Орман фитопатологиясы Дәріс сабақтарының конспектісі



жүктеу 1.7 Mb.
бет7/9
Дата09.06.2016
өлшемі1.7 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9

29 Базидиомицеттер – Basidiomycetes класы
Барлық қалпақты саңырауқұлақтарға жататын базидиомицеттер жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтардың екінші класы. Мицелийі жақсы жетілген, екі ядролы клеткадан құралған. Жынысты спора құраушы мүшесі болып базидий есептеледі. Базидий бір клеткалы не көп клеткалы. Жыныссыз конидиальды спора тасушы мүшесі қалталы саңырауқұлақтарға қарағанда аз тараған. Клетка қабықшасының құрамында хитин және глюкан болады.

Базидиомицеттерде мицелийлердің дамуының үш кезеңі болады. Мицелийдің дамуы базидиоспораның өсуәінен басталады. Ол өне келе алғашқы бірінші ретті гаплоидты мицелийді береді. Гаплоидты мицелий бір ядролы жіне көп уақыт тіршілік ете алмайды. Әр жынысты споралардан дамыған гифалар қосылып анастомозға ұшырап, екі ядролы екінші ретті дикарионды мицелий құрайды. Мицелий гифаларының ұштары қосылған уақытта плазмогомия процесі ғана жүреді, әр жынысты ядролар қосылмайды, олар бір-бірімен жақындасып дикарион түзеді. Үшінші ретті диплоидты мицелий, дикарион ядроларының қосылуы нәтижесінде жемісті денелерде түзіледі. Базидиалды саңырауқұлақтардың мицелийлері әртүрлі пішінді, құрылысы да әртүрлі келеді.

Базидиомицеттерде жынысты спора құру – базидиоспораның түзілуімен аяқталады. Базидиоспора ерекше өсінділерде – базидийлерде түзіледі. Базидий екі ядролы – дикарионды мицелийлерден құралады. Арнаулы жыныс мүшесі болмайды. Жыныс процесі екі вегетативтік гаплоидты базидиоспорадан түзілген мицелий гифаларының ұштарының қосылуынан дикарион түзіледі. Одан соң клеткадағы дикарион ядролары қосылып диплоидты ядро түзеді. Зигота ядросы екі рет бөлініп 4 гаплоидты ядро құрады. Осы уақытта зигота қабығы жоғары қарай қапшық пішінді ұзарып өседі, оны базидий деп атайды. Базидийдің жоғарғы жағынан өсінділер пайда болып, оларт үйреуіштің басы сияқты қампиып өседі де, оның стеригма деп аталатын жіңішке сағағы арқылы әрқайсысына редукциялы бөлінудің нәтижесінде түзілген гаплоидты ядролар өтеді. Сөйтіп жыныс процесінің нәтижесінде 4 гаплоидты базидиоспора құралады. Базидиоспораның құралуы аскоспоралардың құралуы сияқты күрделі жолмен түзіледі.

Базидиомицеттердің дикариондық мицелийлердің екі ядросы бір мезгілде қатар бөлінеді де, пайда болған екі жұп ядролардың аралығында перде құралады. Базидиомицеттердің екінші біреулерінде дикарионды мицелийлер күрделі жолмен көбейеді. Дикарион бөліне алдында оған қарама-қарсы гифаның бүйірінен базальды бөліміне қарай иілген бүйір өсінді шығады.

Бөлінетін ядролар өсіндіге қарай сәл көлбей орналасады да, бөлінген кезде оның біреуі сол өсіндіге өтеді. Екі қарама-қарсы жынысты бір жұп ядроның бір сыңары гифаның төменгі (базальды) жағына қарай ауысады. Содан кейін гифа бүйір өсіндінің тұсынан пердемен бөлінеді, бұл кезде өсіндінің өзі де дистальды жағынан пердемен бөлініп қалады. Бұдан соң бүйір өсінді гифаның базальды клеткасына қарай иіліп, шеттерімен түйіседі. Түйіскен жерінде тесік пайда болып, қарама-қарсы жынысты ядролар түзіледі. Бұл бүйір өсіндісінің гифамен бірігіп, қосылып кетуін «қапсырма» (тоға) деп атайды. Морфологиялық жағынан алғанда қапсырманың түзілуі қалталы саңырауқұлақтың аскогондік гифаларының ілгектеріне сәйкес келеді.

Базидиомицеттердің жемісті денесі сырт пішіні және консистенциясы жағынан әр түрлі. Олар тор, жұмсақ, көн, таға сияқты қатты не түбірі бар қалпақты етті жұмсақ болып келеді. Жемісті дененің спора құратын қабатын гимений деп атайды. Ол қарапайым түрлерінде жемісті дененің жоғарғы жағында, ал күрделі құрылысты түрлерінде төменгі жағында орналасады. Гимений қабаты базидий мен базидиоспорадан және парафизден тұрады. Жемісті дененің гимений өсетін қабатын гименофор деп атайды. Қарапайым базидиомицеттерде гименофор қабаты тегіс, ал күрделі құрылысты түрлерінде пластинка, түтік, иректелген тіс пішінді болып, жемісті денесінің төменгі жағында орналасады.

Күрделі құрылысты базидиомицеттердің жемісті денесінің дамуының құрылысына қарай негізінен 3-ке бөлуге болады. Гимнокарпты – жемісті денесінің гимений қабаты алғашқы дамуынан спора жетілгенге дейін ашық келеді (Russula, Hygrocybe, Camarophyllus, Marasimius). Гемиангиокарпты – саңырауқұлақтың жемісті денесінің гимений қабаты алғашқы даму сатысында жабық, спораның жетілуіне қарай ашылады (Agaricus, Volvariella, Cortinarius т.б.). Жалған ангиокарпты жемісті денесінің алғашқы дамуында гимений қабаты ашық болады, кейін қалпақтың жиектерінің ішке қарай иіліп өсуіне байланысты жабылады.

Көпшілік агарикалықтардың жемісті денесі гемиангиокарпты. Олардың жемісті денелерінің жеке және жалпы жамылғылары болады. Олар қорғаныш қызметін атқарады. Жалпы жамылғы жас жемісті денені жауып тұрады. Жемісті дене ұлғайған уақытта жамылғы жыртылып төменгі жағы түбірдің түбінде тостағанша сияқты қалып қойса, жоғарғы жағы қалпақтың үстіңгі жағында ұсақ қабыршақ түрінде қалады (Amonita phalloides, A.muscaria), кейде жойылып кетеді (Hygrophorus). Жеке жамылғы гименофорды, кейде түбірді ғана жауып тұрады. Жемісті дененің жетілуіне қарай қалпақтың жиегінен жыртылып түбірде сақина қалады, не түбірде жыртылып қалпақтың жиегінде қалады (Agaricus, Lepiota). Қалпақтарының формалары жастықша, воронка, жұмыртқа, бүйрек т.б. пішінді болып келеді. Жеміс денесінің жұмсағы негізгі және дәнекер тіндерден тұрады. Негізгі тін қалың қабықты гифалардан құралса, дәнекер тін жұқа қабықты гифалардан құралады. Бұл тіндерде қор заттарын, керексіз заттарды өткізіп отыратын арнаулы өткізгіш гифалары болады.

Базидий құрылысына қарай бір клеткалы, көп клеткалы болады. Бір клеткалы базидийді холобазидий деп атайды. Базидий екі бөлімнен тұруы мүмкін: төменгі кеңейген бөлімін гипобазидий, ал жоғарғы өсіндісін эпибазидий деп атайды. Эпибазидий көп жағдайда 2 не 4 бөліктен тұрады, гипобазидийден перде арқылы бөлініп тұрады. Мұндай базидийді гетеробазидий деп атайды. Базидийдің үшінші типінде базидий көлденең перде арқылы 4 клеткаға бөлінеді. Олардың бүйір жағының әрбір клеткасынан бүйірлік базидиоспора түзіледі. Мұндай базидийді фрагмобазидий деп атайды. Фрагмобазидийдің басқа базидийден айырмашылығы оның клетка қабықшасы қалың тынышталған клеткадан құралады. Бұл класқа 1300-ден (30000) астам түрлер жатады. Базидиомицеттер базидийдің құрылысына қарай: холобазидиомицеттер, гетеробазидиомицеттер және телиобазидиомицеттер немесе фрагмобазидиомицеттер болып үш класс тармағына бөлінеді.

Холобазидиомицеттер – Holobasidiomycetidae класс тармағы

Базидийі цилиндр пішінді, клеткаға бөлінбеген бір клеткалы. Класс тармағы экзобазидиялық қатарына, гименомицеттер мен гастеромицеттер қатарлар тобына бөлінеді.

Экзобазидиялық – Exobasidiales қатарының көпшілік өкілдері жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің паразиттері. жемісті денесі болмайды. Базидий мицелийде орналасады. Одан 2-4-6 базидиоспора түзіледі.

Экзобазидиялық саңырауқұлақтың бізде Алдамшы жаңғақтың (Juglans fallax) жапырағында, кейде жас жемісінде «ақ теңбіл» атты ауруды қоздыратын Microtroma juglamdis түрі ғана кездеседі, ол паразитті тіршілік етеді.

Бұл аурумен ауырған уақытта жапырақтың жоғарғы жағында сары түсті уақ дөңестеу теңбілдер пайда болса, төменгі бетінде ақ түсті тозаңдар-конидиялар түзіледі. Ауру жаз бойы таралады. Саңырауқұлақ жерге түскен жапырақтарда, өркенде қыстап шығады. Аурудың салдарынан жапырақ ерте түсіп қалып, жаңғақтың өнімі кемиді. Бұл аурумен күрестің басты шарты 1% бордос сұйығын бүркеді.

Гименомицеттер – Hymenomucetiidae қатарлар тобы базидиомицеттер класының негізгі белгілерімен сипатталады. Бұлардың негізгі ерекшелігі болып базидий дамитын ерекше гимений қабатының болуында. Бұл қабат цилиндр пішінді бір клеткалы базидий мен олардың арасында болатын жеміссіз клеткалар – парафизден тұрады. Гимений қабатында ірірек әртүрлі пішінді тұқым қуалайтын цистид деп аталатын клеткалардан басқа, қылтанақтар, глеоцистидалар, пегалар болады. Қылтанақтар цисталардан түстері арқылы айырылады. Сілті ерітіндісне салған уақытта түсі қараяды, ал цисталар түсін өзгертпейді. Қылтанақтар гимений сирек трама қабаттарында құралады. Қылтанақтардың үш жағы бұйраланып келеді. Глеоцистидалар қампиып созылған клеткалар, құрамында жарықты сындыратын заттар болады. Жарықты Armillariella mella және Pleurotus, Collybia туыстарының түрлері шығарады. Жарық жыныс алу процесі жақсы жүретін гименофер қабатынан шығады. Оған негізгі себеп болатын люцифераза ферментінің қызметі нәтижесінде жарық шығаратын люциферин затын бөледі. Пегалар гименийдің жоғарғы жағында топталып орналасқан гифалардың ерекше жиынтығы. Цистидол цистидқа ұқсас екі жақ ұшы, кейде төменгі жақтары жіңішкерген ұзын клеткалар.

Жемісті денесі әр түрлі, пішінді төсемікте жайылып жатқан жалпақ құймақты формадан пластинка, таға тәрізді формаға дейін дамиды. Одан әрі даму төсеміктен көтерілген түбірі мен қалпағы бар формаға қарай ауысқан. Гименимицеттердің көбі – топырақ және өсімдік қалдықтарының сапрофиті. Біраз түрлері – ағашты өсімдіктердің паразиттері. Топырақ сапрофиттерінің көпшілігі ағашты өсімдіктердің тамырымен селбесіп тіршілік етіп, микоризма түзеді. Селбесу жеміс салу үшін өте қажет, сондықтан, мұндай саңырауқұлақтар тек ағашты өсімдіктердің жанында өседі. Гименомицеттердің көбінің мицелийлері көпжылдық, олар төсеміктің ішінде қыстап шығады. Жемісті денелері көп уақыт тіршілік етпейді. Вегетативтік мерзімі кейбіреулерінде бірнеше күнге, не сағатқа созылады. Одан кейін не ағып кетеді (Coprinus), болмаса біртіндеп шіриді. Екінші жағынан ағашқұлақтардың көбісінде жемісті денелері бірнеше жыл өмір сүреді: жемісті денелерінің мөлшері әр түрлі 0,2-0,5 см-ден қалпағының диаметрі 72 см-ге дейін болатын Polypilus frondosus-тың салмағы 20 кг. Гимениальды саңырауқұлақтардың жемісті денелерінің аса ірі болып келуі жиі кездеседі. МЫсалы, қалпағының диаметрі 57 см, түбірінің ұзындығы 52 см, салмағы 2 кг 720 г болатын Ақ саңырауқұлақ (Boletus edulis) және 5,5 кг салмақты Дала қозықұйрығы (Agaricus campester) табылған. Жеміс денелерінің ірі болып келуі ауа райының қолайлығы мен төсемікте қоректік заттардың жеткілікті болуына байланысты.

Гименомицеттерді жеміс денесіне қарай афиллофоралықтар және агарикалықтар деп 2 қатарға бөледі.

Афиллофоралықтар – Aphyllophorales қатары

Бұл қатарда 270 астам түрлері кездеседі, оның 14 түрі тек Қазақстан жеріне тән эндемиктер (Ramaria altaica, Sparassis kazachstanicus, Fibuloporia kazachstanica, Amyloporia turkestanica т.б. түрлер мен Sparassiella туысы). Афиллофоралықтар қатарына гименофор қабаттары әр түрлі, тек пластинкалы формалары болмайтын саңырауқұлақтар жатады. Афиллофоралықтардың қарапайым құрылысты түрлерінде жемісті денесі толық жетілмеген тор, борпас киіз, төсемікке жайылған құймақ пішінді келеді, ал басым көпшілігінде күрделі тұяқ пішінді формадан қалпағы мен түбірі бар формаға қарай дамыған. Қарапайым түрлерінде гименофоры жемісті денесінің жоғарғы жағында орналасса, ал күрделі құрылыстыларында жемісті дененің жоғарғы жақ бөлімінен төменгі жағына қарай ауысуы байқалады. Гименофоры қарапайым құрылыстыларда тегіс, сүйел пішінді, ал күрделілерінде әркелкі формалы, күрделі құрылысты түрге қарай дамыған. Жемісті денесі етті жұмсақ, құрғақ тығыз, сіре, ағашты бір не көп жылдық. Жемісті денелерінің де пішіндері әртүрлі, аздаған түрлерінде қалпағы мен түбірі болады. Гимений қабаты көптеген базидиол (жетілмеген базидий), гифид (гифтық ұшы), цистид және қылтанақтардан тұрады. Базидийлері перделерге бөлінбеген. Онда 4 сирек, 2, 6, 8 спора жетіледі.

Афиллооралықтарды жемісті денесімен гименофордың және базидийдің құрылысына қарай 11 тұқымдасқа бөледі. Олардың ішінде ең бастылары болып Meruliaceae, Polyporaceae, Clavariaceae, Cantherellaceae тұқымдастары есептеледі. Ағашқұлақ саңырауқұлағы (трутовик) ағаштарға, ағаш сүректеріне үлкен зиян келтіреді. Бұлардың көпшілігі ағаштың діңіне бекініп өседі. Ағашқұлақтың әр ағаш түріне бейімделу қасиеттері де әр түрлі болады.

Үй саңырауқұлақ – Meruliaceae тұқымдасының жемісті денесі құймақ пішінді жайылып жатады, шеттері қайырылған, көлемдері мен формасы әр түрлі, жас кезінде етті жұмсақ, жарғақты, іркілдек келеді. Есейіп кеткен уақытта мүйіз пішінді қатты қабыршақты келеді. Гименофор қатпарлы торлы, ұялы түтікті, сирек тегіс. Гименофордың бетін гимений тұтас қаптап жатады. Споралары әртүрлі пішінді, түссіз не түсті. Үй саңырауқұлағының 20-дай түрі кездеседі.

Нағыз үй саңырауқұлағы (Serpula lacrymans). Бұл үй саңырауқұлақтарының ішіндегі ең қауіпті зияндысы. Ол тек ағаштан жасалған құрылыстарда ғана пайда болады. Бұл еденді, ағаштан жасалған үй, подвал қабырғаларын шірітіп, шаруашылыққа көп зиян келтіреді. Ағаштың шіріген сүрегінің жоғарғы бетінде мақта тәрізді жиналып өседі, кейіннен олар жұмсақ құймақ пішінді болып, төсемікке жайылып кетеді. Алғашқы уақытта ақ түсті, кейін сарғыш, күлгін, ақшыл көк түстерге ауысады.

Үй саңырауқұлағынан ұзындығы бірнеше метрге жететін сұр түсті жіптер – ризоморфалар өседі. Ол этаждан этажға үйдің кірпішті қабырғалары арқылы созылып жатады.

Үй саңырауқұлағы тұқымдасына 13 түр жатады. Бұлар әртүрлі ағаштардың түбірінде, діңінде, бұтақтарында паразитті және сапрофитті тіршілік етеді. Үй саңырауқұлағы споралар мен мицелийдің бөліктері арқылы таралады. Саңырауқұлақ дымқылдығы 19-20 пайызға дейін баратын ағаштарда жақсы өседі. Бұл саңырауқұлақтан қорғанудың басты шарты – құрылыстың санитарлық ережелерін толық сақтау, саңырауқұлақпен зақымданған ағаштарды өртеп жібері, сонымен қатар, құрылысқа қолданатын зақымдалмаған ағаштарды фторлы натрий, смола және басқа химикаттармен өңдеу.

Ағашқұлақ – Polyporaceae тұқымдасының жемісті денесі резупинатты, көпшілік жағдайда тұяқ пішінді, бүйірлері арқылы төсемікке бекінеді. Гименофоры түтікті, шытырман бөлшекті не пластинкалы. Гименофор жыл сайын жаңадан өсіп отырады, оның қабатының санына қарай жасын айыруға болады.

Ағашқұлақтардың жемісті денесі генеративті, қаңқа (скелетті) және байланыстырушы болып үш түрлі гифалардан тұрады. Генеративті гифалар жұқа қабықты перделерге бөлінген, аздап тармақталған, ұштары кейде тоға басты. Одан алдымен қаңқа және байланыстырушы гифалар дамиды. Қаңқа гифалары қалың қабықты, тармақталмаған, пердесіз жемісті денеге мықтылық қасиет береді. Байланыстырушы гифалар қалың қабықты сирек перделерге бөлінген, көп бұтақты бір-бірімен матасқан, өсуі шектелген. Жемісті денелердің құрылысында мономитикалық, димитикалық және тримитикалық гифалар системасы болады. Мономитикалық система тек генеративті гифалардан құралған. Димитикалық система генеративті және байланыстырушы гифалардан тұрады. Тримиткалық система генеративтік, қаңқалы және байланыстырушы гифалардан құралады.

Нағыз ағашқұлақ (Fomes fomentarius) жемісті денесі сүректелген, қатты, шірімейтін, көп жылдық. Жыл сайын көлемі ұлғайып, гименофорасының бетіне жаңа қабат өсіп отырады. Гименофор қабаты жеміс денесінен бөлініп алынбайды. Ағашқұлақтың гименофоры жеміс денесінің төменгі жағында тұратын тік түтікшелер түрінде болады. Түтікшелердің іші гимений қабатымен қапталған, олар бір-бірінен матасқан гифалармен бөлінген.

Гимениальды қабаттан парафиздер және олардың арасында базидий мен базидиоспоралар көрінеді. Пісіп жетілген кезде базидиоспоралар стеригмадан біраз жерге атылып шығады да, түтікше қуысының бойын қуалай төмен түседі, сөйтіп, оны ауаның ағыны алып кетеді. нағыз ағашқұлақтың жемісті денесі сұр түсті.

Жалған ағашқұлақтың (Phellinus igniarius) жемісті денесінің жоғарғы жағы жарылған қоңыр сұр түсті. Fomitopsis annosa ағашқұлағы қылқан жапырақты өсімдіктердің тамырларында «тамыр жұмсағы» атты қауіпті ауру қоздырады.

Қайың ағашқұлағының (Piptoporus betulinus) жемісті денесі жастық не бүйрек пішінді, шеттері ішіне қарай қайырылған, жоғарғы жағы дөңес, бір жылдық қысқа түбірі арқылы бекінеді. Жемісі ақ, не сұр түсті тығын сияқты жұмсақ келеді.

Чага қайыңқұлағы (Inonotus obliquus) саңырауқұлағының үлкендігі жұдырықтай спорасыз жұмыр қара түсті, сырты жарылған, томпақ. Бұл паразит ағаштың өзегін шірітеді. Оның қайнатылып алынған тұнбасын шай орнына пайдаланды. Чаганың тұнбасын үздіксіз пайдаланғанда адамның жұмыс істеу қабілеті күшейеді, шаршағаны білінбейді. Оның тұнбасымен гастрит ауруын емдейді. Қазіргі кезде бұдан рак сияқты өмірге қауіпті ісіктерді жаңа басталған кезінде қайтаратын арнаулы чаго препараттары дайындалады.

Polyporaceae тұқымдасына 150-ден астам түр жатады. Олардың ішінде Inonotus iliensis, I.pseudohispidus, Phellinus Kravtzevii; Ph.torulosus эндемиктері терек, жүзгін, маймылжиде, қарақат, ұшқат, долана т.б. өсімдіктердің сабағында, жапырағында, тамыр мойнында паразиттік, тіршілігін жойған мүшелерінде сапрофиттік тіршілік етеді. Мицелий ағаш сүрегінде үлкейіп өседі және ферменттері арқылы пектин заттарын, лигнинді және целлюлозаны ерітеді. Соның салдарынан сүрек үгітлгіш кеуек келеді. Ағаштығ жоғарғы ұшы қурайды да, оны жел оңай құлатады. Мұндай тіршілігін жойған ағашта ағашқұлақ саңырауқұлақтары сапрофитті тіршілікке көшеді. Қайың чагасы алма, қарағаш, үйеңкі, бүк, шетен ағаштарында да өседі.

Polyporus туыстасына 10 астам түрлер жатады. Жемісті денесінің формасы, консистенциясы әр түрлі. Ол қалпақтан, түбірден тұрады. Тіні ақшылдау не сарғыш келеді. Гименофоры түтікті не ұяшықты. Гимений қабатында қылтанақтары болмайды. Споралары жұмыртқа, эллипсоид пішінді. Бұл туыстасқа жататын саңырауқұлақтар әр түрлі өсімдіктерде, өсімдік қалдықтарында паразитті. сапрофитті тіршілік етеді. Бұл туыстасқа Орталық Қазақстан аймағынан ғана табылған сирек кездесетін Тамырсүйгіш полипорус (Polyporus rhizophilus) эндемик саңырауқұлағы жатады. Бұл даланың жабайы астық тұқымдас сабағының түбімен симбиоздық байланыста болатын саңырауқұлақ. Жемісті денесі жұмсақ, етті, қабықты. Қалпағы дөңгелек, тегіс, ортасына қарай қабысқан ақшыл сары түсті, жеуге жарамсыз.

Тянь-Шань шетеніндегі P.forquignoni саңырауқұлағы қайыңда, еменде, бүкте және басқа жапырақты ағаштарда паразитті тіршілік етеді. Жемісті денесі етті қалпағы мен түбірінен тұрады. жемсіті денесінің ортаңғы бөлімі ішіне қарай ойысқан, диаметрі 1-5 см-дей, спорасы ұзын сопақша, эллипсоид пішінді, аздап иілген.

Паразитті ағашқұлақтармен күрестің басты шарты ағаш түбірлерін антисептиктермен өңдеу. Паразит жұққан ағаштарды кесіп алып, оның орнына жапырақты ауруға берік ағаштарды отырғызу жөн. Сонымен қатар, ауру пайда болған жерлердің ағаштарының арасындағы төсеніштер мен қураған бұтақтарды жинап алыс жерге апарып, өртеп жіберген дұрыс. Кейінгі уақытта әрбір ағашқұлақ паразитіне қарсы әртүрлі антисептиктерді пайдаланып жүр.

Мүйіз пішінді саңырауқұлақ – Clavariaceae тұқымдасының жемісті денесі тармақталған бұта пішінді, етті жұмсақ, жартылай қатты. Бұтақтары цилиндр пішінді, саусақ салалы, кейбір түрлерінің жеміс денесінің түбірі болады. Бұл тұқымдасқа 40 астам түр жатады.

Рамария (Ramaria) туысының 13 түрі кездеседі, оның R.altaica түрі эндемик, жемісті денесі етті, жұмсақ, бұтақты, тілім-тілім болып келеді. R.flava – сары рамария жеуге келеді. Жеміс денесі лимон түсті сары, түбірі жұмыр, ақшыл, жұмсағы ақ, ақ-сарғыш, сынғыш.

Түлкі құйрық (Cantharellaceae) тұқымдасы көп уақыт бойы агарикалықтар қатарына жатқызылып келді. Агарикалықтардан түлкі құйрықтың басты айырмашылығы біріншіден, гименофорларының шетіне қарай жұқарып, шеттері дөңгелектеніп, тегістеліп келуінде және пластинкалы гименофоры айырықты қатпарлы, екіншіден, көпшілік гименомицеттерде базидийдегі дикарион ядросы қосылғаннан кейін екі рет бөлінетіні белгілі. Мұнда бөліну ұршығы көлденең жатса, түлкі құйрықтыларда бөліну ұршығы бойлай жатады. Сары түлкі құйрық – Cantharellus cibarius орманды жерлерде өседі. Жейтін құнды саңырауқұлақ қатарына жатады. Оның құрамында В1, РР витаминдері, мыс, қалайы микроэлементтері болады.

Агарикалықтар – Agaricales қатары

Бұл қатар гименофорының пластинкалы не түтікті болып келуімен сипатталады. Гименофоры қалпақты жемісті дененің төменгі жағында орналасады. Ағашқұлақтарға қарағанда гименофоры жемісті денеден оңай айырылады. Түтікті гименофорды көлденең кескенде оның бір-бірінен борпылдақ тіннің жұқа қабатымен бөлініп тұрғаны көрінеді. Әр түтіктің астарланған бөлімі гифаның қалың қабатынан тұрады. Көпшілігінің жемісті денесі ересек кезінде шіритін бір жылдық жұмсақ етті. Біраз агарикалыларда (қозықұйрық, күздік тамырқұлақ т.б.), қалпақтың төменгі жағындағы гименийдің жас кезінде гифадан құралған, жұқа жамылғысы болады. Кейіннен ол жыртылып бір бөлігі түбірде сақина түрінде қалып қояды, оның төменгі жағы түбірдің түбінде тостағанша түрінде қалып қойса, ал жоғарғы жақ бөлімі қалпақтың үстіңгі жағында ұсақ қабыршақтар түрінде қалатындықтары (шабынжұт, солғын тамырқұлақ) жоғарыда айтылады.

Қалпақты саңырауқұлақтардың даму циклында дикарионды мицелий басым болады.

Жемісті денесі мен түбірі тек екінші ретті – дикарионды мицелийден тұрады. Үшінші ретті диплоидты мицелий тек жас базидийлерде ғана болады. Бірінші ретті – гаплоидты мицелий дикарионды мицелий құралғанша аз уақыт спорадан ғана дамиды. Жемісті денелері көбісінде қалпақтан және түбірден тұрады. Пластинкалары тік орналасқан сына тәрізді, жоғарыдан төмен қарай жіңішкереді, сөйтіп, пластинканың жоғарғы жағының споралары төменгі жағына тиіп кетпей түседі. Пластинканың ортаңғы бөлімінің біраз жерін трама деп аталатын тін алып жатады. Гифалардың орналасуына қарай траманың 4 түрі болады. Дұрыс емес трама қабаты тарамдалған, пішіні біркелкі емес гифалардан тұрады. Мұндай трама – Lentinus-та болады. Дұрыс трама қабатының гифалары пластинкаға параллель орналасады, кейде матасып цилиндр пішінді клеткалардан құралады (Lepiota). Билатеральды трамада орталық қабат құралады. Ол жұқа, пластинканың орталық бөлімін алып жатады. Мұның екі жағына трама гифалары пластинкаға қарама-қарсы бағытта, сәл көлбей орналасып, траманың бүйірлік қабатын құрайды (Amanita).

Инвертті немесе төңкерілген трама билатеральдыға ұқсас, оның бүйірлік гифалары пластинканың орталық бөліміне қарай екі жақтан төңкерілген бағытта орналасады (Volvariella, Pluteus). Гимений пластинканың жан-жағын және оның екі аралықтарын тегіс алып жатады. Трама мен гименийдің арасында біраз саңырауқұлақтарда көп клеткалы базидий өсіп дамитын субгимениальды қабат орналасады.

Агарикалық саңырауқұлақтардың 700-ден астам (дүние жүзінде – 3250) түрлері кездеседі. Олардың басым көпшілік түрі Tricholomataceae-119, Cortinariaceae-83, Russulacaeae-56, Agaricaceae-46, Coprinaceae-34, Boletaceae-29, Amanitaceae-30 тұқымдастарына жатса, аздаған түрлері Crepidotaceae-5, Paxillaceae-4, Gomphidiaceae-3 тұқымдастарына жатады. Агарикалық саңырауқұлақтардың ішінде Clitocybe gilva var. Thianschanica, Crepiodotus haloxyloni Samg, Macrolepiota campestris Samg түрлері тек Қазақстанда ғана кездесетін эндемиктер.

Қазақстан аймағында кездесетін саңырауқұлақтардың 217 түрі жеуге келеді. Олардың басым көпшілігі Russula – сазқатпа, Lactarius – сүттіген, Cortinarus – өрмекқатпа, Agaricus – қозықұйрық туыстарына жатады.

Қозықұйрық – Agaricaceae тұқымдасының жемісті денесі гемиангиокарпты, етті, шіртін бір маусымдық. Ол қалпағы мен ортаңғы тұғырынан тұрады. Қалпағы жұмыртқа, қоңырау, дөңгелек, жартылай дөңгелек, дөңес, жайылған қалың не жұқа жұмсақ келеді. Ортаңғы тұғыры цилиндр пішінді төменгі жағы түйнек сияқты жұмырланып келеді. Пластинкалары жиі, бос орналасқан. Пластинканың түсі спораға байланысты, есейген уақытта өзгереді. Трама қабаты дұрыс кейбіреулерінде қисық орналасқан. Ерте жоғалып кеттетін кейбіреулерінде жалпы жамылғысы болады. Жеке жамылғысы барлығында бірдей бола бермейді. Қынабы (вольва) көпшілік жағдайда болмайды. Споралары екі сирек бір ядролы. Бұл тұқымдасқа жататын түрлердің басым көпшілігі Agaricus, Lepiota туыстасына жатады. Олардың басым көпшілігі жеуге келеді.

Қозықұйрық – (Agaricus) туыстасына 15-тей түр жатады. Оның сары қабықты қозықұйрық (A.xanthoderus) түрі ғана улы. Қозықұйрықтың ішінде жиі тараған, көпшілік жерлерде кездесетін түрлеріне Кәдімгі қозықұйрық (A.campestris), Орман қозықұйрығы (A.silvaticus), Дала қозықұйрығы (A.arvensis), Клеткалы қозықұйрықтар (A.tabularis) жатады.

Сазқатпа – Russulaceae тұқымдасының қалпағы мен орталық жемісті түбірінен тұрған жақсы жетілген жемісті денесі болады. Жұмсағы сынғыш, ол жіңішке және жуан гифтерден тұрады. Бұл тұқымдасқа екі ірі туыстас: Lactarius пен Russula жатады. Сазқатпа туыстасы 34-тей түрден тұрады. Оның 28 жеуге келсе, сүттігеннің 22 түрінің 20 жеуге келеді.

Ақ сазқатпа (Russula delica) қалпағы алғашқы уақытта дөңес, кейіннен май құйғыш сияқты ортасы ойық болып келеді. Алғашқы уақытта ақ түсті талшықты, соңынан ашық қоңыр түсті, уақ теңбілді. Қабығы қалпағынан алынбайды. Түбірі қысқа, төмен қарай жіңішкереді. Жұмсағы ақ түсті, жағымды иісі бар, жейтін саңырауқұлақ. Бұдан басқа жейтін сазқатпаға Ұнамды сазқатпа (Russula delica), Сары сазқатпа (R.flava), Өңсіз-сары сазқатпарлар (R.ochroleuca) жатады.

Сүттіген (Lactarius) туысының құрамында, ақ, кейде қызыл-сары немесе қызғылт түсті шырыны болады. Бұл туысқа жеуге жарайтын Жиренқұлақ сүттіген (L.deliciosus), Қозықарын сүттіген (L.resimus), Қатпаршақ сүттіген (L.torminosus), Қарақұлақ сүттіген (L.necator) т.б. жатады. Agaricales қатарына бұлардан басқа Жұқа қабанқұлақ (Paxillus involutus), Қызыл хроогомфус (Chroogomphus rutilus), Далалық ақ саңырауқұлақтар (Pleurotus erungii) және Күзгі тамырқұлақ (Armillariella mellea) сияқты жеуге жарайтын саңырауқұлақтар жатады. Күзгі тамырқұлақ кесілген ағаш түбірінің бетінде сапрофит ретінде, кейде ағаштың тамырлары мен сабақтарында паразит болып та өсіп, олардың сүрегін бүлдіреді.

Жазғы тамырқұлақ (Kuehneromyces mutabilis) пен Шалғындық тамырқұлақтар (Marasmius oreades), сол сияқты копринус (Coprinus) туысының C.comatus және C.atramentarius түрлерінің жұмыртқа пішінді ақ түсті жас жемісті денелері де жеуге жарайды. Ал піскеннен кейін тез еріп, ішінде споралараы бар қара ерітіндіге (автолиз) айналады.

Ілгеқұлақ – Pleurotaceae тұқымдасына 9 түр жатады. Жемісті денесі бір-бірімен тығыз орналасқан гимнокарпты, сирек жалған ангиокарпты, қатты етті. Қалпағы желпуіш, бүйрек, тіл, құлақ пішінді, әр түсті, көбінесе қоңыр, сарғыш, сұр, пластинкасы жұқа, шеттері тегіс, төмен қарай созылып жатады. Трамасы дұрыс, аралас кейде билатеральды. Жемісті денесі шеміршекті жейтін саңырауқұлаққа Кәдімге ілгеқұлақ (Pleurotaceae ostreatus) жатады. Пластинкалы гименофоры төмен қарай созылып жатады. Шоғырланып өседі, түбірі болмайды. Түбірі болған күнде айқын байқалмайды. Жұмсағы ақ, есейген уақытта қатайып шеміршектенеді. Көбінесе тіршілігін жойған ағаштарда өседі. Кейінгі уақытта жылы жайларда жемісті денесі үшін өсіруде.

Агарикалықтардың біразының жемісті дене қабықтарының жұқа тері типтес келуі, қасаңданған консистенциялы болуы, жеуге келмейтін күдікті және улы болып келетіндеріне 134-тей түр жатады. Олардың көпшілік түрі Costinariaceae-39, Tricholomataceae-23, Agaricaceae-13, Strophariaceae-10 тұқымдастарына тән. Олардың ішінде Amanita мен Clitocybe туыстарының біраз түрі улы. Ал, coprinus туысының басым көпшілігі жеуге келмейді. Аманита туысының 6 түрі, әсіресе, Қызыл шыбынжұт (Amanita muscaria), Арамқұлақ тәрізді шыбынжұт (A.citrina), Пантер шыбынжұттары (A.pantheriina) аса қауіпті, өте улы келеді.

Жейтін тамырқұлақтан басқа улы Жалған тамырқұлақ та (Hypholoma fasciculare) болады, оның түбірінде жамылғының қалдығы сақталмайды, қалпағы жалпақ қызыл түсті. Бұл улы саңырауқұлақтардың құрамында әр түрлі токсин туындылары мен алколоидтар болады. Қызыл шыбынжұтқа – холин, мусарин мусцилин, арамқұлақта – фаллоидин, фаллоин, циклопептидтердің бірнеше грамы жеткілікті адамды қатты уландырып, өлтіріп жіберуге. Аманита туыстасына дәмді, жеуге жарайтын Ақшақар шыбынжұты (Amanita nivalis), Бұдырмақты шыбынжұт (A.aspera), Бүршікті шыбынжұт (A.strobiliformis), Қоңыр шыбынжұт (A.fulva) саңырауқұлақтары жатады. Бұлардың құрамында адам организмі үшін қажетті 40% фосфор қышқылының қосылыстары, 9% қант қызылшасының құрамында болатын бетаин заты бар.

Ақ саңырауқұлақ (Boletaceae) тұқымдамсының гименофоры түтікті, жемісті денелері жұмсақ етті, ол қалпақтан және түбірден тұрады. Гименофоры қалпақтың төменгі жағында орналасады, түтігі қалпағынан оңай алынады. Барлық ақ саңырауқұлақтар тұқымдасы топырақта өсетін сапрофиттер, көпшілік түрлері эктоэндотрофты микоризалар құрады. Бұл тұқымдасқа жататын саңырауқұлақтардың көбі жеуге келеді. Бұлардың ішінде жиі кездесетін түрлеріне кәдімгі қайыңқұлақ (Leccinum scabrum), Қызыл терекқұлақ (L.aurantiacum), Жасыл сарыбауыр (Xerocomus subtomentasus), Сары мүкқұлақ (Suillus variegatus), Кәдімгі майқұлақ (S.luteus), Дәмді майқұлақ (S.granulatus), Ақ саңырауқұлақтар (Boletus edulis) жатады. Бұрын бұл тұқымдасты ағашқұлақ тұқымдасына жатқызатын. Ал кейінгі кезде Boletaceae-ны жеке тұқымдас ретінде қарастырып, Agaricales қатарына жатқызады, оның басты себебі жоғарыда айитыған ерекшеліктерімен қатар агарикалылар мен ақ саңырауқұлақтардыь ағашқұлақтан гөрі пластинкалыларға жақындатады.

Агарикалықтардың басым көпшілігі орманды, шабындық, батпақты, далалы жерлердің топырағныда кездесетін сапрофиттер, біраз түрлері микориза құрауға қатысады. Сапрофитті топтары тіршілік әректінің нәтижесінде органикалық заттарды аяғына дейін ыдыратып, топырақты минералды заттармен байытады. Ондай сапрофиттердің саны 15-тей. Жоғарғы горизонт бетіне түскен жапырақтарда, бүршіктерде, бұтақтарда, ағаштарда ксилофитті тіршілік ететін саңырауқұлақтардың саны 140-тан астам. Шөптесінді өсімдіктердің жапырақтар мен сбақтарында өсетін герботрофты саңырауқұлақтарға Marasmius graminum, M.insititius, M.collinus түрлері ғана жатады. Мүктерде, мүк қалдықтарында тіршілік ететін саңырауқұлақтар 10 шақты, (Clitocybe candicans, Liptoglossum polycephalum) оны бриотрофтар деп атайды. Asterophora lycoperdoides-нің түрі жемісті денесі топталып сазқатпада паразитті тіршілік етеді. Мұндай саңырауқұлақтарды микотрофты деп атайды. Малдардың қиында тіршілік ететін саңырауқұлақтарға 14-тей (Coprinus sterquilinus, C.ephemerus, Stropharia coronilla) түр жатады, оны капротрофтар десе, ескі күлдің орнында тірішілік ететін Fayodia maura, Flammulina carbonaria сияқты саңырауқұлақ түрлерін карботрофты деп атайды. Симбионттарға эндо-, эктотрофты микориза құрайтын 151-дей қалпақты саңырауқұлақтар жатады. Ағаштар мен бұталарда агарикалық саңырауқұлақтың Armillariella mellea, Flammulina velutipes түрлері ғана паразитті тіршілік етеді. Агарикалық саңырауқұлақтардың 90 %-ның тіршілік әрекеттері ағаштар және бұталармен байланысты.

Қазіргі уақытта саңырауқұлақтардың құрамынан организм үшін қажетті 40-тан астам биологиялық активті заттар табылған. Көпшілік қалпақты саңырауқұлақтар орман шаруашылығында өте маңызды қызмет атқарады. Олар әр түрлі фитоценоздардың құрамына еніп төсеміктердің шіруіне әсер етіп, қарашіріктердің, микоризалардың құралу процесіне қатысады.

1   2   3   4   5   6   7   8   9


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет