Т. Молдағалиевтің "Студент дәптері" жинағындағы өлеңдерінің тақырыптық және көркемдік ерекшеліктері
Т.Молдағалиевтың алғашқы өлеңдер жинағы «Студент дәптері» 1957 жылы жарық көрді. Т.Молдағалиев әр алуан тақырыпта қалам тартқан. Табиғат лирикасына, тұған жеріне т.б. тақырыпта жазылған өлендері сезімге толы.
«Студент дәптері» 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім: Студент дәптерінен. Екінші бөлім: Жастық жырлары. Үшінші бөлім: Інілеріме.
«…Сонау 50-ші жылдары Қасымнан айрылып, есеңгіреп қалған қазақ жұртын жалт қаратқан «Студент дәптері» атты жұп-жұқа кітап еді. Ол кезде оқтау жұтып қойғандай омыраудың отыз түймесі түгел түймеленіп, сыптықтай болып сықиып тұратын ақын пақырдың адам болып кісі бетіне тіке қарап, әзіл-қалжың айтқанын алғаш сол кітаптан көріп едік…», – дейді қазақ қара сөзінің қара нары, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы.
Тұманбай ақынның жырлы дәурені, нұрлы дәурені «Студент дәптерінен» басталған.Жинақ «Көл бетінде» өлеңімен басталады.
Ай қарады көгілдір көл бетіне
Қыз қарады көлдегі келбетіне.
Қосылды да, қос сәуле құшақтасты,
Мөлдір толқын төсінде тербетіле.
«Ай да бүгін аласарып, төбемізден төнеді,
сәулешімді ұлықсатсыз қайта-қайта көреді.
Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін,
Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді»
дейтін жалғыз шумақтан тұратын шынайы сезім жыры махаббат пен көктем жыршысының даңғылға айналар соқпағының басы еді.
1960 жылы 25 желтоқсанда Қазақ мемлекеттік университетінде өткен поэзия кешінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов жастар шығармашылығы туралы ұзақ сөз сөйлеп, ұлағат танытқан. «…Өнердің жаңа, жас қайраткерлері келіп, қазақтың музыка, поэзия өнеріне жаңа бір жыл кіргендей жақсылық әкеле жатқан сияқты…Тұманбай Молдағалиев өлеңдерінің ішінен «Алматы таңы», «Көктем», «Асыл ұстазға», «Немере сыры», «Хат» деген өлеңдері ұнатып оқыған шығармаларым» – деп, ұлы Мұқаңның өзі бала қыранның қанатын сылап көкке самғатып жібергендей әсерге бөлейді.
Достарыңызбен бөлісу: |