Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет12/110
Дата15.11.2023
өлшемі1.32 Mb.
#483316
түріОқулық
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   110
Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» м-emirsaba.org

Элегия мен ямб жанрлары

Элегияның отаны Кiшi Азиядағы Фрегия аймағы болған. Жанрдың аты да осы жердiң халқы тiлiндегi «elegn» (қамыс) сөзiнен алынған, бұл жағдай сол топтағы шығармалардың осы өсiмдiктен жасалған музыкалық аспап флейтаның (сырнай) сүйемелдеуiмен орындалатындығынан дерек берсе керек. Қазiргi заман әдебиеттану ғылымында көңiл-күйдi бейнелейтiн өлеңдер осы атпен аталады. Элегияны бұл мағынада түсiну ежелгi гректер үшiн мүлдем жат. Элегиялық шығармаларға олар, керiсiнше рухы күштi, ерлiктi жырлайтын жауынгерлiк жырларды жатқызған. Бiрақ элегияның ерекшелiктерiн анықтайтын негiзгi белгi оның мазмұны емес, ал



өлең өлшемi. Сондықтан, «элегиялық жыр» деп аталатын арнайы өлең өлшемiнде жазылған әрқандай жырды, мазмұнына қарамастан осы жанрға жатқызған. «Элегиялық жырдың» бiрiншi жолы гекзаметрден, екiншi жолы пентаметр деп аталатын бес буынды өлең өлшемінен құралған. Пентаметр де гекзаметрге өте ұқсас, тек мұнда үшiншi және алтыншы қысқа буындар түсiп қалады. Сол себептi, әр қатарды теңдей екiге бөлiп, үшiншi қатардан соң кiдiрiс(пауза) жасау ғана қажет болады:
-   -   -   -   -   -  -  гекзаметр
-   -   -| - -   -   - пентаметр Элегиялық лириканың өлшемi де, мазмұны да бұл кезеңде
эпикалық дастандарға өте жақын болды. Гректердiң өздерi де бұл топтағы жырларды жауынгерлiк жырлардан оншалықты бөлiп қарамаған.
«Ямб» атауының келiп шығу тарихы мүлдем көмескi. Ежелгi аңыздар бұл сөздiң шығу төркінін Деметра құдай туралы аңызбен байланыстырады. Қызы Персефонаның жоғалғандығына қатты қайғырған Деметра құдайларға ашуланып, Эливсин патшасы Келейдiң үйiне қызметке жалданғанында, осы сарайдағы Ямба деген күң қыз күлдiргi әңгiмелер айтып, құдайдың көңiлiн көтеруге ұмтылады. Аңыз әрине, ямб жырларының мазмұнына қарай шығарылған болса керек. Өйткенi, бұл жанрдың өзi халық ауыз әдебиетiндегi әзiл-сықақ, сыншыл пiкiрлердi бейнелейтiн өлең өлшемiнен алынған. Ямб өлшемi кейiн фольклордан жазба әдебиетке өтiп, жеке сезiмдердi, сатиралық рухтағы жырларды т.б. бейнелейтiн күштi әдеби жанрға айналады.
Ямб жанрына Шығыстың ұлы ғұлама данышпаны Фараби бабамыз өзінің «Өлең қағидалары туралы трактат» атты еңбегінде мынадай анықтама береді: «Ямб – ерекше өлшемі бар жыр түрі. Онда жалпыға мәлім жағымды, жағымсыз жайлар айтылады, ең бастысы, ол көпшілікке кеңінен аян болуы тиіс: мәселен, мақалдар. Жырдың бұл түрі тайталас бәсеке мен соғыста, ашу мен беймазалық үстінде қолданылады»[29,122].
Ямб жанрының сыртқы көрiнiсi, барлық лирикалық шығармалар сияқты өлең өлшемдерiмен белгiленедi, ямб (  -) және трохей (-  ) деп аталатын формалардан құралады. Бұлар бiршама қысқа болғандықтан, оларды екiге бөлiп пайдаланған, соңынан «ямб үштiгi» деп аталған жаңа өлең өлшемі туған:
-  -  - | -  -  |  -  | -
Бiзге мәлiм болған ең ежелгi элегияшы ақын – Каллин. Оның қашан туғандығы, қашан қайтыс болғандығы туралы деректер жоқ. Каллиннiң өлеңдерiнде баяндалған оқиғаларға негiзделiп, ақынның б.з.б. VII ғасырдың бастарында Кiшi Азиядағы Эфес қаласында жасағандығын анықтаймыз. Бұл дәуiрлерде солтүстiктен бастырып келе жатқан кейбiр халықтар ақынның отанын ойрандап жатқан едi. Кiшi Азия гректерiнiң өмiрiндегi осындай қайғылы күндерде Каллин Эфес жастарын отанды қорғауға шақырады. Каллиннiң бiзге дейiн 23 жол өлеңі ғана жеткен. Осы өлеңдерде ақын дүниеде адам баласы үшiн отанды қорғаудан артық қасиеттi борыш жоқтығын, бұл жолда жанын қиған адамның ұрпақтар есiнде мәңгi қалатындығын, оны ерекше құрметпен тiлге алатындығын айтады.
Отан үшiн ерлiк көрсету идеясы Каллиннен кейiн өмiр сүрген спарталық екiншi ұлы ақын Тиртей шығармаларында мұнан да айқынырақ көрiнедi. Тиртей туралы ежелгi гректер ортасында кең тараған бiр аңызда «ақынның туған жерi Спарта емес, ал Афина қаласы екендiгi айтылады. Б.з.б.VII ғасырдың орталарында спарталықтар өз көршiлерi мессениялықтарға қарсы соғыс ашады, бiрақ мессениялықтар қатты қарсылық көрсетiп, оларға көп шығын келтiредi. Ауыр жағдайда қалған спарталықтар Дельфа абыздарының кеңесiмен көмек сұрап, афиналықтардың алдына барады. Спарталықтармен салқын қарым-қатынаста болған афиналықтар оларды мазақ қылып, әскербасы орнына, әскери iстен мүлдем бейхабар ақсақ бiр мұғалiмдi жiбередi. Бұл мұғалiмде әскери бiлiм болмағанымен, өлең шығаруға өте қабiлеттi екен. Ол өзiнiң жалынды жырларымен Спарта әскерлерiнiң рухын көтерiп, дұшпанды жеңедi. Мiне, осы мұғалiм – Тиртей болған- мыс»[1,54]. Бұл аңыз шындықтан қаншалықты алыс жатса да, ақын элегияларында өте өткiр жауынгерлік рух болғандығын дәлелдейдi. Тиртейдiң бай, жан-жақты көркем әдеби мұрасынан бiзге дейiн аз ғана үзінділер жетiп келген, бiрақ бұл өлеңдер басқа ақындар мұраларына қарағанда көркемдігі жағынан жоғары және аяқталған туындылар. Сол себептi ақынның шығармашылығы
туралы толығырақ әңгiме жүргiзе аламыз.
Тиртей өлеңдерiнiң көпшiлiгi Каллин өлеңдерi сияқты әскери мазмұнда жазылған. Бұл өлеңдерде ақын Спарта әскерлерiн отанды қорғауға, дұшпанға мейiрiмсiз болуға үндейдi. Ақынның түсiнiгiнде
жауынгердiң ең жоғары қасиетi – батырлық пен ерлiк, нағыз атақ- даңқ iздеген адам отан үшін жанын қиюы тиiс. Кiмде-кiм өз жұртын жаудан қорғап, батырларша мерт болса, оның есiмi отандастары есiнде мәңгi сақталады. Мұндай қасиеттi өлiм бұйырған батырдың даңқы оның қаласына, халқына және ұрпақтарына өмiр бойы жарық нұрын шашып тұрады, жаспен кәрi оның өлiмiне терең қайғырады, азап шегедi. Батырдың аты ұрпақтан-ұрпаққа жетедi. Егер де батыр жауды жеңiп, шайқастан аман шықса, бүкiл ғұмыры құрметте өтедi; «той-мерекелерде қарттар, жастар оған орын берiп, төрге отырғызады».
Ақын батырлықты, ерлiктi мадақтаумен бiрге қорқақтықты, опасыздықты қатты сынға алады. Жауға қарсы соғысудан бас тартқан, шайқас алаңын тастап қашқан адамның аты өле-өлгенiнше жиiркенiш пен лағнатқа көмiледi, бала-шағасымен өзге жұртта әуре-сарсаң болады, барлық адам оған қарғыс жаудырады.
Адамның жеке сезiмдерiн бейнелеу алғаш рет Грекияның iрi ақыны, Тиртейдiң замандасы Архилох (б.з.б. VII ғасырдың орталары) шығармаларында өзiнiң жарқын көрiнiсiн тапты. Архилох поэзиясы тек ғана ақынның өз басынан кешірген жеке өмiрi: қайғыға толы ауыр тiршiлiгi, жүрегiнде аласұрған ыза-наласы, махаббат жолында тартқан қасiреті туралы хикаялардан құралған. Барша грек ақындары сияқты Архилохтың өмiрi туралы да толық мәлiметтер жоқ. Ақынның шамадан тыс бай әдеби мұрасынан сақталып қалған кiшiгiрiм үзiндiлер негiзiнде оның өмiрiне қатысты азды-көптi түсiнiктер алуға болады.
«Архилох Парос аралында туған, әкесi Телисикл деген ақсүйек, анасы болса күң, кәнизек болған. Архилох дәулетті отбасында туғанымен «тексіздігіне» байланысты көп азап шегедi. Грекия патшаларына жалданып, қарапайым жауынгер ретiнде бүкiл өмiрiн соғыстарда өткiзедi. Осы дәуiрде өрши бастаған жаңа жерлердi жаулап алу әрекеттерi нәтижесiнде алыс жерлерге барып, сол соғыстардың бiрiнде Архилох қаза табады» [1,55].
Грек және рим жазушыларының айтуына қарағанда, Архилох өз заманының ұлы ақыны болған. Мазмұндылық және өлең өлшемдерiнiң жан-жақтылығы тұрғысынан замандас ақындардың бiрде-бiреуi онымен теңдесе алмаса керек.
Бiзге дейiн жеткен өлең үзiндiлерiнде ақын өзiнiң ауыр әскери өмiрi туралы баяндап, жалданбалы қарапайым жауынгер
болғандығы себептi, тек найзаның өткiр ұшымен ғана нан тауып жегендiгiн айтады. Архилох үшiн тiршiлiктiң негiзгi тiрегi соғыс болған. Сондықтан, соғыс құдайы Арестiң құлы екендiгiн, сонымен бiрге поэзияға көңiл қойғандықтан музаларға да сыйынатынын хикаялайды.
Тынымсыз соғыстар Архилохты жеңiстерден жеңiлiстерге, қуаныштан қайғыға кезек-кезек лақтырып отырған. Ақын бүкiл өмiрiн қауiп-қатерде өткiзгендiгiне, жоқшылықтан құтыла алмағандығына зарланады, тiптi қолын қайыр-садақаға созғандығын да жасырмайды.
Бiрақ, өмiрдiң қанша қиыншылығын көрсе де, алтынға көмiлген Гигске (өте бай Лидия патшасы болған) қызғанышпен қарамайтынын, құдайлардың тілегіне қарсылық бiлдiрмейтiнiн айтады.
Архилох элегиялармен бiрге өте көп ямбтар да жазған. Шындығында, ақын өзiнiң ащы, өткiр ямб өлеңдерiмен замандастары ортасында ерекше даңққа бөленген. Ежелгi гректердiң айтуына қарағанда, ямб жанрының негiзiн салған ақын осы - Архилох. Архилох өмiрiнде болып өткен кiшкене бiр ғашықтық оқиға жайлы аңыз бар. Ликамб есiмдi бiр бай адамның Необула деген қызына ақын ғашық болады. Архилохтың бiзге дейiн жеткен өлең үзiндiлерi арасында осы қыздың сұлулығын мақтап жазған жолдарды кездестiремiз. Ликамб қызын Архилохқа бермекшi болады, кейiн белгiсiз себептермен өзінің алғашқы ойынан бас тартады. Мұндай арсыздыққа, намыссыздыққа ызаланған ақын Необула мен оның әкесiне қарсы өткiр, ащы өлеңдер жазады. Масқара болған қыз бен екi сiңлiсi асылып өледi. Архилох поэзиясы - өзiнiң әсерлiлiгi, көркемдiгi, өткiрлiгiмен ерекшеленедi. Сондықтан оның жырларын рапсодтар Гомер дастандарымен қатар орындаған. Архилох жырлары кейiнгi жас ақындарға да мол ықпал еткен.
Ежелгi Грекияның iрi элегияшыларының бiрi – Солон (шамамен б.з.б. 635-599). Басқа грек ақындарына қарағанда Солонның өмiрi едәуiранық.Олтуралыежелгiдәуiрдiңатақтыадамдары–Плутархпен Аристотель кейбiр мәлiметтердi жазып қалдырған. Сол деректерде баяндалуынша, Солон асыл тектi ақсүйек отбасында дүниеге келген, бiрақ ақын туған кезде оның әкесi бұрынғы байлығынан айрылып, кедейленiп қалған едi. Солон өзiнiң материалдық жағдайын түзету мақсатында сауда iстерiмен шұғылданады. Осыған байланысты өте
көп саяхаттайды, түрлi қалаларда, алыс мемлекеттерде болады. Бұл саяхаттар оның тәжiрибесiн молайтады, дүниетанымын кеңейтеді. Солон өмiр сүрген заман грек саяси өмiрiнiң ең шиеленiскен дәуiрi болған, бұл дәуiрде ақсүйектер мен халық ортасында өте күштi күрес жүрiп жатқан едi. Солон ақын ретiнде сол оқиғаларға белсендi араласады. Афина мемлекетiнiң iшiндегi қарама-қарсылықтарды жою, бiр-бiрiне жау топтарды келiсiмге келтiру барысында көп еңбек етедi. Ақынның өз отанына көрсеткен iрi қызметi Саламин соғысынан басталады. Плутархтың айтуынша, афиналықтардың өзара қарсылықтарынан пайдаланып, мигаралықтар Афинаға бағынышты Саламин аралын басып алады. Афиналықтар аралды қайтарып алу үшiн қанша ұрынғанымен, мақсаттарына жете алмайды. Осыдан кейiн мигаралықтарға қарсы соғыс ашуды айтқан адамды өлiм жазасына кесу туралы арнайы заң шығарылады. Бiр күнi Солон Саламиннен келген қаңғыбас қайыршы киiмiн киiп, қала алаңындағы мiнбеден Афина халқына арнап жүз жолдан тұратын өзiнiң «Саламин» атты элегиясын оқып бередi. Сол элегиядан бiзге дейiн жетiп келген сегiз шумақ өлеңде ақын Саламиндi дұшпан қолына тапсырған афиналықтар арасында күнаға батып жүргенше, оншалықты маңызы жоқ Фолегандра яки Сикина аралдарының құлы болу абзал екендiгiн айтып, мұндай масқаралықтан құтылу үшiн афиналықтарды Саламин қаласына шабуыл жасауға, оны азат етуге шақырады. Плутархтың айтуынша, элегия әсерiнiң күштi болғандығы соншалық афиналықтар дереу соғысқа аттанып, аралды жаудан азат етедi.
Афинаның гүлденуi жолында көрсеткен көп қызметi үшiн б.з.б. 595-ылы Солонды Афина мемлекетiнiң ең жоғары мансабы
  • архонттыққа сайлайды. Солонның мұнан кейiнгі өмiрi Афина тұрмысымен тығыз байланысты. Ол Афина мемлекетiнде бiр талай өзгерiстер жасайды: шаруаларды қарыздан құтқарады, құлдықтан азат етедi, ақсүйектердiң билiгiн шектейдi т.б. Солон өзiнiң ақындық талантын да мемлекет мүддесiне жұмсайды. Оның элегияларында сол замандағы iшкi қарсылықтар, адамдар бойындағы келеңсіз қасиеттер қатты сынға алынады. Солон өмiр сүрген дәуiр - өткiр әлеуметтiк бөлiну дәуiрi едi. Бұл дәуiрде адамдар ортасында баю тiлегi өршiп кеткен болатын. Ақын бұл ұмтылыстың табиғи бiр жағдай екендiгiн айта келiп, қиянат пен айлакерлiк арқылы баюдың жарамсыздығын көрсетiп, мемлекет басшыларын қанағатшыл


болуға, байларды әдiлдiкке шақырады. Солон поэзиясының көп бөлiгi жаңа билiк iстерiне арналған. Бұл өлеңдерде ақын өзi жариялаған заңдарды түсiндiредi, шаруаларды қарыздан құтқарып, шет елге сатылып кеткен отандастарын елге қайтарғандығы туралы хикаялайды.


«Солонның өлеңдерi терең отансүйгiштiк идеялармен және Афинаның жарқын болашағына деген сенiммен көмкерiлген. Қаншама апатшылық, соғыстар болса да, Афина халқының ерлiгiне, табандылығына ақын ешқандай күманданбайды, өйткенi бұл қасиетті қалаға Зевстiң өзi мен оның дана қызы Афина жәрдем бередi. Афиналықтардың бастарына жауған қасiреттер құдайлар тарапынан жiберiлген жаза емес, ол әдiлетсiздiктiң өршуi мен зұлымдықтың көбеюiнiң салдары. Осы қасiреттерден құтылудың жалғыз жолы – байлардың тiзгiнiн қатты ұстау, заңдардың орындалуын бақылап отыру және мемлекетте әдiлдiк орнату екендiгiн ақын қайта-қайта ескертедi»[1,58].
Солон грек элегиясын жаңа мазмұнмен, жаңа идеялармен байытты. Өз дәуiрiнiң әлеуметтiк кемшiлiктерiн жоюмен шектелiп қалмай, тәрбие, әдеп мәселелерiн талқылап, замандастарын адамгершілікке шақырады. Солон ақын ретiнде өзiнен кейiнгi грек және рим поэзиясына күштi әсер еттi.
Афинаның көршiсi Мигара мемлекетiнде де ақсүйектер мен кедей халық ортасында үлкен қақтығыстар болған. Бұл күрестердiң жарқын көрiнiсiн ақын Феогнид шығармашылығынан көремiз. Феогнид Мигара қаласында асылзада ақсүйек отбасында дүниеге келген. Ол б.з.б. VI-V ғасырлар ортасында өмiр сүрген ақын.
Феогнид өз отанындағы таптық күрестерге белсендi араласып, ақсүйектер билiгi құлаған соң, сол топтың өкiлi ретiнде ата қонысынан қуылады. Мал-дүниеден айрылған ақын өмiрдiң ащы- тұщысын татып, ұзақ жылдар шет елдердi аралайды. Феогнидтiң бiзге жеткен элегияларында ақсүйектер билiгiнiң қолдаушысы болған, бiрақ мақсаттарына жете алмаған, мал-мүлкiнен айрылған, сондықтан демократияға қарсы болып, кек сақтаған жаудың үнi естiледi. Бұл элегиялар ақынның сүйiктi шәкiртi Кирнге насихат формасында жазылған. Феогнид қоғамдағы адамдардың барлығын екi топқа – «жақсылар» мен «жамандарға» бөледi. «Жақсылар» тобына асыл текті ақсүйектердi, ал «жамандар» тобына кедей халықты жатқызады. Ақынның айтуынша, адам үшiн қажет болған
адалдық, парасаттылық, ерлiк, әдiлдiк, тазалық тек «жақсыларда» ғана болады; «жамандар» болса, бұлардың барлығынан мақұрым қалған; сатқындық, арамтамақтық, азғындық сияқты жарамсыз қылықтар олардың негiзгi қасиетi.
Феогнид Кирнге тек «жақсылармен» ғана араласып, солардан әдеп пен тәртiптi үйренудi, ал керiсiнше, «жамандардан» бойын аулақ салып, олардың әсерiнен сақтануды насихаттайды. Мiне, осы халықтың қолына өткен демократиялық мемлекеттi ақын «ашық теңiзде алып толқындарға кездесіп, бағытынан айрылып, батуға айналған кемеге» ұқсатады. Феогнидтiң халыққа деген ызасының мүлдем шегi жоқ. Сол халықтан кек қайтару - оның негiзгi арманы. Тағы да бiр өлең үзiндiсiнде Кирнге «жүгенсiз халықты аяқтарыңмен аяусыз жаншып, денесi көгергенше сабала, мойнына ауыр мойынтұрық сал» дейдi.
Феогнид поэзия, дiн, махаббат және т.б. жөнiнде де шәкiртiне әр түрлi кеңестер беріп отырады, бiрақ оның шығармашылығындағы негiзгi орынды ақсүйектердiң мүддесiн көздейтiн саяси мәселелер алады. Сол себептi, ғасырлар бойы Феогнид ақсүйектердiң сүйiктi ақыны болып келдi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   110




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет