады. Жазушы осы өмірден алғанын көресіз. «Мұрат ауылына той қамымен жүрмекші болып, көп ұзамай келетінің айтып кетіп қалды. Арада сағынышты күндер мен айлар жылжып өтіп жатты. Қаһарлы қыс өтіп, жылауық көктем де шықты.» [47,194б]. Жазушы әңгімеде қыз бала тағдырын, оның Мұраттан аяғы ауыр болып, алданып қалғанын ашып жазған.Көгершіннің алданған аянышты өмірі көз алдыңызға елестейді. «Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде толғағы ұстаған жас ару ауруханаға түсіп нәрестелі болды. Ақынның келмейтінін сезген ол сәбиін арқалап, Іздеу сала бастады. Жігіт оқимын деген оқу орнына келіп шағым жасады. Ондағылар ондай адамның оқымайтынын, тіпті оқымағанын айтты. Алданғанына енді көзі анық жеткен Көгершін:
- Бәріне де өзім кінәлі.» [47,194б], - деп өзін кінәлі сезінген Көгершіннің алдамшы өмірін, Мұраттың қандай өтірікші , жылпос жігіт екенін ашып жазған. Тәрбиелік мәні бар әңгіме. Әсем көрініс тапқан әңгіменің соңы қыз баланың ауыр тағдырымен аяқталады. Оқырманға осылай алданып қалмауларына, өмірге деген көзқарстарын дұрыс қарау мәселелері жайында сөз етеді. Кейіпкерлері ішкі жан дүниесін ашып жазған. Әңгімесінің ортақ желі бар. Қыз бала тәрбиесі, жастардың өмірге деген көзқарастарының түзу болуын талап етеді. Жастардың ой-санасы мәселесі қарастырылған. Кейіпкерлерінің толғанысын бейнелеген.
Жазушы Жаңабек Шағатайдың әңгімелері нәзік жандардың ішкі сезімдері, ойлары, ішкі күйзелістері, адам ішіндегі тұнықтық, жақын адамдарының мөлдір, шынайы сезімдерін, тұйықтықтарын,өрнекті сөздерімен көркемдеген. Кейіпкерлерінің өмірінің арғы астары қуанышпен аяқталуын шебер сомдайды. Ғашықтық сезімдерін табиғатпен астарластыра байланыстырған. Сөз өнерінің шеберлігінен асып тасып жатқан сөз өрнектері бірінен соң бірі тіркесімін тауып тізбектелген. «Шыршада жұлдыз жанғанда» атты әңгімесін қарастырсақ Бәкізе деген бойжеткеннің ішкі нәзік сезімдері арқылы жазушы оның мінез-құлқын ашып жазған.Оның ойынан шыққан бозбала портретін байланыстырып жазған. «Тек... оқта-текте жүрегі әлденені аңсап, бой бермей аласұрғанда көңілінде әлдебір қияндарға, ешкім аяқ басып көрмеген өлкелергешексіз сағыныш оянады, жанын сыздатып.Тек... қарсы беттеп келе жатқан аққұба, ашаң жүзді томпақтау қабағының астынан қоңырқай жанары жұмсақ әрі нұрлана қарайтын сұңғақ бойлы бозбаланың көзге жылы сұлбасын байқаған заматта- ақ кеудесін осыған дейін еш хабарсыз бұғынып жатқан ыстық әрі соншалық жанына жайлы толқын аялап, бипаз ғана шарпып өтетіні бар». Қыз баланың басқаға белгісіз, қиын, жұмбақ ойларын жазушы сөз етеді. Жазушы қыздың өмірін табиғатпен астарластырып, әсем көрініс тауып суреттеген. «Бірде айлы түннің сиқырлы жетегіне аңдамай ілесіп, туған үйден тым ұзап кеткені де бар. Сонда түпсіз аспанға, сирек жұлдыздар көмескі болып қана байқалатын ал қара көкке үздіге көз салған, жанары әлденеге жасаурай қалып үңілген. Ара-тұра қалқыған шарбы бұлттар жұқа шілтер, қақтаған күмістей әлсін-әлсін ай бетін тұтып,сәл-сәл көмескілегенмен он бесінде толысқан ай жалғыз тал да жарқын сәулесін жоғалтпастан, сиқырлы нұрын жомарттықпен аямай себезгілеп тұр». Керемет сөз өнерінің қолданыстарын көресіз. Жазушы әр тұста жаңа бір леппен сүйсіне жеткізуден еш жалықпайтыны аңғарылмай әсте қалмайды. Сөз өнерінің шеберлігін қолдана отырып қыз бала арманын, ойын, сезімін табиғат бейнесімен астарластырған. Жазушы осы қыздың қасынан өтешығып, аңғармайтын жігіт туралы сөз еткен. Қыздың ол жігітке деген ғашықтық көзқарасын, нәзік сезімдерімен іштей қынжылып жүргенін ашып жазған. «Япыр-ау, тым болмаса бір ауыз тіл қатса ғой. Бірақ рет сөйлесе... Не айтса да, аямай мені күлкі етсе де әйтеуір бірдеңе десе ғой, шіркін!». Жазушы қыз махаббатының жанын түсініп, өршіп тоқтата алмай жүргенін, оның мінезі мен қылығын сұлулығымен шебер астарлаған. Жазушы қыздың портретін еш боямасыз дәл жасауында мін жоқ деп білемін. «Сол сәт толқынды мақпал шашы сандал ағашынан шабылғандай жұмыр мойнын, тікшелеп шағын әсем көмкерген сұлу бойжеткен басын әнтек шалқайтып, қою кірпіктерін тағы да ырқынан тыс төмен салды да, жүрегінің тынымсыз дірілі мен дүрсілі еркіне бой бермеген күйі шексіз құштарлық пен ләззат аңсаған құмарлыққа толы әлсіз дыбысқа айналып кетті». Қыз бала сезімінің өршуін, оның тұнықтығын, іш күйзелісін суреттеген. Оның бейнесі арқылы кескін-кейпін, мінезін, оның ішкі тебіреністерін ашқан. Бойжеткеннің бет-бейнесін, кескінін табиғатпен байланыстыра көркем сомдаған. «Бойжеткеннің жас жүрегі, бүкіл тамырларында жүйткіп аққан ыстық қаны осынау бәсең дабылға еліге үн қосып, ауаның өзінде асау құмарлық қалықтайтын мамыр айындағы талшын ағашындай солқылдаған мінсіз денесі, от болып жанған құлын мүшелері қорғасындай балқып ешқашан ер адамның дөкір, дөрекі саусағы тиіп көрмеген қыпша белі доғадай иіле алға –баяу адымдағанқалпы асықпай жақындап қалған бозбалаға қарай әнтек ұмсына түскен». Бозбаланың да қызға ғашықтығын ашып, шебер сөздерімен, қыздың сүйкімді бейнесін жапыраққа теңеуі, самал желді қыздың деміне теңеген бозбала ойларын табиғат кескінімен бейнелегенде шеберлігі жар болатын жазушының сөз қолданысы құнды деп білемін. «Таудан самал соқса сенің жұмсақ демің екен деймін, түнгі аспаннан жарқыраған жұлдыз көрсем, жарқыраған сенің жанарың ба деп қалам». Бозбала сезімін бойжеткенге айта алмай жүрген сезімдерін іштей қынжыла ойлайтынын сөз етеді. Кешке қарай екі жастың шырша бойындағы нәзік сезімдерінің бейнесі, екі жастың махаббат сезімдерін соншалықты уақыт айта алмай жүргендерін, керемет сөз өнерінің қолданысымен таң қаларлықтай сөз шеберлігімен екі жастың қарым-қатынастарын, олардың бейнесін табиғат тылсымдарымен астарластыра жазған. Сөз өрнегінің бояуын таба білген жазушы деп ойлаймын. Портрет жасау қолданыс шеберлігі де ерекше бөлек. Қыз бен жігіттің ішкі мұңдары, қуаныштарының арғы астары нәзік мұңмен бірге өрілуі ерекше. Оқырман жүрегін бірден бурап алады деп ойлаймын.
Жазушы Дидар Амантайдың [48] туындыларында өмірге байланысты, күнделікті кездесетін мәселелер. Жалпы туындылары адам психологиясы тұрғысында жазылған.Заманға байланысты адамдардың өзгеруін ашып жазған.Философиялық тұрғыда жазылған. Адам психологиясына байланысты әңгімелері оқырман жүрегін елең еткізіп, баурап алады.Адам өміріндегі қуанышы мен қайғысы, өмір мен өлім, мына бір қу тіршілікте, аз өмірдің жалған екен деген сияқты астарлы ойлары жазушыны ойландырмай қоймайтын сияқты. Мына бір өмірде ербең еткен тіршіліктің уақытша екенін, қай кезде ажалың келетінін шебер, астарлы ойларымен ашып жазған. «Қайғы» атты туындысын қарастысақ «Жүзі суық қайғыда өмірді сүйген жасампаз қасиет жоқ. Тіршіліктің көзі-қуаныш, бірақ қайғы оны жоққа шығарады. Мұң көшеде кездейсоқ көлденең кездесіп қалған ескі танысыңыз, қапа естен тез шығатын өткінші сезім, реніш. Қайғы, бірақ, үлкен ойдан туған дүниеауи көзқарас. Одан қашып құтыла алмайсыз, ол қамшы сабындай қысқа ғұмырыңыздағы мәңгілік досыңыз.» [48,90-91б]. Жазушы адам өмірі жайында сөз етеді. Жазушының ойы мына бір аз өмірдегі қайғының үнемі ілесіп жүретіні жайында әңгімелейді. «Дүниежарық есігін жұлқып ашқан тіршілік қабат туған өлімге әрдайым үркіп қарап жүреді. Бір-біріне жіптей байланған екеуінің арасында оң жамбастап қайғы жатыр.» [48,91б]. Жазушы ойында өмір жайлы астарлы мағына жатыр. Өр сөздің түп тамырында философиялық ойлар жатыр. Жазушы өмір өзегінде кейіпкерінің өмір мен өлім арасындағы сәттерді бейнелеген. «Тіршіліксіз дүниеде қайғы жоқ, ол дүние, бәлкім бос.Себебі, бос дүниені көркемдік, сондықтан көңілдегі сенім берік емес, морық.» [48,91б]. Жазушы адамның өмір сүру мағынасы қайғымен байланысып жатыр деген мағынада ашып жазады. Адамның тағдырына бой алады. «Қорғасын оқ еш кедергісіз оның кеудесіне қадалды. Бірақ, Шамақай тірі қалды ма, жоққа айналды ма, оны әлі күнге шейін ешкім білмейді.» [48,92б]. Жазушының туындысы психологиялық тұрғыда жазылған.Кейіпкерінің өмірі мен өлім арасындағы бейнесін астарлы ойларымен суреттеген. Жазушының тағы бір «Тілдің дерті» атты туындысын қарастырсақ тіл мәселесін сөз етеді. «Әуелі, сонау қадім заманда тілді ой жаратқан болатын, бүгін кемелденіп алған қоры мол жүйелі тіл жаңа дәуірде ойды өзі туатын болып жүр.» [48,103б]. Жазушы бүгінгі күннің адам мен тіл арасындағы мәселені сөз етіп, сыни көзқараспен қарайды. «Адамдар тілдің құлына айналды. Үнемі тілдің жетегінде кетеді, ойына бұйырып тұрады, айтпайтын пайымын айтқызады.Өстіп, мәтіндер түсініксіз бола бастады, өмір мен пәлсапа қайшылыққа түсті, ойдың табиғаты бұзылды, тіл дертке ұшырады.» [48,104б]. Жазушы адамдар санасындағы болмысты логикалық түрде шебер суреттеп жазады. Бүгінгі ұрпаққа тәрбиелік мәні бар. Сөздерінде жаңа бағытқа талпыну бары байқалады. Жазушының ел өміріндегі өзекті мәселесі бүгінгі ұрпаққа, оқырманның ойына, санасына елеулі роль атқарады деп білемін. Жазушы өмірдегі елеулі тіл мәселесін өзінің астарлы ойларымен ашып жазған. Бүгінгі жастарға өнеге ретінде шеберлікпен жазған. Қаламгер Әбділдә Тәжібаевтың жазған «Жаданов әңгімелері» деген туындысы шығармашылық адамының қалыптасу жолына арналған. Повесте бас кейіпкер Әскербек дейтін компазитор жігіттің авторға жазған хаттарынан тұрады. Әскербек адамгершілік, адал махаббат жолында көптеген қиыншылықтарға, кедергілерге ұшырығанмен, өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, қайта іштей түлеп, қайрала түседі. Алғашқы махаббат оның бойындағы табиғи талантты жебеуші күшке айналады. Жадановтың немересі Әскербек пен Әбділдә екеуінің кезігу әңгімелерін қызықты етіп жазған.
«-Көңілдірек отыру үшін, қызулырақ отырмаймыз ба, Әскербекжан?
-Ол ерік өзіңізде болсын аға. Сіз бұйырсаңыз, барлық қызметіңізге әзірмін.». Әскербектің атасын естеріне ала, атасының мінездерін, қылықтарын, ұмытылмастай бір кездерін естеріне алып, мына бір еске алу әнінде жазушының сөзге шеберлігін көресіз. Әбділдә мен Әскербек атасы Жаданды есіне алғандағы әскербектің айтқан өлеңін шебер тілмен өрнектеп жазған:
«Білмеймін, безіндім бе, жеріндім бе,
Көп жұрт менің қалмапты көңілімде.
Атам менің әлі тұр көз алдымда,
Ұмыта алар емеспін өмірімде...». «Осы Әскербектің «ата мінезі» дегені де солғай» деп, Әлібекке қарап мінез- құлқына, іс-әрекетіне, айтқан әніне қарап, атасының мінезіне, қылығына ұқсатып жазушы шебер сомдады. Әскербектің қоңыр үнмен айтқан әніне қарап, Әбділдәнің алдында Балуан Шолақ тұрғандай елестеуін жазушы ән сазын естігенде таңдана, буырқана тыңдайды. Сол жердегі әнші мен табиғаттың нәзік бір әдемі кінәсіз бейнесін көз алдына елестете ойлап жазған. «Көз алдыма Балуан Шолақ тұрғандай елестеді. Күшті-қуатты жандар көбінесе-ақ көктемнің желсіз, шуақты күніне ұқсайды екен ғой. Әнеки гүлдер ашылды, әнеки көбелектер қанаттанды, балуан ақын соның бәріне қуанышты, сол мерзімнің әр минуты ол үшін таусылмас, сарқылмас бақытпен тең.». Жазушы осы Әскербектің әніне қарай өзінің жаны ашығандағы ойын жазған. Әскербектей жас жігіттің жайын кім ауыртады екен деген сияқты ойларын басып көрсетіп жазған. Әскербек екеуінің аға мен інідей қарым-қатынастары жақын болып кеткенін Әбділдә шабыттана асқақтай жазған. Әбділдә Тәжібаевтың әңгімелеріндегі Әскербектің «Үшінші хатында» туындысы Әскербектің басынан кешкен оқиғалары жайында айтылады. Әрі достарымен кездескені жайында жазушы қарапайым жігіттің өмірінің күрделі әрі қызықты етіп жазған. Әскербектің қызы Гаухар туралы әдемі жазған. Достары Бекенжан, Сапаржан, Жамила. Жазушы Әскербектің өмірін, түр тұлғасын Балуан Шолаққа теңеп әншілердің үздік дәстүрін жалғастырушы ретінде қараған. Әскербек достарымен көңілді, алаңсыз, ойнап, күліп жүргенін кісіге үйір болатын тұнық жүректен, ақ жарқын жігіт екенін көрсетіп жазған. Жазушы Әскербектің қиыншылыққа төзімді екенін, өмірге деген құштарлығын жазған. Оның бойындағы мінез-құлығындағы сол жақсы қасиеттерді әңгіме арқауында келісті көрсеткен.
Жазушы атанған әйел заты кеше түгіл, бүгін де сирек. Соның бірі- жазушы, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаева [49]. Әдетте жас қаламгерлердің еңбегі еленбей қалуы да мүмкін. Айгүл Кемелбаеваның балалар мен жасөспірімдерге арналған повестері өте қызықты. Оқушы жүрегін баурап алардай етіп өзінің өрнекті сөздерімен тізбектей жазған. Әңгімелері қазақ елі түгіл өзге де ел тілінде де оқылып жүр.
Айгүл Кемелбаеваның шығармалары балаларға, жасөспірімдерге арналады. Мектептегі балалардың бала мінездері, қалжыңдарын «Жаңадан келген қыз» атты туындысынан көруге болады. Балалардың диалогі: Кейіпкерлер: Әділ, Наташа Русланова, Витя, Жанар Болатовна (мұғалім), Берік (оқушылар). Әділдің қандай бала екенін ашқан.Балалардың бір-біріне деген қарым-қатынастарын, балалық ойларын ашып жазған. Оқушылардың балалық мінездерін, мұғалімдерімен қарым-қатынасын ашқан. Оқырман балалық шаққа саяхат жасайды деп ойлаймыз. «Тың» селосын таныстыру жайында оқырман оқушыға сол село мен табиғатты ұштастырып, өрнектеген. Жазушы селоның табиғатын, тіршілігін көркем, астарластыра суреттеген. «Түп-түзу көшелері жасыл баққа оранған әдемі мекенжай батысында қол бұлғаған қоңыр таулар сілемімен, жағалай көз тұндырған егінді алқаппен әдіптеліп әдемі суретке айналған.» [49,6б]. Осы бір ауылды оның әсем табиғатын оқырманға таныстыру ретінде әрі қысқа, әрі нұсқа түрінде шебер тілімен өрнектеген. «Дина» атты туындысы оқушылардың мұғалімдермен қарым-қатынасын ашады.Жаңа оқу жылындағы жаңадан келген мұғалім мен балалардың арасындағы қарым-қатынасты өзінше бір леппен суреттеген. Қылжақбас Әділдің жаңадан келген мұғалім Жанар Болатовна екеуінің әңгімесін оқушы мен мұғалім арасындағы қызықты әңгімелерді суреттеген. «Әділ, балалар,- деді мұғалима шын ниетімен,-мен сендердің ұстаздарыңмын, дос болуға, бір-бірімізді түсінуге құштармын.Адал, мейілінше достық қарым-қатынаста болғым келеді.» [49,9-10б]. деген мұғалімнің оқушыларға деген достық қарым-қатынас жайында сөз етуін жазған. Тәрбиелік мақсаты бар. Осы сегізінші сынып оқушыларының бала мінездерін жазған. Оқушыларға қызықты туынды.
Қазақ әдебиетінде қарымды қаламымен, өткір тілімен ерекшеленіп жүрген жазушы Болат Қанатбаев. Жазушының әңгімелері қарапайым адамдардың өмірі, олардың тылсым тіршіліктері жайында, Кейіпкерлерінің өмірін ашқан. Адамдардың сан қилы мінез-құлықтары ашқан. Еңбек адамдарының сан қилы болмыс-бітімі, адамгершілік қасиеттері суреттелетін әңгімелер. Әр әңгімедегі кейіпкерлердің өмірі әр түрлі. Қарапайым жұмысшылардың тұрмысын жазған. Жазушы өзінің сөз шеберлігімен әңгімелерін табиғатпен астарластырған. Жұмысшылардың жұмыскерліктерін бейнелеген. Теңіз бойындағы еңбекшілердің өмірі арқылы әңгімесінің тақырыбы мен мазмұнын ашқан. «Керек адам» әңгімесінің бетін ашайық. «Бұрғышылар оны Шойқара дейтін. Шын аты – Нәрен. Бірақ бұл ешкімнің есінде жоқ. Расында ондай Шой қара жоқ. Бетаузының қаралығы кәдімгі жұмысқа киетін керзі етіктің қонышындай еді». Осы Шойқара атты Нәреннің кескін келбетін, мінез-құлқын, сырт пішінін, жұмысқа қалай беріліп істейтінін, еөбінде ауыл бетін көрместен далада жүретін жұмысшы екенін ашып жазады. Кейіпкерлері: Шойқара, енесі, қызы Күләнтай, механик, Қалаубай. Осы механик пен Шойқара арасындағы қарым –қатынасты, ауылдағы көріністі, Шойқараның тіршілігін жазушы былай көрсетеді: «Ең басты кемшілігі – ішеді.Ішкенде «түбін түсіреді.» «Анда-санда поселкеге бара қалса, дүниені ұмытып, ес-түсін білмей «жатып» ішеді. Сосын да сосын да механик ауылға жолатпауға тырысады». Осы Калоннадағы механик жұмысшылардың тіршілігін, шаруалардың, қарапайым еңбек адамдарының қасиеттерін, олардың халін, бітімін, болмысын туындыдан көре аламыз. Осы Шойқара өзінің Күләнтайын (қызы) сағынғанын әдемі бір бейнемен суреттеген. Самолетпен келгендегі Шойқараның үй ішінің көрінісі: «Шойқара үйінің есігін шұқылап жүріп зорға ашты.Таттанып қалыпты. Анадан кетерде ішкен арақтың бөтелкелері сол күйі шашылып жатыр». Шойқараның енесі, қызы үшеуінің бірін-бірі сағынып бас қосқан сәттерін жазушы шығармада тұтас бітімін шығарып жазады. Жазушы Шойқара деген қара жұмысшының өмірін, жанұясымен қарым-қатынасын ашып жазады. Оның қарапайым қара жұмысшы екенін, кей сәттерде ішіп кететінін, өзімен бірге жұмыс істейтін жұмыскерлерге оның қылығы, мінезі мінезі мәлім екенін осы көркем шығармадан көре аламыз. Осы бір қара жұмысшы Шойқараның мінезін әр тараудан, оның бейнесін, характері әңгіменің тұтас бітімімен көз тартады. Шойқара баласы Күләнтайды қалай жақсы көріп, сағынатынын суреткер өз кейіпкерлерінің характерін жасайды. «Бурматрос» әңгімесінде ауыл баласының мінезін айшықты суреттейді. Баланың арманын көрсетеді. Баланы жұмысқа бұрғышы қылып қабылдағаны жайлы жазып, меңіреу даладағы бұрғышылардың өмірін суреттейді. Автор барлау-бұрғылау экспедициясындағы қазақ жігіттерінің іскерліктерін, қылықтарын қарым-қатынастарын жазған. Кейіпкерлер: Бала, әкесі, апасы, Мырзахан, экспедиция бастығы Өзденбаев, Ақаев, Қаратаев, Меңдібай, Ада, Марғау, Рысаев, Бәйсекең, Зылиқа-аспазшы (жұмыскерлер). Құбырда жұмыс істейтін жұмысшылардың қарым-қатынастарын, өзінің өмірден алған шынайлылығымен көрсетіп жазған. «Бастық келіп Сүке, қанша қаздыңыз?... Иә,иә ол кезде міндетті түрде маған «Сүке», «сіз» деп сөйлейді ғой. Қазіргідей «Сүкеш» демесі анық қой. Мен аузымда папирос, әри-не: «М-м, он шақты метр болып қалар-ау, сірә?! демін ыңырана сөйлеп...». Жұмыс әрекеті барысында қазақ жігіттерінің бет-бейнесін, жұмыс адамының келбетін нанымды тілмен жазған. Жұмысшылардың кескін-келбетін, мінездерін, бір-біріне деген қарым-қатынастарын, осы жердегі тіршіліктерін, олардың іс-әрекетіне қарай, жасап жатқан жұмыстарына қарай кейіпкерлердің сапаларын анықтайды. «Сонымен бәріміз шай ішіп отырмыз. Бұрғышы Бейсекең, көмекшілері – Ада, Марғау, Мырзахан, моторист, Меңдібай және мен. Түнгі кезекті таңғы сегізде тапсырып, біраз ұйықтап, күн қыза «вагон – магонның» ішінде уфілеп- ахылап, қара терге малшынып, енді шай ішіп, жан шақырып отырған түріміз бұл». Бұл жердегі жұмысшылардың ішкі рухани дүниесін көркем, терең талдаған. Адамдардың болмыстарын танытып, олардың өміріне ізденіспен орынды сараптап жазады. «Аспан ашық еді. Көгілдір көкте зәредей де бұлт жоқ болатын. Шығыстан жел тұрды. Мөлдір аспан төріне әлдеқайдан аппақ-аппақ «айсбергтер» қалқып келе бастады. Сансыз көп ақша бұлттар бірінен соң бірі будақ- будақ көшіп жатыр». Вагон жанындағы бұрғышылар өмірінің жалғасуын табиғат бейнесімен ұштастырып, шебер көркемдеп осы туындыны тәмамдайды. Болат Қанатбаевтың тағы бір туындысы «Теңізден ескен жел» әңгімесі. Теңіздің күңіренісін былайша көңілсіз күймен бейнелейді. «Қымыздықтың жидегі қызарып толысқан,жапырағы қауышып, ызғырық желмен ызыңдап, жағымсыз ән салады. Ұлы теңіздің көкшіл –жасыл тұңғиық түсі оңып, қара барқын қалың бояуға малынып, ауыр тартқан. Тынысын тереңнен алып, толқыны күдірейіп төңкеріле тұтас келеді де, жағадағы қожыр-қожыр жартастарды солқ еткізіп, ыңырана, ышқына соғады». Күз кезіндегі теңіз бойындағы көпір, үй көріністері, су айдайтын мұнара көріністері, су айдайтын мұнара көріністерін табиғатпен бірге байланыстырып әдемі келбетпен өрнектеген.Осы жерде тұратын Ұлбосын деген кемпірдің тұрмыс- тіршілігін, келбетін, күйбеңдеп жүрген кәрі адамның бет-бейнесін тартымды кестелеген. Кемпір қос уыс ұнды табаққа салып, біраз әурелеп, домдап-домдап илеген болды. Қамырдың иі қанбаса да, қалыңдау етіп жазды. Екі қары салдырап, лезде шаршап қалды». Теңіз бойындағы өмірді, кемелерді, балықшыларды, сол жердегі кемпірдің тыныс- тіршілігін суреттейді. «Қара күз. Аспан қара сұр. Теңіз үстінен ертеңді-кеш қара қошқыл шуда бұлттар аласапыран үдере көшеді.Ызышуыт, қым-қуыт боп шулаған шағалалар. Жар басында жапырайған жалғыз үй қож-қож жартастардың бауырына тас кенедей жабысып, тығыла түскен. Мұржасынан түтін көрінбейді. Одан әрі құлазыған ескі жұрт қоңыраяды. Әлдеқайдан ит ұлыды. Етекте көк- жасыл теңіз ышқына дөңбекшіп, мәңгілік әніне басып, бұрқырап жатыр». Балықшылардың өмірін,тұрмыс тіршілігін, жар басындағы жалғыз кемпірдің үйін табиғат бейнесімен астарластыра байланыстарған. Болат Қанатбаевтың бұл шығармалар жинағынан барлаушы бұрғышылар мен теңізшілердің тұрмыс тіршілігі, қарапайым еңбек адамдарының сан қилы болмыс-бітімі, мінез- құлық, адамгершілік имандылық қасиеттері суреттелетін шығармалар өзінің өмірден ойып алынған шынайлылығымен, нақты да дәл қанық бояуымен көңіл тұшынтады.
Достарыңызбен бөлісу: |